ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ
30 ЖЫЛ
Тәуелсіздік сан ғасырлар бойы
ата – бабамыздың аңсап күткен, білектің күші, найзаның ұшымен
қорғап келген ұлан – ғайыр жеріміздің ел азаматтарына тиесілі
болуын зарыға күткен сәт. Міне, өз алдына дербес ел атанып,
Егемендіктің еңсені тіктегеніне биыл 30жылдың жүзі толғалы отыр.
Мерейлі мереке еліміздің әр азаматы үшін ерекше құндылыққа ие.
Себебі, оның астарында желтоқсанда жұлқына шыққан жауқазындардың
жаңғырық үні жатыр. Өр мінезді, қайсар қазақтың ұрпағы екенін
дәлелдеп, алаңға шыққан әрбір ұл – қыздарымыз, бізге бейбіт күнді
алып берді. Қақаған қыста ысқыра соққан желдің ызғарына қарамай,
озбыр саясаттың тырнағына талайы ілінсе де бұл елім деп ет жүрегі
елжіреген ел боздақтары үшін еш кедергі бола алмады. Аппақ алаңқай
қып – қызыл қанға боялса да, намыстың туы жығылмады. Ұлдарымызды ит
айтақтап, әскерлер аяусыз соққының астына алып, тепкімен тежемекке
бел буса да, қасқайып қарсы тұрған қайсар жандар өз дегендерінен
қайтпады. Қыздарымызды шаштан сүйреп, нәзіктігіне жауыздықпен тіл
қатып, сақырлаған сары аязда жалаң аяқ жер басуға мәжбүрлесе де,
Әлия мен Мәншүктің ізін жалғаған аруларымыз озбыр саясатқа осалдық
танытпады. Арман қуып алыстан ат терлетіп келген сан студент оқудан
шеттетіліп, болашағына балта шабылды. Талайы темір торға тоғытылды.
Жазықсыз жалған жаланың астында көмкеріліп «ұлтшыл» деген айдар
тағылды. Қара күйе қазақтың қамын ойлап, қарсы шыққан әрбір жанға
жағылды. Өз әмірін жүргізіп, халықты күшпен тоқтатуға ниетті болған
билік басындағылар барынша жауыздық әрекеттерге жүгініп, тез арада
халық арасындағы толқынды тоқтатпақ болды. Дегенмен, ашынған жұртты
бұдан әрі бұғаттау мүмкін емес еді. Онсыз да, әділетсіздіктің куәсі
болып, іштен тынып жүрген жұртшылық үшін, ел билеу ісіне қазақ
азаматын шеттетіп, орыс тілді адамды бекітуі шыдамның шегі болатын.
Білім беру барысы да, саясат та түгелдей жаттың қолына өтіп бара
жатқаны жанға сызат, көңілге қаяу түсіріп жүргені тағы бар. Кез –
келген мәдени, қоғамдық шаралардың бәрі бұған дейін тек билік
басындағылардың бекітуімен ғана жүзеге асырылатыны да аса
қуантарлық жағдай емес. Мұның бәрі қаймағы бұзылмаған қазағымның
қарасын орыстандыруға ниеттенген сұрқия саясаттың көздегені
болатын. Көптеген келіспеушіліктің салдарынан, алаңға бейбіт түрде
шығып, өз талап – тілектерін айтқан, еш жазығы жоқ жастарымызға
керісінше, осындай озбырлық әрекеттері жүзеге асырылды. Мұзда
жанған алаудай мәңгілікке ел жадында сақталатын, сабағынан ерте
солып түскен жауқазындардың арқасында бүгінгі күнге жетіп
отырмыз.
Тәуелсіздіктің арқасында
теңдігіміз өзімізге қайта оралып, тіліміз мемлекеттік тұғырға
көтерілді. Елдігімізді айқындайтын ел нышандары бекітіліп, еңсесі
биік Елордамыз бой көтерді. Мәдениет пен тарих қайта жаңғырып, ана
тілде білім беретін мектептер саны артты. Төл теңгеміз айналымға
шығып, өзінің тамаша үлгісімен әлем елдерін таңдай қақтыруда. Ел
әлеуеті көтеріліп, экономика мен саясат өзінің ұшқырлығын үздік
қырынан байқатып келеді. Шекарамыз сызылып, әскери күш – қуатымыз
күн артқан сайын жетілдірілуде. Мемлекеттің әр азаматының ар –
намысын қорғайтын, адалдық пен әділеттілікті меңзейтін Ата Заңымыз
бекітіліп, қоғамдық тәртіп күшейген. Бір жағадан бас, бір жеңнен
қол шығарып, татулық пен бірліктің тамаша көрінісін танытып, көп
ұлтты мемлекетті бауырына сыйғызып отырған біздің ел көпшілікке
үлгі. Егемендігіміздің ғұмыры мәңгі болсын! Тұғырдан түспе,
Тәуелсіздік!