400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Тіл бірлігі - ел бірлігі

Материал туралы қысқаша түсінік
: Оқушыларды ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру; ана тілін қастерлеуге, құрметтеуге баулу; өз Отанының болашақ патриоты, жанашыры болып өсуге насихаттау; Қазақстан халықтарының тілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Тіл бірлігі - ел бірлігі  (Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне  арналған тәрбие сағаты)
Мақсаты: Оқушыларды ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру; ана тілін қастерлеуге, құрметтеуге баулу; өз Отанының болашақ патриоты, жанашыры болып өсуге насихаттау; Қазақстан халықтарының тілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Тіл, Отан туралы нақыл, ұлағат сөздер жазылған плакаттар.
Барысы: Бүгін 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының халықтарының тілдері  мерекесі күніне орай өздеріңізбен қауышып отырмыз. Олай болса, мерекемізді бастайық!
1-жүргізуші: 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.
2-жүргізуші: Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.
1-жүргізуші:

Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
2-жүргізуші:
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.
Олай болса тізгінді көсемсөз шеберлеріне берейік! (4-ші сынып оқушылары тіл туралы өлеңдерін оқиды)
1-жүргізуші:
Қонақ келсе қазаққа той келеді
Әуелетіп әрі беріден соң ән кетеді
Қолына береді де домбырасын
Қонақтан ән, әңгіме дәметеді.
Екі немересін ерткен ата келеді
1-жүргізуші: Ассалаумағалейкум, ата!
Ата: Уағалейкумассалам, балам!
2-жүргізуші: Күйлі-қуаттымысыз?
Ата: Өркенің өссін балам, шүкір жүріп жатырмыз. Осы мектепте мереке болып жатыр екен. Өз білген түйгенімді ортаға салсам деген ойым бар. Тіл балаға ананың ақ сүтімен туылған сәтінен - ақ беріледі. Тіл адамды жақсы да, жағымсыз да көрсетеді. Тіл адамды өсіреді де, өшіреді де. Өйткені жанға жайлы жақсы сөздерді жиі айтсаң, адамдар арасында сыйлы боласың. Өз тіліңді жетік біліп, оны дамыта алсаң, сондай – ақ басқа елге барғанда туған тіліңде сөйлесең олар сондай халық бар екенін біледі. Демек халқыңды басқа ұлттарға танытасың, халқыңды өсіресің. Егер сенің ана тілің де ешкім сөйлемесе халқың өшеді - осы.
1-жүргізуші: Ата, жоғары шығыңыз. Отырып дем алып, астан дәм татыңыз.
Ата: Менің немерелерім де жай келген жоқ, қазақтың тыйым сөздерін айтуға келді.
1-ші сынып оқушылары тыйым сөздер оқиды.
Осы кезде ішке ұлт өкілдері: орыс, өзбек, әзірбайжан келеді.
2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар!
Қонақтар: Біз сіздерге бос келген жоқпыз. Қиын қыстау кезеңде дархан ел, жайсаң халық бізді өз бауырындай құшағына тартты.
Орыстың дәмді наны каравайды қабыл алыңыз!
Мынау өзбек ұлтының тандыр наны, қабыл алыңыз!
Мынау әзірбайжан ұлтының лаваш наны, қабыл алыңыз!
Сыйымыз осымен біткен жоқ, өз ұлтымыздың биін билеп береміз. (орыс, өзбек, әзірбайжан билері орындалады)
Қонақтар: Қазақстан біздің де Отанымыз.Қазақ халқының тілін, ділін, салт- дәстүрін құрметтейміз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болған соң, тілді үйрену міндетіміз. Қазақ тілінде ән орындағымыз келеді.
Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» орындалады
1-жүргізуші: Рахмет достар! Талаптарыңа нұр жаусын!
2-жүргізуші: Төрлетіп қонағымыз болыңыз.
1-жүргізуші: Қай ұлтты, халықты алсақ та, бәрінің де өзіне лайық тілі бар. Халық өзінің тілін ең ардақты нәрсе деп санайды, сүйеді. Ана тілін сүймеген адам, қырғыз ақыны Сарноғаев айтқандай, халқын сүйіп те жарытпайды. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ.
2-жүргізуші: Қазақ тілі - дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікіріміздің растығын кезінде кемеңгер Абай дәлелдеген болатын. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса, тіл - бөбектің үні, тіл - ананың әлдиі, тіл - бесік жыры. Қазақ тілінің байлығы – қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез келген жұртпен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады. Ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз анамыздың тілі.
Сыныптардың дайындаған өлеңдері оқылады.
2-жүргізуші: Бүгін көңілдеріңіз біраз серпілтіп, тың мағлұматтар алдыңыз деген үміттеміз.
1-жүргізуші: Уақыт бөліп, көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рақмет!
Кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен салтанатты түрде жабылады.













Сабақтың тақырыбы: Мемлекеттік тіл - мәртебеміз
Сабақтың мақсаты: Ана тілін сүюге, құрметтеуге, тіліміздің мәртебесін асыруға тәрбиелеу;
1 - жүргізуші: - Қымбатты ұстаздар, Оқушылар мен оқырман қауым! Бүгінгі тілдер мерекесі құтты болсын!
2 - жүргізуші: - Ана тілің арың бұл
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте - деп Қ. Мырзалиев атамыз айтқандай мемлекеттік тіл - қазақ тілін бүкіл республика халқы, өзге ұлт өкілдері құрметтеуі тиіс. Айтулы мерекенің салтанатына орай «Мемлекеттік тіл - мерекеміз!» атты ашық тәрбие сағатын назарларыңызға ұсынамыз.
(Үнтаспада күй ойнайды. Сахнада әкесі мен інісі)
1 - бөлім. «Біздің көшенің тұрғындары». Көрініс
Жандос жүгіріп келіп:
- Әпке, әпке! Көкем мен апам базардан келгенше, ауыл балаларын жинап бастаңғы жасайық.
- Мен жұмысқа барамын. Жасасаң жасай ғой. Дядя Коляның баласы Коляны, Зина әженің немересі Викторияны, Фархат аканың баласы Шухратты, шақыр. Жалғыз үйлі неміс ұлтын шақыруды ұмытпа. Ұят болады. Карлс көкенің баласы Карлды және көрші Жанарды да шақыр. Сөйтіп өздерің тату - тәтті ойнаңдар.
- Жарайды әпке. Мен оларды шақырып келейін.(Жандос асығыс жүгіріп кетеді)
- Коля! Виктория! Шухрат! Карл! Жанар! Біздің үйге қонаққа жүріңдер!
Балалар келіп дастархан басына жайғасады.
Жандос: - Қане, балалар, дастарханнан дәм ауыз тиіңдер.
Коля:
- Ал, енді құр отырмай, ойын ойнасақ қайтеді?
Карл:- Ойнасақ, ойнайық!
Жанар: - Алдымен жұмбақ жасырайық.
Виктория: - Ендеше баста!
Жанар: - Ана ауылдың бурасы, мына ауылдың бурасы, желкілдейді шудасы. Не ол?
Коля: - түтін емес пе?
Жанар: - Иә, дұрыс таптың.
Карл: - енді мен жасырайын. Тауып көріңдер: Аспаннан күбі түсті. Шухрат, сен айтып көрші қане?
Шухрат: - Мен таппадым.
Жандос: - Онда ән салып бересің.
Шухрат: Мен ән сала алмаймын. Бірақ мақал - мәтел айтып берейін. «Тіл - тас жарады, тас жармаса - бас жарады», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», «Тіл – ақылдың өлшемі», «Туған жердің тезегі де дәрі», «Тілі жеткенше сөйлеген - шешен, қолы жеткенше нұсқаған - көсем»
Балалар:- Ой, жарайсың, Шухрат! О, бәрекелді!
Виктория: - Балалар, жаңылтпаш айтайықшы, көңілді болсын.
Жанар: - «Тарғыл итім талға орал». Кім қайталайды?
Жандос 3 рет қайталайды. Карл шатасып 5 рет қайталайды.
Карл: - басқа бір ойын ойнайық.
Жандос:- Келіңдер, «Жүзік салу» ойнайық
Виктория: - Жоқ, «Ұшты, ұшты» ойнаймыз.
Жандос:- Жарайды. Біз, қазақтар қонақты құрметтейтін, дархан халықпыз. Сенің - ақ айтқаның болсын.
Шухрат: - Ал, бастадық. Ұшты – ұшты қарға ұшты. Ұшты - ұшты күбі ұшты, Ұшты - ұшты қошақан ұшты, ұшты - ұшты жапырақ ұшты...
Шатасқан оқушы ән айтады.
Коля: - Балалар, Жандостың ата - анасының келетін уақыты болып қалды.
Шухрат: Иә, Қанат меймандостығыңа рахмет. Балалар, «балға ма, балта ма?»
Балалар: - балға.
Виктория:- Ендеше (хормен) «үйді - үйіңе тарқа!»
(Балалар тарқасады)
ІІ - бөлім Өлеңдер оқу
1. Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт, кең жатыр
Бірімен - бірі туысқан Қол ұстасқан ел жатыр
Қырғыз, қазақ, өзбектер
Моңғол, ұйғыр, дүнгендер
Армян, тәжік, грузин
Орыспенен украин
Терезесі тең жатыр
Бақыттың әні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр. (Ж. Жабаев)
2. Ата - анамды таныстырып осы тіл,
Танымасты таныс қылған осы тіл.
Төле би боп, Қазыбек боп, Әйтеке,
Бітпес дауды жағыстырған осы тіл.
Жау тигенде біріктірген осы тіл,
Індет келсе, дүрліктірген осы тіл.
Күштілерден қуғын көрген сияқты
Туыстырып, кіріктірген осы тіл (К. Төлеуұлы)
3. Туған тілім, бабам тілім, өз тілім!
Туған тілім - далам тілім, өз тілім!
Туған тілім - адам тілім, өз тілім!
Туған тілде сырытерең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып ап алыңдар! (Д. Әбілев)
4. Қуан далам, қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұңды жүрек түндігін.
Тіл туралы заңым еніп күшіне
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Қазақ тілі -
Ұрпақтар талайының
Сен тілісің
Адамзат Абайының!
Түрлі ұлт өкілдері балалары ұлттық ойындарды көрсетеді
1. Арқан тарту
2. Асық ату
3. Күрес
Тіл туралы нақыл сөздер
Ана тілін ұмытқан адам, өз халқының өткенінен де, болашағынан да... (қол үзеді)
Ғ. Мүсірепов
Тілі жоғалған халықтың... (өзі де жоғалады)
(Ахмет Байтұрсынұлы)
Ана тілін біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең бұл -... (сүйініш),
Ана тілін білмей тұрып орысша жақсы сөйлесең бұл -.... (күйініш)
(Халел Досмұхамедұлы)

Өлеңдер оқу
1. Ақыл - ойын дананың,
Ана тілден аламын
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей анамның.
Өсірген ой - білімді
Сүйем туған тілімді
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді. (Ә. Табылдиев)
2. Қазақ жері маған болған мекен,
Дүниеде дәл мұндай ел бар ма екен?
Досқа – дархан, дұшпанға сараңша қатаң,
Сүйем оны сағынып, самғап жетем.
Орыс, қазақ, туыс боп ағаласып,
Қаны, тілі жатыр ғой араласып.
Отбасылық бақыты ортақ болсын,
Қол ұстасып, еңбек ет далаға шық! (В. Смирнов)
3 - оқушы: - Ау, құрметті, халайық! Бұл не тұрыс? Тойды қымыз ішіп, қуырдақ жеп біздің отауда жалғастырайық. Жүріңдер, құдай қосқан көршілерім!
Олар сахнадан шығып кетеді.
4 - оқушы:
Қазақ осы - ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады
Қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін. (Шынболат)
ІІІ - бөлім. «Қазақ өнері және біз!»
Тәрбие сағатының соңғы бөлімі – ән, биге ұласады. Түрлі ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде ән шырқап, би билейді
Қорытынды.



 Мақсаты:  Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.

 Міндеті:

1)Ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу.

 2) Білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету.

 3)  Қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.

                

Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы

         Тәуелсіздігімізді алып,өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол,сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше.Қазір оқу орындарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуде. «Жастар біздің болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Сабақ үрдісінде оқушыларға тұрмыстық тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні сияқты ұлттық құндылықтарымызды оқытуымыз керек. .

  Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.

        Ұлттық тәрбиенің  міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалық-иннова­циялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Тәрбиенің басты нысаны елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. 

 Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарын әлем елдерінің озық дәстүрлері мен озық тәрбие үлгілерімен байытып, жаңа тәрбие тұжырымдамаларын жасауда. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты нысанаға алынып отыр.

 Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ел болып, ұлт болып қаламыз десек,  «Ұлттық тәрбие»  балабақшалар мен мектептерден бастап қолға алғанымыз жөн  деп ойлаймын

 Ұлттық тәрбие:

1.      «Отбасындағы ұлттық тәрбие»

2.      «Балабақшадағы ұлттық тәрбие»,

3.     «Мектептегі ұлттық тәрбие»    деп бөліп талқыланады.

       1. Ұлттық тәрбиенің көздері: Фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, ұлы ойшылдардың еңбегінде жатыр. Мысалы: Данагөй сөзі

Ауыл адамдары бір данагөй қартпен кездесіп, пікірлесіп отырғанда бір адам тәрбие туралы сұрайды. Сол кезде қария:

-         Осы ауылдарыңда балаларыңды кісі өлтіруге, ұрлық пен тонауды қалай жасау керектігін үйретіп жүрген жалмауыз бар,-дейді.

Адамдар:

-         Ол кім? Бізге көрсет, оны тез арада өлтіруіміз керек,-деп шулайды.

-         Сонымен қатар қыздарыңды жалаңаш жүруге, зинақор жасап, ер адамды өзіне қаратуды, жаман, лас жолға түсуді үйретіп жүрген әйел бар,-дейді.

-         Олар қандай адамдар, көрсетші. Оларды өлтіріп, жоюдың амалын айтшы,-деген халыққа данагөй қария:

-         Қолдарыңнан келмейді, оны жоюға ешбіреулеріңнің арларың жібермейді,- дегенде:

-         Сонда кімдер?

-         Ол әрбіріңнің үйіңдегі теледидар,- деген екен

Мектептегі ұлттық тәрбиеге: «Ұлттық тәрбие және қазақ әдебиеті», «Абай шығармаларындағы ұлттық тәрбие мәселелері»,«Өз халқыңның қадір-қасиетін ұқ»,  «Қазақ өнеріндегі ұлттық тәрбие»,  «Ұлт патриоты болайық» , «Ұлттық тәрбие: салт-дәстүр, әдет-ғұрып негіздері», «Ұлттық тәрбиенің этика-эстетикалық негіздері», «Ұлттық тәрбие және дін мәселесі» т.б қарастырылып келеді.

2.  Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері; туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.Тұрмыс – салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады.    

 

 

 

Қазақта мынадай құнды өсиеттер бар.   Мысалы:

Жеті қазына                                  Жеті ата                            Жеті жұт

Ер жігіт                                         1. Бала                          1. Құрғақшылық

Сұлу әйел                                      2. Әке                           2. Жұт (мал қырылу)

Ақыл, білім                                   3.Ата                            3.Өрт

Жүйрік ат                                      4.Арғы ата                   4. Оба (ауру)

Қыран бүркіт                                5. Баба                          5. Соғыс

Берен мылтық                               6. Түп ата                     6. Топан су

Жүйрік тазы (ит)                           7. Тек ата                     7. Зілзала (жер сілкіну)

 

Жеті күн                Жеті ғалым                                  Жеті әулие

Бүгін                        1. Шығыс                            1. Меке шәріп

Ертең                       2. Батыс                               2. Мәдина шәріп

Бірсүгіні                  3. Оңтүстік                          3. Бұхар шәріп

Арғы күні                4. Солтүстік                        4. Шам шәріп

Ауыр күн                5. Аспан (жоғары ғалым)                     5. Қатым шәріп

Соңғы күн               6. Жер орта                          6. Құддыс (Мысыр) шәріп

Азына                      7. Жер асты( төменгі ғалым)         7. Кәләм шәріп (Құран)

 

Жеті жоқ                                                                        Жеті жетім

Жерде өлшеуіш жоқ                                    1. Тыңдамаған сөз жетім

Аспанда тіреуіш жоқ                                   2. Киюсіз тозған боз жетім

Таста тамыр жоқ                                           3. Иесіз қалған жер жетім

Тасбақада талақ жоқ                                     4. Басшысы жоқ ел жетім

Аққуда сүт жоқ                                              5. Аққу – қазсыз көл жетім

Аллада бауыр жоқ                                         6. Жерінен айырылған ел жетім

Жылқыда өт жоқ.                     7. Замандасы болмаса  – бәрінен де сол жетім

 

 

Бес қару                                    Бес өсиет                                      Бес намаз

Садақ                               1. Топасқа сенбе                                 1. Таң намазы

Мылтық                          2. Жауға иілме                                     2. Бесін намазы

Найза                               3. Сақ жүр                                            3. Екінді намаз

Қылыш                            4. Аз үйге сенбе                                  4. Ақшам намазы

Айбалта                          5. Жарлыдан сый алма                      5.Жашиық намазы

 

Бес жаратылыс                                                  Бес қатер

Күн                                                                          1. От

Ай                                                                            2. Жау

Жұлдыз                                                                   3. Борыш

Күндіз                                                                     4. Ауру

Түн                                                                          5. Сөз

 

Үш даусыз                           Үш арсыз                                Үш тәтті

Мінез                               1. Ұйқы арсыз                            1. Жан тәтті

Кәрілік                            2. Күлкі арсыз                            2. Мал тәтті

Ажал                               3. Тамақ арсыз                           3. Жар тәтті

 

Үш ғайып                                 Үш қадірлі                                   Үш қуат

Ажал ғайып                              1. Ырыс                                     1. Ақыл қуат

Қонақ ғайып                             2. Бақ                                         2. Жүрек қуат

Несібе ғайып                            3. Дәулет                                   3. Тіл қуат

 

 Яғни халық педагогикасы тәрбиені еңбек пен өнерге негіздей жүгізеді. Тек бертін келе ғана оқу-білім дамып, ғылым мен техника өрістей бастаған кезеңде ғылыми педагогика дүниеге келді.  «Ұлттық тәрбие» пәнінің тиімділігі мен мазмұнын арттырудың ғылыми негізі толық қаланып, бүгінде ол жаңа тәжірибелермен байытылуда. 

 Ұлттық тәрбиенің көздері: фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ  жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.

 Міне, бұл орайда  ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету сабақта және сыныптан тыс сабақтарда,тәрбие сағаттарында көрсету үрдіске айналып келеді . Еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай тер төгіп келеміз.
 «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» болғандықтан әдебиет сабағында оқушыларға  тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны оқушының  санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысамын. Ол үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып  «Тазша бала», «Қожанасыр», «Алдар көсе» сынды ертегі кейіпкерлерін балалардың өздеріне ойнатып, жан-жақты амал-тәсілдерді қолданамыз.  Сондай-ақ  ежелгі ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, тарихымызды балалардың жадына жастайынан сіңіріп өсіруіміз шарт.
  Мысалы өткен тарихымыздан сыр шертетін «Көшпенділер» фильмін, одан соң Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздіктің қалай келгендігін жас балдырғандарға ересектер сияқты түсіндіре алмайсың. Сондықтан осы жолда «Тәуелсіздігім тұғырым», «Желтоқсан ызғары»т.б тәрбие сағаттарын өткіземіз.Ол болашақ ұрпақты ұлтын сүйе білуіне мүмкіндік береді.Бұл бір жағынан балалардың  егемен еліміздің тарихы мен тәуелсіздігіміздің тартуы – рәміздерімізді таныстыруға мол мүмкіндік туғызады.
  Сонымен қатар «Сақина салу», «Орамал тастау» сияқты ұлттық ойындар қабақ үстінде де ойнатамыз. Бұл олардың өз халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыра түсетіні кәміл.  Болашақ ұрпақ осы бастан қазақтың ұлттық киімдері мен ою-өрнектерімен танысып, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, домбырамыз бен «бесік жырын» айтып, ақ бесікке әлдилеп жолбарыс жүрек батырлар мен ақындарды тәрбиелеген апа-әжелеріміздің бізге қалдырған ақ бесігін көріп өссіндеген ниетпен  «Бесікке салу, тұсау кесу,сырға салу т.б салт-дәстүрлерді тәрбие сағаттарында көрсетуге тырысамын.
 Әрине, қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға болмайды. Ертеректе балалармен жұмыс жасау бүгінгіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, айтқаныңды екі етпейтін. Қазіргі балаларымыз бір үйдің еркесі, бір үйдің жалғызы дегендей... Оларды тек «алдап» көндірмесең ештеңе істете алмайсың. Оның үстіне бұл тек мектептің  ғана емес, үйдегі тәрбиеге де байланысты. Сондықтан біз, көбінесе, балалардың ата-аналарымен кеңесіп, бірлесіп жұмыс істейміз. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе – қазіргі балалар уақытын пайдалы істерге жұмсамай, компьютердің алдында өткізеді. Ол баланы еңбек етуден алыстатып, ойлау қабілетін төмендететіні сөзсіз.Сондықтан «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге»нақыл сөздердің құндылығымен тәрбиелеуге жетелейміз.

 
  Халықтық педагогика – қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынастарындағы ең қымбат қазына дейтін болсақ, оқушыларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін үйрету, оны оқушы ойына ұялату арқылы ізгілікке, адамгершілікке, ұлтжандылыққа, өз салт-дәстүрін құрмет тұтуға баулу – ұстаздардың басты мәселесі.

Бүгін де өзгелермен тереземіз теңесіп, өркениетті елдер қатарынан көрініп келе жатқан біз үшін ұлттық дәстүрімізді терең меңгеріп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу өте қажет деп білемін. Сондықтан еліміздің болашағын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздар үшін бұл ең басты міндет деп санап, өз сабағымда осы мәселеге баса назар аударуға тырысамын. Жалпы қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда халықтық педагогикасыз болмайтыны белгілі ғой. Әйтсе де оны  оқушы санасына терең бойлату үшін күнделікті сабақта тиімді пайдаға асыра білу өте қажет.  Мысалы, 5-сыныптарда халық ауыз әдебиетін оқытудың өзі - халықтық педагогика.  Қазақ  халқының  тәлімдік мәні, ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер  мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні — адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі. Халқымыз өз ұрпағын бесікте жаткан кезінен  өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала аяғын жерге нық басқаннан кезден қоршаған ортаның құпиясын ғылыми  тұрғыдан  сезініп білмесе де, жұлдыздарға, түрлі белгілерге  қарап жол тауып, қаршадайынан  есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды  табатын  ізшіл де, мерген де болған. Кәсібі, тіршілігі  мал  шаруашылығына  байланысты болғандықтан,  бала 5—6 жасынан  ат құлағында ойнай бастайды, бір естігенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы небір қызық ертегілерді, жыр-дастандарды жаттап алатын болған. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардын сөйлеу корын байытып, мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра беретін. Халықтық шығармалар ішіндегі әр жакты айқын бейне, қызықты оқиға, әдемі қисын, жақсы  ұйқастардың  бәрі  балаларды  қуантып, еліктіре әсер етіп, ой-пікірін  шыңдап отырған. Сондықтан халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытуда тек оны оқытып, жаттатып, талдатып қана қоюға болмайды. Сол арқылы тәрбиелеу керек. Ата - дәстүрімізді мақтан етіп, оқушы жүрегінде өзінің қазақ болып туғанына мақтаныш ететіндей сезімді оятуымыз қажет.  Мысалы:«Айналдырған тас» туралы аңызды тыңдап көріңіздерші: «Ел кезіп жүрген бір адам келе жатса, бір алдында жатқан үлкен тасты көреді. Ол таста «Аудар да, оқы» — деп жазылған жазуды көреді. Ол тасты әрең дегенде аударып, екінші жағын қараса, «Өз білгеніңе назар аудармай, жаңа білім неге іздейсің?» — деген жазуды оқиды», яғни бала тәрбиесінде туындап жатқан мәселенің шешімі өзімізде екендігін көруге болады.

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосып отырғанын оқушыға дәлелмен жеткізу керек. Сондай-ақ, халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрнісі барын, бесік жырын дана халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп танитынын оқушы санасына берік орнатуға тиіспіз.Қазақ халқының  ұлттық тәлім тәрбиесі мен  мәдениеті  талай  халықтардың  өкілдерін  таң қалдырғаны  тарихи  жазбалардан  белгілі. Ұлы саяхатшылар  мен  зерттеушілер  қазақтың  ежелгі  тұрмыс тіршілігі, мәдениеті  мен  ауыз  әдебиеті  туралы, ер адамдар  мен  әйелдердің  моральдік этикалық ерекшеліктері  туралы, олардың  тұрмыстағы, кәсіптегі, отбасындағы, әулеттегі, рудағы  әлеуметтік   орны  туралы, ұлттық  наным, сенім, әдет ғұрпы, мінезі, көшпенді  өмір  сүргеніне қарамастан  салты  мен  дәстүрінің  біртұтастығы, біртұтас тілде сөйлеуі, қолөнері мен  бейнелеу  өнерінің, ауыз  әдебиеті  және  музыка  өнерінің  жалпы  дала мәдениетінің  таң  қаларлық  үлгілері  туралы  таңдай  қаға  айтып, баяндайды. Ендеше осындай ұлылықты, халқымыздың бай саралы да саналы дәстүрлерін еліміздің болашағы -өзіміздің алдымызда отырған ұрпағымызға үйрету –ұстаз қауымының бірінші міндеті деп білемін.









Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
15 ақпан
1085
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі