жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Тау сұлулығы"
Тау сұлулығы (әңгіме)
Табиғат-Ана адамзатқа бар мейірімін төгіп, жылуын сыйлады, әлі де талай ғасырлар бойы барын алдымызға тосатыны анық. Бірақ,біз табиғатқа не бердік?Оны аялап, күтімін жасап жатырмыз ба? деген сұрақтар мені,менің сәби жүрегімді жиі мазалайды.Табиғаттың байлығын аяусыз, ысырапсыз пайдаланып жатырмыз, оның да сұрауы болар деп ойлаймын.Сондықтан да, болашақта табиғатымыз тоқырауға ұшырамас үшін, қазірден бастап біз сияқты жасөспірімдер –табиғат жанашыры болуы керек деп ойлаймын. Өзімнің осы «Экология болашағы» атты әдеби шығармамды барлық балаларға үндеу болсын және өз еліміздің табиғатын қадірін білейік деген ниетпен жазып отырмын.
Қазақстанның табиғаты өте керемет, оны жақсы көрмеу мүмкін емес.Жазғы демалыста отбасымызбен немесе мектеп тарапынан жолдамамен Қазақстанның көрікті жерлерін аралаймыз.
Бірде жаздыкүні Нарынқол жаққа қонаққа отбасымызбен бардық. Кешқұрым Нарынқолдың аудан орталығы Сарыжазға келдік,баратын ауылымыз осыдан 22шақырым жерде орналасқан. «Көмірші» ауылы. Көлікке жолдың алыстығы сөз болып па? Жарты сағат өтпей-ақ, «Көміршіге» жеттік.Барған үйіміз бізді ақжарқын,қазақи ақкөңілмен қарсы алды. Қой сойылып,ет асылып жатыр.Біз анам екеуміз сыртта серуендеп, ертеңге жоспар құрып,ауылдың жусан аңқыған ауасымен тыныстадық.Кешқұрым жайлы самал есіп,жанымызды рақатқа бөледі.Ет желініп,шай ішіліп болған соң, жатып демалдық.
Таңертең торғайдың шырылынан ояндық.Сергек,жақсы демалыппыз, кешегі шаршағанымыз басылып қалыпты.Таңғы шайды ішкен соң, барлық керек-жарақтарымызды алып, ауылдан 10 шақырым жердегі тауға беттедік.
Қара жолмен тау ішіне кіре бердік. Жолдың екі жағы биік тау, қарасаң қалпағың жерге түседі.Аспанмен таласқан мұндай тауды бірінші көруім.Биік шатқалдарда қарағайлар тізіліп шығыпты, құдды біреу әдейі сол биік тастарға қарағайларды бір-бірден отырғызып қойғандай!Қай жаққа қарасаңда, жап-жасыл қарағайлардың исі мұрын жарады.Жанға жайлы, саф таза ауа!Екі таудың ортасында суы тап-таза,мөлдір өзен ағып жатыр.
Үйдің иесі екі-үш тасты қалап,ошақ жасады,үстіне қазан асып қуырдақ жасауға кірісті. Үлкен сары самаурынға өзеннен су құйып, оттығына ағаш жағып,кернейін кигізді.
Ал, біз болсақ,оң жағымыздағы таудың етегіндегі үңгірге кіріп, қарай бастадық.Үңгірдің іші кең оншақты адам сиятындай, үлкен бір бөлмеге ұқсайды.Төбесінен су тамшылап тұр,кәдімгі душ секілді.Тамшының астына тұрып жуынуға болады.Беті-қолымызды жуып,суынан іштік.Бұл –бірінші қабаты екен,жоғарыда бұдан басқа төрт қабат бар екен. Жалғыз аяқ жолмен қабырғалап, бөктерлеп, таудың басына шығады екен.Ең ұшар басына шықсаң жан-жағыңдағы таулар анық көрінеді дейді.Енді сол қабаттарға біртіндеп, қабырғалап шығып келеміз.Табиғаттың кереметтігіне таң қалмау мүмкін емес! Екінші қабаттағы үңгір биік емес екен, жатаған,ішіне кіріп жатуға ыңғайлы екен.Аяғымды көсіліп, жайғасып жатырмын. Бұның төбесінен емес, жан-жағынан мөлдір сулар бүлкілдеп,қайнап шығып тұр. Су мұздай екен, қалшылдап , тоңып кеттім.Үңгірден қабырғалап күнгейге шығып, күнге қыздырындым,тоңып қалыппын, тісім-тісіме тимей қалшылдап кеткенімді енді білдім.Күнгейдің күні қандай ыстық,жылынып, жан-жағыма көз тастап отырмын.Жаңа тауға кірген кезде,алыстан көрген қарағайлар,енді жанымда ,дәл көзімнің алдында тұр.Байқап қарасам, қарағай тасты жарып,тастың дәл ортасынан шығыпты, табиғаттың бұл кереметтігіне таң қалдым.Тамыры терең бойлап, қасқайып тұрған бұл қарағайлар менің таңданысымды тудырды.Осыншалық такаппар,табиғаттың ерекше жаратылысы-қазағымның қайсар мінезін еске түсіреді.Киелі туған жер, сенің әр тасың, әр қарағайың қасиетті!
Бойым жылынып,басқалардан қалмай, мен де жоғары қабырғалап үшінші қабатқа өрмелеп шығып барамын.Ойым-үшінші қабатта не бар ,бұл жерден қандай кереметті көрер екенмін деп тездетіп шықтым.О,құдірет,бұл жерде үңгірдің қабырғасына жап-жасыл мүк өскен,сол мүктің арасымен мөлдір су ағып тұр.Тікеңнен тік тұрып, арқаңды мүкке үйкеп,массаж жасауға болады.Мен барлық қызықтан құр қалмай, үлкендердің қимылын қайталап, мүкке арқамды,қолымды үйкеледім.Қолыма қына аралас жасыл мүк жабысып, оны сумен жудым.
Енді төртінші қабатты көрейін деп қабырғалап,жусанды, арша,қылшаларды ұстап,аяғым тайғанап әрең шықтым.Бұл үңгірдің қабырғаларынан су фонтан сияқты бүркіп тұр.Сол кезде әдемі бұлақты көзім шалып қалды.Үлкендігі қазандай, тасбұлақтың ішіне келгендер тиын тастап,ырым жасайды екен.Бізде тиын-тебен тастап, бұлақтың мөлдір суын құмарлана іштік.
Бесінші қабатқа шығуға жүрегіміз дауаламады,себебі:тым биік, бойыңды жазып тұра алмайсың, тұрсаң құлап кетесің. Шыққанда қалай байқамағанмын, тау тіп-тік екен, енді түсе алмай біраз әуре болдық. Аршадан, қылшадан,қос қолдап ұстап,ақырын төмен түсе бастадық.Құлап кетемін бе деп,қорқа-қорқа таудың етегіне түстім. Біз келсек қуырдақ та, шайда дайын екен. Тамақтың исі мұрынды жарады.Таза ауада тамақ ішкен қандай керемет!
Ауылға бәріміз көтеріңкі көңілмен қайттық.Емдік қасиет бар деген соң, жол-жөнекей арша,қылшадан қиып алдық.Бұл демалысымыз мені бей-жай қалдырмады,көпке дейін таңғажайып табиғат сұлулығы көз алдымнан кетпеді.Алла қаласа, демалыста тағы барсам деген ойым бар.
Осындай керемет, қайталанбас табиғаты бар ата-мекен, біз үшін осы өмірдің жұмағы, жер жаннаты.Осы байлықтан айырылып қалмас үшін, табиғаттың қадірін білуіміз керек.Біз бақытты ұрпақпыз,себебі:жердің байлығы, табиғаттың сұлулығы тек біздің елде ғана бар.
Табиғатымызбен, жерімізбен, елімізбен мақтанамын! Мен елімнің жанашырымын, патриотымын,адал перзетімін!
Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылы
С.Бердіқұлов атындағы орта мектептің
қазақ тілі және әдебиет мұғалімі Төлегенқызы Жібек

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген