жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ТӘРБИЕ ТҰҒЫРЫ ИМАНДЫЛЫҚТА
Тақырыбы: «ТӘРБИЕ ТҰҒЫРЫ ИМАНДЫЛЫҚТА»
Мақсаты: Ата-бабамыздың, ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, қадір-қасиетін бойына сіңірген, ұлттық намысы, ар-ожданы бар жастар тәрбиелеу.
1. Кіріспе сөз
1-жүргізуші: Менің әлі күнге дейін есімде, кішкене кезімізде әр көктем сайын қарт аталарымыз ауылдағы ойын баласын тегіс жинайтын. Оларға естияр жігіт-желенді бас етіп бұлақтардың көзін ашуға жіберуші еді. Сонда ата- әжелеріміз «Бұлақтың көзін ашу – Меккеге сапар шеккендей қасиетті іс, сауабы үлкен» деуші еді. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса су мол болады, су мол болса астық та, шөп те, гүл де жайқалып өседі. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, тоқ болса бір-біріне қастық жасамай бейбіт жүреді. «Бастаудың көзін ашсаңдар өмір тіршіліктің де көзін ашқандарың» дейтін.
2-жүргізуші: Иә, рас айтасың, біздің ата-әжелеріміз нағыз данышпандар ғой,ата-бабалар ұлағатты осы күнге дейін сақталған. Ал қазір біздің көріп көкейге түйетініміз қандай бұлақ жайлы деп ойласың?
1-жүргізуші: Қазақ халқы табиғатқа табына жүріп талғам алыпты, табиғатты өзінің өмірін сақтаушы кие тұтыпты, тіршілігінің мәні мен сәні ретінде ардақтапты.
2-жүргізуші: Иә, дәл солай әрбір халықтың дүние танымы сол халықтың өмір өзегінен, тұрмыс-тіршілігінен туындаған. Табиғаттың алып тұлғасына, оның ғаламат күші мен керемет көркіне, жан-жануарлар мен өсімдіктердің жаратылыс бітіміне таңданбау, қызықпау мүмкін бе? Табиғат анадан бізді бөліп әкеткен сол сенімсіздік дерті шығар. «Табиғаттың бермесін тартып аламыз, жерді де, көкті де бағындырамыз» деп астамшылық жасап, өзімізге қажетті бұзып, жарып алуға дағдыландық. Соның нәтижесінде табиғаттың тепе-тендік заңдылықтары бұзылып, адам мен жаратылыстың арасындағы көзге көрінбейтін, көзге көрінетін байланыстар әлсіреп, үзілуге шақ қалған.
Тозған жер, суалған көл, құрдымға кеткен бастаулар мен бұлақтар, арнасы кепкен өзендер, жұтаған өсімдік дүниесі мен аты қағазда қалған жан- жануарлар – барлығы адамның қатыгездігінен, немқұрайлы пейілінен, құдіретке сенбеуінің салдарынан.
1-жүргізуші: Біздің ата-бабаларымыздың неменеге сеніп, неменеге сыйынғанын, содан келіп қалыптасқан ұлттық таным-наным, салт-дәстүр, әдет-гұрыптардың мән-мағынасына, астарына көбірек көңіл бөле қарасақ, халықтық тәрбиенің үлгілі өнегесін көрер едік.
2-жүргізуші: Желмаясына мініп жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыздан бастап, Әбунасыр әл Фараби, Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Абай сынды ұлылардың жазып кеткен дала заңы десек те болардай.
1-жүргізуші: Рас айтасың, еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге сенім бостандығы қайта оралғандай болды. Дінге жол ашылды. Бұрын атын айтуға қорқатын ата-бабаларымыздың әруағын қастерлеп емін-еркін ас беріп, торқалы тойлап, рухымыз көтеріліп жатыр. Көзден бұлбұл ұшқан ата-дәстүрімізді жанғыртар иманды ұрпақ өсіп келеді. Ұлы абай айтпақшы : «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек». Олай болса адамгершіліктің биік мақсаттарын сөзсіз атқаруды дәріптейтін имандылық қасиеттері жайлы тыңдайық.
Кісілік. Қазақ ұғымына адамгершілік ұғымымен астарлас келетін моральдық атаулардың бірегейі – кісілік ұғымы. Кісілік - өмір барысында біртіндеп қалыптасқан жеке адамның адамгершілік іс- әрекеті мен мінез- құлқының азаматтық ар-ұжданы. Халқымыз «Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен несі бар» деп тәрбиелі адамның үлгі - өнегесін жоғары бағалап, жастарға «Жарлы болсаң да, арлы бол» деп талап қойған. Қазақ дәстүрі бойынша үлкенді сыйлау, құрметтеу, көңіліне қарау – кісіліктің нағыз белгісі.
Отансүйгіштік. Әр заман ғұламалары адамның осынау қасиетін қастерлеп, сөздерінің небір дәмді ой түйіндерін арнаған. Мәселен М.Әуезов «Отан анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іскер күшім жоқ» десе, В.А.Сухомлинский « Отан- өз бесігің, өз үйің, өз бесігіңді ұмыта көрме» дейді. «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған» дейді Ж.Ж.Руссо.
Мақсаткерлік – бұл адамның өз мінез-құлқын көздеген мақсатына алаңсыз бағыштауы, мұны өзінің ұстанған бағыт-бағдарына, танымы мен сеніміне, асыл арманына бағындыра алуы. «Мақсатсыз өмір сүрген адам – неткен бейшара» депті орыс жазушысы И.С.Тургенев. «Адамдар алдына қойған мақсатымен бағады» деген белгілі саяхатшы Миклухо-Маклай. Мақсаткер адам ылғи да жалындап жанады, бықсу дегенді білмейді, ол жеңу үшін күреседі.
Ақылдылық- бұл жан-жақты жетілген білімді, салмақты да байсалды, қарапайым да кішіпейіл, аса ізетті адам. «Ақылды адамға екі дүниеде де жол ашық» деген Ж. Баласағұн. Қазақ мақал- мәтелдерінде де «Ақылды кісі азбайды», «Ақылды адам ақымақтан да бірдеңе үйренеді», «Ақылды айттырмай біледі» деп ерекше мән берген.
Борыш пен жауапкершілік - бұл адамның әке-шеше, үй-іші, тума-туыстарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет.
Мұның негізінде өзін әлпештеп, адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғара алып түсіну, сондай-ақ осы арадағы өз парызы мен қарызын қалай ақтау жолын ойластыру жатады. Борыш пен жауапкершілікті түсіне білуден адамның имандылығы мен адамгершілігінің дәрежесі байқалады.
Ар-ұят. Халқымыз «Малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы» деп арды жаннан да қымбат деп есептейді.
Ұят – адамгершілікті сақтай білудің, имандылықтың жотасы. Ұят нышандары сәбилік шақтан қалыптаса бастайды. Бұл жан толғаныстары арқылы бет-бейнеден, инабатты іс-әрекеттерден байқалады. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп халық ұятсыздықтың негізі қанағаттсыздық, ұрлық, мақтаншақтық, өтірік айту, адамгершілік қалыпты бұзу деп есептейді.
Мейірімділік пен ізгілік – егіз қозыдай осы екі қасиет басқаларға (әке-шеше, ағайын –туыс, танысқа көңіл бөлу), олардың сеніміне ие болу. Айналадағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау адамға эмоциялық жағынан тиімді, кісінің шат-шадыман тіршілігі үшін маңызды.
«Мейірімділік, - деп жазды К.Бови, - мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл». Үйде де, түзде де кісіге ізгілік, имандылықпен қарап, оның қамын ойлау, оған мейірімділік пен мейірбандық білдіру, жанашырлық пен қамқорлық жасай білу – кісіліктің, ұнамды мінездің көрінісі. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында бүкіл өмірін халық бақыты үшін сарп еткен біртуар перзенттер аз болмаған: Асан қайғы, Сырым батыр, Махамбет, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы тағы да басқалар.
Адалдық пен шыншылдық. Адал адам - шынайы да шыншыл адам. Адалдық – сөздің танымы мен сенімге ұштасуы, оның іс-әрекетке қайшы келмеуі. Адал да шыншыл, әділетті болу-еңбек пен білім алуға, жалпы іс-әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты тіршілікте тиянақты болу деген сөз. Адалдық пен шыншылдық бар жерде әділет, кішіпейілдік, қайырымдылық пен қарапайымдылық та еріп жүреді, бұлар кісінің аты мен абыройына дақ түсірмейді.
Достық – адамды асқақтатады, ол жан мен тәннің гүлдене түсуіне көмектеседі. Оның маңызды белгісі – берік әрі терең эмоциялық жақындық. Ол – адамның бір-біріне сөз жүйесінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болу, өзара терең мүдделілік, бір-біріне терең сенім, қайғы мен қиыншылықта өзара қол ұшын беру, өзара жауапкершілік пен қамқорлық. Жалқау, менмен, мәдениетсіз, самарқау, салдыр салақ адамдар бір-бірімен дос болып көрмейді. Достыққа байланысты Шал ақын : «Достық – аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас». «Достыққа кішкене сызат түсті дегенше, құдай ұрды дей бер. Егер шын дос табылса мал-басыңды соның жолына құрбан ет. Досыңның кішкене сыйын көптей гөр, досыңа қанша көп берсең да аздай көр» дейді сөз зергері Мәшһүр Жүсіп.
2-жүргізуші: Әр заманды жасаушылар өз тұсындағы адамдардан гөрі мұраттары асыл, имандылығы биік, ақылды, көпке үлгі - өнеге боларлық, жаны пәк, ажар-көркі көз суарардай әрліні өткен замандардан іздеген.
1-жүргізуші: Өкінішке орай, қазір осы заманда, ата-бабаларымыздан қалған қағидаларды кей кезде естен шығарып та тастаймыз. Жақсылыққа жетелейтін имандылық ұстанымдарын кейде ұмытамыз, кейде білгіміз де келмейді.
2-жүргізуші: Тәуелсіз Қазақстанда дін еркіндігі адамдарды қуантады. Имандылық пен Дін бір-бірінен ажырамайтын сөздер десе де болады.Ислам дінінің ең басты тірегі- иман. Осы еркіндікті Совет одағы заманында қаншама бабаларымыз аңсап кетті.
1-жүргізуші: Сіздердің назарларыңызға «Дін Ислам – дінгегім» атты ешкімді толғандырмай, ой туғызбай қоймайтын өлеңді ұсынамыз. (Өлеңді тыңдау)
2-жүргізуші: Сіздің қолыңыздан осы өлеңде айтылып жатқан жағдайды өзгерту үшін не келеді? (Пікірлесу)
1-жүргізуші: Исламның қағида – ережелері қазақ халқының да қағида –ережелерімен астарласып, қабысып кеткен әрі ұзақ жылдар бойы өмірде қолданылып келген. Өз ата-бабаларымыз екі етпей орындаған әрі заңдарына айналдырған осынау қағида – ережелерді есте ұстаған ләзім.
2-жүргізуші: Қазақстанның болашағы зор екеніне сенімдіміз. Сенімнен үміттену келіп шығады. Үмітсіз өмір сүру мүмкін емес. Егер ауру кісі өзінің жазылып кететінен үміттенбесе және сол үшін күреспесе, ем-домға көнетін аурулардың өзін дәрігерлердің кеселден айықтыруы қиын екен. Өйткені ондай ауру уайымымен ағзаның кеселге қарсылық жасау қабілетін әлсіретіп, тіпті жойып жібереді екен.
1-жүргізуші: Жеңістен үміттенбеген спортшының жарыста озып шығуы екіталай. Үміт қаншалық күшті болса, адам соншалық жігерлене, шабыттана түседі. Сондықтан адамдардың бай, кедей демей, құқық теңдігі, шынайы демократиялық заңдар аясындағы іс-қимыл және сенім бостандығы болуы керек.
2-жүргізуші:Қандай идеология болса да, осы басты талаптарға қайшы келмеуге тиіс. Қазіргі тәуелсіз еліміздегі әркімнің сенім бостандығын қолдап, ғасырлар бойы халқымыздың көкірегіне ұялап, қанына сіңген ислам дінінің имандылық қағидаларын адамдар арасындағы ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әділдік қарым-қатынас негізіне алып, жас ұрпақты тәрбиелеуге пайдалана отырып, зайырлы мемлекет құру жолын ұстануды таңдауымыздың себебі де сол екені айқын. Өйткені белгілі діндар-ғұлама Халифа Алтай қажы айтқандай «Иманды елде ізгілік пен адамгершілік салтанат құрып, қылмыс пен бұзақылық тыйылып, оларға жол қалмайды»
1-жүргізуші:Демек, егемендік алып, ұлттық және жалпыадамзаттық қоғам дамуы үрдісне түскен елдің жас ұрпағы шындық болмыстың дұрыс мәнін түсініп, нақты үмітті басшылыққа алуы қажет.
2-жүргізуші:Шыныда да, ежелгі заман философы Вергилийдің « Жеңіске сенген адам ғана жеңіп шығады»,- деген сөзі де сол өмір ақиқатын меңзеп тұр емес пе? Сондықтан біздің жастарымызды жақсылыққа сенім рухында, рухани табандылыққа, өмір шындығынан туындайтын үмітке тәрбиелеу – зор міндетіміз.
(Соңында «Елім менің» атты ән айтылады)

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген