Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінің тәрбиелік
мәні.
Тәрбие... Бала тәрбиесі
дегеніміз не? Ол – балалардың бойына рухани құндылықтарды дарытып,
адамгершілігі мол, еңбекқор, инабатты да ибалы, отансүйгіш тұлға
қалыптастыру. «Тәрбие-тал бесіктен басталады» демекші, тәрбие
отбасынан басталатын бәріміз білеміз. Алайда бала уақытының көбін,
балалық шағын білім ордасында өткізетін болғандықтан, олардың
тәрбиесі –біз, ұстаздар қауымының қолында деп ойлаймын. Бала
мектепте білім ала отырып, өзін дамытады, мұғаліммен,
сыныптастарымен қарым-қатынас жасай отырып, өз тәрбиесін шыңдай
түседі.
Мен қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімімін. Мұғалімнің негізгі қызметі - сабақ
болғандықтан, сабақ барысында білім мен қатар тәрбие беру басты
міндетіміз. Мен әрбір сабағымды жоспарлаған кезде оқушыларға тек
білім беру сырларын ғана емес, сол сабақтың тәрбиелік мәніне көп
көңіл бөлемін. Себебі, тәрбиесіз білім беру мүмкін емес. Бұл туралы
ұлы философ Әбу Насыр Әл- Фараби былай деген екен:
«Адамға
ең бірінші білім
емес, тәрбие
берілуі
керек, тәрбиесіз
берілген білім
адамзаттың қас жауы». Мен сабақ барысында
қалай
тәрбиелеймін? Әрине, ұлы
ақын-жазушыларымыздың, тұлғаларымыздың өмірі мен өткен жолы,
олардың шығармалары арқылы тәрбиелеймін. Қазақ халқының қай
ақын-жазушысын, олардың шығармаларын алсақ та тынып тұрған
тәлім-тәрбие. Соның ішінде, аса кернекті ағартушы , қазақ
халқының қоғамдық ой пікірі, мәдениеті мен әдебиеті тарихында
жаңашыл-педагог, жаңа мектептердің ұйымдастырушысы, этнограф,
фольклоршы, ақын прозашы, қазақ тарихының жанашыры Ыбырай
Алтынсарин шығармаларының тәрбиелік мәніне тоқталып
кетейін.
Ыбырай Алтынсарин халқымыздың
көзін ашып, алғаш мектептер ашып, білімге, оқуға шақырды. Оның
:
Бір аллаға
сыйынып,
Кел, балалар,
оқылық!
Оқығанды
көңілге,
Ықыласпен тоқылық-деп
басталатын осы өлең шумағын бүкіл қазақ даласында білмейтін адам
жоқ шығар, сірә да. Өйткені, бұл өлең жүз жылдан астам уақыт
Қазақстанның оқулық кітаптарына еніп, мектеп табалдырығынан аттаған
әрбір баланың алғашқы әліппесі болып келеді. Сондықтан да ол, өлең
жолдары әрбір қара таныған казақтың көкірегінде сакталып, жүрегінде
жатталып келеді. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде балаларды
өнер-білімге, қарап жатпай ізденуге, алға талпынуға шақырады. Және
өлең соңында:
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды-деп, болашақ ұрпағына үміт арта отырып,
батасын береді.
Ыбырай балалар әдебиетіне
арнап, жас өспірімдерді тәрбиелеу жолында көп шығармалар жазды. Бұл
шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қойды. Ол өз сөзінде:
«Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың
артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс
деп білемін» - дейді. Оған мынандай шығармаларды дәлел бола алады.
Мысалы: «Өнер-білім бар жұрттар», «Бұл кім?», «Әй,достарым!»,
«Әй,жігіттер!», «Ананың сүюі» т.б. өлеңдері. Ыбырай атамыз «Бұл
кім?» деген өлеңінде ардақты да аяулы ананың бейнесі мен оның
балаға деген қамқорлығын:
"Бала, бала, бала" деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған...
Айналасына ас қойып,
Изені көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан-деп, жұмбақтай
суреттесе, «Ананың сүюі»деген
өлеңінде:
Кім сендерді, балалар
тербететін,
Еркелетіп, ойнатып,
сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман
болсаң,
Қамқор анаң көз жасын
көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке
кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай,
көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз
сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке
жетсін-деп, балаларға осындай сендердің еркеліктеріңді көтеріп,
жақсылықтарыңды асырып, жамандықтарыңды жасырып жүрген қамқоршы жан
- ананың ақ сүтін, еңбегін ақтаңдар, ананы қастерлеп-құрметтеңдер
деген ой қалдырады.
Ұлы ағартушының «Әй,
жігіттер!», «Әй, достарым!» өлеңдері өнеге- өсиетке толы.
Ол:
Әй, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма!
Қолыңнан келсе қыл қайыр,
Кісіден алушы болма- деп бастап, адамды қайырымдылық жасауға,
достықты таңдай білуге үндейді. «Ақылсыз достан - ақылды
дұшпан артық» деп сенімсіз, сатқын достықты сынайды. Балалар бұл
өлеңді оқи отырып, қайырымдылық, жақсылық жасауға, достықты
қадірлей білуге тәрбиеленеді.
Ұлы ағартушы, ақын- Ыбырай
Алтынсариннің балаларды табиғатты сүюге, әсемдік пен сұлулыққа
баулитын «Жаз», «Өзен» өлеңдерінің де тәрбиелік мәні зор.
Оған:
Ұйқыдан көзін ашқан жас
балаша,
Жайқалып шыға келер жердің
гүлі...
Жан-жәндік рахат тауып тұру
үшін
Ұшпақтан хош иісті желдер
есер.
Сәуірдің әрбір күні дертке
дәрмен...
Жүгірер киік, құлан тау мен
қырда,
Қуанып ықыласпен келген
жылға.
Алыстан мұнарланған
сағымдары
Шақырып тұрар күліп кел деп
мұнда- деген өлең жолдары дәлел. Ал, «Өзен»
өлеңінің: Таулардан өзен ағар
сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертінді қашырады-деп басталуының өзі, сылдырлап аққан
судың өзі адамды құпия , бір сұлу әлемге жетелегендей
болады.
Тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйіні, қазақтың тұңғыш ағартушысы-Ыбырай Алтынсариннің
қай шығармасын алсақ та, тұнып тұрған тәрбие. Сол тәрбиені бала
санасына жеткізе білсек, болашағымыздың нық қаланатыны сөзсіз. Осы
жолда, біз ұстаздар қауымы аянбай тер төгіп , еңбек етуіміз керек.
Себебі, бүгінгі бала - біздің ертеңіміз,
болашағымыз.