400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы

Материал туралы қысқаша түсінік
бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің тарихын, ата-бабаларының тарихын білуі және оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасау, сабақ алу және білу. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және қалпына келтіру.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Маметова Гульпям Рустамовна

Алматы қаласы Жетысу ауданы №150 ЖББ мектеп

АНДАТПА


Ғылыми жобаның мақсаты: бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің тарихын, ата-бабаларының тарихын білуі және оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасау, сабақ алу және білу.
Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және қалпына келтіру.


Ғылыми болжам: ұлтымыздың, тіліміздің, дініміздің, ата-бабаларымыздың тарихын сақтай отырып «басқалардан кем болмаспыз». 


Зерттеу кезеңдері:

  • Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы

  • Жібек жолының бойындағы қалалар

  • Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары

  • Сауда мен тауарлары

  • Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы


Ғылыми жобаның әдісі: жинақтау, талдау (анализ) және синтез тәрізді зерттеу әдістері, түсінік беру, одан әрі сабақтастыру.


Зерттеудегі жаңалық: Ұлы Жібек жолының тарихын, ерекшілігін зерттеу жұмыстарын одан әрі қолға алу.


Зерттеудің нәтижесі мен шешімі: Ұлы Жібек жолының тарихын біліп, тағылым алу, қайта түлету және жаңғырту.


Зерттеудың іс жүзінде қолдану аймақтары: журналистика, әдебиеттану, тарих, саясаттану, саяси әлеуметтану, мәдени әлеуметтану, мәдениеттану салаларында, оқу орындарында, қолдануға болады.












Мазмұны



Кіріспе ................................................................................................3

Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы....................................4

Жібек жолының бойындағы қалалар ..........................................8

Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары ..................11

Сауда мен тауарлары .......................................................................15

Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы...........16

Дін соқпақтары...................................................................................18

Ұлы жібек жолы: Қазақстан мен әлемдік қауымдастық............22

Қорытынды..........................................................................................25

Пайдаланылған ресурстар мен әдебиеттер....................................25































Кіріспе


Ұлы Жібек жолы Еуропа мен Азияны байланыстырған. Еуразияны бөліп Қазақстан аумағын басып өтетін Ұлы Жібек жолының тарихы өте ертеден басталды. Ұлы Жібек жолы – Жерорта теңізі маңындағы батыстық мәдениеті дамыған өркениетті елдерінен Қытайға дейін баратын сауда-керуен жолы.

Б.з.б ІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының сауда дипломатиялық басты жолы ретінде аты шығады. Ұлы Жібек жолы Алтай, Памир, Хантеңри, Сырдария, Әмудария, жерімен өткен. Жібек жолының тармақтары V-VІІ ғасырларда Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерлерін қамтыған. Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Самарқан, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Талхиз, Үргеніш, Испиджаб, Шаш, Весидж, Шауғар т.б. ірі ортағасырлық қалалар орналасқан. Кейіннен ХІІІ – ХІV ғасырларда Жібек жолының саяси-экономикалық маңызы артқан.

Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне келетін Дала жолы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жиек, ұлпандар мен терілер, иран кілемдері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын.

Қымбат бағалы жібек түрлерін таратуға сақтар мен скифтердің көшпелі тайпалары да қатысқан, осылардың дәнекерлік демеуі арқасында сол кез үшін тансық болған бұл тауар Орта Азия мен Орта теңіз аймағына дейін жеткен.

Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастаған. Міне сонау ықылым замандарда адамзаттың араласуына, етене танысуына көп септігі тиген ұлы сүрлеу әлі де ұмытыла қойған жоқ. Тіпті осы жолдың бойындағы кез келген елде Жібек жолы деген атауларды кездестіретініңіз айқын.

Ұлы Жібек жолының тарихын біліп, тағылым алу біздер үшін маңызы зор іс.












ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЕРЕКШІЛІГІ



Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы

Осынау тарихи жолдың жібек саудасына байланысты "Жібек жолы” атанғаны түсінікті. Ал "Ұлы” сөзінің оған қосылуы жолдың кең-байтақ Шығыс өлкелері мен Батыс өлкелерін байланыстырып жатуынан. Сондықтан да бұл жол "Ұлы Жібек жолы” болып тарихқа енді.

Қытай жазба деректеріндегі хабарларда б.з.б. II-I ғасырларда Үйсін мемлекетінің Қытай өкіметімен қарым-қатынастары жайлы мәліметтер бар. Сол байланыс кезінде олардың араларында жасалған саудада қымбат бағалы жібектің жүргендігі сөзсіз. Сол қытай деректері бойынша, VI ғасырда Батыс Түрік қағанының және оның нөкелерінің жібек шапан кигендері белгілі. Бұл- VI ғасырда жібектің бүкіл Еуразияға әйгілі болған кезеңі.

Жібек жолымен ең алғашқы сауда байланысы б.з.б ІІІ-ІІ ғасырларда жасалған. Бұл сауда жолының Жібек жолы атануында үлкен мән бар. Себебі алғашқы негізгі тауары жібек болған. Сонымен қатар VI ғасырда будда ламасы Сюань-Цзянь Ыстықкөл маңындағы Түрік қағанатының Суяб қаласына келеді. Түрік қағанының оған жібекті сыйға бергені айтылады.

Керуен жолдарының тарамдалған жүйесі Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуропа мен Азияны қым-қиғаш кесіп өтіп, ерте дүние мен орта ғасыр дәуірінде сауда байланыстары мен Батыс пен Шығыс мәдениеттері арасындағы тілдесуінің маңызды құралы қызметін атқарды. Жолдың неғұрлым ұзақ үзігі Қазақстан мен Орта Азия арқылы өтті. Б.д.дейінгі 2 ғасырдың ортасында пайда болған Жібек жолы , егер Шығыстан жүрсек, Қытайдан (Чаньани) басталады да, Ланчжоу ауданында Хуанхе асуы арқылы өтіп, одан әрі Нан-Шаньнің солтүстік сілемдері арқылы ұлы Қытай қабырғаларының батыс шетіне және "Яшмалық қақпалар бекетіне" жетеді. Такла-Макан шөлін солтүстіктен және оңтүстіктен жиектей отырып, бұл жерде бірыңғай жол тармақталады. Солтүстік жол Хами, Тұрфан, Бесбалық, Шихо алқаптары арқылы Іле өзені даласына тартады. Ортаңғысы - Чаочаннан Қарашарға, Ақсуға және Бедел асуы арқылы Ыстық көлдің оңтүстік жағасына тіреледі. Оңтүстігі - Дунхуан, Хотан, Жаркент арқылы Бактрияға, Һіндістан мен Жерорта теңізіне келеді. Бұл "Оңтүстік жол" деп аталады. Ал "Солтүстік жол" Қашқардан Ферғанаға және одан әрі Самарқант арқылы Бұқараға , Мерв арқылы Хамадан мен Сирияға асады.

Жол бұдан 3-4 мың жыл бұрын болған. Ол Қытайдың Хан патшалығы кезінде ғана өркендей бастаған, себебі Хан патшалығының Хан Уди патшасы Жаң Чянды батыс өңірге екі рет жіберіп, Орталық Азиядағы елдермен достасуға пейілді болған. Жаң Чян қазіргі Ферғана, Самарқан және Балқаш көлі сияқты жерлерге барған. Жаң Чянның сапары бұл жолды шығыс пен батыс үкіметтері арасындағы байланыс жолына айналдырған. Осыған орай саудагерлер де «Жібек жолында» ат ізін суытпаған. Жаң Чян батыс өңірге және Орта Азияға Қытайдың жібек өнімдерін ала барған;ал елге қайтарында барған жерлерінің тауарлары және батыс өңірінің музыкасы сияқты алуан түрлі мәдениетті алып қайтқан. Жаң Чянның сапары қытайлықтардың батыс өңір мен Орта Азияны түсінуіне мүмкіндік берді. Ал Жаң Чян барған жерлердегі халық та Қытайдың өнімдері мен мәдениетіне қатысты түсінігін анағұрлым тереңдетті. Осылайша, бұл жол гүлденіп, көркейе бастады. Шығыс пен батыстың аралығындағы дәнекерге айналып, өркениеттерді өзара тоғыстырды. Осы жолды қорғау және дамыту мақсатында, Қытайдың әр дәуірдегі патшалары жол бойына қарауыл қойып, әскер тұрғызды.

«Жібек жолы» іс жүзінде өзгермейтін тұрақты жол емес, қайта ол уақыт ізімен өзгеріп отырған, бірақ тарихтағы дәстүрлі сорабы өзгермеген:жол шығыста Чаң-аннан (қазіргі Ши-ан) басталып, Тарым ойпатынан өтіп, Памир үстіртінен асып, Орталық Азияны, Батыс Азияны кесіп өтіп, Жерорта теңізінің шығыс жағалауына дейін барады, жалпы ұзындығы 7000 км асады.

Ерте кездегі «Жібек жолы» Шинжәңнан 3 айрыққа бөлінген, Тянь-Шань тауының солтүстігіндегі ежелден бар дала жолы: Жемсары, Іле өңірін басып, Балқаш өңіріне барады, онан ары батыс солтүстікке жүргенде Қара теңіздің шығыс жағалауына жетеді. Оңтүстік айрығы Крораннан (Лулан) шығып Күнлүн тауының батысын қапталдап Жаркентке барады, онан ары жүргенде адырлардан асып, Орта Азияға, Батыс Азияға, Еуропаға дейін созылады. Кроранның батыс солтүстігіндегі Көншы өзенінің батысын бойлап, Иіңпанды, Күшарды басып Қашқар Жаңашар ауданына баратын жол солтүстік айрығы саналады, бұл жол да адырлардан асып, Еуропаға дейін барады.

Кейін тағы 3 айрық жол пайда болды:Юймынның батыс солтүстігінен басталып, қазіргі Құмыл, Тұрпан, Жемсары сияқты жерлерді басып, бұрынғы дала жолына тұтасатын жол, бұл кейінірек «солтүстік жол» деп аталды. Тұрпаннан шығып, Тянь-Шань тауының оңтүстігін қапталдап, батысқа беттеп, Қарашәр, Күшәрді басып, бұрынғы солтүстік жол айрығымен тұтасатын жол кейінгі кездері «Орта жол» деп аталды. «Оңтүстік жол» бұрынғысымен ұқсас.

Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан басталды. Ол Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле өзенімен Ыстық көлге жетеді. Жол осы арада батысқа және солтүстік-батысқа қарай шығу үшін оңтүстік, солтүстік бағыттарға тармақталады. Оңтүстік бағыт Ферғана, Самарқан, Иран, Ирак, Сирия елдері мен Жерорта теңізіне шыққан. Ал солтүстік бағыт Оңтүстік Қазақстанда Испиджаб қаласына келіп және екі тармаққа бөлінген. Біреуі Орта Азияға қарай, екіншісі Түркістан арқылы Сырдарияның төменгі ағысымен батыс Қазақстанға шығып, Еуропаға қарай өткен.

Алайда бұл көрсетілген бағыттар үнемі тұрақты болды деп айтуға болмайды. Ол халықаралық саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырған. Бірақ мүлде өзгеріп, басқа арнаға түспеген. Жағдайға байланысты бұрынғы жолдар қайта жанданып отырған.

Ұлы Жібек жолының шаруашылықтың дамуына тигізген әсері. Ежелгі Қытай деректеріне қарағанда, б.з.б. Iғ. ортасында алғаш рет Қытай елінен Батыстағы елдерге қарай жібек артқан керуендер жолға шыққан. Ал бұған жауап ретінде Қытайға немесе Шығыс елдеріне қарай Жерорта теңізі жағасындағы елдерден, Таяу және Орта Шығыстан, Орта Азиядағы елдерден әр түрлі тауарлар ағыла бастаған. Халықаралық сауда жолы арқылы Орта Азияның атақты асыл тұқымды жылқылары, Шығыс елдерінен пілдер мен мүйізтұмсық, барыс пен арыстандар, аң аулауға және саятшылық құруға қажетті құстар (қаршыға, бүркіт) сияқты сирек кездесетін жан-жануарлар сатыла бастаған.

Әсіресе, бұл жолдың бойымен қолда өсірілетін мәдени өсімдіктердің ішінде жүзім түрлері, шабдалы, қауын, Шығыстың, Орта Азияның жемістері сатылған. Көкөністердің сирек кездесетін түрлері тұқымымның сатылуы олардың Азия елдерінде де егіліп, шаруашылықтың жандануына пайдасын тигізіп отырған. Мәселен, қазіргі кезде базарда сатылып жүрген қытай немесе болғар бұрыштары сол ерте кездерден-ақ осы Жібек жолының арқасында көп елге тараған.

Жібекті халықаралық саудаға шығарғанмен, оны өндіру тәсілін Қытай өкіметі өте құпия сақтаған. Бірақ та соған қарамастан, ол құпияны Қытайдан жасырын түрде алып шыққандар болған. Деректерге қарағанда, жібек құртын адамдар қуыс қурайдың ішіне салып, тіпті кейбір әйелдер шашының арасына тығып алып шықса керек. Сөйтіп, жібек өндіру б.з. алғашқы кезінде Византия, Соғды сияқты елдерде тағы да игеріле бастаған. Соғдыды жібек өндірудің дамығаны сонша, жібек сатуда Қытай мемлекетімен бәсекеге түскен. Мәселен, кытайдың кейбір қалаларында олардың сауда отарлары болған. Ал Жібек жолының Жапонияның сілемі – ертедегі астанасы Нарға қаласында жібек сататын орындар болған. Оның басты бір дәлелі, ондағы ғибадатханада осы уақытқа дейін соғды тілінде жазылған қолжазбаның сақталуы. Осылай жібек өндіру Жапон елінде, Кавказ жерінде жандана бастайды. Сөйтіп Ұлы Жібек жолының бойындағы сауданың дамуы арқасында бүкіл дүние жүзінде жібек шаруашылығы және басқа да шаруашылық түрлері дами бастайды.

Ұлы Жібек жолының мәдениеттің өркендеуіне тигізген ықпалы. Сауда кезінде жол бойындағы елдердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауының барысында олар тек тұтыну бұйымдары арқылы ғана емес, өзара мәдени жағынан да байланысқа түседі. Сатылатын бұйымдар өзінің өте тамаша, сәнді жасалуы арқылы үлкен сұранысқа ие болады. Хас шеберлер қалыптасады. Мәселен, археологиялық қазба жұмысы кезінде атақты Византия шеберлерінің қолынан шыққан тамаша күміс құмыралар Тараз қаласынан табылған. Осындай құыраларды жергілікті шеберлер де жасаған болуы керек. Қытайдың әдемі фарфордан жасаған, көздің жауын алатын ыдыстары Қазақстандағы Талғар, Испиджаб, Отырар сияқты ортағасырлық қалалардан көптеп табылған. Яғни жергілікті шеберлер де сондай ыдыстар жасауға маманданған. Бұдан елдер арасында мәдени байланыстың туа бастағандығын көреміз.

Жібек жолы бойындағы мәдени байланыс, әсіресе музыка саласында ерекше байқалады. Саз балшықтан жасалған түйе үстінде отырған өнерпаздар мүсіндері жол бойындағы елдерді аралап жүріп өнер көрсеткен өнер иелері өмірінің бір сәтін бейнелейді. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, Ұлы Жібек жолының бойындағы кейбір Тараз, Баласағұн, Испиджаб сияқты қалалардан әр түрлі діни нанымдарға байланысты мешіт-медреселердің орындары табылған. Қала тұрғындары діни наным-сенімі жағынан түрлі көзқараста болғанымен, ортақ мәдени үлгілері тұтынған. Керек кездерде олар өнер сайыстарына түсіп, ортақ өнердің дамуына өз үлестерін қосып отырған.

Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы тарихи маңызы. Жібек жолы халықтар арасындағы сауданың дамуына ғана зор үлесін қосып қойып қойған жоқ, ол Шығыс пен Батыс елдерінің арасындағы халықаралық (дипломатиялық) қарым-қатынастың дамуына да өзінің үлкен пайдасын тигізген. Қытай жазба деректеріне қарағанда, Жібек жолының халықаралық қарым-қатынас жағынан жандана бастаған кезі б.з.б. II ғ. ортасында бастаған. Қытай императоры У-Ди 138 жылы Батыс елдеріне қарай аттандырған елшілік 13 жылдан кейін оралған. Міне, осы елшілік оларған кезден бастап Қазақстан, Орта Азия жеріне және батыстағы елдерге қарай жібек артқан керуендер шыға бастаған. Бұған керісінше, Батыс елдерінен Қытайға қарай елшіліктер шыққан.

Сауда жолына байланысты дипломатиялық қарым-қатынасты 568 жылғы Түрік қағанаты мен Византия мемлекетінің арасында болған келісімдерден толық байқауға болады. Екі ел саудаға байланысты Иранға қарсы одақ құрған. Елшіліктердің пайда болуы халықаралық сауданың дамуын күшейтеді. Алғашқы кезде қытай жібегі елдердің елшіліктері арасында және патшалар үшін аса бағалы тауар болып, ақша немесе құнды сыйлық орнына жүрген. Мәселен, Иран шахына Қытай императорының атынан жібектен жасалған әшекейлі киімдер жіберілген. Сонымен Ұлы Жібек жолының мемлекеттер арасында сауданың дамуына ғана емес, олардың арасындағы саяси қарым-қатынастың дамуына да тарихи ықпалы зор болды.


Жібек жолының бойындағы қалалар


Қытайдан бастауын алған сауда жолы Орта Азия арқылы бүкіл Еуропаға тарағаны белгілі. Шамамен осыдан 3-4 мың жыл бұрын Хан патшалығы кезінде өркендей бастаған Жібек Жолы алғашында Қытайдың Орта Азия халықтарымен достық байланысты нығайту үшін салынған жобасы делінеді. Аты айтып тұрғандай, керуен жолымен бүгінгі Қазақстан территориясына негізінен жібек маталары әкелінген. Сауда айналымы артып, керуен қатары өскен сайын жолдың бағыты да өзгере берді, яғни саудагерлер Қара теңіз арқылы батысқа бет алып, тауарын Еуропа халықтарына тасымалдады.

Кәрі құрлық халқына өркениеттің келетіні де осы кез. Ұлы Жібек Жолымен бірге Еуропаға тек сауда тауарлары жеткен жоқ, сондай-ақ, Азия халықтарының мәдениеті де қоса келді.

VI-XII ғасырда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Испиджаб сияқты қалалар бой көтерді. Олардың көтерілуі таптық қоғамның шығуының айқын көрінісі еді.

Орта ғасырда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстігінде басты және ірі қалалардың бірі-Испиджаб(қазіргі Сайрам) болды. Оның толық сипаттамсын Әл-Макдиси берген. «Испиджаб ірі қала,-деп жазды ол.Оның рабады(күзеті) мен тұратын мединасы бар. Онда төбесі жоқ базарлар, мата базары мен үлкен мешіт бар. Оның 4 қақпасы: Нуджакет қақпасы, Фархан қақпасы, Шахраны қақпасы, Бұқара қақпасы әр қақпаның жанында рабады бар».

Жібек Жолының жандануымен қазақ даласындағы халықтың біразі отырықшылыққа өтіп, өңірде жаңа қалалар пайда бола бастады. Ал, Отырар, Испиджап, Суяб, Сауран, Тараз сынды үлкен шаһарлар гүлденіп, елдегі маңыздылығын арттыра түскен. Сауда жолының бойында орналасқандықтан аталмыш қалалар тез өркендеді, ондағы халықтың саны да күрт артқан болатын. Демек, осынау шаһарлар тарихына бір көз жүгіртсек...

Отырар Қазақстанның ортағасырлық ірі қалаларының бірі. Сырдарияның Арыс өзеніне құяр сағасына таяу орналасқан. Отырар қаласының аты VIII ғасырдан бастап аталғанмен, оның бастапқы тарихы б.з.б. II ғасырда Сырдарияның орта ағысында пайда болған Қаңлы мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. IX ғасырдың ортасынан бастап Отырар Самани әулеті мемлекетінің ықпалында болды. Осы кезеңнен бастап бұл өлкеде сауда-саттық жасау, ғалымдардың «білім қууды көздеген» саяхаттары адамдардың ой-өрісін кеңейтті. Өнердің, ғылым мен колөнер кәсіпшілігінің таралуына ықпалын тигізді. Энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің осы қаладан шығуы кездейсоқ емес. Отырардың алып жатқан ауданы 200 гектарға жетіп, нағыз Шығыс қаласына айналған болатын. 1219 жылы Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін қала жермен-жексен болды. Қазіргі таңда тек орны ғана қалған.

Көне Тараз қаласы қазіргі Тараздың орнында болған. Бұл жайындағы алғашқы дерек грек елшісі Земархтың хабарламасында айтылады. Ал, 630 жылы Сюань Цзанның жазбасында ірі сауда қаласы ретінде сипатталған. Тараз VII- VIII ғасырда Ұлы Жібек жолында орналасқан сауда және қолөнер орталығына айналған керемет шаһар. Мұнда оңтүстіктің күміс кендері мен терістіктегі қимақтарға баратын керуен жолдары тоғысатын. X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси қала жайында былай деп жазды: «Тараз – бақтары көп, халқы тығыз қоныстанған, қамал сыртынан терең орлар қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекені бар ірі бекіністі қала». Көне Тараздың қазіргі Тараз қаласының орнында орналасқанын алғаш В.В.Бартольд дәлелдеген. Кейін археологтар М. Е. Массон, A. Н. Бернштам, Е. И. Агеева, Г. И. Пацевич, Т. Н. Сениговалар қаланың көлемін, құрылысын, мәдени қабаттарының калыңдығын анықтады. Соның нәтижесінде Тараздағы өмір б.з. I ғасырда пайда болып, XVI ғасырға дейін жалғасқан деген қорытынды жасалды.

Құлан орта ғасырдағы (VII-XIIғ.) шағын қаланың орны. Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы. Қала туралы алғашқы тарихи деректер VII ғасырдан бастап белгілі. Саяхатшылар Ибн Хордадбек, Құдам қолжазбаларында Құлан Тараз қаласының шығысына таман, Ұлы Жібек жолындағы қала деп көрсетіледі. Әл-Макдиси Құланды 10 ғасырда былай сипаттады: «Күмбезді мешіті бар, мықты қоршалған қамал. Бұл үлкен Тараз жолының бойында орналасқан бекіністі қала». 1963—65 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы зерттеп, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы маңындағы төбе-төбе үйінділерді ежелгі Құлан қаласының орны деген қорытындыға келді.

Саудакент Қаратаудың солтүстік беткейінде қазіргі Байқадам кентінің маңында орналасқан. Ежелгі деректерде ол Сугулхан (X ғ.), кейінірек Сулхан (XIII ғ.) деген атпен белгілі. Саудакент VII-XII ғасырларда Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығына айналған. ҚазКСР ҒА-ның Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары кезінде 11 мұнаралы дуалмен қоршалған ескі қаланың орнын аршып алған. Қала орнынан табылған құмыралар, қыштан жасалған түрлі ыдыс-аяқтар оның VI-XV ғасырларда өмір сүргенін дәлелдейді.

Сайрам (Испиджап) туралы алғашқы деректер біздің жыл санауымызға дейінгі ІV ғасырда парсылардың шежіре кітабы "Авестада" кездеседі. Аталмыш бастау хатта қаланың орналасу ендігі Сайрам елі деп көрсетілген екен. Соған қарағанда бұл атау қаланың ықпал ету аймағын білдірсе керек. Көне түрік тілінде "Сайрам" тастақ сай деген ұғымды білдіреді. Ал Испиджаб "екі дария аралығы" деген сөздің баламасы екен. Қаланың одан басқа да Орынкент, Аққала деген атта-ры болған. Бірақ, тарихи жазбаларда да, кейінгі замандары да бұл атаулар сирек қолданылады.

Жібек жолының үстінде тұрған қаланың дамуына сауда мен кәсіпкерліктің ықпалы зор болды. Онда ірі бай, іскер адамдар тұрды. Қалада әкімшілік басқару жүйесінің құрылуы қаржыларды қорландыруға, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелі дамытуға, оған бай адамдарды тартуға мүмкіндік берді. Кейінгі кездері табылған деректерді негізге ала отырып, қазіргі тарихшылар Сайрам жерін осы ұланғайыр кеңістікті мекендеген тайпалардың еркін араласу аймағы, яғни экономикалық орталығы болды деген болжамдар айтуда.

Сол заманда орын алған шапқыншылықтар Испиджаб әркениетіне ауыр соққы болып тиді. Шыңғыстың жер қайыстырған әскері Сайрам өңірін дауыл соққандай жапырып өтті. Сол трагедияның куәсі болған "Муджам-ал-булдан" атты географиялық сөздіктің авторы Яқұт Ханауи әр-Руми былай деп жазды: "Испиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникент және Фараб жазмыштың тәлкегіне тап болды... сонан соң 616 жылы аспан мен жер жаралғаннан ешбір болмаған апатқа ұшырады. Олар осы қалада қалғандарды қырып-жойды. Тамаша баулар мен әсем қалаларда қираған қабырғалардан басқа және құрып кеткен халықтың сүрлеу-сорабынан басқа ештеңе қалған жоқ".

Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайықтың оң жақ жағасында бір кездегі атақты Сарайджук (Сарайшық) қаласының қираған орны жатыр. Қаланың іргесі XI ғасырда қаланған, гүлденген дәуірі XIII-XIV ғасырлар аралығы. Қала Еуропа мен Азияны жалғастыратын керуен жолы бойында орналаскан. Мұнда салтанатты сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер салынды. Қала кейінірек Алтын Орда хандары жерленген қасиетті орынға айналған.

Жібек Жолының бойында сонымен қатар, Суяб, Баласағұн, Сауран, Түркістан сынды ірі қалалар да бар болатын. Шапқыншылық, соғыстар кезінде аталған шаһарлардың барлығы дерлік жер бетінен жоғалды. Ғалымдар осынау қалалар бүгінгі күнге дейін жеткенде Қазақстанның бүгінгі жай-күйі мүлдем басқа болар еді дегенді айтып жүр. Қазіргі таңда бұл тарихи орындардан тек қана кішкентай төбелер қалған.

Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары


Егер Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен.

Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры Юстинианның стратег Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған. Мұның үстіне ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған.

Т аразбен қатар Жамухат деген шаһар тұрған, ол да VI ғ. хатқа енген. Жамухаттың жәдігерліктері Талас алқабында, Жамбылға таяу жерде, Талас өзенінің бойындағы Михайловка селосына қарама-қарсы бетте жатыр, оның үйінділерін кәзір Қостөбе деп атайды. Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы бар, 751 ж. оның бінде осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. Тараздан таяқ тастам жерде, Талас бойымен теріскейге қарай кететін сауда жолы үстінде Адақкет пен Нуджикес қаласы тұратын. Талас алқабының таулы бөлегінде сол сияқты Шелжі, Сұс, Күл және Текабкет деген қалалар болған. Бұлар күміс кендеріне жуық жерден қоныс тепкенді. Керуендер Талас алқабына Ферғана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлегі Жібек жолының рғаналық және Жетісулық бағыттарын біріктіретін. Тараздан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын Тараз бен Құлан аралығындағы территория қарлұқтерге жататын. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен фарсақтай жерде Меркі мен Аспара қалалары барды. Сосын сауда керуендері Нұзкент, Харраджуан, Жол қалаларына соғып өтіп жолдан кейін ол Сарығ, «түрік қағанының қыстағына» Қырмырауға баратын.

Қырмыраудан жол салдырып отырып, Жетісудың ең ірі қаланың бірі — Науакентке (Қытайша Синчен) апаратын. Бұл екі атау да Жаңа қала деп аударылады. Науакент түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған.

Жол Науакенттен шыққасын Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кей түргештер, қарлықтар астанасы) Суябқа келеді. Бұ қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғ, дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін XIII ғ. бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғ. тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бұ қалалардың тұрған жері кәзіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде және орта ғасырдың кепке белгілі екі ескерткішіне — Ақбешім мен Боран қала жұртына сәйкес келеді.

Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыссық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барысхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсудан барып шығады.

Ал керуен жолы Ыссық көл қазан шұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жағалауын бойлап отырып, Үсек, пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайға жететін болған.

X—XII ғғ. Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикен және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген. Әлгі асуға тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен. Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Қаскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Тәлхиз (Тәлхира) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі қала жұртының ойран болған орны жатыр. Тәлхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған.

Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспа-радан немесе Нұзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Щу — Іле тауларының теріскей жоталарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген.

Тәлхизден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі Есік пен Түрген, Шелек үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хорғос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыссық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлегінен археологтар Есік Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектік төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол кәзіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны бар.

Тәлхизден басталатын теріскей жолы Талғар өзенін қуалай жүріп, Іленің Қапшағай шатқалы маңындағы өткеліне дейін жеткен. Одан әрі жол Шеңгелді үстімен Алтын Емел белесінен асып, Көксу алқабына түседі де, Екіоғыз қаласына жетеді. Ол кәзіргі Дунғановка селосының орнында болған. Вильгельм Рубрук бұ қаланы Эквиус деп атаған. Іле алқабының ең үлкен қала жұртының бірі тап осы жерден табылған. Онда 1253 ж. болған В. Рубрук осынау қалада «сарациндер» (иран көпестері) тұрушы еді— деп жазады.

Жол Екіоғыздан шығып, қарлықтар жабғысының астанасы Қаялыққа (Қойлақ) барады екен. Бұл шаһардың хан базарларымен аты шыққан. Онда мұсылмандармен бірге, өздерінің шіркеуі бар христиандар да тұрған. Ол жөнінде моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, осы қалаға соғып кеткен, Людовик IX— елшісі, монах-сопы В. Рубрук хабарлайды. Каялық — қарлықтар орталығы болған, IX г. —XIII ғ. бас кезінде Іле алқабының солтүстік-шығыс бөлегі қарлықтар қоластына қараған. Каялық Қаратал өзені алқабында көзіргі Антонов селосының шет жағында тұрған. Рубруктың жазбаларына қарағанда, Каялыққа жақын-жуық жерде христиандар селосы болған, Жібек жолы сол арқылы өткен. Содан әрі қарай жол Тентек алқабымен жүріл, Алакөлді айналып өтіп, Жоңғар қақпасын басып Шихо алқабына жетеді, сосын Бесбалықты басып, Дунхуанға барады да, Ішкі Қытай жаққа шығандап кетеді екен.

Алакөлдің оңтүстік-батыс шетінде бір қала болған, оны XIII ғ. саяхатшылары «Облыстың астанасы» деп атаған.

Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа иек артып, Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне барған.

Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шавғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен.

Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шавгарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа қаласына баратын болған. Одан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай — Жентке кеткен. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Ургенішке қаражол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Кавказға асып кететін болған. Жібек жолының осы бөлегі XIII ғ. өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шулы-дулы шаһарлар үстімен жүретін болады. Шавғар VIII ғ. деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шүйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Кәзіргі Түркістан тұрған жерде, Шавгармен қатар X—XIII ғғ. Яссы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Яссауи со шаһарда тұрып, уағыз-насихатын жүргізеді.

Шавгардан шыға жол оғыздар астанасы — Янгикентке қарай тартатын. Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге баратын.

Әуелі, Шавгардан, кейіңірек Яссыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутукчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін.

Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады.

Жолдың Отырардан таралған бір желісі Арсубаникеттен өтіп, Арыстанды, Шаян алқаптарына, сосын Қаратаудық жатаған белесінен асып; ал Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы — бәр-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Сол аймақтан орта ғасырдың: Болған-ата, Жаманқорған, Нөгербек-Дарасы, Домбауыл, Ормамбет сияқты қала жұрттарының қалдықтары табылған. Әсілі, орта ғасыр бастаухаттарында айтылатын. Жұбын, Конгликет, Ортау мен Кентау сияқты жайлауларды, Гарбиан мен Бақырлытау сияқты кен орындарын осы маңайдан іздеген жөн.

Тараздан шыққан тағы бір сауда жолы Адахкес пен Дех-Нуджикес қалалары арқылы Ертіс жағасына, Қимектер қағанының сарайына барып, одан әрі асып, Енисейдегі қырғыздар еліне тартатын болған.

Іле алқабы Орталық Қазақстанмен Шу – Іле тауының теріскей жоталарымен жүріп Шуға шығады да, сосын оның бойын қуалап барып, Сарысу өзені жағалауына шыққан.

Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлар арқылы Балқаш өңіріне, сосын Іледен тарайтын Ортасуды жиектеп. сол арадағы Ақтам қала жұртының орнын басып, көлдің түскейінен 8 шақырым бұғаз арқылы теріскейіне шығады. Керуендер бұғазды кешіп өтіп, Тоқырауын өзенінің құярлығына жуық жерден шығады екен дағы, оның бойын қуалап, әрі Ұлытау жоталарына қарай кетеді.

Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп Тарбағатай арқылы Ертіске, қимеқтер мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында Кимеқтың Банджар, Ханауыш, Астұр, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала – «қағандар астанасы» орналасқан еді. Кимеқтың қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарымен байланысып отырған.


Сауда мен тауарлары


Жібек жолы әуелгі кезде қытай жібегін шетелдерге шығаруға қызмет еткен. Сосын реті келген кезде Рим мен Византиядан, Үндістан мен Ираннан, Араб халифатынан, кейінірек Еуропа мен Русьтен осынау күре жолмен мирра мен ладан, жасмин суы мен амбра, кардамон мен мускат жаңғағы, жень-шень мен питонның өті, кілемдер мен маталар, бояулар мен минералдық шикізат, гауһар мен яшма, янтарь мен кораллдар, піл сүйегі мен «балық сояулары», құйма күміс пен алтын, ұлпандар мен теңгелер, садақ пен жебелер, семсер мен сүңгілер т.б. көптеген заттар әрлі-берлі тасылып жатқан. Жібек жолымен саудаға салу үшін Ферғананың атақты «тері қан боп шығатын» сәйгүліктері мен араб арғымақтарын, түйелер мен пілдерін, мүйізтұмсықтар мен арыстандарды, ілбіс пен жайранды, қаршығалар мен тауықтарды, тоты құстар мен түйеқұстарды алып жүрген.

Жібек жолы арқылы жүзім, шабдалы мен қауындар, бұрыш, қалампырлар, қант, көкөніс пен жемістер, әртүрлі көктер әлемге таратылған.

Қытай жібегі осы жолмен Батысқа жеткізіліп тұрған.Кейіннен Батыс пен Шығыстың басқа тауарлары тасылған (күміс, алтын, тұлпар, түйе, бүркіт,қаршыға, піл сүйегі,жеміс-жидектер, экзотикалық аңдар т.б.).

Дегенмен сауданың ең басты жиһазы жібек екен. Алтынмен бірге ол халықаралық валюта болған, оны хандар мен елшілерге тарту еткен, жалдамалы әскерге жалақы етіп берген, мемлекеттік қарызды сонымен төлеген.

Керуен жолымен тасылатын жібек пен басқа да тауарлардың бір бөлегі қазақ даласының қалаларында қалып отырған. Археологиялық олжалар — соның айқын айғағы.

Сондай сирек кездесетін және халықаралық сауданы зерттеуге аса қажет олжаның қатарына Отырардың күміс көмбесі жатады. Ол өзінің құрамы жағынан ақшалы-заттық олжа екен. Осынау теңгелер қоймасы шартараптан жиналыпты. Оның ішінде: Шығыс Түркістандағы Алмалық, Пулад, Емил (Омыл) Орда әл-Азам теңге сарайлары, еуропалықтан — Қырымның, кіші азиялықтан — Сиваси, Кония, Тебриздік, Қазақстаннан — Жент теңге сарайларының өнімдері бар. Теңгелерді шекіген кез —XIII ғ. 60-жж. екінші жартысының шамасы. Көмбеде Жібек жолы үстінде тұрған қалалардың «өзіндік карточкалары» бар.

Жібек жолымен тек бұйымдар ғана емес, әртүрлі көркемдік стиль модалары да таратылатын болған, әрине егер олардың әлеуметтік заказы болса, олар белгілі бір этникалық мәдени ортадағы күнілгері әзірленген жерге тап бола қалса, кеңінен тарап кетеді екен.


Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы


Орта ғасырлардың бастапқы кезінде Азияда аса кең аймақтары мен елдердің бейнесі ретінде әлемнің төрт патшалығының концепциясы етек алып жайылған еді. Осынау «әлем патшалығының» әрқайсысы замандастарының көз алдында өзіне ғана тән артықшылығымен дараланған. Сүй әулеті (589—618 жж.) мен Тан әулеті (618—907 жж.) өкіметтерінің қол астында біріккен Қытай, Үнді билеушілерінің патшалықтары, Тынық Мұхиттан бастап, Қара теңізге дейінгі Түрік бірлестігі, Персия мен Византия сияқты мемлекеттер дүниенің төрт тұсында орналасқан әлемдік терт монархияның негізі деп саналады: оңтүстікте – пілдер патшасының империясы (Үндістан), батыста – бағалы тастар патшасы (Иран мен Византия), солтүстікте – сәйгүліктер патшасы (Түрік қағанаты), Шығыста – адамдар патшасы (Қытай). Осы идея сосын мұсылман авторларына да ауысып келеді.

Самарканд маңындағы Кушания қыстағы үйлерінің қабырғаларындағы суреттер осы концепцияның айқын көрінісі болып табылады, онда бір қабырғада – қытай императорлары, екінші қабырғада – түрік хандары, мен үнді брахмандары, үшіншісінде – парсы патшалары мен рим императорлары бейнеленген еді.

С ол бір алыс оқиғалар замандастары тек өз мемлекеттерінің табыстары туралы ғана емес, басқа мәдениеттері құндылықтарын да игеру туралы жазған, бүкіл әлемдік мәдениеттің шынайы бір түрінің негізгі мәні, міне, осында болатын. Тауарларды, қолданбалы өнердің, сәулет өнері мен қабырға живописінің мәдени үлгілері мен эталондарын таратумен бірге, Шығыс пен Батыс елдеріне саз бен би өнері де, сахналық ойындар да кеңінен таратылып отырған.

Шетел оркестрлері сарай қызметіндегі кісілер құрамына енгізілген.

Мәселен, сазман патша Сюань Изунь 30 мың сазгер ұстаған. Түрік қағанының Суяб төңірегіндегі ордасында елшілерді қалай қабылдағаны жөніндегі сипаттама сақталып қалған. «Қаған, – деп жазады сол сияпатты көзімен көрген будда сопысы Сюань Цзянь, – шарап әкеліп, саз ойнауға әмір етті… сосын бір үзілмей, металл сыңғырымен сүйемелденген жат жерлік саз әуезі тамылжып төгілді де тұрды. Және ол жабайылардың сазы болғанымен, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, жаны мен ойын жадыратып отырды». Тан әулеті Қытайында ең көп жайылған саз Шығыс Түркістан мен Орта Азияның ән-күйлері болған. Құш пен Қашғардың, Бұқар мен Самарқанд – Үндістанның сазгерлік дәстүрі, Сарайдың ресми қамқорлығы арқасында қытайдың саздық дәстүрімен ұласып, табысып кетеді.

Иран, соғды мен түрік актерлері Қытайдың хореографиялық мәдениетіне көптеген жаңалықтар енгізеді. Мәселен, Константинопольде Шығыс артистері жиі-жиі өнер көрсетіп тұрады. Византия императоры әйелінің орыстың кінәз әйелі Ольганың құрметіне берген түскі қабылдауы кезінде шығыс масқарапаздары мен эквилибристері жиналғандардың көнлін көтеріп, рахатқа бөлейді, ал Мануил І-нің салжық сұлтан Арыстан ІІ-нің құрметіне жасаған мереке-тойында түрік акробаты алмағайып сальтоны орындаған. Сол сияқты өнерпаздар маска киіп ойын көрсеткен деседі.

Мұндай дәстүрлер кейінгі уақыттарға дейін мұсылман елдерінде сақталады. Наурыз мейрамы кезінде Бағдатта актерлер маска киіп, халиф алдында өнерлерін паш еткен.

Жібек жолы бойынан әртүрлі жердегі ескерткіштерді қазған кездері мәдениеттердің дамуын және өзара бірін бірі байытуын дәлелдейтін көптеген материалдық дәйектер табылған: бишілер мен биші әйелдерді, маскалы актерлерді, түйе үстіне жайғасып отырған музыкалық ансамбльдерді бейнелейтін Тан дәуірінің терракот коллекциясы – осының айғағы. Мұндағы көптеген артистердің бет бейнесінен Орта Азия халықтары өкілдері екені көрініп тұрады. Пенджикенттің, Варахша мен Топырақ қаланың және Шығыс Түркістанның қалаларындағы салтанат залдарында сақталып қалған қабырғалардағы суреттерде сазшылар мен актерлер бейнеленген. Биші әйелдің ағаштан қашалған таңғажайып мүсіні Пенджикенттен табылды. Сырдария бойындағы Кедер қаласында қазба жүргізген кезде X–XI ғг. артистің қыш маскасы кездесті.


Дін соқпақтары


Жібек жолымен діни идеялар да кең таратылып отырған, ал миссионерлер өз дінін тіпті теңіздің арғы бетіндегі елдерге барып таратқан. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Қытайға буддизм келген, Сирия мен Ираннан, Аравиядан – христиан діні, сосын барып ислам жеткен.

Ерте ортағасырларда буддизмнің негізгі миссионерлері қызметін соғдылар өз міндетіне алған. Будда дінін Орталық Азияда тарату ісінде тек солар ғана маңызды рөл атқарады. Шығыс Түркістандағы түріктердің будда текстеріндегі терминдерді талдап тексергенде, олардың соғдының көмегімен алынғаны анықталды. Ұлы жібек жолы үстіндегі бірқатар қалалардан будда ескерткіштері табылды.

Түріктер VI ғ. бастап буддизмнің қатты ықпалын өз басынан өткерген. Сюань-Цзян Батыс түрік қағанының будда дініне ықылас білдіргенін жазады. Зерттеушілер пікіріне келсек, VII ғ. бірінші жартысында батыс түріктерінің кейбір билеушілері буддашы болған немесе буддизмге қамқорлық жасаған. Бұл жәйт олардың отырықшылыққа және қала өміріне өтуімен тығыз байланысты болған.

Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда буддизм едәуір дәрежеде кең тараған. Ең әуелі бұл осы өлкеден буддалық құрылыстардың табылуынан көрінеді. Будда ескерткіштері Шу алқабының Ақбешім, Қызылөзен, Новопокровск, Новопавловск секілді қала жұрттарынан кездесті: ғимараттар, әдарияттар (монастырлар), шіркеулер, будда кейіпкерлері мен көріністері бейнеленген мүсіншелер мен стеллалар.

Кездейсоқ табылған археологиялық олжалар ішінде Үндістан импорты да көп кездеседі: буддалар мен буддашылардың қола мен күмістен құйылып, алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленген мүсіншелері, қола қаптырмалар мен пластиндер, уақ-түйек зат тәрізденіп жасалған тас бедерлер, бір кездері будда ғимараттары мен одарияттарына қойылған әулие-әнбиелердің тас бейнелері, сирек мүліктері болған будда иконографиясы сюжеттері бар стеллалар көңіл аударады.

Археологтардың соңғы ашқан жаңалықтары қатарына орта ғасырдың белгілі қаласы Исфиджаб-Сайрам үйінділеріне таяу жерден табылған жер асты әдарияты жатады.

Жібек жолы бойымен, Батыстан Шығысқа қарай жылжып оты бүддизмнен қалмай христиан діні де тараған. V ғ. Бірінші жартысында Шығыс Рим империясында священник Несторийдің «дінсіздік» мазһабы пайда болады.

Мария бике құдайды емес, адамды туды, Христос тек құдайдың шапағаты түскен», оның рухының иесі ғана деп үйретеді. Оның пікірі бойынша, Мария бикені тәңірия демей, Христосты туушы деген дұрыс. Атап айтқанда оның осы жаналығы қалың көпті әбігер етіп, береке-құтын қашырды. Бұл 325 ж. Никей соборында қабылданған дін бейнесіне қарама-қайшы келеді, ол қағида бойынша, Христос бөлуге болмайтын — адамдық және құдайлық киелі қасиеттің иесі болып есептелетін, сол себепті де оның құдай-әкемен біртамырлас екенін жоққа шығаруды ресми шіркеу барып тұрған дінсіздік деп таниды. Несторийдің ілімі 431 ж. Эфес соборында айыпталып, несториандар рақымсыз қаталдықпен қудалана бастайды. Осындай қуғын-сүргіннің салдарынан олар шарасыздықтан Иранға қашады. Несторийдің жақтастары Персиядағы Нисибин қаласында мектеп ұйымдастырады да, Византияға қарсы саяси оппозицияның бәрінің басын біріктіреді.

Сирияның бай көпестері мен қолөнершілері Константинопольдегі базардан айрылғаннан кейін, Шығысқа қарай жылжиды. Олардың отарлары мен сауда факторийлері Жерорта теңізінен «Аспан империясына» дейін созылып жатады. Осынау жолдың ұзына бойынан сирия жазуы мен сирия христиандығының белгілері кездесіп жатады, ал онда христиан дінінің таралуы өте ерте кезде басталған. Сириялықтардың сан ғасырға созылған экономикалық байланысы нәтижесінде, Аравия түбегі мен Үндістанға, Орта Азия елдеріне олардың мәдени ықпалы арта түседі. Соңғысында иран мен түрік тілдері сирия тілінің ықпалына түседі.

VII—VIII ғғ. несториандық ағым Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында кеңінен тарайды. Көптеген қалаларда христиан шіркеулері болады. Патриарх Тимофей кезінде (780–819 жж.) христиан дінін түрік патшасы – әсілі қарлықтар жабғысы болса керек – қабылдайды. IX–X ғғ. шамасында айрықша қарлық метрополиясы құрылады, Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері жұмыс істейді; христиан Сырдария қалаларында да тарап жатады.

Қаялықта өздерінің шіркеуі, сол сияқты оқшау селосы болған іле бойының христиандары жөнінде Вильгельм Рубрук мәлімет қалдырған. XIV ғ. Ыссық көлдің жағалауында бір христиан әдарияты болған, онда әулие Матфейдің сүйегі сақталған.

Жамұқат пен Науакет қалаларының мазарларын қазған кезде олардан күміс және қола крестері бар христиандар қойылғаны анықталды. Қызылөзек қала жұртынан нефрит крестінің кездейсоқ табылғаны да елге мәлім. Шымкент музейінде Төрткөл төбе қала жұртынан табылған, бүйірінде христиандықтын белгісі – крест пен көгершін салынған келі қойылған. Таразды қазған кезде VI–VIII ғғ. қабатынан сирия жазуымен «Петр мен Гавриил» деген жазуы бар қыш саптыаяқ кездесті.

Осынау өлкелерде христиандардың келген кезеңінен XIV ғ. аяғына дейін жасалған, ұлттары түрік, Орта Азия христиандарының діни өнері мен діни символикасының аса көрнекті туындылары қатарына, бетінде несториандық жазу мен символикасы бар қайрақ тастар жатады.

Жетісуда христиан қауымының болғаны туралы деректі құлпытастардағы сирия жазуларынан ғана емес, қыш ыдыстардағы, үлкен хұмдардың мойындарындағы соғды жазуларынан да байқаймыз. Олардың бірінде: «Бұл хүм Иарық-Тегін ұстазға (арналған). Ісмер Пастун. Лайымда. ол (хұм) толып тұрғай, әумин, әумин!» – деп жазылған. Мұндағы «ұстаз» сөзі түрік-соғды эпитафиясындағы «мұғалім-ұстаз» терминімен мағыналас. Ал, ондағы «әумин» сөзі Иарық-Тегіннің христиан қауымының жетекшісі болғанына күмән келтірмейді.

Сөйтіп, археологиялық және эпиграфикалық олжалар, ортағасырлық деректерімен қосыла келе, христиан дінінің тараған жолдарын анық көрсетеді.

Жібек жолымен III г. Иранда пайда болған манихейлік діні де тараған, ол аз уақыт ішінде жеделдетіп Италиядан Қытайға дейін жайылады. Тұтас алғанда ол зороастризм мен христиан дінінің қорытылуынан туған. Христиан дінінен ол мессиандық идеясын, ал зороастризмнен – жақсылық пен жамандықтың, жарық пен қараңғының күресі идеясын алады. Соғдылар манихейлікті таратуда да жетекші рөл атқарады. VIII ғ. бас кезінде манихейлердің жоғарғы басшысының Самарқандта сарайы болған. Манихейлік дін Орта Азияда ұзақ уақыт бойы өмір сүрген, сонда оның пантеонына, терминологиясына, тіпті концепциясына дейін буддизм қатты әсер еткен.

Манихей дінінің үмбеттері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда, ең алдымен отырықшы жұрт арасында болған. Тұрфан көгалды аймағынан табылған «Екі негіздің қасиетті кітабы» атты манихей шығармасының көне ұйғыр қолжазбасында бұл кітап «Аргу-Талас-та Алтын-Арғу Таласы-ұлышта, Талас-ұлыс» қаласында жазылды «Он оқ елінде (дінге) ықылас тудыру үшін» — делінген. Бұл арада сөз белгілі Тараз қаласы жайында болып отыр. Сол сияқты манихей ғимараттары Жетісудың басқа да қалаларында, оның ішінде Баласағұн мен Шігілбалықта болған.

Тегі, Тараздағы қазба жұмысы кезінде табылған, манихейліктің Көк Тәңрісі болып есептелетін, әйел бейнесі мен ай (жарты ай) салынған қола қангайды да манихей дінінің сирек мүлкі қатарына қосқан жөн шығар.

Ортағасырлардағы Қазақстан қалалары тұрғындары арасында б. з. дейінгі VII—VI ғғ. ежелгі Иран территориясында туған зороастрлық діннің де өкілдері болған. Оның әдет-ғұрпы бойынша әлемнің төрт нәрсесі — су, от, жер мен ауа киелі деп қатты құрметтеледі. Зороастр діні ескерткіштерін Орта Азиядан, Соғдиядан, Сырдария қалалары мен Жетісудан кездестіруге болады. Олар мұнара секілді құрылыс қалдықтары, әдетте от мұнараларына ұқсайды. Олар Қостөбе мен Қызылөзек қала жұртының топографиясында сақталған. Алайда Орта Азия мен Қазақстанда зороастрлықтың қағидаға айналған үйреншікті түрі емес, айрықша түрі таралған. Ол жергілікті мәжусилік байырғы дін мен отқа, ата-бабалар аруағына, жануарларға – қойға, ат пен түйеге табынушылықпен сіңісіп, бірге өршіп кеткен. Осы дінге байланысты табылған нәрселер: мәйітті оссуарийлерге – қыш жәшіктерге, хұмдарға салып жерлеу. Өлікті жер бетіндегі бейіттерге – наусаларға қою, сүйекті үйіп жерлеу сияқты болып келеді. Зороастр дініне байланысты көптеген табынудың ырым-жырымдары Қазақстан қалаларында ислам пайда болғаннан кейін де сақталып қалып жүрді.

Мәселен, XII ғ. Отырар қаласының үйлері еденінен жерошақ-михрабтар табылған. Бедерлі оюлармен өрнектелген сол ошақтар киелі отты жағуға арналған. Бұл қала тұрғындарының, тіпті исламды мойындап, араб жазуын қабылдаған кісілер үйлерінің өзінде жылтырап жанып тұратын ұлы маздеизмнің қасиетті отының алыстан жеткен сәулесі болатын.

Дегенмен Қазақстанда бел алған ислам бірте-бірте христиан дінін де, будда дінін де, зороастр дінін де, жергілікті Тәңріге табынушылықты да ығыстырып, ысырып тастады. Жаңа дін Жібек жолының көптеген қалаларында біржолата қоныс тебеді.

VIII–IX ғғ. оқиғаларын баяндайтын деректер Оңтүстік Қазақстан халқының жаппай ислам дініне кіргенін жазады. 840 ж. Нуһ ибн Асад Испиджабты бағындырады. 859 ж. оның інісі Ахмед ибн Асад Шавгарға жорық жасайды. 766 ж. бастап Жетісуға және Қазақстанның Оңтүстігіне саяси өктемдігін жүргізген қарлықтар мұсылман мәдениетінің ықпалына өзгелерден гөрі бұрынырақ түседі. Олар исламды тіпті Махди халифтың (775–785 жж.) кезінде қабылдады деген де пікір бар. Алайда бұл пікір олардың белгілі бір бөлегі жөнінде ғана болса керек, өйткені 853 ж. Исмаил ибн-Ахмад Таразды алғанда «оның басты шіркеуін мешітке айналдырады».

X ғ. бас кезінде Қарахандар әулетінің негізін салушы Сатық исламды қабылдайды, ал оның ұлы Боғрахан Харун б. Мұса 960 ж. исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Жаңа дін шымшымдап көшпелілер арасына да тарайды. Баяғы Ибн Хаукал Фараб, Кеңжиде мен Шаш арасында көшіп-қонып жүретін мұсылман түріктер туралы хабарлайды. XI–XIII ғғ. ислам дінінің қыпшақтар арасына жайылғаны жөнінде де мәліметтер бар.

IX ғ. мен XIII ғ. бас кезіндегі ескерткіштерге археологиялық қазбалар жүргізген кездері сол аймақта мұсылмандардың қалалық мәдениетінің құрылып, қалыптаса бастағанын байқадық. Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері мешіттерге айналдырылады. Исламды ұстанатын халық саны көбейген сайын қалаларда үлкен мешіттер салына бастайды.

Исламды тарату заманы кезінде Орта Азия мен Қазақстан қалаларында пайда болған құрылыстар қатарына қоғамдық моншалар да жатады.

IX–X ғғ. екінші жартысында өлікті жер қазып қабырға қою, қамкесектен мола жасап қою ғұрпы өзгертіліп, мәйіттің басы құбылаға қаратылып қойылатын болады. Қабырға әртүрлі заттар қойылмайтын болады. Мұсылмандардың ең ертедегі қорымы Отырар көгалды аймағында IX–X ғғ. пайда болған. XI–XII ғғ. қорымдарда зират басына үлкен мазарлар, сағаналар (мәселен, Жамбыл қаласы жанындағы Айша бибі) салына бастайды.

Араб әрпінің көркемдік мүмкіндігін пайдалануға арналған керамика табылды. Сондай жазулардың бірсыпырасының көркемдік сипаты ғана болса, кейбіреулерінде әралуан ізгі тілеулер, өсиеттер айтылады. Металдан жасалған сәндік бұйымдарға мода таралады, сол сияқты ізгі тілеулі, діни мағынадағы жазулары бар заттарға мода басталады.

Жібек жолы бойындағы мәдени байланыс, әсіресе музыка саласында ерекше байқалады. Саз балшықтан жасалған түйе үстінде отырған өнерпаздар мүсіндері жол бойындағы елдерді аралап жүріп өнер көрсеткен өнер иелері өмірінің бір сәтін бейнелейді. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, Ұлы Жібек жолының бойындағы кейбір Тараз, Баласағұн, Испиджаб сияқты қалалардан әр түрлі діни нанымдарға байланысты мешіт-медреселердің орындары табылған. Қала тұрғындары діни наным-сенімі жағынан түрлі көзқараста болғанымен, ортақ мәдени үлгілері тұтынған. Керек кездерде олар өнер сайыстарына түсіп, ортақ өнердің дамуына өз үлестерін қосып отырған.

Қазақстанның Жібек жолы бойындағы қалаларында Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азияның біріне бірі ұқсамайтын әртүрлі мәдениеттері бір-бірімен араласып, бірін-бірі байытуына қолайлы жағдай жасалады.


Ұлы жібек жолы: Қазақстан мен әлемдік қауымдастық


Қазақстан Республикасы – теңдессіз тарихы, ежелгі мәдениеті бар ерекше, көп ұлтты қоғамдастық. Қазақстан – Еуразияның орталығы, ірі әлемдік мемлекеттер арасындағы қатынас жолдары даңғылы.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұралары көзтартарлықтай және құнды. Көптеген тарихи, табынарлықтай ғимараттары мен ескерткіштері орналасқан жерлерінде туризмнің мәдени-танымдық және тарихи-археологиялық түрлерін дамытуға болады.

Қ азіргі таңда еліміздің Үкіметі туризмді дамытуға, әсіресе Ұлы Жібек жолының туристік салада қалыптасуына көп күш жұмсауда.

Бұл кездейсоқтық емес, Ұлы Жібек жолы Оңтүстік-Шығыс Азия, Корея, Япония мемлекеттерімен біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда сауда-саттықты дамытқан адам өркениетіндегі теңдессіз тарихи ескерткіш.

ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар қатарына Ұлы Жібек жолынан табылған Орталық Азияның теңдессіз нысандарын жатқызды.

ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасының тізіміне екі теңдессіз ежелгі ескерткіші жатқызылды: Түкістан қаласындағы Ходжа Ахмед Яссауи мовзалейі және Алматы қаласының маңындағы «Тамғалы» археологиялық кешені.

Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды туристік бағыттардың бірінен Алматы, Тараз, Түркістан, Отырар қалалары және Оңтүстік Қазақстан облысы орын алады.

ЮНВТО туризмінің ауқымды әдептік кодексінде халықтар арасында бейбітшілік пен түсінушілік тудырған сауда мен бизнесті мәдени сұхбатпен байланыстыратын осы күнгі туризмінде де оның мағынасы өте маңызды.Басқа сөзбен айтқанда, Ұлы Жібек жолы бастамашылыққа қатысушы 31 елдермен жан-жақты байланыс орнатуды жүзеге асырады.

Ұлы Жібек жолы бойында туризмді және ынтымақтасуды дамыту бойынша бастамашылықты жүзеге асыру идеясы бұдан 15 жыл бұрын туындап, 1994 жылы Самарқандық мәлімдемесінде бекітілді.

Содан бері 1999 жылы-Хива мәлімдемесі, 2002 жылы – Бұқарлық мәлімдеме қабылданды. Осы шаралар арқасында ПРООН тарапынан, донорлар елдерінен, солардың бірі Япония тарапынан «Ұлы Жібек жолы – сұхбат жолы» жобасына көңіл аударылып, қолдау тапты.

Бір ерекше атап өтетін нәрсе, қабылданған шараларды жүзеге асыру барысында Ұлы Жібек жолының негізгі аймағы болып саналатын және өзіне Қытай, Ресей және Парсы ағысы сияқты үш негізгі полисті түйықтап алған Еуразия елдері аумағының экономикалық өсуіне және ықпалдасуына тәсілдендірді.

Еуразия орталығында орналасқан Қазақстан - аталған полюстар мен Орталық-Азия аймақтары: Қырғызстан, Өзбекстан, Тәджікстан және Түркіменстан елдерін байланыстырушы көпірі, сонымен қатар Жібек жолы елдерінің негізгі нарығы және транзиттік дәлізі болып саналады.

Қазақстанның геостратегиялық орналасқан жері - Еуразияның қақ ортасы және ежелгі керуен жолы болғандықтан республикамыз Жібек жолында туризмді туризм саласындағы саясаттың базалық негізі ретінде қалыптастыруға маңызды мән берген және береді де.

Туризмнің дамуын жақындағы бес жылда эксперттік әлеуеті бар сала ретінде Қазақстанды индустриялды-инновациялық жеделдетіп дамыту мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған.

Ескеретін жайт, туристік саланы дамытудың бес бағытының бірі – ежелгі Жібек жолдарымен сәйкес келетін «БатысЕвропа – Батыс Қытай» халықаралық көліктер дәлізінің бойына туристік кластер құру негізделген.

Аталған бағыт, Батыс және Шығыс түрғындарының қызығушылықтарын туғызатын жаңа турөнімдерін қалыптастыруға жағдай жасайтын жол бойы инфрақұрылымы нысандарының құрылыстарын, яғни жолдың екі жақ бойына мейманханалар, сонымен қатар туристік нысандар салуды қарастырады.

Жібек жолы бойынша ынтымақтастық құру, әр түрлі елдердің теңгерімді және әділетті экономикалық дамуды қамтамасыз етуге салым салуын әдістендіреді.

Соңғы он жылда дүние жүзінде дамып жатқан мәдени туризмді Жібек жолының магниттік тартылыс аймағында дамытуға болады. Тарихи орындар, ғұрыптық өнерлер және қолөнерлер бай әртараптандырылған туристік өнім ұсынуда.

Жобаға қатысты барлық елдер, туризмнен экономикалық пайда табу үшін Жібек жолының барлық бағыттары бойынша туристік қорлар мен өнімдер дамытуда маңызды мағынаға ие.

Жібек жолы халықтар арасындағы сауданың дамуына ғана зор үлесін қосып қойып қойған жоқ, ол Шығыс пен Батыс елдерінің арасындағы халықаралық (дипломатиялық) қарым-қатынастың дамуына да өзінің үлкен пайдасын тигізген. Қытай жазба деректеріне қарағанда, Жібек жолының халықаралық қарым-қатынас жағынан жандана бастаған кезі б.з.б. II ғ. ортасында бастаған. Қытай императоры У-Ди 138 жылы Батыс елдеріне қарай аттандырған елшілік 13 жылдан кейін оралған. Міне, осы елшілік оларған кезден бастап Қазақстан, Орта Азия жеріне және батыстағы елдерге қарай жібек артқан керуендер шыға бастаған. Бұған керісінше, Батыс елдерінен Қытайға қарай елшіліктер шыққан. 


Қорытынды


ХІІІ – ХІV ғасырларда саяси жағдайларға байланысты керуен жолдары дипломаттар мен саяхатшылардың, саудагерлердің қалауына орай өзгеріп отырды. Ұлы Жібек жолы Орта Азия жерінде ХІV ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді. Бұл аймақтағы Ұлы Жібек жолына ХІV ғасырдың аяқ кезінен бастап Ақсақ Темірдің құрған империясы бақылау орнатты. Осы кезеңде қалалар күйреп, мәдениет дағдарысқа ұшырады. Осы уақыттан бастап бұл жердегі саяси дағдарыстар, соғыстар қалалардың күйреуіне, мәдениеттің құлдырауына әкелді де құрлықтағы сауда жолының маңызы біртіндеп жойыла бастады. ХІV ғасырда Қытай мен Еуропа арасындағы теңіз жолының ашылуы Ұлы Жібек жолының маңызын жойды. Қазіргі кезде Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту әрекеті халықаралық деңгейде қолға алына бастады. 1987 ж. Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында “Жібек жолы – диалог жолы” атты халықаралық жоба жарияланды. Осы бағдарлама шеңберінде Ұлы Жібек жолының тарихын, маңызын зерттеу әр елде қолдау тауып, зерттеу жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда да ғалымдардың ауқымды істері атқарылуда.

Ұлы Жібек жолының ерекшілігі, Қазақстан мен Орта Азияда мәдени-экономикалық жағдайдың өрлеуіне ықпал етті. Жалпы, Ұлы Жібек жолымен 2000 жылдан астам уақыт бойы сауда керуендері жүрген. Жібек жолымен шығыстан будда, батыстан христиан діні таралған. Жібек жолы – сауда жолы ғана емес, көшпелі отырықшы халықтар мәдениетінің даму, таралу жолы.

Қазіргі кезде тәуелсіздік алған Қазақстан өзінің жерінің байтақтығын икемді пайдалана біліп транспорттық көпір болу саясатын жүзеге асыра бастады, яғни Ұлы Жібек жолын қайта түлетудің бір көрінісі десек те болады.

Әрине ол кезең мен қазіргі уақытты салыстыру мүмкін де емес шығар. Бірақ көршіміз Қытай Халық Республикасынан ағылған жүк тасқыны қазір күннен-күнге еселеп артып, көбейіп келеді. Биыл ұшақтардың еркін еліміз террриториясынан ұшып өтуіне терминал салынып отыр. Демек Ұлы Жібек жолымен кезінде әуелеп ұшқан құстар жүрген ауамен де қатынасу күшейе түсуде. Бұл Жібек жолына жан біткендігін білдірсе керек.

Қазір Жібек жолының тарихын зерттеу, оны жаңғырту, осы жол бойындағы елдердің саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын ұлғайту қайта қолға алынып отыр. 1987 жылы ЮНЕСКО-ның бас конференциясының XXIV сессиясы «Ұлы Жібек жолын зерттеудің халықаралық жобасын» қабылдады. Оған Грекия, Португалия, Египет, Италия, Қытай, Индонезия, Моңғолия, Оман, Шри Ланка, бұрынғы Кеңестер Одағы қатысты. «Адамды қоршаған орта, жер мен теңіз қорлары», «Мәдениет және болашақ» атты бағдарламалар бекітілді. Осы бағдарламаларды іске асыруға қатысты. 1991 жылы Қазақстанда «Жібек жолы» атты Ұлттық комитет құрылды. Ұлы Жібек жолы көне дәуірде де, қазір де Еуразия халқы үшін мәдени байланыс, саяси рухани мәселелерді шешуде маңызы үлкен.

Ұлы Жібек жолының ерекшілігі соншалық, тарихи қиын процестерден өте отырып, қазіргі таңда осы жол торабының елдерді байланыстыру пайдалығын ескере отырып, құрлық транспортын дамыту нәтижесінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының салынуы.



























Пайдаланылған ресурстар мен әдебиеттер


1. Оқушы анықтамасы. 1-кітап. Астана: «Арман-ПВ», 2012 ж. 205-бет.

2. А. Тұңғыш «Түркілер тарихынан», Заман – Қазақстан – 1995ж. №13 - 8-бет.

2. Заман – Қазақстан – 1995ж. №13 — 8-бет.

4. Аманжолов К.Р. Қазақстан тарихының дәрістер курсы. 1-кітап. Ежелгі заманнан 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін. А., 2004, 118 б.

5. М.Қани. Қазақтың көне тарихы. А., 1993, 187 б.

6. Мусин. Ч. Қазақстан тарихы. А., 2003, 39-56 беттер.


http://kk.wikipedia.org

http://www.kazakh.ru

http://bilimdiler.kz

http://el.kz

http://writers.kz/

http://www.baq.kz

http://www.group-global.org/kz




















27



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
5 мамыр
2593
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі