жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Тарихы терең қала
«ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ҚАЛА...»
Дарханбаева Мейрамгүл 9 cынып оқушысы
Жетекшісі: Тажибаева.Ф
Маңғыстау – әр сайында бір тарих бұқпалаған, түртіп қалсаң тау-тасы да сөйлеп тұрған аспан астындағы мұражай өлке.
Қойнауы - кенге, қыры - малға толы, халқымыздың рухани байлығын әйгілейтін архитектуралық тарихи және мәдени, әдеби мұралар мол сабақталған осы аймақ туралы ертелі - кешті көптеген еңбектер жарық көрген.
Маңғыстау - ерте дәуірден тоғыз жолдың торабы. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» осы өңірдің кәрі шаңырағы Ақкетік болатын. Біздің дәуіріміздің ҮІІІ ғасырында-ақ адамдар осы жерде қала салып, Еуропа мен Азияның, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасын жалғастырып жатқан кеме жолының бойына сауда көркін қыздырғанын археологтар дәлелдеп отыр. Одан кейінгі ғасырларда да осы жерден тараған керуен жолдары сонау Персияға, Хиуа мен Самарқанға, Отырар мен Үрімшіге барып тіреліп жатқан. Әрине, алыс-жақынмен алыс-беріс болып, бейбіт көшкен жылдарды әлсін-әлсін жебелері суылдап, сауыттары сатырлап, алмастары жарқылдап қиян-кескі шайқастармен өткен жылдар алмастырып жатқан./1/
Геолог ғалым Алан Медоев алғашқы қауым адамдарының бір тұрағы Маңғыстау екендігін дәлелдесе, академик Василий Бартольд ІХ ғасырда бұл мекенде оғыздар болғандығын жазды. Әр дәуірде өлке топырағын басқан Г.С.Карелин, Э.А.Эверсман, Н.И.Андрусов тағы басқа ғалымдар мен саяхатшылар осы аймақтың ертедегі ескерткіштері туралы бағалы пікірлер айтқан.
Жұмыс жазу барысында өлкемізді зерттеген ғалымдардың деректерін пайдаландым. Маңғыстауда ежелгі мұражай қалалар көп, соның бірі Ақкетік.
Алдымен, бұл өлкенің қалай құрылғандығына тоқталып өтейін. Кетік – ежелгі мекен. Ғалымдар көне Кетік керуен сарайы ХІІІ-ХІҮ ғасырларда салынған деседі. Хиуа беттен қарағанда көк теңіз бен көгілдір аспан айдынында кезек-кезек көрінетін тас жобаларға қарап бұл мекенді Кетік деп атаса керек. Археологтар Аташ, Баутин және Форт аралығындағы Базартас іргесінен Кетік керуен сарайының орнын тапқан. 1940-жылдарға дейін Базартас аталған тас төбешікте сауда үзілмегенін ескерсек, мұның өзі сонау ХІІІ ғасырда алыс-жақынның керуендері тоқтап, дулы-шулы, алыс-беріс дүрілдеген базар дәстүрінің күні кешеге дейін жалғасып келгендігін көрсетеді./1/
Кетік Маңғыстау түбегіндегі жалғыз ғана кентті жер емес. Мұнда одан бұрын да, онымен замандас та, одан кейін де өмір сүрген талай елді мекендер, кентті орындар көп болған. Қаңға-Баба мекені, Қараған, Аралды қорғандары, Сұлтан-Епе, Сислем-Ата қорымдары, Қыпшақ зираты, түбектің әр жерінен табылған таңбалы тастар, Қамысты күптегі таңбалар – осы көнелік іздері, бұл түбекте ертелі-кешті жасаған ру, тайпалардан, талай елдерден қалған орындар.
ХҮ-ХҮІ ғасырларда Қазан, Астрахань хандықтары дербестігінен ажыраған соң Россия Каспий теңізіне біржолата шықты. Бірақта, орыстардың мүмкіндігі шектеулі болды. Олар әрі кеткенде Маңғыстау жағалауындағы түрікмендер, онда да су жолы ашылған соң айырбас сауда жасап, айдынның батыс бөлігінен балық қана аулай алған. Ал, Персиямен сауда жолы құрлық арқылы Дағыстан үстімен ғана өтетін. Тек ХҮІ ғасырдың аяғында Бұхар хандығынан оның артынша Хиуа хандығынан елшілер келе бастаған соң ғана бір кезде ұмыт болған ұлы сауда жолының соқпағы қайта жаңғырды. Оған бір жағынан Россия мемлекетінің отаршылдық аранының мықтап ашылуында шешуші тұлға І Петр патшаның құлағына Каспийдің арғы жағында Амударияның сағасында алтын құмы көп деген хабардың жетуіде ықпал етпей қоймады. Ол хабарды жеткізуші маңғыстаулық түркмен Хожанепес Сүйіноғлы еді. Хожанепестің бұл хабарын сол кезде орыс астанасында жатқан Хиуа ханының елшісіде растап, І Петрге Амударияның бұрын Каспийге құяр жеріне қамал салып, горнизон ұстауды өтінді. Патша экспедиция жасақтап, өзінің сенімді адамы Александр Черкасскийге тапсырды. 1716 жылдың 9 қазанында қамал құрылысын бастап, жаңа қамалды өзінің флагман кемесінің атымен «Святой Петр» деп атады. Маңғыстау аймағы І Петр назарында болған. Алайда Черкасскийдің Хиуаға сапары сәтсіз аяқталған соң, орыс үкіметі Каспийге салынған үш қамалды да өз қолдарыменен талқандап, әскерін кері алып кетуге мәжбүр болды. Осылайша маңғыстаудың орысқа бодан болуы бір ықылым заманға кері ысырылды. /3/
1731 жылы Әбілхайыр хан бастаған кіші жүз қазақтарының Россия бодандығына өтуі қазақ-орыс арасындағы қарым-қатынасты жаңа арнаға түсірді. Сонымен қатар ол Хиуа, Бұхар, Қоқан хандықтарының Орта Азиядағы ықпалдарының әлсіреуінің басы болды. Орысқа арқа тіреген кіші жүздің Адай руы енді Хиуа ханынан іргесін аулақ салды. Оның үстіне тек қана мал шаруашылығымен ғана айналысатын бұларға жаңа жайылым, өріс, мол су көздері керек болды. Ал ұтымды қоныс – Маңғыстау болды.
1839 жылы Орынбор генерал губернаторы Перовский Маңғыстауға Н.Бодиско мен Ширковты жаңа қамал орнын анықтап қайтуға жіберді. Олар жан-жақты зерттей келе, бір кездері Черкасский қамал салған орынды қолайлы деп тапты. 1846 жылы Бас штаб полковнигі М.М.Иваниннің бастауымен Новопетровск қамалының іргесі көтерілді. Қамал ресми түрде Форт деп аталды. Форт (француз сөзі) – бекініс қоршауы алдындағы ашық, яғни далалық немесе жабық ұзақ мерзімге лайықталған ірі әскери құрылыс дегенді білдіреді. Қамалдың биік бастионы үстіндегі оқпаны үңірейген зеңбіріктер маң далаға орыс отаршылдары қаруының күшін әйгілеп тұрса, айлаққа анталаған кемелер ырыс жұғыстыратын сауда - саттықтың бейбіт, мәмлегер нышаны еді. Көп ұзамай қамал тұрған биік төбенің теңіз жақ етегінен пайданың иісін иіскеп білетін армян саудагері Арутян Атанасовтың аулы орнаған, ол кейіннен армян слободасы атанып кеткен. Армян слободасының куәгері ретінде 1881 жылы салынған армян шіркеуі әлі күнге дейін сақталған.
Қамал салудағы бір мақсат теңіз байлығы балық аулауды жолға қою еді. Осы мақсатпен 1849-1850 жылдары Орынбордан бір топ орыс көшпенділері патша үкіметінің нұсқауымен көшіп келеді. Осы көшпенділер арасында қазіргі түпқарағандықтардың санасында мейірімді тұлға ретінде қалыптасқан Захар Кузьмич Дубскийда болған. Ол жергілікті қазақтармен жақсы қарым-қатынаста өмір сүрген. Ел аузында «неужели, Захар бір қайық бермейді» деген сөз қалған, бұл сөзді күнкөрістен тарыққан бір қазақ Дубский әйтеуір бір кәсіпсіз қалдырмайды деген сеніммен айтқан деседі, кейін мәтелге айналып кеткен. Дубский қазіргі тілмен айтқанда жергілікті халыққа спонсорлық еткен. Ол Форттың мәдени-әлеуметтік өркендеуіне де мол үлесін қосқан. Қаладағы екі қабатты мектептің, аурухананың, шіркеудің демеушісі болған. Аташтың солтүстік жағындағы су көзін үлкен бау-бақшалыққа айналдырып, саяжайды мұраға қалдырған. Қазіргі кезде бұл саяжай «Захар бақша» демалыс орны./1/
Өлке тарихындағы тағы бір кезең 1850-1857 жылдар аралығында патша үкіметіне қарсы шыққаны үшін өз елінен жырақтатып, өз тілін, дінін ұмытсын деген мақсатпен украин перзенті Тарас Григорьевич Шевченконы жер аударып осы мекенге келуі еді. Тарас ұлы суретші, ақын болған. Кеңес үкіметі кезінде төңкерісшіл большевиктерге жақын идеяларының жақтанушы ретінде бағаланған. Қазір тәуелсіз Украинада украин халқының тәуелсіздігі менен ұлттық дамуы үшін күрескен қаһарман ретінде бағаланады. Халық ақыны болғандықтан, оны "ұлы кобзарь" деп атап кеткен. Айдауда болған жылдары ақын үшін өте азапты жылдар болса да, шығармашылығында жемісті кезең болған, ол қазақ жерінде 356 сурет, 20 повест, 100 деген лирика жазған. Айдауда болған кезінде комендант Усковтың жанұясымен жақсы қарым-қатынаста болған. Комендант Усков Тарасқа жер төле салып берген, ол қазіргі күнге дейін бар. Өлкеміз ұлу тасқа бай болғандықтан, архитектуралық ескерткіштерге тек біздің жерде ғана назар аударған. Соның куәсі ретінде Тарас Шевченконың жобасы бойынша Усковтың баласына арналған құлпытас (1854ж). 1932 жылы 1 мамырында бұрынғы Новопетровск бекінісінің бақша-саябағында, қазіргі Шевченко саябағында, Т.Г.Шевченко мемориалдық мұражайы ашылды. Мұражай комендант Усковтың 1953 жылы тұрғызылған жазғы үйінде орналасқан. Бұл мұражай Маңғыстау түбегіндегі алғашқы мұражай болса, ал Т.Шевченконың әлемдік деңгейдегі мұражайларының бастапқысы болатын. Қазіргі кезде дүние жүзінде Т.Г.Шевченконың 4 мұражайы бар. Мұражайда Новопетровск бекінісінің бас жоспары алдырылып, ол бойынша бекіністің макеті жасалынған, сол макет әлі күнге дейін мұражайда сақтаулы. Патша үкіметінің тыйым салғанына қарамастан Новопетровск бекінісінің коменданты Усков ақынға ескерткіш ретінде монумент жасатуды ойластырған. Сонысымен ол, ақынның азапқа толы айдауда жүрсе де ұлы істер атқарып, Маңғыстау түбегінде өмір сүрген халықтың салт-дәстүрлері мен өмірін өз өнеріне арқау етіп, бейнелегені үшін жергілікті халықтың атынан шексіз алғыс білдіргендей. Бұл ескерткішті жасауға ол өзінің достарымен қатар, атақты шебер Қаражүсіпті де қатыстырған. Сөйтіп, 1881 жылы Тарас Шевченкоға арналған алғашқы бюст-ескерткіш жасалынды./2/
Бұл қала атауы бірнеше рет өзгеріп тұрған. 1857 жылы Форт-Александровск, ал Қазан төңкерісінен кейін Форт-Урицкий, 1939 жылы Украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченконың туғанына 125 жыл толуына орай Форт-Шевченко аталады. Қазіргі Форт-Шевченко қаласының шаңырағы осылай көтерілген./1/
Бұл қала – расында тарихи мекен. Жұмысымды зерттеу барысында бұл қаладағы Қазан төңкерісіне дейінгі тарихтың нақты да деректі куәларын көрдім. Атап айтсақ, Новопетровск бекінісінің тау басындағы жұрнақтарын, жоғарғы Маякты, төменгі Маякты, қаладағы почтаны, нардом үйлерін, телеграф қондырғысын, екі кластық орыс-қазақ училищесін, шағын тіркеу, орыс зиратын, горнизон бағын, бекініс комендантын, И.Усковтың үйін, Николаевская станциясын, Захар Дубский үйлерін.
Сонымен қатар мұражай қала туралы сыр шертетін қала ортасында орналасқан мұражайларға саяхат жасадым. Мұражайға кірмес бұрын саябақ ішін араладық, Ақкетікті мұражай қала деп қалай айтпасқа, саябаққа кірген бойда таңбалы тасқа маңдайымызды тіредік. Бұл таңбалы тас қыпшақ империясын құраған тайпалардың ізін топтап көрсетеді. Таңбалы тастан өте бере, екінші патша үкіметіндегі ескерткішке тап болдық. Оны кезінде Маңғыстау халқы «күйік патша» деп атап кеткен. Бұл жерде Александр ІІ бюсты тұрған, қазіргі таңда мұражай қорында сақтаулы. Соның орнында Хиуа жорығына қатысушылардың тізімін оқып, түбектегі алғашқы энографиялық мұражайға бет алдық.
Маңғыстау түбегіндегі алғашқы этнографиялық мұражайы 1970 жылы өлкетану мұражайы болып ашылған, оны Маңғыстау тарихи мен балық шаруашылығының мұражайы деп те атаған, қазіргі таңда этнографиялық мұражай деп аталады. Қаз ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы-өлкетанушы Есбол Өмірбаев мұражайдың алғашқы директоры болған. Мұражайдағы өз қызметін ол ғұмырының соңына дейін атқарған. Ол Мәскеу, Ставрополь, Тбилиси, Ашхабад мұражайларынан жинақталған Маңғыстау тарихына қатысты материалдарды жүйелеп, тас құрал-саймандар, бұғының суреті бар қола белдік, керамикалық бұйымдар, қыш құмыраларының сынықтары сияқты алуан түрлі жәдігерлерді жинаған. /2/ ХІХ ғасырдың І жартысында маңғыстау ұсталарының қолынан шыққан үйге керек, аңшылықта пайдаланылған қақпандар, құралдар сақталған.
Сонымен қатар көшпенділер белгісі ретінде мұражайда әсем безендірілген, әдемі киіз үй қойылған, ХІХ ғасырлардағы зергерлік бұйымдарда бар. Бір таңқалғаным мұражайда қом кебеже көргенім, қазақта «Ат жалынынды, түйенің қомында өскен қазақпыз» деген сөздің растылығын дәлелдейді. Мұражайда қазақ, орыс, түрікмен, украин халықтарының мәдениетінен хабардар ететін арнайы бөлмелер жасақталған, барлық жәдігерлер орыс көшпенділерінің ұрпақтарынан алынған. 1850 жылы орыс көшпенділері келгенде балық шаруашылығы нығайа түскен, соның белгісі ретінде балық шаруашылығының тарихи залы бар. Мұражай жәдігерлері әр уақытта Түпқараған түбегінде өмір сүрген балықшылардың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлерінен сыр шертеді.
Сонымен қатар бұл қалада 1990 жылы маңғыстау тумасы жырау Мұрын Сеңгірбайұлына арналған мұражай ашылды. Мұражай өзінің тұрған және еңбек еткен үйінде ашылған. Мұражай бөлмелерінің бірінде ол тұтынған ұста құралдары – ұста көрігі, Мұрын ұстаның өз қолымен жасаған көптеген құмыралар, үтіктері жинақталған. Мұрын Сеңгірбайұлы зергер, нақыштаушыда болған, ол жасаған зергер бұйымдарының негізгі бөлігі Президенттің мемлекеттік мұражайында сақтаулы. Мұражайдың екінші бөлмесінде өзі тұтынған заттар, әйелі мен қызының портреті ілулі тұр. Жасы 18-ге келгенде Мұрын кәсіпқой жыршы дәрежесіне жеткен, «Қырымның қырық батырын» жырлаған екен. Ұзақ жылдар бойына жыр жырлай жүріп жырау бұрынғы Бұқара, Хиуа әмірліктері, Амудария мен Сырдария аралығын мекендеген халықтарды, Қара теңіз бен Каспий теңізінің оңтүстік жағалауларын түгел аралапты. Мұрын Сеңгірбайұлы жасы жеткенде Мұрын жырау деген құрметті атаққа ие болыпты. «Қырымның қырық батыры» даланың қырық батыр, өжет ұлдарына арналып, олардың әрқайсысы жайлы жыр-толғау толғанады. Олар тұтас алғанда Қазақстанның орта ғасырдағы тарихын көз алдыңызға әкеледі екен. Маңғыстаудың саздары, әндері мен күйлері тек өзіне ғана тән көркемдігімен дараланады. Халық жыршылары мен ақындардан бай мұра қалды. /2/
Бұрынғы заманды былай қойғанда, теңіздің арғы бетінен орыс келіп, іргеден бекініс-қамал салғанынада 170 жылға жуықтапты. Одан бері Ақкетік басынан талай дүрбелең, дүбірлі-дүбірлі оқиғалар өтті. Соның бірі – Иса мен Досан көтерілісі. Елім дегенде өзегін жұлып берген ерлерімізге Қазақстанда теңдесі жоқ алып ескерткіш қойылды. Бүкіл Маңғыстау тарихына таңбасы түскен қандай оқиға болмасын осы Ақкетікпен байланысып жатады. 1918-1920 жылдардағы ақ пен қызылдың арпалысы, Ә.Жангелдиннің интернационалдық отрядының жорығы, 1927-1928 жылдың жұты, аштық, тәркілеу, 1931 жылғы Адай көтерілісі, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін, Маңғыстаудың мыңдаған боздақтарының Ұлы Отан соғысына аттануы, Маңғыстау мұнайын игерушілердің алғашқы қадамдары бұлар том-том тарихтың санаулы беттері ғана.
Бүгінгі Ақкетік – жаңа ғасырдың Ақкетігі. Қала бүгінгі таңда Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің басты плацдармы болып отыр. Қазір бұл қалада отыздан астам отандық және шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Ірі-ірі зауыттар бой көтеріп жатыр, болашақта салынатындарыда бұданда көп деп жоспарлануда. Ежелгі Ақкетік бүгінгі заманғы өндірістік орталыққа айналып отыр. /3/ Қала көркі күннен көркейіп, әсемденіп, арудай бой түзеп, сұлу да сымбатты қалаға айналып келеді. Жаңа ғимараттар, үйлер қала көркін беріп тұр. Осының бәрі қала келбетін айшықтап, еліміздің даму тарихында өз үлесін қосуда.
Осы зерттеу жұмысы барысында келесі ұсыныстарымды білдіргім келеді:
- Оқушыларды жиі әрі міндетті түрде мұражай, драма театрларға апарып тұрса, ішкі туризмге де сұраныс көбейе түседі. Керемет жерлерімізді мұражай арқылы алған мағлұмат оларды көруге итермелей түспек.
- Мектеп жанынан, өлкеміздің тарихы жерлерін аралататын туристік ұйым ашылса;
- «Аспан астындағы мұражай» атты ашық сабақтар, мектепішілік семинарлар өткізіліп, ескерткіштердің құндылығын түсіндірсе;
- Ежелгі қалалардан сыр беретін материалдар мен жәдігерлер жинақталып, мұражай қалалар суреттерін салып, көрмелер ұйымдастырылса;
Қазақ хандығының 550 жылдық мереке қарсаңында жастарымызға көптеген тарихи деректері мәлім болары сөзсіз! Қазақ заманындағы барлық хандар, батырлар қазақ елінде тәуелсіздік туын желбірету үшін күресті. Ең алғаш тәуелсіздіктің желі осы Ақкетік қаласында ескен болатын. Оның куәгерлері Иса мен Досан батырлар. Осы батырларға арналып салынған ескерткіш адамды терең ойға батырары сөзсіз. Қосбатыр өздері аңсаған тәуелсіздіктің ауасымен демалып, құтты бір Ақкетікті қорғап тұрғандай болып көзге елестеді.
Осы жұмысымды зерттеу барысында түйгенім, сонау заманнан қайнаған тіршілік ордасына айналған бұл өлке – Мәңгілік ел, Мәңгілік жер, Мәңгілік мұражай! - дегім келеді.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген