Ұстаздық
жолы-ұлы жол
Ұстаз
- таудан сарқырап аққан тау өзені секілді,
айналасына қуат беріп, жолында
кездескендерді суымен нәрлендіріп,
таудай қиындықтарды тастай домалатып,
білімнің сар даласында тыныштық тауып,
дамыл- дайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің
бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ
төккен Күн-Ана. Ұстаз - ақылдың тозбайтұғын
асылы. Қасиетті мамандық иелерінің
ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары
өздерінің түр-сипатын мың құбылтып
жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы
қалпында жас ұрпаққа адамгершілік
қасиеттердің дәнін еккен диқан. Сондықтан,
мен әлемдегі ең бақытты жандардың
қатарынанмын. "Бала жүрегі- кішкентай
күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң
ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр
кезде сол кілт тұру керек" деп М.
Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың
жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды
ашу мұғалімнің міндеті деп ойлаймын.
Қазір жас маманның - болашақта ұлағатты
ұстаз болу басты арманы. Мұғалім - мектеп
жүрегі болса, оның беделі мектептің
беделі. Ал, мектеп - мемлекеттің басты
тірегі. Олай болса, қазіргі таңда мұғалім
білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті,
өз пәнін жетік меңгерген болуы керек.
Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын
жас мамандар да талмай үнемі ізденіс
үстінде болып, әр пәнді жоғары деңгейде,
сапалы етіп өткізсе - шығар асуы алыс
емес. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас
ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры
ұстаздың қолында. Сондықтан әрбір
мұғалім бұл жауапкершілікті сезінсе,
біздің мемлекетіміздің қорғаны нығая
түспек. К.Ушинский: "Мұғалім - өзінің
білімін үздіксіз көтеріп отырғанда
ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді
тоқтатысымен оның мұғалімдігі
жойылады" деген ойымен келіспеу
мүмкін емес. Алдымызға келген
балалар - біреудің маңдай алды жарығы,
енді бірі - жан дегенде жалғызы, бірі -
ерке, бірі - қой аузынан шөп алмас момыны.
Маңдай алды жарығын таңшолпандай
жарқыратып, жан дегенде жалғызды
көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп
алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен
қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат
пен батырлық қажет. Ең алдымен өзіме
осы екі асыл қасиетті серік етемін.
"Білімді болуға - оқу керек. Бай болуға
- кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек.
Осы керектің жолында жұмыс істеу керек"
деген А.Байтұрсынов саралаған әдемі
жолдардың ізімен жүріп өтсек бірлігіміз
бен кәсібіміз одан әрі жандана түсетініне
сенемін. Әр үйдің еркелерін бір арнаға
тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға
соқпайды. Алайда баланың тілін тауып,
тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі мен
үшін үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу
сызғандай баланың кіршіксіз санасына
адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп,
білім, өнер нәрімен сусындату ұстаз
деген ұлы тұлғаның парызы.