жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ұлы даланың дара тұлғасы-Әл Фарабидің рухани мұрасы
Ұлы даланың дара тұлғасы-Әл Фарабидің рухани мұрасы
«Орта ғасырлық ғылым тарихында өзінің ауқымды ғылыми жұмыстары, терең әрі жан-жақты энциклопедиялық білімі жөнінен Әл-Фарабимен теңдесе алатын ғалымды табу қиын»
П.Н.
Федосеев,
атақты орыс
ғалымы
Бүгінде бізді Әбу Насыр әл-Фараби ойшылдығы, ғұламалығы таңғалтпай қоймайды. Сөз жоқ, жаратылысы бөлек тұлға. Ғалымның ғұламалығы, терең білімпаздығы, білім мен ғылымды меңгеруге деген құмарлылығының ағыл-тегілділігі ұшан теңіз. Осыған қарап-ақ, адам өз-өзін танып, өзін түбірімен өзгерткісі келсе, білімге ұмтылу керек екенін айқын түсінуге болады.
Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді ғұлама.
Адам санасының жаңғыруы ғана үлкен нәтижеге алып келеді. Шын білімді ақиқат, анық білім деп ұққан ғалым, білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жататынын бағдарлай келе, білімді болуды жаңалық ашуға қабілетті болу тұрғысында пайымдайды. Бұл жерде ғалым бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өзіне игілікті мақсат қоя білуінде, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында екендігіне баса мән береді. Осы ойлар адамға күш-жігер беріп, білімге қалай талпыныс бермейді!
Ғұлама ғылыммен айналысу үшін ақыл-ой, ерік жігері мықты болудан басқа, оның бар ойы адал, адамгершілігі мол, жаман мінез-құлықтан да аулақ болуы керек,-деп айтуы адамға үлкен ой салады. Бұл ойлар әрине бүгінде ғылыммен айналысу қанша керек дегенмен, әркімнің бұған таласы жоқ екенін ескерткендей!
Демек, әл-Фарабише түйінделер тезис – қоғамдағы барша қиыншылықты жеңетін адамды бақытқа жеткізетін күш – адамның ақыл-ойы мен парасаты.
Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды.
Әркімнің өз шығар биігі бар десек, Әбу Насыр әл-Фараби–өзіндік шырқау биігіне шыға білген, бір өзі-ақ бір университет бола алған заңғар тұлға екенін бүгінде әлем мойындайды.
Қазіргі таңда зерттеушілер ғалымның осы дәрежеге аса табандылықпен, қаншама қиыншылықпен жеткендігін айтады, ғұлама сонымен қатар уақыт қадірі мен биік парызды да әсте ұмытпаған. Бастаған ісін аяқтап, жазбаларының қолжетімді әрі түсінікті болуынада аса мән берген, бұл ғалымның қарапайым, қанағатшыл және адамгершілікті жоғары қоятындығының тағы бір айқын белгісі.
Әбу Насыр әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған — иджтихад және муджтахид жолына түскен.
Ғұламаны руханият мәселесі ерекше толғантқан. Нәтижесінде, әл-Фарабидің ғылыми мол мұрасы бүгінде бүкіл әлемдік ғылымның дамуының тарихи іргетасы, бастау көзі ретінде бағалануда. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатында көрініс тапқан шығармашылық мұрасы ғылым атаулының негізгі бағыттарын дамытуға ерекше ықпал еткен.
Әбу Насыр әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашқан.
Әбу Насыр әл-Фараби өзінің философия көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады.
Әбу Насыр әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. “Ғылымдар тізбегі” деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі:
-
тіл білімі және оның тараулары;
-
логика және оның тараулары;
-
математика және оның тараулары;
-
физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары;
-
азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.
Ғұлама бұл ғылымдардың бәрінің пәнін анықтап, қысқаша мазмұнына тоқталады.
“Ғылымдардың шығуы” деп аталатын трактатында математиканың шығу тегі мен себептерін ашуға тырысады. “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме” деп аталатын еңбегінде математиканың методол мәселелері жөнінде құнды-құнды пікірлер айтқан. Ол ұзақ уақыт мінсіз, мүлтіксіз саналып келген Евклид “Негіздерін” сынауға, өңдеуге, түзетуге болатынын іс жүзінде көрсетіп, математиктерге дұрыс жол сілтеген. Әбу Насыр әл-Фараби математиканың философия іргетасын қаласумен қатар, оны табиғат құбылыстарын зерттеуге батыл қолданудың қажеттігін іс жүзінде танытты.
“Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын еңбегінде ол ғылыми астрологияны астрономиядан бөліп қарап, Аристотельдің логикалық шығармаларында айтылған қағидалар мен жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, белгісіз, кездейсоқ құбылыстарды алдын ала болжауға болатынын немесе болмайтынын ажыратуға тырысады. Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл пікірлерінің кейіннен ықтималдар теориясының философия, логикалық негіздерін қалыптастыруда маңызы зор болды.
Ол математикалық, жаратылыстану саласында ірі еңбектер жазған. Әбу Насыр әл-Фараби ежелгі гректің ұлы математигі және астрономы Птолемейдің “Алмагесіне” көлемді түсініктеме жазған. Бұл еңбек “Алмагеске түсініктеме” деген атаумен белгілі. Астрономия және математикалық тарихында үлкен маңызы болған Әбу Насыр әл-Фарабидың бұл трактаты тригонометрияны дамытуға да игі ықпал жасады.
Әбу Насыр әл-Фарабидің математикалық идеяларын, мұраларын Әбу-л-Уафа, Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Омар һайям сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи тәрізді Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
Физика саласындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің көрнекті еңбегі “Вакуум туралы” деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан.
“Алхимия өнерінің қажеттігі туралы” атты трактатында өз тұсындағы алхимиялық білімдерді талдап, алхимияның жалған қабыршағынан ғылыми дәнін бөліп алып, оны белгілі бір зерттеу пәні бар жаратылыстану ғылымының бір саласы ретінде қарастырады.
Әбу Насыр әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы” т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады.
Астрономияда күн апогейі орнының тұрақты болмайтынын өз тәжірибесі арқылы бақылап анықтаған. Сәуленің таралуын геометрия оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береді. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Насыр әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Әбу Насыр әл-Фараби ежелгі гректің ұлы астрономы Клавдий Птоломейдің еңбектерін түсіндіре, кемелдендіре отырып, өз тарапынан да теориялық (математикалық), практикалық мәні зор қорытындылар жасап, соны идеялар, пікірлер айтады. Мысалы, ол тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтуін бақылайды, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын трактатында ғұлама ғылыми астрономияны, жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы т.б. көрінерлік қасиеттеріне сүйеніп, жер бетіндегі оқиғалардың, адам өмірінің болашағын алдын-ала болжауға болады дейтін дүдәмал, күмәнді ғылымсымақты астрологиядан бөліп қарайды.
Ғұламаның ғылыми-философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол-шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты.
Әбу Насыр әл-Фараби әмбебап музыкант та болған. Саз аспаптарында ойнап, ән салған, өз жанынан ән, күй шығарған. “Музыканың ұлы кітабы” — ғұламаның әрі музыка жайында, әрі физика-математика жайында жазған тарихи үлкен туындысы. Мұнда музыкалық акустика мәселелері барынша кең қамтылып, дыбыстың табиғаты, тегі, таралуы т.б. жайында көптеген дұрыс, пікірлер айтылған.
Ғұлама өнер біткеннің бәрі бір адамның құшағына сыймайтынын білсе де, «ғақлия көзбен қарасаң, дүние – ғажап, сен – есік, жаһлы көзбен қарасаң, дүние – қоқыс, сен – меншік» деп өмір бойы шарқ ұра ізденумен өткен, ғалым ізденгіштігіне шек жоқ. Ғалым өмірінің басты мәні де – тар жол, тайғақ кешулі кезеңдердегі сан тараулы қилы қиындықтарға мойымастан, жүнжіп кетпестен аса сабырлылықпен ізденуінде, ғалам құпияларына бойлауында. Ғұламаның ешуақытта толдым, толыстым, жеттім, жеңдім демеуі де бүгінгі жаңа ұрпаққа тағылым болса керек-ті. Ақырында ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі «даналар талай нысан тапқанымен, тапқан жоқ тектің тегін әлі бірі» деп кейінгіге үміт арта өткен екен.
Сөзімізді қорытындылай келе, Қазақ даласы Отырарда дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның мүмкіндігін әлемге паш еткен Әбу Насыр Әл-Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын бейнелейді! Батыс пен Шығыстың өркениеттер аралық сұхбаттастық идеалына жақындай түсуіне жағдай жасайды. Әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық.
Әдебиеттер:
-
↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6
-
↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
-
↑ Әлімқұлова Р., Сәтімбеков Р. Ә 55 Биология: Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. - 2-басылымы, өңделген, толықтырылған. – Алматы: Атамұра, 2008. - 320 бет. ISBN 9965-34-812-Х
-
↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
-
↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
-
Dalanews газет
-
20.03.2020 Білімді Ел
-
egemen.kz: https://egemen.kz/article/219903-ghulama-abu-nasyr-al-farabi
© egemen.kz -
24.02.2020 Білімді Ел

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген