15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Топыраққа жалпы сипаттама
Жоспар
І. Кіріспе Топыраққа жалпы сипаттама ІІ. Негізгі бөлім 1.Топырақтағы ылғалдың категориялары, түрлері 2.Топырақтың ылғалдылық қасиеттері 3.Топырақтағы ылғалдың өсімдіктерге тиімділігі және тұрақты ылғалдық көрсеткіштері 4.Топырақтың су құбылымы және оны реттеу жолдары ІІІ. Қорытынды Пайдаланылған әдебиеттер.
ІІ. Негізгі бөлім 1.Топырақтағы ылғалдың категориялары, түрлері
Топырақтың құрамында әрқашанда белгілі бір мөлшерде ылғал болады. Топырақта ылғал жауын-шашыннан түскенде, ыза суларының көтерілуі арқылы, атмосфера ауасындағы су буларының конденсациялануы кезінде және топырақты суландыру шараларын жүргізгенде жиналады. Суармалы емес аймақтарда топырақтағы ылғалдың негізгі көзі жауын-шашын. Топырақтағы ылғал оның бойында өтіп жататын биологиялық, химиялық, физикалық-химиялық құбылыстардың белсенділігіне, заттардың жылжуына, ауа, қоректік заттар, жылу режимдеріне және топырақтың физикалық–механикалық қасиеттеріне үлкен ықпалын тигізеді. Сөйтіп топырақтың құнарлылығын анықтайтын көптеген қасиеттерінің дамуына әсер етеді. Топырақтағы ылғал өсімдіктердің, оның микроағзалары мен фаунасының тіршілігінің негізі. Өсімдіктер өніп даму кезінде мол ылғал жұмсайды. Бір грамм құрғақ зат құрауы үшін олар 200-ден 1000 граммға дейін су жұмсайды. Сумен бірге өсімдіктер топырақтан қоректік заттарды да сіңіреді. Топырақ құрамындағы ылғалдың қолайлы мөлшері болғанда өсімдіктер жоғары өнім береді. Ылғалдың мөлшері тапшы немесе артық болғанда өсімдіктердің және басқа топырақ ағзаларының дамуы тежеледі. Өсімдіктердің ылғалмен қамтамасыз етілуі топыраққа түсетін ылғалдың ғана мөлшерімен емес, сонымен бірге топырақтың ылғалдылық қасиеттеріне, яғни оның ылғалды өткізуіне, ылғал тұтқыштығына, өсімдіктерге тежемей беріп тұру қасиеттеріне байланысты. Топырақ ылғалдылығы туралы ілімнің дамуына үлкен үлес қосқан ғалымдар А.А. Измаильский (1851-1914), Г.Н. Высоцкий (1865-1940), А.Г. Дояренко (1874-1958), С.И. Долгов (1905-1977), Н.А. Качинский (1894-1976), А.А. Роде (1897-1979).
Топырақтың қатты бөлігімен байланысына және жылжымалығына қарай топырақтағы ылғал категорияларға, түрлерге жіктелді. А.А.Роденнің классификациясына сәйкес топырақтағы ылғал бес категорияға бөлінеді. Олар: қатқан су, химиялық байланысқан ылғал, су буы, физикалық байланысқан ылғал және еркін су. Қатқан ылғал - мұз. Ол жыл мезгіліне байланысты суық мезгілде пайда болып жылы мезгілде еріп топырақтағы ылғал қорын толықтырады. Ал мәңгі мұзды аймақта қысы-жазы ерімей топырақ бойында болады. Химиялық байланысқан ылғал су топырақтағы минералдар, органикалық және органикалық–минералды қосылыстар құрамына кірген жеке физикалық дене құрамайтын, жылжымайтын және заттарды ерітуге қатыспайтын ылғал. Мысалы: гипстің ( CaSO4*2H2O ), мирабилиттің ( Na2SO4*10H2O ) және темірдің, алюминийдің гидрототықтарының құрамындағы ылғал. Топырақтағы су буы оның қуыстарындағы ауа құрамында болады. Көптеген жағдайда топырақтың ауасы су буына қанығуға жақын. Сондықтан топырақ сәл салқындаса осы су буы конденсацияланып сұйық ылғалға айналады. Ал керісінше температура жоғарласа, топырақтағы сұйық ылғал буға айнала бастайды. Топырақтағы қысымы жоғары су буы бар қуыстардан ол оның шамалы қысымы бар қуыстарына жылжиды және ол ауа ағымымен қозғалысқа түседі. Физикалық байланысқан су топырақтарының қатты бөлігінің сыртында бар молекулалық күш арқылы тартылып ұсталынады. Топырақ су буын да, сұйық суды да тартып ұстайды. Су молекулаларының оң және теріс заряды бар болып келеді. Сондықтан ол молекулалар бір-бірімен қарсы зарядтары арқылы тартылынып қатпарлар түзіп орналасады (1-сурет). Ылғалдың топырақ түйіршігімен тартылу күші оған жақын орналасқан қатпарларда үлкен, ал одан алыс орналасқан қатпарларда әлсіз. Осыған орай физикалық байланысқан ылғалды тығыз және әлсіз байланысқан ылғалға бөледі. Тығыз байланысқан ылғал - топырақтың түйіршіктерінің су буынан сіңірген бөлігі. Топырақтың су буын сіңіруі оның гигроскопиялық қасиеті, ал осылай тартылып ұсталынатын гигроскопиялық ылғал болып есептелінеді. Яғни, тығыз байланысқан ылғал - гигроскопиялық ылғал. Оның мөлшері топырақпен жанасқан ауаның ылғалдылығына байланысты. Ал ауа ылғалдылығы өскен сайын, топырақтағы гигроскопиялық ылғал мөлшері де молаяды. Ауа ылғалдылығы 100% жақындағанда топырақтың одан сіңіріп алатын ылғал көрсеткішін максималды гигроскопиялық ылғал деп атайды. Гигроскопиялық максималды ылғалдылық байқалғанда топырақ түйіршігінің үстіне 3-4 қатпарлы су молекулалары орналасады. Гигроскопиялық ылғал және максималды гигроскопиялы ылғал мөлшеріне топырақтың қатты бөлігінің гранулометриялық, минералдық құрамы, қарашіріндімен қамтамасыз етілуі ықпалын тигізеді. Топырақ құрамында тозаң және коллоид бөлшектер көп болса онда гигроскопиялық және максималды гигроскопиялық ылғал көп болады. Қарашірінді мөлшерінің ұлғайуы да осы көрсеткіштер дәрежесін өсіреді. Гранулометриялық құрамы құм, құмайт, қарашіріндісі аз топырақта максималды гигроскопиялық ылғал мөлшері 0,5-1%, ал қарашіріндісі мол, құмбалшық, балшық топырақта ол 15-16 % -ке дейін болады. Тығыз байланысқан яғни, гигроскопиялық және максималды гигроскопиялық ылғал жылжымайды және өсімдіктерге тиімсіз. Топырақтың қатты бөлігінің үстіндегі максималды гигроскопиялық ылғал қабаттарының сыртына молекулалық күш арқылы тартылып жайғасқан ылғал қабаттары топырақтағы әлсіз байланысқан ылғал түріне жатады. Бұл ылғалдың көп қатпарлы ылғал бар аудандардан қатпарлары шамалы аудандарға қарай ығысып жылжитын қабілеті бар. Орташа есеппен көптеген топырақта ылғалдың бұл түрі 7-15%-ға дейін болады. Балшықты топырақта 30-45%, ал құмды топырақта 3-5% болуы мүмкін. Топырақтың қатты бөлігінің молекулалық күштерінің әсері тимейтін топырақтағы су еркін ылғал болып саналады. Еркін ылғалды қылтүтікті ылғал және гравитациялық ылғал ретінде екі топқа бөледі. Қылтүтіктегі ылғал топырақтың нәзік түтікті кеуектерінде (қуыстарында) қылтүтік күші әсері арқылы сақталады. Топырақтағы кеуектердің диаметрі 0,8 мм- ден кіші болғанда қылтүтік күштерінің әсері байқала бастайды. Әсіресе осы күштің артуы кеуектердің диаметрі 0,1-0,003 мм болғанда жақсы байқалады. Қылтүтіктегі ылғалдың жылжығыштығы жақсы. Топырақтың үстіңгі қабатынан ылғал өсімдіктермен пайдаланғанда немесе буланғанда ол астыңғы қабаттардан жоғары көтеріледі, заттарды ерітеді, оларды жылжытады. Топырақтың ылғалмен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін осы қылтүтіктегі ылғал қорын толықтырып отыру қажет. Қылтүтіктегі ылғалды екі түрге бөледі. Біріншісі қылтүтіктегі ілінгенылғал, екіншісі қылтүтіктегі тірелген ылғал. Қылтүтіктегі ілінген ылғал топырақты үстінен ылғалдандырғанда (жауын-шашыннан немесе суарғанда) байқалады. Топырақтың үстіңгі қабаттары қылтүтіктері ылғалға толып тұрады, да ол жер асты суымен (ыза сумен) байланыспаған болады. Ал қылтүтіктегі тірелген ылғал түрі топырақтың қылтүтіктеріндегі ылғал жер асты суларымен (ыза сулармен) байланысқан болса, оған барып тірелген болса байқалады. Қылтүтіктегі ілінген су топырақта жақсы сақталады, өсімдіктерге тиімді болып келеді. Сондықтан агрономиялық жағынан осы ылғал түрінің маңызы жоғары. Қылтүтіктегі ілінген ылғалдың түріне түйіскен ылғалды да жатқызады. Ол гранулометриялық құрамы жеңіл (құм) топырақтарда кездеседі. өйткені осы топырақтарда қылтүтіктер көп дамымаған, сондықтан оларда ылғал топырақтың түйіршіктерінің түйіскен тұсында ілініп сақталынады (2-сурет). Гравитациялық ылғал топырақтағы ірі, қылтүтік емес кеуектерде орналасып, жердің тарту күші арқылы топырақтың тік кескіні бойынша төмен қарай қозғалады. Гравитациялық ылғал өте мол жауын-шашын түскен соң, жоғары мөлшерде жерді суарудан кейін және ойпат батпақты жердің топырағында байқалуы мүмкін. Гравитациялық ылғалдың топырақта болуы қолайсыз. Ол уақытша немесе бірыңғай топырақтың сумен артық қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Топырақ құрамындағы ауаның мөлшері күрт кеміп, анаэробты процестердің жүруіне ықпалын тигізеді.
1-сурет.Су молекулаларының топырақ түйіршігімен тартылуы
2-сурет. Екі топырақ түйіршігінің ортасындағы түйіскен ылғал
2.Топырақтың ылғалдылық қасиеттері
Топырақ құрамындағы ылғалдың қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштер оның ылғалдылық қасиеттері болып есептелінеді. Негізгі ылғалдылық қасиеттер мыналар: топырақтың су сыйымдылығы, су тұтқыштығы, ылғалды көтергіштігі, су өткізгіштігі.
Топырақтың су тұтқыш қасиеті деп, оның өз бойында ылғалды төменгі қабаттарға жердің тартылыс күшінің әсерінен ағып кетпеуінен сақтауын айтамыз. Су тұтқыш қасиетінің мөлшері - топырақтың су сыйымдылығы көрсеткішімен бағаланады. Топырақтың су сыйымдылығыдегеніміз: ылғалды сіңіріп, белгілі мөлшерде оны өз құрамында сақтап тұру қасиеті. Ылғалдың топырақта сақталуының себептеріне байланысты, су сыйымдылығының келесідей түрлері бар: максималды адсорбцияланған, максималды гигроскопиялық, қылтүтікті, табиғи және толық ылғал сыйымдылық. Максималды адсорбцияланған ылғал сыйымдылық (МАС) барлық сорбция күштері арқылы сіңіріліп, топырақ түйіршіктерінде сақталған ылғал. Тығыз байланысқан ылғал мөлшеріне сәйкес келеді. Максималды гигроскопиялық ылғал сыйымдылық (МГ) – су буымен қаныққан ауадан топырақтың оны сіңіруінің ең үлкен шегі. Қылтүтікті ылғал сыйымдылық - топырақтағы толық мөлшердегі қылтүтікті тірелген ылғалдың көрсеткіші. Яғни топырақтың барлық қылтүтіктері ылғалға толып және ол ыза сумен байланысқан кездегі көрсеткіші. Топырақтың табиғи ылғал сыйымдылығы–топырақтағы қылтүтікті ілінген ылғалдың ең үлкен дәрежесін сипаттайды.Табиғи ылғал сыйымдылық (ТЫС) немесе далалық ылғал сыйымдылық топырақтың гранулометриялық құрамына, түйіртпектігіне, тығыздығына байланысты. Ауыр гранулометриялық құрамды, түйіртпектігі жақсы топырақта табиғи су сыйымдылық 30-35, ал құмды топырақта 10-15% болып келеді. Топырақтың толық ылғал сыйымдылығы (ТОС) оныңбарлық қуыстары түгел ылғалмен толғанда байқалады. Бұл ылғал сыйымдылығы топырақ салмағының 40-45%-ін құрайды. Осы көрсеткіш ұзақ уақыт сақталғанда ауа жетіспеушілік байқалып, топырақтың экологиялық әрекеті нашарлайды.
Топырақтың ылғалдылық қасиеттерінің бірі - оның ылғал өткізгіштігі. Түскен ылғалды өзіне сіңіріп және астынғы қабаттарына оны өткізуі - топырақтың ылғал өткізгіштігі болып есептелінеді. Әуел баста топырақ түскен ылғалды өз бойына сіңіреді, яғни ылғал оның барлық қуыстарын толтырады. Ал содан соң, топырақтың ылғалды өзінен өткізуі байқалады. Ылғал өткізгіштік топырақтың гранулометриялық құрамына, химиялық қасиеттеріне, түйіртпектігіне, тығыздығына тәуелді. Гранулометриялық құрамы ауыр құмбалшық, балшық және құрамында натрий иондары бар топырақтардың су өткізгіштігі нашар. Ал жеңіл гранулометриялық құрамды құм, құмайт және түйіртпектігі бар, тығыздалмаған топырақтардың ылғал өткізгіштігі жақсы болып келеді. Топырақтың ылғал өткізгіштігі 1 шаршы ауданы бар алаңнан судың бағанасы 5см, ал оның температурасы 100С болғанда, 1 сағатта топырақтан өтетін су мөлшерімен өлшенеді. Н.А.Качинскийдің ылғал өткізгіштілікті бағалауы келесідей:
Ылғал өткізгіштілік, Бағалау
мм 1 сағатта
1000-нан жоғары….................................құлама
1000-500 - ................................................артық, өте жоғары
500-100 ....................................................өте жақсы
100-70 ......................................................жақсы
70-30.........................................................қанағаттандырарлық
30-дан төмен............................................нашар
Ылғал өткізгіштілік нашар болғанда топырақ бетінде түскен ылғал өтпей жиналып, ылди бойымен ағып, топырақтың су эрозиясына шалдығуына ықпал жасайды. Ал су өткізгіштігі өте мол болғанда өсімдік тамырлары таралатын топырақтың қабатында ылғал аз тұрақтап, оның тапшылығы байқалады және ылғалдың топырақтың астынғы қабаттарына, тіпті жер асты суларына дейін жетіп, ысырап болуы мүмкін.
3.Топырақтағы ылғалдың өсімдіктерге тиімділігі және тұрақты ылғалдық көрсеткіштері
Топырақта ылғал категорияларының, оның қасиеттерінің және өсімдіктерге тиімділігінің күрт өзгеруі байқалатын топырақ құрамындағы ылғалдылықтың мөлшері көрсеткіштерін, топырақтың тұрақты ылғалдылық көрсеткішідеп атайды. Топырақтың негізгі тұрақты ылғалдылық көрсеткіштері келесідей: максималды гигроскопиялық ылғал, өсімдіктердің солу ылғалдылығы, қылтүтіктегі ылғалдың ажырауы, табиғи ылғал сыйымдылығы, толық ылғал сыйымдылығы. Максималды гигроскопиялық ылғал (МГ) көрсеткіші шамасында топырақ ылғалданғанда, ол өсімдіктерге тиімсіз. Бұл көрсеткіш әр топырақ түріне тән тұрақты болып келеді. Оны өсімдіктер солу ылғалдылығын анықтау үшін қолдануға болады. Өсімдіктердің солу ылғалдылығы (ӨСЫ) топырақтағы өсімдіктерге тиімсіз ылғал қорын сипаттайтын көрсеткіш. Яғни өсімдіктерге ылғал жетіспегендіктен олардың біржола солып қалатын мезгіліндегі топырақтағы ылғал мөлшері. өсімдіктердің солу ылғалдылығы топырақтың құрамына, қасиеттеріне және өсімдіктердің ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы гранулометриялық құрамы балшық топырақта ол 20-30%, құмды топырақта 1-3 ал шымтезекті топырақта 60-80%. Өсімдіктердің солу ылғалдылығы шамамен максималды гигроскопиялық ылғалдан 1,5 есе көп болып келеді. Қылтүтіктегі ылғалдың ажырауы (ҚЫА) - топырақтағы қылтүтіктерде ылғал кеміп, олардың бойында үзіктер пайда болып, ылғалдың жылжуының күрт тежелуін сипаттайтын көрсеткіш. Бұл ылғал өсімдіктерге тиімді, бірақ топырақта ӨСЫ мен ҚЫА аралығындағы ылғалдылық байқалғанда өсімдіктердің өсуі тежеледі, өнім төмендейді. Топырақтағы ылғал категориялары, түрлері және топырақ ылғалдылығының тұрақты көрсеткіштерімен олардың өсімдіктерге тиімділігі арасындағы байланысты болады. Табиғи ылғал сыйымдылығы (ТЫС) және толық ылғал сыйымдылығы (ТОС) анықтамалары жоғарыда сипатталды. Топырақтағы ылғал мөлшері қылтүтіктегі ылғал ажырауы көрсеткіші және табиғи ылғал сыйымдылығы көрсеткіші аралығында болғанда өсімдіктерге өте тиімді. Өсімдіктер жақсы өніп-өсіп, мол өнім түзейді, топырақтың басқа экологиялық қызметтері жақсарады.
Табиғи ылғал сыйымдылығы және толық ылғал сыйымдылығы аралығындағы топырақ ылғалдылығы өсімдіктерге тиімді, бірақ топырақ құрамында ауа жетіспеушілігі байқалып, олардың өсіп дамуы тежеліп, ауруларға шалдығуы байқалады.
Азақстанның оңтүстік қара топырағының үстіңгі қарашірінділі қабатында (0-30см) максималды гигроскопиялық ылғал 11,5-11,6; өсімдіктердің солу ылғалдылығы 14,1-16,8; қылтүтікті ылғалдың ажырауы 21,9-25,3; табиғи ылғал сыйымдылығы 30,2-38,9 пайыз болып келеді
4.Топырақтың су құбылымы және оны реттеу жолдары
Топыраққа ылғал түсуі, оның таралуы, әр түрлі физикалық өзгерістерге ұшырауы және ылғалдың топырақтан шығындалуы құбылыстарының жиынтығы - топырақтың су құбылымы (режимі) деп аталады. Су құбылымын сандық өлшеммен сипаттау үшін топырақтың су балансы қолданылады. Ықшамдап алғанда су балансының теңдеуі келесідей:
ЫЖ+ЫЫС+ЫБ=Шб+ШТ+ШЖ+ШБ
Мұнда,
ЫЖ - жауын-шашыннан түсетін ылғал;
ЫЫС - ыза судан келетін ылғал;
ЫБ - топырақтың үстіңгі бетіне ағып келетін ылғал;
ШБ - булану кезіндегі топырақтың ылғал шығыны;
ШТ - өсімдіктердің транспирацияға ылғал шығындауы;
ШЖ - жер асты суларына топырақ ылғалдың өтуі;
ШБ - топырақтың үстіңгі бетімен ылғалдың ағып кетуі.
Топырақтың су балансын және топырақтағы ылғал қорын есептегенде ылғал мөлшерін миллиметр (мм) немесе бір гектарға шаққанда келетін текше метр (м3/ га) бірлігін қолданады.
Топырақтың әр қабатындағы жалпы ылғал қорын оның тығыздылығын есепке ала отырып келесі теңдеу арқылы анықтайды:
Мұнда, Ы - топырақтағы жалпы ылғал қоры (м3/га);
а - топырақтың ылғалдылығы, %;
dv - топырақтың тығыздылығы; г/см³;
Н - топырақтың қабатының қалыңдығы, см;
Ылғал қорын м3/га-дан мм-лік бірлікке айналдыру үшін 0,1 ал, керісінше айналдыру үшін 10 коэффиценттері қолданылады Топырақ құрамындағы ылғалды есепке алу оның өсімдіктерді ылғалмен қамтамасыз етуін бағалау үшін қажет. Осы мақсат үшін топырақтағы жалпы және өсімдіктерге тиімді ылғал қорын анықтайды. Топырақ құрамындағы өсімдіктерге тиімді ылғал қорын анықтау үшін топырақтағы жалпы ылғал қорынан оның құрамындағы өсімдіктердің солу ылғалдылығы көрсеткішін шегереді. Топырақтың су балансы табиғи климаттық аймаққа және жер бедеріне байланысты әртүрлі болып қалыптасады. Су балансының құрамды бөліктерінің арақатынасына байланысты топырақтың су құбылымы бірнеше типтерге бөлінеді. Іс жүзінде су құбылымы сипаттауға жыл ішінде түсетін жауын-шашынмен осы мезгілде байқалатын ылғал булану мөлшерлерінің қатынасы қолданады. Бұл көрсеткіш ылғалдану коэффиценті деп аталынады (ЫҚ). А.А. Роде топырақтың су құбылымының 6 типі бар екендігін анықтады. 1. Тоңы бар су құбылымы.Топырақ қабатында мәңгі қатқан тоңы бар аймақтарда кездеседі. Жылы мезгілде түскен жауын-шашын тоңы бар қабаттан өте алмай топырақтың үстінде артық ылғал байқалуын қалыптастырады. 2. Шайылымды су құбылымы. Жылдық жауын-шашын мөлшері буланудан артық болатын аймақтарда байқалады. Жыл мезгілі ішінде топырақ бойында ылғалдың жоғарыдан төмен жылжуы басым байқалады. Көктемде және күзде топырақ ылғалмен шайылады. Ылғал ыза суға шейін жетеді, сөйтіп топырақ түзілуі кезінде пайда болған қосылыстар сумен шайылып топырақ кескінінен аластатылады. Мұндай су құбылымы күлгін, қызыл және сары топырақ типтеріне тән. 3. Мерзімді шайылымды су құбылымы. Көпжылдық есеппен алғанда жыл ішінде түскен жауын-шашынмен булану тепе-тең болып келеді (ЫК=1). Бірақ кейбір жылдары жауын-шашын мол болып топырақ ылғалмен шайылады, ал кейбір жылдары жауын-шашын кем түсіп, топырақтың шайылуы байқалмайды. Мұндай су құбылымы орманның сұр топырағына, күлгінденген және сілтісізденген қара топырақ типшелеріне тән. 4. Ылғалмен шайылмайтын су құбылымы. Мұндай су құбылымы жауын-шашын топырақтың жоғарғы қабаттарын ғана ылғалдандыратын аймақтар топырағында байқалады (ЫК<1). Жауын-шашын ылғалы ыза суға қосылмайды. Осы су режимі дала аймағының кәдімгі және оңтүстік қара топырақ типшелеріне, құрғақ дала аймағының қара-қоңыр топырағына және шөлдің құба топырақтарына тән. 5. Топырақтың бусануы бар су құбылымы. Бұл су құбылымы дала, құрғақ дала, шөлейт және шөл аймақтарындағы жер астындағы ыза судың жоғары жатқан ойпатты алқаптарында байқалады (ЫК<1). Осы алқаптардағы топырақ бойында көбінесе ылғалдың астынғы қабаттардан жоғары қарай қылтүтік күштері арқылы көтеріліп булануы байқалады. Астынғы қабаттардан, ыза судан топырақ бойына тұздар көтеріліп топырақ сорға айналады. 6. Суармалы жердің су құбылымы (ирригациялық). Алқапты суарғанда байқалатын су құбылымы.Топырақтың экологиялық әрекетінің белсенді жүруі және одан мол егін алу үшін оның су құбылымын реттеп отыру қажет. Жауын-шашын мол түсетін, ылғалдың булануы баяу байқалатын аймақтарда топырақты ылғалдан құрғату шаралары жүзеге асырылады. Ал, топыраққа жауын-шашын шамалы түсетін, ылғалдың булануы белсенді жүретін аймақтарда топыраққа ылғалды жинау, оны буланудан сақтау және суландыру шаралары жүзеге асырылуы керек. Қазақстанның негізгі топырақтарында ылғалдың тапшылығы байқалады. Сондықтан осы топырақтарда қыс айларында қар тоқтату шараларын, күзгі және көктемгі жауын-шашынды және қар суын топыраққа мол сіңіру үшін топырақты күзде өңдеу шаралын және булану арқылы топырақтан ылғал ысырап болмауы үшін атқарылатын шараларды мұқият жүргізу қажет. Топырақтағы ылғал қорын молайту үшін Солтүстік Қазақстан өңірінде ауыспалы егіс жүйесінде сүрі алқабын сақтап оны дұрыс өңдеп, қышадан оған ықтырма себу, егіс танаптарында орақ кезінде Павлодардың ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ұсыныстарын жүзеге асырып, сабаннан ықтырма қалдыру, көпжылдық шөп танаптарында қар тоқтату жұмысын жүргізу, пішен дайындау кезінде орылмаған шөптен ықтырмалар қалдыру қажет. Көктемде топырақ бетін тегістеп, топырақтың үстіңгі бетінде қалыптасқан қылтүтік қуыстарды бұзып, ылғалдың булануын тежеу үшін топырақты шанышқылы тырнамен өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Топырақтағы ылғал қорының жөнсіз ысырап болмауы үшін арам шөптермен ұтымды күрес жүргізу шарт.
III. Қорытынды
Топырақтың су өткізгішгігі — топырақтың жоғарыдан төмен қарай су өткізу қабілеті. Ол топырақтың түйірөлшемдік механикалық құрамына, органикалық қорына байланысты — сіңіру, ылғалдану және өткізу кезеңдерінен тұрады. Суды жақсы өткізгіш топырақтарға — құм, құмайт, ал суды аз өткізгішке — балшықтар, орташа өткізгіштерге — құм-балшықтар жатады. Ғалым С.В.Астановтың еселтеулері бойынша ылғал түскен алғашқы сағатта 15 сантиметрден астам су сіңіретін топырақ суды жақсы өткізетін топыраққа, егер 5 сантиметрден кем су сіңірілсе, онда бұл суды нашар өткізетін топыраққа жаткызылады. Топырақтың суды жоғары көтергіш қасиетіне қылтүтіктері арқылы жоғарыға су өткізгіштігі жатады. Бұл қасиет топырықтың түйірөлшемдік және механикалық құрамына тәуелді. Мысалы, құм суды тез, бірақ аз биіктікке (тәулігіне 30-60 см-ге дейін) көтереді, балшықтар бұған керісінше, суды баяу сорып жоғары биіктікке (3—4 м-ге) көтереді. Құрамында ірі шаң бөлшектері (0,05—0,01 мм) мол құмды-балшықты топырақтар "сусүйгіш" топырақтарға жатады. Қылтүтікшемен су көтеру арқылы топырақ өсімдіктерді сумен қамтамасыз етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер.
1.
Гедройц К. Таңдамалы шығармалар, 1965.
2.
Горбунов Н. Минерология және топырақтың
коллоидты химиясы, 1974.
3.
Качинский Н. Топырақ физикасы, 1965,
1970.
4.
Кононова М. Топырақтың органикалық
заты, 1963.
5.
Орлов Д. Топырақ химиясы, 1985.
6.
Роде А. Топырақ ылғалы туралы ілім
негіздері, 1965, 1969.
7.
Тазабеков Т. Тазабекова Е. Топырақ
құнарлығы, 1995.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген