15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ХАЛЫҚ МҰРАТЫ
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ХАЛЫҚ МҰРАТЫ
Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ал, мемлекетімізді нақты жетістікке апаратын бірден-бір түзу жолы бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы.
Қазақстандық қоғамның «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру жағдайындағы ұлттық тәрбие негіздерін дайындаудың өзектілігі білім беру ұйымдарының ұлттық мәдениетті меңгеру, бекіту, көріну және трансляциялауына ықпал ететін білім алушы тұлғасын рухани, ұлттық теңестіру мен әлеуметтендіруге бағдарлау қажеттілігімен айқындалады. «Мәңгілік ел» идеясы - ұлттың ұлы мұраты. Ал, аңсаған мұратымызға жету үшін ең бастысы ұлтымыздың бірлігі мен татулығы. Олай болса, ұлтымыздың ұлттық тәрбиесін ұмытпай, насихаттауымыз қажет.
«Мәңгілік ел» идеясы бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.
Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген Мағжан Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегiнде былай дейдi: «Ұлт тәрбиесi баяғыдан берi сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшiн қызмет ететiн болғандықтан, әрбiр тәрбиешi баланы сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi». Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Қоғамның басты қажеттілігі - жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін меңгерген мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу. Ал, ол ұлттық тәлім-тәрбиенің негізінде дамып қалыптасады.
Ұлттық тәрбие – бiздiң ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзетiн асыл қазынамыз. Ұлттық тәрбие қазiр елiмiзде орын алып отырған көптеген мәселелердi: ана тiлiн, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрiн бiлмейтiн жастар, тастанды жетiм балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлерiндегi әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бiрте-бiрте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негiзгi жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ денi сау, бiлiмдi, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кiшiпейiл болып өседi. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Ал, ұлттық тәрбиенің көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі көрінісі болады.
Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезiмi жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негiзделген бiлiм беру жүйесiнiң құрамдас бөлiгi. Оның мақсаты – ұлттық сана-сезiмi қалыптасқан, ұлттық мүдденiң өркендеуiне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ал мiндетi – мәдени-әлеуметтiк өзгермелi жағдайдағы ұлттық тәрбиенiң дiңгегi – ана тiлi болып қалатынын негiздеу, қазақ тiлi мен тарихын, мәдениетi мен дiлiн, салт-дәстүрi мен дiнiн құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мiнез-құлқын қалыптастыру, бүгiнгi қазақ елiнiң индустриалдық-инновациялық жүйесiнiң дамуын қамтамасыз ететiн парасатты, ұлттық сипаттағы белсендi iс-әрекетке тәрбиелеу, бiлiм және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабiлеттi болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттiлiк сана-сезiмiн ұлттық рухта қалыптастыру. Тәрбиенiң басты нысаны – елдiк сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмдi негiздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек.
Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың ықылым ғасырлардан бергі асыл арманы. Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы Мәңгілік Ел идеясы екені анық. Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Мәңгілік ел идеясың жүзеге асыру үшін ең алдымен жастарға ұлттық тәрбие беруіміз керек. Ұлттық тәрбие арқылы жастарды Отанға деген махаббатын, еліне сүйіспеншілігін бойына сіңіріп, тәрбиелей аламыз. Ал, бұл қазіргі кезде біздің басты мақсатымыз.
Ұлтымыздың өз ұрпағын ізгілікке, ізеттілікке, адамгершілікке, имандылыққа, ілтипаттылыққа тәрбиелеу саласындағы өзге халықтарда кездесе бермейтін даналық қасиеттеріне, дара да терең тұжырымға негізделген пәлсапалық түйіндеулеріне, кенен кемеңгерлігіне, таза талантына, ой озықтығына еріксіз тәнті боласың. Біліміміз бен білігіміз бабадан бізге жеткен, ғасырлар мен тағдырдың талқысынан өткен талай заманның сынында шыңдалған, еленіп-екшелген, жасығы жоғалып асылы жеткен қазақи тәрбиемен қабыспаса, қатар дамымаса қанатсыз құстың күйін кешері күмәнсіз. Әлемде екінші Аристотель атанған Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім - қауіпті» деген екен. Ендеше, бабаның ақыл-ойын есте сақтағанның есесі кетпесі, опынып опық жемесі анық.
Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік – жақсылықтың нышаны емес. Өзгенің өзімізге өгей, мінез-құлқымыз бен табиғатымызға түрпідей тиетін салт-дәстүрін әкеліп орынсыз тықпалауға, тұлыптап телуге болмайды. Бұл - ұлттық тәрбиенің қаймағын бұзып, қадірін кетіретін қарекет. Оған қарсы тұру үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу керектігін басып айтуға болады. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы – адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін, дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындаймыз.
Ұлттық тәрбиені ұлттық идеологиядан бөліп қарауға болмайды. Екеуі бір-бірінен ажырамайтын, қоғам дамуындағы шешуші фактор болып есептелетін егіз ұғым. Ұлттық идеология осы ұлттың кемел келешегінің мақсат-мұратын, үлгі тұтар үрдістері мен ұстанымдарын, салт-дәстүрді, тамырлы тәрбие сабақтарын, халықтық қасиеттерді насихаттаудың алтын арқауы, бағыт-бағдар алар айнымас темірқазығы. Қазақтың тегінен дарыған, табиғатына тән, қанында бар қасиетті салтына салқындық таныту - ұлттық болмысқа қиянат. Өркен жайған өнегеден іргені аулақ салу - бабалардың әдібі мықты әдептілік мұрасын сақтауға деген самарқаулық, бағасын байыптай алмау. Жол-жөнекей барымызды жоғалтып алмай, бағалай білсек, жақсы-жаманды санамыздан өткізіп саралай білсек, атадан аманатқа қалған асыл мұраны кейінге жалғасақ, ұлтымыздың ұлық салтын, рухын көтерер ұстанымын сақтауда ұятқа қалмасақ қазақтық қалпымызға қаяу түспесі хақ. Қазақы тәрбиеге қатысты салт-дәстүріміздің сонау есте жоқ ескі заманнан бері ұлттық бедеріне дақ түсірмей ұрпақтың ой-санасын оятып, келешегін кемелдендіруге, адами болмысын әрлеуге, адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойға дарытуға қызмет етіп келе жатқан рухани қазынамыз ұшан-теңіз.
Қорыта келгенде, «Мәңгілік ел» идиясын жүзеге асыру үшін, ұлттық тәрбиемізді қалпына келтіріп, жастарға ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын балалардың санасына сіңіріп, тәрбиелеу басты міндет.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Жұмабаев
М.
Педагогика.
– Алматы: Рауан, 1994.
2. Пірәлиев
С.
Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен
Қазақстан».
3. Қапалбеков
Б.
Ұлттан
тілді алса... – Алматы, 2006. – 138 б.
4.
Мырзахан А.
Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие // «Ана
тілі», 20 қазан, 2011.
5. Ғаббасов С. «Халық педагогикасы». 1995 ж.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген