400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

ҰБТ ға оқушыларды дайындау

Материал туралы қысқаша түсінік
11 сынып бітіретін түлектерді тест тапсыруға дайындау
Материалдың қысқаша нұсқасы


I ТАРАУ. ЕЖЕЛГІ ҚАЗАҚСТАН


§ 1. Қазақстан тас дәуірінде


Тас дәуірі адамзат тарихындағы маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл кезеңде адамның, оның мүсін-кейпі мен мінез-құлқы күн көріс тіршілігі қалыптасты.

Тас дәуірі осыдан 2,5 млн. жыл бұрын басталып, б.з.д. 3 мыңжылдықта аяқталды. Ғылыми зерттеулерге қарағанда адам баласы осыдан 2 миллион жыл бұрын пайда болған. Бұл деректі археология ғылымы дәлелдеген. Археология-тарихи ескерткіштерді зерттейтін ғылым. Ең алғашқы адамның сүйегі Шығыс Африкада (Кения жерінің Олдувай шатқалы) табылды.

Адам дамуының сатылары:

1. «Епті адам» табылған жері - Африка (Кения жеріндегі Олдувай шатқалы) - 1 млн.750 мың жыл бұрын өмір сүрген.

2. «Тік жүретін адам» 1 млн жыл бұрын өмір сүрген:

а) питекантроп: табылған жері - Ява аралы (1891 жыл), Индонезия

ә) синантроп: табылған жері-Қытайдағы Чжо-коу-дянь үңгірі (1927 жыл).

3. «Неандертал адамы» табылған жері - Германиядағы Неандертал өңірі. Өзбекстанның солтүстік өңіріндегі Тесіктас үңгірі (1938 жыл).

4. «Кроманьон адамы» - Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылған.

Адам баласының ең алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған және бұл кезең ұзақ уақытқа созылған. Осыған байланысты алғашқы тарихи кезең - тас дәуірідеп аталған.

Тас дәуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді:

1. Палеолит - ежелгі тас дәуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан – 12 мың жылдыққа дейін). 

а) Ерте палеолит (б.з.б. 2 млн. - 140 мың жж.);

ә) Орта палеолит (б.з.б. 140 - 40 мың жж.);

б) Кейінгі палеолит (б.з.б. 40 - 12 мың жж.);

2. Мезолит - орта тас дәуірі (12-5 мың жж.)

3. Неолит - жаңа тас дәуірі (5-3 мың жж.)





Палеолит дәуірі


а) Ерте палеолит(б.з.д. 2 млн - 140 мыңжылдықтар). Ерте тас дәуірінде - адамдар тастан еңбек құралдарын жасап, аң аулап, терімшілікпен айналысты. Климат жылы және құрғақ болды. Сол кезде Қазақстан жерін мекендеген жануарлар: өзен көлдердің жағасында пілдер, мамонттар, бизондар, қарақұйрықтар, бөкендер, құландар, жылқылар, түйелер, таулы жерлерде аюлар, бұғылар, маралдар, тау ешкілер т.с.с. Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріндегі б.з.д. 800-140 мыңжылдықтарға сәйкес келеді. Алғашқы адамдар Қаратау (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары) жотасы мен Қарасу (Оңтүстік Қазақстан обл. Алғабас ауд.) тұрағында мекендеген. Ең көне тас құралдар Оңтүстік Қазақстаннан табылды. 1958 жылы Оңтүстік Қазақстанда тас ғасыры адамының тұрақтарын тапқан археолог ғалым Х.Алпысбаев болатын. Ерте палеолитке Шабақты, Бөріқазған тұрақтары жатады. Алғашқы адамдардың баспанасы тау үңгірлері, үңгіме қуыстар, тау шатқалдары т.б. Адамдар табиғаттың қаталдығына қарсы тұру үшін, бірігіп аң аулап тіршілік етті топтасып өмір сүрді. Олар пайдаланған тас құралдар мыналар: кварцит, обсидан, тақтас, шақпақ тас.

ә)Орта палеолит (б.з.д. 140-40 мыңжылдықтар).Орта палеолит дәуірі мустьер дәуірі деп аталды. Бұл дәуір ертедегі адамның одан әрі өсіп-дамуымен, мәдени дамуының жаңа кезеңге көтерілуімен ерекшеленеді. Орта палеолит дәуірінің адамдары неандерталдықтар деп аталды.Неандерталь адамының антропологиялық келбеті: мойыны қысқа келеді, тістері ірі болады, сөйлеу қаблеті толық қалыптаспаған. Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аңды қауым болып топтасып аулаған. Басты ерекшеліктерінің бірі-шақпақ тастан от шығаруды үйренді. Тас өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары, негізінен, нуклеустан жасалды. Бұл кезеңнің археологиялық ескерткіштері Оңтүстік Қазақстанның Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан табылған. Сондай-ақ, орта палеолитке Уәлиханов атындағы тұрақ жатады. Орта палеолитте діни наным-сенім қалыптаса бастады. Мәселен өлікті жерлегенде бір қырына жатқызып, аяғын бүгіп жерлеген. Климат суытып, тауларды мұз басты. Осы кезеңде Қазақстанда ауа райының суытуы өте ұзаққа созылған. Жылылықты жақсы көретін жануарлар қырыла бастады.

б) Кейінгі палеолит (б.з.д. 40-12 мыңжылдықтар).Бұл дәуірде адам баласы дамуындағы тағы бір жаңа кезең басталып, қазіргі адамға ұқсас адамдар қалыптасты. Бұл адамдарды «саналы адамдар» немесе «кроманьон» адамдары деп атайды. Бұл адамдардың антропологиялық белгілері: бастары сопақша, маңдайлары жазық, бойлары ұзын, денесін тік ұстап жүретін болған.

Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аулайтын аңдары: бұғы, марал, жылқы, мамонт. Теретін жеміс-жидектері: жабайы алма, алмұрт, сәбіз, саңырауқұлақ, жаңғақ т.б. Бұл дәуірде адамдардың топтасып өмір сүру нәтижесінде рулық қауым қалыптасты. Адамдар тау үңгірлерін, қуыстарды баспана қылған. Өнер мен діни наным-сенім дамыды. Сол дәуірде үңгір қабырғаларына жылқы бейнесі, аң аулау сәттері көп бейнеленген. Бұл дәуір адамдарының бұрынғылардан бір ерекшелігі рухани жағынан әжептәуір жоғары болды. Үңгір қабырғаларына салынған суреттер осылай дейді. Сонымен қатар, кейінгі палеолитте еңбек құралдарының 20 шақты түрі болған. Кейінгі палеолит адамдары Қазақстанның барлық аумағынан табылады. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы Ащысай тұрағы, Орталық Қазақстандағы Батпақ тұрағы, Қарабас көмбесі т.б.




Мезолит дәуірі


Ежелгі тас ғасыры палеолит пен жаңа тас ғасыры неолит арасындағы өтпелі дәуірді орта тас ғасыры немесе мезолит деп атаймыз. Ол б.з.д. 12-5 мыңжылдықтар кезеңін қамтиды. Мезолит дәуірі 7 мың жылға созылды. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелген Қазақстанда табылған ескерткіштері көп емес.

Мезолит дәуірінде ауа райы күрт жылынып, мұздар еріді. Бұл кезеңде қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрі қалыптасты. Бірқатар жануарлар (мамонттар, мүйізтұсықтар) құрып кетті. Ірі жануарлар азайып, кішігірім аң-құстар пайда болды. Аң аулау сол кездегі адамдардың негізгі кәсібінің бірі болды. Аңшылық қарулар: жебелі садақ, бумеранг т.б. Садақты алғашында ағаштан жасаған. Жебелері де ағаш, ұштары сүйек. Жебе 80-100 метрге, күрделі жебе 450 метрге дейін жететін болған. Мезолит дәуірінде бумеранг пайда болды. Бумеранг - 100 метрге дейін ұшатын орақ тәріздес ағаш қару. Мезолит кезеңінде жебенің доғал және домалақ оқтұмсықтарын аңшылар терісі бағалы аңдарды аулау үшін қолданған. Балық аулау да жақсы дамыды. Оның себебі мұздар еріп, өзен, көлдер көбейді. Бұл дәуірде адамдар Еуропа, Азия, Америка материгін игерді. Бұл кезеңде жан-жануарларды қолға үйретіп, дәнді дақылдар өсіруді қолға алды.


Неолит дәуірі.


Неолит дәуірі (б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар). Неолит дәуірі тас дәуірінің соңғы кезеңі немесе жаңа тас дәуірі деп аталады. Бұл кезең тастардың тиімді қасиеттерін тауып, кәдеге жаратқан табысты кезең болды. Еңбек құралдарын жасаудың тәсілдері жетілдірілді. Бұл дәуірде біраз ерекшеліктер болды. Ең алдымен қоршаған орта қазіргідей кейіпке жетті. Адамдар жануарларды қолға үйретумен айналысты. Шаруашылықтың дамуына, оның жаңа түрлерінің көбеюіне байланысты адамдардың кәсіби қаблеті де дами бастады. Жаңа тас дәуірінде адамдар бұрынғы адамдардан барлық жағынан жоғары тұрды. Олардың құралдары: қыш ыдыс, керамика, дән үккіш, балта, кетпен, келі, сәндік бұйымдар т.б. Бұларды саз балшықтан, тастан, граниттен, мыс, алтын, қорғасын сияқты металдардан тағы басқа заттардан жасаған. Адамдар мата тоқып, киім тігуді үйренді. Керамикалық заттарға геометриялық өрнектер салатын болған.

Неолит дәуірінің басты ерекшелігі еңбек өнімдеріне қол жеткізу. Неолит дәуірінде солтүстік-шығыс Балқашта құралдарды яшма мен кварциттен жасаған. Бұл дәуірде әйел еңбегінің маңызы артты, олар қоғамда жетекші орын ала бастады. Осылайша неолит дәуірінде аналық ру қалыптасты. Неолит дәуіріндегі тұрақтар: Сексеуіл тұрағы, Қарақұдық тұрағы. Солтүстік Қазақстанның неолиттік мәдениеті атбасарлық және маханжар болып екіге бөлінеді. Атбасар мәдениетінің тұрғындары Есіл бойының далалық өңірлеріне қоныстанып, негізінен аң аулаумен айналысқан. Ал, Маханжар мәдениетінің ескерткіштері Торғай мен Тобыл алқаптарында шоғырланған. Мұндай ұқсастықтар Еуразияның далалық алқаптарындағы тайпалардың мәдени және этникалық жағынан өзара жақын болғанын көрсетеді. Бұл кезеңде мал шаруашылығы қалыптасты. Сонымен қатар, жерлеу дәстүрінде өзгерістер болды. Атап айтсақ, қайтыс болған адамды өзі өмір сүрген тұрағында жерлеген. Адамның басын солтүстік-батысқа қаратып жерлеген. О дүниеде өмір бар деп сенген.




§ 2. Қазақстан қола дәуірінде


Қола дәуірі (б.з.д. 2-1 мыңжылдықтар). Тас дәуірі аяқталғаннан кейін, қола дәуірі басталды. Қола дәуірі деп аталуының себебі, осы кезде Еуразияда қола өндіру тәсілі дүниеге келген. Қола дәуірінде рулық қатынас жойылып, тайпалық бірлестіктер құрылды. Алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісі қалыптасты, оған мал шаруашылығының егіншіліктен бөлінуі себеп болды. Қола дәуірінде бүкіл Қазақстан жерінде мал шаруашылығы жетекші салаға айналды. Тас дәуірінен кейінгі тарихи кезең - қола дәуірі аса ұзаққа созылған жоқ. Дегенмен қола дәуірі аз ғана уақытты қамтыса да ерекшеліктерге толы болды.

Қола дәуірінің үш ерекшелігін атап айтар болсақ:

1. Қола металлургиясы. Түсті металдар, оның ішінде алтын, өндірістік жолмен игеріле бастады. Қазақстанның бірнеше өңірінде кен орындарын табылуы бұған дәлел.

2. Бақташылық, мал шаруашылығы. Мал өсіру негізгі кәсіпке айналды. Үй жануарларының түрі көбейді.

3. Егіншілік. Егіншілік біршама дамыды. Металлургияның, мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуы ер адамдардың қоғамдағы рөлін арттырды. Сондықтан аналық рулық қатынастардың орнына аталық отбасылық рулық қатынас орнады.

Қола дәуірі бірнеше тарихи кезеңдерге бөлінеді:

1. Нұра кезеңі.

2.Атасу кезеңі.

3.Беғазы-Дәндібай кезеңі.

Андронов мәдениеті. Қазақстанда қола дәуіріндегі тайпалардан көптеген тұрақтар, кен орындары, тағы басқа археологиялық ескерткіштер қалған. Бұларды Андронов мәдениеті деп атайды. Себебі, Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосынан қола дәуірі ескерткіштері алғаш рет табылды. Оны 1914 жылы Б.В.Грязнов ашты. Қола дәуіріндегі ежелгі қалалардың ең ескі тұрағы - Арқайым. Ол Қостанай және Шелябі облыстарының шекарасында орналасқан. Қола дәуірі тұрғындарын «мық» деп атаған. Бұл атау иран тілдес халықтарда да бар. «Мық» сөзі аласа бойлы, бірақ мығым дегенді білдіреді. Андронов мәдениетінің аумағы негізінен бүкіл Қазақстанды қамтиды. Қазақстандағы қола дәуір ескерткіші ең көп шоғырланған жер - Орталық Қазақстан. Орталық Қазақстанда Андронов мәдениетінің 30-дан аса мекені, 150-ден аса моласы табылды. Кейінгі қола дәуірінің мәдениеті Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Орталық Қазақстан жерінен қола дәуірінің теңдесі жоқ ескерткіштері - Беғазы-Дәндібай мәдениетін қазақтың біртуар ұлы, академик Ә.Х.Марғұлан ашты. Бұл аймақтан 50-ден аса қорған табылған. Андронов мәдениеті кезеңіндегі тайпалар геометриялық өрнек салуды білген. Адамдар мыс пен қалайыны қосып қорытуды үйренген. Ол б.з.д. 2 мыңжылдықта басталған.

Андроновтықтарда негізінен, отырықшы шаруашылық басым болған. Бұл, әрине егіншіліктің болғанын көрсетеді. Жерді тесемен өңдеген, сондықтан сол кездегі егіншілік «теселі егіншілік» деп аталған. Көбінесе бидай, тары өсірілген. Мал шаруашылығымен қатар егіншілік андроновтықтардың негізгі кәсібі болды. Мал шаруашылығымен айналысқан қола дәуірі тайпалары қой, жылқы, сиыр малын өсірді. Қола дәуірінің тайпалары үнді-ирандық тілде сөйлеген. Андроновтықтар еуропоидті. Олардың сырт бет-бейнесін академик В.П.Алексеев зерттеген. Жекеменшік қалыптасты. Әлеуметтік теңсіздік орнады.

Андронов қолөнері: Қола дәуірінде Қазақстанды мекендеген тайпалар ыдысты қыштан жасаған. Андронов мәдениетінің археологиялық рәмізі сырға мен алқа. Үй кәсіпшілігінде тоқыма кәсібі дамыған.

Андроновтықтардың кен өндіру әдістері:

а) Жұмсақ кен өндіргенде опыру әдісін қолданды;

ә) Қатты кен өндіргенде отпен уату әдісін пайдаланды;

б) Үңгіп қазу әдісі.

Андроновтықтар өндірген кенді сумен шаятын болған. Андроновтықтардың баспанасы - жертөле немесе жартылай жертөле.

Діні мен өнері: Қола дәуірінің адамдары табиғат күштеріне көбірек табынды.

1. Мәйіттің басын батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратып жерлеген.

2.Өлікті қабірге аяқ-қолын бүгіп жатқызған.

3.Өлген адамды өртеп, қабірге оның күлін ғана қою ғұрпы да болған.

Андроновтықтар үй салғанда құрбандық шалған. Ошақты қатты құрметтеген. Андронов тайпалары тасқа жабайы бұқа, бишілер, қос өркешті бактриан түйесі, екі аяқ арба, әскер шайқасы туралы суреттер көп салған. Андроновтықтарда зергерлік өнер жақсы дамыған. Әшекей бұйымдардан сақина, сырға, алтын білезік және тағы басқа түрлерін жасаған.


ІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНДАҒЫ ТАЙПАЛЫҚ ОДАҚТАР


§ 3.Сақтар


Сақтар б.з.д. І мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан жерін мекендеген ежелгі тайпа. Ежелгі заманда Орта Азия өңірін мекендеген сақ тайпалары туралы тарихи деректер сол замандағы парсы және грек авторларының жазба деректерінде сақталған. Жалпы, сақ атауының мағынасы жайында әртүрлі пікір бар. Мысалы, «сақ» сөзінің мағынасын парсы жазбаларында «Құдыретті еркектер» деп түсіндіреді, ал Иран жазбаларында «Жүйрік атты турлар»деп атайды. Ежелгі грек авторлары сақтарды «Азиялық скифтер» деп атаған.

Сақтар батыр, жауынгер, «дұшпанға - қатал, досқа - адал» болған. Сақтар тайпалық құрамы мен мекендері жағынан мынандай топтарға бөлінеді:

Сақ топтарының аты

Мекендері

1

Теңіздің ар жағындағы сақтар (Парадария)

Қара теңіздің солтүстігі, Арал теңізінің маңы, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысы.

2

Шошақ бөрікті сақтар (Тиграхауда)

Сырдарияның орта ағысы, Тянь-Шань, Жетісу өңірлері.

3

Хаома сусынын дайындайтын сақтар(Хаомаварга)

Мұрғаб аңғары.


Сақтар туралы алғашқы жазба деректер Геродоттың еңбегінде кездеседі. Сондай-ақ, сақтар туралы ежелгі ирандықтардың Авеста деген қасиетті кітабында құнды мәліметтер бар. Сақ қоғамы жауынгерлер, абыздар, қауым мүшелері болып үш топқа бөлінді. Сақтарда үш әлеуметтік топты бір-бірінен үстіне киген киіміне қарап ажыратқан. Жауынгерлер қызыл түсті киім кисе, абыздар – ақ, қалғандары яғни егіншілер, малшылар, қолөнершілер сары, көк түсті киім киген.

Сақ қоғамынан білім мен өнерді терең меңгерген белгілі тұлғалар шыққан. Соның бірі б.з.б. VI ғасырда аты аңызға айналған сақ ғұламасы Анахарсис. Геродот пен Страбон, оны «жеті ғұламаның» бірі санаған. Анахарсистан: «Басқа пәле тілден», «Татымсыз мың достан адал бір дос артық» т.б. нақыл сөздер қалған. Сақтардың қоғамдық өмірінде халық жиналысы маңызды рөл атқарды. Оған бүкіл ер азаматтар қатысқан. Ер адамдардың орны оның ру-тайпасының деңгейіне қарай анықталды.

Сақ ескерткіштері – Талас, Шу, Іле өзендерінің бойында, Қырғыз, Іле және Жоңғар Алатауның баурайында, Кеген мен Нарынқолдың таулы аймақтарында кездеседі. Ал, Арал өңірінде Шірік-Рабат, Бәбіш-Молда ескерткіштері табылған. Шірік-Рабат қаласы апасиактардың астанасы болған. Апасиактар дегеніміз ғалымдардың айтуынша, су жағасын мекендеген сақтар. Міне осы Шірік-Рабат қаласының орны қазіргі Қызылорда қаласынан Оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым жерде Қызылқұм шөлінде жатыр. Сақ тайпа одағының жоғарғы билеушісін патша деп атаған. Сақ тайпалары б.з.д. V ғасырда парсылармен соғысқан. Ал, б.з.д. 490 ж. Марафон шайқасында сақтар енді парсылармен одақтасып, гректерге қарсы күресті.

Б.з.д. IV ғасырда Александр Македонский сақтармен соғысты. Парсы патшасы І Дарий сақ тайпаларын өзіне бағындыру үшін әлденеше шапқыншылық соғыс жүргізген. Дарий б.з.д. 519-518 жылдары сақтарды өзіне бағындырған. Сақ массагеттердің Томирис деген әйел патшасы болған. Томирис патшайым шамамен б.з.д. 570-520 жылдары өмір сүрген. Сондай-ақ, көне заманның тарихи жазбалары арқылы сақ патшайымы Зарина туралы да біршама деректер бізге жеткен. Грек авторы Ктесий «Сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетіп ұрысқа араласады»деп баяндайды.

Сақтардың Жетісудағы тамаша ескерткіштерінің бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді адам». Ескерткішті 1969 жылы археолог К.Ақышев тапқан. Зерттеушілердің пікірі бойынша, ол б.з.д. V-ІV ғасырларға, ерте темір дәуіріне жатады. Оның жасы 17-18-де бойы 165 см шамасында. «Алтын киімді адам» сақ елінде өз заманына сай өркениеттің болғандығын дәлелдейді. Қазіргі таңда осы «Алтын киімді адам» бейнесі Қазақстанның егемендігінің рәмізіне айналып, Республика алаңында ұлттығымызды асқақтатып тұр. Ал сақ жауынгерінің бөркінде бейнеленген қанатты тұлпарлар біздің тәуелсіз Қазақстаннымыздың елтаңбасынан орын тапқан. Жалпы, сақ заманының тұрмыстық ыдыстары мен бұйымдары аң стилімен өрнектелген. Соңғы кезде зерттеушілер Қазақстанның шығыс және батыс өлкелерінен ерте көшпелілердің тамаша ескерткіштерін тапты. Олар - Берел қорғаны, Шілікті және Аралтөбе қазыналары деген атпен тарих шежіресінің бетінен орын алды.

Шаруашылығы. Тарихи деректерге қарағанда, сақтар, мал шаруашылығымен айналысқан. Олар жылқы, ірі қара, қой, түйе өсірген. Сақтар өмірінде әсіресе жылқы өсіру маңызды орын алған. Батыс және Оңтүстік Қазақстанда түйе шаруашылығы дамыды. Сақтардың отырықшылығы және егіншілігі Сырдария алқабында кең тарады. Сақ қоғамында жайылымдарды және көшіп-қонатын қажетті жерлерді тайпа көсемі белгілеп беретін болған.

Діни-наным сенімдері. Сақтар діни наным-сенімдерді ерекше дәріптеген. Аң бейнелі бойтұмарлар кең тараған. Ал, қару-жараққа аң бейнесін салса, шайқаста рух береді деп сенген. Отырықшы сақтар Жерді киелі деп білді. Олардың түсінуінше, Жер-ана киелі күш иесі болып есептелді. Ал көшпелі сақтар болса күнге, отқа және өлген адамның аруағына сиынды, ол қайта тіріледі деп есептеді. Сақтар өлген адамды сәнді киім кигізіп жерлеген, өлікпен бірге қару-жарақ, тағы басқа заттарды қоса жерлеген. Кейде мінген аты да бірге көмілген. Сақтар аруақтарға арнап құрбандық шалатын болған. Сондай-ақ сақтар жынперіден сақтайтын киелі күш деп От пен Күнге табынған.


§ 4.Үйсіндер


Үйсіндер ежелден келе жатқан түркі тайпаларының бірі. Сондай-ақ, қазақ халқының қалыптасуына негіз болған тайпалар қатарына жатады. Жазба деректерде б.з.д. І ғасырда үйсін халқының саны 630 мың болған делінген. Мұның өзі олардың іргелі ел болғанын дәлелдейді. Үйсіндердің жайлаулары мен қыстаулары Іле, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында болған. Іле, Талас өзендері бойында егіншілік өркендеген. Мемлекеттің астанасы Қызыл Аңғар (Чигучен) қаласы. Ол қала қазіргі Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағасында орын тепкен. Жетісудағы тиграхауд сақтардың орнын кейін үйсін тайпалары мекендеді. Үйсіндердің территориясы: батыста Шу, Талас өзендерін, шығыста Тянь-Шань тауларының шығыс бөлігін, ал солтүстікте Балқаш көлінен бастап, Оңтүстікте Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейінгі өңірді қамтыды.

Үйсіндердің жоғарғы билеушісінің титулының атауы Гуньмо (Күнби) деп аталды. Үйсіндерде жерге, малға жеке меншік қалыптаса бастады. Мұның өзі мемлекеттің пайда бола бастауының белгілері еді. Әскербасшылар мен басқа да билік басындағы адамдардың алтыннан, мыстан жасалған мөрлері болды. Олардан кішірек басшылардың да мөрі болған. Бірақ олардың көбі тастан, күйдірілген саз балшықтан жасалды.

Үйсіндер жайлы ежелгі тарихшы Сыма-Цянь мәлімет қалдырған. Үйсін тайпалары ежелгі түрік тілінде сөйлеген. Үйсіндер Қытаймен кең дипломатиялық қатынаста болды. Сондай-ақ, ұйғыр тайпаларымен, Орта Азияның ғұн, қаңлы тайпаларымен, Енисей қырғыздарымен қарым-қатынаста болған. Үйсіндердің көрші елдермен оның ішінде қаңлылармен, ғұндармен қатынасы көбінесе бейбіт жағдайда өрбіді. Сыртқы қауіпсіздігін нығайту үшін үйсіндер ғұндармен бірнеше рет одақ құрған. Ал Хань империясы олардың күшейіп кетуінен қорқып, үнемі осы одақты бұзуға әрекет жасап отырған. Үйсіндер қыз алып, қыз беру арқылы кейбір көршілермен де татулық байланыс орнатқан. Көшпелі үйсіндердің тұрған үйі киіз үй болатын. Үйсіндер қыстыгүні екі түрлі үйде тұрған: кірпіш үй, тас үй.

Шаруашылығы. Мал шаруашылығы үйсіндер өмірінде аса маңызды болған. Жетісу жеріндегі үйсіндер малдың негізгі түрінің бәрін: жылқы, қой, сиыр, қос өркешті түйе, ешкі өсірген. Әсіресе, жылқы шаруашылығы жақсы өркендеген.

Олар түйе өсіруге де көңіл бөлген. Сонымен қатар, үйсіндер бау-бақша мен қатар дәнді дақылдар да өсірген. Көбіне тары мен арпа еккені байқалады. Оны біз зираттардан табылған ыдыстардың түбіндегі дәндерден көреміз. Үйсіндерде біздің заманымыздың бас кезінде-ақ, егіншілік пен отырықшылық болған. Оларда үй кәсібі, қолөнер дамыған. Әсіресе, керамика ыдыстарын жасау кең өріс алған.

Салт-дәстүрі және діни-нанымы. Үйсіндердің салт-дәстүрі туралы ғылыми деректер жоқтың қасы. Тек қайтыс болған адамды жерлеу дәстүрі туралы біраз мәліметтер бар. Бұл мәліметтер археологиялық қазба деректер бойынша жинақталған. Ертедегі үйсіндер өлген адам тіріледі деп есептеген. Сондықтан да адамды жерлегенде оған о дүниеде керек болады-ау деген заттардың бәрін қоса көмген. Алдымен қайтыс болған адамды сәндеп киіндірген. Тірі кезінде пайдаланып жүрген заттарын жанына қоса қойған. Олар өлген адамға құрбандық шалып, ата-баба аруағына сиынған. Күнге, айға, жұлдыздарға табынған.


§ 5.Қаңлылар


Б.з.д. ІІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде қаңлы тайпалық одағы құрылды. Қаңлылар қазақ халқының қалыптасуына негіз болған көне түркі тайпаларына жатады. Өзінің ұзақ тарихында оның шекарасы кейде ұлғайып, кейде кішірейіп отырған. Бұған әртүрлі шапқыншылықтар мен соғыстар себеп болған.

Қаңлы тайпаларының атамекені Сырдария өзенінің орта ағысы мен Қаратау жотасы болған. Қаңлы елі күшейген тұстарда замандағы атақты мемлекеттер Қытай, Рим, Кушан онымен жан-жақты байланыс жасап тұрған. Қаңлылардың күшейіп гүлденген дәуірінде олар Ташкеннен Хорезмге дейінгі жерге иелік еткен. Қаңлы елін хан билеген. Оның үш орынбасары, уәзірлері болған. Елдің астанасы - Битянь қаласы. Ол қазіргі Түркістан қаласының маңында болған. Ал, екінші бір деректерде елдің астанасы Отырар қаласы болғандығын көрсетеді. Жазба деректерге қарағанда, қаңлы елі бес бөлікке бөлінген. Әр бөлік өзінің орталық қаласының атымен аталған. Әр бөліктің кіші ханы болған. Олар Ұлы ханға бағынған. Елдің билігі мұрагерлік жолмен әкеден балаға өтіп отырған. Ру басылары, бай адамдар, ақсақалдар кеңесі, әскери көсемдер қарапайым халықты өздеріне мәжбүрлеп бағындырды. Мүлік теңсіздігі адамдардың бай, кедей болып бөлінуін туғызды. Қытай деректерінде қаңлы билеушісінің жазғы және қысқы сарайлары бір-бірінен 900 шақырым қашықтықта орналасқан деп айтады.

Қаңлылар Иран, Сирия, Үндістан, Қытай, Қаратеңіз елдерімен сауда қатынасын жасаған. Қаңлылар Ү ғасырдың ортасында әлсіреп, Ақ ғұндар мемлекетінің құрамына қосылады.

Шаруашылығы. Қаңлылар табиғаты, климаттық, географиялық ерекшелігі әр түрлі өңірді мекендеген. Шаруашылықтың дамуы да, адамдардың кәсібі де сол табиғаттық-климаттық жағдайларға байланысты болды. Хорезмде, Арал өңірінде, Ташкент алқабында отырықшылық дамып, қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Отырықшы қоныстар тұрғындары егіншілікпен айналысты. Олар тары, арпа, бидай өсірген. Шаруашылықтың маңызды бір саласы ол мал шаруашылығы болды. Қаңлылардың қыстаулары, негізінен Сырдария бойында болған Ал малдың жайылымы Орталық Қазақстан далаларына дейін жеткен.

Мәдениеті мен діни-нанымы. Мәдениеттің қалыптасуына отырықшы тайпалар да көшпелі тайпалар да қатысты. Қаңлылардың ірі ескерткіштерінің бірі – Алтынасар қала жұрты. Ол 16 га жерді алып жатыр. Қалада тұрғын үйлер қатарластыра салынған. Сондай-ақ, қаңлылар арасында ән-күй, музыка, би сияқты көркем өнер салалары жақсы дамыған. Қаңлылардың діни-нанымы басқа тайпалар сияқты табиғаттан тыс күшке сеніп, сол күштерге табынып, құрбандық беріп отырған. Үй жануарларында құрбандыққа шалған. Олар күнге, айға, жұлдыздарға да табынып, ата-баба аруағына сиынған. Жайылымға көшу, егін егу мезгілдерін жұлдыздарға қарап белгілеген.


§ 6.Ғұндар


Біздің заманымыздың басында Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалардың ішіндегі ғұндар ең жауынгері ғұндар болды. Ғұндар туралы мәліметтерді қытай деректерінен кездестіруге болады. Қытайлар оларды «хунну» деп атаған. Ғұндар Қазақстан жеріне Орталық Азиядан б.з.д. І ғасырдың соңы мен б.з. І ғасырында келген. Дәл осы кезеңде Еуразияның ұлан-байтақ даласында, соның ішінде Қазақстан жерінде де, «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» болды.

Бес ғасырға жуық уақыт бойы ғұндар кең далаға билік жүргізді. Деректерге қарағанда ғұндар 24 руға бөлінген. Әр руды ру ақсақалдары басқарған. Ғұндардың билеушісін «шаньюй» деп атаған. Ғұн қоғамында «түменбасын» шаньюйдің жақын туыстарынан қоятын болған. Ғұн әскерінің негізін атты әскер құраған. Ғұндарда әскери іс аса жоғары дамыған. Ғұн тайпалары ежелгі түрік тілінде сөйлеген. Ғұндар бірлестігінің негізін салушы Мөде болды.

Б.з.д. ІІІ ғасырда Мөде Қытаймен кескілескен соғыс барысында ғұн тайпаларын біріктіріп, ғұндардың билеушісі – «шаньюй» деген атақ алып. Ол кейін шексіз билікке - «Аспан ұлы» деген атаққа ие болады.

Қытай билеушісі Мөде шаньюймен «Тыныштық пен туыстық» туралы шартқа отырып, жыл сайын оған салық төлеп тұрған. Осы кезде ғұн одағының территориясына Байкалдан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейінгі жерлер қосылады.

Б.з.д. 55 жылы Ғұн мемлекеті оңтүстік және солтүстік ғұндар болып екіге бөлінді. Оңтүстіктегі ғұндар Хань империясына бағынды. Оңтүстіктегі ғұндардарды – Хуханье басқарды. Ал солтүстіктегі ғұндар Моңғолияның солтүстік- батысындағы Қырғыз-нұр көлінің маңына орналасты. Солтүстіктегі ғұндарды – Чжи-Чжи басқарды. Ғұндардың Қазақстан жеріне екінші рет қоныс аударуы шамамен біздің дәуіріміздің 93 жылы басталған.

Еуропа елдеріне жасалған жорықтар кезінде ғұндарды Еділ (Аттила) басқарды. Аттилаға дүние жүзінің мәдениет қайраткерлері өз шығармаларын арнаған, ал қазақ ғалымдарының ішінен Аттила туралы алғаш рет ғылыми пікір айтқан Ш.Уәлиханов болды. Ғұндардың аты тарихта әсіресе жаугершілік жорықтармен әйгілі болды.

Ғұндар батысқа қарай тез жылжып, тайпалардың біреуін күшпен бағындырса, екіншісін соғыссыз қосып алып отырады. Қазақстан жеріне олар: Сырдария, Арал теңізіне, Орталық және Батыс Қазақстан жеріне жетеді. Ал, б.з. ІV ғасырында олар орыстың оңтүстік даласына, одан әрі Дунай өзеніне дейін барып, «ғұндар» деген атпен қазіргі Венгрия жеріне жетіп қоныстанады. Ғұндар Дунайға, одан Италияға өтіп, кейінірек Рим империясының құлауына себеп болады. Жалпы ғұндар – түркі халықтарының ежелгі бір тармағы. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Пайғамбар» деген өлеңінде өзін ғұндардың ұрпағымын деп есептеген.

Шаруашылығыжәне тұрмысы. Ғұндардың өмірінде мал шаруашылығының маңызы ерекше болды. Аң аулау ғұндар өмірінде маңызды орын алды. Олар отырықшылық пен егіншілікті де білді. Сондай-ақ ғұндар атты және ошақты қадір тұтқан.

ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашғари ғұндардың диқаншылықпен айналысатын мәдениетті тайпа екендігін, өздері түркі тілінде сөйлегенімен, өзара түсінісетін басқа да тілдері болғанын айтады. Бұл деректерден ғұндардың отырықшылыққа көшкенін және түркілене бастағанын көреміз. Бейбіт күндері мал бағып, аң аулап күнелткен. Ғұндар киіз үйлерде тұрған, сонымен қатар қысқы тұрғын үйлері де болған. Киіз үй еденіне кілем және жүннен жасалған текемет төсеген. Ғұндар теріден, жүннен тоқылған маталардан киім киген. Бай, дәулетті ғұндар жібек матаны да пайдаланған. Жібекті және басқа да қымбат маталарды олар Қытайдан алдырып отырды. Ғұндарда қолөнер кеңінен дамыған.

Ғұндар сақ тайпаларының мәдениетін жалғастырып, одан әрі дамытты. Ғұн қоғамында сауда қатынасы, темірден бұйымдар жасау, тері өңдеу ісі кеңінен өріс алды. Қолөнердің пайда болуы өркениеттің қозғаушы күшіне айналды.



§ 7.Сарматтар

Сарматтар туралы деректер өте аз. «Сармат» тайпасының аты көне дәуір авторларының еңбектерінде б.з.д. III ғасырдан бастап кездеседі. Бұдан сарматтар осы кезде ғана пайда болды деген түсінік тумауы керек. Бұл кез сарматтардың күшейген, кемеліне келген, яғни тарих сахнасында кеңінен белгілі бола бастаған кезі еді. Сарматтар ғұндармен бірге Қазақстанның батыс өңірін мекендеген. Сондықтан сарматтардың тілі иран тілінен түркі тіліне ауысқан.

Сарматтардың құрамында роксоландар, аландар, аорстар, сирактар тағы басқа тайпалар болған. Сарматтарда елдің ішкі-сыртқы мәселелерін ру ақсақалдары мен тайпа көсемдері қауым мүшелерін қатыстыра отырып шешкен. Әскери демократия заманында ішкі, сыртқы мәселелерді әскербасылары, қолбасшылар шешетін болды. Олар қауым мүшелерімен ақылдасып, тек әскери жасақ қатарындағы адамдармен ғана санасты.

Сарматтар қоғамында әскери демократия ерлерге де, әйелдерге де бірдей қатысты болды. Сарматтарда әйелдердің қоғамдағы ролі мен орны басқа көшпелі тайпаларға қарағанда жоғары тұрды.

Сарматтардың мәдениеті мен шаруашылығы. Сарматтардың ескерткіштері Батыс Қазақстан аймағында кездеседі. Олардың кейінгі кезеңдегі ескерткіштері қазіргі Украина жеріне дейін жеткен.

Батыс Қазақстан жеріндегі ескерткіштері Жайық, Елек, Жем, Сағыз өзендерінің бойына тақау орналасқан. Тарих ғылымында ерте сармат ескерткіштерін савромат ескерткіштері деп атайды. Жалпы сармат ескерткіштері үш дәуірге бөлінеді. Олар: ерте, орта және соңғы сармат дәуірі ескерткіштері.

Савроматтардың кейініректегі ұрпағы, олардың мәдениетін жалғастырушы тайпа - сарматтар. Кейбір зерттеушілер бұларды бір-бірінен бөлмей сарматтар деген бір-ақ атпен атау керек дейді. Бірақ олардың өмір сүрген уақытындағы айырмашылықтар, мәдениетіндегі кейбір өзгешеліктер оларды кейде бөліп, кейде савромат-сармат деп қосарлап атауға негіз болды. Жалпы, сармат обалары әр түрлі заттарға өте бай. Ерлердің де, әйелдердің де қабірлерінде қару-жарақ міндетті түрде қойылады. Сондай-ақ алтын, күміс заттар да қойылатын болған.

Ал шаруашылығы болса олар негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Басты түліктері қой мен жылқы болды. Түйе мен сиыр аз болған, оларды негізінен күш көлік ретінде пайдаланған. Сарматтар жартылай көшпелі, тіпті отырықшылықпен айналысқан. Сарматтар өмірінде аңшылық қосымша роль атқарды. Сондай-ақ, олардың шаруашылығында темір, алтын, күміс, мыстан әртүрлі зергерлік тұрмыстық заттар жасау кең тараған.




ІІІ ТАРАУ. ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН


§ 8.Түрік қағанаты (552-603 жж.)


Біздің заманымыздың І мыңжылдығында Еуразия далаларындағы этникалық орта өзгере бастады. Дәл осы уақытта қазіргі түркі тілдес тайпалардың этникалық-саяси бірігуі қалыптасқан еді. Осы дәуірде түркілердің рухани мәдениеті де жаңа сатыға көтерілді. Түркі жазба мәдениеті мен сына жазуы, түркі әдебиеті қалыптасты. Түркілерде алғашқы діни наным-сенімдер буддизм, христиан, манихей, ислам діндерінің ықпалымен, өзге де өркениет жетістіктерінің әсерімен пайда болған. Олар көшпелі және жартылай көшпелі өмір кеше отырып, біртіндеп қалалық және отырықшы тұрмысқа көшті. Отырықшылыққа көшкен тайпалар өзіне тән өркениетті түрлерін қалыптастырды, олардың сол кездегі әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар.

V-VІ ғасырларда түркілер далалы аймақтарды мекендеді және оларды қытайлықтар «жужаньдар», еуропалықтар «аварлар» деп атаған.

«Түркі» сөзі (қытайша «тукюе») алғаш рет көшпелі халықтың атауы ретінде б.з. VІ ғасырында пайда болды. Бізге түркілердің тарихы VІІ-VІІІ ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары арқылы белгілі. Ол ескерткіштер-түркілер мекендеген Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзенінің жағасынан табылған құлпытастағы жазулар. Сондықтан да оларды «Орхон-Енисей жазуы» деп атап кеткен. Ескерткіштер VІІ-VІІІ ғасырлардағы Түркі қағандығының тұсында Білге қаған (хан), Күлтегін (әскербасы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты адамдарға арнап тұрғызылған құлпытастағы жазулар.

VI ғасырда Қазақстан жері сол кезде аса қуатты болған Түрік қағанатының қоластына қараған. Түрік қағанаты Орталық Азиядағы тайпалық одақтардан біріккен ежелгі мемлекет. «Түрік» атауы алғаш рет қытайдың 542 жылғы шежіресінде кездеседі.

Ал түріктердің мемлекеттік дәрежеге көтерілуі 552 жылдан басталады. Бұл этно-саяси бірлестіктің негізін салушы Бумын қаған еді. 552 жылы түрік қолбасшысы Бумын аварларға қарсы шықты. Ол 553 жылы дүние салды, ал оның ізбасары Мұқан қағанның билігі кезінде Түрік қағанаты Орталық Азияда саяси үстемдікке жетті. Қағанаттың негізгі құрамы түркі тілдес халықтар болды. Олардың басым көпшілігі «теле» тайпалары.

Теле көптеген түрік тілдес тайпалардың ортақ атауы. Қытай шежіресі бойынша «теле» сөзінен «түрік» сөзі шыққан. Сондықтанда «теле» сөзінен «түрік» сөзі бір мағынаны білдіреді. Түрік қағанатының құрамында 30-дан аса теле тайпасы болған. Олардың ішінде қырғыз, оғыз, ұйғыр, дулу, үйсін тағы басқа да тайпалар болған. VІ ғасырдың 70 жылдарында түрік қағанаты Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін үстемдік етті.

VІ ғасырдың екінші жартысында түрік қағанатының билігі Азияның біраз аймағын қамтыды. Осы кезеңде Түрік қағанаты Қытай, Иран, Византия сияқты ірі мемлекеттермен терезесі тең түсіп, күшті мемлекеттің біріне айналды. Ал 561-563 жылдары түріктер Иранмен әскери одақ құрып Орта Азияны бағындырғаннан кейін Ұлы Жібек жолын өз бақылауында ұстады.

VІ ғасырдың 70 жылдарында Түрік қағанаты - Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің Солтүстік жағалауына дейін үстемдік етті. Кең байтақ жерді алып жатқан түрік қағанаты саяси жағынан бір орталыққа бағынған, күшті ел бола алған жоқ. Түрік қағанатының ыдырау себебі - қаған әулетінің арасында билік үшін талас-тартыс.

Сондай-ақ, қағанаттағы халықтар не саяси, не экономикалық жағынан ұйыса алмады. Сонымен қатар, көрші елдермен соғыс және қытай шапқыншылығы әсер етті. Осындай себептердің салдарынан ақыры 603 жылы Батыс және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінді. Қазіргі Қазақстан территориясы Батыс Түрік қағанатының құрамына енді.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Қағанат халқы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Төрт түлік мал өсірген. Қыстаулары Іле, Шу, Талас, Ертіс, Сырдария сияқты ірі өзен бойыларында орналасты. Өзен бойларындағы қыстауларда түрік тайпалары егіншілікпен айналысқан.

Сондай-ақ, «Күлтегін» ескерткішінде қала туралы сөздер де кездеседі. Бұл түріктердің кейбір бөліктерінің отырықшылыққа көше бастағанын көрсетеді. Оған басты дәлел Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда археологиялық зерттеу кезінде тұрақты үй-жайлардың табылуы.

Түріктердің көп тараған көлігі жылқы болды. Олардың баспанасы көші-қонға ыңғайлы киіз үй болды. Өйткені мұндай үй тез тігуге, тез жығуға қолайлы еді. Түркі тайпалары жылқы мен қой малын көбірек өсірді. Жайылым жерлер ақсүйектер қолында болды. Сонымен қатар түркілер тоқыма тоқумен де айналысқан.

Түріктер жерлеу рәсімімен ең алғашқы кезеңдерде мәйітті отқа өртеп, оның күлін қойғаны байқалады. Мәйітті өртеу отқа табынушылықтан туған. Кейінгі жерлеуде адамның тірі кезінде қолданған заттарын бірге көмген. Заттарды бірге қою - о дүниеде де өмір бар, заттар сонда керек болады деген нанымның нышаны.







§ 9.Батыс түрік қағанаты (603-704 жж.)


Түрік қағанатындағы әлеуметтік қарама-қайшылықтардың ушығуы, өзара қырқыстар, Қытайдың қағанатқа қарсы шабуылдары 603 жылы түрік қағанатын Батыс және Шығыс түрік деген екі дербес бөлікке бөлуіне душар етті. Батыс түрік қағандығы он тайпаның (он оқ бұдун) бірігуі нәтижесінде пайда болды. Батыс түрік қағандығына Жоңғария мен Орта Азияны жалғастырып жатқан жерлер және Шығыс Түркістанның едәуір бөлігі кірді. Ал, Шығыс түрік қағандығы Монғолияны иеленді. Батыс қағанаттың орталығы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласы болатын. Жазғы ордасы қазіргі Жамбыл облысының жеріндегі Мыңбұлақта орналасты.

Алғашқы кезде қағандықты Тардуш қаған басқарды. Бұл Батыс түрік қағанатының билігі күшейген кезі еді. Шығыс түрік қағанаты керісінше, саяси басқару жағынан әлсіреп, қытайлардың шабуылына ұшырап отырды.

Батыс түрік қағанатының саяси билігінің күшейген кезі Шегу (610-618 жж.) мен Тон (618-630 жж.) қағандардың билік құрған кездері болды. Шегу қаған шығыстағы шекарасын Алтайға, ал батыстағы шекарасын Памир тауына дейін жеткізді. Ал, Тон қаған батыстағы елдерді жаулап алуды ойлады. Қаған салық жинауға жергілікті адамдарды бекітіп, оларға «селиф» деген атақ берді.

Қағанның билігі шексіз мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Қағанатта жоғарғы лауазымдарға ябғу, шад, елтебер сияқты атақтар берілді. Ал сот істерін бұрықтар мен тархандар атқарған. Сондай-ақ, қағанаттағы қарапайым халықты «қара бұдұндар» деп атаған. Бұл сөз қазақтың «қара бұқара», «қара халық» деген сөздерімен мағыналас.

Түріктер көрші тайпалар мен халықтарға қарсы шапқыншылық жасап, құл айдап әкелетін болған. Қағанат ішіндегі он алты жылға созылған тайпа аралық соғыстар (640-657 жж.) Жетісуға Таң империясы әскерінің баса көктеп кіруіне әкеліп соқты. 704 жылы Батыс түрік қағандығы құлағанымен, осы қағанатқа кіретін «он оқ» халқының ішінен түргеш деген тайпа өз алдына дербес қағандық құрып, тарих сахнасына шықты.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Батыс түрік қағанаты шаруашылығының негізін жартылай мал шаруашылығы құрады. Малы жоқ немесе малы аз кедей шаруалар егіншілікпен айналысқан. Қағанаттың едәуір бөлігі отырықшылыққа көшіп, қолөнермен шұғылданған. Шығыс Түрік қағандығымен салыстырғанда оның әлеуметтік құрылымы да едәуір күрделі болды, яғни феодалдық мемлекет дәрежесіне көтерілді. Тек Шу алқабының өзінде VІ-VІІ ғасырлар қарсаңында 18-ге жуық қала мен ірі қоныс болған. Олардың негізгі тұрғындары соғдылар, түркілер және сириялықтар еді.

Осы қалаларды алғаш суреттеп жазғандардың бірі қытайдың саясаткер тарихшысы Сюань Цзан. Ұлы Жібек жолы Батыс түрік қағанаты арқылы өткендіктен, бұл өңірде сауда мен қолөнер біршама тәуір дамыды.

Ескерттетін жайт: өзгелерге қарағанда қағандық өмірінде соғдылардың рөлі жоғары дәрежеде болды, бүкіл экономикалық және ақша қатынастары солардың тікелей қатынасуымен жүрді. Батыс Түрік қағанатының қалалық мәдениеті соғдылардың қатысуымен қалыптасты. VІ-VІІ ғасырларда түріктердің қолдауымен соғдылықтар Жетісуда, Жоңғарияда, Шығыс Түркістанда, Оңтүстік Сібірде сауда орындарын құрды. Түріктер өздеріне бағынышты соғдылықтарды «тат» деп атаған. Қазіргі тәжік атауы осы татқа байланысты болса керек. М.Қашқари «татсыз түрік жоқ» деп жазады. Себебі, таттар түріктердің бүкіл шаруашылығын, сауда-саттығын жүргізіп, қолөнер бүйымдарын жасады.


§ 10.Түргеш қағанаты (704-756 жж.)


Қағанаттың жері Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласына бастап Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Тұрфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды.Үшелік қаған өзінің иелігіндегі тайпаларын екі ордаға бөлген. Қағанаттың үлкен ордасы Суяб қаласында, кіші ордасы Іле бойындағы Күңгіт қаласында болды. Түргештер туралы алғашқы деректер «Күлтегін» ескерткішінде және қытай жазба деректерінде кездеседі. Түргеш тайпалары VІ ғасырда Шу, Іле, Талас өзендерінің аймағын мекендеді. Ал, Жетісудағы керуен жолдарының көбі солардың бақылауында болды.

Саяси билік қаған қолында болды. Қағанат 20 әкімшілік аймаққа бөлінді. Қағанатта Үшелік қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері болып баласы Сақал қаған (706-711 жж.) таққа отырады. 706 жылы билік үшін сары түргеш және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталады. Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетіп, Сұлу қаған орданы Талас (Тараз) қаласына көшірді. Сұлу қағанның (715-738 жж.) тұсында түргештер қайта күшейеді. Сұлу қағанның шайқастарға тікелей өзі қатысатынына әрі ылғи да жеңіске жетуіне қарсы арабтар оған «мүйізді қаған», «сүзеген» деп ат қойған. Сондықтан арабтар Сұлу қағанмен ашық майданда соғысудан сескенген. 754 жылы қағанатта ішкі талас-тартыс шиеленісіп, батыста араб шапқыншылығынан, ал шығыста қытай шапқыншылығынан Түргеш қағандығы біржола әлсіреді. Сөйтіп 756 жылы Түргеш қағандығын қарлұқ тайпасының көсемдері құлатып, билікті өз қолдарына алды.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Түргештер көшпелі мал шаруашылығымен, жартылай отырықшы егін салумен және сауда, қолөнермен айналысты. Мал шаруашылығы түргештердің басты күнкөріс көзі болғанын айту керек. Малдың ішінде жылқы мен қой өсірудің маңызы біршама жоғары саналды. Егіншілік негізінен суы мол, құнарлы жері бар өңірлерде дамыды. Бұл көбінесе оңтүстіктегі өзендердің маңы болды. Жетісу өңірі егіншілік пен бақша өсірудің басты орталығы ретінде белгілі болды. Түргеш қағандығының кезінде сауданың дамығандығы байқалады. Оған басты себеп-қағанат жерінің Жібек жолы бойында орналасуы еді.

Екіншіден, сауда ісінің қайнаған орталығы Суяб, Баласағұн, Тараз, Испиджаб сияқты қалалар да сауданың өркендеуіне үнемі үлес қосып отырды. Қазба жұмысы кезінде Тараз қаласынан «Түргеш қағанатының теңгесі» немесе «түріктің көк ханының теңгесі» деген соғды жазуымен жазылған теңгелер табылған. Бұл теңгелер 704-766 жылдар арасында Таразда соғылған. Түргеш теңгелері VІІІ ғасырдан бастап белгілі. Бұл теңгелер алдымен Суяб қаласында, кейіннен қаланы қытайлар талқандағаннан кейін Тараз қаласында соғылған.

Қағандықтың халықаралық саудаға араласуы экономикалық және мәдени дамудың дұрыс бағыт алғандығын көрсетеді.

§ 11.Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.)


Қарлұқтар жазба деректерде біздің заманымыздың V ғасырында тирек тайпаларының құрамында кездеседі. Қарлұқтардың түріктермен түбі бір екендігі туралы араб-парсы деректерінде мәліметтер кездеседі. Онда қарлұқтарды «ежелгі түріктер» деп жазады. Араб тарихшысы Әл-Марвазидің айтуынша, қарлұқтардың құрамына тоғыз тайпа: тухси, жікіл, азкіші, түргеш, халаж, жарұқ, барысхан, көкеркін, бескіл деген тайпалар кірген.

Қарлұқтардың негізгі топтасқан жері Алтай тауымен Балқаш көлінің арасы. Қарлұқтар түргеш қағанатының әлсірегенін пайдаланып, 756 жылы билікті өз қолдарына алып, Қарлұқ мемлекетін құрды. Осы кезден бастап Қарлұқ қағаны мемлекет аумағын кеңейтуді қолға алады. Қағанаттың орталығы Суяб қаласы болды. Қарлұқ тайпалары 766-775 жылдары Қашқарияны жаулап алып шығыстағы шекарасын кеңейтті.

Қарлұқтар біздің заманымыздың ІІ ғасырында грек ғалымы Птоломейдің атақты «Географиясы» атты еңбегі арқылы белгілі болған. Қағанатта жоғарғы билеушіні «Елтебер» деп атаған. Қытай деректері қарлұқтардың салт-дәстүрлері батыс түркілерінікі сияқты, тілінің олардан айырмасы жоқ деп көрсетеді. Қарлұқтар Орта Азия жерінде арабтармен, шығысында Ұйғыр қағанатымен жиі соғысқан. Қағанаттың ыдырау себебі: ішкі талас-тартыстар, бақталастық, билік үшін күрестер. Сондай-ақ, жайылым жер үшін өзара күрес. Міне осындай қиын жағдайда Қарлұқ қағанатына Қашқар жағынан қауіп төнді. Бұл жағдайды шебер пайдаланған қарсыластары 940 жылы Баласағұн қаласын басып алып, Қарлұқ қағанатын құлатады.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Қарлұқ қағанатында мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы өркендеді. Онда мәдениет орталығы болды, бау-бақша, қалалар гүлденді. Қолөнер кәсібі дамыды.

Араб жағрафияшысы Ибн Хаукалдің (Х ғ.) мәліметіне қарағанда, қарлұқтар жерінің Батысынан шығысына дейін жету үшін 30 күн жүру керек екен. Көшпелі тайпалардың билеуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес, қала орталықтары да болатын.

«Худуд әл-алам» бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған олардың ішінде: Тараз, Құлан, Мерке, Талғар, Атпақ, Тұзын, Барысхан, Сыйкөл т.б. Қарлұқтардың астанасы және олардың көптеген қалалары Ұлы Жібек жолы бойында тұрған, ал бұл жолдың Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісу үшін елшілік және сауда-саттық желісі ғана емес, сол сияқты мәдени және рухани байланыстар арнасы ретінде де орасан зор маңызы болған.

Дегенмен, қағанат өз алдына экономикалық байланыс жүйесін тоғыстыра алмаған. Ішкі қырқыс, билік дауы, жер дауы оны әбден титықтатқан. ІХ ғасырдың соңына қарай ислам дінін тарату жолындағы соғысқа шыққан арабтар Испиджаб, Тараз қалаларын бағындырады. Бұл өңір халқының көпшілігі ислам дінін қабылдайды. Осыған байланысты араб әрпі қолданысқа кіріп, жаңа түрік жазуы қалыптасты. Мешіт, медреселер де салынады.


§ 12.Оғыз мемлекеті (ІХ ғ.соңы - ХІ ғ.басы)


Ортағасырлық Қазақстан тарихында ерекше орны бар елдердің бірі – оғыздар. Оғыз мемлекеті IX ғасырдың соңы мен X ғасырдың басында Сырдария өзенінің құйылысында құрылды. Орталығы Янгикент қаласы болды. Оғыз тайпалары VІІ ғасырда Батыс Жетісуды мекендеген Түрік қағанатының құрамында болды. Оғыздар ерте орта ғасырларда Орталық және Орта Азияда өмір сүрген. Батыс түрік және Түргеш қанағанаттары құлап, Жетісуда Қарлұқ қағанаты құрылғаннан кейін оғыздар Сыр бойына ығысқан.

«Оғыз» сөзінің пайда болуы туралы әр түрлі пікір бар. Кейбіреулер «садақтың оғы» деген сөзден пайда болған десе, екінші біреулер «өгіз» деген сөзден пайда болды деп дәлелдеуде.

Оғыздарда жоғарғы билік иесі «жабғу» деп аталған. Ол атадан балаға мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Әскерді басқаратын адам «сюбашы» деп аталған. Оғыздарда жылына бір рет халық жиналысы шақырылып тұрған. «Оғызнама» дерегіне қарағанда, жабғу өзінің жерін 12 аймаққа бөліп басқарған. Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекетінде тұрақты салық жүйесі енгізілді. Мемлекетте белгілі дәрежеде басқару аппараты қалыптасты. Оғыз жабғуларының орынбасарларын «Күл-еркін» деп атаған. Оғыз мемлекеті жөнінде алғашқы деректер ІХ-Х ғ. басында жазылған араб тіліндегі тарихи-жағрафиялық шығармаларда келтіріледі. Оғыз мемлекетінің болғанын Әл-Якубиде (ІХ ғ.) айтады.

Махмұд Қашқаридің дерегі бойынша, оғыздар алғаш 24 тайпадан тұрған, Әл-Марвази болса олардың 12 тайпасын ғана атайды. Бұдан байқалатыны – оғыздардың 24 тайпадан тұрған кезі олардың әр түрлі тайпалардан енді-енді қалыптаса бастаған кезі ал, 12 тайпаға түскен кезі ол тайпалардың бір-біріне қосылып, халықтық дәрежеге көтеріле бастаған мезгілі. Араб географтары Х ғасырда Алтай мен Еділ арасындағы кең-байтақ өлкені «Мафазат әл-гузия», яғни «Оғыз даласы» деп атады.

Оғыз билеушілері сыртқы саясат саласында екі үлкен мақсатты қойған. Біріншіден, Қара теңіз, Дон өзенінің бойындағы жақсы жайылымды қолға қарату. Екіншіден, Маңғыстау мен Еділ бойынан әрі өтіп, Еуропаны Азиямен байланыстыратын аса маңызды сауда жолдарына қол жеткізу. Орыс қалаларымен екі арадағы сауда жолдарыда қызықтырды.

Оғыздардың жер үшін, сауда жолдары үшін жүргізген жорықтары көп жағдайда сәтті аяқталған. Ұзақ жылдарға созылған үздіксіз соғыс пен шектен тыс алынатын алым-салық оғыз тайпаларының наразылығын туғызады. Билік үшін талас Оғыз мемлекетін әлсіретті. Ал, ХІ ғасырда мемлекеттілігін құрып, күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржола ығыстырады. ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекеті біржола құлайды. Оғыздар тарихи тұрғыда түркімендердің, өзбектердің, қарақалпақтардың түпкі аталарының бірі.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Оғыздар шаруашылығының орта ғасырдағы көшпелілер кәсібінен көп айырмашылығы болған жоқ. Оғыздар жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мал шаруашылығымен айналысты.

Сыр бойы мен Арал маңы мал шаруашылығымен айналысатын оғыздардың негізгі мекені. Жалпы Ұлытаудан батыстағы Каспийге дейінгі аралықта да оғыздар мал шаруашылығымен жылдың төрт мезгіліндегі тұрақты қонысы ретінде пайдаланды.

Ал оңтүстіктегі Жент, Сығанақ, Фараб, Сауран маңы егіншілікпен айналысатын оғыздардың мекеніне айналды. Оғыздардың көші-қонға лайықты, арба үстіне тігілген үйлері болған. Оғыздарда кәсіпшілік пен қолөнердің басты дамыған түрі мал өнімін өңдеу болды. Күнделікті тұрмысқа темірден, ағаштан қажетті әртүрлі заттар жасаған. Ұлы даланың орталық бөлігінде оғыз қалалары аз болған жоқ. Араб географтары оғыздардың бірнеше қалаларын атайды. Мысалы, әл-Идриси жазбаларында: Дармах, Нуджах, Бадагах, Джаджан, Маркашан, Дарту, Дарант, Тарбан, Таргуз, т.б. айтылады.Махмұд Қашқари Қазақстанның оңтүстігінде Өзкент, Сығанақ, Қарнақ, Сауран тағы басқа қалаларды Оғыз елінің гүлденген шаһарлары дейді.



§ 13.Қимақ қағанаты (ІХ ғ.соңы - ХІ ғ.басы)


«Қимақ» деген атау орта ғасырлардағы араб, парсы авторларының жазба деректерінде жиі кездесіп отырды. XI ғасырда Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік» деген еңбегінде қимақ елін «имақ» деп атаған. Қимақтар VІІ ғасырдың басында Моңғолияның солтүстік-батысын мекендеген. Орта ғасырдағы парсы тарихшысы Гардизи қимақ елінің құрамында жеті тайпа болғандығын жазған. Олардың ішіндегі ең атақтылары қимақтар мен қыпшақтар дейді. VІІІ ғасырдың екінші жартысынан ХІ ғасырдың басына дейін қимақтар Қазақстан жеріне қоныстана бастаған.

Сонымен ІХ ғасырдың соңында қимақ тайпасының атымен Қимақ қағанаты құрылған. Қағанат Қазақстанның солтүстік-шығыс, орталық аймақтарын алып жатты. Қағанаттың орталығы Ертіс өзенінің бойында Имақия қаласы болды. Бұл ортағасырлық саяхатшылардың жазуына қарағанда темір қақпалы бекінісі, зәулім ғимараттары бар ірі қала болған. Қимақ қағанаты көршілерімен сауда қарым-қатынастарын орнатқан. Қимақ тайпаларының басшысы «Шад-тұтұқ» деп аталған. Шонжарларға «ұлы қаған», «кіші қаған» немесе «Ябғу шад» деген лауазымдар берілген.

Қимақ мемлекетінде билік мұрагерлікпен атадан балаға ауысып отырады. Қаған мемлекеттің жоғарғы билеушісі әрі әскери қолбасшысы болып есептеледі. Қимақ елінің ұйтқысы 12 тайпадан құралады.

ХІ ғасырдың аяғында Қимақ мемлекеті ыдырап, үкімет билігі бұрын қимақтарға тәуелді болған Қыпшақ тайпасының қолына көшті. Бұдан былай қимақтар қыпшақ тайпаларының құрамына еніп, қыпшақ деп аталып кетті.

Х ғасырдың соңы мен ХІ ғасырдың басындағы Қимақ мемлекетінің құлауы Ұлы дала көшпелі тайпалардың жаппай қоныс аударуымен тығыз байланысты.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Қағанаттың қарапайым халқы негізінен мал өсірумен айналысқан. Махмұд Қашқаридің жазуына қарағанда қимақ қағанатында малы аз, көшіп-қонуға мүмкіндіктері жоқтарды «жатақтар» деп атаған. Қимақтар арасында қолөнер дамыды. Жүннен мата тоқып, киім тікті, тері иледі. Темірден, қоладан қару-жарақ жасады. Қимақтарда қала мәдениеті мен сауда-саттық істері өрістеді. Араб географы Әл-Идриси қимақ елінің картасын сызған. Олардың 16 қаласы, ол қалаларда сауда базарлары болғанын айтады. Арабтың атақты саяхатшысы әл-Масуди

«Хазар теңізіне құятын үлкен, атақты өзендердің ішінен Қара Ертіс пен Ақ Ертісті атап өту керек, бұл екеуі де ұлы өзендер, екеуінің сағаларының арасы он күндік жол. Ол жерде түркі елдері, оның ішінде қимақтар мен оғыздардың қыстаулары мен жайлаулары орналасқан» деп жазады. Қимақтардың бір бөлігі Оңтүстік Сібір жеріндегі аңшы тайпалар. Олардың аулайтын әр түрлі терісі бағалы аңдар: бұлғын, тиін, түлкі, т.б. Осы қымбат байлыққа қызығып, Қимақ еліне Оңтүстіктен сауда керуендері жиі келіп тұрған.Қимақ тайпасы да басқа түрік тілдес тайпалар сияқты о дүниедегі өмірге сеніп, ата-баба аруағына сиынған. Оларда көкке (аспанға), Тәңірге табыну белгілері де сақталған.

Х ғасырда қимақ шонжарлары ислам дінін қабылдай бастаған. Кейбір жеке топтар отқа, суға, күн мен жұлдыздарға, тауға табынған. Діннің біршама тараған түрі шаманизм яғни бақсы-балгерлік екен, кейбір топтары Христиан тектес Манихейлік дінді ұстаған.

Сөйтіп, ІХ-ХІ ғасырларда Қимақ мемлекеті өзіндік өсіп-өркендеу жолы бар, алғашқы патриархалдық-феодалдық мемлекет болған.


§ 14.Қыпшақтар


Қыпшақ этнонимі алғаш рет VІІ ғасырда кездеседі. Қыпшақтар Шығыс Қазақстан өңірін, Ертістің жағасын және Алтай тауларын мекендеген. VІІІ ғасырда Қимақ қағанатына тәуелді болған қыпшақтар ХІ ғасырда қимақтардың барлық жерлеріне иелік етеді. Өйткені ХІ ғасырда қимақ қағанаты құлайды. Қыпшақтар Каспийден Сырдарияға дейінгі жерлерді басып алады. ХІ-ХІІ ғасырларда Орта Азиядағы түркі тілдес тайпалардың ішінде халқы көбі осы қыпшақтар болды. Оғыздарды Сыр, Арал, Каспий бойынан қыпшақтар ығыстырды. ХІ ғасырдың екінші ширегінен бастап жазба деректерде «Оғыздар даласы» Дешті Қыпшақ деп атала бастады. Ал, орыс жылнамаларында қыпшақтарды «половецтер» деп атаған. Сондай-ақ, қыпшақ мемлекеті араб деректерінде «Дешті Қыпшақ қағанаты» деп аталынды. Хандықта билік әкеден-балаға мұрагерлікпен беріліп отырды. Хандық биліктің орталығы «Орда» деп аталды. Әскери басқару жүйесі оң және сол қанат болып бөлінді. Оң қанаттың орталығы Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласы. Сол қанаттың орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласы еді. Жалпы, қыпшақ бірлестігіне түрік тілдес қимақ, оғыз, құман, ежелгі башқұрт тайпалары да енген. ХІІ ғасырдан бастап Арал маңына билік жүргізген кезде құрамында қаңлылар, қарлұқтар мен жікілдер де болған. ХІ ғ. Қыпшақтар Русь, Византия, Венгрия халықтарымен жан-жақты алыс-беріс жасай бастады. Қыпшақ хандары «Елбөрілі» тайпасынан ғана сайланды. Шыңғыс ханның Отырарды ойрандауынан кейін де қыпшақтар тарихтағы өз орнын жоғалтқан жоқ. Қыпшақ хандығы құлағанымен, оның халқы мүлде жойылып кеткен жоқ. Олар өздерінің тарихи дамуын жалғастыра берді кейін қазақ халқының этникалық құрамының негізгі бір бөлігіне айналды.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Қыпшақтар негізінен мал шаруашылығымен және ішінара егіншілікпен де айналысқан. Төрт түлік малдың барлығын дерлік өсірді. Әсіресе жылқы мен қойдың маңызы жоғары тұрды. Жылқы қыпшақтардың мүліктік жағдайын анықтайтын негізгі байлық көзі саналды. Қыпшақтар асыл тұқымды сәйгүлік жылқыларды Иран, Египет саудагерлеріне 100-500 динарға дейін саудалап отырған. Түйені көлік ретінде пайдаланды. Оларда тұрмыстық кәсіп, қолөнер де жақсы дамыған.

Сонымен қатар қыпшақтарда ағаш шеберлері, темір ұсталары қалыптасып, зергерлік те жақсы дамыған. Қыпшақтар егіншілікпен де айналысқан. Негізінен тары өсірген, аздап бидай мен арпа да еккен. Бұл жайында Әл-Омари мен еврей саяхатшысы Петахья да өз естеліктерінде келтірген. Қыпшақтар арасында аңшылықпен де айналысқандар болды. Арқар, тауешкі, ақбөкен, бұғы, құлан аулаған. Аңдарды тамақ үшін, сонымен қатар бағалы терісі үшін аулаған.


§ 15.Қарахан мемлекеті (942-1212 жж.)


Х ғасырдың орта шенінде Жетісу мен Шығыс Түркістан аймағында Қарахан мемлекеті құрылды. Қарахан мемлекетінің құрылуына Жетісу жеріндегі қарлұқтың шігіл, яғма тайпалары зор рөл атқарды. Орталығы Баласағұн қаласы болды. Қарахан әулетінің негізін салушы – Сатұқ Боғра хан. Боғра хан елді түрік кезеңінде басқарды. Қарахандар әулеті Яғма тайпасының өкілдерінен болды. Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына жікіл, яғма, қарлұқ, оғыз, қаңлы, үйсін сияқты түркі тілдес тайпалар кірген. Қарахан мемлекетінің құрылуын тездеткен жағдайлардың бірі – қарлұқ қағанатының ыдырауы болатын.

Қарахан мемлекетінде жер иеленуді «Иқта», ал иеленушілерді «иқтадар» (парсы сөзі) деп атаған. Арабша жерді иеленушілерді «муқта» деп атаған. Қарахан мемлекетінде 955 жылы Сатұқ-Боғра хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына Мұса отырады. 960 жылы Мұса хан ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады. Ондағы мақсат мемлекет іргетасын нығайту еді. 960 жылы Мұса өлгеннен соң билік Әли Арсланның қолына көшеді. Х ғасырдың соңында қарахандықтар самани әулетінің иелігінде Испиджаб, Самарқан және Бұқар қалаларын басып алады. Әли Арсланның баласы Насыр ибн Әли Х ғасырдың соңында бүкіл Мауреннахр жерін бағындырады. ХІ ғасырдың 30 – жылдарында Қарахандар мемлекеті шығыс және батыс бөліктерге бөлінді. Батыс бөлікке-Мауреннахр, Ходжент жерлері кірді. Астанасы Бұхара қаласы болды. Кейін Самарқантқа ауысты. Шығыс бөлікке Жетісу, Шығыс Түркістан жерлері, Тараз, Испиджаб, Шаш қалалары кірді. Орталығы Баласағұн, кейіннен Қашғар қаласы болды.

Қарахандықтар мемлекетіндегі билеушілер өз аттарынан теңге шығара алды. ХІ-ХІІ ғғ. Қарахандықтар мемлекеті өзіне Мәуреннахр мен Жетісу жерлерін қосып алды. Екі қағанатқа бөліну кезеңі жарты ғасырға жуық созылды. Қарахан мемлекеті алғашқы кезде түрік қағанатының дәстүрлерін жалғастырғанымен, оны экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қайталауды жөн көрмеді. Бұл мемлекет Орта және Алдыңғы Азияның түрік империясында жедел әрі толық дами бастады. 1141 жылы Қарахан мемлекетінің екі хандығының да билігі қарақытайлар қолына көшті. Шаруашылығы мен мәдениеті. Қарахандар кезеңінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік өңірлеріндегі халықтар негізінен көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру алдыңғы орында болды. ІХ-Х ғасырларда Қарахандықтардың бір бөлігі отырықшылыққа және егін шаруашылығына бет бұрды, сөйтіп қала мәдениетіне көшті. Егіншілікпен қала маңын қоныстанған халықтар айналысты. Қарахандықтарда төрт түлік малдың барлығы өсірілді. Жүсіп Баласағұнның дерегі бойынша қарахандықтарда жылқы малының маңызы зор болған. Ал, діни қызметкерлер мен әскери адамдар ірі жер иеліктерін өз қолдарына шоғырландырған. Қарахан дәуірінде қала мәдениеті ерекше дами түсті. Қала мәдениетінің дамуы қолөнердің өркендеуіне барынша әсер етті.

Әсіресе қарахан дәуірінде құрылыс заттарын, зергерлік бұйымдарды, құмыра жасау ісі кең етек алды. Қарахан мемлекетінде ислам дінінің енуі қарахандықтардың мәдениетіне де біршама әсерін тигізді. Ислам діні қала мәдениетінің дамуына маңызды рөл атқарды. Қалаларда мешіттер көптеп салына бастады. Ең алдымен араб жазуы Қазақстан жеріне кең тарай бастады. Қарахан мемлекетінде сәулет өнері әсіресе Х-ХІІ ғасырларда шарықтады.

Сол кездегі сәулет өнері ескерткіштерінің бірі – Қарахан кесенесі, Айша бибі, Алаша хан, Бабаша хатун, Сырлытам күмбездері, Әулие ата мазарлары қарахандықтар сәулет өнерінің нағыз туындылары. Қарахан мәдениетінің ірі орталықтары – Тараз, Испиджаб қалалары болған. Ортағасырлық жазушылар Таразды «Саудагерлер қаласы», Испиджабты «Саудагерлер кен бұлағы» деп жырлаған. Қарахан дәуірінде әдебиеттің дамуы да қарқын алды. Қарахан дәуірінде ұлы ғұламалар Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік», Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» атты еңбектерін жазған, өзге де атақты адамдар өмір сүрген.


§ 16.Қарақытай мемлекеті (1128-1213 жж.)


Қарақытайлар мемлекетінің құрылуы Орталық Азиядағы қидан тайпасымен тығыз байланысты. ІV ғасырдың жазба деректерінде қидандар монғол тілдес тайпа ретінде көрсетіледі. Қарақытай билеушісі Елюй Дашы Жетісуда өз мемлекетін 1128 жылы құрды. Бұл мемлекет 1128-1213 жылдары өмір сүрді. Жетісудағы жергілікті түркі тілдес халықтармен араласып кеткен қидандар «қарақытай» деп атала бастады. Ал, 1141 жылы Қарахан мемлекетінің екі хандығының да билігі қарақытайлар қолына көшті.

Сөйтіп ХІІ ғасырдың 30-40 жылдары қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағы, Бұхара мен Самарқант, сондай-ақ Мауреннахр аймағы қарақытайлардың қол астына қарады. Бұл мемлекеттік бірлестіктің шекарасы тұрақсыз болды саяси ахуалдарға байланысты өзгеріп отырды.

ХІІ ғасырдың ортасынан бастап қарақытай билеушілері салық саясатын өзгертіп, барынша қатал тәртіп орнатады. Осыдан кейін ашық тонау, бейбіт елді ойрандауға көшеді. Бұл саясат халықтың наразылығын тудырып, мемлекеттің ішкі жағдайына әсер етті. Мемлекетті саяси дағдарысқа әкеліп тіреді.

Қидандардың ел басшысы «гурхан» титулын иеленді, ол «хандардың ханы» дегенді білдіреді. Гурхан әскерде қатаң тәртіп орнатып, тұрғындарды тонауға тиым салды, тұрақты салықтарды бекітті. Гурхан өзінің ордасын Баласағұн түбіндегі Құз-Ордада құрды. Елюй Даши 1143 жылы қайтыс болды, енді билік гурханның жесірі Табуянға ауысты, ал 1150 жылы оның ұлы Елюй Иле гурхан тағын иеленді.

Оның кезінде алғашқы рет халық санағы жүргізілді, 84 мың отбасы тіркелді, сірә бұл Сырдария мен Еміл арасын қоныстанған тұрғындар болуы керек. Иленің өлімінен кейін 1163 жылы елді Елюй Дашидың қарындасы Бугусан басқарды. Ал, 1169 жылдан 1203 немесе 1214 жылға дейін билеуші болған ең соңғы гурхан Чжилугу (Чжулху) кезінде бұл аумақта іргелі өзгерістер жасалды.

Қазақстанның біраз бөлігін қарамағына қаратып, мемлекет құрғанымен қарақытайларда ішкі мемлекеттік басқару жүйесі аса мықты болмады. Билік мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Бір ерекшелігі қарақытайларда әйел адамдар да мұрагерлік жолмен ел басқару құқығына ие болған. Қарақытайлардың әскери жүйесі біршама мықты болды.

Орталықтан басқаруды жергілікті жерге беру айналып келгенде қарақытай әскербасыларының шын мәнінде автономиялық, яғни дербес билеушілер болуына әкеп соқты. Ал, 1212 жылы монғолдардан ығысқан наймандар Күшілік ханның басқаруымен осы аумаққа қарай лап қойды.

Осылайша, ХІІІ ғасырдың басында наймандар қарақытайларды Жетісу өңірінен ығыстырды. Ал, 1211 жылы Күшілік хан қарақытай билеушісін құлатты. 1211-1213 жылдары Жетісудағы билік найман билеушісі Күшілік ханның қолына өтті.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Көшпелі мал шаруашылығына өтудің басты алғышарттарының бірі бақташылар мен жер өңдеушілердің арасындағы еңбек бөлінісі. Қарақытайлар шаруашылықтың екі саласымен де айналысты. Талас, Шу өзендері алабында мал және егін шаруашылығымен шұғылданып, аң, балық аулаған. Қолөнер кәсібімен айналысқан. Қарақытайлар уақыт өте келе Орталық Азиядағы саяси оқиғаларға байланысты жергілікті түркі тілдес халықтарға сіңісіп кеткен. Негізгі ұстанған діні – буддизм.


§ 17.Найман мен керей ұлыстары


Наймандар-ежелгі түрік тайпаларының бірі. Наймандар Ертіс өзенімен Орталық Монғолия арасындағы жерлерді мекендеген. Монғол тілінде найман сөзі «сегіз» деген мағынаны білдіреді. Наймандар керей, меркіт, қырғыздармен көрші болған. ХІ ғасырдың бас кезінде наймандар христиан дінін қабылдады. Мұның өзі наймандардың ертефеодалдық кезеңде басқа мемлекеттермен және халықтармен этно-мәдени байланыста болғанын дәлелдейді. Қидандар мемлекеті құрылғаннан кейін наймандар оның құрамына кірген, бірақ Елюй Даши өлімінен кейін тәуелсіздік алып, өздерінің билеушісі етіп Инанч-Білге Буху ханды тағайындады. Наймандар ХІІ ғасырдың ортасына қарай өзінің мемлекетін құрды.

Найман мемлекеті батысында керейлерден бастап, Батыс Монғолия мен Шығыс Қазақстан аумағын мекендеді. ХІІ ғасырдың соңында ХІІІ ғасырдың басында найман хандығы екіге бөлінді, оны Инанчтың екі ұлы: Даян хан мен Бұйрық хан басқарды. 1204 жылы монғолдар Даян ханды, 1206 жылы Бұйрық ханды талқандады. Кейін елді Даянның ұлы Күшлік хан басқарды. Күшіліктің қуаты тез күшейді. Ал, наймандардың Қазақстанның жеріне қоныстануы ХІІ ғасырдың соңында болатын. Найман конфедерациясына сегіз тайпа кірді. 1208 жылы Монғолиядан ығыстырылған наймандар Жетісуға ауып келді. Ал, ХІІІ ғасырдың басында наймандар қарақытайларды Жетісу өңірінен ығыстырды. 1218 жылы монғолдар наймандарды талқандап, қашып кеткен Күшлікті Бадахшанда өлтірді. Шығыс Түркістан мен Жетісу монғолдардың қол астына өтті.

Қазақ халқын құраған түрік тілдес ірі тайпалардың бірі – керейлер. Тарихта керейлер жайлы алғашқы жазба деректер Х ғасырдан бастап белгілі. Жалпы керейлердің шығу тегі туралы ғалымдар әр түрлі пікір ұстанады. Біреулері монғол типтес десе, енді біреулері ежелгі түрік тайпасы дейді.

Керейлер туралы алғашқы мәліметтер олардың христиан дінін қабылдануына орай ХІ ғасырдың төртінші ширегінде кездеседі. Керейлер Солтүстік Монғолиядағы Орхон, Селенга және Керулен өзендерінің жағасын мекен еткен. Керейлердің батысында найман, ал солтүстігінде меркіттердің тайпалық бірлестігі болды. Керейлер орта ғасырда ірі мемлекет ретінде қалыптасты. Астанасы Орхон өзенінің жағасындағы Қатын-балық қаласы болған. Керейлердің билеушісі Тұғырылхан Шыңғыс ханның әкесі Есукей батырдың досы болған. Шыңғысханның әскерінен жеңілген керейлер Шығыс Қазақстан, Алтай өңіріне өтеді. Кейіннен Алтын Орда мен Ақ Орданың құрамындағы тайпалардың бірі болады. Керейлерде салық жинаушыларды «шерби» деп атады. Керейлер Ашамайлы және Абақ керей деп екі тармаққа бөлінді. Керейлердің этнонимі Қара теңіз жағалауындағы далалық жер атауларында кездеседі. Керейлердің екінші бір бөлігі Солтүстік Қазақстанда қалып, Орта жүз қазақтарына (қара-керей, абақ-керей) атауымен енді, сөйтіп бұрынғы «кереит» деген этноним атауындағы «т» жалғауы алынып қалды. Бұл кезде Орта Азия, Жетісу және Қашқария жерінде өзіндік жаңа этникалық түрге айналып, жаңарған әлеуметтік, экономикалық құрылымдар, рухани мәдениет қалыптасты.

Соның нәтижесінде феодалдық мемлекет құрылып, түрік тайпалары отырықшылыққа көше бастады, қалалар салынды. Өкінішке қарай монғол шапқыншылығы осындай жүйелі дамудың табиғи процесін бұзып кетті. Жалпы, алғашында керейлер мен монғолдар тату қатынаста болады. Кейін біртіндеп күшейе бастаған Темучин керейлер жерін басып алуды көздейді. 1203 жылы Темучин керейлерге шабуыл жасап бағындырады. Керейлердің басым бөлігі батыс аймақтарға қоныс аударады.

Керей орта жүздің бас тайпаларының бірі. Қазіргі кезде керейлер Қазақстаннан басқа ТМД, Қытай, Монғолия, Түркия сияқты мемлекеттерде өмір сүруде.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Наймандар мен керейлердің шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болды. Себебі олардың мекен еткен жерлері шаруашылықтың бұл түрімен айналысуға өте қолайлы болған. Төрт түлік малдың барлығы да өсірілген. Әсіресе жылқы өсірудің маңызы ерекше саналды. Қойдың да маңызы жылқыдан кем түспеді. Мал шаруашылығынан басқа олар аң аулауды және балық аулауды кәсіп еткен. Қолөнер де гүлденді. Сонымен қатар, қолөнершілері ат әбзелдерін, арба, қару-жарақ жасай білген. Күнделікті тіршілікке қажетті заттардың барлығын дерлік аталмыш тайпалар өздері жасаған. Наймандар Орталық Азия шығысындағы көшпелілердің ең өркениеттісі болды. Орхоннан Алтай, Іле, Жетісу, Ұлытауға дейінгі кең өлкеде Ақбалық, Шамбалық, Қаялық (Қойлық), Бесбалық, Найман Сум қатарлы қалалар салды. «Тамғалы тас» ескерткіші олардың жазу мәдениеті болғандығын дәлелдейді. Олар ежелгі ұйғыр жазуын қолданған.


§ 18.VI-XIIІ ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті


Ерте орта ғасырларда Қазақстан жерін мекендеген халықтар – негізінен түркі тілдес халықтар. Түркі тілдес халықтармен қатар Қазақстан жерінде басқа тілдік топтар да өмір сүрді. Сонымен қатар Қазақстан жерінде Иран (соғды) тілдес, Сирия тілдес, Араб тілдес халықтар тобы өмір сүрді. VІ ғасырлардан бастап түркі тілдес тайпалардың өз жазулары болды. Бұл жазу ғалымдардың пікірінше соғды жазуына ұқсас. Көне түрік жазуларының ескерткіштері Монғолия жерінен табылды.

VІ-Х ғасырларда Қазақстанда соғды жазуы мен тілі кең қолданылған. Бұл жазу Тараз, Баласағұн, Испиджаб қалаларында кең тараған. Оңтүстік Сібір, Алтай-Саян, Қазақстан жерлерін ежелгі түрік тайпалары мекендеген. Олар түрік тілінде сөйлеп, көне түрік жазуымен жазған. Көне түрік әліппиі 35 әріптен тұрған. Түріктердің әліппиі өздерінің ру-тайпаларының таңбалары негізінде жасалған. Көне түріктердің негізгі жазуы «руна» жазуы деп аталған. Ал аса бағалы тарихи ескерткіш болып саналатын руна жазуы бар құлпытасты ХІХ ғасырда Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің маңынан Н.М.Ядринцев тапқан. Құлпытастағы жазуды түркітанушы В.В.Радлов пен дат ғалымы В.Томсон ажыратқан.

Бұл жазу «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады. Түрік жазба әдебиетінің көне ескерткіштері «Күлтегін» және «Тоныкөк» жазулары. Бұлар-нағыз тарихи дастандар. Мұнда түрік қағанатының құрылуы мен дәуірленуі, ақырында күйреуі жайында айтылады. Дастандардағы тарихи суреттер әдеби-көркемдік тәсілдермен өрнектелген.

VІІІ-ІХ ғасырларға жататын әдеби шығармалар «Қорқыт ата» кітабы мен «Оғызнама» дастаны. Бұл шығармалар алғаш VІІІ ғасырда ауызша айтылып, ел ішінде кең таралса, тек ХІ ғасырдан бастап қағазға түсе бастаған. «Қорқыт ата» кітабы 12 жылдың қосындысынан тұрады. Бұл шығарма аты аңызға айналған атақты ақын, қобызшы Қорқытқа байланысты. Қорқыт есімі түрік тілдес халықтар арасында кеңінен мәлім. Қорқыт күмбезі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында тұрғызылған.

Ал, «Оғызнама» біздің дәуіріміздің ІІ ғасырындағы тарихи оқиғаларға байланысты туған. Бұл әдеби шығарма VІ ғасырда парсы тіліне, ІХ ғасырда араб тіліне аударылған. «Оғызнаманың» ескі нұсқасын ХІІІ ғасырда бірінші жазып қалдырған тарихшы Рашид ад-Дин. Одан кейін ХVІІ ғасырда толық жазған – Әбілғазы хан.Шығарманың идеясы ерлікті, бірлікті уағыздайды. Сонымен қатар, ерте орта ғасырда түрік тіліндегі ауыз әдебиетінің әртүрлі жанрларының (мақал-мәтел, жоқтау, тағы басқалар) дамуына байланысты әдеби тіл мен жазба әдебиеттің дамығандығын көруге болады.

Х ғасырдан бері қарай Оңтүстік Қазақстанда ислам діні кең дами бастады. Сайрам, Отырар, Түркістан тағы басқа қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады. Әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылды.

Әбу Насыр әл-Фараби(870-950 жж.) Отырар қаласында туған. Осы қалада қыпшақ тілінде білім алған. Толық аты-жөні әл-Фараби Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан. Яғни әкесінің аты – Ұзлағ, ал арғы атасының аты – Тархан. Асқан білімділігімен «Шығыстың Аристотелі» атанған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск (Шам) қалаларында игерген. Сондай-ақ, Бұхара, Самарқан, Александрия қалаларында өз білімін жетілдірген.

Ол – философ, математик, тарихшы, физик, астроном, бір сөзбен айтқанда асқан дарын иесі. Араб, парсы, грек тілдерін еркін меңгерген. Сол себепті Әбу Насыр әл-Фараби өз шығармаларында араб, парсы, грек, үнді, түрік мәдениетінің жетістіктерін талдап, жақындастыра білді. Мұны «Үлкен музыка кітабы» атты еңбегінен де байқауға болады. Сайып келгенде, әл-Фараби «Қайырлы қала тұрғындарының кітабы», «Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы», «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Жұлдыздар бойынша болжаулар» тағы басқа еңбектері жарық көрген.

әл-Фараби Архимед, Аристотель, Евклид, Пифагор еңбектерін зерттеген. Білімнің әр түрлі салаларын қамтитын 160 трактат жазған. Ол 80 жасында Дамаск (Шам) қаласында қайтыс болады.

Қожа Ахмет Яссауи(1103-1167 жж.) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибраһим атақты ғұлама адам болған. Шешесі-Мұса шайқының қызы Айша. (бір деректерде – Қарашаш). Алғаш әкесінен оқып сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат-қағидаларын үйренген. Бала кезінен Ясы қаласын мекен етеді. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алып, Ясыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Ахмет Яссауи өзінің ұстазы Арыстан бабты пір тұтады. Өмірінің көбі Сайрам мен Ясы (Түркістан) қаласында өтеді. Қожа Ахмет Яссауи 17 жасынан бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жазған. Ал, Қожа Ахмет Яссауиден қалған мұра оның «Диуан-и хикмет» («Даналық кітабы») болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліппиімен жазылған. Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кіші пейілділікке, имандылыққа шақырады. Түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені ХV-ХVІ ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалар өте көп. Олардың көбі Стамбул, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған.

Қожа Ахмет Яссауи Түркістанда қайтыс болды, ХІV ғасырда оның басына Әмір Темір зәулім кесене салғызды. Сондықтан бұл жер мұсылмандардың «екінші Меккесі» аталған. «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз содан қалған. Ахмет Яссауидің жолын қуған шәкірттерінің бірі-ел ішінде Хакім ата аталған Сүлеймен Бақырғани.

Жүсіп Баласағұни (1021-1075 жж.) толық есімі Жүсіп Хас Хажип Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады. Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлеген. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық «Құтты білік» дастанын Қарахан әулетінен шыққан Тағаш Қара Боғраханға арнады. Бұл үшін ақынға Хас Хажип (Сарай министрі) атағы берілді. Ол өзінің атақты «Құтты білік» атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. «Құтты білік» – ХІ ғасырға дейінгі түрік тілді халықтардың қоғамдық ой-санасында орын алған, терең мазмұнды ғылыми еңбек. Онда әдеби тілдің тамаша үлгілері көрініс тапқан. Поэманы 1896 ж. К.Керимов өзбек тіліне аударды. 1971 ж. Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен еркін аударма жасады. Ал 1983 ж. С.Н.Иванов «Благодатная знание» деген атпен орыс оқырмандарына ұсынды. Ал 1986 ж. бұл дастанды ақын А.Егеубаев қазақ тіліне аударды.

Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген. Жүсіптің ақын ретінде де, ғалым ретінде де атын шығарған еңбегі «Құтты білік», «Құтадғу білік» атты дидактикалық поэмасы. Шығармада философия, астрономия, медицина, тіл білімдері жайында да мәліметтер кездеседі. Түрлі кәсіп иелерінің өмірлері де суреттеледі. Автор еңбегін 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашғар қаласында аяқтаған. Жалпы «Құтты білік» поэмасы түрік тіліндегі энциклопедиялық шығарма болып табылады.

Махмұд Қашғари (1030-1090 жж.) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашғари. Ол Қашғар қаласында туып Баласағұн қаласында өмір сүрген. Махмұд алғаш Қашғар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алды.

Араб тілін жетік білген.Түрік филологиясы мен философиясының ғұлама білгірі. Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрк» деген әйгілі еңбегі бар. Кітапта ХІ ғасырда өмір сүрген түркі тайпалары жайында мәліметтер көптеп жазылған. Бұл кітапта бүгінгі ғалымдар сол кездегі түріктердің мекен-жайларының аты-жөні, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. Бұл еңбекте тарихшылардың назарын өзіне аударған шығармадағы дүние жүзінің түрікше картасы. Кітапта 400 мақал-мәтел бар. Махмұд Қашғари оны 1072-1074 жылдары Халиф Әл-Мұқтадиға арнап құрастырған. Бұл кездегі әдеби шығармалардың дамуына жаңадан тарай бастаған ислам дінінің әсері мол болды.

Ахмет Йүгінеки (ХІІ ғ.) Түркістан қаласы маңындағы Жүйнек деген жерде дүниеге келген. Әкесі Махмұд ақын болған. Ахмет араб, парсы сияқты шығыс тілдерін жетік меңгерген. Өз заманының қадірлі де беделді адамы болған. Білімпаздығы үшін «Әдиб Ахмет» (оқымысты деген сөз) атаныпты. Қожа Ахмет Яссауйдың шәкірті. Ол түркі халқы әдеби тілінің қалыптасуына ықпал еткен. Ахмет ЙүгінекиХІІ ғасырда «Хибату-л-хақайық», яғни «Ақиқат сыйы» деген еңбек жазды. Кітап 466 жол өлеңнен тұрады, 20 шақты тақырыптарға бөлінеді. Еңбекте ақиқат, адамгершілік сияқты рухани ойларды қамтиды. Ақынның осы атақты кітабының қолжазбасы Стамбұл мешітінде сақталған. Шығармалары 1444 жылы Арслан, Әмір мен 1480 ж. түрік ғалымы Нәжит Асыл жасаған көшірмелермен белгілі. Түрік тілінде алғаш рет Рашид Рахмети Арат жариялады. Ал қазақ тіліндегі транскрипциясын Әмір Нәжит (1981 ж.) жасады.

Майқы би (Майқы Мәнұлы) ХІІ ғ.соңы - ХІІІ ғ.орта шенінде өмір сүрген. Майқы би атақты би, суырып салма ақын болған. Әкесі-Мән. Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18 атасының да есімі Майқы болған. Шыңғысханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны әулие деп те атаған, себебі, ол адам тағдыры мен оқиғаларды болжай білген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген нақыл бар. Майқы би ұзақ өмір сүріп, 120 жасында қайтыс болған.




§ 19.VІ-ХІІI ғасырлардағықалалар


Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған көптеген қала Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды. Олар мыналар:

- Шахристан қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.

- Рабад қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.

- Цитадель болса, қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.

VІ-ХІІ ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Тараз, Отырар, Сауран, Құлан, Суяб, Мерке, Қойлық, Үзкент, Сығанақ, Испиджаб, Ясы (Түркістан), Баласағұн тағы басқалар. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қаланың орнын анықтаған. Осы қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпенділер есебінен көбейіп отырған.

Испиджаб – Оңтүстік Қазақстандағы орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Орны қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде, қазіргі Сайрам кентінің оңтүстік-батысында орналасқан. Қала жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Испиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Испиджабтың кейінгі аты. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджаб сауда орталығы ретіндегі рөлі Х-ХІІ ғасырларда күшейді. ХІ ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб ІХ-Х ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Испиджаб ірі діни орталық болған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған. Ең ежелгісі – Падишаһ Мәлік баба мазары. Табылған ескерткіштер ІХ-ХVІІІ ғасырларға жатады. Жалпы, Испиджаб қаласында 40 мың адам тұрған.

Тараз - Ұлы жібек жолы бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз - ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», - деп жазған. Тараз қаласында 10 мың адам тұрған.

Ясы (Түркістан) – қазіргі Түркістан қаласының орнында болған ежелгі қала. Сырдария өзенінің оң жағалауында, Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан. Қаланың іргесі біздің заманымыздың V-VІ ғасырларында қаланған. Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады. ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. ХІІ ғасырдың бірінші ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген (кейін Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Яссауиге VІІ ғасырда мазар салдырған). Қаланың Ұлы Жібек жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы, табиғи-географиялық жағдайының қолайлығы, сонымен бірге адамдардың Қожа Ахмет Яссауи мазарына тәу етуі, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті. Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді.

Сығанақ«Болса тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай». Бұл - орта ғасырдағы түрік ойшылы Ғисамеддин әл-Сығанакидің айтқан сөзі. Сығанақ қаласы Сырдария бойында орналасқан ортағасырлық ірі сауда орталығы. VІІ ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды. Сығанақ жайлы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемда» кездеседі. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ хорезмшаһ Текештің қол астында болған.1219-1220 жылы Сығанақты Жошының әскері қоршап алады. Қала тұрғындары берілмей, олардың елшілерін өлтіріп, күшті қарсылық көрсетеді. Жеті күндік толассыз шабуылдан кейін жау қаланы басып алып, тұрғындарын түгел қырып тастайды. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қала қайта жанданады. Жошы ұрпақтары кезінде Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған. ХV ғасырдың 70-жылдары қаланы қазақ ханы Керей иеленді. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды. ХV-ХVІІІ ғасырларда қала бұрынғысынша сауда орталығына айналды. Оны орыс саудагерлері мен елшілері жақсы білген. Сығанақ ХVІІІ ғасырға дейін жеткен. Қаланың қазіргі орны Сунақ-ата деп аталады. Археологтар Сығанақ қаласының маңынан ертедегі су құбырының іздерін тапқан.

Баласағұн - ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша, Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп те аталған. Баласағұн қаласында 10 мыңдай адам тұрған.

Сауран – Оңтүстік Қазақстанның орта ғасырлардағы ірі қалаларының бірі. Қазіргі Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран – жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазылған. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың орталық қалаларының бірі болды. ХІV ғасырдың аяғында Әмір Темір қаланы әскери қамалға айналдырған. Сауран ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырда біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қаласының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары сақталған. Аумағы 550-800 м. дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Археологтар жүргізген зерттеу жұмыстары қаланың VІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүргендігін дәлелдейді.

Отырар (Фараб) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы ежелгі қала. Отырар VІІІ ғасырдың басында Тарбанд деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған түрік сына жазбаларында кездеседі. Отырар ІХ ғасырдадың өзінде-ақ ірі қалаға айналған. V-ХV ғасырларда Отырар Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталық, сондай-ақ, Иран және Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала. 1218 жылы Мұхаммед Хорезмшаһтың Отырардағы билеушісі Қайыр ханның әмірімен Шыңғыс хан керуеніндегі көпестер өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орта Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын «Отырар апаты» деген атпен белгілі. Ақ Орда хандары, әсіресе, Ерзен хан мұнда медресе, мешіт, кесенелер салған. Жошы ұлысы құлағаннан кейін Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірген. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына аттанарда (1405 жылы) осында дүниеден өткен. ХVІ ғасырдың басында қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен ХVІІІ ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Отырар қаласында 16 мың халық тұрған. Қазір Отырар орнында археологиялық қазба жұмыстар жүргізілуде.


§ 20.Қазақстанның орта ғасырлардағысәулет өнері


Сәулет өнері орта ғасырлардағы түріктер дәуірінде жақсы өркендеген. Қалаларда, қоныстарда архитектуралық құрылыстар, мешіттер көптеп салынып. Сәулет өнерінің өркендеуіне Х-ХІІ ғасырларда ислам дінінің кең қанат жаюы үлкен әсер етті. Ислам дінінің енуіне байланысты бірнеше діни құрылыстар салынып кесенелер тұрғызылды. Оларды атап айтар болсақ:

- Бабаша хатун кесенесі- бұл кесене Х-ХІ ғасырларда салынған аса қадірлі сәулет өнерінің туындысы. Кесене Тараз қаласының маңында орналасқан.

- Айша бибі кесенесі ХІ-ХІІ ғасырларда тұрғызылған. Кесене Тараз қаласына жақын жерде орналасқан. Төбесі күмбезделген, әсем ою-өрнектермен безендірілген бағаналары бар. Бұл кесене-Қарахан мемлекетінің сәулет өнерінің туындысы.

- Қарахан кесенесі сол дәуірдің үлкен сәулет өнерінің туындысы. Ол Тараз қаласының маңында орналасқан. ХХ ғасырдың басында бұл кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде кесененің бұрынғы жобасы, ою-өрнектері өшіп кеткен.

- Сырлытам кесенесі ХІ-ХІІ ғасырларда салынған сәулет өнерінің туындысы. Кесене Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Ғимараттың күйдірілген кірпіштен салынған күмбезі бар.

- Арыстан баб кесенесі - Отырар қаласының батыс жағында 3 шақырым жерде, Сырдария өзеніне жақын орналасқан. Кесенеде 2 бөлме бар. Ел аузындағы аңыз бойынша, Арыстан баб VІІ-VІІІ ғасырларда өмір сүрген. Қожа Ахмет Йассауидің рухани ұстазы болған. ХІV ғасырда құлап қалған күмбезді Әмір-Темір қайта салғызды. ХІХ ғасырда кесене бірнеше рет жөндеуден өткен.

- Қожа Ахмет Йассауи кесенесі - ХІV- ХV ғасырлар аралығында Әмір-Темірдің бұйрығымен салынған сәулет өнерінің тамаша бір үлгісі. Ол ислам дінінің көрнекті өкілі, әрі уағыздаушы, әрі ақын. Кесене Түркістан қаласының дәл ортасында салынған.

Тараз, Отырар, Баласағұн қалаларындағы моншалар да ірі сәулет өнері ескерткіштеріне жатады. Мысалы, Отырар моншасы-ХІ ғасырда салынған ірі ескерткіш.

ХІІІ ғасырда Монғол шапқыншылығы сәулет өнерінің дамуына үлкен нұқсан келтірді. ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалалық отырықшылық мәдениеттің жандана бастауының нәтижесінде ХІV- ХV ғасырларда ірі сәулет құрылыс жүйелері салына бастады.




§ 21.Ұлы Жібек жолы


Ұлы Жібек жолы ежелгі және орта ғасырлардағы континент аралық жол, ол Еуропа мен Азияны байланыстырған. Еуразияны бөліп Қазақстан аумағын басып өтетін Ұлы Жібек жолының тарихы өте ертеден басталды. Ұлы Жібек жолы-Жерорта теңізі маңындағы батыстық мәдениеті дамыған өркениетті елдерден Қытайға дейін баратын сауда-керуен жолы. Жібек жолымен ең алғашқы сауда байланысы б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларда жасалған. Бұл сауда жолының Жібек жолы атануында үлкен мән бар. Себебі алғашқы негізгі тауары жібек (Қытай) болған.

Б.з.д. ІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының басты сауда дипломатиялық жолы ретінде аты шығады. Ұлы Жібек жолы Алтай, Памир, Тянь-Шань, Сырдария, Әмудария жерімен өткен. Ұлы Жібек жолының VІ-VІІ ғасырлардағы ең гүлденген бағыты Қытайдан Жетісу жеріне Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін батыс бағыты. Орта ғасыр саудасындағы ең құнды тауар жібек болған, оның құны алтынмен бағаланған. Жібек жолында Византиялық алтын солид үлкен сұраныста болып, ол халықаралық валюта ретінде кеңінен пайдаланылды. Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Самарқан, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Талхиз, Үргеніш, Испиджаб, Шаш, Весидж, Шауғар тағы басқа ірі ортағасырлық қалалар орналасқан. Кейін ХІІІ-ХІV ғасырларда Жібек жолының саяси-экономикалық маңызы одан сайын артқан.

Жібек жолының маңызы. Ортағасырлық Жібек жолының маңызы мынандай: бірінші, отырықшы және көшпелі мәдениет бірін-бірі байытты, екінші, қала саны артты, үшінші, сыртқы байланыс дамыды, төртінші, сауда-саттық кеңейді. сондай-ақ Жібек жолы бойындағы елдердің әдебиеті мен өнері бір-біріне әсер етіп, өзара байыды. Жібек жолы Қазақстан мен Орта Азияда мәдени-экономикалық жағдайдың өрлеуіне ықпал етті. Жалпы, Жібек жолымен 2000 жылдан астам уақыт бойы сауда керуендері жүрген. Жібек жолымен шығыстан будда, батыстан христиан діні таралған. Жібек жолы сауда жолы ғана емес, көшпелі, отырықшы халықтар мәдениетінің даму, таралу жолы болды. Ұлы Жібек жолы ХІV-ХV ғасырларға дейін пайдаланылды. Ал кейін Теңіз сауда жолының пайда болуына байланысты Жібек жолы өзінің маңызын жоғалтып, өмір сүруін тоқтатты.




ІV ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН МОНҒОЛ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ

ДӘУІРІНДЕ


§ 22.Монғол мемлекетінің құрылуы


ХІ-ХІІ ғасырда монғол тайпалары Орхон мен Керуленге қоныстанды. ХІІІ ғасырдың басында Қытайдың солтүстігіндегі ұлан-ғайыр территорияда Монғол мемлекеті құрылды. Боржігін тайпасынан шыққан Темучин (1155-1227 жж.) бытыраңқы монғол тайпаларын біріктіріп, монғол патшалығын құрған. Темучиннің әкесі - Есукей батыр.

1206 жылы Монғолияның Онон өзенінің жағасында болған құрылтайда ақсүйек, шонжарлар Темучинге «Шыңғыс хан» деген атақ беріп, оны Монғол мемлекетінің ұлы ханы деп жариялайды. Монғол империясының астанасы Қарақорым болды. Шыңғыс ханның мақсаты аса күшті әскери-феодалдық мемлекет құру еді. Әскер күші 3-ке бөлінді: оң қол, сол қол және орталық. Әскерлер жүздікке, мыңдық, түменге бөлінді. монғол феодалдары «ноян» деп аталды. Шыңғыс хан көшпелі ақсүйектердің талабын орындау үшін, дүние жүзіне атын шығару үшін, ішкі тартыстарды тоқтату үшін және әлемді билеу үшін шапқышылық жолына түсті. ХІІІ ғасырдың басынан бастап-ақ Шыңғыс хан басқыншылық соғыстар жүргізді. Таяу қоныстанған көптеген тайпаларды бағындырады. 1207-1208 жылдары монғол әскерлері Сібірдегі буряттар, якуттар мен ойраттарды, Енисей қырғыздарын жаулап алады. 1211 жылы Қытайды және оның астанасы Пекинді (Ханбалықты) бағындырды.

1217 жылы қарлұқтар Шыңғыс ханның қол астына қарайды. 1218 жылы Шыңғыс ханның сенімді нөкері Жебе ноян Жетісуға басып кіріп, найман ханы Күшлікті жеңеді. Осы жылы Шыңғыс хан Хорезм шахы Мұхаммедке бейбіт келісім жасау үшін елші жібереді. 450адамнан құралған елшілік 500 түйемен Отырарға барғанда, Отырар билеушісі Қайыр хан керуенді тонап, адамдарды өлтіреді. Бұл оқиға шыңғыс ханның Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанға басып кіруіне басты сылтау болады. Сыр бойындағы қалалар Бұхара, Самарқан, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзгент тағы басқа қалалар 1219-1220 жылдары толығымен монғолдардың иелігіне көшті.

1219 жылы қыркүйекте Шыңғыс ханның 111 мың әскері Отырар қаласын қоршады. Бұл қалың қолды Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай мен Үгедей басқарды. Қайыр хан 50 мың әскерімен Отырарды 5 ай (кейбір деректерде 6 ай) бойы қорғады. 1219-1224 жылдар аралығында Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алып, өз империясының құрамына қосты.

1236 жылы Еуропа жорығы басталды. Шыңғысханның немересі Батый монғол әскерінің қолбасшысы болды. Ол 1236-1242 жылдары Еділ бұлғарларын, орыс княздіктерін талқандап, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны одан әрі Адриат теңізіне дейінгі жерлерді жаулап алады.

1238 жылы Бұхарада Махмұд Тараби бастаған көтеріліс Шыңғыс хан қол астындағы халықтар көтерілісінің ең ірісі болды. Ұлан-байтақ өңірлерді жаулап алған Шыңғыс хан өзінің төрт ұлына ол жерлерді бөліп берді. Қазақстан территориясы үш монғол ұлысының құрамына кірді:

Төлеге (кіші ұлы) кіндік Монғолияны; Шағатайға Жетісу мен Әмудария маңын (Мауреннахр), Шығыс Түркістанды; Үгедейге Алтай, Тарбағатай, Батыс Монғолия жерлерін береді. Жошы (үлкен ұлы) үлесіне Ертістен батысқа қарай (бүкіл Дешті Қыпшақ жерін қоса) Оралға дейін, Жетісудың солтүстік бөлігі, Арал, Каспий маңындағы жерлер тиді.

Бұл бөлінген жерлер ұлыстар деп аталды. барлық ұлыстардың орталығы Қарақорым болды. Ал Қазақстан аймағы үш ұлысқа (Төледен басқа) қарады. Бұлардың ішінде ең ірісі - Жошы ұлысы, шағыны - Шағатай ұлысы.

Жошы ұлысы. Шыңғыс хан құрған алып империя аумағының басым бөлігі Жошы ұлысына қарады. Алғашқыда ұлыс территориясы Ертістен Еділге дейінгі, Сібірден сырдарияға дейінгі жерлерді қамтыды. Қазақстан жерінің басым бөлігі осы ұлыстың құрамында болды. Жошы өлгеннен кейін мирасқоры Батый (Бату) жорықтары нәтижесінде ұлыс аумағын Алтайдан Дунайға дейін созды. Бұл ұлы мемлекет Алтын Орда мемлекеті деп аталды.

Шағатай ұлысы. Жетісу, Мауреннахр сияқты өңірлерді иеленген Шағатай 1241 жылы өлді. Оның орнына баласы Есу-Мөңке хан болды. Шағатай ұлысында тақ таласы тоқтамады, өзара қырқысулар ХІV ғасырдың ортасында ұлыстың ыдырауына әкеп соқты. Шағатай ұлысының жұртына Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылды.


§ 23.Алтын орда мемлекеті


1227 жылы Жошы өлген соң оның орнына ұлы Батый отырды.1235 жылы Монғол империясының астанасы Қарақорымда болған құрылтайда Батысқа (Еуропаға) шапқыншылық жорық жасау ұйғарылды. Бұл жорық 1236 жылы басталды. Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болды. Түрік деректерінде Батый ханның әскерлері қыпшақтар деп аталды. Себебі, ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болды. Алтын Орда әскерлері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. мемлекет басындағы нояндар мен бектердің, басқақтар мен тамғашылардың қолында билік көп болды. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деп те аталды. Алтын Ордада монғолдар басым тайпа болған жоқ.

ХІV ғасырда монғолдар түркіленіп, Алтын Орданың халқы «татарлар» деп аталынған. Сонымен қатар алтын Орда Берке ханның тұсында біртұтас монғол империясынан, бөлек тәуелсіз мемлекет болды. Кейін Алтын Ордада Мөңке хан өз атынан теңге шығара бастады. Алтын Ордада ХІV ғасырдың І жартысында, Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді. Өзбек ханның тұсында 1312 жылы мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі ХІV ғасырдың ІІ жартысы.

1359-1379 жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең» кезеңі деп аталынды. Кейін Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы өз билігін соғыстағы жеңістермен бекіте түспек болып 1382 жылы Мәскеуді өртеді. Солтүстік пен Батыста Ақсақ Темірдің басқыншылық жоспарларына Алтын Орда мемлекеті кедергі жасады. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болды. Тоқтамыс пен Темір арасындағы күрес-тартыс сыпыра жыраудың жырларында бар. Алтын Ордада әскер ісін және дипломатиялық қатынастарды «беклер-бектер» басқарды. Ал, «басқақтар» алым-салық жинаумен айналысты. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді.

Алтын Орданың ыдырау себебі мыналар:

-этникалық құрамы әр түрлі халықтар бір мемлекетте тұра алмады;

-шаруашылығының өркендеуі нашар болды;

-билік үшін талас күшейді;

-езілген халықтың азаттық күресі күшейді;

Әмір Темір әскерлерінің 1389-1391 және 1395 жылдардағы жорықтары нәтижесінде Алтын Орда талқандалды. Алтын Орда ХV ғасырдың ортасына қарай біржола құлады.

Шаруашылығы және мәдениеті. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруашылығы Алтын Орда халықтарының басты шаруашылығы осы екеуі. Алтын Орда халықтары, негізінен мұсылмандар болды. Мемлекетте алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылды.


§ 24.Ақ орда


Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында орналасқан Алтын Ордадан Ақ Орда дербес мемлекет болып бөлінді. Бастапқы Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісудың солтүстік-батыс бөлігі, Ертіс жағалауы Жошының үлкен ұлы Орда-Ежен ұлысы болып, ол Көк Орда деп аталды. Ал, Жайық, Ырғыз, Тобыл, Сарысу, Арал жағалауындағы далалық, сырдарияның төменгі сағасы Жошының бесінші ұлы - Шайбан үлесіне тиіп, оны Ақ Орда деп атады. Кейін Шайбан ұлысы Орда-Ежен ұлысының құрамына енген соң мемлекет Ақ Орда деп аталынды. Ақ Орда хандығы Жошы ұлысының территориясында болды. Ақ Орданың шаңырағын көтерген хан Орда-Ежен болатын. Ақ Орданың алғашқы ханы Сасы-Бұқа болды. Бұдан кейінгі Ақ Орда хандары Ерзен, Мүбәрәкқожа Алтын Ордаға тәуелділіктен құтылуға әрекет жасай бастады. Ақ Орда Алтын Орданың құрамына дербес хандық болып Ерзен хан тұсында бөлініп шықты. Ақ Орда тәуелсіз хандық болып Орыс ханның тұсында жарияланды. Осы ханның тұсында (1361-1377 жж.) Ақ Орда айтарлықтай күшейген болатын.

Ақ Орданың қалалары: Сығанақ, Ясы (Түркістан), Сауран, Жент, Баршынкент, Отырар. Астанасы - Сығанақ қаласы. Ақ Орда мемлекеті қазақ жерін түгел қамтыды. Тайпалары: қыпшақ, керей, найман, арғын, қоңырат, жалайыр, алшын, қарлұқ тағы басқалар. Ақ Орда халқы өзбек-қазақтар деп аталған. Ақ Орда ХІV-ХV ғасырларда Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет болды. Мемлекет басында Шыңғыс тұқымынан шыққан хандар отырды. Ақ Орданы әлсіреткен Ақсақ Темір жорықтары болды. Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде Ноғай ордасы мен Әбілхайыр хандығы пайда болды.


§ 25.Моғолстан


ХІV ғасырда Шағатай мемлекеті батыс және шығыс иелікке бөлінді. Шығыс бөлігінде 1346-1348 жылдары Моғолстан мемлекеті құрылды. Дулат тайпасының феодал ақсүйек қауымының Әмір-Болатшы басшысы Моғолстан мемлекетінің негізін салды. Моғолстанда мемлекеттің саяси билігі және жер билігі ханның қолында болды. Моғолстанда ханға мемлекет басқаруда ханға ұлыс бегі көмектесті. Дулат тайпасының феодалдық ақсүйектер басшысы Әмір Болатшы жаңа Моғолстан мемлекетінің ханы етіп Тоғылық Темірді сайлады. 1348 жылы Тоғылық Темір Моғолстан ханы болып жарияланды.

Моғолстанның саяси-әкімшілік биліктерінің көбі дулат феодалдарының қолында болды. Моғолстанды Шағатай әулеті билеп келген. «Моғолстан» - тарихи-геологиялық термин сөз. Оның мәні «могул», «могол» деген ұғымнан шыққан. Орта Азия халықтарының айтуы бойынша, «монгол» деп аталып кеткен. Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы халықтар Моғолстанның пайда болған кезінен бері түркі тілдес болды. Тарихи деректер бойынша, моғолдар құрамына дулаттар, қаңлылар, керейлер, үйсіндер, арғындар т.б. тайпалар енді. Моғолстан астанасы - Іле бойындағы Алмалық қаласы. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» кітабында Моғолстан территориясы жайында былай жазады: «Моғолстан шекарасының ұзындығы 7-8 айлық жол, Шығысында қалмақ жерімен шектесіп, Баркөл, Ертіс өзендерін қамтиды. Солтүстік шекарасында Балқаш, батысында Түркістан, оңтүстігінде Ташкент, Ферғана, Ақсу, Қашғар қалалары орналасқан». Тоғылық Темір ханның тұсында Моғолстан бүкіл Мауереннахрды жаулап алды.

1371-1372 жылдары Әмір Темір Моғолстанға алғаш рет жорық жасап көптеген қалаларды басып алды.

1371-1373, 1375-1377 жылдары Темірдің Моғолстан жеріне екінші шабуылы басталады. Моғолстан әскері орасан зор шығынға ұшырады.

1371-1373, 1383 жылы Темір Моғолстанға тағы бір рет басып кірді.

1389 жылы Қызыр Қожа Моғолстан тағына отырды.

1390 жылы Темір әскерлері Моғолстан жерін ойрандады. Осыдан кейін Моғолстан мемлекеті құлдырай берді. Моғолстанның күйреуіне әсер еткен басты тарихи оқиға - ХV ғасырдың ортасында оның батыс бөлігіне Шығыс Дешті-Қыпшақтан тайпалар тобының қоныс аударуы. Оған Орыс ханның шөберелері Керей мен Жәнібек басшылық етіп, шамамен 1465-1466 жылдары Қазақ хандығын құрған еді.

Моғолстан тұрғындары негізінен көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Мемлекет Орта Азияның ұлттық-саяси және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарды.


§ 26.Әбілхайыр хандығы (1428-1468 жж.)


Ақ Орданың құлауы нәтижесінде Қазақстанның далалық аймағында Әбілхайыр мемлекеті құрылды. 1428 жылы хан тағына Әбілхайыр отырды. Әбілхайыр Шыңғыс ханның ұрпағы Шайбан әулетінен шыққан. Оның әкесі Дәулет Шайх Оғлан. Әбілхайыр хандығының құрамында түрік тайпалары көп болды.Олар өзбектер деп аталды. Бұл мемлекет тарихта «көшпелі өзбектер» деп аталады.

Хандық территориясы негізінен, Шығыс Дешті-Қыпшақ жерін қамтыған. Батысында Жайықтан, шығысында Балқаш көліне дейінгі, Солтүстігінде Ертіс, Тобыл өзендерінен оңтүстіктегі Сырдарияның Арал құяр тұсына дейінгі ұлан-ғайыр аймақты алып жатты. Бұл жерлерде қыпшақтар, керейлер, наймандар, арғындар, қоңыраттар және басқа түркі тілдес тайпалар өмір сүрген. Әбілхайыр осы хандықты қырық жыл басқарды. Әбілхайыр хандығының астанасы Сығанақ қаласы болды. Негізі, Сығанақ қаласының маңында Шайбан әулетінен шыққан хандар жерленген. Осы жерлердегі кесенелердің бірінде Әбілхайыр хан жерленген. Осы жерлердегі кесенелердің бірінде Әбілхайыр хан жерленген. Ол-Көк кесене.

Хандық құрамына Сығанақтан басқа Ясы, Отырар, Өзгент қалалары кірді. Бұл жерлерде қолөнер, сауда және егін шаруашылығы дамыды. Қалалық тұрғындар көшпелі халықты азық-түлікпен, үй жиһазымен, киім-кешек және басқа да керекті заттармен қамтамасыз етіп тұрды. Әбілхайыр хандығы туралы Осман Кухистанидің шығармасында кездеседі. Ол «Тарихи-Әбілхайырхани» деп аталады. 1457 жылы Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде ойраттардан жеңіліс тапты. ХV ғасырдың 50 жылдарында Жошының ұрпақтары Керей мен Жәнібектің Әбілхайырға бағынғылары келмей, одан бөлініп артына ерткен көптеген халықпен Моғолстан жеріне көшіп кетті.

Ал, Әбілхайыр хандығының құлауына мемлекет ішіндегі жеке ұлыстар арасындағы алауыздық себеп болды. Шыңғысхан ұрпақтары арасында билік үшін болған ішкі қақтығыстар мен тартыстар және қатардағы көшпенділердің феодалдық қанауға қарсы наразылығы себеп болды. Сонымен қатар сыртқы саясаттағы сәтсіздіктер де өз ролін атқарды. 1468 жылы Әбілхайыр Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда қайтыс болды. Сөйтіп, Әбілхайыр ханның мемлекеті құлады. Соның нәтижесінде бұрынғы қуатты Алтын Орданың ізі жойылды, енді оның аумағында Қазақ, Ноғай, Сібір деп аталатын жаңа мемлекеттер пайда болды.

Сонымен ХVІ ғасырдың басында «қазақ» пен «өзбек» атауларының аражігі ажыратылды. Бұрынғы өзбек ұлысының тұрғындары қазақтар деп аталып, Қазақ хандығына бағынышты болды. Ал, Орта Азияның түркі тілдес халықтарының ішіне сіңіп кеткен Әбілхайыр ханның ұрпақтары өзбектер деп аталды.

§ 27.Ноғай ордасы (ХІV-ХVІ ғасырлар)


Алтын Орданың ыдырауы, Ақ Орданың әлсіреуі барысында Қазақстанның Солтүстік батысында Ноғай ордасы деп аталатын дербес мемлекет пайда болды. Ноғай ордасының жартылай тәуелсіз ел болып оқшаулануы Алтын Орданы басқарған Едігеден (1396-1411 жж.) басталды. Едіге Ноғай ордасының негізін қалаған. Ноғай ордасында Едіге 15 жылдай уақыт билік құрды. Тарихи деректерде Ноғай ордасы «маңғыт жұрты» деп аталады. Бұл мемлекет Едігенің ұлы Нұраддиннің тұсында (1426-1440 жж.) біржола бөлінді. «Ноғай», «ноғайлар», «Ноғай-Ордасы» терминдері әдебиетте бірінші рет ХVІ ғасырда пайда болды. Ноғай ордасында маңғыт тайпасының өкілдері билік етті. Ноғай ордасының негізгі орналасқан жері Еділ мен Жайық өзендерінің аралығы, Астанасы-Сарайшық қаласы.

Жошы ханның немересі Ноғай Алтын Орда әскері қолбасшыларының бірі болған. Ол Кавказ, Польша, Венгрия, Балкан және Парсы елдеріне әскери жорықтар жасады. 1273 жылы ол Византия императорының қызына үйленді. 1306 жылы Доннан Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр өлкені билеген Ноғай Тоқтамыстың қолынан қаза тапты. Ноғайдың қарамағындағы Каспий маңының халықтары Ноғай елі деп атанып кетті. Осылайша ХІV ғасырда Еділ бойында Ноғай ордасы атты жаңа мемлекет пайда болды. Ноғай ордасының дербес мемлекет болуына Едіге көп ықпал еткен. 1426-1440 жылдары Едігенің баласы Нұраддин билік құрған тұста Ноғай ордасы күшейді. Ноғай ордасы феодалдық мемлекет болды. ХVІ ғасырда Ноғай ордасы орыс мемлекетімен біртіндеп сауда-экономикалық және саяси байланыстарын нығайта түсті. Қазан және Астрахань хандықтарын Ресей жаулап алғаннан кейін, Ноғай ордасы бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетті.

Ноғай ордасы құрамындағы қоңырат, қаңлы, арғын, тама, қыпшақ сияқты тайпалардың бір бөлігі қазақтардың кіші жүзіне кірді. Ал қалғандары Орыс князьдығына, Қырым хандығына қарады. Ш.Уәлиханов Ноғай ордасы мен қазақ хандығы халықтарының өзара туыстығы туралы айтқан. Осы мәлімет қазақ ханы Жәнібек кезінде ноғайлар мен қазақтардың, яғни екі туысқан орданың арасында тату қарым-қатынас болғанын байқатады. Осындай қатынастар кейін де жалғасты. Мысалы ХVІ ғасырдың орта шенінде Хақназар ханды тұстастары «қазақ пен ноғай ханы» деп атағанын шежірешілер жазып қалдырған. Бірақ олардың татулығы әр кез сақталды деуге болмайды.













V ТАРАУ. ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ДАМУЫ


§ 28.Қазақ хандығының құрылуы


Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Шығыс Дешті Қыпшақ, жетісу және Түркістан аумақтарындағы болған әлеуметтік-экономикалық және этно-саяси процестер қазақ хандығының құрылуындағы заңды құбылыстар. Ол Әбілхайыр хан мен Моғолстан мемлекеттерінің ішкі саяси жағдайымен тығыз байланысты. Саяси жағынан бытыраңқылығы басым этникалық топтардың, яғни қазақ тайпаларының бір мемлекетке бірігуі Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ хандығы ХV ғасырдың 60 жылдардың ортасы мен 70 жылдардың басында (Мұхаммед Хайдар Дулатидың есебі бойынша 1465-1466 жж.) Батыс Жетісуда құрылды. Оның негізін қалаушылар Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Керей хан мен Жәнібек хан болды. Қазақ хандықтарының сыртқы саясат жөніндегі бағыт-бағдары және дипломатиялық қатынасы белгілі бір дәуірдегі ішкі, әсіресе сыртқы жағдайға сәйкес өзгеріп отырды. Керей хан мен Жәнібек ханның одақтық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті Моғолстан болды. Моғолстанның ханы Есенбұға хан Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарына қоныстануға рұқсат берді. ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілхайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшейуіне себеп болды.

Керей мен Жәнібек хандар қазақ халқының жеке мемлекет құру, саяси және мәдени-экономикалық тәуелсіздік алу жолындағы талабын өз қимылдарына арқау етті. «Таурих-и гузида-ий Нусратнама» еңбегінің авторы айтып өткендей, Керей хан Орыс ханның немересі Болат ханның ұлы. Керей хан 1472-1473 жылдардағы оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі. Ал, Жәнібек хан Барақ ханның ұлы Орыс ханның шөбересі. Ол қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы. Оның азан шақырып қойған есімі-Әбусаид (кей деректе Бусаид немесе Әбусағид). Ең алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді. 1480-1511 жылға дейін Керейдің баласы Мұрындық хан болды. ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы күшейе түсті. Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін соғыс Мұрындық ханның тұсында да толастаған жоқ.

Ал, 1511-1518 жылға дейін Қасым хан болды. Қасым хан шамамен 1445 жылы дүниеге келген. Ол 1518 жылы қайтыс болған. Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Қасым ханның алға қойған басты міндеті Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу болатын. Тарихта Қасым хан басқарған жеті жылда қазақ хандығының атты әскері 300 мыңға, халқы 1 миллионға жеткен.ХVІ ғасырдың аяғына қарай Қасым хан Қазақ хандығының жерін ұлғайтты. «Тарихи Рашиди», «Шайбанинама» т.б. деректердегі мәліметтерге қарағанда қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары Қазақ хандығына Қасым ханның билігі кезінде біріктірілген. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының бесбөлімінен тұратын белгілі «Қасқа жол» заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен тағы басқа елдермен байланыс орнатты.

Қасым хан Сарайшық қаласында көз жұмды сол жерде жерленді деген дерек бар. Қасым хан Керей мен Жәнібек хандар басқарған саясатты жалғастырды. Бүкіл Дешті-қыпшақтың ханына айналды. Хандықтың кеңеюі мен нығаюына бар күшін салды. Қазақ елінің қуаты мен беделі алыс-жақын шетелдерге танылды. Мәселен, солтүстікте Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасады. Орыс мемлекетімен Мәскеуліктермен, оңтүстікте шайбани шығысында моғол мемлекетімен бейбіт саяси байланыстар орнатты. Сондай-ақ, Иран мен Әзірбайжан жерінде құрылған Сефебит мемлекетіменде дипломатиялық қарым-қатынаста болды.

Батыс Еуропада қазақ хандығын осы кезде танып білді. Қасым хан мемлекеттің қоғамдық өмірінде алауыздықты болдырмау үшін бірқатар заңдар шығарды. Ол арғы тегі Шыңғысханның жасақ заңдар жинағына ұқсас. Әлі күнге дейін ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.

Қасым ханның қасқа жолы бес тараудан тұрады: мүлік заңы, қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңы.

Осы заңдардың орындалуын қатаң талап етудің арқасында қазақ хандығының күш-қуаты артып, әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. Қасым хан 16 ғасырдың басында Сырдария алабындағы Түркістан аймағын сыр бойындағы қалаларды өзіне қосып алуды мақсат етеді. Осы жолда Мауреннахр билеушісі және оның ұрпақтарымен тоқтаусыз соғыс жүргізеді.

Ал, Қазақ хандығының Қасымнан кейінгі билігі оның мұрагері Мамаштың қолына тиеді. Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-1460 жылдары дүниеге келген. Мамаш хан 1518-1523 жылға дейін хандық құрды. Мамаш хан кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады. Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болған соң, оның мұрагерлері арасында билік үшін ішкі талас пен қырқыстар туып, қазақ хандығы әлсірей бастады. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түседі. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында жеке күрес жүрсе де, оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте аз. Мамаш өлгеннен кейін, 1523-1533 жылдар аралығында хан тағына оның баласы емес, інісі Тақыр отырады. Тақыр хан ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен оның ішінде Шайбани әулетімен, Ноғай ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды.

1533-1534 жылға дейін хан тағына Бұйдаш отырды. Бұл ханның тұсында Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсара қойған жоқ. Ал 1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, ал 1535-1537 жылға дейін Тоғым хан отырды.

1537 жылы хан тағына Қасым ханның ұлы Хақназар (1537-1580 жж.) отырды. Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тақыр хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екенін көрсетті.

Хақназар хан тұсында Қазақ хандығы дамып, күшейе түсті. Маңғыт (Ноғай) басшылары өз ара қырқысуларды тоқтатып, Хақназарға бағынды. Хақназар хан Моғолстан хандарымен үздіксіз және табан тіресе соғысты. ХҮІ ғасырдың 50 жылдары ол Қазақ хандығына бұрынғы Ташкентті бағындырды, ал 70 жылдарының аяғында Хақназар Абдолла ханмен одақтас болып, Баба сұлтанға қарсы күрес жүргізді. Хақназар хан ең алдымен Жайық маңын, Түркістан жерлерін қосып алды. Қазақ хандығы Хақназар хан тұсында саяси жағынан қайта өркендеді.

Хақназар хан қайтыс болған соң, оның орнына Жәдік сұлтанның баласы, Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан тағына отырды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. 1582 жылы Бұхара ханы Абдолла, қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. 1582 жылы Шығай қайтыс болғаннан кейін таққа оның ұлы Тәуекел отырады.

Тәуекелхан Ақназар (Хақназар) ханның мұрагері әрі ізбасарларының бірі. Ол 1582-1598 жылдары билік құрған қазақ хандығының билеушісі. Сондай-ақ, Тәуекел хан Бұхара мен Моғолстан бұғауына босау жолында үздіксіз соғыс жүргізді. Өзбек ханына қарсы күресте әскери одақтас ету үшін ол Мәскеумен қарым-қатынасын жолға қойды. Сөйтіп, 1598 жылы Орта Азияға жаңа жорық жасады. Бұхар әскерін талқандаған соң, Ташкент пен Самарқанды басып алды. Сырдария бойындағы қалаларды қайтарып алар жолда ұрыстар жүргізілген кезде Тәуекел хан ауыр жараланып, 1598 жылы Бұхар үшін болған шайқаста Ташкентте қайтыс болды.

Есімхан 1598-1623 жылдары Қазақ хандығын билеген. Шығай ханның баласы. Таққа Тәуекел ханнан кейін отырған. Өз тұсында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болған. Бұл атау Жиембет, Марқасқа жыраулардың жырларында жиі айтылады. Бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықтағы ересен ерлігіне байланысты берілген көрінеді. Есім хан тарихта «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі заң ережелерін құрастырған. Мемлкет билеудің құқықтық жүйесін реттеуде бұл аталған заңдар жинағы елеулі рол атқарды. Есімнің інісі Тұрсын Есім ханға бағынбай, Ташкентті жеке биледі. 1627 жылы Есім хан Тұрсынды өлтірді. Есім хан Қазақ хандығының аумағын кеңейту бағытында үлкен үлес қосты. 1628 жылы Есім хан қайтыс болады.

Ал 1628-1652 жылдар арасында үш жүздің ханы Жәңгір таққа отырды. Ол Шығай ханның немересі, Есім ханның баласы. Басы бақыр қазандай, апайтөс, бірақ аласа адам екен. Сонысына қарап халқы «Салқам Жәңгір» деп атап кетіпті. Оның хандық құрған кезі ойрат-жоңғарлармен екі арадағы қақтығыстың күшейген кезі. ОЛ 1643 жылы 600 сарбазбен ойраттың 50 мыңдық әскеріне қарыс шығып жеңіске жетті. 1652 жылы ойраттармен болған шайқаста Жәңгір қайтыс болды. Біраз уақыт бойы Қазақ хандығының билігі сұлтандардың қолында болды.

1680 жылы хан тағына Әз-Тәуке отырды. Тәуке хан – қазақ халқының тарихи сахнасында өзінің кемеңгерлігімен, даналығымен, ақылдылығымен, әділдігімен, бітімгерлігімен сақталған хандарымыздың бірі. Ол феодалдық талас-тартыс пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған қуатты Қазақ хандығын құруға күш салды. Хандық билікті күшейтуге бағытталған ірі-ірі тың өзгерістер енгізді. Тәуке хандық билікті негізінен, билерге сүйеніп жүргізді. «Хандық кеңестің» және «Билік кеңестің» тұрақты етіп қалыптастырып, олардың рөлін арттырды. Хан мен билер ғана соттық мансапты атқаруға тиіс болды. Билер жергілікті атқарушы өкіметке айналды. Жыл сайын белгілі бір мерзімде Күлтөбеде үш жүздің басын қосқан жиын өткізіп тұрды. Жүздер мен ұлыстар арасындағы күрделі тартыстар билер кеңесінде шешілді.

Тәуке хан билік құрған жылдары билердің көмегімен «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарды. «Жеті жарғы» қазақтардың ХVІІІ ғасырдағы әдет-ғұрып заңдары.

Мазмұны жағынан «Жеті жарғы» үш бөлімнен тұрады: біріншіден, қазақтың ежелгі әдет-ғұрып заңдарын қамтыған «Қасым ханның қасқа жолына» негізделген, екіншіден, одан соңғы өзгерістер, соның ішінде «Есім ханның ескі жолына» негізделсе, үшіншіден, Тәуке ханның дәуіріне, саясатына сай енгізілген жаңалықтар. «Жеті жарғы» жеті заңнан құралды:

1. Жер дауы.

2. Отбасы.

3. Әскери.

4. Сот.

5. Қылмысты істер.

6. Құн.

7. Жесір дауы.

«Жеті жарғы» бойынша ер адамның құны 1000 қойға теңестірілген. Ал, әйел зорлаған адамға өлім жазасы кесілген. ХV-ХVІІ ғғ. Қазақ хандығында кек алу заңы бірінші орында тұрды. Кек алу «Қанға-қан» ұранымен сот шешімі арқылы жүзеге асты. Сот шешімін бүкіл ру орындады. Хан мен сұлтандардың пайдасына шариғатқа негізделіп салынатын мал салығын «зекет» деп атады. Ал, ұшыр, баж, харадж салықтарын егіншілер мен қолөнершілер төледі. Сондай-ақ малшылар зекет, соғым, сыбаға түріндегі алым-салықты төлеуге міндетті болды.

Тәуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «Әз-Тәуке» деген атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тәуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қазақтар үлкен құрметпен еске алады», - деп көрсетеді. Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. Тәуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін қазақтың барлық рулары мойындамаған.

Сондықтан Тәуке хан бытыраңқы қазақ қоғамының басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған мемлекет құруды басты міндеті деп санады. Осы мақсатта әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды мемлекетті басқару ісіне тартты. Бұған дейін мемлекетті басқару ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен тартылатын еді. Тәуке хан мемлекетті басқару ісіне туа біткен данышпан, ел арасында асқан ерлігімен, батырлығымен дараланған тұлғаларды, яғни билер мен батырларды тартты. Бұл шаралар нәтижелі болды. Мемлекетті басқару ісіне де үлкен өзгерістер енгізді. Билер кеңесін құрып, оның билік ауқымын кеңейтті. Билердің әлеуметтік тегі тек ақсүйек табынан болмағанын ескерсек, қарапайым халықты мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тәуке хан енгізген үлкен өзгеріс болды. Тәуке ханның кезінде қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болатын. 1710 жылы Тәуке ханның ордасында үш жүздің өкілдері бас қосып жоңғарларға тойтарыс беру үшін әскери күшті ұйымдастыру мәселесін талқылады. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болды.


§ 29.Қазақ халқының қалыптасуы


Қазақ халқының қалыптаса бастауы б.з.д. ІІ-І мыңжылдықтардан басталады. «Қазақ» сөзінің шығуы туралы алуан-түрлі ғылыми болжамдар мен көзқарастар болды. Бірақ әлі де нақтылы толық дәлелденген пікір айтыла қойған жоқ. Дегенмен ол пікірлер мен болжамдардың кейбірі көңіл аударуға тұрарлықтай. Көне түрік тіліндегі деректерге қарағанда, «қазақ» деген атау Орхон, Енисей жазбаларындағы «қазғақ оғлұм» деген сөздегі «ғ» әрпінің түсіп қалу нәтижесінде тұрақтанған. Алай түрік тілінің заңдылықтары бойынша бұл пікір де қолдау таппады. Түркі тілдерінің қыпшақ-ноғай тармағынан қазақ тілі ХІV-ХV ғасырларда бөлініп шықты. Қазақ халқының көп ғасырлық құрылу процесі мен этникалық территориясының анықталуы ХV-ХVІ ғасырларда аяқталды. Саяси жағынан шашыраңқы этникалық туыстас топтардың басы қосылып қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне Қазақ хандығының құрылуы әсер етті. Ежелгі Сібір тайпалары тілдерінде «қазақ» сөзін «мықты», «берік», «алып» мағынасында берілген. Шығыс Дешті Қыпшақта «қазақ» атауы ІХ-Х ғасырларда әлеуметтік мағынада қолданылса, ал ХІ-ХІІ ғасырларда осы аттас этникалық әлеуметтік топтардың болғандығы байқалады.

«Қазақ» ХІІІ ғасырдағы хорасан түркімендері арасында да кездеседі. Кейбір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады. Тарихшы Б.Е.Көмековтың айтуы бойынша «қазақ» сөзі бұлардың арасында этникалық сипатта қолданылған тәрізді. Сонымен «қазақ» сөзі көне түрік дәуірінде пайда болып, ХІІІ ғасырға дейін бостандық сүйгіш «еркін адамдар» деген мағынада қолданылып келген. Рузбиханның өзбек ұлысында (ХV ғ.) үш халықтың болғандығы, оның ішінде ең көбі, ержүректері қазақтар екені айтылған. Ақыр соңында өзбек ұлысынан немесе Әбілхайыр хандығынан Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ аталып жүрген тайпалармен бөлініп көшкенде, оларға алғаш «өзбек-қазақ» деген ат тағылған, кейін ХV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының құрылуына байланысты «қазақ» атауы біржола этникалық сипатқа ие болды.

Қазақ жүздері. «Жүз» деген атау тарихи шаруашылық-аймақ деген мағынаны береді. Жаңадан қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан жеріне түгелдей тарап қоныстанды. Қазақ халқы мекендеген бұл жерлерде 3 түрлі шаруашылық аймақ қалыптасты. Осыған байланысты сол өңірлерді мекендеген халықтар үшін жүзге бөлінді.

Ұлы жүз.

Мекендеген өңірлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу (Іле, Шу, Талас).

Тайпалар: дулат, албан, үйсін, қаңлы, суан, жалайыр, шапырашты, сіргелі. Ұлы жүзді Ақарыс деп те атайды.

Орта жүз.

Мекендеген өңірлері: Орталық және Шығыс Қазақстан (Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл, Сарысу өзендерінің бойы).

Тайпалар: арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат. Орта жүзі Бекарыс деп те атайды.

Кіші жүз.

Мекендеген өңірлері: Батыс Қазақстан, Сырдарияның төменгі ағысы (Орал, Ырғыз, Торғай, Еділ өзендерінің бойы).

Тайпалар: әлім, байұлы, жетіру, солардан тарайтын табын, адай, шөмекей, жағалбайлы, шекті, төртқара, тама, серкеш т.б. Кіші жүзді Жанарыс деп те атайды.


§ 30.Қазақ билері


Қазақ хандығында XVI-XVIII ғасырларда би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы жағынан, шешендік өнерінің шеберлігі жағынан ерекшеленетін өкілдер болды. Олар қазақ елінде ғана емес, Ресейде, Хиуада, Жоңғарияда, Цин империясында танымал болған. Сондай-ақ, мемлекет және халық арасында көп қызмет атқарған. Қазақ ханы Тәукенің «Жеті жарғысын» жасауға көмектескен. Мемлекеттік істерді, жүздер арасындағы ірі дауларды шешуге қатысқан. Қазақта бірнеше билер болған олар мыналар:

Ұлы жүз биі Әлібекұлы Төле би 1663-1756 жылдары өмір сүрген. Ол дулат жұртының Жаныс руынан шыққан. Қазіргі Жамбыл облысының Жайсаң деген жерде туған. Төле би сауатты, ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Ол 15-20 жасында билікке араласып әділдігімен, шешендігімен елге танылды. Ол кезде қазақ пен жоңғар хандықтары ұдайы жауласуда еді. Төле би басқа атақты билермен бірге Әз Тәукенің сенімді көмекшісі және кеңесшісі болып «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысады. Төле бидің есімі тек Ұлы жүзге ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүздегі ірі-ірі тарихи оқиғалармен тығыз байланысты. Тәуке, Болат, Жолбарыс, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан қоғам қайраткері, ойшыл дана, шешен. Халық оны «Төбе би» атаған. Төле бидің денесі Ташкент қаласына, Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның жанына қойылған. Онда Төле биге үлкен ескерткіш орнатылған.

Орта жүздің биі Қазыбек би Келдібекұлы 1667-1764 жылдары өмір сүрген. Қазіргі Қарағанды облысында туған. Қазыбек би - Орта жүз арғын ішіндегі Қаракесек. Өз әкесі Келдібек, ұлы әкесі (атасы) абыз атанған Шаншар, бабасы-Бұлбұл шетінен тілге шешен білікті адамдар болыпты. Қазыбек би Тәуке хан мен Абылай хандардың кеңесшісі болып, мемлекетті басқаруға араласқан. «Жеті жарғы» заңын жасауға қатысқан. Абылай ханның тұсында дипломатиялық өкілдік атқарып, жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырған. ХVІІІ ғ. 40 жылдарында Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан босатуға қатысқан басты қайраткер. Қазыбек ел дауын шешуді өз басына міндет етіп алып, бала би деген аттан, дана би деген атаққа дейін көтерілді. Қазыбек би Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне жерленген.

Ал Кіші жүз биі Әйтеке би Бәйдібекұлы 1666-1722 жылдары өмір сүрген. Мемлекет және қоғам қайраткері. Кіші жүздегі Әлімұлы тайпасының Төртқара руынан шыққан. Атақты Жалаңтөс батыр Әйтеке бидің үлкен атасы болып келеді. Ұлықбек медресесінде оқып, білім алған Әйтеке әкесі Ақша ханның (Қоқан ханы) және Жалаңтөс батырдың тәрбиесінде болып ел басқаруды үйренеді. Әбілхайырға дейін ол кіші жүздің барлық руларын басқарған. Тәуке ханның кеңесшісі болған. Тәукенің хан кеңесіне еніп «Жеті жарғыны» жасауға, мемлекеттік істерді, жүздер арасындағы ірі дауларды шешуге қатысқан. Артына аталы сөз қалдырған, есімі ел жадында сақталған қазақ шешендерінің бірі. Қазақ руларының басын біріктіріп, бір орталыққа бағындырған және туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарын одақтастырып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы бірыңғай халық майданын құрған.

Атақты үш би-Төле, Қазыбек, Әйтеке бір ананың тетелес үш ұлындай қатар аталып, қатар қадірленіп, ел жадында бірдей сақталған. Төле, Қазыбек, Әйтекелердің қазақ халқына сіңірген өлмес еңбегі де осы үштік бірлікті нығайтқандығында.


§ 31.Қазақ батырлары


Қаракерей Қабанбай батыр 1691-1769 жылдары өмір сүрген. Қабанбай жастайынан жоңғарлардың жауыздығын көзімен көрген еді. Қабанбайдың шын есімі-Ерасыл. Ол 1691 жылы Алакөл өңірінде дүниеге келіп, 1769 жылы Есіл мен Нұра өзендері маңында дүниеден озған. Найман тайпасы Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан. Ерасылды жеңгелері «Нар бала» атаса, жездесі қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «қабан» деп атап кетеді. Ержете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен Қабанбай есімі айбынды қалпында сақталып қалады. Елдің айтуына қарағанда, Қабанбай батыр 103 ұрысқа қатысып «Дарабоз», «Хан батыр» атанған. Оның батырлық-ерлік хикаяларын баяндайтын «Ер Қабанбай» атты дастаны сақталған. Қабанбайдың алғашқы ірі соғысы – 1718 жылғы Аягөз шайқасы. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1729 (1730) жылы Аңырақай шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысты. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады. 1751 жылы Қабанбай батыр екі түмен қазақ әскерімен Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билік басына келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалды. 1752-1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартты. Оның өмірі мен үлгі боларлық ерлік істері, азаттық күресі Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, тағы басқа халық ақындардың жырларына арқау болған.

Бөгенбай батыр 1690-1775 жылдары өмір сүрген. Ол 1690 жылы Бөген өзенінің жағасында дүниеге келген. Шыққан тегі – Орта жүздің арғын тайпасының қанжығалы руы. Әкесі – Ақша батыр. Ұлы атасы Әлдеубек Еңсегей бойлы Есім ханның атақты батырларының бірі болған. Әлдеубек батырдың баласы Ақша батыр Тәуке ханның 80 мыңдай қолын бастаған сардар болған. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бөгенбай батырдың өмірі көбінесе жоңғар басқыншыларына қарсы күреске арналды. Ол бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан. Бөгенбай 1728 жылы 28 жасында 30 мың қолға қолбасшы болып, қазақ елінің берекесін алып, құтын қашырған казак-орыстарды талқандаған. Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Абылай таққа отырғаннан кейін Бөгенбай батыр мемлекеттік, дипломатиялық іске кеңінен араласты. Бөгенбай батыр Торғай өзенінің жағасында қаза болған. Бұрында бұл жер «Бөгенбай сөресі» деп аталған, ал қазір «Шахта» деп аталады. Оның денесін ежелгі екінші Мекке саналған Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеген.

Райымбек батыр 1730-1829 жылдары өмір сүрген. Райымбек Түкеұлы Ұлы жүздің Албан тайпасы, Алжан руының Сырымбет деген атасынан тарайды. Райымбектің атасы Хангелді атақты батыр, ел бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында көптеген әрекеттер жасаған қайраткер болған. Ал шешесі жалайыр елінің батыры Барақтың қызы-Керімбүбі еді. Райымбек батыр жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Райымбек батырмен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы Сатай, Бөлек, Қызылбөрік, Қойгелді, Қонақкелді, Қыстық, Малай, Есен, Байсейіт тағы басқа батырлар иық тіресіп күрескен. Ол 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды. Райымбек батырдың кесенесі Алматы қаласында Райымбек даңғылының бойында тұрғызылған.

Шапырашты Наурызбай батыр 1706-1781 жылдары өмір сүрген.Құттымбетұлы Наурызбай Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас деген жерде дүниеге келген. Наурызбай батыр – қазақтың даңқты батырларының бірі. Ел арасында оны шапырашты Наурызбай деп те атайды. Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы – түмен басы болған. Наурызбай батырдың өмірі жоңғарларға қарсы соғыспен өткен. Жоңғарлармен соғыста оның Құдайберген; Шолпан, Дүйсен деген үш бауыры бірдей қаза болады. Наурызбайдың 1729 жылы қалмақ батырлары Шамал хан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтірген ерлігі қазақ даласына кең тараған. Наурызбай батыр жоңғарларға қарсы күресте Ұлы жүз жасақтарына басшылық жасайды. Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары жоңғарлармен болған соғыстарда ерлікпен шайқасып, туған елді жаудан азат етуге белсене қатысқан. Оңтүстік өңірді азат етумен қатар, қолға түскен көп қазақты тұтқыннан босатқан. Наурызбай батыр 1781 жылы қайтыс болады. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қозыбасы тауында Шапырашты Наурызбай батырға ескерткіш орнатылған. Алматының үлкен бір көшесіне аты берілген.

Қарасай батыр 1589-1671 жылдары өмір сүрген. Қарасай Алтынайұлы – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Ол шапырашты тайпасы Есқожа руынан шыққан. И.Э.Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасай батырдың 1635 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қатысқаны айтылады. Сондай-ақ, оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқандығы туралы де дерек бар. Қарасай батыр қазақ жасақтарын басқарып, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі. Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр» атты тарихи дастаны бар. Сондай-ақ, Қарасай батырды Жамбыл Жабаевта жырлаған. Қарасай батыр Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай төбесіне қойылған. Қасына досы Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс – Қарасай мен Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға 1999 жылы қос күмбезді кесене тұрғызылды. Алматы облысының бұрынғы Қаскелең ауданы Қарасай ауданы болып өзгертілді.

Сөз ортасында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдар, одан Мырзатай, одан Кенбаба, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады.



§ 32.ХІІІ-ХVІІ ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті


Қалалар мен қала мәдениетінің монғол шапқыншылығынан кейін қайта жандануы ХІІІ ғасырдың ортасында басталды. ХІІІ ғасырдың ортасында монғол шапқыншылығынан кейін қала мәдениетінің жандануына Отырарда теңге сарайының жұмыс істей бастағандығы дәлел бола алады. ХІІІ ғасырдың ортасына Қазақстан мен Орта Азияда теңгенің дәстүрлі үш түрін (динар, дирхем, мыс теңге) шығарған мекен - Отырар қаласы. ХІV-ХV ғасырларда Қазақстан аумағындағы ең елеулі сәулет ғимараты Ахмет Яссауи кесенесі болып табылады. Тарихшы Рузбихан Ахмет Яссауи кесенесі туралы «дүние жүзіндегі ең ірі құрылыстардың бірі, кесенеде адамзаттың сәулет өнеріндегі жетістіктері таңғажайып дәрежеде берілген» - деп жазды.

Орталық Қазақстанда орналасқан Алаша хан мен Жошы кесенелері ХІV-ХV ғасырлардағы сәулет өнерінің ғажайып ескерткіштері болып табылады.Осы кезде Сырдарияның оңтүстік жағалауындағы мәдени-экономикалық ірі орталық Сайрам қаласы болды. Ал ХV-ХVІІ ғасырларда Созақ қаласы Қазақ хандығы билеушілерінің басты тірегі және әскери бақылау орталығына айналған болатын. Сондай-ақ, ХVІ-ХVІІ ғасырлардың түйіскен тұсындағы Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болды. Қазақстан аумағында ХІІІ-ХІV ғасырларда халық ауыз әдебиеті мен әдебиет қыпшақ тілінде дамыды. Сол кездері «Ақсақ құлан», «Жошы хан» атты күйлерді шығарған күйші найман Кетбұға. ХV-ХVІІ ғасырларда қазақтар араб жазуын қолданған. Қазақ халқының өмірін жан-жақты бейнелейтін айнасы - халық ауыз әдебиеті болды. ХVІ-ХVІІ ғасырларда қазақ ауыз әдебиетіне мол үлес қосқандар Доспамбет жырау мен Қазтуған жырау.

ХVІІ ғасырларда қазақ тарихи әдебиетінің маңызды ескерткіші «Жами-ат тауарихты» жазған адам Қадырғали Жалаири.

Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы ХІV ғасырда Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген жырау, суырып салма ақын. ХVІ ғасырда Тоқтамыс пен Едігенің билік құрған жылдары өмір сүрген. Сыпыра жайында «Ер Тарғында», «тоғыз ханды түзеткен кісі еді» делінеді. «Телағыс» жырында ел бірлігінің ұраншысы, ал «Құбағұлда» «Жүз сексенге келген» дана қария ретінде көрінеді. «Едіге би», «Тоқтамыс туралы аңыз» деген жырлар бар. «Қырымның қырық батырын» жырлаған әйгілі Мұрын жырау өзін Сыпыра жыраудың ұрпағымын деген.

Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 жж.). Белгілі жырау ХV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген 1490жылы Әмір Темірдің уәзір билерінің бірі болды. Ал әкесі Тіленші өз тұсындағы ірі феодалдардың бірі болған, ал шешесі Ноғай ордасының ұлы биі Мұсаның қызы екен. Жыраудың шығармашылығынан бізге жеткені 600 жолдың шамасы. Шалкиіз жырау ғұмырының көп бөлігін Ноғай ордасының билеушісі Темір бидің қоластында өткізді. Өмірінің соңғы жылдарын Хақназар хан тұсындағы Қазақ мемлекетінде өткізеді. Шалкиіз жырларының негізгі тақырыптары-ерлік, батырлық, адамгершілік т.б.

Қазтуған Сүйенішұлы ХV ғасырда өмір сүрген. Ол халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жады арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің «Түрік хрестоматиясында» (1862), Ғабдолла Мүштақтың 1910 жылы шыққан «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында, М.Мағауиннің «Алдаспан» кітабында (1970 ж.) жарияланды. Еділдің төменгі ағысындағы Қажы Тархан (Астрахань) маңында мекен еткен. Оның көптеген жырлары бізге жеткен. Мысалы, «Алаң да алаң, алаң жұрт» тағы басқа.

Асанқайғы Сәбитұлы ХІV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген философ-ақын, қазақтың жырауы. ХV ғасырдың 60 жылдары қайтыс болған. Оның өмір сүрген тұсы қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Халидұлы Құрбанғали өзінің «Тауарих хамса» атты еңбегінде әйгілі Майқы биді Асанқайғының арғы атасы еді дейді. Асанқайғы қазақ халқының ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен дала абызы. Осыған байланысты, Желмаясымен жер жанатын іздеген жырауды Асанқайғы деп атап кеткен. Тұла бойы ізгілікке толы, халқын сүйген дананы Ш.Уәлиханов «көшпенділер философы» деп атайды. Асанқайғы Алтын Орда ханы Ұлық-Мұхаммедтің кеңесші биі, қазақ ханы Әз-Жәнібектің кеңесшісі болды.


§ 33.Қазақ халқының салт-дәстүрі


Әр халықтың өзіне тән ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениеті болады. Қазақ халқының да ертеден қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрі және әдет-ғұрыптары бар. Әдет-ғұрыптар шаруашылық, дүниетанымдық, отбасылық, қоғамдық сияқты түрлі тармақтарға бөлінеді. Солардың біразы қазірге дейін сақталған. Қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлерінің ішінде қонақжайлылық, ас беру, түрлі той-думандар өткізудің маңызы жоғары болған.

Халық арасында сәбидің жаңа туған кезінен бастап атап өтетін түрлі мерекелер қалыптасқан. Олар: бесік той, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той т.б. Үйлену тойы - ежелден келе жатқан дәстүр. Жалпы қазақ халқында ертеде қыз бен жігітті бала кезінен атастырған. Жігіт жағы қыздың ата-анасына қалыңмал төлейді. Қыздың ауылында «қыз ұзату», ал келін түскен үйде «Беташар», «Жар-жар» сияқты ән-думанмен өрнектелген той өтеді.

Сондай-ақ, ежелден келе жатқан наурыз мейрамы. Наурыз - парсы сөзі, қазақша мағынасы «жаңа күн» дегенді білдіреді. Наурыздың 22-сі қазақтар үшін жыл басы - жаңа жыл, күн мен түннің теңелетін уақыты. Сондықтан да Наурыз тойын - Ұлыстың ұлы күні деп атаған. «Ұлыс» деген сөз мемлекет, ел деген мағынаны білдіреді. жер беті бусанып, қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл уақытты «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағы деп текке айтпаған. Мал төлдеп, қыстан қиналып шыққан халықтың аузы аққа тиіп, бір жасап қалады.

Наурыз күнін жұрт бар жақсыларын киіп, үлкен қуанышпен қарсы алған. Бір-біріне өкпелі адамдар барлық реніштерін ұмытып, құшақтасып, төсқағысып, көрісетін болған. Бір-біріне жақсы, игі тілектер айтып, ақ ниетпен бата беріскен. Тіпті, осы наурыз күні Орта Азия билеушілері зындандағы тұтқындарына да бостандық берген деседі. «Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөз содан қалса керек.

Наурыз күні жеті түрлі тағам қосылған наурыз көже дайындалады. Әр үйдің дастарқаны бұл күні наурыз көжемен бірге ұлттық тағамдарға толады. Ойын-сауық ұйымдастырылып, түрлі мерекелік шаралар өткізіледі.

Қазақ халқында той ұлттық ойынсыз, сайыстарсыз өтпейді. Бәйге, күрес, көкпар, айтыс, қыз қуу, жамбы ату сияқты ұлттық сайыстар өткізіледі.










VІ ТАРАУ. ХVІ-ХVІІІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ


§ 34. Қазақ-жоңғар қатынастары


ХVІІІ ғасырдың алғашқы он жылдығынан бастап жоңғарлармен күрестің шиеленісуіне байланысты Қазақ хандығы терең дағдарысқа ұшырады. Бұл соққы Қасым, Хақназар, Есім мен Тәуке хандардың саясаты негізінде орныққан мемлекеттіліктің негізін шайқалтты. Тәуке ханның өлімінен кейін қазақтардың өмірінде тұтастай сәтсіздіктер басталды. 1717-1718 жылдары қазақ әскерлерінің талқандалуы, Тәукені алмастырған Қайып ханның өлімі, 1723-1727 жылдардағы «Ақтабан шұбырындыда» Болат ханның өлімі хандықты әлсіретті. Тек ХVІІ ғасырдың 20-жылдарының аяғына таман «сыртқы қауіп ішкі өзара қырқыстарды ымыраластырып, жауға қарсылық көрсетуге бағыттаған кездерде ғана қазақтар жоңғарларға тойтарыс бере алды» деп жазады А.И.Левшин.

Жоңғар деп ХVІ-ХVІІ ғасырларда Ертістің жоғарғы ағысы, Алтай тауларының етегін мекендеген батыс монғол тайпаларының одағын атайды. «Жоңғар» сөзі қазақшаға аударғанда «Сол қол» дегенді білдіреді және бастапқыда осы одақтағы басты тайпалардың бірі - чоростар мен ішінара дүрбіттердің атына ғана қатысты болды. Шын мәнінде бұл одаққа азды-көпті торғауыттар мен хошоуыттар да кірді. Орталық Азияның түркі тектес халықтары бұл тайпаларды «қалмақ» терминімен атайды. Ал орысша атауы «калмык». Қытай деректерінде оларды «элют» деп те атайды. Батыс монғол тайпаларының шын атауы «ойрат» немесе «дүрбіт-ойрат» - төрт тайпаның одағы дегенді білдіреді.

Жоғарлардың күшеюі чоростардың билеушісі Батурдың билікке келуімен байланысты, ол ойрат көсемдерінің ішінде алғашқы болып «қонтайшы» титулын алды. 1635 жылы оған Тарбағатай аймағында Ұлан-Урга елді мекенінде ойрат тайпаларының көсемдерін құрылтайға жинауға мүмкіндік туды, онда «Дала ережесі» (Цааджин бичиг) деп аталатын заң қабылдады. 1635 жылғы қалмақ ақсүйектерінің құрылтайынан соң Қазақ хандығының шығыс шекарасына шапқыншылықтар жиілеп кетті.

Жоңғарлар қазақтардың солтүстіктегі далаларына белсенді түрде жылжи түсті, ХVІІ ғасырдың 30-40 жылдарының өзінде-ақ Ертіс өзені мен Балқаш көлінің арасындағы аумақ іс жүзінде жоңғарлардың бақылауында болды. Ертіс өзенінің жоғарғы ағысында қонтайшының ордасы орналасты. Қазақ хандығына жоңғар шапқыншылықтарының жаңа толқыны Галдан-Бошохту ханның есімімен байланысты.

ХVІІ ғасырдың 80-жылдары қазақтарды жоңғарлар Жетісудан ығыстырып шығарды. Қазақтар мұнда отырықшы орталықтарын, құнарлы жайылымдарын жоғалтты. Қазақстанның оңтүстігі ойраттарды қатты қызықтырды. Орталық Азияның тарихындағы көне кезеңнің өзінде бұл аймақта орасан көп қалалар пайда болды, олар көшпелі және отырықшы тайпалар сауда байланыстарының орталықтары болатын.

Тараз, Сайрам, Отырар, Түркістан және тағы басқа қалалар Сарыарқаның көшпелі тайпалары үшін игілік көзі еді. Қарапайым тұрмысқа қажетті бұйымдардан бастап, матаға дейін осы қалалардан сатып алынатын. Бұл отырықшы өңірге саяси үстемдік оларға билік құрылымдарының қалыпты жұмыс істеуіне қажетті алым-салықтарды жинауға мүмкіндік берді.

1717-1718 жылдары жоңғарлардың қазақ хандығына басып кіруі ішкі қайшылықтарға әкеп соқты. 1718 жылы жоңғарлар Жетісудан өтіп, Арыс, Бөген, Шаян өзендеріне дейін жорыққа шықты, басты мақсаты хан орталығы Түркістанды жаулап алу еді.

1722 жылдың аяғында Қытайдың маньчжурлік билеушілерімен бейбіт келісімге келген жоңғарлар 1723 жылы көктемде Қазақстанға жойқын шабуыл жасауды жоспарлады. Бұл жорық қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды.

1723 жылы Жоңғар шабуылының нәтижесінде қазақ тайпалары өздерінің ғасырлар бойы мекендеген жерлерінен кетуге мәжбүр болды, халық аштықтан қырылды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» - адамдар жаяу жүргеннен табандары қажалған, көлдің жағасында әл-күштері жоқ, құлап, шаршаған деген мағынада сөз қалған. Осы кезде қазақтың зарлы «Елім-ай» әні дүниеге келді.

ХVІІ ғасырдың аяғы - ХVІІІ ғасырдың басында хандықтың ішкі саяси жағдайы өте ауыр болды. Тәуке хан өлгеннен кейін жоғарғы билікті басқаратын лайықты адам болған жоқ. Қайып хан мен Әбілқайыр ханның жоңғарларға қарсы күресі нәтижесіз аяқталды. Екі билеушінің арасында қайшылықтар мен келіспеушіліктер орын алды. Сондай-ақ, хандардың орталықтанған мемлекет құру, ұлыстар мен жүздерді біріктіру жөніндегі ойлары жүзеге аспады.

Қазақ хандығына жоңғарлардан басқа батыс жақтан Еділ қалмақтары, солтүстіктен сібір казактары, башқұрттар, оңтүстіктен ортаазиялық мемлекеттер жиі жорықтар жасап отырды. ХVІІІ ғасырдың 20-жылдары қазақтардың өмірінде өте ауыр кезең басталды. Бұл ауыр жағдайдыңболуы соғыспен және жұтпен байланысты болды. Ол қазақтардың шаруашылығына көп нұқсан келтірді.

Қазақтар жоңғарлардың қысымынан батысқа қарай ығысты. Ұлы жүз Ходжент арқылы оңтүстікке жылжыды. Орта жүз Самарқанға және Бұхараға қарай бет алды. кіші жүз Хиуа мен Еділ бойына ығысты. Ташкент, Түркістан бастаған 32 қала жоңғарлар қолында қалды.

Бұл ауыр жағдайдан шығудың басты жолы ұйымдасқан түрде жауға қарсы төтеп беру, яғни жоңғарлардың батысқа қарай жылжуын тоқтату еді.











§ 35.Қазақ-орыс қатынастары


Қазақ-орыс қатынастарының ертеден келе жатқан тарихы бар. Ресейге Қазан (1552 ж.), Астрахан (1556 ж.) хандықтары және Еділ бойындағы халықтардың қосылуымен орыс мемлекеті мен Қазақ хандығының арасындағы қатынастар күшейе түсті. Ресейдің басты мақсаттарының бірі Орта Азия және Үндістанмен сауда қатынасы жолдарының қауіпсіздігін күшейту, шығыс елдерімен байланысын бекіту болды. Қазақ даласы барлық азиялық елдерге апаратын жол саналды.

Қазақ хандығы Ресеймен байланыс жасап, жоңғарлармен және Ортаазиялық хандықтарымен күресте одақтас болуға тырысты. 1687 жылы Тәуке хан Тәшім батырдың басшылық етуімен Тобылға қазақ елшілігін жібереді. Қайып пен Әбілқайыр хан Ресей империясымен сауда-экономикалық және саяси байланыстарды орнату үшін Уфа, Қазан, Тобылға өз елшілерін аттандырады.

ХVІІІ ғасырдың басында Ресей империясы оңтүстікке «қиыршық алтын» шығатын жерлерді іздеуге арнайы әскери экспедициялар жасақтайды. Бірақ бұл экспедициялар сәтсіз аяқталып Ресей үкіметі бейбіт дипломатиялық жолмен байланыс жасауға көшеді.

Ресей дипломатиясы қазақ-орыс қатынастарның жандануына қолайлы жағдай жасады. Ресей тарапынан Тәуке ханның атына хат жіберіліп, онда негізінен даулы мәселелерді келісім арқылы шешу жолдары қарастырылды. ХVІІІ ғасырдың басындағы Бекболат Екешев және Байдәулет Буриевтің басшылығымен Ресейге барған Қайып ханның елшілігі, 1716 жылдың қазанындағы Никита Белоусовтың елшілігі, 1717 жылдың аяғындағы Б.Брянцевтің елшілігі, 1718 жылдың қазанындағы Шабу және Багадур елшіліктері қазақ-орыс қатынастарын жақсартты.

ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында қазақ-орыс қатынастары белсенді түрде жүре бастады. Әбілқайыр ханның бастауымен кіші жүзің көптеген тайпалары Жайықтың оң жақ жағалауына шығуға тырысты. Бұл жағдай орыс бодандығындағы башқұрттар және қалмақтармен жаугершілікке әкеліп соқты. Шекаралық келіспеушіліктерді реттеу мақсатында кіші жүз басшылары 1726 жылы Ресейге елшілік жібереді.

Әбілқайыр ханның бірінші жіберген елшілігі нәтижесіз аяқталып, екінші рет (1730 ж.) елшілік жібереді. Ондағы мақсаты - Орта Азияда, қазақ халқы арасында өзінің ықпалын нығайтуды ойлады. Кіші жүздің Ресейге қосылуынан (1731-1732 жж.) кейін «қазақтарды орыс бодандығында ұстау және оларды басқару» жөніндегі жоспар жасалынды, сонымен қатар башқұрт жерлерін қорғау, сауда қатынастарын жүргізу үшін Орынбор қаласын салу жоспарланды. Ресей мен қазақстанның арасында сауда байланыстарын орнатуға қолайлы жағдайлар орныға бастады.

ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарының аяғында Орынборда 150 сауда дүңгіршектері және қоймалары салынды, ал 1754 жылы қазақтарға және азиялық көпестерге арналған күзде, қыста жіне жазда сауда жасайтын арнайы орындар ашылды. Сонымен қатар осыған ұқсас сауда орындары Семей, Жәміш, Троицк жерлерінде де салынды. Бұл тұрақтар алғашқыда бекініс ретінде тұрғызылып, кейіннен Ресей мен Қазақстанның арасында сауда орталықтарына айналды. 1750 жылдары Ресей империясы мен қазақ елі арасындағы сауданың өсу қарқыны байқалды.

Қазақстанның экономикасында Семей, Орск, Гурьев, Орал тағы басқа бекіністер маңызды рөл атқарды. Ортаазиялық және Шығыс Түркістанның көпестері көп мөлшерде мақта-маталар, ыдыстар, көкөністер, кілемдер, қару-жарақ, нан және күріш әкеліп отырды. Көшпелілердің отырықшылыққа көше бастауына сауданың дамуы себеп болды. Енді көшпелілер қалалардағы және елді мекендердегі сауда орталықтарына, жәрмеңкелерге бара бастады. Жердің тарылуы, бекініс шептерінің көптеп салынуынан, соғыс ауыртпалығынан қазақтардың шаруашылығында мал саны күрт азайып кетті, ол көшпеліліктің құлдырауына әкеп соқтырды.


§ 36.Қазақ-қытай қатынастары


1640 жылы Қытайда билік Маньчжур әулетінің қолына көшті. Жауынгер маньчжурлар Қытайды басып алумен ғана шектелген жоқ. Маньчжурлардың үстемдігі тұсында Қытай Шығыс Түркістан, Монғолия, Жоңғария аумағында белсенді сыртқы саясат жүргізді. Мақсат осы аумақтарды империяға қосып алу еді, бұған ХVІІІ ғасырда қол жеткізілді. Қазақ тарихи деректерінде маньчжурлар «шүршіт» деп аталады.

Қазақ-қытай қатынастары Қытай Жоңғарияны талқандап, Қазақстанның шекараларына жақындаған кезден қалыптаса бастады. Бұл кезеңде Абылай бастаған қазақ көсемдері жоңғарларды қолдауға тырысты. Олар қалмақтардың соңғы ханы Әмірсананы қытайларға ұстап бермеді, тіпті қытай әскерлеріне қарсы тұруға мәжбүр болды. Қазақ билеушілері Қазақстан мен Қытай арасындағы өткел ретінде осы мемлекетті сақтап қалуға үміт артты.

Жоңғар мемлекетінің құлауы аймақтағы саяси ахуалды түбегейлі өзгертті. Орта және Ұлы жүздер басқыншылық жоспарды көздеген Цинь империясының Қазақстанға қатысты орасан зор агрессиясымен бетпе-бет келді. 1756 жылдың көктемінде Абылайға Әмірсананы ұстап беруді үзілді-кесілді талап еткен грамота жіберілді. Қазақ қолбасшыларының пікірлері екіге бөлінді, алайда Абылай батылдық танытып, Қытай талабынан бас тартады. 1756 жылы жазда Қазақстан аумағына генералдар Хадаха мен Дардана бастаған Цинь армиясы баысп кірді. Қазақ пен қытай арасындағы алғашқы соғыс 1756 жылдың мамыр айында Шаған Оба ауданында өтті. Кейін ірі шайқас Жарлы өзенінің бойындағы Қарқаралы тауында өтті. Осы шайқаста 500 қазақ сарбазы қаза тапты. 1756 жылы күзде Абылай Баянауыл тауларында әскер жинап, Шідерті өзенінің бойында болған кезекті шайқаста Цинь әскерлерін орасан зор шығынға ұшыратты. Шайқас болған жерді қазақтар «Шүршіт қырылған» деп атады. 1756 жылғы соғыстан кейін 20 мыңдық Қытай армиясынан 3 мыңға жуығы ғана қайта оралған.

1757 жылдың жазында Цинь әскерлері Тарбағатай таулары арқылы қазақ жерлеріне басып кіреді және осы жерде Аягөз маңында қазақтардың қытайларға қарсы соңғы шайқасы өтті. Қазақ билеушілері Жоңғарияны қайта қалпына келтіру үшін күрестің нәтижесіздігін түсіне бастады. Сөйтіп, 1757 жылдың қыркүйегінде Пекинге Қанжігер мен Өміртай бастаған елшілік жіберілді. Императордың қабылдауында болған қазақ елшілері, бір жағынан өздерінің 1756-1757 жылдардағы әрекеттерін қателі болды деп түсіндірсе, екінші жағынан, Алтай мен Тарбағатайды қазақтардың заңды қоныстары деп жариялады және оны қазақтарға беруді талап етті. 50 жылдардың аяғында бұл мәселелер негізінен дипломатиялық жолмен шешілді.

Қазақстанның Қытаймен арадағы бұдан былайғы қатынастары екі негізгі мәселелерге - жер аумағы және саудаға байланысты болды. ХVІІІ ғасырдың 60-70 жылдары қазақтар жоңғарлардан азат етілген өз жерлері үшін тегеурінді күрес жүргізді. Алтай, Тарбағатай тауларындағы ескі қоныстарына алдымен керей және найман тайпалары, ал Жетісуға үйсіндер ұмтылды.

ХVІІІ ғасырда қазақтарға тек өзінің жер аумағын ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздігін де қорғауға тура келді.

Ресей Әбілқайырдың кіші жүзді қосу туралы өтінішін пайдаланып, Қазақ хандығының аумағына біртіндеп ене бастады. Абылай қайтыс болғаннан кейін Ресей өзінің шығыстағы саясатында қазақтардың тәуелсіздігін толығымен жоюға бағытталған жаңа жорықтарын дайындай бастады.


§ 37.Қазақ халқының материалдық мәдениеті


Қазақ халқының материалдық мәдениеттері өте көп. Ерте кездердегі ата-бабаларымыздың пайдаланылған заттар материалдық заттар болып саналады. Көшпелі қазақ халқының негізгі баспанасы - киіз үй. Киіз үй көшпелілер үшін өте ыңғайлы болды. Киіз үйде қазақтар ертеде қысы-жазы тұрған. Қыста киіз үйдің сыртын қос қабат киізбен жапқан. Жазда киіз үйдің ауасы таза, күн ыстықта іші салқын, жанға жайлы болды.

Киіз үйлер өздерінің үлкен-кішілігіне қарай: 4 қанатты, 6 қанатты, 8 қанатты, 12 қанатты болып бөлінсе, ал сән-салтанатына қарай: ақ орда, хан орда, қараша үй, лашық, абылайша, ұраңқай, жолым үй деп бөлінеді. Бай дәулетті адамдардың киіз үйлері алыстан өзінің сәнділігімен көзге көрініп тұрған.

Киіз үй - кереге, сықырлауық есік, уық, шаңырақтан тұрады. Кереге деп киіз үйдің шеңбер қабырғасын атайды. Уық - шаңырақ пен керегені байланыстыратын бөлігі. шаңырақ - киіз үйдің күмбезді төбесін құрайтын ең жоғарғы бөлшегі. Қазақта шаңырақ өте киелі есептелінеді. Осыған байланысты жас шаңырақ құрған отбасыларға арналып тойларда мынандай сөздер жиі айтылатын болған: «Шаңырағың шайқалмасын», «Шаңырағың биік болсын» және тағы басқа. Шаңырақтан кейінгі қазақтардың ерекше қастерлейтін киіз үйдің бөлшегі - босаға. Оны киелі, қасиетті санағандықтан, әдетте, қазақтар балаларына «босағаны керме, аяқпен баспа, бақытсыздық орнайды» деп тыйымдар айтып отырған.

Киіз үйдің сыртқы киізі: туырлық, үзік, түндік деп аталады. Олар күннің сәулесін, жауын-шашын өткізбеу, үйдегі ауаның бірқалыпты сақталуы үшін аса қажет болды. Киіз үйдің бұйымдарын дайындау, оны сәулеттендіру өнері үлкен шыдамдылықты, асқан шеберлікті қажет етеді. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермеген.

Ұлттық киімдер. Қазақ халқының киімдеріне келетін болсақ, олар жас шамасына қарай ерекшеленген. Жастар жағы ою-өрнекті қызыл-жасыл киімдер кисе, үлкендер ою-өрнектері аз киімдер киген.

Қазақтың киім-кешектеріне тақия, сәукеле, орамал, кимешек, бөрік, тон, қамзол, шапан, шекпен, мәсі, етік, тағы басқаларды жатқызамыз. Олардың кейбіріне тоқтала кетейік.

Сәукеле– қыздың ұзатқандағы киетін бас киімі. Қыз сәукелені күйеу еліне киіп барарда тіктіретін болған. Сәукеле әртүрлі қымбат асыл тастармен, алтын, күміспен безендірілген.

Тон – қазақтардың малдың терісінен әрі жылы, әрі ыңғайлы етіп тігетін сырт киімі.

Шекпен – түйе мен қой жүнінен тоқылатын сыртқы киім. Әдетте, түйе жүнінен тоқылған шекпенді бай, дәулетті адамдар киетін болған.

Шапан – қазақтарда оның түрлері көп болған. Сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан, тағы басқа. Сыйлы қонаққа құрметіне қарай шапан жауып аттандырған, бұл дәстүр әлі де сақталған.

Үй жиһаздары. Қазақтар әдетте киіз үйлерін әр алуан кілемдермен, небір ғажайып ою-өрнектермен өрнектелген сырмақтармен безендірген. Кебеже, абдыра, жастық ағаш, төсек ағаш - үйдің негізгі жиһаздары болды. Қазақтар мал терісінен, ағаштан саба, торсық, келі, күбі, тағы басқа ыдыстарды жасай білген.

Қолөнер бұйымдары. Ертеден қазақтар алтыннан, күмістен, асыл тастардан, сүйектен әр түрлі зергерлік бұйымдар жасаған. Зергерлер қыз-келіншектердің сәндік – сырға, білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, аптырма, шашбау, бұйымдарын, ұсталар ерлердің қару-жарақ, ер-тұрмандарын, айбалта, қылыш, қанжар, дулыға, семсер, ер-тоқым, ауыздық, қамшы жасаған. Жекелеген ұсталардың қолынан шыққан заттар көпшіліктің сұранысына ие болған. Қазақтың хас шеберлері мен зергерлерінің, жекелеген ұсталардың қолынан шыққан бұйымдар көпшіліктің сұранысына ие болған. Сондай-ақ, әр бұйымдар көздің жауын алатындай өте керемет жасалған.


§ 38.Қазақ халқының рухани мәдениеті


Қазақтың рухани мәдениетінің қалыптасуы жалпы тарихи үрдістің бір бөлігі болды. ХІХ ғасырдан бастап қазақ қоғамының рухани құндылықтарының, дәстүрлі қазақ мәдениетінің біртіндеп тоқырауы басталды. ХVІІІ ғасырдағы қазақ мәдениетінде Еуразияның ортағасырлық көшпелі құрылымдарына тән барлық дәстүрлер сақталып қалды. Бұл материалдық мәдениет пен рухани мәдениетте айқын көрініс тапты. Ауыз әдебиетінің қазыналарын жасап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген жыраулар, бақсылар мен күйші-сазгерлер болды.

ХV-ХVІІІ ғасырлардағы толғаулар, өлеңмен жазылған ой-тұжырым мен өсиеттер кеңінен таралды. Оның авторлары белгілі жыраулар Қазтуған Сүйенішұлы, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді және тағы басқалар. Жыраулар суырып салма ақындар болды. Жыраулардың көрнекті саяси қайраткерлер, хандардың кеңесшілері, рубасылары, әскербасылары болғандары да аз емес.

Қазақтардың арасында неғұрлым белгілі және әйгілі жыраулардың бірі Қазтуған Сүйенішұлы болды. Қазтуған Сүйенішұлының туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Ол ХV ғасырдың 20 жылдарында Еділдің төменгі ағысында, Ноғай ұлысы биінің отбасында дүниеге келді. Оның жырлары көшпелілер поэзиясының жарқын үлгісі еді. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазақтың ХV ғасырдағы айтулы жорық жырауы. Әскербасы, батыр болған. Қазтуған жырау жорық жыршысы және халық эпосын жасаушылардың бірі саналады. Артына қазақтардың әскери рухын, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Қазтуған жырау өлеңдері көп ғасырлық өнер мектебі мен әдеби үлгі ретінде санамыздан орын алды. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жыраулары арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің «Түрік хрестоматиясында» (1862), Ғабдолла Мүштақтың 1910 жылы шыққан «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында, М.Мағауиннің «Алдаспан» кітабында (1970) жарияланды.

Доспамбет жырау 1490-1523 жылдары өмір сүрген. ХV ғасырдың 90 жылдары Жайық алабындағы Азау қаласында дүниеге келіп, Астрахань маңында қайтыс болған. Көне қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің бірі, әскери жорықтардың жыршысы. Доспамбет жырау қазақ халқы ұлт ретінде қалыптаса бастаған дәуірде өмір сүрді. Өз кезінде Қырым, Ноғай және Қазан хандықтарының арасында болған жорықтар мен шайқастарға қатысқан.

Доспамбет жыраудың ақындық мұрасы бізге толық жеткен жоқ. Халық ауыз әдебиетінде, жекелеген қолжазбаларда сақталып қалған шығармалары ХІХ ғасырдың басында әр түрлі әдеби жинақтарға енген. Кеңес өкіметі кезінде табылған толғауларын М.Мағауин жинап, құрастырған «Алдаспанда» (1971) жарияланды. Оның өлең жырлары сол кездегі ұсақ хандықтардың арасындағы түрлі қақтығыстар туралы болды. Себебі шешендігімен қатар батыр болған Доспамбет бұл соғыстарға өзі де қатысқан. Жырау өлеңдерінен ақын ойын, оның өмірлік мақсаттары мен үміттерін, рухани әлемін, адамгершілік тұрғысы мен көзқарасын білуге болады. Туындыларының рухы өр, мазмұны терең, тілі жеңіл, нақышты. Жыраудың Отан қорғау, халқын сүю рухындағы «Айнала бұлақ басы таң», «Азау, азау дегенің», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық», тағы басқа жырлары бүгінгі күнге дейін жеткен. Оларда өзі талай қол бастап, қорғаған елін, жерін, ата қонысын сүйіспеншілікпен жырлайды. Доспамбет жырау 1523 жылы Астрахань жерінде қайтыс болады.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (ХVІ ғ.) үлкен із қалдырды. Шалкиіз жырау Батыс Қазақстанда дүниеге келген. Қазақтың ақын-жыршысы, батыр және жауынгер. Әкесі Тіленші өз тұсындағы ірі феодалдардың бірі болған, ал шешесі Ноғай ордасының ұлы биі Мұсаның қызы екен. Үш айлығында анасынан айырылған Шалкиіз нағашы атасының қолында тәрбиеленеді. Көшпелі шонжарлар ортасынан шыққан жырау еш таршылық көрмей өседі. Бұл жағдайлар оның тұлға ретінде қалыптасуына және поэзиясына ықпал етті. Шалкиіздің поэзиясы тақырыбы жағынан терең философиялық, күрделі көркем образдарға толы, патриоттық сипатта болды. Жыраудың шығармашылығынан бізге жеткені 600 жолдың шамасы. Шалкиіз – туындылары орыс тіліне тәржімаланған ақын-жыршылардың бірі. Оның шығармашылығын сол дәуірдегі орыс оқымыстылары мен зерттеушілері жоғары бағалаған.

Шалкиіз Тіленшіұлы толғаулары қазақтың суырып салма өнерінің негізін қалаушы ретінде классикалық үлгі болып табылады. Шалкиіз жырау ғұмырының көп бөлігін Ноғай ордасының билеушісі Темір бидің қол астында өткізді. Темір би өлгеннен кейін, Мамай мен оның кенже інісі Жүсіппен бірге болды. Өмірінің соңғы жылдарын Хақназар хан тұсындағы Қазақ мемлекетінде өткізеді.

Жыраулар поэзиясының дәстүрін жалғастырып, байыта түскен Марғасқа жырау ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген. Бұл дәуір Есім ханның кезі болды. Марғасқа тек ақын ғана емес, сонымен бірге жауынгер де еді. Тұрсын ханға қарсы шайқастарға қатысқан. Ол «Есім хан» атты батырлық поэманың авторы. Марғасқа жырау жауынгерлік рухтағы жырларды шығарушы, қазақ поэзиясындағы ежелгі дәстүрді жалғастырушы. Ол Есім ханның жорық жырауы, қол бастаған батыры болған. Есім ханның өмірі мен ерлік істерін сипаттауға арналған «Еңсегей бойлы ер Есім» атты жеті мың жолдық тарихи жыр шығарған.

Жиембет жырау ол Алшын руынан шыққан. ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен. Жиембет жырау алшын тайпасына әмірін жүргізген. Жиембет Бортоғашұлы Есім ханның тұсында кіші жүздің биі болды, ойраттарға қарсы және Тұрсын ханға қарсы соғыстарға қатысты. Есім ханның ұлы жорықтарында ерлік көрсеткен. Ол 1620 жылғы ойраттармен болған ірі соғыста Кіші жүз қолын басқарып, қазақтардың жеңіске жетуіне ықпал еткен.

1627 жылы Тұрсын ханмен болған соғыста Жиембет жырау Есім ханды қолдаған. Жиембет жырларында өктем билікті сынау, әділеттілікті, имандылықты насихаттау орын алған. Есім ханға айтылған «Әмірің қатты Есім хан» атты толғауы – осының айғағы. Өмірінің соңына дейін әділеттілік үшін күресіп өтеді. Бізге жеткен шығармаларынан оның майталман сөз зергері болғанын білеміз. «Есім хан туралы толғау», «Қол-аяғым бұғауда» атты туындыларының үлкен тарихи және этнографиялық маңызы бар.

Ақтамберді жырау Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанда Қаратау өңірінде туған. Руы – Орта жүздің найман тайпасы. Жырау, батыр, би болған. Ақтамберді жыраудың өмір сүрген уақыты жоңғар шапқыншылығының уақытымен тұстас келеді. Бала күнінен-ақ суырыпсалма ақын ретінде танымал болды. Ақтамберді жырау жоңғарларға қарсы барлық соғыстарға белсене қатысты. ХVІІІ ғасырдың 50 жылдарында қазақтарды жоңғарлардан қайтарып алған жерлеріне орналастыру қозғалысын басқарды.

Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой-толғаулары өзгелерден биік тұрады. Ол жылқы малын «ер қанатты» дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді.

Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады. Көптеген өлеңдерінде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар мен қызу шайқастар кезінде туындаған өлеңдері ХVІІІ ғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді. Ақтамберді өмірінің ақырына дейін халық тіршілігі, ерлік туралы жырлап өтті. 1768 жылы Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Жүрекжота деген жерде қайтыс болды.

Үмбетей Тілеуұлы 1706-1778 жылдары өмір сүрген. Қазіргі Ақмола облысының Ерейментау ауданында дүниеге келген. Үмбетей Тілеуұлы Бөгенбайдың үзеңгілес жауынгер серігі бола жүріп, халық арасына жыршы ретінде де танылды. Жырау шығармаларының бір тобы («Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге») әлеуметтік әділдік, адамгершілік мәселелерін арқау етсе, енді бір тобы Бөгенбай батырдың ерлікке толы («Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту», т.б.) өмірін суреттеуге арналған. Оның «Жантай батыр» дастаны мен Абылай хан туралы жырларында қазақ халқының қалмақтарға қарсы күресі баяндалады. Жоңғар мен қытайға қарсы батырлық күресті, халықтың бейбіт өмірге ұмтылуын жырлады. Үмбетейдің неғұрлым танымал шығармасы Бөгенбай батырға арналды. Жырау шығармаларының негізгі тақырыбы – ел қорғау, жер қорғау күресі, халықтың ынтымағы, береке-бірлігі. Ол – халық мүддесін жырлаған жырау. Халық мүддесіне жат қылықты хан-сұлтанның бет-жүзіне қарамай әшкерелеп айтатын әділ, адал, турашыл ақын болған.

ХҮІІІ ғасырда Бұқар Қалқаманұлы ерекше танымал болды. Бұқар жырау 1668-1781 жылдары өмір сүрген. Ол Павлодар облысындағы Баянауыл жерінде туған. Бұқар Қалқаманұлы – қазақтың аса көрнекті жырауы, мемлекет қайраткері. Ұзақ ғұмыр сүрген ол көптеген тарихи оқиғалардың куәгері. Тәуке хан тұсында беделді билердің бірі болған. Ел билеу ісіне Бұқар жырау ХVІІ ғасырдан бастап араласты. Бұқар жырау Тәуке хан мен Абылайдың тұсындағы ықпалды би, абыз, кеңесші қызметін атқарды. Ол мемлекеттің тұтастығына, оны сыртқы жаулардан қорғауға арналған орасан көп толғаулардың авторы, ұлттық идеологияның жаршысы. Жырау тек қана жыршы емес, сондай-ақ қатардағы қауым мүшелерінің, еркін көшпелілердің мүдделерін жақтаушы. Толғау кей кезде көрегендік ретінде орындалады, жырау көшпелілер қоғамында қандай да бір дәрежеде абыздың қызметін атқарды. Толғаулар өмірдің мәні, дүниенің баянсыздығы жөніндегі философиялық ойларға толы болды. ХVІІІ ғасырдың аяғында жыраулық дәстүр біртіндеп әлсірей бастады. Жырау қазақ халқының өміріндегі күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды. Бұқар жырау қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы, Далба тауының баурайында 1781 жылы қайтыс болды.


























































VІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫ ҚҰРАМЫНДА


§ 39.Қазақстанның Ресейге қосылуы


ХVІІІ ғасырдың бас кезі орыс мемлекеті нығаюының және империялық кезеңге өтудің басы болып саналды. Ол ХVІІІ ғасырдың 20 жылдарында бастау алған Қазақ хандығы мен Ресейдің белсенді саяси байланыстарының дамуымен сипатталды. Жоңғар шабуылынан кейін (1717-1718 және 1723-1727 жылдар) қазақтың көптеген тайпалары ғасырлар бойы мекендеген жерлерінен кетуге мәжбүр болды. Бірқатар тайпалар Әбілқайыр ханмен бірге Жайық өзенінің оң жақ жағалауына көшуге әрекет жасады. Осы жерде олар Ресей бодандығындағы қалмақ, башқұрт елдерімен қатар қоныстанды. 1726 жылы кіші жүз өзінің шекаралық келіспеушіліктерін реттеу үшін Ресейге елші жіберген. Екі ел арасындағы сауда-дипломатиялық қатынастардың дамуы Ресейге де аса пайдалы екендігі І Петр заманында-ақ белгілі болды.

1730 жылы маусымда Әбілқайыр хан өзіне бағынышты қазақтарды Ресейдің қол астына алуын сұрап императрица Анна Иоанновнаға өтініш хат жолдайды. Сейітқұл Қойдағұлов пен Құтлымбет Қоштаев бастаған елшілікті 1730 жылы қыркүйекте Петербургке жібереді. Осы уақытта Ресейдің құрамына Еділ қалмақтары, Қабардин княздігі, Грузия енген болатын. Ресей Әбілқайырдың елшілерін сыйлап зор құрметпен қарсы алады. 1731 жылы 19 ақпанда Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның және оның қарамағындағы қазақ ұлысының Ресейге ерікті түрде қабылданғаны туралы грамотаға қол қойды.

Қазақстанға Әбілқайыр ханнан ант алуға Шет елдер коллегиясының аудармашысы А.Тевкелев басшылығымен елшілік келеді. 1731 жылы А.Тевкелев 5 қазанда Ырғыз өзеніндегі Майтөбе деген жердегі Әбілқайырдың ордасына жетеді. Осы жерде қазақ билеушілерінің арасында бодандыққа көшу туралы бірліктің жоқтығы байқалады. Билер мен сұлтандардың көпшілігі «орыс бодандығы»туралы естігілері де келмеді. Бірақ Тевкелев табын руынан шыққан Бөкенбай батырға және оның күйеу баласы Есет батырға арқа сүйеді. Нәтижесінде 1731 жылдың 10 қазанында Әбілқайыр хан, Бөкенбай және Есет батырлар бодандықты қабылдап, ант берді. Осылайша, Ресейге кіші жүздің қосылуы басталды. 1732 жылы 24 қарашада А.Тевкелев елшілігі кері қайтады.

ХVІІІ ғасырдың 30 жылдарының ортасында жоңғарлар қайтадан қазақтарға, әсіресе Орта жүзге қысым көрсете бастады. Орта жүз ешкімге тәуелді болмай, өз еркімен өмір сүрді. Сәмеке хан өлгеннен соң да орта жүз тәуелсіз болып қала берді. 1743 жылы орта жүз бен Жоңғария арасында бейбіт келісім жасалды. Шын мәнінде, 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғыға» дейін Солтүстік және Орталық Қазақстан тәуелсіз өмір сүре берді. Ұлы жүз қазақтары 1734 жылы Жоңғариямен келісімге келіп, жартылай бағыныштылықты күй кешті. Тек ХVІІІ ғасырдың 50 жылдары Жоңғар ордасының дағдарысы ұлы жүзді бостандыққа жеткізді. Қазақстанның Ресейге қосылуы ХVІІІ ғасырдың 30 жылдары басталып, ұзақ және күрделі оқиғалар мен үрдістерден кейін ғана ХІХ ғасырдың 60 жылдары аяқталды. Қазақтардың орыс бодандығын қабылдауы әр түрлі ішкі саяси жағдайда іске асты. Кіші жүздің көп және Орта жүздің кейбір аудандары Ресейге ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың басында қосылды. Патшалық империя Орта Азияға байланысты алға қойған стратегиялық мақсаттарына жету үшін Орта жүздің үлкен бөлігін және Оңтүстік Қазақстанның қалалық бөлігін қатаң әскери күшпен бағындырды. Қазақстанның Ресейге қосылуы үш кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – ХVІІІ ғасырдың 30 жылдарынан басталып ХІХ ғасырдың 20 жылдарына дейін. Бұл жүзжылдықтың ішінде Ресей мен Қазақ хандығының арасында протекторат қарым-қатынасы орнады. Ресей бекіністері мен шептері қазақ жерінің солтүстік шекарасын жан-жақтан қоршады. Қазақ хандарының сыртқы істеріне орыс билігі тығыз араласты және хандарды бекітіп отырды.

Екінші кезең – бағыныштылық кезеңі, ХІХ ғасырдың 60 жылдарына дейін. Оның негізгі көрінісі 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» мен 1824 жылы қабылданған «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы». Осы жарғылардың нәтижесінде хандық билік күшін жойып, Ресей бодандығындағықазақ өлкесінде ішкі және сыртқы округтер ашылды. Округ басшылары аға сұлтандар мен сұлтан-правительдер генерал-губернаторлықтарға бағынды. Өз кезегінде округтерде болыстықтар мен дистанциялар ашылды.

Үшінші кезең – таза бодандық, 1860 жылдары басталады. Оның негізгі белгісі Қазақ жерінің тұтастай Ресей империясының құрамына енуі, облыстарға бөліну, олардың өз кезегінде уездерге және тағы басқаларға бөлінуі. Қазақтың саяси элитасы – сұлтандар мен билер биліктен біржолата шеттетілді. Қазақ шаруашылығы Ресейдің тауарлы-сауда қарым-қатынастарының шеңберіне тартыла бастады.

Бір жарым ғасырға созылған орыс жаугершілігі ақыры Қазақстанның оңтүстіктегі қалаларды жаулап алумен аяқталды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалыстары жеңіліспен аяқталып, Қазақстанның бүкіл аумағы Ресей билігіне өтті. Қазақтардың жеңілуінің бірнеше себептерін көрсетуге болады: ол алдымен Ресей империясының экономикалық ресурстары қамтамасыз еткенорыс әскері техникалық жарақтандырылуының артықшылығы еді. Екіншіден, бірқатар сұлтандар мен билердің сатқындығы, үшіншіден, Кенесары қозғалысы кезінде Ресейді қолдаған Қазақстанның оңтүстік көршілерінің – Хиуа, Қоқан және қырғыз манаптарының саясаты. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін орыс әскерлері Жетісуды, 60 жылдары оңтүстік қалаларды басып алды (Ташкент, Шымкент, Түркістан, т.б.). Ресей өзінің әкімшілік-саяси реформалары арқылы Қазақстандағы дәстүрлі басқару жүйесін бұзды, көшпелілерді құнарсыз жерлерге ығыстырып, Ресейден келген қара шекпендерге үлкен жеңілдік берді. 1867-1868 жылдардағы «Уақытша Ережеден» кейін Ресейдің отаршылдық саясаты кең етек жайды. Сонымен қатар Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижесінде қазақ көшпелілері кең көлемде айырбас және сауда қатынасын жасау мүмкіндігіне ие болды. Қазақ ауылдарында сауданың даму барысында капиталистік өндірістік қатынастар қалыптаса бастады.

§ 40.Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс


ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Кіші жүз бен Орта жүзде бірқатар көтерілістер мен қозғалыстар болды. Мұндай көтерілістердің ішіндегі ең қуаттысын Сырым Датұлы бастады деп айтуға болады. ХVІІІ ғасырдың аяғында басталған көтеріліс ұзақ жылға (1783-1797 жж.) созылды. ХVІІІ ғасырдың 80 жылдарында кіші жүз ауыр жағдайға тап болды. Ресейдің отаршылдық саясаты күшейді. Орал казактары елдің ішкі аумағын жаулап, Жайықтан бергі жерді тартып алды, қазақ-башқұрт, қазақ-қалмақ жанжалдары да өрши түсті. Кіші жүздегі Нұралы хан мен оны жақтаушылар елдегі үрейді тоқтата алмады. Ұзаққа созылған дағдарыс халық арасында наразылық туғызып, ел толқи бастады. Әбілқайыр хан тұқымына қарсы наразылық топты Сырым Датұлы бастады.

Кіші жүздегі ХVІІІ ғасырдың аяғындағы көтерілістің негізгі себептері – жер мәселесі, патша үкіметінің көшпелілерге Орал өзенінің «ішкі жағына» мал жаюға тыйым салуы, сонымен қоса ру басшылары билігін шектеу, халықты қатаң қанау болды. ХVІІІ ғасырдың 80 жылдары көтеріліс күшейе түсті. Егер қазақ ауылдары жиі тоналса, қазақ батырларының орыс бекіністерінеқарсы аттануы да жиіледі. Бұл әсіресе 1783 жылдың көктемі мен жазында Сырымның Орал казактарының қолына түсіп қалуынан кейін өрши түсті. Нәтижесінде 1783 жылы жазда Нұралы хан Сырымды босатып алу үшін ақы төлеп, оны елге қайтарды. Бұл жерде оның туыстығынан бұрын (Сырымның әйелі Нұралы ханның туған апасы), негізінен Сырымның дала халқы арасындағы үлкен беделі себеп болды. Сырым Датұлы 2700 адамнан тұратын әскер жинады, барлық көтерілісшілер саны 6 мың адамнан асты (кейбір деректерде 7 мың). Көтеріліске қатысушылар шаруалар және Нұралыға қарсы билер, ру басшылары еді. 1785 жылдың шілдесінде кіші жүз ақсақалдары ІІ Екатеринаға арнап жазған хатында: «Біз қырғыз-қазақ жұртының қарапайым кіші жүз халқымыз, барлық қара халық пен оның басшылары Нұралы ханға қарсы... Егер де хан билігінен Әбілқайырдың тұқымын алып тастамасаңыз, арамызда тыныштық болмайды. Бұл оның бүкіл тұқымына қарсылығымыздықтан емес, ханның қатыгез саясатынан туындады. Сондықтан оны тақтан тайдырмағанша ешқандай келісім де, бейбітшілік те болмайды», - деп жазады.

1785 жылы қозғалыс бүкіл кіші жүзге тарады. Нұралының беделі мен билігі әлсіреді. Халық оны жақтамады, патша үкіметі Нұралы хан билігінің әлсіздігіне көз жеткізді. 1784 жылы Симбирск және Самарск билеушісі болып О.А.Игельстром тағайындалды. Ол 1785 жылдың күзінде кіші жүзде жиналыс ұйымдастырып, күн тәртібіне екі мәселені қояды: хан билігін жою және кіші жүзді 3 бөлікке немесе «негізгі ордаларға» бөлу. Отаршыл билік саяси дағдарысты пайдаланып, хандық билікті жоюға асықты.

1786 жылдың 3 маусымында ІІ Екатерина Нұралы ханды биліктен аластату туралы рескриптіге қол қояды. Бірақ Игельстромның реформасы Нұралы ханның інісі Ералы сұлтан бастаған қарсылыққа тап болды. Олар хандық билікті қайтаруды талап етеді.

1797 жылы қазанда Айшуақ хан болып сайланды. Сырым Датұлы Нұралының балалары, Айшуақтың жақтаушылары көзін жою үшін соңына түскендіктен Хиуа хандығына көшіп, 1803 жылы сонда қайтыс болады.

Сырым Датұлы дүниеден озған кезде оның асында 2000 жылқы, 2500 қой сойылып, 5000 күбі қымыз ішілген және бірнеше жүз киіз үйлер тігілген. Бұл бір жағынан, оның байлығын, екінші жағынан, оның халық арасында беделді болғанын білдіреді. Сырым Датұлы 2000 шаңырақты басқарған.

Сырым Датұлы өз халқының нағыз партиоты екенін таныта білген және отарлық бұғаудан елді босатуға қор үлес қосқан. Ол Ресейдің отарлау саясатын жүзеге асырған қазақтарға қарсы соғысты. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі – патша саясаты мен Жайық казактарының жүгенсіздігі, олардың қазақ халқын қанауы болды. Халық көтерілісін Сырым батырмен бірге Барақ, Тіленші, Оразбай, Жантөре сұлтан сынды елдің беделді азаматтары басқарды. Кіші жүздің байбақты, табын, шекті, кете және шеркес рулары көтеріліске қатысты. Көтерілістің бас кезінде Сырым батырдың 2700 сарбазы, Барақ батырдың 2000 және Тіленші батырдың 1500 сарбазы болды.


§ 41.Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы

бастаған халық-азаттық көтеріліс


Қазақ халқының азаттық күресінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор. Исатай Тайманұлы қазіргі Атырау облысының Исатай ауданындағы «Тайман жолы» деген жерде 1791 жылы өмірге келген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде аты көпке мәлім болған Ағатай батырдың ұрпағы. Жасынан ақылды, ұстамды, сонымен қатар шешендігімен, батылдығымен аты шыққан. 21 жасында ол Беріш ішіндегі Жайық руының басшысы болып тағайындалады. Исатайдың Тайманұлының жақын серігі әрі досы, ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Ол татар және орыс тілдерін еркін білген, орыс жазушысы, этнографы В.И.Даль, ғалым-саяхатшы Г.С.Карелинмен таныс болған.

1836-1837 жылдары орыс отаршылдарына қарсы Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс патша саясатына бүкіл халық қарсылығының айқын көрінісі болды. 1836 жылы Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы және басқа азаматтармен бірге негізгі қозғаушы күші қазақ шаруалары болған көтеріліске басшылық жасады.

Бүкіл халықтық көтеріліс кенеттен басталған жоқ, ол бірте-бірте пісіп-жетіліп, бір жағы, хандық биліктегі басшы топтыңхалықты дұрыс басқара алмауы және патша өкіметінің зорлық-зомбылығына халықтың төзбеуінен болды. Сонымен бірге Бөкей ордасында жер бөлу мәселесі төңірегіндегі жағдай күрт шиеленісті. Күрмеуі көп жер дағдарысы, аса жоғары салықтар, ішкі өзара қырқысулар, отарлық езгі Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліске әкеліп соқтырды.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс басып жаншылған соң, далада көтеріліске қатысқандарды қатаң жазалау басталды. Патша отаршылдары көтеріліске қатысқандарды каторгалық жұмыстарға жіберді, мал-мүліктерін тәркіледі, мәңгілікке басқа жаққа жер аударды.

Исатай Тайманұлы патша әскерімен болған қанды шайқас кезінде қаза тапты. Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің негізгі қозғаушы күші көшпелі рулар болды. Қозғалыстың стихиялылығы, нақты бағдарламасының болмауы, ұйымшылдықтың жетіспеуі жеңіліске әкелді. Қалай болғанда да бұл көтеріліс көшпелі қауымның еркін рухты, өз тәуелсіздігін сақтауға арналған ірі қозғалысы ретінде тарихтың бетінде көрнекті орын алды.

Махамбет Өтемісұлы халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлар арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды.


§ 42.Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс


Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының тұтастығы мен билігі әлсірей бастады. Осыны пайдаланып Ресей патшалары қазақ жерін отарлауға көшті. Сонымен бірге олар әр түрлі сұлтан әулеттері мен батыр, билерді бір-біріне қарсы айдап салды. Елдің бірлігі, ынтымағы азайды. 1820 жылдары Ресей үкіметі енді қазақ даласының ең шұрайлы жерлеріне әскери бекіністер сала бастады. Жерінен айырылған, өз билігі өзінен кеткен қазақ елі ауыр жағдайда қалды. Жұтқа ұшырап, орыс-казактар мен шаруаларға тәуелді болды. Осының бәріне шыдамаған қазақтың батыр азаматтары көтеріліске шықты.

Кенесары Қасымұлы қазақ халқының ұлт-азаттық күресін басқарды. Ол кезінде Абылайдың мекені болған Көкшетау өңірінде 1802 жылы дүниеге келген. Абылайдың немересі Кенесарының әкесі Қасым Абылай ханның ең мықты да жау жүрек ұлдарының бірі болған.

Кенесары жастайынан халық арасында атасы Абылайдың даңқын мадақтаған жыр-дастан, аңыздарды естіп ер жетеді. Сондықтан да болар, ол өз атасы Абылайға еліктеп, оның жолын қуған. Батыл, қорқуды білмейтін ер жүрек сұлтан атпен жүріп, аң аулап, саят құрғанды ұнатқан. Кенесарының әкесі Қасым да, ғалары Саржан мен Есенгелді де қоқандықтардың (Орта Азиялық хандық) қолынан қаза тапқан. Кенесарының заманында қазақ жері күннен-күнге тарылып, біртұтастығынан айырылған. Кенесары атасы Абылайдың тұсындағы қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру үшін күресті. Ол 1825 жылдан бастап орыс үкіметіне қарсы ағасы Саржан бастаған күреске қатысса, 1836 жылдан өзі көтерілістің қолбасшысы болды.

1837-1847 жылдары Кенесары көтерілісіне туыстары - інісі Наурызбай, Әбілғазы, қарындасы Бопай, ағасы Саржанның балалары - Ержан, Құдайменді, Иса, Қошқарбай тағы басқалары белсене қатысады. Сонымен қатар халық батырлары Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай батырлар азаттық күресіндегі оның сенімді серігіне айналады. Кенесары Қасымұлының даңқы мен ерлік істері халық арасында кең тарады. Кенесары Қасымұлы 1841 жылы үш жүздің өкілдерінің жиынында, Ұлытауда ақ киізге отырғызып, хан көтереді. Кенесары Қасымұлы әскери әдіс-тәсілдерге жетік, соғыс өнеріне шебер болған. Ол осыны өз сарбаздарынан да талап еткен. Көтерілістің шарықтау шағында оның сарбаздарының саны 20 мыңға дейін жеткен. Қазақ даласындағы Кенесары Қасымұлы көтерілісінің күшеюі патша үкіметін қатты алаңдатты. Патшалық Ресейдің Қазақстандағы өкімет органдары Кенесары Қасымұлы көтерілісін басып-жаншуға барлық күшін жұмсады. Сол үшін мықты қаруланған арнайы жазалаушы отрядтар аттандырды. Кенесары Қасымұлы 1847 жылы 45 жасында Алатау баурайында қырғыз манаптарының қолынан қаза тапты.


§ 43. «Сібір қазақтарының жарғысы» 1822 жыл


«Сібір қазақтарының жарғысы» - 1822 жылы Орта жүзде хандық билікті жоюға бағытталған реформа. 1781 жылы Орта жүздің ханы Абылайдың қайтыс болып, билікке келген оның баласы Уәлидің қатыгездігі халық наразылығын туғызды. 1795 жылы екі сұлтан, 19 ақсақал және 122360 қазақ императрица ІІ Екатеринаның атына Уәлиді хан тағынан тайдыру туралы өтініш жіберді. Үкімет сол кезде хан билігін жою жөн емес деп тапты, алайда оны әлсірету мақсатымен 1815 жылы қосарлап екінші ханды - Бөкей сұлтанды тағайындады.

Ресей «бөліп алда билей бер» саясатын жүргізіп, оларды бір-біріне айдап салып, кедейленген өркөкірек хандармен өздерінің байлығы жөнінен бақталас ауқатты сұлтандарды өз жағына тартып отырды. 1817 жылы Бөкей хан, ал 1819 жылы Уәли қайтыс болғаннан кейін Орта жүзде хан тағайындалмады. Бұл жағдай Орта жүзде жаңа билеу жүйесін қажет етті. Жаңа реформаны әзірлеуді патша аса білімді тұлғалардың бірі Сібір генерал-губернаторы М.М.Сперанскийге жүктеді.

Оның міндеті Орта жүзде хан мемлекеттілігін жойған жаңа актілерін енгізу болды. М.М.Сперанский болашақ декабрист Г.С.Батеньковпен бірігіп заң жобасын жасады. 1822 жылы 22 маусымда патша «Сібір қазақтарының жарғысын» бекітті. Жарғы 10 тарау, 319 параграфтан тұрады.

Жарғының мақсаты - Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіптерді әлсірету болды. Жарғы бойынша Сібір екіге бөлінді: орталығы Тобыл болған Батыс Сібір, орталығы Иркутск болған Шығыс Сібір.

Біріншісіне Тобыл, Томск губерниялары мен Омбы облысы кірді; орта жүз аудандары, яғни «Сібір қазақтарының округі» Омбы облысының құрамына енгізілді. Жарғы бойынша «Сібір қазақтарының округі» сыртқы және ішкі округтерге бөлінді.

«Сібір қырғыздарының жарғысында» ауылды - ауыл старшындар, болыстарды - болыс сұлтандары, округтерді аға сұлтандар басқарды. Бұл Шыңғыс ұрпақтарының ықпалын әлсіретуге бағытталған шара еді. Үкіметтің жергілікті көшпелілер жөніндегі саясатында оларды егіншілікке ынталандыру, «бақташылық өмірді» жою, олардың жер жыртуға көшуін көтермелеу маңызды бағыт болды. Отырықшылыққа көшкендерге 15 десятинаға дейін жер бөліп беруге рұқсат етілді. Қылмыстық, талап-арыз және облыстық басқармаға түскен шағымдарға негізделген жаңадан сот жүйесі енгізілді. 1822 жылы «Сібір қырғыздарының жарғысы» алғашқы патшалық реформа ретінде бүкіл дәстүрлі билік құрылымын қиратып, әлеуметтік, саяси және шаруашылық өмірдің барлық жақтарын қамтыды. Патшалық Ресейдің отарлық саясатының кеңейе түсуіне жол ашты.




ОКРУГ

(15-20 болыс)

басқарушысы - округтік приказ және аға сұлтан.

(Аға сұлтан 3 жылға сайланды, 10 жылдан кейін дворяндық атақ берілді).


БОЛЫС

(10-12 ауыл)

басқарушысы - болыс сұлтаны.

(өмірлік мерзімге сайланды, 12 кластық чиновникке теңестірілді)


АУЫЛ

(50-70 шаңырақ)

басқарушысы - ауыл старшыны.

(3 жылға сайланды)



§ 44. «Орынбор қазақтарының жарғысы» 1824 жыл


«Орынбор қазақтарының жарғысы» - Кіші жүздегі хандық билікті жоюға негіз болған жарғы. Бұл жарғының жобасын 1822 жылы Орынбор генерал-губернаторы Эссен жасады. Эссенің жобасы Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде 1824 жылы 20 наурызда бекітілді. Осы жылдан бастап Кіші жүз қазақтарын басқаруда Ресейдің отарлық әкімшілігінің жаңа жүйесі енгізілді. Жарғы бойынша екі басқару жүйесі енгізілді: шекаралық шепке жақын орналасқан қазақтарды басқару - шептік басқарма және далалық аймақта, шекара сыртында өмір сүріп жатқан қазақтарды басқару - далалық басқарма.

Бұл екі басқармада Орынбор Шекаралық Комиссияға бағынды. Шептік басқарма дистанцияға бөлінді. Әрбір дистанцияны шептік дистанцияның басшысы басқарды. Оған бекініс коменданттары бағынды.

Далалық басқарма Кіші жүз даласын төртке бөлді - Шығыс, Орта және Батыс, Ішкі бөлік. Әр бөлікте үш сатылы басқару болды: ауыл, ру және бөлік. Ауылды - старшындар, руды - билеушілер, бөліктерді - аға сұлтандар және кеңес басқарды. Аға сұлтандарды қазақтар өздері сайлады және олар отаршыл әкімшіліктің ең төменгі сатысы болып есептелді. «Орынбор қазақтарының жарғысында» Шекара комиссиясының міндеттері, оның шенеуніктерінің қызметі, болыс билеушілері мен ауыл старшындарының басқару тәртібі, іс жүргізу, әр түрлі қылмыстық істер бойынша қазақтарды соттау туралы, сондай-ақ, салықтың барлық түрлері де айтылған. «Орынбор қазақтарының жарғысын» енгізу Патшаға өз мақсатына жету үшін, яғни кіші жүздегі хандық билікті жойып ондағы басқаруды метрополиядағы басқару жүйесіне жақындату керек болды.


Бөліктер

(батыс, орта, шығыс)

басқарушы - сұлтан.


Дистанция

(1831 жылы 54 дистанция құрылды)

басқарушысы - ру шонжарлары


Ауыл

басқарушысы - ауыл старшыны


§ 45.Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа


Хандық билікті іс жүзінде жойған 1822 және 1824 жылғы Жарғылар жаңа капиталистік қатынастар өрістей бастаған кезде өлкенің шаруашылық даму талабына сай болмады. ХІХ ғасырдың 60 жылдары қазақтарды басқару жүйесін өзгерту үшін И.И.Бутков басқарған комиссия құрылды. Қазақ даласын 2 облысқа бөлу жоспарланды. Батыс облысы оның орталығы – Торғай. Шығыс облысы оның орталығы – Сергиополь немесе Қарқаралы. Бірақта бұл ұсыныс қабылданбады. 1865 жылы Ішкі істер министрлігі кеңесінің мүшесі Гирс басқарған Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін «Дала комиссиясы» құрылды. Оның құрамына Ішкі істер министрлігінің, әскери министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді.

1865 жылғы 5 маусымда ІІ Александр бұйрығымен қазақ жерін зерттеу сұрақтары дайындалды: жерді иелену түрлері, сот ісі, ағарту ісі, салық, діни мәселе тағы басқа. Өзінің шекарасы күннен-күнге ұлғайып келе жатқан Ресей империясы үшін сыртқы жағдай әкімшілік жүйесін реформалауды жүргізуге қолайлы болды. Шаруалардың басыбайлы тәртібі жойылғаннан соң Ресей үкіметі земствоның, соттың, қалалықтардың және тағы басқа әлеуметтік-саяси өмірін түбегейлі өзгерткен бірқатар реформалар жүргізді. Осы жағдайда Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформалар - Ресей патшалық үкіметі жүргізген әкімшілік-басқару шаралары. Түркістан және Дала өлкелерін басқару үшін тәжірибе ретінде жүргізілген бұл реформалар «Уақытша ереже» деп аталды.

Ресей өнеркәсібі үшін Қазақстан бай шикізат көзі және тауар өткізетін рынок болды. Қазақстанның байлығын Ресейге толық тәуелді ету үшін патша үкіметі Қазақстандағы өзінің үкімет билігін нығайтуды көздеді. Осыған байланысты қазақ даласында жүргізілген әкімшілік-басқару реформалары сот, оқу-ағарту, алым-салық, жер тағы басқа мәселелерді қамтыды. 1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д.А.Милютин бастаған ерекше комитет құрылды.

Нәтижесінде ІІ Александра патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша ережені» бекітті.

1867-1868 жылдары реформаның (Уақытша ереже) негізгі мақсаты «Қазақ даласының ХІХ ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды.

Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және батыс Сібір болып бөлінді. Әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі - Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан. Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді.

Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды. Мысалы, Семей және Ақмола облыстары 5 уезден, ал Сырдария облысы 8 уезден және т.б. Уездер болыстарға бөлінді. Болыстар 100-200 шаңырақтан тұратын әкімшілік ауылдарға бөлінді. Облыстың басына әскери губернаторлар қойылды, ал уездерді генерал-губернатор сайлаған орыс офицерлері басқарды. Болыс басына сайланбалы болыс басқармалары, әкімшілік ауылдарда ауыл старшындары тағайындалды. Болыстар сияқты ауылдар да рулық принцип бойынша емес, аумақтық принцип бойынша құрылды. Әкімшілік басқарма ашықтан-ашық әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарына шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды.

1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады.

«Уақытша Ереженің» 210-тармағына сәйкес Қазақ жері Ресей империясының меншігі болып жарияланды. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялау оны қазақ халқының пайдалануынан жатсындырып, қоныс аударушы қара шекпен учаскелеріне таратуға заңды құқық берді. Сұлтандардың барлық әлеуметтік-саяси және мұрагерлік құқықтары жойылды. Ел билігі орыс шенеуніктерінің қолына шоғырландырылды.

1867-1868 жылдардағы реформалар екі жылға уақытша енгізілгенімен, бұл тәжірибе 20 жылға созылды. Бұл реформалар қоғамның түбірлі қайшылықтарын шеше алмады. Реформа арқылы отарлық басқару, билік нығайтылды. Халықты бағынышты жағдайда ұстайтын, үстем таптың саясатын бұлжытпай орындайтын әскери әміршілер Қазақстанда да өз күшіне енді.


§ 46.Ресей империясының қоныстандыру саясаты


Қазақстанды жаулап алудың аяқталуы ХІХ ғасырдың ортасындағы Ресейдегі буржуазиялық реформаларға сай келді. ХІХ ғасырдың соңы орыс шаруаларының қазақ жеріне көптеп қоныс аударуымен сипатталады. Бұл процестің кейін одан әрі жалғасын тапқаны белгілі. Бір ғана 1871-1897 жылдар аралығында Қазақстанға қоныс аударғандар саны - 328 мыңға жеткен. Патша үкіметінің орыс шаруаларын Қазақстан сияқты шет аймақтарға қоныс аударту саясатындағы басты мақсаттарының бірі Ресейдің ішкі губернияларындағы шаруалардың революциялық толқуларын шектеу, сонымен қатар жер тапшылығын жою болды. Осы қоныс аударушыларға арқа сүйей отырып, патша үкіметі өзінің жоспарлы саясатын жүргізді десек болады. ХІХ ғасырдың 60 жылдары басталған қоныс аудару саясаты, ХІХ ғасырдың соңына қарай жаппай жүзеге асырылды. Патша үкіметі Сібірді, Қазақстанның солтүстігін, батысы мен оңтүстік-шығыс аудандарын отарлау арқылы бұл жерлерге орыс шаруаларын қоныстандырып, ұлттық, әлеуметтік қолдау табуға тырысты. Орыс және украин шаруаларын қоныстандыру ХІХ ғасырдың 70 жылдары басталса, 80 жылдары қарқынды жалғасты. Алғашқы қарашекпен қоныстары 1879 жылы Көкшетау уезінде пайда болды.

Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің ұсынысы бойынша 1868 жылғы «шаруалардың Жетісуға көшуі туралы Уақытша ережелер» қабылданып, ол 1883 жылға дейін қолданылды. Бұл «Уақытша Ережелер» бойынша қоныстанушыларға, әрбір ер адамға 30 десятина жер беру, 15 жылға дейін салықтан босату, 100 рубль көлемінде қарыз беру сияқты жеңілдіктер берілді.

1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының көші-қонды басқару ережесі қабылданды. Бұл құжат бойынша әрбір ер адамға 10 десятина жер берілді, қоныстанушылар 5 жылға дейін салықтан босатылды, кейін 5 жылда салықтың жартысын ғана төледі.

«Ауыл тұрғындарын өз еріктерімен жаңа жерге көшіру және бұрынғы көшірілген топтар туралы арнайы ережесі» 1889 жылдың 13 шілдесінде қабылданып. қоныстандыру тек алдын ала Ішкі істер министрлігінің және мемлекеттік жер иеліктері министрлігінің рұқсаты арқылы іске асырылды. Бірақ патша үкіметі жаппай қоныстандыру үрдісін бақылай алмады. Шаруалардың өздігінен көшу жалғаса берді. 1891-1892 жылдары егіннің шықпауынан орыс шаруалары еуропалық Ресейден шығысқа қашып, қазақ жерлеріне қоныстанып алды. Осы уақытта Орал тауынан шамамен 30 мың шаруа бері асып, Жетісу мен Сырдария облыстарына 12 мың шаруа қоныстандырылды.

Ережеде қоныстанушылардың аудандары нақты Томск және Тобыл губерниялары, Жетісу, Ақмола және Семей облыстары деп көрсетілді. 1891-1892 жылдары заң Торғай және Орал облыстарына да тарады. 1893 жылғы «Уақытша Ереже» 1889 жылғы ережені нақтылады. Мысалы, қоныс аударушылардың жан басына 15 десятина жер берілді. Шаруалардың қоныс аударуы қазақ көшпелілерінің жерлерін тартып алу есебінен жүрді. 1885 жылдан 1893 жылға дейін Ақмола облысының жергілікті халқынан 251779 десятина жер тартып алынып, 10940 ер адамнан тұратын халқы бар 24 поселка салынды. Ал Семей облысында бұл уақытта қазақ шаруаларынан егіншілікке қолайлы 33064 десятина жер тартылып алынды.

Нәтижесінде орыс шаруалары құнарлы жерлерге қоныстанса, қазақтар сусыз, нашар жерлерге көшірілді. Қазақ өлкесінің демографиялық жағдайы да өзгерді. 1897 жылғы жалпы санақ бойынша өз жерінде қазақтардың жалпы мөлшері 87,1 пайызға кеміді. 4471,8 мың адамның 3399,5 қазақтар болса, орыстар мен украиндар 532,7 мың, татарлар 55,4 мың, өзбектер 73,5 мың, ұйғырлар 56 мың болды. Қоныс аударушылар көбінесе стратегиялық маңызды аудандарға көшіріліп, мылтықпен қаруландырылды.

§ 47.Жетісуға ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы


Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуына саяси жағдайлар әсер етті. 1863 жылы ұйғырлар Цинь империясының отаршылдық саясатына қарсы шығып, нәтижесінде көптеген ұйғырлар Жетісу жеріне қоныс аудара бастады. 1866 жылы көтеріліс болған аумақ Іле сұлтандығының құрамына енді. Шығыс Түркістанда құрылған Іле сұлтандығының құрамында ол кезде 100 мың адам болса, оның 38,2 мыңы ұйғырлар, 22,3 мыңы қазақтар мен қырғыздар, 12,8 мыңы тоғауыттар (қалмақтар), 15,5 мыңы сибо, 5,2 мыңы дүнгендер еді.

ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс аударды. Өйткені 1871-1881 жылға дейін Іле аймағы патшалық Ресейдің қол астында болды. 1881 жылы 12 ақпанда Қытай мен Ресей арасында «Петербург шартына» қол қойылды. Шарттағы 17 баптың алғашқылары келісімнің мәнін жан-жақты ашып көрсетті. Мысалы, шарттың 3-бабында: «Іле аймағының тұрғындарына Қытай қоластындағы мекендерінде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады» - деп қарастырылған. Ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы патша үкіметінің көздеген мақсаты - оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығында орналастыру туралы шешім қабылданды. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 1884 жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24628 ер адам болса, ал 20745 әйелдер болды, барлығы 45373 адам еді. Сонымен қатар, Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс аударды.

Қазіргі Алматы мен Талдықорған жерінде Жаркент, Ақсу-Шарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек ауданында), Қорам (Шелек ауданы), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданы), Кетпен болыстары құрылды (қазіргі Жаркент ауданында). Жаңа құрылған болыстың басшысы болып сол бұрынғы Іле аймағында болған басшылар сайланды. 1897 жылы Жетісудағы санақ бойынша ұйғырлар саны 55999 адамға, ал дүнгендер саны 14136 адамға жетті.

Ұйғырлар мен дүнгендердің шаруашылығы. Ұйғырлар мен дүнгендер өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің әлдеқашан қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Ұйғырлардың негізгі кәсіпшілігі егін шаруашылығы болды. Бірақ патша үкіметі оларға егіншілікпен айналысуға мүмкіндік бермеді. Ұйғырлардың жан басына орта есеппен 3 десятина жер берілді. Ұйғырларда күріш өсіру дүнгендердегі сияқты негізгі дақылға айналған жоқ. Олар негізінен бау өсіріп, бақша салумен айналысты (халықтың шамамен алғанда үштен екісі). Дүнген шаруашылықтарының үштен екісінен астамында бау-бақша да болды.

Жетісудағы су қорының негізі казак кулактары мен қазақ, ұйғыр байларының қолдарында болды. Кедейлер су тапшылығынан жерлерін арзан бағаға байларға сатты. Ауқатты ұйғыр байлары негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Байыған ұйғыр кәсіпкерлері Іле өзенінде кемемен жүк тасуды ұйымдастырып, су диірмендерін, мал шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін өндіріс орындарын салуға қаражат жұмсай бастады. 1883 жылы ұйғыр байы Вали Ахун Юлдашев Іле өзеніндегі су жолын алғаш рет пайдаланып, кемемен тауар тасиды. Оның жеке меншігінде 10363 десятина жер болды. Ал қарапайым ұйғырлар мен дүнгендердің әлеуметтік жағдайы өте ауыр болды.

Ұйғырлар мен дүнгендердің мәдениеті. Ш.Уәлиханов, Н.М.Пржевальский сияқты ірі ғалымдар ұйғырлардың рухани мәдениеті жайында көптеген мәліметтер қалдырған. «Он екі Мұхам» ұйғыр халқының ХІХ ғасырдағы озық ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде белгілі болған. Бұл шығарма ұйғыр әдебиетінің аса үздік туындысы болып табылады. Ұйғыр халқының рухани және материалдық мәдениеті туралы деректер аз сақталды. Жетісу жеріне қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер мәдениетінің кейіннен біршама жақсы дамығаны белгілі.


§ 48.Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы


ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жергілікті өнеркәсіп пен кәсіпшіліктің жаңа саласы пайда болды. Түсті металдар, тас көмір өндіретін тұңғыш кен орындары Шығыс және Орталық Қазақстанда ашылды. Онда 57 су және жел диірмені, 34 ұста дүкені, 11 кен мен май, былғары зауыттары салынды. Жылына 70 мыңнан астам сомның тауары өндірілді. Кедейленген қазақ-орыс еңбекшілері кеніштерде, өндіріс орындарында жұмысқа жалданып жатақтар атанды. Тау-кен өндірісінде 1820 жылы 6 мың, 1824 жылы 8 мыңнан астам қазақ жұмысшылары жұмыс істеді. Ертіс, Жайық өзендері, Каспий теңізі, Зайсан көлі маңайындағы қазақтар балық аулауды тұрақты кәсіпке айналдырды. Қазақстанның батыс, солтүстік-шығыс аудандарында тұз өндіру және оны сату жолға қойылды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ елінің Орта Азия хандықтарымен, Сібірмен, Цинь империясымен сауда байланыстарын кеңейте түскенкезең болды. Ең ірі сауда орталықтары Петропавл (Қызылжар), Ақмола, Орал, Семей, Бұқтырма, Орынбор, Омбы болған. Орта Азиямен сауда байланысын дамытуда Петропавл қаласы ерекше болды. 1849 жылы Петропавл қаласына Ташкенттен 5 мыңнан астам түйе, 150-ге жуық ат-арбаға тиелген тауар әкелді. 1855 жылы Семейде екі қалалық жәрмеңке ашылды. Сауда байланысының ұлғаюы Қазақ өлкесіндегі шаруашылық жүйесінің біртіндеп Ресейдің экономикалық дамуына бейімделуіне жол ашты. Қазақстанға ұсақ алтын және күміс ақшалардың көптеп келуі жергілікті сауда мен өнеркәсіпті дамытуға ықпал етті. Қазақстан Ресей өнеркәсіп орындарына мал мен шикізатты жеткізіп тұрды, олар жасаған бұйымдарын қазақтарға әкеліп сататын болды. Саудада айырбас жасау әдісі де қолданылды.

ХІХ ғасырдың 60 жылдары Ресейлік кәсіпкерлер қаражаттарын қазба байлықтары мол қазақ аймақтарында өндіріс орындарын салуға жұмсады. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары кедейленген қазақтар тау-кен орындарына, кәсіпорындарға тартыла бастады. Мал шаруашылығы шикізат өңдеу жөніндегі алғашқы кәсіпорындардың негізгі ошақтары Ақмола және Семей облыстары болды. Семей облысында 13 былғары, 9 сабын қайнататын, 1 шарап ашытатын, 1 май қорытатын, 2 сыра ашытатын, 23 кірпіш зауыты болды. Көкпекті, Семей, Павлодарда 13 ма йқорытатын балауыз, 23 былғары, 5 тон май зауыты жұмыс істеді. Торғай облысында 42 былғары, тон, май қорыту, сабын қайнату зауыты, 202 диірмен, май шайқау зауыты болды.

1893-1895 жылдары Сібір темір жолы (ұзындығы 3138 км) салынды. 1893-1897 жылдары Рязань-Орал темір жолы салынды. Оның 194 шақырымы қазақ өлкесінің батысы арқылы өтті. 1899-1905 жылдары Орынбор-Ташкент темір жолы (ұзындығы 1656 км) салынды. Ғасырдың аяғында теміржол, су жолы және почта-телеграф қатынастары Қазақстанды Мәскеумен, Петербургпен, Нижний Новгородпен өзге де Орталық Ресейдің, Сібірдің, Алтай мен Орта Азияның қалаларымен тікелей байланыстырды. Сонымен қатар Қазақстанда өнеркәсіп орындарының салынуы жұмысшылар санының өсуіне және ұлттық құрамының өзгеруіне әсер етті. Қазақ жұмысшыларының негізгі шоғырланған жері тау-кен өнеркәсібі. ХІХ ғасырдың соңында жұмысшылардың саны 19 мыңға жеткен. Кейбір өндіріс орындарында қазақтар жұмыс күшінің 60-70 пайызын құрап, ауыр еңбектерге тартылды.

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан экономикасы айтарлықтай қарқын алды. Ресейдегі капитализмнің дамуы Қазақстан аумағын толық қамтып, тауарлы-ақша қатынасының өсіп, капиталистік қатынастардың қалыптасуын жеделдетті.

§ 49.Қазақтардың материалдық рухани мәдениеті


Қазақ халқының мәдениеті ХІХ ғасырдың ортасына дейін терең дәстүрлі ұлттық мазмұнда болып келді. Оның бұзылуы күшті көршілердің баса-көктеп енуінің, артынша шаруашылықтың құлдырауының, көшпеліліктің одан әрі экономикалық тиімсіздігіне әкелген саяси дағдарыстардың салдары еді. Ресей ХІХ ғасырда тек өзінің Орта Азиядағы жағдайын нығайтуды ғана көкседі және империя халықтарының бір-бірімен кез келген өзара мәдени байланысына шектеу қойды.

ХІХ ғасырдың басында қазақ халқының басым көпшілігі киіз үйлерде тұрды. Шеберлер киіз үйлердің тамаша үлгілерін жасады. Оларды талай рет түрлі этнографиялық көрмелерге де жіберді (Петербург, Мәскеу, Париж). Жиі-жиі көшіп-қонумен, әскери жорықтармен, шаруашылыққа тиімділігіне байланысты, өмірдің түрлі жағдайларына қарай киіз үйлердің неғұрлым қарапайымдандырылған типтері: қос, жолама үй және тағы басқалары қолданылды.

ХІХ ғасырдағы қазақтардың киім-кешегінен елдің саяси өмірінде орын алған өзгерістердің ықпалы байқалады. Ғасырдың басында жібек, барқыт, атлас сияқты ортаазиялық маталарға орын берілсе, ғасырдың аяғында орыстың фабрикалық өндірісінің маталары далаға кеңінен ене бастады. Қазақтардың дәстүрлі киімінің көптеген үлгілері - саптама (қонышы ұзын етік), сәукеле (жас келіннің бас киімі), айыр қалпақ (ер кісілердің төбесі үшкір бөркі) біртіндеп қолданыстан шыға бастады.

Ресей ХІХ ғасырдың 70 жылдарына дейін өзінің Орат Азиядағы жағдайын нығайтуды ғана көздеді және империя халықтарының кез келген даму әрекетіне жол бермеді.

ХІХ ғасыр әдебитеніде Шығыстың классикалық тақырыптары мен сюжеттері кеңінен көрініс тапты. ХІХ ғасырдың кітаби ақындары Бұхара, Ташкент, Самарқандағы медреселерде білім алды. ХІХ ғасырдың соңында «қисса», «хикаят», «дастандар» кең тарады. Бұл бағытта Ақылбек Ибн Сабал (60 қиссаның авторы), шәді төре Жәңгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев және тағы басқалар жемісті еңбек етті.

ХІХ ғасырдағы саз өнері қазақ халқы рухани мәдениетінің алтын қоры. Бұл көшпелілердің мыңдаған жылдар бойы жинаған барлық руханиятының шын мәніндегі тамаша мұрасы. Саз өнерінде қазақ халқының бүкіл шығармашылық таланты мен рухани күш-қуаты шоғырланған. Шыныда да бұл кезең халқымыздың мәдени өмір тарихындағы ғажайып дәуірі болды. Бұл кезде ұлы сазгер, күйшілер, әнші орындаушылар өмір сүрді.


§ 50.ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ ағартушылары


Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қараша айында қазіргі Қостанай облысы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Ол Абылай ханның үлкен ұлы Уәлиден тарайды. Азан шақырып қойған есімі - Мұхамед Қанапия. Алайда жастайынан бала болып ойнағаннан гөрі, әжесі Айғанымның қасында отырып, әңгіме, қиссаларды тыңдағанды ұнатқан. Шоқан Уәлиханов – географ, саяхатшы, ойшыл, тарихшы, этнограф, суретші болған. Әкесі Шыңғыс – қазақ ханы Абылай ханның немересі. Бес жасынан хат таныған. Содан әжесі Айғаным сүйікті немересін Шоқан деп атап кеткен. Балалық шағының алғашқы кезеңін Құсмұрында, кейін өзінің атамекені Сырымбетте өткізеді. Сырымбеттің сұлу табиғаты да оның болашақ ғалым болып қалыптасуына әсер етті. Шоқанның жастайынан білім, ғылымға жақын болуына әкесі Шыңғыстың да әсері мол тиді. Шыңғыс көптеген орыс зиялыларымен таныс болған.

Алғашқы білімін қазақ мектебінде алған Шоқан, онда арабша жазуды және сурет салу өнерін меңгерген. Сонымен қатар араб, парсы, ұйғыр тілдерін үйренді. Шығыстың ғұлама ғалымдарының еңбектерімен танысады. Әкесі оны (12 жасында) 1847 жылы сол кездегі ең іргелі оқу орындарының бірі болып саналатын Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсіреді. Кадет корпусында білім алып, оны 1853 жылы (18 жасында) бітіреді. Атты әскер корнеті деген атақ алып шығады, өз мамандығы бойынша қызметке орналасады. Ол жас кезінен Орталық Азияны зерттеген экспедицияларға қатысты. 1856 жылы Ыстықкөлге, 1857 жылы Алатау қырғыздарына, 1858-1859 жылдары Қашқарияға сапар шекті. Алатау қырғыздарына сапарында қырғыздардың атақты «Манас» жырын алғаш қағазға түсірді. Қашқарияға Марко Поло мен иезуит Гоестен кейін тұңғыш барған ғалым атанды. 1859-1861 жылдар аралығындағы Петербургте болған кезеңі оның ең қызықты шақтарының бірі еді. Шоқан орыстың аса көрнекті жазушысы Ф.М.Достоевскиймен, орыс мәдениетінің алдыңғы қатарлы өкілдерімен араласты. Шығысты зерттеуші орыс ғалымдарымен, ақындарымен таныс болып, байланысын үзбеген. Неміс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгеріп, осы тілдердегі ғылыми еңбектер мен карталарды да зерттеумен айналысқан. Шоқан қазақ халқыныңы құқығы, салт-санасы, діні, тарихы туралы құнды деректер жинап, мақалалар жазды.

Шоқан көптеген еңбектер жазған «Көшпелі қырғыздар туралы», «Сот реформасы туралы» тағы басқалар. 1865 жылы сәуір айында Шоқан Алтынемел жотасында (қазіргі Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Шоқан аталатын ауылында) бар-жоғы 30 жасында қайтыс болады. Шоқанның туғанына 150 жылдық тойына академик Әлкей Марғұлан ғалымның бес томдық еңбектерін құрастырып, жариялады.

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының Торғай жерінде дүниеге келген. Ол қазақ халқының қоғамдық ой-пікірінде, мәдениеті мен әдебиетінде аса көрнекті жаңашыл педагог және жаңа мектептерді ұйымдастырушы, этнограф, фольклоршы, ақын, аудармашы ретінде кеңінен танымал боды. 1844 жылы әкесі қайтыс болып, атасы Балқожа биден тәрбие алған. Ыбырай 1857 жылы Орынборда мектепті алтын медальмен бітіреді. Мұнда орыс, араб, татар және парсы тілдерін жақсы меңгеріп шығады. Мектепті 1857 жылы бітіріп, атасы Балқожа бидің хатшысы ретінде тілмаштық қызмет атқарады. 1864 жылы 8 қаңтарда Ыбырайдың басшылығымен Торғай қаласында қазақ балаларына арналған мектеп ашылды. Сол заманның ең озық білім ордалары саналған Петербург, Қазан қалаларына барып, орыс ағартушыларының еңбектерімен, орыс үкіметінің халыққа білім беру жүйесімен танысты. Солармен таныса отырып, қазақ балаларына арналған оқулықтар жасаумен айналысты.

Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Торғай облысындағы мектептерге инспектор болып қызметке тағайындалды. Осы жылы оның алғашқы қазақ тіліндегі оқулығы «Қырғыз хрестоматиясы»Орынбор қаласында жарық көрді. Бұл «Қырғыз хрестоматиясы» оқулығына енгізілген өлеңдер мен әңгімелерінің тәрбиелік, білімділік маңызы зор болды.Мысалы, «Кел балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» сияқты өлеңдері оқырман қауымның жүрегінен шықты. Сонымен қатар «Қырғыз хрестоматиясындағы» бірқатар өлеңдері шәкірттерді Отанын сүюге, адамгершілікке, тәлім-тәрбиеге жетелейді. Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында бірінші болып қыздарды білімге тартты. 1887 жылы Ырғызда жанында интернаты бар қыздарға арналған мектеп ашты. Ыбырай Алтынсарин сонымен қатар жазушы да. Қазақ балаларының жас ерекшелігіне лайықтап, түсінікті етіп әңгімелер жазды. Ол орыс тіліндегі балаларға арналған көптеген шығармаларды қазақ тіліне жеңіл аудара білді. Ол ұлтымыздың халық ағарту саласында көп еңбек етті. Өз кезеңінің аса көрнекті және білімді адамы ретінде Ыбырай Алтынсарин халыққа білім берудің дамуына баға жетпес зор үлес қосты.

Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының әдет-ғұрпын жинақтай отырып, шығармаларында әдепсіздікті сынады. Ол (1889 жылы) 48 жасында ерте қайтыс болса да, болашақ ұрпаққа тәлім болар мол еңбек қалдырды. Ыбырай Алтынсариннің еңбегі қазақ халқының мәдени және рухани дамуына, алдыңғы қатарлы озық мәдениетке жетуге игі ықпал етті.

Абай Құнанбаев - қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы. Қазіргі Семей облысы, Абай ауданындағы Шыңғыстаудың баурайында 1845 жылы дүниеге келген. Шын есімі - Ибраһим. Анасы Ұлжан оны еркелетіп Абай деп атаған. Абайдың әкесі Құнанбай тобықты руының көсемі, белді би әрі шешен болған. Абайдың парасатты азамат болып қалыптасуына әжесі Зере зор еңбек сіңірді.

Абай алғашқы білімін ауыл мектебінде алады да, Құнанбай кейін он жасар баласын Семейдегі Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді. Мұнда ол басқа балалардан өзінің зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленеді. Абай Семейдегі Ахмет Ризаның медресесінде оқып жүргенде ақындық талабын көрсете бастаған болатын. Абай – жастарды ғылым мен білімді үйренуге шақырып, өзге халықтарды құрметтеуге солармен қарым-қатынас орнатуға үндеді. Ол шығыстың Науаи, Низами, Фирдоуси сияқты ақындарының шығармаларын құнығып оқыған.

Абайды әкесі оқуын бітіртпей ауылға алып кетіп, ел басқару ісіне араластырады. Абай ел басқару ісінде жүріп жанына қарапайым да талантты жастарды жинаған. Семейде танысқан көптеген орыс зиялыларымен байланысын үзбей, Семейде үйренген орыс тілін одан әрі өздігінен дамытады. Абай Құнабаев бірнеше өлеңдер жазған. Бізге Абайдың 50-ге жуық қарасөздері жеткен. Оның қарасөздері терең философиялық мағынаға толы. Сондай-ақ оның өлеңдері көптеген тілге аударылған. Абай өлеңдер мен қара сөздер, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім туралы аңыз» поэмаларын жазып, халқына ұлы мұра қалдырды.

Абай өмірдің жаңа қағидаларын игеріп, өз ортасына жоғары тұрды. Ол адамзат қоғамын игі, саналы, прогрессивті даму үстінде көргісі келді. Абай «жүрегі - айна, көңілі - ояу» жастарға үлкен үміт артты.

Абай орыстың А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, М.Е.Салтыков-Щедрин, Лев Толстой және басқа да ақын-жазушыларының шығармаларын өз ана тіліне аударды. Абай ақын ғана емес, сазгер де болған. Ол, А.С. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» өзі аударған үзінділеріне ән шығарған. Абай әндері қазақтың кең даласына тарап, көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. Абай 1904 жылы қайтыс болады. Абайдың асыл сөздері бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.

§ 51.Қазақтың ән-күй өнері


Музыка өнері қазақ халқында ертеден бар қасиет. Қазақ өнерпаздары көптеген музыкалық аспаптарды игеріп, тамаша күйлер шығарған, ән де айтқан. Көне заманнан бері 50-ге жуық әр түрлі музыкалық аспаптар болды: домбыра, сыбызғы, дауылпаз, қобыз, жетіген, асатаяқ, шаңқобыз, даңғыра. Әншілер мен күйшілер қашанда халықтың жанынан табылды. Олар халықтың арасында жүріп олардың арман-тілектерін, мақсат-мүдделерін тереңірек түсініп, өздерінің әндері мен күйлеріне қосты.

Белгілі ақын немесе әнші, күйші бір үйге қонақ болып түссе, бұл ол үй иесі үшін үлкен мәртебе саналды. Ол үйге тек үй иелері ғана емес, ауылдың үлкен-жасы жиналып ән-күй тыңдаған. Қазіргі күні қазақ халқының арғы замандағы ән өнері туралы дерек аз. Біз тек ХІХ ғасырдағы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Майра, Естай сияқты ұлы өнерпаздарды білеміз. Олардың әрбіреуі тек қана үлкен талант иесі ғана емес, өнердегі айтулы тұлға болды. Өнерпаздардың әрқайсысы бір театрдан кем болмаған, олардың жанында қашанда өнерлі жастар тобы еріп жүрді.

Қазақтың ән өнерінің аса дамыған орны - Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы сияқты табиғаты көркем, көшпелі салт-дәстүрді, еркіндікті бергі заманға дейін ұстанған қасиетті жерлер. ХІХ ғасыр қазақ ән өнерінің алтын ғасыры болды. Күй өнері - орындау мәнері, орындаушылық дәстүрімен және күйдің тақырыптарының әртүрлілігімен ерекшеленеді. Атақты күйшілер: Байжігіт, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Сүгір, Дина Нұрпейісова. Күйлер төкпе және шертпе болып екіге бөлінеді.

Төкпе күйдің майталман шебері Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1879 жж.). Қазіргі Орал облысы, Жанғалы ауданында Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. Күй атасы. Оның ұстазы Ұзақ деген күйші. Құрманғазының «Ақбай», «Ақсақ киік», «Кішкентай», «Түрмеден қашқан» және тағы басқа күйлері бізге жеткен. Құрманғазы Сағырбайұлының алғашқы музыкалық шығармасы - «Кішкентай» күйі Исатай мен Махамбеттің көтерілісіне арналған еді. Құрманғазы бірнеше рет қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалған. Атақты күйшілер Д.Нұрпейісова, Сүгірәлі, Шора сынды домбыра тарту шеберлері оны өздерінің ұстазы деп бас иген. Сарыарқа жерінде шертпе күйдің тамаша үлгісін жасаған Тәттімбет. Ол Қарқаралы, Қу тауларының баурайында дүниеге келген. Жас кезінен бастап өнерлі ортада өскен. Тәттәмбеттің күйлері «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Қос алқа». Замандастарының айтуына қарағанда ұлы сазгердің 40-тан астам күйі болған.

Аса көрнекті композитор Дәулеткерей Шығайұлының (1820-1887 жж.) қырыққа жуық күйлері сақталған. Оның «Жігер», «Бұлбұл», «Керілме», «Желдірме» тағы басқа күйлері лирикалық, әсем нақышымен ерекшеленетін, нағыз халықтық рухты бейнелейтін әсем де ырғақты туындылар.

Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897 жж.) туған өлкесінің ән мәдениетіне қомақты үлес қосты. Оның музыкалық-ақындық шығармаларының демократиялық сипаты айқын аңғарылып тұрады. Біржанның «Жанбота» әнінде Жанбота болыстың зорлық-зомбылығы айыпталған.

Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913 жж.) қазақтың халық әндері классикалық қазынасына қосылған музыкалық-поэтикалық мол мұра қалдырды. Ақан серінің жүрекке жылы тиіп, жан толқытар әсерлі де сазды әндерінде қазақ қоғамы өмірінің әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан.

Жаяу Мұса Байжанұлының (1835-1929 жж.) шығармашылығы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ саз өнеріндегі аса ірі құбылыс болды. Жаяу Мұсаның көркемдігі мен мазмұны жағынан әр алуан 60-тан астам әндері сақталған.

Қазақтар қобызды қасиетті музыка аспабы санап аса қадір тұтады. Ерте дәуірде өмір сүрген Қорқыттан бастап ХІХ ғасырдағы Ықыласқа дейін күйші мен қобызшылар есімдері қазақ арасында кеңінен таныс болды. Бүкіл қазақ даласы Біржан салдың, Ақан серінің, Мұхиттың, Абайдың Балцан-Шолақтың, Жаяу Мұсаның, Мәдидің, Ыбырайдың, Естайдың және басқалардың әндерін айтты. Халық сазгерлерінің шығармашылығы адамдардың туған өлкесіне деген ыстық сүйіспеншілігін бейнеледі, табиғаттың сұлулығын дәріптеді.






























VІІІ ТАРАУ. XX ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН


§ 52.ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік,

экономикалық және саяси жағдайы


ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болған өзгерістер ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда болуымен, әсіресе, олардың ірі әкімшілік орталықтарына айналып қана қоймай, оларды мекендеген халықтың шаруашылығында және мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқаруымен сипатталды. ХХ ғасырдың басында-ақ Қазақстан көпұлтты елге айналды да, ғасыр басында Қазақстанның негізгі аумағы алты облысқа бөлінді: Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-губернаторлығына (орталығы - Ташкент қаласы), ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары - Дала генерал-губернаторлығының құрамына кіргізіліп, Ішкі (Бөкей) ордасының аумағыв Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына қаратылды.

Осы кезеңде Ресей империясының ішкі губернияларынан көші-қон ағынының дамуы нәтижесінде Қазақстан халқының тез өскендігі де аңғарылды. Оған дәлел: Ресей империясының бірінші жалпыға бірдей санағынан кейінгі алғашқы екі онжылдықта (1897-1917 жж.) Қазақстан халқының саны 4147,7 мың адамнан 5045,2 мың адамға, яғни 25,7%, көбейген. Ал, өлкенің демографиялық деректерінің табиғи өсу деңгейіне салыстырмалы талдау жасасақ, мынадай цифрларды аңғаруға болады. Өлкенің сол кездегі негізгі алты облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 11,3%, ал 1907-1916 жылдарда 15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың үлес салмағы 1897 жылы 33,0%, 1917 жылы 55,7%, дейін өскен де, осы екі онжылдық ішінде халықтың табиғи өсімі 38,9% болған. Ал қазақтары басым облыстарда табиғи өсімнің едәуір төмен болғандығы көрінеді: Жетісуда - 25,7%, Сырдарияда - 25,6%, Семейде - 15,6%. Сөйтіп, Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, украиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің, империяның ішкі аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады.

Ерекше назар аударатын тағы бір жайт - ол өлке тұрғындарының 90%-ынан астамының ауылдық жерлерде қоныстануы еді. Олардың негізгі кәсібі ежелден келе жатқан мал шаруашылығы болатын.

Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында егіншілік халықтың көп бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қоныс аударған орыс шаруаларынан басқа, егіншілікпен жергілікті қазақтар да айналысты.

ХХ ғасыр - қазақ халқының тарихындағы ерекше кезең. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың басында Қазақстан экономикасында көптеген өзгерістер болды. 1902 жылы Қазақстандағы өндіріс орындарының саны 8887-ге, ондағы жұмысшылар саны 25392-ге жетті. Қазақстан жеріндегі ең ірі өнеркәсіп орындары: Қарағанды көмір шахтасы, Успен кеніші, Спасск мыс зауыты, Риддер металлургия комбинаты. Осы өнеркәсіп орындарының әрқайсысында 300-400 жұмысшы болды. Ал Орынбор - Ташкент теміржол құрылысында 30000-ға жуық адам еңбек етті. 1906 жылы ұзындығы 1656 шақырым болатын Орынбор-Ташкент теміржолы іске қосылды. Бұл жолдардың Қазақстанды Ресейдің дамыған экономикалық аудандармен байланыстыруда маңызы зор болды.

ХХ ғасырдың басында орыс шаруаларын Қазақстан жеріне қоныстандыру ісі жалғасын тапты. Бұл жағдай патша үкіметінің қазақтардың жерін тартып алу, құнарлы жерлерді орыс шаруаларына бөліп беру саясатын жалғастырды. 1906-1907 жылдар аралығында патша үкіметінің қазақтардан тартып алған жер көлемі 17 миллион десятина болды. Патша үкіметінің аграрлық саясаты 1905-1907 жылдардағы революцияға алғышарт болды.

§ 53.Бірінші орыс революциясы жылдарындағы Қазақстан

(1905-1907 жж.)


Бірінші орыс революциясы - Ресей империясында экономикалық және саяси дағдарыстың салдарынан 1905-1907 жылдары болған революция. 1905 жылы 9 қаңтарда Санкт-Петербургтегі «Қанды жексенбі» оқиғасынан бастау алған Бірінші орыс революциясы кезінде елде демократиялық республика орнату, помещиктердің жерін тәркілеу, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу, ұлттық теңсіздікті қамтамасыз ету туралы ұрандар көтерілді. Революция жылдарында 24 мыңнан аса жұмысшылар ереуілдері, 18 мыңға жуық шаруалар көтерілісі болды.

1905 жылы 1 мамырда Қазақстанның көптеген қалаларында да шерулер мен жиналыстар болды. Осы жылы мамырда Қостанайда, Верный мен Перовскіде халықаралық еңбекшілер күнінде ереуілдер өтті. 1905 жылы жазда жалақыны көбейту және тұрмыс жағдайын жақсартуды талап етіп Қазалы мен Шалқар теміржолшылары көтерілді. Ресейдегі қазан ереуілі әсерінен Перовск, Орал, Торғайда ірі саяси ереуілдер болды. Революцияның өрши түсуі 1905 жылы 17 қазанда манифест жариялауға мәжбүр етті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Дулатов сияқты қазақ зиялы қауымының өкілдері революциялық қозғалыстарға белсене қатысты. Олар 1905 жылғы 17 қазандағы патша манифесін қолдамады. «Бостандық манифесі» атанған бұл құжат конституциялық монархияны заңды түрде бекітті, соның нәтижесінде біршама демократиялық бостандық негіздері жүзеге асырылды. 1905 жылғы 17 қазандағы Манифест бойынша Мемлекеттік Дума құрылып, онда «ешқандай заң Мемлекеттік Думаның мақұлдауынсыз күшіне енбейді» делінді. Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға тоғыз депутат сайланды. Саны төрт миллион қазақтан небәрі төрт депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов, ал орыс тұрғындардан бес депутат сайлады: В.И.Ишерский, И.П.Лаптев, В.В.Недоносков, Н.Ч.Дахнич, Н.Я. Коншин. Бұқара халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін құрылған патшаның бірінші Мемлекеттік Думасы оның үмітін ақтай алмады. Оны партиялар өз мақсаттарына пайдаланды. Елдегі революциялық толқудың бәсеңдеуіне байланысты патша 1905 жылы 8 шілдеде Думаны тарқатты. екінші Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан он төрт депутат сайланды. Оның ішінде қазақ тұрғындарынан алты депутат болды: Ш.Қосшығұлов, Х.Нүрекенов, Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Т.Алдабергенов, М.Тынышпаев. Ал орыс тұрғындарынан бұл Думаға сегіз депутат ұсынылды: А.Виноградов, И.Голованов, И.Космодамианский, Н.Коншин, Ф.Еремин, Я.Егошин, М.Гаврилов, И.Лаптев. Екінші Мемлекеттік Думаның депутат-қазақтары патшаның қоныс аудару саясатына табанды түрде қарсы шықты. 1907 жылы 3 маусымда патша Думаны қайта тарқатып, социал-демократиялық фракция қамауға алынып, Сібірге жер аударылды. Екінші Мемлекеттік Думаны таратуға қарсы наразылық білдірген жергілікті жерлерде митинглер, демонстрациялар ұйымдастырылды, мұндай шаралар Ақтөбеде, Петропавлда, Қостанайда және тағы басқа жерледе өтті.

Бірінші орыс революциясы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының өрлеу, жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді, ал саяси күрес болса, ең алдымен патшаға, отарлық билікке құзырхат (арыз-тілек) жазып тапсыру түрінде көрінді. Отарлық тәуелділіктегі Қазақ елінің мұқтажын білдірген арыз-тілектер Оралдан, Қарқаралыдан, Жетісудан тағы басқа жерлерден келіп түсті.

Қазақ зиялыларының тікелей араласуы нәтижесінде жазылған бұл құзырхаттарда сол кездегі қазақ қоғамының өмірлік мүддесінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талап-тілектер баяндалды; қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясы тұңғыш рет тұжырымдалды. Осы жылдары қазақ зиялылары патша үкіметіне оппозициясы болған кадеттер партиясының тұғырнамасын жақтап, 1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында «Қазақ конституциялық демократиялық партиясын» құрды. Бірінші орыс революциясы тұсында Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, С.Жантөрин кадеттер партиясы құрамына кірді. Сондай-ақ, осы кезеңде «Автономияшылдар одағы» және «Ресей мұсылмандары одағы» атты ұйымдар құрылған болатын. Бұл ұйымдардың да қызметіне қазақ зиялылары атсалысты.

Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-1907 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды.

- Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді.

- Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты.

- Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді.

- Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді. Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты.

Революциялық жылдардағы ең ірі орыс, қазақ жұмысшыларының біріккен ереуілі Успен кенішінде өтті. Мұнда 300-ден аса жұмысшы еңбек етіп, оның 265-і қазақтар еді. Жалпы Спасск акционерлік қоғамында 5 мыңнан аса қазақ жұмысшылары еңбек етті. Ереуілдің негізгі талаптары жұмыс уақытын азайту, ауырып жатқандарға өтемақы төлеу, жалақыны көбейту, әйелдер мен балалар құқығын қорғау тағы басқалар болды.

Жалпы, 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыстар қазақ жұмысшы табының толық қалыптаспауы, жұмысшылардың біріге алмауы, қозғалысты басқаратын демократиялық топтардың әлсіз болуы себептерінен жеңілді. Революция Қазақстанның саяси дамуына зор әсер етті. Революцияның тарихи маңызына тоқталатын болсақ, отаршыл саясатқа қарсы тәжірибе жинақталды. Ереуілдерді ұйымдастырудағы кемшіліктер кейін түзетілді. Қазақ еңбекшілерін «ғасырлық ұйқыдан» оятып, революциялық күреске шақырды.

Қазақстан халқы 1905-1907 жылдардағы төңкерістен ұлттық және әлеуметтік азаттық күрес жолында саяси тәжірибе алды.


§ 54.Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан


Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылы 1 тамызда басталып 1918 жылы 11 қарашада аяқталды. Бірінші дүниежүзілік соғыс - дүние жүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік одақ» (Австрия-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей коалициясы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан туындаған соғыс. Бірінші дүниежүзілік соғыс ең алдымен, аталған державалардың экономикалық мүдделерімен, аграрлы елдердегі шикізат көздері мен оларды өткізу рыноктары үшін таласымен және отарлық үстемдікке ұмтылуымен сипатталды. Соғыс барлықелдердің экономикасын күйзелтіп, адамзатты бұрын көрмеген қайғы-қасірет пен ашаршылыққа душар етті. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел қарқынмен дамыды. Өнеркәсіп орындары ел экономикасының дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Соғыс басталған соң жалпы Ресей империясында, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың Қазақстанға тигізген зардабы өте көп болды. Қазақстан майданды шикізатпен қамтамасыз ететін ірі өңірлердің бірі болды. Мысалы, 1914-1916 жылдары Түркістан өлкесі соғыс қажетіне 13000 түйе, 70000 жылқы, 14000 киіз үй берді. Жетісу облысынан 34000 сомның мал өнімдері алынған. 1917 жылы шаңырақ салығы 100109 сом болды. Қарағандыдағы көмір өндіру, Ембідегі мұнай өндіру көлемі көп есеге кеміп кетті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында патша үкіметінің ер адамдарды әскер қатарына шақыруы шаруашылықтағы жұмыс күшін азайтты. Ақмола облысындағы жұмысшылардың 50 пайызы әскер қатарына алынды. Майдан қатарына алынған адамдары бар отбасыларына көмек көрсету деген желеумен қазақ тұрғындарына еңбек ету борышы енгізілді.

Жетісу әскери губернаторы Фольбаум 1916 жылғы 16 ақпандағы бұйрығымен, оларды жер жырту мен тұқым себуге еңбекақысыз пайдалануды міндеттеді. Жергілікті әртүрлі міндеттілік пен алым-салықтың түрлері көбейді. Соғыстың ауыр зардаптары Қазақстан экономикасының әр түрлі салаларында байқала бастады. Жұмыс күшінің жетіспеуі салдарынан Орталық қазақстанда көмір, ал батыс аудандарда мұнай өндіру көлемі азайып кетті. Ембі экономикалық аймағында соғыстың алғашқы жылы 1915 жылғы өндірілген мұнай 265560 тоннадан 8 мың тоннаға дейін азайды. Жұмысшылардың нақты жалақысы күннен күнге төмендей берді. Соғыс жылдары қоныс аударып келген шаруалардың да жағдайы нашарлап кетті. 1915 жылы наурызда Верный, Лепсі, Пржевальск уездерінде ауыл тұрғындары бағаның өсуіне, салық пен әртүрлі борыштарды өтеуге қарсы наразылық көрсетті. Тәртіп орнату үшін елде әскери күш қолданылды.

Ауыл, қала және селолар еңбекшілерінің жағдайы күрт төмендеуіне байланысты Қарағанды және Екібастұз шахталарында шахтерлер, Орынбор-Ташкент және Транссібір теміржолдарындағы теміржолшылар 1914 жылдың өзінде ереуілдер мен көтерілістер жасаған болатын. Сонымен қатар, қоныс аударып келген деревнялардағы ауқаттылар мен қазақ шаруалар арасында күрес үдей түсті. Оған қоса Қазақстан әскери тұтқындардың лагеріне айналды. Олар негізінен Павлодар, Семей, Ақмола қалаларына орналастырылды. Мәселен, 1914 жылы желтоқсанда Дала генерал-губернаторлығы орталығында әртүрлі ұлт өкілдерінен жиналған әскери тұтқындардың саны 20 мыңға дейін жетті. Олар негізінен Дала өлкесінің солтүстік-шығыс аудандары мен Түркістан әскери округінің арнайы пунктерінде орналастырылды.

Қазақ зиялылары осы жылдары елдің қоғамдық өміріне белсене араласты. Қазақтар Ресейге мал, киіз, ақшалай көмек берумен қатар, өздері де тікелей соғысқа (С.Аспандияров, Н.Имағамбетов, Ә.Самұратбеков, т.б.) аттанып, шептегі қара жұмысқа алынған қазақтарға көмек берді. Қазақ зиялылары соғыс өртінің ұлғаюына қарсы болып, оның зардабын азайтудың жолын іздеді. 1916 жылы Петроградта Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Н.Бегімбетов қазақ халқының атынан Ресей өкіметімен келіссөз жүргізіп, онда:

1) қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау;

2) солдат алудан бұрын метірке түзеу үшін мүфтилікке қарау;

3) лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты әскер болу, казак-орыстарымен жер-су һәм құқы теңгерілуі сияқты талап-тілектерін білдірді.

Осыған қарамастан 1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасының империяның «бұратана халықтарын», оның ішінде қазақтарды да жұмысқа алу туралы жарлығы шықты. Қара жұмысқа 100 мыңнан астам қазақ жігіттері алынды. Олардың басым көпшілігі батыс майданға аттандырылды. Ақпан революциясынан кейін тыл жұмысына алынған жігіттерді елге қайтару кезінде де қазақ зиялылары елеулі еңбек етті.

§ 55.ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениеті


ХХ ғасырдың басында қазақ мәдениеті өзіндік ерекшеліктерімен дамыды. Осы кездегі маңызды оқиғалар мәдениеттің жаңаша дамуына әсер етті. Мәдениеттің жаңаша сипатпен дамуына ең алдымен 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыстардың әсері көп болды.

ХХ ғасырдың басында мәдениеттің жаңаша сипатпен дамуына осы кезде ашыла бастаған баспа ісі үлкен ықпал етті. ХХ ғасырдың басында кітап басып шығару ісі Омбы, Орал, Семей, Орынбор қалаларында жолға қойылды. Қазақ кітаптарын басу ісі Петербург, Қазан, Ташкент қалаларында да қолға алынды. Кітап шығару ісінде орыс географиялық қоғамының Семей, Омбы, Орынбордағы бөлімшелері көп іс атқарды.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің дамуына А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ш.Құдайбердиев, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин сияқты тағы басқа әдебиет өкілдерінің қосқан үлесі өте көп болды. 1909 жылы Абайдың шығармалар жинағы баспадан шықты.

Бұдан басқа А.Байтұрсынов пен М.дулатовтың, С.Дөнентаевтың шығармалары да басылып шықты. С.Торайғыровтың «Шәкірт ойы», «Адасқан өмір», «Бір адамға», «Қамар сұлу», «Алты аяқ», Спандияр Көбеевтің «қалың мал» тағы басқа шығармалары осы кездегі әдеби туындылардың озық үлгісі болып саналады.

А.Байтұрсынов - қазақ әдебиетін және лингвистика ғылымын дамытуға үлес қосқан ғалым. 1913 жылы А.Байтұрсынов «Қазақ» газетін шығара бастады. Алашорда үкіметінің үнқағазы болған «Қазақ» газетінің редакторы қызметін 1917 жылға дейін атқарған. А.Байтұрсыновтың «Маса» (1911) өлеңдер жинағы Орынбор баспасынан жарық көрген.

Ш.Құдайбердиев - Абайдың шәкірті, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі. Парсы, түрік, араб, орыс тілдерін меңгерген. Ш.Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911) атты тарихи еңбегі, «Қазақ айнасы» (1912) атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Поэмалары: «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек».

Сондай-ақ, ағарту ісіне тоқталар болсақ, 1906 жылы патша үкіметі оқу-ағарту ісінің ережелерін бекітті. Ереже қазақ жерінде орыс мектептерінің көбеюіне жол ашса, медреселердің жұмыс істеуіне шек қоя бастады. Ағарту ісін дамытуға қаржы өте аз бөлінді. «Айқап» журналы, «Қазақ», «Степной край», «Сибирская жизнь» газеттері қазақ халқының негізгі басылымдары ретінде ағарту ісін дамытуға үлкен үлес қосты.

ХХ ғасырдың басында музыка мәдениеті жақсы дамыды. Осы кездегі музыка мәдениетінің дамуына үлес қосқан ірі тұлғалар Дина Нүрпейісова, Балуан Шолақ Баймурзин, Үкілі Ыбырай, Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Естай Беркімбаев. Осы кездегі белгілі әндер «Гәкку» (Үкілі Ыбырай), «Майда-қоңыр» (Естай) тағы басқа.




§ 56.1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс


1916 жылы 25 маусымда патша үкіметінің «Түркістан мен Дала өлкесінен 19 бен 43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысына алу туралы» жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілде айында Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі билік иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын.

Қазақтардың туған жылы туралы жазбаша құжаттарының болмауы отарлық әкімшіліктің ойына келгенін істеуге ыңғайлы болды. Байлар мен ауқатты адамдар пара беріп, балаларын «ауру» немесе «кәмелетке жасы толмаған» деп әскерден алып қалды, ал олардың орнына кедейлер, олардың балалары жіберілді. Сонымен қатар, 1916 жылы 23 тамызда генерал-губернатор Куропаткиннің құпия бұйрығымен басқармалардың лауазымды адамдары, төменгі полициялық шенділер, болыстар, имам, молда, мүдәрістер, село және ауыл басшылары, жоғары және орта оқу орындарындағы оқушылар, дворян және құрметті азаматтық құқықтарын пайдаланатын адамдар қара жұмысқа шақырудан босатылды.

Қозғалыс стихиялы түрде басталып, 1916 жылы шілденің аяғы мен тамыз айының басында көтеріліс барлық Қазақстанды қамтыды. Көтерілістің ірі аудандары Жетісу мен Торғайда болды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші кедейлер, шаруалар, жұмысшылар, батырақтар, қолөнершілер болды. Көтерілісшілер әскерге шақырылушы азаматтардың тізімдерін тартып алып, жойып берді. Қарыз және салық жөніндегі қолхаттар мен жер беруге арналған құжаттарды өртеп, болыстық басқармалар мен ауылдарын талқандады. Қазақ даласында патша жарлығына көзқарас әртүрлі болды. Қазақтың ұлттық-демократиялық зиялыларының көзқарасы (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов т.б.)

- қарсыласпай бұйрықты орындау;

- соғыс аяқталған соң, қазақ ұлттық автономиясын құру;

- қару-жарағы мықты патша армиясымен қарсыласпай, олардың жазалау шараларынан халықты аман сақтап қалу;

- патша үкіметімен барлық жағдайды ымыра арқылы жүзеге асыру т.б.

Революцияшыл-демократияшыл зиялылардың ірі тобы бұл көтерілісті қолдап, көтеріліске қатысты. Олар: Ә.Жангелдин, Т.Бокин, Т.Рысқұлов, Б.Әшекеев, Ж.Мәмбетов, А.Иманов. С.Меңдешев, Б.Алманов т.б. Олар қара жұмысқа барудан бас тартып, халықты көтеріліске шақырды.

1916 жылғы көтеріліс бүкіл Қазақстанды, Орта Азияны, Сібір мен Кавказдың бір бөлігін қамтыды. Осы жылы қазан айында Жетісудағы көтеріліс қатаң басылып тасталды. Жетісу - 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыстың ірі орталығы болған. Көтеріліс басшысы - Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин; Қарқарада Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов; Меркеде Ақкөз Қосақов тағы басқалар болды. Бекболат Әшекеев көтерілісті ұйымдастыруда шеберлік көрсете білді. Халықты жазалаудан құтқару мақсатында патша үкіметіне өз еркімен берілді. Жетісуда 347 адам өлім жазасына кесілді, 178 адам каторгалық жұмысқа жіберілді, 129 адам абақтыға қамауға алынды. Патшаның жазалаушы әскерлері тек қана көтерілісшілерді емес, сонымен қатар бейбіт халықты да айуандықпен жазалап отырды. 300 мыңға жуық қазақ-қырғыдар туған жерлерін тастап Қытайға ауып кетті.

Көтерілістің ең ірі ошақтарының бірі Торғай жерінде қалыптасты. Қазақтарды тыл жұмыстарына шақырған патша жарлығы Орынборда 1916 жылы 28 шілдеде жарияланды. Торғай облысының әкімшілігі болыс басшыларын, қадірлі ақсақалдар мен ауыл старшындарының съезін өткізді, мұнда патша жарлығын жедел түрде орындауға шешім қабылданды. Бірақ қазақтар наразылығы күн сайын өрши түсті.

Торғайдағы көтеріліс ұзақ әрі табанды, ұйымдасқан түрде өтті. Торғайдағы көтеріліс өзінің ұйымшылдығы және билікті бір орталықтан басқаруымен ерекшеленді. Көтерілісшілер Торғай облысының ханы етіп Әбділғафар Жанбосыновты, сардарбегі Амангелді Имановты сайлайды.

1916 жылы қыркүйек айында Торғайдағы көтерілісшілер саны 20000-ға жетті. Амангелді Иманов Қостанай, Торғай, ақмола, Семей жерлеріндегі көтерілісшілерді қол астына біріктіре білді. Көтеріліске жан-жақтан қосылған өте көп болды. 1916 жылы қарашаға қарай Торғайдағы көтерілісшілер саны 50000-ға дейін жеткен. Амангелді Иманов көтерілісшілер армиясын шебер ұйымдастыра білді. Көтеріліс ұлт-азаттық, империализм мен отаршылдыққа қарсы сипатта болды.

Көтерілістің жеңілу себептері:

- Көтеріліс бытыраңқы болды;

- көтерілістің ұйымдастырылуы мен басқарылуы дұрыс жүргізілмеді;

- жазалау отрядтарының күші басым болды, көтерілісшілердің қару-жарағы мықты болмады;

- патша үкіметі жергілікті жердегі руаралық, ұлтаралық діни тартыстар мен қайшылықтарды шебер пайдалана білді;

- ұлттық зиялылар арасында бірлік болмады;

- байлар, феодалдар көтерілісшілер мүддесін сатып кетіп отырды;

- патша үкіметі ең алдымен көтеріліс басшыларының көзін жойып отырды. Мысалы, Бекболат Әшекеевті Боралдайда дарға асты. Жәмеңке Мәмбетов түрмеге қамалды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Ресейді қамтыған революциялық дағдарыстың маңызды элементтерінің бірі еді. Оның бұқаралық сипат алуы, қазақ қоғамының барлық топтарының қатысуы, жалпы ұлттық ұран көтеруі, мемлекеттік биліктің институттарын құру әрекеті 1916 жылғы оқиғаны ұлт-азаттық көтеріліс ретінде, патшалық Ресей отарларының арасында болған алғашқы көтерілістердің бірі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.

Көтеріліс Қазақстан халқының революциялық сана-сезімінің өскенін, отарлау саясатына қарсы күресе алатын күш екенін көрсетті. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс империяға қарсы көтерілістердің ішіндегі ең ірісі болды. Көтеріліс революцияға алғышарт қалыптастырды.


§ 57.1917 жылғы Ақпан төңкерісі


Ақпан төңкерісі - 1917 жылғы 27 ақпанда патша билігіне қарсы Ресейдің астанасы Петроградта болды. Патша өкіметі мен Мемлекеттік Дума арасындағы қарама-қайшылықтар билік жүйесін әбден тұралатты. Әскери бөлімдер басшыларына бағынбай соғыстан қашты. Ақыры барлық Петроград халқы түгел дерлік ереуілге шықты. Ресейде бірнеше ғасыр билік құрған Романовтар әулетінің соңғы өкілі ІІ Николай биліктен бас тартқандығы жөнінде 15 наурызда құжатқа қол қойды. Сөйтіп ақпан төңкерісі жеңіспен аяқталды. Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйенің жоғары сатысы - республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан төңкерісі жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта жасырын түрдегі партиялар жариялылық жағдайға шықты. Жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда ақпан төңкерісінің жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ.

Уақытша үкіметі Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облыстық және уезд комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Жалпы, патшалық билікті құлатқан Ақпан төңкерісін қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. Ақпан төңкерісі қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың рөлі орасан өсті.

Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түкпір-түкпірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады.

Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: «Алғашқы төңкерісті қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл төңкерістің оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және екіншіден, оларды өзіміз басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді», - деп түсіндіреді.

Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман комитеттері болды. Олар негізінен, сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш паритясын ұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды. Алайда Ақпан төңкерісінен басталған саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен кетті.


§ 58.Алаш қозғалысы


1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісінің жеңісінен кейін қазақ даласында қоғамдық қозғалыстар басталды. 1917 жылы шілдеде Орынбор қаласында І Бүкілқазақ съезі өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды: мемлекеттік басқару жүйесі, автономия, білім, сот, дін, әйелдер құқы және тағы басқа. Съезд қазақтардың «Ресей Федеративтік демократиялық, парламенттік республикасының құрамында автономия» алу талабын жариялады. Съезд қарарларында жер мәселесі, оның ішінде қоныс аударуды тоқтату, қазақ жерін өзіне қайтарып беру, тағы басқа өткір мәселелер көтерілді. Съезд уақытында «Алаш» партиясы құрылды. Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы - Алаш партиясы болды.

ХХ ғасырдағы қазақ тарихында терең із қалдырған Алаш партиясының өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экономикалық, саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден Ресей империясының Қазақстанда отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті. Саяси партия құру үшін қажетті алғы шарттар қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» ұсынылды. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шора-и исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Жалпы, «Алаш» партиясы өзінің қоғамдық-саяси өмірінің алғашқы сәттерінен бастап-ақ алдарына негізгі екі мақсат қойған болатын: 1) қазақ халқын отарлық езгіден құтқару; 2) қазақ қоғамын әлемдік өркениет қауымдастығына енгізуді қамтамасыз ету. Бұл Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газеті төңірегінде топтасқан қазақ зиялы қауымы, Алаш азаматтарының белсенділігі арқасында, қазақ этносын құлдыраудан сақтап қалған іргелі оқиға болды.

Алаш қозғалысы - ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Жалпы отаршылдыққа, империализмге қарсы күресті басқарушы, ұлт-азаттық қозғалыстардың идеологтары ұлттық демократияшыл зиялылар болды. Олардың басшысы Әлихан Бөкейханов болды. Қозғалыстың белсенді мүшелері: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Досмұхаметдов, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, М.Шоқай тағы басқалар.

Алаш қозғалысының басты мақсаты - қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Бірінші орыс революциясы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде қазақ комитеттерінің пайда болуы, күзіне қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болды.

Алаш қозғалысы феодалдар мен байлардың, яғни үстем тап өкілдерінің және шаруалар мен жұмысшылардың мүддесін білдірді. Олардың мақсаты қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, өз алдына ұлттық автономия құру болды. Алаш қозғалысы көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30-жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады.





ІХ ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ТОТАЛИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕ ЖЫЛДАРЫНДА


§ 59.Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы


Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 жылдың күзінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Ал 1917 жылы 24-25 қазанда Ресей империясының астанасы Петроград қаласында Қазан төңкерісінің нәтижесінде Уақытша үкімет жойылып, мемлекет билігі Кеңестердің қолына көшті. Қазан төңкерісінің идеологы, яғни басшысы В.И.Ульянов (Ленин) болды. Көтеріліс В.И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды.

1917 жылы 25-26 қазанда «Жер мен бітім» туралы декреттердің қабылдануы, ұлт саясаты бағдарламасының жариялануы революцияның бүкіл елде тез арада жеңіске жетуінде шешуші рөл атқарды. Ұлт мәселесін шешудің әскери-коммунистік әдістері, большевиктердің унитарлық мемлекет құруға, тек Кеңестер негізінде ғана автономия беруге ұмтылуы ресейлік этностардың қайта өрлеуі үшін ұлттық факторды пайдалануға мүмкіндік бермеді.

Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Қазан төңкерісінен кейін билікті қолына алған Кеңестер «Ресей халықтары құқықтарының декларациясын» қабылдады. Осыдан кейін Кеңестердің «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» үндеуі жарияланды. Аталған үндеуде халықтардың діни сенімдері мен ұлттық мүдделеріне ешкім тиіспейтіні, барлық халықтың құқықтары бірдей болатыны туралы айтылған.

Қазақстанда Кеңестер өкіметін орнату 1917 жылдың соңы мен 1918 жылдың наурызына дейін жалғасты. Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде күрес нәтижесінде, ал енді бір жерлерде бейбіт түрде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді.


§ 60.Қазақ АКСР-нің құрылуы


Бұрынғы Ресей империясының шеткі аудандарында, соның ішінде Қазақстанда алдымен уақытша өкімет, кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұлттық мемлекет құру жайлы мәселе қарала бастады. Ресей империясының шеңгелінен босаған өзге халықтармен қатар қазақ елі де азаттыққа ұмтылды.

Елдің шығысындағы алғашқы Кеңестік республика 1918 жылы 30 сәуірде жарияланған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Түркістан АКСР-і) болып табылады. Қазақстанның оңтүстік облыстары (бұрынғы Сырдария, Жетісу обл.) Түркістан АКСР-інің құрамына енді. Түркістанда құрылған алғашқы ұлттық мемлекет көп өмір сүрген жоқ.

1919 жылдың аяғы мен 1920 жылдың басында Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құруға дайындық қызу жүріп жатты.

1920 жылы 20 тамызда РКФСР құрамындағы «Автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданды. 1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қазақ АКСР Кеңестерінің құрылтай съезі өткізілді. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Меңдешев, ал Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович болды. Съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды. «Декларацияда» Қазақ АКСР-ның мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды.

Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары және Каспий облысы мен Астрахань губерниясының қазақтар тұратын аудандары енді. Астанасы Орынбор қаласы (1920-1924) болып белгіленді. 1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда Қазақ АКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі өтті. Оған 273 делегат қатынасты. Съезде Қазақ АКСР-нің ОАК сайланып, ХКК құрылды. 1921 жылы соғыс коммунизм саясатының орнына жаңа экономикалық саясат енгізілді. 1921-1922 жылдары жер-су реформалары жүргізіліп, 470 мың гектардан аса жер қазақ шаруаларына қайтарылды. 1924 жылы 5-10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды. Кеңестік Орта Азия республикаларының ұлттық-межелеу нәтижесінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандары Қазақ АКСР-ге қосылды. Патша әкімшілігі кіргізген «киргиз» деген атау 1925 жылы сәуірде жойылып, қазақтар өзінің тарихи атауын қайтарып алды. 1924 жылы ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Орынбор губерниясы РКФСР-ге өтті.

Жаңа әкімшілік бөлік бойынша Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Орал (құрамына Бөкей облысы уезд дәрежесінде кірді) облыстарынан және республика Үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі, сондай-ақ, Қарақалпақ автономиясы облысқа кірді. 1928 жылы Қосшы одақтары нығайтылып, 300-ден астам ұжымшар, 5 кеңшар құрылды, губерниялар мен уездер таратылып, округтер мен аудандар құрылды.

1929 жылы 13 округ (Адай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Гурьев (қазіргі Атырау), қарқаралы, Қызылорда, Қостанай, Кереку (қазіргі Павлодар), Қызылжар (қазіргі Солтүстік Қазақстан облыстары), Семей, Сырдария, Орал) құрылды. 1929 жылы мамырда ел астанасы Алматыға көшірілді.

1929 жылы жаппай ұжымшарға бірігу қозғалысы басталды. Ол байлар мен кулактарды тап ретінде жою, кеңестік озбырлық тұтатқан көтерілістерді қарулы күшпен басу және көшпелі халықты отырықшыландыру науқандарымен қатар жүргізілді. 1928-1937 жылдары республикада 1-2 бесжылдық жоспарлары бойынша 200-ге жуық ірі өндіріс орындары салына бастады. Олардың ішіндегі ірілері Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту зауыттары болды.

КСРО-дағы 3-көмір бассейні атанған Қарағанды және Алтайдағы кен орындары тез дамыды. Жедел түрде Түрксіб темір жолы іске қосылды. 1932 жылы бұрынғы округтер таратылып, орнына 6 облыс (Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) құрылды.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның жаңа конституциясы бойынша Қазақ АКСР-ы одақтас республикаға айналды.


§ 61.Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында


Жаңа экономикалық саясат - ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы КСРО-да Азамат соғысы салдарынан қираған ел экономикасына жеке меншік иелерін тартып, адамдардың өз еңбегіне мүдделілігін орнықтыруға бағытталған әрекет. 1921 жылы наурызда коммунистік парияның 10-съезінде «әскери коммунизм» саясатынан Жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылданды. Жаңа экономикалық саясат шеңберінде қираған халық шаруашылығын қалпына келтіріп, социализмге өту көзделді. Оның мәнісі азық-түлік салығымен алмастырып, жеке меншіктің түрлі формаларын пайдалануға жол ашу болды. ЖЭС-тың енгізілуіне байланысты сырттан шет ел капиталы (концессиялар) тартылып, ақша реформасы (1922-1924) жүргізілді. Осы жылы ақша реформасы табысты аяқталды. Еліміз әлемдік ақша нарығында жоғары бағаланатын, тұрақты валютаға ие болатын болды. Фабрика, зауыттар мен өзге де кәсіпорындарда еңбекақы төлеу қолға алынды. Сауда қайтадан жандана түсті. Бұл орайда жеке меншік секторлар қарқынды дами бактады. Мысалы қаланың жеке сауда есебінен сауда айналымы 85 пайыз құраса, мемлекеттік сауда небәрі 2 пайыз ғана болатын.

Жалпы жаңа экономикалық саясатқа көшу барысында қиыншылықтар көп болды. 1921 жылы жаз айларында Қазақстан жерінде құрғақшылық кесірінен ашаршылық басталды. Республика халқының 1/3-і аштыққа ұшырады. Ашыққандар саны 1921 жылы қарашада 1 млн 508 мың адам, 1922 жылы наурызда 2 млн 303 мың 200 адам болды. Ашыққан адамдар Орынбор, Орал, Бөкей, Қостанай, Ақтөбе губернияларында көп болды.

Аштықтың тағы бір себебі азық-түлік отрядтарының ауыл шаруашылық өнімдерінің алып кетуі болды. Ауыл шаруашылық өнімдерін Мәскеу, Петроград, Қазан, Самара. Саратов сияқты орталық қалаларға жіберді. Нәтижесінде қазақстанның астықты аймақтарының халқы ашыға бастады. Мысалы, астық мол шыққан Семей, Ақмола губернияларынан азық-түлік отрядтары ауылшаруашылық өнімінің 80 пайызын әкетті. Алайда, мамыр-маусым айларында аштыққа ұшырағандар саны кеми бастады. Кеңес үкіметі аштыққа ұшырағандарға көмекке кеш келді. Сондай-ақ, Қазақстанда 1921-1922 жылдардағы аштықтың салдарынан демографиялық жағдай ауырлады. Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Торғай губернияларында ауылдағы халық саны аштыққа дейінгі санының 1/3-не дейін азайды. 700 мыңнан астам адам республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.

Жаңа экономикалық саясат жылдарында ең алдымен салық мөлшері жеңілдеді. Атап айтар болсақ, 1921 жылғы 14 маусымда «Нақты ет салығы туралы» декрет шығып, қазақтар ет салығынан босатылды. Мемлекет халыққа ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға көмектесті. Мысалы, 1924-1925 жылдары 415 трактор сатып алынды. Қазақстанның егістік көлемі 1928 жылы 4 млн гектарға жетті. 1928 жылы мал саны 41 млн болды. Жаңа экономикалық саясат 1924-1925 жылдары өзінің нәтижесін берді.

Жаңа экономикалық саясаттың нәтижесінде күйзелген ауыл шаруашылығын тез арада қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп қалпына келтірілді. Өркениетті кооператорлар құрылысы ел шаруашылығының барлық саласын көтерді. Шаруа шаруашылығын еркін дамытуға кепілдік берді. Республикада 650 ауыл шаруашылық артелі мен 103 коммуна жұмыс істеді. Өнеркәсіп саласында да біраз өзгерістер болды. Республикада аса ірі «Атбасцветмет», «Эмбанефть», «Алтайполиметалл» трестері құрылды. Олардың құрамына республиканың ірі өнеркәсіп орындары кірді. 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өнімдерін өндіру 1920 жылмен салыстырғанда 5-6 есе өсті. Өнеркәсіп кәсіпорындарының 60 пайызынан астамы іске қосылды, ал 1921 жылы бұл 21% болған еді. Көлік қатынасы қалпына келтірілді. Сауданың маңызы артты. Жеке саудаға рұқсат етілді. Жәрмеңке саудасы күшейтілді. 1927 жылы республикада 75 жергілікті, 13 губерниялық, 7 өлкелік жәрмеңке жұмыс істеп, сауда айналымы 30 млн сомға жетті. Басты жәрмеңкелер Семей губерниясында - Қоянды, Баянауыл. Ақмола губерниясында - Атбасар. Ақтөбе уезінде - Ойыл, Темір. Бөкей ордасында - Орда. Өнеркәсіпті қалпына келтіру кезеңі республикада 1928 жылы аяқталды. Жаңа экономикалық саясат шаруашылықты өркендетуге мүмкіндік берген «керемет ғажайып» саясат болды.

Алайда, И.В.Сталин мен оның маңындағылардың ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, басқару кадрларына қарсы жаппай жазалау әрекеттерін қолдануы салдарынан ХХ ғасырдың 30 жылдарының басында жаңа экономикалық саясат іс жүзінде тоқтатылды.


§ 62.Қазақстанда 20-30 жылдардағы білім мен мәдениеттің дамуы


Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін, ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды. Ең алдымен ересектер арасында «Сауатсыздықты жою» көзделінді. Халық арасында сауатсыздықты жою үшін арнайы мемлекет тарапынан қаражат бөлінді. Мектептер оқу құралдары және ұстаздармен қамтамасыз етілді. 1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы құрылды. Оның мүшелері жер-жерлерді аралап, халықтың арасында сауатсыздықты жоюға зор үлес қосты.

1921-1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1926 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Көптеген қалаларда арнаулы білім беретін және соның ішінде қазақ қыздарын оқытатын мектептер ашылды. Білім беру ісіне тек Қазақстанда 1921-1927 жылдары бір адамға шаққанда 68,9 тиын жұмсалды.

1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28% сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10 пайыз ғана болды. Мұнда айта кететін мәселе, араб тілінде жазып, оқи білетін қазақтар бұл тізімге ілікпеді. 1930-1931 жылдары Қазақстан халықтарының арасында жалпыға бірдей оқу міндеті енгізілді. Жалпыға бірдей білім беру ісіне үкімет жан-жақты қолдау көрсете бастады. 1931 жылы Қазақстанда 15-50 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауатсыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді. Мысалы, 1928 жылы ағарту ісіне 12 млн сом жұмсалса, 1940 жылы бұл көрсеткіш 682 млн сомға дейін жетті.

Сауатсыздықты жою ісі бойынша Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Бұның себебі әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрократтық саясаты. Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. 1936 жылы жер-жерде ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500 мыңнан астам адам оқыды.

Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік құрал ретінде көмегін тигізді. 1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқының арасында бұл көрсеткіш 40% жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Орал, Лениногорск және тағы басқа қалалар сауатты қалаға айналды.

Білім беру ісін дамыту бағытында ана тіліндегі оқулықтарды жасаған қазақтың ұлттық зиялылары үлкен үлес қосты. Мысалы, А.Байтұрсынов суретті әліппе, Ж.Аймауытов ана тілі оқулықтарын жазды.

Қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды жасау бағытында Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов көп еңбек сіңірді. Мысалы, Қ.И.Сәтбаев орта мектепке арнап алгебра оқулығын, Ә.Бөкейханов география оқулығын жазды. Республика жерінде орыс, қазақ, өзбек, татар тілдерінде оқытатын мектептер жұмыс істей бастады.

Соғыстың алдында республика мектептерінде 44 мың мұғалім жұмыс істеді. С.Ақышев, С.Көбеев, А.Ақатов, Ш.Сарыбаев, Л.И.Довранская, Н.В.Волков тағы басқа білім беру ісінің үздіктері «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болды. Сауатсыздықты жою, жалпыға бірдей оқу міндетінің енгізілуі индустрия мен аграрлық салаға қажетті мамандардың көбеюіне ықпал етті.

1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны Алматы педагогика институты ашылды. Бұл институт Абайдың есімімен аталды. Ал 1929 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институт ашылды. 1930 жылы Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институты ашылды. 1931 жылы Ленинград әскери медицина академиясының қамқорлығымен Алматы медицина институты ашылды. Сондай-ақ, 1934 жылы Қазақстандағы тұңғыш университет С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Осы жылы Алматыда Қазақ кен металлургия институты ашылды. Кейін политехникалық институт аталған бұл оқу орны инженер-техник кадрларын даярлайтын іргелі оқу орны болды.

1931-1932 жылдары Қызылорда, Орал қалаларында педагогика институты ашылды. Семей, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шымкент қалаларында мұғалімдер институттары ашылды. Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақстанда ағарту, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларында ұлттық зиялылар қалыптасты. Сонымен қатар, Қазақ КСР-де жоғары оқу орындары саны 20-ға, арнаулы оқу орындарының саны 118-ге жетті. Кәсіптік білім беретін бұл оқу орындарында 40000-ға жуық жастар білім алды.

Кәсіптік білім беретін оқу орындарының көбеюі Қазақстан зиялыларының қалыптасуына үлкен ықпал етті. Жаңадан ашылған жоғары оқу орындарында М.Әуезов, О.Жандосов, Қ.Жұбанов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Т.Жүргенов, С.Аспандияров тағы басқа қазақтың зиялы қауымдарының өкілдері қызмет атқарды.

ХХ ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қоғамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ.Жұбанов, С.Аспандияров, Ж.Аймауытов, А.В.Затаевич, А.Байтұрсынов, Ә.Диваев, А.П.Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М.Е.Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды.

1935 жылы профессор С.Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бері тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ әдебиетінде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Дулатов, М.Жұмабаев бастаған ақындар мен жазушылардың орны ерекше болды.

С.Сейфуллин - «Қазақ жастарының марсельезасы», «Көкшетау», «Советстан» шығармаларының авторы. 1927 жылы Қазан революциясы, азамат соғысы жайында «тар жол тайғақ кешу» атты тарихи романын жазды. М.Жұмабаев «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» дастандарын жазды.

С.Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын, «Ботагөз» романын жазды. І.Жансүгіров «Құлагер», Б.Майлин «Азамат Азаматыч», И.Байзақов «Құралай сұлу», Ғ.Мұстафин «Өмір мен өлім», Ж.Аймауытов «Қартқожа» туындыларын осы кезде жазды.

Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», Ж.Аймауытовтың «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», Б.Майлиннің «Жалбыр», М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан» сияқты туындылары қазақ драматургиясының ірі табыстары ретінде белгілі болды.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Алматы, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола, Қостанай қалаларында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері жұмыс істеді. А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж.), «Қазақ халқының 500 ән мен күйі» (1931 ж.) деген еңбектерін жазып, қазақ музыкасын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. А.В.Затаевичке 1932 жылы Қазақ АКСР-ның халық артисі атағы берілді. Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы, 1927 жылы Францияның астанасы Париждегі концерттерге қатысып, Батысқа қазақ әнінің құдіретін танытты.

1926 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық қазақ театры сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың алғашқы директоры актер, режиссер Жұмат Шанин болды. 1937 жылы бұл театр қазақ академиялық драма театры аталды. 1930 жылы Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе қалаларында театрлар ашылды. 1933 жылы Алматы қаласында ұйғыр музыкалық драма театры ашылды. 1934 жылы Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры ашылды. Дәл осы жылы А.Жұбановтың жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды. Сондай-ақ, Алматыда кітапхана техникумы, Орал, Семей, Өскемендегі педагогикалық техникумдар жанынан кітапхана бөлімдері ашылды. 1939 жылы республикада 3304 кітапхана жұмыс істеді. 1936 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. 1937 жылы Қызылорда қаласында корей театры ашылды. 1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты фильм «Амангелді» фильмі қойылды. Бұл фильмді «Ленфильм» киностудиясы түсірді. Соғыс қарсаңында республикадағы мәдениет үйлерінің саны 5237-ге жетті. Соғысқа дейінгі жылдарда Қазақстан мәдениеті осындай зор жетістіктерге жеткенімен, сталиндік бюрократиялық жүйе мәдени рухани салаға орны толмас шығын әкелді.


§ 63.Қазақстанда индустрияландыру саясаты


Қазақстан өнеркәсібін дамытуда индустрияландыру жылдары батыл қадамдар жасалды. Индустрияландыруды жүзеге асырудың негізгі принциптері мен әдістері бүкіл елімізде бірдей болғанымен, Қазақстанда өте қиын жағдайда жүрді. Ұлттық кадрлар мәселесі баяу шешілді. Сауатсыздар қатарынан кәсіби деңгейі жоғары жұмысшыларды тәрбиелеп шығару өте қиын болды. Мамандыққа оқып-үйрету ресейлік кәсіпорындарда және орыс тілінде жүргізілді. Индустрияландыру бірінші жағынан Кеңес халықтары күшімен жүзеге асса, екінші жағынан орталықтың әкімшіл-әміршіл жүйесі негізінде жүргізілді.

Қазақстанда индустрияландыру ісі 1928-1932 жылдары өтті. Осы жылдары халық шаруашылығын дамытудың бірінші бес жылдығы болды. Соғысқа дейін Қазақстанда Ембі мұнай өндіру орындары, Қарағанды көмір кен орындары, Жезқазған, Балқаш мыс комбинаттары, Шымкент қорғасын зауыты, Алтайдағы түсті металлургия сияқты санаулы ғана ірі кәсіпорындар салынды. Жалпы, Қазақстан Орал мен Сібірдің ірі өнеркәсіп орындарын шикізатпен, пайдалы қазбалармен қамтамасыз етті. Жалпы, өнімнің 84,4 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі болды. Елді индустрияландыру үшін ауыр өнеркәсіпті, оның ішінде машина жасау саласын, кен өндірісі орындарын, теміржол жүйесін дамыту керек болды.

КСРО-ның индустрияландыру жоспарына Қазақстан да енгізілді. Қазақстанды индустрияландыру ісі болашақ өнеркәсіп үшін қажетті өлкенің табиғат байлықтарын зерттеуден басталды. КСРО Ғылым Академиясы 1920 жылдардың соңы - 1930 жылдардың басында көрнекті ғалымдардың қатысуымен зерттеу экспедициясын бүкіл өлкеде жүргізді. Индустрияландыруды жүзеге асыру мақсатында қазақ жерінің табиғат байлықтарын зерттеу басталды. Академик Н.С.Курнаков бастаған геологтар Орталық Қазақстанның минерал-шикізат байлықтарын зерттеді. Ол «Қазақ АКСР-і Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы» деген тұжырым жасады. Ал, академик И.М.Губкин Орал-Ембі ауданында мол мұнай қоры бар екенін дәлелдеді. «Бұл кен орны - мұнайға аса бай облыстардың бірі» деп қорытындылады. Сондай-ақ, инженер-геолог Қ.И.Сәтбаев Жезқазған мыс кен орнының мол байлығын анықтап. Өңірдің болашағы зор екенін дәлелдеп берді.

Қазақстанда мұнайдың жаңа кен орындары ашылды. Пайдалы қазбалардың мол қоры Қазақстанда ауыр индустрияны дамытуға негіз болды. Әсіресе көмір, мұнай, қара және түсті металдар өндірілді. Бұл салалар ұзақ уақыт бойына республиканың өндірістік қуатын айқындады. Қазақстанның индустриалдық дамуының ерекшелігі өнеркәсіптің жаңадан құрылуында. Ақша қаражатын бөлуде күрделі қаржының басым бөлігі 83,2% ауыр өнеркәсіпке салынды, оның ішінде түсті металға барлық күрделі қаржының 44,5%, мұнайға - 20%, көмірге - 15,3%, химия өндірісіне - 4,8%, электр энергетикасына -8,5 % жұмсалды.

Ең алдымен байланыс пен транспорт мәселесін шешу керек болды, себебі алғашқы салынған өнеркәсіп кәсіпорындары шикізат көзі табылған жерлерден жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан еді. Сондықтан жаңа теміржол тарту өте қажетті іс болатын. Ұзындығы 1500 шақырымға созылған Түркістан-Сібір теміржолы құрылысының тарихи маңызы зор. Оның құрылысына 200 млн. сом қаржы жұмсалды. Бұл ірі магистраль белгіленген мерзімнен 17 ай бұрын іске қосылды. Түркістан-Сібір теміржол магистралының құрылысы 1927 жылы салынды. Түрксіб құрылысында бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын 100 мың адам еңбек етті. 10 мың қазақ жұмысшылары теміржолшы, құрылысшы, техник, жол ісінің шебері мамандықтарын меңгерді. 1930 жылдан бастап Түркісіб бір жағынан Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аудандары мен Сібірді, екінші жағынан елдің еуропалық бөлігі мен Орта Азияны жалғастырды. Түркісібке байланысты алғашқы салынған ірі өнеркәсіп кәсіпорны - Қосқұдық орман өнеркәсіп шаруашылығының кәсіпорны.

Қазақстанда индустрияландыру жылдарында көбінесе өндіруші өнеркәсіптер салынғанымен, дайын өнім шығармады. Шикізатты негізінен Ресей мен Украина өнеркәсіптеріне тасыды. Индустрияландырудың ерекшеліктеріне тоқталсақ, өлкедегі индустрияландыру жоғарыдан жүзеге асырылып, шикізат көздері екпінді қарқынмен игерілді. Мұнай Ембіде өндіріліп, өңдейтін орталық Орскіде салынды. Білікті жұмысшы мамандар, инженер-техник қызметкерлер сырттан, негізінен Ресей мен Украинадан, Әзірбайжаннан әкелінді. Қалаландыру үрдісі күшейіп, қалалар мен қала үлгісіндегі мекендер, қала халқы көбейді. Дегенмен жергілікті қала тұрғындарының өсуі, баяу дамыды.

1930 жылдың аяғында қала халқының үлесі 29,8% құраған. Республикадағы жұмысшы табы құрамындағы қазақтардың үлес салмағы 1928 жылы 19,8%; 1935 жылы 43%-ға өсті. 1939 жылы республикадағы қала халқының саны 375000-ға дейін жетті.

Индустрияландыру жылдарында жеңіл өнеркәсіпті дамытуда елеулі қадамдар жасалды. Ескі кәсіпорындарды қайта құрумен қатар жаңалары да салынды. Олар Оралда, Ақтөбеде, Семейде, Петропавлда тұрғызылды. Оңтүстік Қазақстан өңірінде Алматыда, Шымкентте, Жамбылда, Қызылордада жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылысы басталды. Алматыда аяқ киім және тігін фабрикасы, Шымкент пен Түркістанда мақта зауыты іске қосылды. Петропавлда, Оралда, Алматыда, Қостанайда, Шымкентте, Ақтөбеде, Павлодарда жаңа техникамен жабдықталған азық-түлік өнеркәсібінің кәсіпорындары қайта салынды. Жамбыл, Мерке, Талдықорған қант зауыттары өз шикізаттарын пайдаланатын болды.

Индустрияландыру саясатындағы кемшіліктер:

- Машина жасау, металлургия, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары болмады;

- Энергетика базасы, құрылыс материалдары өнеркәсібі артта қалды;

- Тау-кен шикізатын дайындаушы база ретінде қала берді;

- Республикадан сирек кездесетін металдар, мұнай, көмір, фосфорит тегін ағылып жатты.

Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.

§ 64.Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру


Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру мәселесі шаруашылыққа біраз өзгерістер әкелді. Ең алдымен кооперативтік қозғалыс дами түсті. Өндірістік кооперацияның негізгі үш түрі болды:

1.Коммуна - өндірісті қоғамдастыру.

2.Артель - жердің, малдың бір бөлігін, ауылшаруашылық машиналарын, құрал-саймандарды біріктіру.

3.ЖӨС - жер өңдейтін серіктестіктер.

Шаруалар ұжымдастыру түрлерін таңдағанда негізінен ЖӨС-ті қалады. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру қарсаңында 1072 ұжымдық шаруашылық жұмыс істеді. Бірақ Ф.И.Голощекиннің «Ауылды кеңестендіру» бағыты игі нәтижелерге кері әсер етті.

Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағыты 1925 жылы қабылданды. 1927 жылы желтоқсанда Компартияның XY съезі болды, ол тарихта ұжымдастыру съезі деп аталады. Оның шешіміне сәйкес қысқа мерзімде, 1932 жылдың көктеміне дейін елдің ауыл шаруашылығы енді жеке меншік емес ұжымдық шаруашылыққа - колхозға (ұжымдық шаруашылыққа) бірігуі тиіс болды.

Қазақстандағы ұжымдастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай бітіру жүктелді. Үкімет жергілікті тұрғындардың тұрмыс-салт ерекшеліктерімен есептеспестен ұжымдастыруды күш салу әдістерімен, жедел қарқынмен жүргізді. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру бай-кулактарды тәркілеуден басталды. 1924 жылы Қазақстан өлкелік партия басшылығы көшпелі өмір салтын сақтаған қазақ ауылдарын отырықшыландыру және қазақ ауылдарында Кеңес өкіметі билігінің нығаюына кедергі келтіретін бай және орта тап өкілдерінің көзін жою қажет деп есептеді. Себебі, Кеңес өкіметі жұмысшылар мен шаруалардың өкіметі болғандықтан, мұнда бай, байлық, жеке меншік деген болмауы керек. Барлығы да ортақ, мемлекеттің меншігі болуы тиіс еді. Осы мақсатпен 1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті «ірі бай шаруашылықтарын және орташа байлардың мал-мүлкін тәркілеп жер аудару» декретін қабылдады.

Осы нәтижесінде байлардың шаруашылығы тәркіленіп, 657 бай жер аударылып, олардан 145 мың мал алынды. Малдар, негізінен, колхоздарға берілді. Көптеген орташа шаруалар байлардың қатарына жатқызылды. Барлық жинап-терген мал-мүлкінен айырылғысы келмей бір түнде шетел асып көшіп кеткен қазақтар да болды. Негізгі күнкөрісі мал болған қазақтар, малдарынан айырылып, аштыққа ұшырай бастады. Ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы өте қатал жағдайда жүргізілді. Шаруашылықты ұжымдастыру үнемі өсіп отырды. 1928 жылы 2%, 1930 жылы 3 сәуірде 56,4%, 1931 жылы қазанда 65% ұжымдастырылды. 1931 жылы көшпенді және жартылай көшпенді шаруаларды жаппай отырықшыландыру жөнінде міндет қойылды. Сонымен қоса, ұжымдастыру жедел және жоспарсыз жүргізілді. Ұжымдастыру кезінде ауыл шаруашылық өнімдерін және малдарды күшпен алды. Мысалы, 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80% мемлекетке етке өткізілді. Балқаш ауданының халқына 297 мың малға салық салынды (ауданда 173 мың мал болған). Торғай ауданында 1 млн малдың 98 мыңы қалды. Торғайлықтар «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» ұранын көтерді.

Күштеу әдісі мен жаппай ұжымдастыруға қарсы Сарысу, Ырғыз, Балқаш, Қастек, Қордай, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау ауданының шаруалары көтеріліске шықты. 1931 жылы көктемде Қарқаралы округінің Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарының көтерілісшілері жазалау әрекетінен түгел қырылды.

Ұжымдастыру қарсаңында республикада 40,5 млн мал басы болса, 1933 жылы оның саны 4,5 млн-ға дейін азайған. 1930-1932 жылдары Қазақстан халқының саны 6,2 млн болса, соның 2,1 млн-ы аштықтан қырылды. Республика аумағынан шетке қашу жиіледі. 1 млн 700 мың адам Қазақстаннан тыс аймақтарға көшті. Олар - Түркменстан, Қарақалпақ, Иран, Ауған жеріне, Маңғыстау, Жылқосын, Ойыл, Табын аудандарының халқы. Сондай-ақ, Қытай жеріне - Алматы округінің Балқаш, Шоқпар, Іле, Еңбекшіқазақ, Биен-Ақсу, Сарқант, Жаркент, Бөрібаев аудандарының халқы көшіп кетті. Күшпен жүргізілген ұжымдастыру саясатына қарсы Қазақстанда жалпы саны 372 толқулар мен көтерілістер болды.

1932 жылғы 1 ақпанда Павлодар қаласынан саяси жер аударылғандар КСРО Орталық Атқару Комитеті төралқасына аштық айғақтары туралы былай деп жазған: «...аштықтың ауыр көрінісі етек алуда. Ит, мысық және алуан түрлі өлекселер желініп жатыр. Тірі қалғандардың аштықтан әлсірегені сонша, өліктерді жерлеуге шамасы келмеуде...» десе.

1932 жылғы шілдеде аштық апаты мен себептері туралы Ф.И.Голощекинге «Бесеудің хаты»(Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин, Е.Алтынбеков, М.Дәулетқалиев) жазылды.

Сондай-ақ, 1933 жылғы наурызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Т.Рысқұлов Қазақстандағы ұжымдастырудың зардаптары, елді жайлаған аштықтың себептері, халықтың тартып отырған қасіреті жайлы И.В.Сталинге ашық хат жазды.

Т.Рысқұловтың хатта көрсетілген деректері бойынша «Қазақ жерінде көршілес өлкелерге көшушілер саны артуда» деп жазылған. Онда орта Волгада - 40 мың, Қырғыз жерінде - 100 мың, Батыс Сібірде - 40 мың, Орта Азияда - 30 мың, Қарақалпақ жерінде - 20 мың қазақ көшіп кеткені айтылады. Көшіп кетушілер Қалмақ, Тәжік жері, Солтүстік өлке, Батыс Қытайға дейін барған. Бұл аш адамдардың тамақ іздеп босуы еді.

1930-1932 жылдардағы аштық тарихқа «ұлы жұт» ретінде енді. Ұжымдастыру жылдарында бірнеше кемшіліктер жіберілді. Атап айтар болсақ, 1932 жылы 17 қыркүйекте Компартия «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, мал шаруашылығы туралы» қаулы тым кеш қабылданды. Қаулыда аштық, мал шаруашылығының құлдырауы туралы айтылмады. Сәтсіздікке ұшыраған басшылық (Голощекин, Исаев, Құрамысов, Ерназаров, Голюдов т.б.) халық алдында жауапқа тартылмады. Соған қарамастан реттеу жұмыстары жүргізілді.

Күштеп ұжымдастыру мен отырықшылыққа қазақ зиялыларының өкілдері қарсы шықты. Ғалым әлі агроном ретінде Ә.Бөкейханов қазақтарды отырықшылыққа біртіндеп көшіруді ұсынды. С.Сәдуақасов: «Өркениеттің өзі мал шаруашылығымен айналысуды жоққа шығармайды, қайта оның өркендеуіне мүмкіндік туғызады» деп атап көрсетті. Т.Рысқұловтың КСРО БОАК-нің сессиясында сөйлеген сөзінде белгіленген мөлшерге сәйкес қазақтардың жеке меншікте 6-7 ғана мал басын ұстауы олардың жағдайын өте нашарлатады деп ашық айтты.

Тіпті И.Сталиннің өзі «Табыстан бастың айналуы» деген 1930 жылы «Правда» газетінде жарияланған мақаласында ұжымдастыруда өрескел қателіктердің кеткенін мойындайды. Сонымен, Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру жолында жүргізген шаралары тиімді нәтиже бермеді. Керісінше бұл реформалар шаруалардың еңбекке деген ынтасын жойды. Соған қарамай большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен алға қарай дамыту мақсатында ылғи әртүрлі жаңа шаралар жүргізіп отырды. Алайда, ұжымдастыру саясаты қазақ тарихындағы қасіретті оқиғалардың бірі ретінде белгілі болып қалды.


§ 65.1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін


Қуғын-сүргінді ұйымдастыру кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың ортасы болды. Социалистік қоғамды нығайту барысында Сталиннің тап күресін күшейту туралы тұжырымы репрессиялық, яғни қуғын-сүргін бағдарламасының негізіне айналып, «халық жауларын» әшкерелеумен айқындалды. «Партия мен халыққа жат элементтер» ең алдымен партияның өз арасынан және өзгеше ойы бар зиялылар қатарынан іздестірілді.

1936 жылы КСРО конституциясы қабылданды. Бұл конституция әміршіл-әкімшіл жүйені нығайтты. Елде тоталитарлық жүйе, казармалық социализм орнады. Жеке адамның құқығы аяққа басылып, балама пікір айтқан адам «халық жауы» қатарына жатқызылып жазаланды. Ең алдымен жазаға ұлттық демократиялық зиялылар, Алаш қозғалысының қайраткерлері, қазақ елінің біртуар ұлдары тағы басқалар ұшырады.

1937-1938 жылдары Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Құтжанов, О.Исаев, О.Жандосов, А.Досов, А.Асылбеков, Ж.Садуақасов, С.Сапарбеков, Т.Жүргенов және т.б. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыппен қудаланып, репрессияға ұшырады. Репрессия - мемлекеттің өз азаматтарына қолданатын қатаң жазалау шаралары. Репрессия жылдарында ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Ж.Шанин, К.Кемеңгеров және тағы басқалар ату жазасына, куғын-сүргінге ұшырады. Оларға тағылған айып негізсіз болды, көбіне оларды ауыл шаруашылық дағдарысына, 20-30 жылдардағы көтерілістерге айыпты деп кінәлап, Қазақстанды бөліп алуға әрекет жасады, «жапон шпионы» деген айып тақты.

Қарағандыда және бірқатар аудандарда «халық жаулары» үстінен ашық сот процестері жүргізілді. Қамауға алынғандардың саны Қазақстанда 1937 жылы 105 мың адамға жетті, оның 22 мыңы атылды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың әйелі мен балалары да жапа шекті.

Қазақстан жерінде жазықсыз жазаға ұшырағандарға арналған лагерьлер пайда болды. Олар: Карлаг (ерекше режиді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (Далалық лагерь). Олардың ішіндегі ең ірісі «ЧСИР» - халық жауларының отбасы мүшелеріне арналған лагерь. Кейіннен ол «Алжир» халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері атанды. «Алжирде» репрессия құрбандарының әйелдері, аналары, қыздары азап шекті. Қарағанды жеріндегі Осакаров ауданында орналасқан 25 поселке-обсервацияда Ресейден «халық жауы» ретінде жазаланғандар орналастырылды. Қазақстан аумағында бұл лагерлерден басқа Дальний, Песчанный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавл, Өскемен, Луговой, арнайы Кеңгір тағы басқа лагерьлер орналасты.

Жеке адамға табынған тоталитарлық жүйе кесірінен 101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңнан астамы атылды. «Халық жауларының» 40 мыңы кейін ақталды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін «31 мамыр - Ұлттық аза күні» болып белгіленді. Жыл сайын 31 мамыр жазықсыз жазаланғандарды еске алу күні деп атап өтуде.


§ 66.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан


Отызыншы жылдардағы әлемдік дағдарыс көптеген мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және халықаралық қатынастарын шиеленістірді. Бұл жағдай әлемдік билікке талпынған күштердің пайда болуына жол ашты. Осындай күштердің ішіндегі ең қауіптісі - Германияда орнаған фашистік тәртіп еді. Батыс мемлекеттері тарапынан ұйымдасқан қарсылықтың болмауы фашистік агрессияның күшеюіне жол ашты. 1937 жылы фашистік мемлекеттер - Германия мен Италияның милитаристік Жапониямен әскери-саяси одақ құруы екінші дүниежүзілік соғыстың негізі болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаға шабуылымен басталды. Франция мен Англия Германияға қарсы соғыс ашқанын хабарласа, КСРО осы жылы Германиямен 10 жылдық бейбіт келісімге қол қойды. Бұл құжат тек 1989 жылы алғаш жарияланды. Құпия келісімге сай 1939 жылы Германия мен КСРО Еуропадағы билік жүргізу аймақтарын бөліп, жаулап алу шараларын бір мезгілде бастайды.

Осының нәтижесінде Германия Польшаны басып алғаннан кейін, Кеңестер Одағына Польшаның 12 млн. халқы орналасқан 200 мың шаршы км. жері өтті. Кейінірек бұл аумақ Украина, Белоруссияға қосылды. 1940 жылы Германия Францияны басып алғаннан кейін Литва, Латвия, Эстониядағы мемлекеттік билікті Кеңестер Одағы иеленіп, Литва, Латвия, Эстония Кеңестік Социалистік Республикалары құрылды. Қызыл Армия Прибалтикаға кіргеннен кейін Кеңестер үкіметі Румынияға бұрын Ресей империясының құрамында болған Бессарабия аумағын қайтару туралы ультиматум жіберді. Нәтижесінде буковина мен Бессарабияның жарты бөлігі Украина КСР-іне, Бессарабияның қалған бөлігі Молдавия КСР-не берілді. Англия мен Франция Германияға соғыс жариялағанымен батыс майданда белсенді іс-қимыл танытпады.

Бұл жағдайды Германия өз мүддесіне пайдаланып, 1940 жылы Дания, Норвегия, Нидерланды, Люксембург мемлекеттерін еш қарсылықсыз жаулап алды. Бельгияны жеңгеннен кейін негізгі күштер талқандалды. Нәтижесінде Франция Германиямен бейбіт келісімге қол қойса, Англия АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болды.

Сонымен Батыс еуропадағы әскери іс-қимылды аяқтаған фашистік Германия бастапқы міндеттерінен бас тартып, Кеңестер Одағын басып алуға дайындықты бастайды. Басып алған мемлекеттердің экономикалық, әскери ресурстарын өз мүддесіне пайдаланып, әбден күшейген фашистік Германия Кеңестер Одағына қарсы соғысты аз уақытта жеңіспен аяқтауына күмәнсіз сенді. Ал Сталин және оның төңірегіндегілер 1939 жылғы келісімге сеніп, Германия тарапынан соғыс қаупін күтпеді.

КСРО-ға қарсы соғыс жоспары «Барбаросса» деген атпен белгілі. Фашистік Германияның Кеңестер Одағын жаулап алу жоспарында Қазақстанға үлкен мән берілген. Осы мақсатпен Атлантикадан сібірге дейін біртұтас Герман этнотерриториялық кеңістігін құру көзделді. Бұл аумақты славян халықтарынан тазарту және түрік-моңғол халықтарын жою көзделді. Сонымен қатар фашистік Германияға қызмет ететін Қарағанды, Новосибирск, Кузнецк индустриалды облыстарын құру жоспарланды.

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия соғыс жарияламастан жасалған келісімді бұзып, КСРО аумағына басып кірді. Германия КСРО-ға қарсы барлық қарулы күшінің 70%-ын - 5,5 млн адамнан тұратын 190 дивизия, 4300 танк, 5 мың ұшақ шоғырландырды. Батыс шекаралық округтердегі Қызыл Әскер күштерімен салыстырғанда Германия әскери күші адам ресурсінен 2 есе, танктен 3 есе, ұшақтан 3 есе, артиллериядан - 1,3 есе басым болды.

Соғыс жылдары Қазақстан Қызыл әскердің ең озық бөлімшелері мен құрамалары жасақталған қуатты әскери лагерьге айналды. Соғыс жылдарында республика аумағында 12 атқыштар дивизиясы және 4 атты әскерлер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы құрылып майданға аттанды. Сонымен қатар әртүрлі әскер тобының 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталды. Бұл 238-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші атқыштар дивизиясы еді. Оның ішінде республикадан бөлінген қаржы мен халықтың жинаған қаражаты есебінен құрылған қазақтың ұлттық үш атты әскер дивизиясы және атқыштар бригадасы болды.

Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды (арсенал - күш-қуат, қару-жарақтар қоймасы). Соғыс жылдары майдандағы армия қатарына 1 096 164 қазақстандық шақырылды. Аранйы құрылыстар бөліміне және еңбек майданына 670 мың адам жіберілді. Демек, майдан мен қорғаныс өнеркәсібіне әрбір үшінші қазақстандық шақырылған. Сонымен қатар Қазақстанға эвакуацияланған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 1,5 млн. адам келді.

1941-1942 жылдары республикаға 220 зауыт, фабрика мен цехтар көшірілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарын эвакуациялау 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басында үздіксіз жүзеге асты. Азық-түлік өнеркәсібі саласынан 54, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласынан 53 зауыт, фабрикалар көшірілді. Олардың ішінде Мәскеу облысынан Подольский механикалық зауыты, Ивантьев тоқыма, Реутов және Краснополянск жіп иіру фабрикалары, Калинин облысындағы Осташково қаласынан былғары зауыты, Киев аяқ-киім фабрикасы, Володар атындағы «Большевичка Украины» тігін фабрикасы бар. Бұл кәсіпорындар негізінен Алматыда, Оралда, Петропавлда, Шымкентте, Семейде, Қарағандыда, Ақтөбеде орналасты.

1941-1945 жылдары Қазақстанда эвакуацияланғандарын қоса есептегенде, 460 кәсіпорын жұмыс істеді. Республика 1942 жылы қорғасынның одақ бойынша өндірілетін мөлшерінің 85 пайызын, көмірдің 1/8, молибденнің 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл кендерінің 9%-ын берді. Қарағанды шахтерлары соғыс жылдары 34 млн. тонна көмір өндірді, мұнай өндіру 39%-ға өсті. Жеңіске республиканың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де айтарлықтай үлес қосты.

Соғыс жылдары мұнай өндіру 3 есеге көбейді. «Қазақстан мұнай» ұжымы тәулігіне 12 сағат жұмыс істеді. «Ақтөбе мұнай» ұжымы Жақсымай мұнай шығару объектісін жұмысқа қосса, Гурьев облысының мұнай құбырларында мұнай өндірісін арттыруды қолға алды. Ұжымдар арасында социалистік жарыстар кеңінен қанат жайып, жарысқа қатысқан 9340 мұнайшының 5800-і жұмыс нормасын 101-200%, 218-сі - 200-300%, 23 мұнайшы 300% асыра орындады. Ембі-Құлсары мұнай өндірісін басқарған мұнайшы инженер Сапы Өтебаев 1941 жылы 29 ұңғыны жұмысқа қосып, тәуліктік өнімді осы жылы соғысқа дейінгі көрсеткіштен екі есеге көбейтті. Соғыстың тек алғашқы жылы жаңа 4 мұнай өңдеу орындары жұмысқа қосылды. Сондай-ақ, соғыс жылдары еңбекшілер Отанға 356,4 мың пұт астық, 241,2 мың тонна картоп, 734 мың тонна шикізат тапсырды. Қазақстанның малшылары Қызыл Әскерге 110 мың жылқы, ал жаудан босатылған аудандарға 17,5 мың ірі қара, 350 мың қой, 22 мың жылқы берді.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майданда кеңес әскерлері қатарында мыңдаған қазақстандық жауынгерлер фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты.

Ұлы Отан соғысы тарихында Ленинградтың ерлік эпопеясының орны ерекше. Ленинградты қорғауға және блокаданы бұзуға Қазақстанда жасақталған 310-шы атқыштар дивизиясы, кейін 314-ші дивизия қатысты. Ленинград үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры С.Баймағамбетов жау дзотының аузын кеудесімен басып, ерлік жасады. Халық ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өрендерім» атты жалынды өлеңін шығарды, бұл өлең үлкен плакаттарға басылып, қаланың көшелеріне ілінді.

Гитлершіл басқыншыларға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін 500 қазақстандық-жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Осындай жоғары атақ Днепр үшін шайқаста ең жас қазақ жауынгері 18 жасар Ж.Елеуісовке, қазақтың даңқты қыздары М.Мәметова мен Ә.Молдағұловаға берілді. Ұшқыш-штурмандар Т.Бегилдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов, сондай-ақ ұшқыш-истребитель С.Д.Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал Рейхстагта Р.Қошқарбаев жеңіс туын тікті. Соғыстан кейін Батыр жұлдызы көрнекті әскер басшысы Б.Момышұлына берілді. 1941-1945 жылдары майдан шебінде соғысқа қазақтың 100-ге жуық ақын-жазушылары қатысты. Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов сынды қаһарман партизандар жау тылында аянбай шайқасты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 97 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, 96638 қазақ жауынгерлері ордендермен және медальдармен марапатталды. Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті.

Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылыми институттар көшірілді. Олардың ішінде КСРО Ғылым академиясының Физиология, УКСР Ғылым академиясының Физика-механика, Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің институттары бар. Осы кезде Қазақстанда И.П.Бернадский, В.А.Обручев, И.И.Мещанинов, А.И.Бах, А.С.Берг, А.Е.Фаворский, Б.Д.Греков тәрізді академиктер жұмыс істеді.

Қазақстанға Мәскеуден, Ленинградтан, Киевтен және еліміздің тағы басқа қалаларынан 100 жазушы мен 23 көркемөнер ұжымдары эвакуацияланды. Оның құрамында Ю.А.Завадский, К.А.Мордвинов, Г.С.Уланова, В.П.Марецкая, Г.Рошаль және тағы басқа көрнекті сазгерлер, әртістер, кино қайраткерлері, суретшілер, музыканттар болды. Қазақ және орыс өнер қайраткерлерінің шығармашылық қарым-қатынастары қазақ халқының кәсіби көркем шығармашылығын дамыту процесін тездете түсті.

Сондай-ақ 1943-1945 жылдар аралығында республиканың 4 облысы мен 145 ауданына 507 мың қарашайлықтар, балкарлар, шешендер, ингуштар, қалмақтар, 110 мың месхеттік түріктер мен күрдтер, 180 мың Қырым татарлары жер аударылды. Әкімшіл-әміршіл жүйе бұл халықтарды азаматтық құқықтарынан айырып, жойып жібере жаздады. Бұл фактілер Кеңестер мемлекетінде сөз жүзінде халықтар достығы, теңдігі туралы көп айтылғанымен, іс жүзінде ұлттық саясаттың бұрмалағандығын көрсетеді.

1945 жылы 9 мамырда Кеңес қызыл армиясы Германияның астанасы Берлинге жеңіс туын тікті. Олардың ішінде Рейхстаг үстіне бірінші шыққан Рахымжан Қошқарбаев болды. Ұлы Отан соғысы 1945 жылы аяқталып, Германия өзінің жеңілгендігін мойындағанмен Екінші дүниежүзілік соғыс әлі толық аяқталған жоқ еді. Германияның одақтасы Жапонияға қарсы соғыс 1945 жылдың қыркүйегіне дейін созылып, Екінші дүниежүзілік соғыс, 2 қыркүйекте Жапонияның тізе бүгуімен аяқталды.

Ұлы Отан соғысы халықтардың достығын ұштады. Жеңіс КСРО-ның болашағына төнген отарлық қауіптен құтқарды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамындағы халықтар үшін басына түскен сын кезең болды. Осы сыннан халқымыз мүдірмей өтіп, әлем алдында беделі асқақтап, биік шыңдардан көріне білді.

§ 67.Соғыстан кейінгі Қазақстанның

әлеуметтік және экономикалық дамуы


Ұлы Отан соғысы аяқталған соң еліміздегі жағдай ауыр болды. Екінші дүниежүзілік соғыс КСРО шаруашылығына өте көп зиян әкелді. Соғыс жылдары 1710 қала, 70000 деревнялар мен ауыл қирады, 32000 өнеркәсіп, 100000 ауыл шаруашылық кәсіпорны бүлінді және 2 млн адам қираған үйде тұруға мәжбүр болды. Сондай-ақ, соғыстан кейін 25 млн адам баспанасыз қалды. Соғыста құрбан болған адамдардың саны миллиондап саналды, соңғы мәліметтер бойынша, соғыс кезінде 30 миллионнан астам адам қаза тапқан.

Көптеген фабрикалар, зауыттар, шахталар, электр станциялары, мектептер, ауруханалар қирады. Ленинград, Сталинград, Брянскі, Курскі, Орлов облысы, Мәскеу түбі мен Солтүстік Кавказды және тағы басқа елдің көптеген аудандарын қалпына келтіру барысында қазақстандықтар көп үлес қосты. Сонымен қатар, Қазақстан соғыстан зардап шеккен өңірлерге материалдық көмек көрсетті. Мысалы, 1945 жылы Украинаға 500-ге жуық трактор, ауыл шаруашылық техникасын, Ресей мен Белоруське, Украинаға 350 мың қой, 22 мың жылқы, 17500 сиырды тегін жіберді.

1946 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында «1946-1950 жылдарға арналған халық шаруашылығын қалпына келтірудің бесжылдық жоспары туралы Заң» қабылдады. 1946 жылы қабылданған «1946-1950 жылдарды» қамтитын халық шаруашылығын қалпына келтіру бесжылдығына сәйкес шаруашылықты дамытуға бюджеттен көптеген қаржы бөлінді.

Үкіметтің қолдауымен және жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорындар біртіндеп аяғынан тұра бастады. Теміртау металлургия зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сияқты алыптардың қуаты артты. Екібастұз көмір кендері мен Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерінде жаңа құрылыстар салынды.

Ауыр өнеркәсіппен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің қуаты артты. Байланыс, коммуникация жүйелері де дамыды. 1949 жылы Алматы қаласы автоматтық станция арқылы республиканың 56 қаласымен байланыстырылды. Теміржол желілерін салуға мол күрделі қаржы бөлінді. Республиканың Солтүстігінен Оңтүстігіне қарай Петропавл-Көкшетау-Ақмола-Қарағанды-Мойынты-Шу Қазақстан көлік магистралы салынды. Ол Қазақстанның Солтүстік облыстарын Новосібір арқылы республиканың Оңтүстік облыстары мен Орта Азияны жалғастыратын жолды қысқартты. Алматыда басқарылатын темір жол құрылысы салынды.

1950 жылы елімізде халық шаруашылығында еңбек ететін адамдардың саны 1 млн 403 мыңға жетті. Соғыстан әлсіреп шыққан еліміздің ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жолында көптеген кедергілер кездесті. Мысалы, ауыл шаруашылық техникасының жетіспеуі, жұмыс күшінің аздығы, әміршіл-әкімшіл жүйенің ықпалы тағы басқа. Партияның 1946 жылғы қаулысына сәйкес совхоздар мен колхоздардың бұрынғы зардаптарын жою басталды. Ауыл шаруашылығын жаңа техникамен қамтамасыз ету үшін мемлекет арнайы қаражат бөлді. Үкімет өзін қамтамасыз ете алмайтын ұсақ колхоздарды біріктіре бастады. 1952 жылы республикада 2047 колхоз жұмыс істеді. Республика ауыл шаруашылығы біршама жақсы дамыды. Дегенмен барлық халықты бірдей азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, өнеркәсіптің шикізатқа деген сұранысын қанағаттандыра алмады. ауыл шаруашылығы жоспарлы түрде жоғарыдан басқарылды.

Соғыстан кейін 1946-1950 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы үшін аса бір ауыр кез болды. 1947 жылы елімізде бұрыннан қолданылып келген, халықты азық-түлікпен мөлшерлі қамтамасыз ететін карточкалық жүйе жойылды. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда біраз шаралар қолданылды. Бірақ бұл мәселе орнымен шешілмеді. Жұмысшылардың жалақысы көп ретте азық-түлікті сатып алуға жетпеді. Сол кездегі орташа жалақының көлемі 64 сом болды. Әсіресе, ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекет өте арзан бағамен сатып алды. 1946 жылы Кеңестер Одағының біраз өңірін аштық жайлады. Бұл туралы, әрине, ешқандай мәліметтерде айтылмады.

Соғыстан кейін қираған экономиканы, халық шаруашылығын қалпына келтіру басты міндет болды. Бұл бағытта ең алдымен жұмыс күшінің жетіспеуі кедергі жасады. Себебі КСРО соғыста 27 млн адамнан айырылды. Қазақстан экономикасын бейбіт жағдайға бейімдеу көп қиыншылықтар тудырды. Соғыс жылдары Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар азат етілген аудандарға қайта көшірілді. Сонымен бірге білікті мамандар да қайтты.

Соғыстан кейін де әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамда үстем болды. КСРО-да, соның ішінде Қазақстанда Сталиннің жеке басына табыну күшейді. Жеке адам құқығы барған сайын аяққа тапталды. Қарапайым адамдар басқарудан шеттетілді. Коммунистік партияның билігі шексіз болды.

§ 68.1950-1960 жылдардағы Қазақстанның экономикалық жағдайы


Соғыстан кейін қалпына келтірілген өнеркәсіп орындары 50 жылдардан кейін жаңа өзгерістерді қажет етті. Осы кезден бастап өнеркәсіпті басқарудың басқа жүйесін енгізу, ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізу жөнінде көптеген шаралар нәтижесінде Қазақстан экономикасының өсу дәрежесі де кеңейді. 1954-1958 жылдар аралығында Қазақстанда 730 өнеркәсіп орны салынды.

Жаңадан салынған өнеркәсіптер: Ақтөбе хром зауыты, Шымкент гидролиз зауыты, Семей цемент зауыты, Жезқазған кен байыту фабрикасы тағы басқа.1958 жылы жалпы өнім өндіруден Қазақстан КСРО-да 3-орынға шықты. Өнеркәсіптердің көптеп салынуы көлік, байланыс жүйелерінің өркендеуін талап етті. 1956-1958 жылдар аралығында елімізде көлік және коммуникация жүйелерін дамытуға 146,4 млн сом жұмсалды. Республикада теміржол құрылысына ерекше көңіл бөлінді.

1960 жылы Қазақ КСР теміржолының ұзындығы 11,42 километр болды. 1958 жылы Қазақ КСР-де Қазақ теміржол басқармасы құрылып, республикадағы барлық теміржол осы басқармаға бағындырылды. 1951-1955 жылдар аралығында одақта салынған теміржолдың 30%-ы Қазақстан аумағында салынды.

1960 жылға қарай Одақта өндірілген темір кенінің 5,4%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Қазақстан «магниткасы» аталған Қарағанды металлургия зауыты Қазақстан мен Орта Азияны, Сібір мен Оралды темір өнімдерімен қамтамасыз етті. Республикада электр энергиясы өндірісі де біршама дамыды. 1960 жылы Қазақстанда 10,5 млн кВт/сағат энергия өндірілді. Дегенмен индустрияның дамуы болмаса, сапа жағы өзгеріссіз қалды.

Соғыстан кейін де біршама шаралар қолданылғанымен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру саласы артта қалды. Өнеркәсіпті дамытуға мемлекет көп көңіл бөлгендіктен, ауыл шаруашылығы артқы орында қалып қойды. 1953 жылы КОКП пленумында ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде шаралар белгіленді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көп көңіл бөліне бастады. Колхоздарға біраз дербестік берілді, бірақ қалыптасқан басқару жүйесі ауыл шаруашылығының дамуын экстенсивті жолмен жүргізе берді. Индустрияның дамуы, тың игеру ісі республика халқының таптық және ұлттық құрамына үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан КСРО-дағы ең көп ұлтты республикаға айналды. Қазақстанда қазақтар, орыстар, өзбектер тағы басқа ұлттар өкілдері қатар өмір сүрді. Индустрияның кемел дамуы жаңа жұмысшы мамандарды қажет етті. Осыған байланысты жаңа мамандарды даярлау ісі жедел жүргізілді.

Қазақстанның ірі қалаларындағы кәсіпорын жұмысшыларының қатары республикадан тыс жерлерден келушілер есебінен көбейді. Урбанизация күшейді. 1959 жылы Қазақстанда қала халқының үлес салмағы 44%-ға жетті. Жаңа қалалардың саны 15 болды. 1954-1962 жылдар аралығында Қазақстанға Ресей, Украина сияқты республикалардан 2 млн адам қоныс аударды. 1954-1955 жылдары еліміздің индустриялық саласында жұмыс істеу үшін 500 мың адам келді. Осындай жағдайлардың барлығы Қазақстанда республиканың байырғы халқы қазақ ұлтының үлес салмағының төмендеуіне әкелді. 1959 жылы Қазақ КСР-дегі қазақтардың үлесі 29% болды. Коммунистік партияның солақай саясаты кесірінен қазақ халқының ұлттық мүддесі күн өткен сайын аяққа таптала берді.

§ 69.Тың және тыңайған жерлерді игеру


Соғыстан кейін ел әбден әлсіреп шыққан еді. Сондықтан 1946-1950 жылдардағы бесжылдықтың жоспары соғыстан құлдыраған халық шаруашылығын қалпына келтіруді көздеді. Алайда елдегі азық-түлік қиыншылығын шешу өзекті мәселе еді. Осыны шешу үшін Кеңес үкіметі басшылары 1954 жылғы ақпан-наурыз пленумында «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жоспарын бекітті. Яғни бос жатқан Еуразияның кең-байтақ жерлерін жыртып, оны егіс алқабына айналдыру, елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту керек деп шешті. Шын мәнінде бос жатқан жер жоқ еді. Қазақстанның далалық алқаптарының бәрі мал жайылымы болатын. Бірақ Кеңес үкіметі ол жерлерге басқа халықтардың өкілдерін көбірек әкелудің жолдарын қарастырды. Олар КСРО халықтарын бір-бірімен араластырып, орыстандырып жіберу саясатын ұстанды.

Қазақстанда тың және тыңайған жерлердің игеруі 1954 жылы басталды. Осы жылы наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Астық өндіруді арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Тың игеру, астық өсіретін егістік көлемін арттыру, негізінен, Оңтүстік Сібір, Қазақстан, Орал, Еділ бойы, Солтүстік Кавказ сияқты аймақтарда жүргізілді.

Тың және тыңайған жерлерді игеру Қазақстанның алты облысында жүргізілді. Бұлар Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар, Ақмола облыстары. Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалдық елге айналды. Қазақстан жерінде көптеген тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер салынды. Он мыңдаған шақырым жолдар төселді.

1954 жылы Кеңес Одағында 13,4 млн гектар жаңа жер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн гектар жер жыртылды. Жалпы тың игеру жылдары (1954-1965) Қазақстанда 25 млн гектар жерге егін егілді. КСРО бойынша 42 млн гектар жер жыртылған екен. Тың жерлерді игеру ісі ерекше қарқынмен, асығыс түрде жүргізілді.

Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшылар келді. Алғашқы екі-үш жылда Қазақстанға тың игеру деген желеумен Украинадан, Белоруссиядан, Ресейден, Молдавиядан 650 мың жұмысшы көшіп келді. Ал шындығында 130 мың адам ғана керек еді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдіктер жасалды.

Тың игеруге келген әр адамға 150-1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік тағы басқа көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауыл шаруашылық салығынан босатылды. Алайда тың игерушілер қатарында жеңіл пайда табуға келгендер де бар еді. 1954-1959 жылдар аралығында Қазақ КСР-де тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында 20 млрд-қа жуық сом қаражат жұмысалды. Нәтижесінде ел астықты алқапқа айналды.

Көптеген жылдар бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады.

1954-1955 жылдарда Қазақстанға келген 650 мың тың игерушінің 150 мыңы ғана механизатор болды. Нәтижесінде көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар етек алды. Тың игеруге байланысты совхоздарға көбінесе тозған, бүлінген тракторлар мен комбайндар, ауыл шаруашылық техникасы жіберілді. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Оның бетіндегі топырақтың «гумус» деп аталатын құнарлы бөлігі желге ұшып, жер жер эрозияға ұшырады. Мал шаруашылығының дамуы артта қалды. Миллиондаған гектар жерлер жыртылғандықтан, малдың жайылымы, жемшөп дайындайтын жерлер азайды. Мал шаруашылығының шығынға ұшырауынан ет сүт өнімдерінің көлемі де азайды. Экологиялық жағдай күрт нашарлады.

Жалпы алғанда 1954 жылы Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуы республикадағы қоғамдық өмірге үлкен әсерін тигізді. Тың жерлерді игеру науқаны барысында кадрлар өрескел түрде алмастырылды. Он жылдың ішінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы алты рет өзгертілді. Бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтың орнына КСРО мәдениет министрі П.Понаморенко тағайындалды. Ал Үкімет басындағы Н.Оңдасынов орнына Д.Қонаев келді. 1955-1957 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Л.И.Брежнев П.Понаморенконың орнына көтерілді. Кейінгі басшылар: Н.И.Беляев (1957-1960), Д.А.Қонаев (1960-1962), И.Юсупов (1962-1964) болды. Бұл науқан барысында тағайындалған басшылардың көбі қазақ тарихын, ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нәтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптар алып келді. Тың игеру жылдары қазақ халқының рухани өміріне орны толмас зиян келтірілді.

Қазақстанға тың игеру жылдары 2 млн-нан астам басқа ұлт өкілдері келіп қоныстанды. Бұл тұрғындар арасындағы қазақтардың үлес салмағын 30%-ға дейін төмендетті. Көптеген аймақтарға орыс атаулары беріліп, олардың қазақша атаулары ұмыт бола бастады. Қазақ тіліндегі мектептер саны қысқарып, олардың орнына орыс тілді мектептер саны көбейді. Ұлттық тілдің таралу аймағы шектелді. Қазақ тілінде шығатын әдебиеттер мен мерзімдік баспасөз басылымы кеміді.

Қалай десекте тың игеру кезеңі қазақтың талай-талай қайсар, еңбекқор адамдарын тәрбиелеп шығарды. Соның бірі Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева 1945 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. Алғашқы тың игеруші механизатор, Социалистік Еңбек Ері. Ол алғашқылардың бірі болып 1972 жылы облыстық, ал 1973 жылы бүкілодақтық механизаторлар арасындағы жарыста жүлделі орын иеленді. Қазақ қыздарының арасында ауыл шаруашылық техникаларын меңгерудің алғашқы көшбасшысы болды.

§ 70.Қазақстанда ұлттық-демографиялық құрамының өзгеруі


1930-1950 жылдары халықтың ұлттық-этникалық құрамында ауқымды өзгерістер жүріп жатты. Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің саны 30-жылдардан бастап жылдам өсе бастады. Осыған қарап 30-жылдарды геноцид және тың игеру қазақ халқын тарих сахнасынан біржолата құрту үшін жасалды деп жорамалдауға болады. 1938 жылы республика халқының саны өзгерді. Республиканың жалпы тұрғындарының саны 1939 жылы 6094 мың адам, оның ішінде республиканың ірі этностары: қазақтар - 2311 мың, орыстар - 2449 мың, украиндықтар - 657 мың, немістер - 93 мың, ұйғырлар - 35 мың, татарлар - 107 мың, корейлер - 96 мың, әзірбайжандар - 12 мың, басқа ұлттар - 197 мың адам болды.

Маңызды демографиялық жағдай орыс тұрғындары үлесінің өсуі мен қазақтардың үлес салмағының кемуі еді. 30-жылдары Қазақстанға өзге ұлттарды қоныс аударту кеңінен жүргізілді. Өлке аумағына елдің орталық аймағынан халық көптеп келе бастады.Бұл кезеңнің қоныс аудару саясатын үш бағытқа бөлуге болады. Өндірістік, ауыл шаруашылық және күшпен, жазалау тәртібімен қоныс аударту. 1928-1932 жылдары РКСФР-дің басқа республикаларынан елімізге 100 мыңға жуық шаруашылық көшіп келді. Ашық және ресми түрде жүргізілген жоспарлық қоныс аударудан басқа 30-40 жылдары әлеуметтік, кейін ұлттық белгі бойынша күштеп қоныс аудару ісі кеңінен жүргізілді.

Ұжымдастыру науқаны басталысымен арнайы қоныс аудару бұқаралық сипат алды. 1930 жылы көктемде Қазақстанға 0,5 млн «арнайы қоныс аударушылар келді». Ал 1937 жылы Қазақстанға жапон барлау қызметімен байланысы бар деп айыпталған 95 мың 903 адамнан тұратын корей диаспорасы Қиыр Шығыстан көшіріліп қоныстандырылды. 1939-1941 жылы Батыс Белоруссия мен Батыс Украинадан, Балтық жағалауындағы Кеңестік республикалардан поляктарды қоныс аудару (депортация) жүзеге асырылды. Санақ бойынша депортация алдында 1939 жылы Қазақстанда 54,7 мың поляк, 3,6 мың латыш, 808 литвалықтар және тағы басқалар тұрған.

1941 жылы 28 тамызда фашистермен байланысы бар деген айыппен 349 мың 713 неміс, 1944 жылы ақпанында ингуштер мен чешендер, наурызда башқұрлар, қарашада түрік месхетиндер Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. 1946 жылы қазанда елімізде 890698 арнайы қоныс аударушылар болды. Күштеп қоныстандыру күндерінде бұл адамдардың біразы аштық пен ауру салдарынан қаза тапты. Аман қалғандары еңбек армияларында жұмыс істеді. Олардың жаңа қоныстарын тастап кетуіне тыйым салынды. Бұл жағдайды бұған адам 20 жылға дейін каторгалық жұмысқа жегілді.

Жалпы алғанда Қазақстанда 30-50 жылдары қоныстанушылар саны, ГУЛАГ тұтқындарын санамағанда, орта есеппен 1560 мың адамға жетті. 1939-1959 жылдар аралығында халықтың өсуі 310234 адамды құрады. 1959 жылдары республика халқы 9,3 млн адам болды.

Қазақтар саны өз жерінде азайып 30%-ды ғана құрады, орыстар - 42,7%, украиндар - 8,2%, немістер - 7,1%, татарлар - 2,1%, өзбектер - 1,5%, белорусьтар - 1,2%, ұйғырлар - 0,6%, корейлер - 0,8% және тағы басқа ұлт өкілдері - 5,9% болды.

Бұл кезеңде қазақ халқының тағыдырына зор қауіп төнді. Тоталитарлық режим Қазақстанды қоныс аударушылар лагерне, ГУЛАГ, концлагерьлер еліне айналдырып жіберді. Қазақ халқы сталиндік саясат құрбандарын құшақ жая қарсы алды. Олармен азық-түлігімен бөлісті, қайғысына ортақтасты, өздері аш-жалаңаш отырғанына қарамай, бала-шағасының аузынан жырып оларға көмек көрсетті. 1954 жылы Қазақстан жазушыларының съезінде М.Шолохов былай деді: «Соғыс уақытында менің отбасыма пана болып, қамқорлық жасаған қайырымды және ұлы қазақ халқына алғысымды білдіремін» деген.


§ 71.Тоқырау жылдарындағы Қазақстан


ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасында 70-жылдарының басында басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары бұрмаланып және көп ұзамай реформаны жүргізу тоқтатылып, тарихымыздағы тоқырау кезеңі басталған болатын. «Тоқырау жылдары» деп аталып жүрген кезең 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1980 жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде социалистік бағдардағы мемлекеттер арасындағы жетекші рөл атқарып келген Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда әлсіреп кетті.

Жыл өткен сайын КОКП-ның халықаралық аренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор кейпінде көріне бастады. Өйткені 50-60 жылдардың ортасында басталған реформалар тоқтатылды. Қоғамдық өндірістің тиімділігін көтеру мүмкін болмады, сонымен қоса кеңестік тарихтағы осы жылдар игілікті, әсіресе халықтың тұрмыс деңгейіне байланысты жақтары жағымды болғандығы құпия емес.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өндірісі өсімінің орташа көрсеткіші өсті. 1966-1970 жылдары халық шаруашылығы кешені жоспарлы экономиканы енгізген кезден бастап өз өсуінің шарықтау шегіне жетті. Республика КСРО-ның аса ірі өнеркәсіптік аймақтарының біріне айналды. Ал 1970-1985 жылдары республиканың индустриялдық қуаты белгілі бір мөлшерде өсті. Мыңға жуық жаңа кәсіпорындар мен цехтар іске қосылды.Соның ішінде қазақ газ өңдеу зауыты, Шевченко пластмасса зауыты, Қарағанды резинотехникалық бұйымдар зауыты, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары, Шымкент және Жамбыл фосфор зауыттары, Екібастұз және Ермак ГРЭС-і, Қапшағай ГЭС-і және тағы басқаларды атап өтуге болады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша Қазақстан КСРО-да 3-орын алды (РКФСР мен Украинадан кейін).

Ал аграрлық секторда ауыр жағдай қалыптасты. Ауыл шаруашылығына капитал салу, оның энергетикалық қуатының өсуіне қарамастан жалпы өнімнің көлемі өспек түгілі, қайта керісінше тұрақты түрде азая түсті.

Қазақстан өзінің аумағында дүниежүзілік қара топырақ қорынан 23-орында, ауыл шаруашылық алқаптары көлемі бойынша 1-орында бола тұра, ірі қара мал, қой, шошқа және құс өсіру жағынан көш басында, Ұлыбританияға қарағанда 10 есе және Данияға қарағанда 40 есе көп тауар айналымына ие бола тұра КСРО-ның азық-түлік базасы болып қала берді. Бір сөзбен айтқанда, саны бар, сапасы жоқ экономикалық жүйе қалыптастырды.

ХХ ғасырдың 70-жылдары шаруашылықты жүргізудің, жоспарлаудың және ынталандырудың механизмдерін жақсартуға қаншама тырысушылық болса да, қажетті тиімділікке қол жетпеді. 70-80 жылдардағы дағдарыстық құбылыстардың өршуіне бәрінен бұрын әкімшілік-әміршілдік жүйе кінәлі. Басқарудың экономикалық емес командалық әдістері еңбекшілерді өндірістен жатсындырды, шаруаны қырсыздыққа, өз бетінше жұмыс істей алмаушылыққа жеткізді. Осы жылдардағы қоғамның дамуы КОКП-ның өзінің мәні жағынан экстенсивті және халыққа қарсы экономикасы әбден құлдырап, жүйенің түбегейлі қиратылуын талап етті.


§ 72.Қайта құру жылдарындағы Қазақстан (1985-1991 жж.)


80-ші жылдардың ортасында Кеңес Одағы экономикалық, әлеуметтік және саяси терең дағдарыстарға тап болды. Қоғамды барлық жағынан оның экономикалық және рухани негізін, әлеуметтік өмірін, саяси құрылымын жаңарту қажеттілігі туындады. Сонымен қатар Кеңестер Одағының құрамындағы ұлттық республикаларда Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы наразылықта өрши түсті. Бұл әсіресе Балтық жағалауында орналасқан Эстония, Латвия және Литва елдерінде анық байқала бастады. Орталықтың жүргізіп отырған «интернационализм» саясатының шын мәнінде ұсақ ұлттарды, олардың тілі мен мәдениетін құртуға бағытталғаны сынға алынды. Кеңес өкіметі қанша жерден демогогиялық ұрандарды жамылсада, орталықтың тек орыс ұлтының қамын ойлайтыны белгілі болды.

1985 жылы наурызда К.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М.С.Горбачев сайланды. Орталық Комитеттің 1985 жылы сәуірдегі Пленумында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мәселесіне сәйкесэконмикалық құрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды. Бұл кезең жеті жылға созылды, ол тарихта «қайта құру» кезеңі деп аталды. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның ХХVІІ съезінде мақұлданды. Сонымен партия елді жаңару бағытына бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзірбайжанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен-күнге қиындай берді. «Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік және тағы басқа көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшінбұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Коммунистік партия ұлтсыздандыру, аз халықтарды мәңгүртке айналдыру, одан кейін орыстандыру саясатын ашық жүргізген еді.

Ал қазақ елі болса тоталитарлық қоғамдағы өзгерістерге үлкен үмітпен қарады. Отаршылық бұғаудан босайтынына сенді. Алайда 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғалары қоғамдық өмірдің барлық жақтарын демократияландыру идеясы сол күйінше қиял болып қалғандығын көрсетті. М.С.Горбачев бастап КОКП ОК жария қылған «қайта құрудың» шеткері өлкелерге, аз ұлттарға арналмағаны белгілі болды.

1986 жылдан бастап Мәскеуде республика басшылығының атына, Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың жеке басына қарсы сындар айтыла бастады. Бәрі де билік басындағылардың ауыстырылуының қажеттілігін түсінді, алайда бұл демократиялық жолмен іске асады деп күтілді.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясының ОК Пленумында Д.А.Қонаев қызметінен босатылды. Қазақстанға жаңа басшылыққа, сол кезде Грузия Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы болып істеген Г.В.Колбин тағайындалды. Сонымен, тоталитарлық режимнің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен Қазақстанды кім басқару керектігі туралы мәселе шешілді. Бірақ ол республиканың ұлттық мүддесімен санаспағандықтан бұл шешім батыл қарсылыққа тап болды.

1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматыда жастар бұл қабылданған шешімге қарсы екендігін білдіріп, бейбіт шеруге шықты. екі күнге созылған бұл оқиға тарихқа «1986 жылғы алматыда болған Желтоқсан оқиғасы» деген атпен енді. Студент және жұмысшы қазақ жастары әрбір ұлтты өз көсемі, өз басшысы басқару керек екендігін айтып, пленумның шешімін өзгертуді талап етті. 17-18 желтоқсандағы қайғылы оқиғалардың барысында бірнеше адам қаза тауып, көптеген адамдар жарақат алды. Бейбіт шеруді қуып тарату жөніндегі хабар бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді, Республиканың көптеген қалаларында жастардың осындай бас көтеруі болды, олар да қатал басып жаншылды. 900-дей адам әкімшілік жазаға тартылып, тек Алматының өзінде 264 адам жоғары оқу орындарынан шығарылды. Оқиғаға қатысқан 319 адам жұмыстан қуылды. 52 адам партиядан және 758 адам комсомол қатарынан шығарылды. 1400-ге жуық адам комсомолдық және партиялық сөгіс алды. Ішкі істер органдарына 1200 адам, транспорттық және медициналық мекемелерден 300-ден астам адам қызметтен шығарылды. 12 жоғары оқу орындарының ректорлары орнынан босатылды. 8500 адам ұсталып, 99 адам сотталды, солардың ішінде Қ.Рысқұлбеков пен М.Әбдіқұлов ату жазасына кесілді.

Желтоқсандағы бас көтеруге тікелей себеп, бұрын республикаға беймәлім партия қызметкері Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы ғана емес еді. Қазақстанда ұлттық, саяси, әлеуметтік және экономикалық түйінді мәселелер қордаланып қалған болатын.

Қазіргі уақытта 1986 жылғы көтеріліске қатысқандардың көпшілігі ақталды. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің жаңғыруына әсер етті, қазақ халқының ұлттық ар-намыс туралы түсініктерін күрт өзгертті. 1987 жылдың соңында Мәскеуде М.С.Горбачевтың «қайта құру» саясатының екіжүзділігі, демократия заңдылықтарына қарсы жүргізіліп жатқан істері туралы Борис Елциннің пікірлері орын ала бастады. Осы кезеңде әсіресе КОКП-ның төрешілдік-тоталитарлық дәстүрлері сыналды, сонымен бірге құқықтық реформаларды жүргізу қажеттілігі айтылды. Ресейдің орталық өлкелерінде, Кеңес Одағының батысындағы республикаларда репрессия құрбандарын ақтау өріс алды. Осы үрдіс біртіндеп Қазақстанды да қамти бастады.

1987 жылы «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Заң қабылданды, соған сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар шаруашылық есепке көшті, өз шығынын өзі өтеп, өзін-өзі қаржыландыратын болды. Кейбір ірі кәсіпорындарға сыртқы нарыққа шығуға рұқсат етілді. Сол жылы «Жеке еңбек қызметі туралы» Заң қабылданды.

ХІХ Бүкілодақтық партия конференциясынан кейін (1988 жылдың жазы) саяси реформалар басталды. Реформа жаңа өкілетті және атқару биліктері жүйесін өмірге әкелді: халық депутаттарының съезі, КСРО президенті, КСРО Жоғарғы Кеңесі. 1990 жылы өткізілген КСРО халық депутаттарының үшінші съезінде КСРО-ның бірінші және ең соңғы президенті болып М.С.Горбачев сайланды. 1988-1991 жж. КСРО-ның сыртқы саясатында да түбегейлі өзгерістер орын алды.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейілінше шиеленісе түсті. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді «жаңарту» әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.




























































Х ТАРАУ. Тәуелсіз Қазақстан.


§ 73.КСРО-ның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы.


1922 жылы құрылған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы 1991 жылы өз өмір сүруін тоқтатты. Бұған бірнеше жылдар бойы қалыптасып, қордаланып қалған, шешуін күткен мәселелер себеп болды. КСРО құрамындағы одақтас республикалар, соның ішінде Қазақстан бірде-бір мәселені өз бетінше шеше алмады. Үнемі Мәскеуден берілген нұсқауды ғана орындап отырды және орындауға тиісті болды.

Қазақстан сияқты республикалардың ұлттық ерекшеліктері ескерілмей, құқықтары аяққа басылды. Қазақтар өз тілін, салт-дәстүрін, дінін ұмытып, мәңгүрттену қаупі төнді. Экономикалық жағынан да қазақ халқы өз байлығына өзі ие бола алмады. Қазақстанның мемлекеттік қорына тапқан табысының тек 1% ғана түсті. Уақыт өте келе әр республика өзінің тәуелсіздігін, КСРО құрамынан бөлініп шығатын талап-тілектерін ашық айта бастады.

Сөйтіп, 1991 жылы 8 желтоқсанда РСФСР, Украина, Белорусь басшылары Минск қаласында (Беловеж келісімі) кездесу өткізді. Кездесуде талқыланған негізгі мәселелер - 1922 жылғы КСРО құру туралы келісімшартты жою, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге келу. Бас қосуда осы мәселелер туралы құжаттарға қол қойылды. 1991 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшылары Ашгабадта бас қосты. Онда Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Минск шешімін қолдайтындықтарын білдірді. Ал 1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, РСФСР, Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан, Белорусь, Украина, Молдова, Түркіменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда бас қосты. 1991 жылы 21 желтоқсанда аталған 11 республиканың басшылары КСРО-ны ыдыратып, ТМД-ны құру туралы декларацияға қол қойды. Грузия бақылаушы есебінде қатысты. Ал КСРО Президенті М.С.Горбачев кездесуге шақырылған жоқ.

1991 жылы 25 желтоқсанда М.С.Горбачев КСРО Президенті қызметінен босатылды. Осы жылы 26 желтоқсанда КСРО-ның өмір сүруін тоқтатқандығы туралы Декларация жарияланды. Республика егемендігінің орнығуымен бірге Республика Президентін бүкілхалықтық сайлау қажеттігі туындады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында «Президент сайлау жөніндегі Заң» қабылданып, Президенттік қызметке Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылды. КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі - экономикалық дамуда арта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді. Сонымен қатар, соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар аралығында 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жеткен. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан зор зардаптарға ұшыратты.

Қазақстан экономикасының артта қалуы және ондағы кемшіліктер туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. 12-ші бесжылдықта (1986-1990 жж.) республика экономикасын қайта құру мүмкіндіктері іздестірілді. Жаңа идеяларды іске асырудың жолдары қарастырылды. Мұның өзі бесжылдықты ұлттық табыстың өсуінде, әлеуметтік ахуалды жақсартуда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде кейбір табыстарға қол жеткізді.

1990 жылдың орта шенінде өнімнің өсу қарқынының бұрынғы жылдармен салыстырғанда мықтап құлдырығаны байқалды. Дағдарыс экономиканың барлық салаларын қамтыды. Ол саяси-әлеуметтік жағдайға теріс әсерін тигізе бастады. Көмір алқаптарындағы кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дәрежесі мейілінше төмендеді. Осыған орай, олар өздерінің наразылығын ашық білдіре бастады.

Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркәсіп өндірісінің көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе, халық тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады.

1990 жылы «Экономиканы тұрақтандыру және нарықтық қатынастарға көшудің бағдарламасы» қабылданды. Бұл құжат мемлекеттік меншікті жекешелендіру нарыққа өтудің басты шарты ретінде қарастырылды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіруді екі кезеңде өткізу жоспарланды. «Шағын жекешелендіру» деп аталатын бірінші кезең (1991-1993) мемлекеттік тұрғын үйді купон механизмі арқылы жеке меншікке беруді және әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық объектілерді жекешелендіруді қамтыды. «Үлкен жекешелендіру» деп аталатын екінші кезең (1993-1995) қалған мемлекеттік меншікті азаматтардың жеке меншігіне беруді жүзеге асырды.


§ 74.Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін сайлау


Республика өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, халықтың бірауыздан қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

Ол қазіргі Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында 1940 жылы дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы «Казметаллургстрой» тресінде қарапайым жұмысшыдан бастап, кейін Президенттікке дейін көтерілді. Жас кезінен бастап Н.Ә.Назарбаев қайсар-қайтпас мінезімен, оқу мен еңбекке табандылығымен ерекшеленді. Еңбек жолын Теміртау қаласындағы «Қазақметаллургқұрылыс» тресінің жұмысшысы болып бастаған олкейін Қарағанды металлургия зауытында шойын құюшы, домна пешінің көрікшісі, диспетчер, газ айдаушы кәсіптерін меңгерді. Жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге жетіп, комбинат, қала өміріндегі қоғамдық саяси шараларға белсене араласты, металлург жастардың шынайы жетекшісіне айналды.

1969-1973 жылдар аралығында Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды.

1973-1977 жылдары Қарағанды металлургия комбинатының партком жетекшісі.

1977-1979 жылдары Қарағанды қалалық партия комитетінің 2-ші хатшысы.

1979-1984 жылдары Қазақстан КП ОК-нің хатшысы.

1984-1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы.

1989-1991 жылдары Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы, әрі Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.

1990 жылы ақпан-сәуір айлары аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.

1990 жылы 25 наурызда КСРО мемлекетінде президенттік басқару институтын қолдау мәселесі заңдастырылып. Осыған орай Қазақстанда 12-ші сайланған республика Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.

Сол күні Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тарихында тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,78%) жеңіске жетті.

1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Республика сарайында ант берді.

1991 жылы 16 желтоқсанда республика жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданып, жаңа ұлттық, саяси-құқтық жүйені қалыптастыру үрдісі жандана түсті. Осы күні қабылданған Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі жөніндегі конституциялық заң тәуелсіздіктің басты құжаты болды. Бұл құжат бойынша Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде анықталды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.

1995 жылы 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Н.Ә.Назарбаевтың президенттік уәкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Қазақстан парламентінің шешімімен 1999 жылы 10 қаңтарда өткен сайлау барысында Н.Ә.Назарбаев 79,78 % дауыс алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды. 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен сайлаудың нәтижесінде 91% дауыспен қайтадан ҚР Президенттігіне сайланды. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының жетекшісі (1995) және Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы (1992). Сондай-ақ, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде халқының этникалық құрамы сан алуан елде ұларалық келісім мен әлеуметтік байсалдылық ахуалды орнықтырып, ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық экономикалық, саяси-мәдени ынтымақтастық аясын кеңейтуге жеке үлесін қосып келеді.

Н.Ә.Назарбаев - «Қазақстанның шымыр келбеті» (1984), «Ақиқаттың ақ жолы» (1991), «Ресурстарды сақтау және нарыққа өту стратегиясы» (1992), «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Нарық және әлеуметтік экономикалық даму» (1994), «Ғасырлар тоғысында», «Еуразиялық одақ: идеялар, практика, перспективалар. 1994-1997 ж.», «Тарих толқынында» (1999), «Сындарлы он жыл» (2003) атты танымдық-талдамалық кітаптар мен көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Ол Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму жолының стратегиялық бағыттарын негіздеп берді. Н.Ә.Назарбаев Орталық Азияда, ТМД елдерінде, сондай-ақ, әлемдегі ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан қайраткер ретінде дүние жүзіне танымал.


§ 75.Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері


Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде республиканың мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы қабылданды. Ту авторы суретші Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов. 1992 жылғы 6 маусымда Жоғарғы Кеңес сессиясының салтанатты мәжілісінде жаңа мемлекеттік рәміздерді ресми түрде таныстыру рәсімі өткізіліп елтаңба мен тудың нұсқасы қабылданды. Мемлекеттік рәміздер қазақ елінің тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін бейнелейді.

Рәміздердің қатарына елтаңба, ту, әнұран жатады. Барлық елдер өз рәміздерін қадірлейді. Рәміздер белгілі бір елдің басқа елмен қатынасында да маңызды рөл атқарады. Ту шетелде екі жағдайда: мемлекет басшысының сапары кезінде және олимпиада жеңімпаздары анықталғанда көтеріледі. Әр елдің рәміздерінің өзіндік тарихы бар. Жалпы, көптеген мемлекеттердің рәміз нышандарының тарихы тереңде жатыр. Елтаңбаларды зерттейтін ғылымды геральдика, туларды зерттейтін ғылымды виксикология деп атайды.

Елтаңба - әр мемлекеттің негізгі нышандарының бірі. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздерді, оның ішінде елтаңбаны қабылдау қажеттілігі туды. Мемлекеттік Елтаңбада көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала уықтар шаншылған. Олар күн сәулесіндей жарқырайды. Екі жағын аңыз ертегідегі пырақтардың қанаттары көмкеріп тұр. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы - отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты пырақтар – мәңгілік өмір, шексіз дамуды бейнелейді. Елтаңбаның маңдайшасындағы бесжұлдыз – мемлекеттің жарық жұлдызы, жұлдызымыз жарқырай берсін деген мағынаны білдіреді. Шаңырақ, жұлдыз, пырақтар алтын түсті.

Ту - негізгі рәміздердің бірі. Туды қазақтар жалау немесе байрақ деп те атайды. Ту - мемлекетті танытып тұратын басты белгі. Қазақстан Республикасы туы 1992 жылы маусым айында бекітілді. Тудың авторы - Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – көгілдір түс. Көгілдір түс – бейбітшіліктің, тыныштықтың, жарқын болашақтың, ашық аспанның белгісі. Тудың ортасында сәулелерін шашып тұрған күн, күннің астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген. Күн – бейбітшіліктің, дала құсы – дарқандық, биікке самғау белгісі. Тудың сол жағында қазақ халқының ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін білдіреді. Күн, қыран құс, өрнек алтын түспен берілген. Алтын түс – молшылық, байлықтың белгісі.

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Гимні (әнұраны) 1992 жылдың желтоқсан айында қабылданды. Әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Әлімбаев, Ж.Дәрібаева, әнін М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди жазған. Ал 2006 жылдың қаңтар айында екінші жаңа әнұранын қабылдады. Әнұранның сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, Әнін жазған – композитор - Шәмші Қалдаяқов.


§ 76.Қазақстан Республикасының конституциясы


Әр мемлекеттің қалыпты өмір сүріп, тұрақты дамуы үшін өз заңдары болады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Президенттің төрағалығымен Ата Заңды дайындау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия 1,5 жыл бойы жұмыс істеді. Түскен ұсыныстар мен ескертулер ескеріліп, егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрды. Бұл құжат қоғамның көптеген өкілдері талқылауынан өтті. Пікірталастар көп болды, жобаға көптеген өзгертулер де енгізілді. Конституцияда адам құқығы мен бостандығы басты бағыт ретінде көрсетілген. Мемлекеттік тіл қазақ тілі, ал ұлтаралық қатынас тілі орыс тілі деп белгіленген.

1993 жылы 8 желтоқсанда Алматыда өткен Қазақстан РеспубликасыныңЖоғарғы Кеңесінің сессиясында Жоғарғы Кеңес өзін – өзі таратты. Жоғарғы Кеңес өкілеттігі уақытша республика Президентіне көшті.

1995 жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың президенттік мерзімі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.

1-бөлім. Жалпы ережелер.

2-бөлім. Адам және адамзат.

3-бөлім. Президент.

4-бөлім. Парламент.

5-бөлім. Үкімет.

6-бөлім. Конституциялық Кеңес.

7-бөлім. Сот және сот төрелігі.

8-бөлім.Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару.

9-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер.

Конституцияда Қазақстанда өмір сүретін халықтардың достығына, еліміздің әлеуетті де баянды өмір сүруіне мүмкіндік беретін барлық бостандықтар қамтылған. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетілген. Құқықтық демократиялық мемлекетте азаматтар құқықтары мен бостандықтары ең басты орында тұрады. Демократия - дегеніміз гректің «demokratia» деген сөзінен шыққан, қазақша «халық билігі» деген мағынаны білдіреді.

Қазақстанның Ата Заңында мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және оның құқықтары мен бостандықтары делінген. Адамның өмір сүру құқығы бала дүние есігін ашқаннан пайда болады. Оны бұзуға ешкімнің де құқығы, қақысы жоқ. Қазақстан Конституциясының 2-бөлімі адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналған. Ата заңды құрметтеу, жақсы білу және мүлтіксіз орындау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Оның қағидалары заңды түрде қорғалады. Қазіргі уақытта Қазақстанда екінші Конституция қолданыста. Қазақстан Республикасында 30 тамыз – ұлттық мереке – Конституция күні деп аталады.


§ 77.Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты мен халықаралық

байланысы


Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйенің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлді.

Қазақстанның тәуелсіздігін алдымен танып, әлем алдында мойындаған туыстас Түркия мемлекеті мен Румыния болды. Бүгінде Қазақстанды әлемнің 130 мемлекеті танып, 70-тен астам мемлекетпен елшілік дипломатиялық қатынас орнаған. Бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі. Әсіресе олардың ішінде әлемдегі ең белді ұйымдардың бірі - БҰҰ мүшелігін мақтанышпен айта аламыз. 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайту жолына түсті.Осы кезден бастап Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орны анықталды. Қазақстан Республикасы 1991 жылдың 21 желтоқсанында Тәуелсіз мемлектер Достастығына мүше болды. 1992 жылдың ортасында Қазақстанның тәуелсіздігін таныған әлемдегі мемлекеттердің саны 30-дан асты. Олардың ішінде АҚШ, Қытай, Түркия, Иран, Пәкістан, Канада, Швецария және тағы басқа мемлекеттер болды. 1992 жылы қаңтарда Қазақстан алғашқы сом алтынын шығарды. Сонымен қатар осы жылы Қазақстан Республикасының ішкі істер әскері құрылды. Бұл әскер Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қамтамасыз етуді басты міндет етіп қойды.

1992 жылы 2-ші наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 46-сессиясындағы пленарлық мәжілісте толық құқықты мүше ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданды. 1992 жылдан бастап Қазақстан бірқатар сыртқы елдермен дипломатиялық байланыстар жасады. 1992 жылы қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөз сөйлеп, өз ұсынысын білдірді. Қазақстан Президенті бейбітшілікті сақтау, оны қолдау және нығайту үшін мемлекеттер өздерінің әскери қаржыларын жыл сайын бір пайызға қысқартып, сол қаржыны дүние жүзілік бейбітшілік қолдау үшін БҰҰ қорын қалыптастыруға аударуды ұсынды.

1991 жылы желтоқсан айында Қазақстан, Ресей, Украина және Белорусь басшылығымен бірге ядролық қаруды қолданбауға, оны бір орталықтан бірлесіп басқаруға, оны қолдану туралы мәселені барлық президенттердің келісімі бойынша шешуге, бұл қаруды үшінші біреудің қолына бермеуге, 1992 жылдың 1 шілдесінен Ресейге тактикалық ядролық қаруларды әкетуге міндеттенді. 1995 жылы мамырда соңғы ядролық қару Қазақстан аумағынан әкетілді. Содан бері Қазақстан ядролық қарусыз ел болып табылады. Қазақстанның егемендік алғаннан кейін сыртқы саясатындағы маңызды міндеттердің бірі ТМД елдерімен қарым-қатынасты жақсы жолға қою еді.

1992 жылы 15 мамырда Ташкентте алты мемлекеттің - Арменияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресей Федерациясының, Тәжікстанның, Өзбекстанның өкілдері ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа қол қойды. Бұл шарттың негізгі ережелерінің бірі, егер кез келген қатысушы мемлекеттердің біріне агрессия жасалса, ол барлық қатысушы мемлекеттерге агрессия жасалған болып есептеледі. Олар бір-біріне қажетті жәрдем береді, оның ішінде әскери көмек те бар. Сондай-ақ, олардың қарамағындағы құралдармен ұжымдық қорғану құқығын жүзеге асыра отырып, қолдау көрсетеді. 1994 жылы 14-16 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Онда төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы демократиялық бірлестік туралы Хартия;

- Қорғаныс және әскери қатынастар саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандум;

- Қорғаныс конверсиясы жөніндегі бірлескен комитетті құру принциптері туралы Мәлімдеме;

- Қазақстан үкіметі мен АҚШ үкіметі арасындағы ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастық;

- Ядролық қауіпсіздік саласындағы техникалық ақпараттар алмасу және ынтымақтастық туралы Келісім және т.б.

1994 жылы 20-23 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлыбританияға ресми сапары болды. Сапар барысында мынандай құжаттарға қол қойылды. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы бірлескен декларация, білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім т.б. Қазақстан еуропаның басқа да елдерімен өзара тиімді қарым-қатынастар орнатты. Қазақстандық дипломатия азиялық бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 1994 жылы 29 наурызда Н.Назарбаев өзінің Ресей Федерациясына жасаған бірінші сапары шеңберінде Мәскеу мемлекеттік университетінің профессор-оқытушыларымен кездесуінде ТМД қатысушы-елдердің жаңа бірлестігі ретінде Еуразия одағын (ЕАО) құруды ұсынды. Сол жылы баспасөзде «Мемлекеттердің Еуропалық одағын құру туралы» жоба жарияланды. Қазақстан Орта Азия аймағы бойынша өзінің көршілері Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, ал экономикалық байланыс шеңберінде Түркіменстанмен, Тәжікстанмен тығыз байланыс орнатты. 1994 жылы 8 шілдеде Алматыда Орта азиялық одаққа қатысушы-мемлекеттердің Қазақстанның, Қырғызстан мен Өзбекстанның басшылары бас қосты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы әлемнің көптеген мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастар орнатты. «Филлип Моррис», «Шеврон» (АҚШ), «Ахсел», «Окан Холдинг» (Түркия), «Самсунг» (Корея) тағы басқа ірі шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істей бастады. 1992 жылы қыркүйек, қазан айларында Алматы қаласында әлемде алғаш рет қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы өтті. Бұл құрылтайға әлемнің 13 елінен келген қазақтар қатысты. Сондай-ақ осы жылы Алматыда Қазақстан халықтарының форумы өткізілді. Республиканың сыртқы мәдени байланысы айтарлықтай нығайды. Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаевтың мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде тойланды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ядролық қарудан еркін аймақ болуы туралы Лиссабон хаттамасына қол қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1997 жылы Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола атауы Астана деп өзгертілді.

Қазақстан сыртқы саясатында өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қорғай білді, бұл ең алдымен аумақтық тұтастығы мен егемендігіне, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті сыртқы саяси бағытты айқындайтын ҚР Конституциясына сәйкес ұзақ мерзімді сыртқы саясаттағы мақсаттарды жүзеге асыруға елдің жаңаруына, ішкі игі жағдайларды қолдауға күш салып келеді.


§ 78.Қазақстанның ұлттық валютасы


Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңгенің де өз шығу тарихы бар. Ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды, себебі бұл - өте көп еңбекті қажет ететін күрделі жұмыс. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жылы теңгенің үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. Олар барлық дүние жүзіндегі мемлекеттердің ақшаларымен және еліміздің аумағында табылған теңгелер тарихымен танысты. Алайда Қазақстанда ұлттық ақша жасайтын арнайы мамандар мен шеберханалардың жоқтығынан, бұл саланың қызметкерлерін шетелден іздеуге тура келді. Алғашқы ұлттық теңгелерді жаасауды ағылшынның «Харрисон» атты фирмасы қолға алды.

Теңге беттеріне қазақтың біртуар перзенттерінің суреттері салынып, сапалы қағаздан жасалды. Әрбір мемлекеттің мемлекеттік валютасының қолдан жасаудан қорғайтын көзге көріне бермейтін сапа белгілері болады. Ұлттық теңгемізде бұндай сапа белгі саны - 18.

1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент Жарлығы шықты. 1993 жылы қараша айының басында Ресей мен Қазақстан басшылары бірнеше рет жаңа сомдық аймақ құру жөнінде келісім жасады. Бірақ Ресей жағы негізсіз талаптар қоя бастады. Бұл жағдай Қазақстанның сомдық аймақтан шығуын тездетті. Бұл кезде Ресейде 1992 жылға дейінгі рубль банкноттар айналымнан шығарылған еді. Сондықтан Қазақстан басшылары ұлттық валютаны енгізуге қадам жасады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі ұлттық валюта банкноттарын дайындады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы «теңге» деп аталды.Ұлттық валютаға 1 теңгелікте - әл-Фараби, 3 теңгелікте - Сүйінбай, 5 теңгелікте - Құрманғазы, 10 теңгелікте - Шоқан, 20 теңгелікте - Абай, 50 теңгелікте - Әбілқайыр хан, 100 теңгелікте - Абылай хан бейнесі салынған. Қазіргі күні бұл қағаз ақша металл түрімен ауыстырылды. Әл-Фараби 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгеліктерде де бейнеленген.

1993 жылғы 15 қарашада Республика Президентінің жарлығымен ұлттық валюта-теңге теңгеміз айналымға енгізілді. Ұлттық теңгеміз металл және қағаз ақша түрінде шығарылды. Теңгенің айналымға енгізілуі - аса зор саяси-экономикалық маңызы бар тарихи оқиға.

§ 79.Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық

қозғалыстар


Қазақстандағы қайта құру, жаңару және демократияландыру процесі республиканың саяси өміріне айтарлықтай ықпал еткен көппартиялықтың қалыптасуымен қатар жүрді. Қазақстан Республикасының Конституциясы «конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, дін, тектік-топтық және рулық астамшылықты насихаттауға жол бермейтін» барлық партиялардың, қозғалыстардың ассоциациялардың тең құқықтығын қамтамасыз етеді. Партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың ісіне мемлекеттің араласуына жол берілмейді. Қазақстанда реформалар стратегиясының мемлекеттік негізі демократияландыру және саяси реформалардың бағдарламасы. Бұл бағдарлама қоғамдық процестерді одан әрі демократияландыру жүйесіне мемлекеттің тиімді әрі ықпалды әсер етуіне жағдай жасайды.

1996 жылғы шілдеден бастап елде «Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар туралы» заң күшіне енді. Соған сәйкес елде аумақтық принцип бойынша партиялық құрылымды ұйымдастыру бекітілген, мемлекеттік органдарда саяси партиялар құруға, сондай-ақ, әскерилендірілген саяси партиялардың құрылуы мен қызметіне тыйым салынады. Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңына сәйкес саяси партияның құрамында 50 000 аса мүше болуы керек. Саяси партиялардың қызметін реттейтін заң, тұтастай алғанда, жалпы демократиялық принциптерге орай елде көппартиялылық жүйені нығайтуды көздейді. Елдегі саяси партиялар туралы қысқаша мағлұматтар. Қазақстанда жалпы ресми түрде 10 саяси партия тіркелген. Атап айтар болсақ:

«Әділет» демократиялық партиясы

Партия төрағасы – Нарықбаев Мақсұт Сұлтановұлы. 2004 ж. 14 маусымда тіркелген. Құрамында 70 000 адам бар.

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы

2002 ж. 3 сәуірінде тіркелген. Құрамында 175 862 адам бар.

Қазақстанның «Азат» демократиялық партиясы

Қазақстандағы оппозициялық партия. 2005 ж. 29 сәуірінде құрылды.

«Ауыл» Қазақстандық социал-демократиялық партия

Партия төрағасы – Қалиев Ғани Әлімұлы. 2002 ж. 1 наурызында тіркеліп, 2003 жылы қайта тіркеуден өтті. Құрамында 61 043 адам бар.

Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы

Партия төрағасы – Косарев Владислав Борисович. 2004 ж. 21 маусымында тіркелді. Құрамында 90 000 адам бар.

Қазақстанның Коммунистік партиясы

1991 жылдың күзінде Қазақстан коммунистік партиясы құрылды. Өзін Қазақ ССР Коммунистік Партиясының ізін жалғастырушы партия деп есептейді. Партияның бірінші хатшысы – Әбділдин Серікболсын Әбділдинұлы. Құрамында 55 000 адам бар.

«Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы

Қазақстан президенті жанындағы ірі партия. 1999 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен «Отан» партиясы болып құрылған. Партия лидері – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 2009 жылдың 22 маусымына Парламент құрамына тек осы партия мүшелері кіреді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия

Қазақстандағы оппозициялық партия. Партия 2006 ж. 10 қыркүйегінде құрылды. Мемлекеттің барлық облысында бөлімшелері бар.

Қазақстан патриоттары партиясы

Партияның төрағасы құрылған күннен бастап – Қасымов Ғани Есенгелдіұлы. Партия 2000 ж. 4 тамызында тіркелді, 2003 ж. 6 қазанында қайта тіркеуден өтті.

«Руханият» партиясы

Партия төрағасы – Жағанова Алтыншаш Қайыржанқызы. 2003ж. 6 қазанында тіркелді. Партия құрамында 72 000 адам бар. Партия бөлімшелері облыс орталықтарында, Астана және Алматы қаласында орналасқан.

Қызметін тоқтатқан партиялар

Қазақстанның аграрлы партиясы

Қазақстанның азаматтық партиясы

«Қазақстанның халықтық конгрессі» партиясы

Қазақстанның Республикалық халықтық партиясы

«Асар» республикалық партиясы

Қазақстанның Республикалық партиясы

Қазақстанның Социалистік партиясы

Тіркелмеген партия

«Алға!» халықтық партиясы

ХХ ғасыр басындағы партиялар

Алаш партиясы

Үш жүз партиясы

Иттифак ал-муслимин

Жұмысшы Мұсылмандар Одағы


§ 80.Қазақстандағы діни бірлестіктер


Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет. Қазіргі уақытта Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүреді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан барлық діндерге еркіндік берген. Діни ағымдардың сандық және сапалық өсімі байқалды. Бүгін діни бірлестіктердің саны 3206-ға жетті, ал 1990 жылы олардың саны 670 болды.

Мұсылман бірлестіктерінің саны 46-дан 2441-ге дейін көбейді, оның басым көпшілігі суниттік бағыттағы бірлестіктер. Орыс православие шіркеуінің бірлестіктерінің саны 62-ден 293-ке дейін, римдік-католик шіркеуінің бірлестіктерінің саны 42-ден 86-ға дейін, протестанттық бірлестіктер 13-тен 540-қа жетті.

Қазақстандағы негізгі діни бағыттар суниттік ислам және христиандықтың православиелік бағыттары. 1990 жылы республикада Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасы құрылды.

Діни бірлестіктердің 3129 діни орындары бар. Олардың 2229 - мұсылман мешіттері, 258 – православие шіркеулері, 93 – католик шіркеулері, 6 – синагога, 500-ден аса – протестанттық шіркеулер мен ғибадатханалар.

Діни бірлестіктер 38 мерзімдік баспасөз басылымдарын шығарады.

Діни мейрамдар «Құрбан айт» және «Рождество Христово» Қазақстанда демалыс күндері деп жарияланған.

1992 жылы «Діни сенім мен діни бірлестіктердің бостандығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен Астанада 2003 және 2006 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті.

Қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі емес діни қауымдарға төмендегілер енеді: 5 буддистік қауым, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 бахаи, 2 трансценденталдық медитация қауымы, ұлы ақ бауырластықтың 2 қауымы, 6 саентология шіркеуі қауымы және т.б.


§ 81. «Қазақстан-2030» бағдарламасы


«Қазақстан-2030» Стратегиясы - ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы. 1997 жылғы қазанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» жолдауы жарияланды.

Жолдауда қаралған мәселелер:

- Экономикалық дағдарыстан шығу жолдары.

- Реформаларды аяқтау.

- Алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу.

- «Қазақстан барысын» қалыптастыру.

Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, республиканың дамуының ерекшеліктері айтылды. Бұл бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілген. Осы мақсатқа орай мынандай 7 ұзақ мерзімді негізгі бағыттар бөліп көрсетілді:

1. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау;

2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту;

3. Нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу;

4. Қазақстан азаматтарының денсаулығын, білімі мен әл-ауқатын көтеру;

5. Энергетика ресурстарын жете пайдалану;

6. Инфрақұрылым, көлік, байланысты дамыту;

7. Демократиялық кәсіпқой мемлекет құру.

Қазақстанның басты мұраты - ұлттық біртұтастық, әлеуметтік әділеттікке негізделген, әрі күллі халқының экономикалық әл-ауқаты артқан тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстанды сомдау.

Жолдаудағы өзекті сөздер - халықтың тұрмысын жақсарту, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазақстан осы стратегиялық міндеттерді орындай отырып, 2030 жылға қарай дамыған елдердің деңгейіне жетуге, дүние жүзінің ең дамыған жиырма елінің қатарына қосылуды көздейді.

2030 жылы Қазақстан жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың - Қытайдың, Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын ролін атқаратын болады. 2030 жылы Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады.





§ 82. «Қазақстан-2050» бағдарламасы


1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» бағдарламасы негізгі базалық өлшемдері бойынша мерзімнен бұрын орындалуына байланысты 2012 жылы 14 желтоқсанда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Республика халқына арналған жаңа жолдау жариялады. Ол «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталды. Елбасы Жолдауда осыған жету жолында іске асырылуы тиіс 7 саяси бағытты айқындап берді.

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты - пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизмге негізделген экономикалық саясат жүргізу.

2. Ұлттық экономикамыздың жетекші күші - кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау.

3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері - әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік.

4. Білім мен кәсіби машық - заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары.

5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту.

6. Ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік беретін дәйекті және болжамды сыртқы саясат жүргізу.

7. Жаңа Қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты - мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.














Пайдаланылған әдебиеттер


1. Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштері. Алматы; 1990.

2. Ақселеу Сейдімбек. Қазақ әлемі. Алматы;2000.

3. Ақышев К. Отырар келбеті. Алматы; 1979.

4. Аманжолов А. Түрік филологиясы және жазу тарихы. Алматы;1996.

5. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы; 1987.

6. Арғынбаев Х.Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы;1969.

7. Т.Тұрлығұл., Ә.Төлеубаев., Қ.Құнапина. Ежелгі Қазақстан тарихы. 6-сынып.

8. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы; 1992.

9. Байпақов К., Ерзакович Л. Қазақстанның ежелгі қалалары. Алматы; 1971 (орыс тілінде).

10. Байпақов К., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және орта ғасырлық Қазақстан. Алматы; 1992. (орыс тілінде).

11. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы; 1994.

12. Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы; 1995.

13. Дулати М.Х. Тарих-и-Рашиди. Алматы; 2003.

14. С.Жолдасбаев., Д.Бабаев. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы. 7-сынып.

15. Қазақстан тарихы. (көне заманнан бүгінге дейін). 5 томдық. 1-2 томдар. Алматы; 1996,1998.

16. Күлтегін. Көне түркі жазба ескерткіші. (көне түркі тілінен аударған М.Жолдасбеков). Алматы; 1986.

17. Қасиманов С. қазақ халқының қол өнері. Алматы; 1995.

18. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. Алматы; 1994.

19. Монғолдардың құпия шежіресі. Алматы; 1998.

20. Сөнбес жұлдыздар. Алматы; 1989.

21. Г.Қ.Кәдірқұлова. Қазақстан тарихы. Алматы; 2005.

22. Қазақстан тарихы. (оқушы анықтамасы) 5-11 сыныптар. Алматы; 2005.

23. С.Смағұлов. Қазақстан тарихы. (ұлттық бірыңғай тест тапсырушыларға арналған оқу-әдістемелік құрал). Алматы; 2004, 2005, 2006.

24. С.Жолдасбаев Ежелгі және Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы. Алматы; 1995.

25. Қазақтар-казахи. 1-2 том. Алматы; 1998.

26. Қазақтың көне тарихы. Алматы; 1993.

27. Абдрахманов Х. Қазақ халқының тарихы, тағдыры. Астана; 2002.

28. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. Алматы; 1995.

29. Маданов Қ. Қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері. Аламты; 1995.

30. Маргулан А.Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана. Алматы; 1979.

31. Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов. Алматы; 1995.

32. Акишев К.А. Искусство и мифология саков. Алматы; 1984.

33. Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана. Алматы; 1989.

34. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. Алматы; 1996.

35. Х.Маданов Қазақ халқының арғы-бергі тарихы. Алматы; 1995.

36. Қазақстан тарихы. (Очерктер). Алматы; 1995.

37. К.Ж.Беляев Д.И.Салқынбек. Ұлы дала және Қазақ хандығы. ҚазҰТУ хабаршысы 4, 1995.

38. Х.М.Маданов., Ч.Мусин. Ұлы дала тарихы. Алматы; 1994.

39. Қаратаев Т.Қ. Тарихтағы аттас тұлғалар. Ақтөбе; 2002.

40. Қазақстан тарихы (энциклопедиялық анықтамалық). Алматы; 2006.

41. Қ.С.Қаражан, Ж.Әбсеметова, Ф.А.Қозыбақова, Т.Мекебаев, С.С.Саржанова, С.Смағұлов, Ш.Б.Тілеубаев. Қазақстан тарихы. (Лекциялар курсы). Алматы; 2009.

42. Артықбаев Ж.О., Пірманов Ә.Б. Қазақстан тарихы. (Энциклопедиялық басылым). Алматы;2008.

43. Қазақстан тарихы. (ҰБТ-ға дайындық оқулық-тесті). Алматы; 2014.

44. Қазақстан тарихы бойынша нақты деректер. (Ежелгі заманнан қазірге дейін) Алматы; 2007.























МАЗМҰНЫ


Алғы сөз....................................................................................................................1


І тарау. Ежелгі Қазақстан

§ 1. Қазақстан тас дәуірінде....................................................................................2

§ 2. Қазақстан қола дәуірінде.................................................................................6


ІІ тарау. Қазақстан территориясындағы тайпалық одақтар

§ 3. Сақтар................................................................................................................8

§ 4. Үйсіндер..........................................................................................................10

§ 5. Қаңлылар.........................................................................................................11

§ 6. Ғұндар..............................................................................................................12

§ 7. Сарматтар........................................................................................................14


ІІІ тарау. Орта ғасырлардағы Қазақстан

§ 8. Түрік қағанаты (552-603 жж.)........................................................................15

§ 9. Батыс Түрік қағанаты (603-704 жж.)............................................................17

§ 10. Түргеш қағанаты (704-756 жж.)..................................................................18

§ 11. Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.)...................................................................19

§ 12. Оғыз мемлекеті (ІХ ғ.соңы мен ХІ ғ.басы)................................................20

§ 13. Қимақ қағанаты (ІХ ғ.соңы мен ХІ ғ.басы)...............................................22

§ 14. Қыпшақтар....................................................................................................23

§ 15. Қарахан мемлекеті.......................................................................................24

§ 16. Қарақытай мемлекеті...................................................................................25

§ 17. Найман мен Керей ұлыстары......................................................................27

§ 18. VІ-ХІІІ ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті...............................................28

§ 19. VІ-ХІIІ ғасырлардағы қалалар.....................................................................32

§ 20. Қазақстанның орта ғасырлардағы сәулет өнері.........................................34

§ 21. Ұлы Жібек Жолы..........................................................................................36


ІV тарау. Қазақстан монғол шапқыншылығы дәуірінде

§ 22. Монғол мемлекетінің құрылуы...................................................................37

§ 23. Алтын Орда мемлекеті................................................................................ 38

§ 24. Ақ Орда..........................................................................................................39

§ 25. Моғолстан......................................................................................................40

§ 26. Әбілхайыр хандығы (1428-1468 жж.).........................................................41

§ 27. Ноғай ордасы (ХІV-ХVІ ғғ.)........................................................................42


V тарау. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы

§ 28. Қазақ хандығының құрылуы.......................................................................43

§ 29. Қазақ халқының қалыптасуы.......................................................................47

§ 30. Қазақ билері..................................................................................................49

§ 31. Қазақ батырлары...........................................................................................50

§ 32. ХІІІ-ХVІІ ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті..........................................53

§ 33. Қазақ халқының салт-дәстүрі......................................................................54


VІ тарау. ХVІ-ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығы

§ 34. Қазақ-жоңғар қатынастары..........................................................................56

§ 35. Қазақ-орыс қатынастары..............................................................................58

§ 36. Қазақ-қытай қатынастары............................................................................59

§ 37. Қазақ халқының материалдық мәдениеті...................................................60

§ 38. Қазақ халқының рухани мәдениеті.............................................................61


VІІ тарау. Қазақстан Ресей империясы құрамында

§ 39. Қазақстанның Ресейге қосылуы..................................................................66

§ 40. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс........................................68

§ 41. Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы

бастаған халық-азаттық көтеріліс........................................................................69

§ 42. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс...............................70

§ 43. «Сібір қазақтарының жарғысы» 1822 жыл................................................71

§ 44. «Орынбор қазақтарының жарғысы» 1824 жыл.........................................72

§ 45. Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа......................................73

§ 46. Ресей империясының қоныстандыру саясаты...........................................75

§ 47. Жетісуға ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы.............................76

§ 48. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы..................................78

§ 49. Қазақтардың материалдық рухани мәдениеті...........................................79

§ 50. ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ ағартушылары.......................................80

§ 51. Қазақтың ән-күй өнері.................................................................................81


VІІІ тарау. ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан

§ 52. ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайы........................................................................................................85

§ 53. Бірінші орыс революциясы жылдарындағы Қазақстан

(1905-1907 жж.).....................................................................................................86

§ 54. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан...........................88

§ 55. ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениеті.................................................90

§ 56. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс..............................................................91

§ 57. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі.......................................................................93

§ 58. Алаш қозғалысы...........................................................................................94


ІХ тарау. Қазақстан тоталитарлық жүйе жылдарында

§ 59. Қазақстанда кеңес үкіметінің орнауы........................................................97

§ 60. Қазақ АКСР-нің құрылуы............................................................................97

§ 61. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.................................99

§ 62. 20-30-шы жылдардағы білім мен мәдениеттің дамуы............................100

§ 63. Қазақстанда индустрияландыру саясаты.................................................103

§ 64. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру..................................105

§ 65. 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін.............................................108

§ 66. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан..........................................109

§ 67. Соғыстан кейінгі Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуы....................................................................................................................113

§ 68. 1950-1960 жылдардағы Қазақстанның экономикасы..............................114

§ 69. Тың және тыңайған жерледі игеру...........................................................115

§ 70. Қазақстанда ұлттық-демографиялық құрамының өзгеруі......................118

§ 71. Тоқырау жылдарындағы Қазақстан..........................................................119

§ 72. Қайта құру жылдарындағы Қазақстан (1985-1991 жж.).........................120


Х тарау. Тәуелсіз Қазақстан

§ 73. КСРО-ның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы.......................................123

§ 74. Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін сайлау....................124

§ 75. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері..............................126

§ 76. Қазақстан Республикасының Конституциясы.........................................127

§ 77. Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты мен халықаралық байланысы......128

§ 78. Қазақстанның ұлттық валютасы...............................................................130

§ 79. Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар.................131

§ 80. Қазақстандағы діни бірлестіктер..............................................................133

§ 81. Қазақстан-2030 бағдарламасы.................................................................. 134

§ 82. Қазақстан-2050 бағдарламасы...................................................................135


Пайдаланылған әдебиет...................................................................................136











Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
2 қараша
973
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі