Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Тәуелсіздік
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Тәуелсіз Қазақстанның тарихи ғылымы: тұжырымдамалық мәселелері, жеістіктері мен дамуы
Мен – көгінде көк байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!
Азияның кіндігінде орын тепкен, картадан ойып орын алған, ұлан-байтақ жердің иесі, «қазақ» деген ұлы халық перзентімін. Осындай ұлы халықтың ұланы болу бақытына мен қалай ие болдым?
Жерімізге көз тіккен жауыз жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап, жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.
«Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер»,-деп Мұқағали жырлаған бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестей сақтап жазды.
Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы кетпеуі жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі жоғары елді жау алмайды» деген қазақ халқының мақалдары да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды.
ХХ ғасыр да қазақтар үшін өзінің қанды қылышын сүйретіп жетті. Бейбіт өмір орнап, жағдайымыз түзелді-ау деген шақта еліміз Кеңестік биліктің қатал ықпалына түсті. Сонда да тайынбай, еңсесін түсірмей тәуелсіздік алатынына сенімін жоғалтпаған ержүрек халқымыздың арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері биліктің бұрыс жақтарын беттеріне басып, кемшіліктерін әшкерелеп, мемлекеттің еркіндігіне қол жеткізуге әрекет еткені үшін өлім жазасына дейін кесілді. Мұны құлағымен естіп, көзімен көріп отырса да өзге жастар айтқанынан қайтпай, батыр баба ұрпағы екенін танытып, туған жерін өз жанынан биік қойды.
Ә.Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері,әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес.
Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.
Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды,егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды.
«Тарихты жеңген жазады»дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді. Ұлттық валютасы, Әнұраны, Туы және Елтаңбасының пайда болуы көгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді. Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе? Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды. Кеңес Одағының құрсауынан босап, қыстан тұралап шыққан малдай, әлсіреген қазақ халқы ендігі кезеңде жаңа өмірге, өзгеше кезеңге аяқ басты.
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген Елбасымыздың көреген сөздері ата-бабамыздың бойына біткен керемет қасиеттің құндылығы қашан да алға жетелеп, тәуелсіздікке алып келгенін көрсетеді. Тәуелсіздік таңы атқанына бүгінде 30 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады.Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті.
Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенделердің тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік ету бақыты пайда болды емес пе? Сол бақытты жандардың бірі-менің де осындай мемлекетте тұруым маған жарқын болашақ сыйлап отыр. Заманның ауыртпашылығын көп көрген ата-апам өткен күннен естеліктерін айтқанда көзіме еріксіз жас ұялайды. Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым-қайғысыз өмір сүріп жатқанымыз да осы тәуелсіздік арқасы екеніне тағы көз жеткіземін. Өткеннің асылдарының ыстық ықыластары дамыған Еуропаның, АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарында білім алып, сонда алған білімімізді туған жерімізде қолдануды біздің алдымыздағы негізгі мақсат етіп қояды. Мен сияқты өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Елімнің бұл күнде жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. Тарих сол қуанышымызға куә, дамуы қарқынды, болашағы өте зор.
Мен - тәуелсіз елдің төл перзенті ретінде, дархан даламның рухани мұраларымен, тарихымен әркез мақтанамын!
Аллаға мың тәуба, осындай кемел келешектің іргетасын халықпен бірге қалап, қашан да еліне шын берілген Елбасымыз бар. Ол жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында, орны ерен мақалаларында үнемі елдікті, бірлікті, ынтымақты насихаттады. Мыңдаған ұлты бар Отанымыздың көгін қара бұлт шалмауы үшін сарабдал саясат жүйелей білді.
Сондай орны бөлек тарихи құжат саналатын айтулы мақаласы «Ұлы Даланың жеті қыры» деген атаумен тарих сахнасына келді. Ұлт болып алаңсыз ғұмыр кешу формуласы іспетті, аталмыш мақалада ата-бабамыздың қастерлі бай мұрасын рухани кемелдендіруді – біздей жас ұрпаққа аманаттағандай болады. Дәстүрімізде аманатқа ешқашан қиянат етілмеген ғой. Сол себепті, біздің, жас ұрпақтың алдында үлкен жауапкершілік жатыр. Ата-бабамыздың нәрлі ғұрып пен мәдени жәдігерлерінің қаймағын бұзбай қастерлі күйінде кейінгіге жеткізу. Тіліміз бен дініміз, берік іргелі ауызбіршілігіміздің сәулесін сетінетпей, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру.
Тарих сілеміндегі Ұлы көштің бастауы мен бүгінгі күнгі соңғы ширегіне дейінгі аралықты қаншалықты санамызға сіңіре білдік екен? Кешегі күн – ертеңгі болашақтың жарқындығының кепілі». Біз – саналы, жан-жақты, сауатты ұрпақпыз.
«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының мазмұнымен танысқанда, жас ұрпақты тәрбиелеудің негізін жалпыадамзаттық құндылықтар және ұлттық құндылықтар құрайды.
Көне Түркі көсемдерінің өздері көксеген адамгершілік қағидаларының негізі ретінде сенім, ақиқат, әсемдік, бостандық, қайырымдылық, жақсылық, махаббат сияқты жалпымызға ортақ құндылықтарға мансұқ болсақ, біз Көк Тәңірі қалаған дүние жүзіндегі орнықты Мәңгілік жасай беретін ұлт болып қаларымызға дау жоқ.
Олай дейтінім, қазіргідей жаһандық арпалысқа толы заманда, үдерістің көшіне ілесіп, ақпараттық, сандық технологиялардың нарығында тәуелсіздік, патриотизм, толеранттылық, ана тілі, заңға бағынушылық, этникалық мәдениет, салт-дәстүр сынды ұлттық құндылығымызды біте қиюластырып, оларға заманауи леп беріп, ұлттық даралығымызды осы тұрғыда жалпақ әлемге танытудамыз.
Осындай алып мегаполисті, бай да қуатты, тәуелсіздігі тұрақты елдің ұланы болғанымызды мақтан етіп, әрқашан ана тіліміз бен хақ дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, келешекке нық сеніммен баруды көздеген азамат болып өсіп келеміз. Қазақтығымызбен қашан да мақтанамыз! Алып бәйтеректей тәуелсіздікпен тігілген көк байрағымыз төмендемесін, себебі оған ата-бабамыздың асқақ арманы, аналардың көз жасы, халқымыздың қаны мен маңдай тері сіңген!
Мусина Ляззат