400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

«Ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі- патриоттық тәрбие»

Материал туралы қысқаша түсінік
Елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық бірлік, ішкі және сыртқы саясат мәселелері, соның ішінде ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру мен патриоттық тәрбие беру мәселесі негізгі орын алады. Сондықтан да, біздің алдымызда тұрған негізгі міндет ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып бүгінгі ХХІ ғасыр ағымына лайықты тұлға қалыптастыру. Қазiргi кезде республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда жастарды Қазақстандық патриотизм арқылы Отансүйгiштiкке баулуға үлкен мән берiлiп отырғандығы үкiметтiң қаулы-қарарларында, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және күнделiктi басылым беттерiнде айқын аңғарылады.
Материалдың қысқаша нұсқасы



Елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық бірлік, ішкі және сыртқы саясат мәселелері, соның ішінде ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру мен патриоттық тәрбие беру мәселесі негізгі орын алады. Сондықтан да, біздің алдымызда тұрған негізгі міндет ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып бүгінгі ХХІ ғасыр ағымына лайықты тұлға қалыптастыру.
Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің ұлттық моделі әлемдік білім кеңістігінде болып отырған өзгерістерге сәйкес, 1997 жылы ЮНЕСКО ұсынған білім берудің Халықаралық стандарттық классификациясына сәйкес жасалды. «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасына және «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік білім беру жүйесінің құрылымы, білім берудің мазмұны айқындалды. Бүгінгі әлемдегі жаһандандыру үрдісінде жастарды жалпы адамзаттық құндылықтармен қаруландыратын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына әр жылдары жолдаған жолдаулары, «Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасы мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасы», т.б. құжаттар негізгі орын алады.
Н.Назарбаевтың
Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бiрлiгiнде атты еңбегiнде ұлт iшiндегi бiрлiктi нығайту, отансүйгiштiкке тәрбиелеу, азаматтық келiсiм ахуалын жасау мәселелерiне тоқталып, Бiздiң тағы бiр аса маңызды идеологиялық мiндетiмiз - Қазақстандық Отансүйгiштiкке тәрбиелеу, әрбiр азаматтың өзiн-өзi айқын билеуiн қалыптастыру. Шынайы Отансүйгiштiктi, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзiн саяси тұрғыдан айқын сезiнуiн, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейдi,- делiнген.
Көп ұлтты Қазақстан халқы үшiн Отансүйгiштiк сезiмiнiң рухани саладағы тату-тәттi тiрлiгі, азаматтық келiсiмге ғана емес, мемлекеттiң материалдық негiзiн нығайтуға да тiкелей ықпалы бар. Отансүйгiштiк рух - қазақ елiнiң әлемдiк өркениеттi елдер көшiне қосылып, дүние жүзiлiк қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкiндiк беретiн бiрден-бiр күш.
Қазiргi кезде республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда жастарды Қазақстандық патриотизм арқылы Отансүйгiштiкке баулуға үлкен мән берiлiп отырғандығы үкiметтiң қаулы-қарарларында, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және күнделiктi басылым беттерiнде айқын аңғарылады.
Философиялық тұрғыда патриотизм - адамгершiлiк және саяси принцип, сезiм, оның мазмұны – Отанға сүйiспеншiлiк, оған адалдық, оның өткенi мен қазiргiсiне деген мақтаныш, Отан мүддесiн қорғауға құлшыныс. Патриотизм – адамның мыңдаған жылдар бойы бекiген ең терең сезiмдерiнiң бiрi“.
Педагогикалық тұрғыда “Патриотизм әдетте Отанға сүйiспеншiлiк деп аталатын, нақты бiр әрекет бейнесiнде және қоғамдық сезiмдердiң күрделi жиынтығында көрiнiс беретiн, балаларының Отан-анаға деген көзқарасын сипаттайтын қоғамдық және адамгершiлiк принцип“
Психологиялық тұрғыда Патриотизм тұлғаның бойында - Отанға деген сүйiспеншiлiк, бойындағы күш қуаты мен бiлiмiн Отан игiлiгi мен мүддесiне жұмсау, туған жерiн, ана тiлiн, елдiң әдет-ғұрпы мен дәстүрiн құрмет тұту.
Жоғарыда берiлген анықтамаларды саралай келе әр кезеңде де патриотизм ұғымы Отанға деген сүйiспеншiлiк тұрғысынан қарастырылады. ХХІ ғасырдағы жаһандандыру процесi бүкiл әлем халықтарын бiрiктiру арқылы өркениеттiлiктi сақтап қалу барысында бар күш жiгерiн жұмсап отырған тұста патриотизм ұғымы кең тұрғыда тек Отанға деген сүйiспеншiлiк емес, әлемдiк тұрғыда қарастыруды қазiргi қоғамдағы және әлемдегi даму үрдiсi талап етедi. Бүгiнгi жаһандану процесi тұрғысынан алатын болсақ “
патриотизм ұғымы халықтар мен ұлттардың өз Отанына, мемлекетiне деген сүйiспеншiлiгiмен қатар, әлемдiк дамудың тыныштығы мен бейбiтшiлiгiн сақтау үшiн барлық күш жiгерiн жұмсау”-деген мағынаны бiлдiредi.
Қазiргi таңда
“ұлттық патриотизм”, “қазақ патриотизмi” және “Қазақстандық патриотизм” ұғымдары қолданылады.
Ұлттық патриотизм ұғымына әр түрлi көзқарас бар. Ұлттық патриотизмдi жекеленген, оқшауланған ұғым деп қабылдауға тырысады. Жоқ, ұлт бар жерде, ұлттық патриотизм бар. Қазақ халқының жер бетiнен жойылмай сақталуы да ата-бабаларымыздың ұлттық рухының жоғары болуында десек артық айтпаған болар едiк, яғни бұл тарихи шындық.
Ұлт дегенiмiз – адамдардың тарихи қалыптасқан әлеуметтiк-этникалық, қауымдық бiрлестiгiнiң жоғары түрi. Ұлт болып қалыптасу үшiн оның құрамына кiрген адамдар тобының материалдық, территориялық және экономикалық жағдайлары, тiлi мен әдебиетiнiң, әлеуметтiк хал-ахуалының, мiнез-құлқының сол ұлтқа тән кейбiр этникалық ерекшелiгiнiң ортақтығы болып табылады.
Ұлттық патриотизм дегенiмiз – елi мен жерi, халқының бостандығы және мемлекет ретiнде жер бетiнде сақталуы үшiн, ұлт намысын жоғары дәрежеде ұстау. Ұлттық патриотизмдi қазақ патриотизмi деп те қарастыруымызға болады. Ұлттық патриотизм - ұлт бостандығы, елi мен жерiнiң тәуелсiздiгi, бiлiм мен ғылым, мәдениет, спортта әлем сатыларының биiк шыңынан көрiнуi негiзгi ұстаным болып табылады.
Қазiргi таңда елiмiз өзiнiң тәуелсiздiгiн алуымен әлемдiк жаһандандыру үрдiсiнен орын алып отыр. Қазақстан бiлiм беру жүйесiнiң Болон декларациясына сәйкес әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне кiруi, экономикалық еркiн аймаққа мүше болуға ұмтылысы жас ұрпақты тәрбиелеуде бiздiң алдымызға үлкен маңызды мiндеттердi жүктейдi. Қазақтанның қарқынды дамуы, әлемдiк кеңiстiкте танылуы патриоттық тәрбие мәселесiн тек мемлекеттiк тұрғыда ғана емес, әлемдiк тұрғыда бейбiтшiлiк пен тыныштықты сақтауға бағыттау тұрғысында iске асырмақ. Қазақстандық патриотизм әлемдiк тыныштық пен бейбiтшiлiктi сақтаудың негiзгi бiр тұғыры деп айтуға болады. Қазақстан Республикасының алғашқылардың бiрi болып ядролық қарудан бас тартуы, сынақ алаңдарын жабуы бұл әлемдiк бейбiтшiлiктi сақтауға жасаған негiзгi қадам болып табылады.
Қазақстандық патриотизм - Қазақстанды мекендейтiн барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекетiнің әлемдiк биiктен көрiнуі үшiн бiлiм, мәдениет, экономика, әлеуметтiк тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, елiмiздегi бейбiтшiлiк, бiрлiк пен тәуелсiздiктi сақтау үшiн барлық күш жiгерiн жұмсауы. Дегенмен, көптеген баспасөз беттерiнде Қазақстандық патриоизм ұғымы кешегi “кеңестiк патриоизм“ ұғымына пара-пар деп бағалау да бар. Бұл жерде екi ұғымға тән идеология екi басқа. Кеңестiк дәуiрде бiр орталыққа бағындырылған, бiр ғана саясаттандырылған идеология болды.
Қазақстан көп партиялы мемлекеттер қатарына жатады. Яғни, көп партиялық бар жерде бiр ғана идеология болуы мүмкiн емес. Әр партияның өзiндiк идеологиясы бар. Барлық партиялардың бағдарламалары мен тұжырымдамаларында негiзгi мiндеттердiң бiрi болып - Қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру, ұлттық экономиканы дамытуға өз үлестерiн қосу депатап көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында «Қазақстандық патриотизм - әрбір азаматтың өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезіну, барлық отандастардың ұлты мен конфессиясына қарамастан жете құрметтеу, олардың салтын, дәстүрін, тарихымен мәдениетін құрметтеу, мемлекеттік рәміздеріне, мемлекеттік тілге құрметпен қарау. Туған жерге деген махабаты, Қазақстанды барлық азаматтардың біріңғай Отаны ретінде қабылдауы» деп түсіндіреді.
Расында да,
Қазақстандық патриотизм көп ұлтты Қазақстан үшiн бiрлiк пен елдiктi сақтай отырып, демократияландырылған, әлемдiк өркениеттен орын алу идеологиясы негiзгi дiңгек болып табылады. Бұл жерде ел президентiнiң тұжырымы бойынша “Қазақстандағы ұлтаралық жарастықты негiзгi атамекеннiң иесi - қазақ халқы өз мойнына алуы керек. Өйткенi халқымыз ұлтаралық жарастықты, сыртқы дүниемен өзара тиiмдi ынтымақтастықта жүзеге асыра алса ғана өзiнiң өркениеттi мемлекетiне ие бола алады”,- деп қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудың негiзгi тiрегi қазақ халқына үлкен үмiт артады.
ХХІ ғасыр ұрпағын тәрбиелеуде ұлттық мәдениет пен өркениеттiк даму үрдiсiн өзара сабақтастыра отырып тұлғаның бойындағы
патриоттық құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Құндылық деген ұғым философиядағы, қоғамтанудағы және педагогикадағы негiзгi құбылыстардың бiрi болып табылады. Мәселен, философияда құндылық қоршаған дүниедегi объектiлердiң әлеуметтiк ерекшелiктерiн, олардың адам мен қоғам үшiн, қоғамдық өмiр мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнiн (игiлiк, жақсылық пен жаманшылық, әсем және көрiксiздiк) түсiндiру үшiн қолданылады.
Мәдени-тарихи тәжiрибе дәлелдегендей жалпыәлемдiк құндылық болып саналатын: қайырымдылық, сүйiспеншiлiк, еркiндiлiк дегендер педагогикада адамгершiлiк өлшемдердiң көрсеткiшi болып табылады. Тәрбиенiң негiзi болып саналатын
жалпыәлемдiк құндылықтардың бiрi – тәрбиенiң басқа адамға деген қажеттiлiгi, басқа адамдарды сүйе бiлуi. Әр адамның тағдыры әрқашан әлемдiк дүниемен, адамдармен, ұжыммен байланысты. Сондықтан демократияландыру, адамның құқығы мен бостандығын сақтау жағдайларында ұжымдағы қарым-қатынас мәселелерi бұл күнде ерекше маңызға ие болуда.
Жалпы тұлғаның бойындағы
адамгершiлiк құндылық - адамдар арасындағы бiр-бiрiне деген түсiнушiлiк, iзгiлiк, мейрiмдiлiк, шыншылдық, кiшiпейiлдiлiк қатынас арқылы көрiнiс беретiн адамның бойындағы рухани қасиеттердiң жиынтығы. Тұлғаның бойындағы патриоттық құндылықты айқындауда жоғарыда патриотизмге берiлген анықтамаларға және құндылық, адамгершiлiк құндылық ұғымдарын философия, педагогика ғылымы тұрғысынан саралайтын болсақ, тұлғаның бойындағы патриоттық құндылық дегенiмiз - қоғамдағы iзгiлiк қарым-қатынасты, табиғат пен адам арасындағы мейрiмдiлiктi, ұлтаралық мәдениеттi ұлттық тілді дамыту, елi мен туған жерiн, Отанын сүю, мемлекеттiң тәуелсiздiгi мен бейбiтшiлiн сақтау үшiн күресу.
Философияның бiр бағыты экзистенциализм қағидасы бойынша – тұлға яғни адам әлемдегi ең негiзгi құндылық деп қарастырылады. Адам адамгершiлiк құндылықтарды таратушы дегендi бiлдiредi. Әрбiр адам өзiнiң “менiн” айқындай бiлуi керек, соны өмiрде қолдануы қажет. Өмiр, табиғат және адамның iшкi дүниесi үлкен күш. Ол адамды дамытуға, оның қоғамдық өмiрге қатынасын қалыптастыруда негiзгi орын алады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда
патриотизм - тұлғаның бойындағы сапалық белгi.

Патриоттық құндылықтар негiзiнен патриоттық сезiм, патриоттық таным, патриоттық сана, патриоттық болмыс, т.б. қамтиды. Психологиялық тұрғыда патриоттық құндылықтар сапаға айналып, iс-әрекет (тұлғаның “менi”) тұрғысынан көрiнiс беруi қажет. Көп ұлтты Қазақстан халқы үшiн әр адамның бойындағы патриоттық құндылықты қалыптастыру негiзгi мiндет болып саналады.
Патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасының мiндеттерi:

  • тұлғаның бойындағы патриоттық құндылықтардың негiзiн құрайтын көзқарастарды, ұлттық тілге, ұлттық салт-дәстүр және тарихи мұраларға деген сүйiспеншiлiк сезiмдерiн қалыптастыру;

  • Қазақстан Республикасы ата заңын құрметтеу және мемлекеттiк заңдарды орындау, қоғамдық қатынастарда заңдардың орындалуын нақты iске асырып, бойына сiңiру;

  • Қазақстан Республикасы мемлекеттiк нышандары – Елтаңба, Ту, Қазақстан Республикасы Ән ұранына деген құрметтi және оған деген мақтаныш сезiмдi қалыптастыру;

  • ұлтаралық мәдениеттi дамытуға және оны қоғамдық қатынастар барысында тұлғаның негiзгi қасиетiне айналдыру, дiн аралық қатынастар бойынша түсiнушiлiк;

  • халықтар арасындағы сүйiспеншiлiк пен достықты қалыптастыруға ықпал ету;

  • Қазақстан Республикасының бейбiтшiлiгi мен тұтастығын, Отанның экономикалық және экологиялық байлығын дамытуға, оны қорғауға әр қашан дайын болу;

  • мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудiң жүйесiн негiздей отырып, ұлттық және әлемдiк бiлiм нәрiнен сусындаған ғылыми-техникалық прогресс көшiне iлесе алатын патриоттық құндылықтары қалыптасқан тұлғаны қалыптастыру.
    Мектеп оқушыларына патроиттық тәрбие беру субъект-объект-субъект тұрғысынан қарастыра отырып, әртүрлi әлеуметтiк жағдайларда конституциялық және құқықтық нормаларды қадағалау, саясат, патриоттық идеяларды насихаттау, санада Отан алдындағы парыз, сүйiспеншiлiк, адалдық, мақтаныш сезiмiн қалыптастыру негiзiнде iске асырылу керек.
    Патриоттық тәрбие берудiң негiзгi ұстанымдары:

  • жүйелi-ұйымдастыру тұрғысынан мектеп, ата-ана және әлеуметтiк ортаны өзара сабақтастыра отырып, мақсатты түрде оқушыларға патриоттық тәрбие берудi ұйымдастыру;

  • оқушылардың жас және дара ерекшелiктерiн ескере отырып, патриоттық тәрбие берудiң формалары мен әдiстерiн нақты пайдалана бiлу;

  • аймақтық ерекшелiктердi ескеру ұстанымы, туған елге, жерге, ауылға, қалаға, т.б. сүйiспеншiлiгi арқылы, ұлттық және Қазақстандық, әлемдiк патриотизмдi қалыптастыру;

  • кешендi тұрғыда ықпал ету ұстанымы, ұлттық, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан патриоттық, әлеуметтiк құндылықтарды, тәжiрибелердi жүйелi түрде пайдалану;

  • белсендiлiк ұстанымы, Қазақстан Республикасының ұстап отырған бағытына сәйкес, оқушылардың патриоттық көзқарастарын қалыптастыру.
    Жоғарыдағы ұстанымдар бiр-бiрiмен өзара байланыста, бiрлiкте iске асырылады. Жалпы патриоттық тәрбие берудiң алғашқы негiзi отбасында басталып, мектепке дейiнгi мекемелер, бастауыш мектеп, орта мектеп, қоғамдық-әлеуметтiк орта, мұғалiмдер мен тәрбиешiлер, әртүрлi қоғамдық ұйымдар, мектептен тыс мекемелерде жалғасын табады.
    Патриоттық тәрбиенiң негiзгi мәселелерi және даму жолдарына тоқталатын болсақ, көпұлтты Қазақстан халықтары үшiн жаңа әлеуметтiк даму және әлемдiк интеграциялық үрдiс жағдайында патриоттық тәрбие берудiң кешендi жүйесi қарастырылмаған. Патриоттық тәрбие беру мәселесi негiзiнен мемлекеттiк дәрежеде айқындалып, шешiлетiн iргелi мәселе. Республикада ұлтаралық, ұлттық мәдениет, мәдени мұра мәселелерiн шешуге байланысты көптеген құжаттар бар. Дегенмен, тiкелей патриоттық тәрбие мәселесiн шешуге арналған бағдарламалар, тұжырымдамалар жоқтығы жұмысты жандандыруға керi әсерiн тигiзедi.
    Көпұлтты Қазақстан халықтары үшiн жаңа әлеуметтiк даму жағдайында патриоттық тәрбие берудiң қажеттiлiгi және оның бүгiнгi күн тұрғысынан жүйелi зерттелмеуi; ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық патриотизм мен бүгiнгi қоғамдағы патриоттық тәрбиенiң өзара сабақтастығының болмауы; мектепте, мектептен тыс мекемелерде оқушыларға патриоттық тәрбие беруге байланысты жүйеленген ғылыми әдiстеменiң жоқтығы бұл мәселенi теориялық және практикалық тұрғыда жан-жақты қарастыруды қажет етедi. Ол үшiн мемлекеттiк тұрғыдағы төмендегiдей құжаттар қажет:

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң тұжырымдамасы;

  2. Патриоттық тәрбиенi iске асыруға байланысты мемлекеттiк тұрғыда бағдарламасын бекіту;

  3. Республика азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң әдiстемесi, ғылыми ұсыныстар.
    Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру – Қазақстан Республикасы саясатының негiзгi бiр бағыты болып табылады.
    Қазақстан мемлекетiнiң тәуелсiз мемлекет болып жариялануы және Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы жас қазақ мемлекетiнiң алдына үлкен мақсаттар мен мiндеттер жүктедi. Қазақ елiнiң тәуелсiздiгi мен егемендiгiн сақтап қалу әрбiр саналы азаматтың iсiне айналды.

    Патриоттық тәрбие адамгершiлiк тәрбиенiң құрамдас бiр бөлiгi болып табылады.
    Патриоттық тәрбие – Отанға деген сүйiспеншiлiк пен жауаптылықты, тұлғаның туған өлкеге, табиғатқа деген сүйiспеншiлiк сезiмiн қалыптастыру, Отанының басына қиыншылық туғанда ойланбастан қорғауға дайын тұру тұрғысынан қарастырылады. Ол қазақ халқының өткен ғасырдағы жауынгерлiк дәстүрлерiн марапаттау негiзiнде iске асырылады. Патриоттық тәрбие адамгершiлiк тәрбиенiң негiзгi бiр бағыты болып саналса, ал, патриоттық тәрбие беру саласына - әскери, әскери-патриоттық, ерлiк, жауынгерлiк, ұлтаралық қатынас, интернационалдық тәрбие беру жатады. Егер тәрбие бағыттарын өзара сабақтастыра, жүйелi түрде тұлғаның жас және дара ерекшелiктерiне сәйкес ұйымдастыра бiлсек бүгiнгi ХХI ғасыр жаһандандыру заман талаптарына сай тұлғаны қалыптастыруға мүмкiндiк бар деп толық айта аламыз.
    Патриоттық тәрбиенiң негiзгi бағыттары:
    әскери тәрбие - әскери тәрбие жұмысында жауынгердi, офицерлердi жоғарғы саяси саналық, өз Отанына шексiз берiлгендiк рухында баулу, жүктелген мiндеттi тыңғылықты орындауға, адалдыққа, қырағылыққа, соғыс қимылдарына әзiр тұруға, әскери қызметте батыл да табанды болуға тәрбиелеу;
    әскери патриоттық тәрбие – жастардың Отан қорғауға әзiрлiгiн нығайтып, патриоттық сана-сезiмiн қалыптастыратын тәрбиенiң бiр саласы. Әскери патриоттық тәрбие арқылы жастар елiмiздiң өткендегi жауынгерлiк тарихымен таныса отырып, Отанымыздың намысын, бостандығын, тәуелсiздiгiн қорғауға үйренiп, қарулы күштердiң даңқты жауынгерлiк дәстүрлерiн алға апаруға даярлығын қалыптастыра отырып, Отан сүйгiштiкке тәрбиелеу;
    интернационалдық тәрбие – (лат.inter - между, natio - парыз) - қазiргi заман жастарының халықтар достығы және басқа ұлттар еңбекшiлерiне деген құрмет сезiмiн дамытып, қалыптастыратын үздiксiз тәрбиенiң басты салаларының бiрi;
    ерлiк тәрбиесi - ата-бабаларымыздың жауынгерлiк дәстүрi негiзiнде оқушылардың ерiк-жiгерiн, табандылық, батылдық қасиеттерiмен бiрге ұлттық сана, парыз, намысты қалыптастыра отырып, отансүйгiштiкке тәрбиелеу. Бүгiнгi күн тұрғысынан алып қарайтын болсақ, егемен елiмiздiң бейбiтшiлiгi мен бiрлiгiн сақтайтын жас ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабаларымыз негiзiн салған ерлiк рухты ендiру.
    Көне түркiлер, көшпендiлер тарихына, халқымыздың ерлiк және жауынгерлiк дәстүрiне шолу жасағанда ерлiк қасиеттiң әрбiр жауынгерге тән болғанын көремiз. Әрбiр жауынгерден батылдық, табандылық қасиеттердi талап еткен.
    жауынгерлiк тәрбие - қазақ халқының көшпелi тiршiлiгiне байланысты – тұтас қазақ қолының жауынгерлiк сипаттағы әзiрлiгiн үзбей ұстауы, елiн, жерiн, тәуелсiздiгiн үнемi қорғауына дайын тұруды қамтамасыз ету. Қазiр әскери тәрбие мағынасында берiледi.
    Қазiргi таңда, патриотизмнiң мазмұнын анықтау үшiн ұлттық құндылықтарды бүкiл адамзаттық құндылықтармен ұштастыру негiзгi көкейкестi мәселе болып табылады.
    Елiмiздiң тәуелсiздiк алуы, әлемдiк дәрежеде танылуы Қазақстан Республикасының, әсiресе қазақ халқының алдына үлкен мiндеттердi жүктейдi. Олар, тәуелсiздiгiмiздiң берiк болуы, қоғамдағы бейбiтшiлiк пен ұлтаралық келiсiм, экономикамыздың, бiлiм мен мәдениетiмiздiң қарқынды дамуы.
    ХХI ғасыр жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуде бiз жоғарыда көрсетiлген тәрбие бағыттарын өзара сабақтастыра отырып, жүйелi түрде бүгiнгi үздiксiз бiлiм беру жүйесiне енгiзу арқылы егемен елiмiздiң бейбiтшiлiгi мен тәуелсiздiгiн қорғайтын азамат тәрбиелей аламыз.







ШҚО Көкпекті ауданы Үлгілі малшы ауылы

Абай атындағы «Мектеп-бала бақша» кешені КММ








Б А Я Н Д А М А


Тақырыбы:

«Ұлттық құндылықтардың

алтын діңгегі-

патриоттық тәрбие»


Тарих пән мұғалімі

Искакова Н.Е.








2017-2018 оқу жылы




Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
21 желтоқсан
778
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі