Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны
Қазақ халқы – әлемдегі ең ғажап халық. Қазақты әлем халқына ғажап халық екенін танытып тұрған ол – біздің ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдени мұраларымыз, тіліміз және ұлттық қолөнер мен ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, өз ұлтымыздың қадір-қасиетін, ой-өрісін танытатын салт-дәстүрімізге, қазақтың мәртебесін көтеретін мұраларымызға құрметпен қарап, оларды қастерлеу – баршамыздың міндетіміз.
Жер-жаһанда қазақтан асқан қонақжай халық жоқ десек болар. Қазақ жерінде болған поляк саяхатшысы, зиялысы А. Янушкеевич: «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім»,– деп қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болған екен. Қонақжайлылық – қазақ халқының сүйегіне сүтпен сіңген қасиет. Бұл қасиет қазақты өзге ұлттан ерекшелеп, мәртебесін биіктетіп тұрады.
Қазақ халқы бағзыдан бүгінге дейін амандық, есен-саулық білуге ерекше мән берген. Қазақтың салт-дәстүрлері бала дүниеге келген сәттен бастап, ержетуі, тәрбиесі, келін түсіріп, қыз ұзатуы, өлім-жітімге дейінгі аралықты, сонымен қатар қауымдық-әлеуметтік мәселелерді де қамтиды.
«Бесік тойы» қазақ өмірінде үлкен орын алады. Балаға «бесік жырын» айта отырып тербетеді. Ал бала бесікке көбінесе омыраудан шыққанша жатады. Бесіктен шыққан бала еңбектеуден өтіп қаз-қаз баса бастаған кезде, болашағына ақ жол тілеп, «тұсаукесер» тойын жасайды. Тұсауында елге сыйлы, абыройлы адамға саған ұқсасын деген ниетпен кестірген. Тұсауы кесілер баланың алдына кітап, қамшы, құрық қойып, бала қай затты ұстаса болашағы сонымен байланысты болады деп жорыған.
Бала үш, бес жасқа толғанда ұл балаға тән тағы бір той – «сүндет тойы» болып табылады. Бұл дәстүр қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан бастап салтымызға сіңіп, кейін дәстүріміздің мызғымас бір бөлігіне айналған. Баланы сүндетке тақ жасында отырғызған. Баласы сүндетке отырған ата- аналар «балам мұсылман санатына қосылды» деп қуанады. Баланың есіл дерті түзге, төрт түлікке ауа бастайды. Ал бұл кезде қыз балалар қуыршаққа қызығып, үйден ұзамауға тырысады. Осы кезде ата-анасы ер баласын "ашамайға" мінгізген.
«Ашамай» дегеніміз – ағаштан жасалған ердің қарапайым түрі. Кеңдігі балаға лайықталып жасалған. Алды-артында ердің қасы секілді сүйеніші болады. Үзеңгісі жоқ. Үстінде жұмсақ көпшігі болады. Осыны жуас атқа ерттеп, үстіне баланы мінгізеді. Аттан ауып қалмасын деп екі аяғын байлап қояды. Содан соң тізгінді балаға ұстатады да, біреу атты алдымен арқан бойы жерге, онан соң одан да алысқа жетектейді. Ашамайдан кейін бала іле-шала «бәсіресіне» мініп, тұңғыш рет үйінен алысқа жолаушылаған кезде әке- шешесі бір малын сойып, «тоқым қағарын» өткізеді. Бұл «тоқым қағар» ақ ниеттен, адал көңілден атқарылатын ата-аналық парыз. Бұл – айналасы он жасқа дейінгі балалық шақтағы ұл балаға істелетін дәстүр.
Ал қазақ қоғамындағы қыз баланың орны, тәрбиесі өте ерекше. «Қыз балаға қырық үйден тыйым» деп тәрбиесіне аса қатты мән берген. Қыз бала екі-үш жасқа келгенде қуыршақ жасап, үй жасап ойнауға әуестенеді. Осы сәтте қыз бала үшін қуанышты сәт, ол – «құлағын тестіру». Бұл қуанышқа қазақ халқы той жасап, қыз баланың өміріндегі өзіне тән дара қуанышын атап өтетін болған. Осындай жаста ата-анасы ұлдарының төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп «айдар қойған». Бұл көз тимесін деген ырымға баланған. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Кенесарының жан серігі болған Наурызбай батырдың ұзын айдары болған. Баланың шашын әдемілеп алып, маңдай тұсына шаш қалдырып «кекіл» қойған. Кекіл ұл балаға жарасып тұрған. «Айдар» мен «кекіл» сияқты әдемілеп алып, екі жағынан бірдей желкесіне қарай азырақ шаш қалдырып «тұлым» қойған. Тұлым негізінен қыз балаларға тән болғанымен, кейде ұл балаларға да қойылады. Бала күнінде ата-анасы баласының болашағы жарқын болғанын қалайды.
Халық арасында ежелде жас мөлшерін қозы жасы, қой жасы, жылқы жасы, патша жасы деп санаған. Қазақ оннан асқан ұлын «қозы жасына» келді десе, он бес пен жиырма бестің арасын «қозы жасы» деп атаған. Белдің бекіп, қабырғаның қатқан кемел кезі жиырма бес пен қырықтың арасын «жылқы жасы» десе, қынаптан шыққан қылыштай қырық жасты «патша жасы» деп атаған. Дүниеге келген нәрестеден бастап бір-бірімен байланысып жатқан салт-дәстүрлер – ұлттық құндылықтарымыз.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтары тек салт-дәстүрмен ғана шектеліп қалмайды. Тағы бір түрі ол – қазақ халқының «ұлттық өнері». Ежелден ән мен күйге құмар халық, өнерге десе ішкен асыр жерге қояры анық. Ұл мен қызының өнерлі екендігі ата-анасына абырой да бола білген. «Өзен жағалаған мен өнер жағалағанның өзегі талмайды» деп қазақ бекер айтпаса керек. Қазақ «өнерлі бала сүйкімді» деп санаған. Әншілік, күйшілік, ақындық, айтыскерлік, жыршылық, термешілік бұл күнге дейін жалғасып келе жатыр.
Қазақ жеріндегі дәстүрлі ән мен күй өнері де бұл күнде өз ізін жалғастырып келе жатыр. Қазақтың домбырасы мен қобызы арқылы қанша тарихи оқиғалар «күй» болып суреттелді. Құрманғазыдан қалған күйлер әлі де өз құдіреттілігінде деп айтуға болады.
Қазақ халқының ең басты ұлттық құндылығы ол – «ана тілі». Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі ең ғажап тіл десек артық айтқандық болмас. Ананың сүті, атаның қанымен бойымызға дарыған тіл бізбен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатыр. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес байлығымыз. Ана тіліміз түркі тілдерінің ішіндегі сөздік қоры ең бай тіл және әлемдегі ең таза тілдер қатарында.
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі ол – «қазақ қолөнері». Қазақ халқының қолөнерінің тарихы тым тереңде жатыр. Бағзы заманнан бері келе жатқан қазақ қолөнері үнемі жаңғыру үстінде болған. Қазақ халқының дәстүрлі қолөнері даму биігіне XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында жетіп отыр. Қазақ ұлттық қолөнерінің таңғажайып туындысы – киіз үй орта ғасыр саяхатшылары Марко Полоны, Плано Карпиниді, Клавихоны, Барбораны қатты таңғалдырып, олардың тарихи жазбаларынан орын алғаны да белгілі.
Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық құндылықтарының тағы бір түріне «ұлттық тағамдарды» да жатқызсақ болады. Себебі қазақтар адам қажеттіліктері ішінде тағамды бәрінен жоғары қойған. «Астан үлкен емессің» деп асты құрметтеген, оны әзірлеудің түрлі көзін таба білген. Кең дастарқаны арқылы жақсылар мен жайсаңдарды құрметтеп, өздерінің мырзалық, мәрттік қасиеттерін таныта білген. Ежелден мал шаруашылығымен айналысқан ата- бабаларымыздың негізгі асы – ет пен сүт болған.
Ұлттық құндылықтар туралы сөз болғанда, ұлттық киімдер де шет қалмайды. Себебі ұлттық киімдер де ұлттық құндылықтардың бір бөлшегі. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ халқының ұлттық киімдері еш халықтан кем емес екені анық. Ұлттық киіміздің көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Қазақ халқы сыйлы адамдарының астына ат, үстіне шапан жапқан. Бұл құрметтеудің озық үлгісі ретінде бағаланған. Ертеде халық шеберлері қазақтың салт-дәстүріне тән, кигенге ыңғайлы, тұрмысқа қолайлы әртүрлі киім үлгілерін жасаған болатын. Ұлттық киімдерге тақия, сәукеле, кимешек, бешпент, шапан, қамзол, байпақ, мәсі, тағы да басқаларын жатқызсақ болады. Ұлттық киімдер әр қазақтың ажарын ашып, сәнін кіргізеді.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – «ұлттық ойындар» баланы іс-әрекетке, адамгершілікке, ақыл-ойын жетілдіруге, отансүйгіштікке, салауатты өмір сүруге тәрбиелеуде теңдесі жоқ құрал. «Адам ақылымен сымбатты» деп білген халқымыз тұрмыс-тіршілікке байланысты туған ұлттық ойындарды бала тәрбиесіне, дене тұрғысының дамуына, сөздік қорының молаюына лайықтап, шебер пайдалана білген. Балаларға арналған ойындар тәрбие мәселесімен астасып жатыр. Ұлттық ойындарымыздың арасында халықтық сипат алған ойындарымыз да бар. Олардың қатарына көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, тоғызқұмалақты, тағы да басқа ойындарды жатқызсақ болады. Жалпы, қазақтың ұлттық ойындары ерлік, өрлік, өжеттік, батылдық, шапшаңдық қасиеттерімен қатар, әділдік пен адамгершілікті жоғары ұстаған.
Қазақ халқы өз ұлттық құндылықтарымен өзге ұлттардан өзгешеленіп тұрады. Баға жетпес осындай құндылығы бар біздің ел бақытты. Өзінің құндылықтары арқылы ұлттық болмысын сақтап, осы күнге жетіп отыр. Ертеңгі ұрпақ ұлтжанды, отаншыл, патриот болып өссін десек, осы бастан ата-дәстүрімізді ардақтауды үйретіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірте білуіміз қажет. Жас жеткіншек ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білсе, еліміздің ертеңі нұрлы болмақ. Бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген адам болашаққа жауапкершілікпен қарап, еліміздің елдігі үшін аянбай қызмет ететін азамат болып өседі. Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны.