жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ТЫЛДАҒЫ НӘЗІК ЖАНДАР – ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫ
ТЫЛДАҒЫ НӘЗІК ЖАНДАР – ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫ
Куанышева М.К.
Өз Отанын қорғауға ұмтылған адамдардың ерлігі мен бүгілмес жігерін ұмытқызуға уақыттың күші жетпейді. Бұл соғысты кеңес халқы фашисттік неміс басқыншыларына қарсы тек кеңес халқы үшін емес, басқа халықтар үшін де, әлемдегі бейбітшілікті орнату үшін жүргізді. Фашизмді жеңу үшін, әсіресе, әйел адамдар баға жетпес ерліктерін қосты. Кеңестік әйелдер тылда мәңгі өлмес ерлік жасады. Әскер жылдарындағы үлкен қиындықтарға қарсы тұрып, күштерін аямай, олар майдандағыларды жауды жеңуге қажетті барлық заттармен қамтамасыз ету үшін ерен еңбек етті. Елдің қорғанысы үшін қорға барлық қажетті заттарды, тұрғындарға азық-түлік пен киім-кешектер, жарақат алғандарға донор да болды. Соғыс барысында тыл әйелдері Қызыл Әскер жауынгерлерімен байланыста болды, жауынгерлерге және отбасыларына қамқорлық танытты. Жауынгерлерге сыйлықтар, патриоттық хаттар жолдап, делегациямен майданға сапарға шығып, Отан қорғаушыларға рухани қолдау көрсетіп, жаңа ерліктер жасауға әсер етті.
Әйел адамдар, социалистік мемлекеттің тең құқылы мүшесі ретінде Ұлы Отан соғысына қатысып, тең құқылы қорғаушылары болды. Әйел адамдар мен қыз балалар Қызыл Әскер қатарында қызмет етті, партизандық қозғалыстарға қатысып, кеңес жерінен жауды қуып және талқандауға ат салысты [1, 64 б.]. Социалистік мемлекеттің экономикалық жеңісінің әлеуметтік іргетасы соғысқа дейінгі бесжылдықтар уақытында, елдің индустриализациясы мен ауыл шаруашылығының әлеуметтік жолға түсудегі қайта құру кезінде салынды [2, 199 б.].
Германиямен соғысқа түскен уақытта КСРО соғыстың алғашқы жылдарында-ақ елдің маңызды экономикалық аудандарынан қол үзді. Кеңес территориясының едәуір бөлігін жау қоршауға алғаннан кейін, Кеңес елі өзі өндіріп жатқан 68 % құрыштан, 67,8 % илектен, 60 % алюминий мен 62,5 % өндіруші көмірден айрылды. Осы қалыптасқан жағддайлармен соғыстың алғашқы жылдарында біздің өнеркәсіп Кеңес Қарулы Күштерін әскери техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ете алмады. Сондықтан 1941 жж. жазы мен күзінде Қызыл Әскерге әскери техникасы едәуір жоғары деңгейдегі жаумен шайқасуға тура келді [3, 114 б.].
Қолына қару ұстап, фашистер басқыншылығына қарсы күресте Қызыл Армияның қатарында сапқа тұрып, ерлік көрсеткендердің үлесінде қазақстандықтар алдыңғы орында тұрды. Қазақстан халқы майдан даласында ғана емес, тылдағы еңбек майданында да ерен ерліктер көрсетті. Шаруашылықтағы жұмысты тоқтатпады. Жеңіске деген сенім әрбір Қазақстан азаматының көкірегінде ұялады. Сондай сеніммен еңбек майданында жан аямай күреске шыққандардың бірі - қазақ әйелдері болды. Соғысқа кеткен әкелері мен ағаларының орнын басқан олар тыл майданында қажырлы қайрат жұмсай білді. Олар мұндай жолда белсенді күшке айналып, соғыстағы жеңіске ықпалын тигіздІ.
Соғыстың қысылтаяң кезеңінде кеудесіндегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата-анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан жас баладан бастап, жасы жүзге келген Жамбылға дейін отандастарымыз жауға қарсы майданға жаппай қатысты.
Майдандағы сұранысты қанағаттандыру үшін материалдық және адамдар ресурсы, барлығы жұмылдарылды. Жұмысшылардың, соның ішінде заводтар мен фабрикадағы ұжымшарлардың қажырлы енбегі және интеллигенция өкілдерінің шығармашылдық ойлары майдан мүддесіне бағытталды. Сын сағатта Отанымыздың барлық адамдары өз жұмыстарың «Барлығы жеңіс үшін, барлығы майдан үшін» деген ұранмен байланыстырды. Адамдар колхоз алқаптарында, шахталарда жұмыс атқарып, майдан қажеттілігін өтеді.
Білікті мамандар майданға кеткеннен кейін, республикада соғыстың бірінші айларында-ақ кадрлардың жетіспеуінен күрделі мәселелер орнала бастады. Ұзақ уақыт үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгеннен кейін, үкімет аз уақыт ішінде әйелдерді еңбекке тарта білді. Әйелдердің саяси және еңбек белсенділігі осындай қиын сәтте кадр мәселесін шеше алуына үлкен жағдай жасады.
Адамдардың саны жағынан Қазақ КСР соғысқа дейінгі кезеңде бесінші орында болды. 1941 жылдың қаңтарында жұмысшылар саны 13501 адамды құрады. Колхоз құрылысына 10841 адам атсалысса, соның 5772-сі әйелдер еді. Бұл мәліметте түсінетіміз колхоз құрылысында әйелдер күші көп болды. Осы жайлы «Әйелдер колхозда зор күш» - деп И.В. Сталин атап өткен. Бұл шындық соғыс күндерінде іс жүзінде толық айқындалды. Әйелдердің жанқиярлықпен істеген еңбегі нәтижесінде Қазақстан далаларында егін бітік шықты. Тракторлар мен комбайндарды әйелдер меңгеріп алды. Республикамыздың кең даласында 48000 тракторшы және комбайншы әйелдер, трактор бригадаларының бригадирлері жан аямай еңбек етті.
Республикамыздың халық шаруашылығының қай саласында болса да, әйелдер маңызды орын алып отырған. Балқаштың мыс балқыту комбинатында, Шымкенттің қорғасыны мен қымбатты вольфрамын өңдіру зауыттарында жұмысшылардың жартысы – әйелдер болған. Отан соғысы уақытында Қарағанды көмір өндіруде 10 мыңнан аса әйел, оның ішінде 2 мыңнан аса қазақ әйелі шахтаға түсті. Көптеген шахтер әйелдер көмір шығарудағы тәулік нормаларын асыра орындады [4, 520-532 бб.].
Колхоздардың жыл сайынғы есебіне сай Қазақстанда 1942 жылда 1 қаңтарында 6809 колхоз болған. Сол колхоздарда 491200 еңбекке жарамды ерлер мен 593407 әйел адамдаржұмыс жасаған. Әйелдер колхоз алқабындағы 60 - 65 % - ды құрады. Сол тұста өндірістегі әйелдер саны 26, 2 - ден 45,2 – ге дейін өссе,ал ауыл шаруашылығында 2 – 2,5 есе өсті.
Міне, осындай қалыптасқан жағдайда майданға кеткен ерлер орнын басқан әйелдер жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы: Павлодар облысындағы Н.К Крупская колхозында 1940 жылы әйелдер жұмыс күнінің 10765 өтесе, ал 1942 жылы 36456 жұмыс күнінің әйелдерге 20263 тура келіп, бейбіт күндегі мөлшерден 9498 күн артық болды.
Республика бойынша өткен жалпыодақтық жарыстар нәтижесінде 113 трактор бригадасы, 270 трактористтер тобы, 13 әйелдер трактор бригадасы; 100 әйел-трактористтер өндіріс озаттары деп танылды. Ондаған үздік әйелдер трактор бригадалары мен тракторист-әйелдер «Социалистік ауыл шаруашылығының озаты» атты белгімен марапатталды [6, 156 б.].
Қазақстан ауылдары еңбекшілерінің еңбегін, оның ішінде, әйел адамдардың еңбегін Отанымыз жоғары бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1942 жж. 11 мамырында республиканың солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарындағы 354 ауыл шаруашылығының нәзік жанды озаттарын ордендер мен медальдармен марапаттады. Оның ішінде, Ленин орденімен - 19 адам, Еңбек Қызыл Ту орденімен - 47 адам [7, 6 б.].
Соғыс майдан мен тылдың бұзылмас бірлігін көрсетті, еңбек майданының гвардияшылдарын біріктірді. Барлық республика бойынша атақты тары жинаушы Шығанақ Берсиевтің есімі гүрілдеп тұрды. «Правда» және «Известия» газет беттерінде алғашқы әскери астық колзозшылары Р. Абдрахманова, А. Жақсылықова, М. Мудрова, У. Кинишенко жетістіктері аталып көрсетілді [8, 115-116 бб.].
Барша Қазақстан есімдері кең жайылған Павлодар облысындағы ауылдың еңбеккерлерін, орден иелері Балташ Сомжүрекова, Мунира Сатыбалдина, Анна Дацкова, Ақтөбе облысындағы тарышы Зәуре Баймулдина және т.б. білді.
Осылай Павлодар облысы Ұрлытөбе ауданындағы «Еңбекші» колхозы жоғары дәрежелі астықты Сомжүрекова Балташтың бастауымен жинады, 110 га аумақтан 18 ц бидай мен 8 га жерден 23 ц тары жинады. Ол 1942 жылы Ленин орденімен марапатталды.
Білікті тарышы Ш. Берсиевтің шәкірті, Қызылорда облысы, «Кемерші» колхозындағы Зәуре Баймулдина 1942 ж. 5 га аумақтан 153 ц, 27 га жерден 25 ц астық алды. 1945 ж. ол Қызыл жұлдыз орденімен марапатталды [9, 10 б.].
Соғыс әйелдердің еңбек белсенділігін бірден жоғары көтерді. Мысалы: Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы Чапаев колхозының 220 әйелі жоғары ұйымдастырушылық пен жинақтылық көрсетті. Ал, Семей облысының механизатор әйелдері былай деп жазды: «Қазіргі таңда біздер үшін игере алмайтын мамандық түрі жоқ. Ұлы Жеңіс үшін барлығы да біздің қолымыздан келері анық» [10, 56 б.].
Соғыстың алғашқы күнінен қазақ әйелдері егін алқабы мен мал шаруашылығы фермаларында екпінді еңбектің үлгілерін көрсетті. Олар соғыстың алғашқы жылында егін жинауда айтарлықтай табыстар кіргізді. Қалыптасқан жағдайды қарастыра келе, 1942 жылдың 13 сәуірінде үкімет колхоздардың еңбек күнінің орта есебін өсіре түсіруді талап етіп, Қазақстан үшін 120 күн деп белгіленді. Еңбек белсенділігінің өскендігін көрсететін тағы бір факт ол тапсырманы орындамау көрсеткішінің 1940 жылмен салыстырғанда 1944 жылы 12,4 % төмендеуі еді [11, 79-85 бб.].
Әйелдердің еңбекке тартылуында үлкен рөл атқарған ОК жанынан құрылып және облыстық, қалалық, ауылдық жерлерде жұмыс атқарған «әйелдерді колхозға тарту және олардың белсенділігін арттыру» бөлімінің жұмысы болды. Әрі колхоздар мен савхоздарда әйелдер кеңесі жұмыс істеп, 1944 жылы Республикада 4269 әйелдер кеңесі жұмыс атқарған.
Соғыстың алғашқы күндерінде тіпті әйелдер колхоз басшылары болып қызмет істеді. Мысалы: Сайран ауданы, Чкалов атындағы колхоз председателі Ф.Толмачева болса, С.Байдаулетоваларда бұл істе көзге түсті. Ал, 60 жастағы Ақмола облысының Қорғалжың ауданының колхозшысы Заги Абакова шабан болып қызметке кірісті. Осы үшін де «Отан соғысы» орденінің I дәрежесі атағын иеленді.
Колхозшы әйелдер өздеріне жаңа бір мамандықтарды – тракторист, комбайнер, шопан, табыншы және т.б. ерлер жұмысын игерді. Колхоздар мен МТС жандарына әйелдерді ауыл шаруашылық істерді игере алуды үйрететін курстар ашылды [12, 145 б.]. Мысалы: Солтүстік Қазақстанның Полудин МТС жанында 170 колхоз әйелдері оқыды және олар Республика әйелдеріне арнап былай деді: «Тракторшы, комбайншылар, малшылар соғысқа кетіп, өз істерін шешелеріне, әпкелеріне, қарындастарына тастады».
Осындай ерлер жұмысын өз қолына алған қазақ әйелдерінің бірі Халипа Түлкібаева еді. Ол Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында соғыс жылдарында трактор жүргізген еді. Ол туралы былай деп өз ауылдастары өз ойларын білдірген: «Ұлы Отан соғысының басталғанына біраз айлар өтті. Біздің кішкентай Екпінді ауылында ерлер мүлдем қалмады. Бірақ, оған қарамастан біз үлкен алқапқа күріш еге алдық. Күннің атысы, кештің батысы егіс алаңында жүрдік. Тіпті бала қарауға қол тимеді. Солардың ішінде халықтың да, Халипаның да ұлы болды. Ол шешесінің «қара қағаз» алғанын білмеді. Барлығы бұл «қара қағаз» жас әйелді сындырып кетеді деп ойлады. Бірақ, ол шыдай алмады. Халипа біраз уақыт өткеннен кейін басқармаға келіп трактор сұрады. Сол тұста ол машинасының тұсына келіп, ұлы Нұрділдәні көтеріп, «жігіт болып өс, құлыным! Ал, мен әкеңнің орнын басамын» - дегенде барлығымыз шыдамай жыладық» - дейді Ж. Қосдаурова. Ал, Т. Мусаев өзінің естелігінде: «Ауыр жарақатпен мен ауылым Екпіндіге келдім. Жұмыс істей жүріп, жазылуыма тура келді. Тіпті әйелдер балаларын ертіп еңбек істеді. Сол тұста мен алғаш Халипа туралы естідім. Оның істеген ісін үлгі тұтып, 12 әйел механизатор атанды. Халипаны жас тракторшылар өз басшылары деп санады. Кешке жас – механизаторлар Халипаның үйіне жиналып ән салып, балалары жайлы, істері жайлы сөйлесіп, оларды Халипа қоғамдық өмірге тартқысы келді.
Халипа Түлкібаева: «Мен ешқашан осындай ауыр мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Трактор күшімді көбейтіп қиын тұста қайғымды бөлісті. Өзің егіп, өзің орсаң нағыз бақыт. Ұлым Нұрділдә Қызылорда гидромельративті техникумды бітіріп, өзімізде механик болып істейді. Яғни, отбасылық істі жалғастырушы. Міне, халық арасында аңызға айналып, қаншама ақын-жазушылар еңбегіне арқау болып отырған Х. Түлкібаева еңбегі осындай болды [13, 28 б.].
Соғыс жылдарында кадр мәселесінде тұрақтылық көп сақталмады. 1941 жылғы қаңтардан 1943 жылдың қыркүйегіне дейін 8785 колхоз басшысы ауысып, оның 4565 соғысқа кеткен еді.
Соғыстың соңғы жылдарында 226 әйел колхоз басшысы еді. Және бұл көрсеткіш Орта Азия мен Кавказ елдеріне қарағанда жоғары болды. Колхоз басшысы - 11 %, жұмысшы колхоздарда 56 %, ферма басшылары болып 49,2 % әйелдер жұмыс атқарды.
Соғыс ерлер мен әйелдер арасындағы қатынасты тез өзгертіп жіберді. 1939 жылмен салыстырғанда 1942 жылғы республиканың ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан ерлер саны жарты миллионға дейін қысқарды [14, 315 б.].
Көптеген өзгерістер кәсіби құрамдарда болды. Майданға ауылдың барлық негізгі кадрлары шақырылды: 26 мың трактористтер, 60 мың тәжірибелі малшылар, 1000 үздік өндіріс озаттары, ЖАК (жалпыодақтық ауылшаруашылық көрме) қатысушылары, 5122 колхоз төрағалары [15, 120 б].
Осыған байланысты ауыл шаруашылығы үшін қажет білікті мамандарды дайындау үнемі партия ұйымдарының назарларында болды.
Қазақстан елдің шығыс бөлігіндегі бірден-бір тыл ауданы болып табылды. Ал майдан үшін Қазақстан азық-түлік өнімін жеткізіп, шикізатпен қолдауда үлкен рөл атқарды.
Ауыл шарушылығын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Ол дегеніміз, біріншіден, материалды және адамдық ресурсты майдан қажеттілігін өтеу үшін жұмылдыру; екіншіден, әскери іс-әрекеттер орын алып отырған аймақтардан эвакуациаланған мал және т.б орналастыру; үшіншіден, егіндік және техникалық өсу көлемін ұлғайту және бидай, ет, тері және т.б ауыл шаруашылығының өнімін ұлғайту.
Қызыл әскер санына ерлердің кетуі әйелдер тарапынан толықтырылды. Соғысқа дейінгі кезенде қосымша күш түрі болған әйелдер ендігі кезекте негізгі еңбек күшіне айналды. Сол тұста билік құрған компартияның алғашқы қадамы V пленум шешімі болды. Ол шешімде ауыл шаруашылығын соғыс жағдайына байланысты қайта құру - басты бағыт болды. Сонымен қатар, қазақ әйелдерінің трактор, комбайн және автомашина құпияларын меңгеру де бағыттардың бірі болды.Бұл шешім 1941 жылы қабылданған болатын. Бұл жерде, еңбастысы, қазақ әйелдерін қысқа курс ішінде ауыл шаруашылығының кадрларын дайындау болды. Қойылған жоспар бойынша Республикада 1941жылы 26 шілдеде 31039 әйел мен 12168 комсомол-қыздар оқыды. 1941жылдыңқыркүйегіндетрактор, комбайн, автомашина курсын 12 мың әйелдер мен қыздар аяқтады. Егін егетін алаңның көлемі Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлғая бастады. 1940 жылы колхоздарда оның көлемі 5684 мың, ал 1942 жылы 6 млн. 916 мың гектарга жеткізілді. 1940 жылдан 1942 жылға дейін астық егетін алқаптың көлемі 950 мың гектарға немесе 18%-ға көбейді [16, 129 б.].
Қазақстан бойынша ауыл – шаруашылығының тең жартысынан көбінде әйелдер жұмыс істеді. әйелдердің жауапкершілігі өте жоғары болды. Әйел – ана, әйел – солдат, әйел – отбасы асыраушысы, әйел – жұмысшы, міне осылай тізбектеліп кете береді. Көптеген әйелдер техникаға, яғни, трактор, комбайн рөлдерінде отырды. Өзі механизатор, өзі моторист және тағы басқа ауыр еңбектерді атқарды. Қазақтың егін даласынан күні – түні мотордың дауысы естіліп тұрды. Көктемгі егістік даласында егін егуден жоғары көрсеткіштерге жеткен трактористтер қатарында В.Бондарева, А.Степанова, Е. Егорова, А.Жеребцова, И. Кудла секілді әйелдер болды. Оларға құрмет грамоталары және тағы басқа сыйлықтар берілді. МТС – тер арасында түрлі социалистік жарыстар болып тұрды. Бригадир әйелдер арасында үлкен жетістікке жеткен П.Ангелина, А.Жеребцовалар әйелдер көзге түсті. Бидай өсіру жөнінен Солтүстік және Орталық Қазақстанда егістік көлемін жылдан – жылға ұлғайтып отырды. Егістік алқабы 200 мың гектардан 1 млн гектарға дейін ұлғайды. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштерді Жоғарғы Кеңес Призидиумында өте жоғары бағалап, 1944 жылдың өзінде 354 адам марапатталды. Оның 19 – Ленин ордені болса, 47 – Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Колхоз совхоздарда жүрген әйелдердің ұйымдастыруымен соғыс жылдарында 5 мыңдай балабақша салынды. Бұл іс әйелдердің жұмысына үлкен көмек болды.
Егін жинау науқанында комбайн айдаушы әйелдеріміз өте жоғары деңгейде жұмыс жасады. Атап айтқанда, Павлодар облысынан Белокурова А., Қарағанды облысынан Р.Нижебова, Қостанай облысынан Ершова және тағы басқа облыстардан жоғары еңбегі үшін марапатталған әйелдер болды. Фронт үшін аянбай еңбек етті, тіпті өздерінің денсаулығына қауіп – қатер төнгеніне қарамастан барын салып, соғыс қажеттілігі үшін деп аянып қалмады.
ХХ ғасыр адамзат баласы үшін біраз тосын жаңалықтарға толы болғандығы рас. Осындай тарихи оқиғалар желісінде адамзат баласы үшін қаншама қайғы-қасірет алып келген Ұлы Отан соғысының тарихта алар орны ерекше. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен тылдағы жұмыстарды өз қолына алуға мәжбүр болған әйелдер еңбегі мемлекеттің тиісті органдарымен заңдастырылып, Ұлы Жеңіске орасан зор үлес қосқан тылдағы әйелдер Отан үшін, Жеңіс үшін, отбасы үшін және өзі үшін аянбай еңбек етуге мәжбүр болды. Тылдағы әйелдер Отан алдындағы борыштарына үлкен жауапкершілікпен қарады. КСРО Қорғаныс Халық Комисариатының 23 ақпан 1946 жылғы бұйрығында: «Біздің бүкіл халқымыз, қолын қалт еткізбей, күні мен түні майдан үшін, Жеңіс үшін еңбек етті. Жұмысшылар, интелегенциялардың және әйелдердің еңбегінсіз, олардың материалдық және моральдық көмегінсіз Қызыл Әскер жаудан асып түсуі мүмкін емес еді» - деп тылдың рөліне осылай баға берген еді. Тылдағы жасалған әйел адамдар еңбектері ешқашан да ұмытылмайды деп айта аламын. Майданда жүрген сарбаздарға бар көмектерін аямай, бар күштерін салған нәзік жандылар мақтануға тұрарлық өшпес ерлік жасады.
Әебиеттер тізімі:
Козыбаев М.К., Едыгенов Н.Е.Труд во имя Победы.–Алматы:Казахстан, 1995. – 175 с.
«Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында». (Тарихи-құжаттық зерттеу). Ред.: Б.Ғ. Аяған. – Алматы. «Өнер», 2010. – 640 б.
Вознесенский Н.А. Военная экономика СССР в период Отечественной войны. М., 1947, 260 с.
Лукпанова Ж. Трудовые подвиги женщин Казахстана в годы ВОВ. Ученые записки ЖенПИ. Алма-Ата, 1960. – Б. 85-86
Мурманцева B.C. Дочери страны Советов // Источник Победы. М., 1985, 275 с.
Сарбаканов Т. Трудовые подвиги комсомольцев и молодежи Казахстана в период ВОВ 1941-1945 гг. – с. 28
М.К. Козыбаев. Казахстан – арсенал фронта. Казахстан: Алма-Ата, 1970. - 475 с.
Козыбаев М.К., Едыгенов Н.Е.Труд во имя Победы.–Алматы:Казахстан, 1995. – 175 с.
Балакаев Т.Б., Алдажуманов К.С. Историография Казахстана периода ВОВ// Актуальные проблемы истории Советского Казахстана. – Алма-ата:Наука. - 1980. - с. 113-141
«В тылу и на фронте: Женщины-коммунистки в годы ВОВ» // Ред.-сост. Л.И. Стишова. – М.: Политиздат, 1984. – 319 с.
Басин В.Я. Тяжелая промышленность Казахстана в ВОВ. Алма-Ата, 1965, 164 с.
Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. Алма-Ата, 1984, с. 329
Нурбекова Г.Д. Женщины Казахстана – фронту. Изд. второе, перераб., дополн. –Алма-Ата: Казахстан, 1988. – с. 168
Советская экономика в период Великой Отечественной войны 1941-1945 гг. М.:1965г. – 236 с.
Сегизбаева Э.С. Опыт Компартии Казахстана по мобилизации трудовой активности и идейно-политическому воспитанию тружениц аула и деревни в годы ВОВ. Алма-Ата. - 1976. – с. 18
М.Қ. Қозыбаев. Майдангер студенттер. – Алматы: «Мектеп», 1985. – 112 б.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген