жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ұлттық тəрбие
Ұлттық тәрбие – бiздiң ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзетiн асыл қазынамыз. Ұлттық тәрбие қазiр елiмiзде орын алып отырған көптеген мәселелердi: ана тiлiн, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрiн бiлмейтiн жастар, тастанды жетiм балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлерiндегi әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бiрте-бiрте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негiзгi жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ денi сау, бiлiмдi, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кiшiпейiл болып өседi. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.
Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында қойып отырған мақсат-мiндеттер елiмiздегi тәрбие беру жүйесiн ұлттық құндылықтар негiзiнде жасау қажеттiлiгiн тағы да дәлелдеп отыр. Жалпы «ұлттық» деген сөздiң астарында елге-жерге, тiлiмiзге, дiнiмiзге деген құрмет жатыр. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген Мағжан Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегiнде былай дейдi: «Ұлт тәрбиесi баяғыдан берi сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшiн қызмет ететiн болғандықтан, әрбiр тәрбиешi баланы сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi». Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Бүгiнгi жастарға ұлттық тәрбие беру керек деген қағиданы ұстанған Ж.Әдiлов басшылық ететiн Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да ұлттық тәрбиеге, ұлттық тәрбие арқылы патриотизмге тәрбиелеудiң жүйелi жұмыстарына айрықша мән берiлуде. Университетiмiздiң құрылғанына 80 жыл толу қарсаңында ұйымдастырылып отырған шаралардың барлығы дерлiк жастардың кәсiби бiлiктi маман ғана емес, жан-жақты азамат болып қалыптасуына негiзделiп отыр. Жаңа оқу жылын университетiмiз «Менiң Отаным – Қазақстан» атты өнер экспозициясымен безендiрiлген туындылар галереясымен ашты. «Мәдениет – адамзаттың бейнесi», демекшi, Отанына, елiне, туған жерiне деген сүйiспеншiлiгiмен қатар эстетикалық дүниетанымды арттыратын өнер туындыларының жастар тәрбиесiндегi орны ерекше.
Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, iрiктеп алған озық тәжiрибесi мен iзгi қасиеттерiн бойына сiңiру, өмiрге деген көзқарасын және соған сай мiнез-құлқын қалыптастыру. Осы ретте халық тәрбиесiнде қыз бала тәрбиесiнiң де өнегелi үлгiлерi мол. Отбасында онымен негiзiнде әйел-аналар айналысып, мiнез-құлқының сымбатына сай болуына басты назар аударған. Қыз баланың бойына инабаттылық, сыпайыгершiлiк, iзеттiлiк қасиеттерiн дарыта отырып, оның жан дүниесiнiң жете қалыптасуына мән берген. Халқымыз қыз психологиясының ерекшелiгiн жақсы түсiне бiлген. Әрбiр отбасы, әке-шеше, аға-жеңге бойжеткен баласын ылғи да жiбектей мiнезi мен уыздай тәттi қылығымен, әдептi-iзеттiлiгiмен, иманды-инабаттылығымен, күмiс күлкiсiмен көргiсi келген. Осындай ұлттық тәлiм-тәрбие алған қыз бала болашақта ардақты ана, сүйкiмдi жар болары сөзсiз. Осыған орай, университетiмiзде ашылған студенттiк «Әй-керiм» қыздар клубында өтетiн iс-шаралар барысында студент-жастарға күнделiктi тұрмысқа байланысты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейiнгi аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлi, сәлемдесу әдебi, сыйластық, қонақ күту, ас iшу әдебi, инабаттылық дәстүрлерi, сөйлеу және киiм кию әдебi, ұлттық тәрбиедегi еңбек тәрбиесiнiң орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгiлерi мен олардың тәрбиелiк мәнi сияқты ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда.
Ұлттық қалпымызды сақтап қалуда қазiргi жастарды әртүрлi дiни терiс ағымдардан қорғаштаудың маңызы зор. Тәрбие жұмысына ғылыми, әдiстемелiк, ақпараттық және сараптамалық қолдау көрсету мақсатында университетте «Тәрбие философиясы, дiнтану және экстремизмге қарсы әрекет ету мәселелерi» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған. Осы орталықтың күшiмен өткiзiлiп тұратын iс-шаралар барысында дiн мен қоғамға байланысты өзектi мәселелер дер кезiнде қойылып, талқыланып, нақты шешiмдер табуға көмектеседi.
Сонымен қатар, университетте Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «Мерейтойлар мен атаулы күндер туралы» қаулысына және рухани негiзiмiз – ана тiлiмiздi құрметтеуден туындаған «Ғибраты мол тұлға» атты жоба ұйымдастырылып, оның аясында елiмiздiң екi жүзден астам көрнектi тұлғаларына арналған ашық эдвайзерлiк сағаттар, кездесулер, конференциялар мен семинарлар, т.б. iс-шаралар өткiзiлiп келедi.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды студент бойына сiңiруде ақын-жазушылар мен елiмiздiң ұлтжанды азаматтарымен, атап айтқанда, екi мәрте Кеңес Одағының батыры, ұшқыш, қазақ халқының қыраны, мақтанышы, түлегiмiз Талғат Бигелдиновтың, «Жүрегiме жiгер берген саз әлемi» атты кездесу кеште Қазақстан Республикасының халық әртiсi, алтын дауысты Нұрғали Нүсiпжановтың, ақын, композитор, драматург, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегерi Исраил Сапарбайдың, қазақ киносының тарланы Нұржұман Ықтымбаевтың, спорт әлемiндегi орны ерекше Жақсылық Үшкемпiровтың, «Адамзаттың ардақтысы» атты рухани-мәдени шарада айтыскер ақын Серiк Қалиев пен ақын, журналист Жарқын Сәленұлының адам бойынан табылуы керек болған құнды қасиеттер жайлы сөз қозғауы, т.б. әсерлi әңгiмелерi, өнегелi өсиеттерi, өмiр жолдары арқылы жас буынның санасында отансүйгiштiк, ұлтжандылық сезiмдерiн оятты. Олардың ғибрат сөздерi, даналық ойлары, ұлт тағдыры туралы толғаныстары жас ұрпақтың жүрегiнде мәңгi ұялап қалары сөзсiз.
М.Әуезов «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» дегендей, ертеңгi ұрпақтың тәрбиесiн бүгiннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын сүйетiн ұлтжанды, Отанын сүйетiн патриот, жоғары адамгершiлiк иесi, ұлттық рухы биiк парасатты азамат етiп тәрбиелеу үшiн оларға ұлттық тәрбие қажет екенiн өмiрдiң өзi-ақ көрсетiп отыр. Жалпы, университетте 100-ге жуық жанұялы студенттер оқиды. Соның iшiнде 12 отбасы жатақханада тұрады. Студенттiк жас отбасылардың арасында қоғамның ең басты құндылығы отбасы екенiн дәлелдей отырып, өскелең ұрпақ ұлттық салт-дәстүрiмiздiң бай мұраларымен сусындасын, қоғамдағы, отбасындағы өз құқығын бiлсiн деген мақсатта алғаш рет «Үздiк отбасы» атты байқау өттi.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Елдiк мұрат жолындағы ұлы ерлiк әрқашан аталарымыздың бойынан табылған. Тәуелсiз елдi өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы iстердi кейiнгi ұрпақтың лайықты жалғастыратынына сенемiн», – деген болатын.
Ұлы тұлғалардың, халық ардақтыларының жүрегiне үңiлiп, ғибратқа толы ғұмырынан тағылым алу – бiзге парыз. Сондықтан жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшiн аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлiкке тәрбиелеу – бiздiң басты мiндетiмiз болмақ.
Сондай-ақ, университетте бiлiм алушыларымыз болашақта бәсекеге қабiлеттi, бiлiктi маман ғана болмай, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық- техникалық университетiнiң түлегi атағына лайық зиялы, шығармашыл, салауатты, жоғары азаматтық және адамгершiлiк ұстанымдарға, патриоттық және әлеуметтiк жауапкершiлiкке ие тұлға ретiнде қалыптастыру мақсатын қойып отыр. Студенттерiмiздiң бойында осы қасиеттердiң қалыптасуына ықпал ету құралдарының бiрi – кiтап, көркем әдебиет оқу. Осыны ескере отырып, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетi студенттерi «Кiтап – рухани сарқылмас қазына» жобасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Сонымен, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезiмi жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негiзделген бiлiм беру жүйесiнiң құрамдас бөлiгi. Оның мақсаты – ұлттық сана-сезiмi қалыптасқан, ұлттық мүдденiң өркендеуiне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ал мiндетi – мәдени-әлеуметтiк өзгермелi жағдайдағы ұлттық тәрбиенiң дiңгегi – ана тiлi болып қалатынын негiздеу, қазақ тiлi мен тарихын, мәдениетi мен дiлiн, салт-дәстүрi мен дiнiн құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мiнез-құлқын қалыптастыру, бүгiнгi қазақ елiнiң индустриалдық-инновациялық жүйесiнiң дамуын қамтамасыз ететiн парасатты, ұлттық сипаттағы белсендi iс-әрекетке тәрбиелеу, бiлiм және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабiлеттi болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттiлiк сана-сезiмiн ұлттық рухта қалыптастыру. Тәрбиенiң басты нысаны – елдiк сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмдi негiздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек.
Қорытындай келе, халқымыздың маңдайына бiткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгi-насихаты –асыл мұраларымызды студенттердiң бойына сiңiрiп, ұлттық мәдениетiмiздi сақтай бiлейiк!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген