жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Зайнолла Самашев
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әр халықтың тарихында, оның мәдениеті мен ғылымында өшпес, өнегелі із қалдырған дана ойшылдары, білімпаз қайраткерлері қашанда сол халықпен бірге жасайды. ХХІ ғасырдағы қазақтар тарихындағы, оның ішінде қазақ археология ғылымындағы осындай ұлы тұлғалардың көш басында тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев тұр десек артық айтпаймыз. Қазақстан тарихының көне дәуірінен бастап зерттеп жүрген алдыңғы қатарлы ғалым, қазақ археологиясы ғылымына бар күш-жігері мен білім-парасатын арнауда. Зайнолла Самашев өзіне дейінгі Әлкей Хақанұлы Марғұлан мен Кемал Ақышевтай алдыңғы буын ағалардың ісін, солардың мұрагеріндей тікелей жалғастырып келеді.Өзінің ғылыми тұжырымдарының негізін қазақ халқы көне түркі өркениетінің негізгі мұрагері, шығу тегіміздің тамыры, асыл қасиетіміз, бай тарихымыз «арғы атамыз ер түріктермен» байланысты деген ғылыми пікірді ұстанған ғалым. Сондықтан да археология ғылымының бүгінгі күнгі негізгі бағыттарының бірі–осы өркениеттің түп-тамыры, негізгі ошақтары мен оның сан-қилы құрамдас бөліктерін, байырғы түркі өркениетінің мұраларының сақталуына, зерттелуіне, насихатталуына, ғаламдану үрдісіндегі ұрпақаралық сабақтастықтарды жаңғыртуға, оны жалғастыруға ерекше назар аударуға ерекше мән беріліп отыр. Ал, түркі өркениетінің кеңістік аумағы бүгінгі Қазақ жерімен шектелмейтіні белгілі, оны қазір қазақтың әрбір зиялысы түсінеді. Әсіресе тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев бұны ғылыми зерттеулерімен дәлелдеп жүр. З. Самашұлы ғылыми зерттеулері Қазақстанның барлық территорияларында, Шығыс Қазақстан, Үстірт пен Маңғыстау, Қаратау, Сыр бойында, Жетісу жерінде сонымен қатар 20 жылдан астам уақыт Моңғолия жерінде де жүргізіліп, Қазақстан тарихы ғылымына айтарлықтай үлес қосуда. Ғалым қай жерде ғылыми мәселе бар сол жерде жұмыс жасауға дайын екендігін ғылыми зерттеу жұмыстары арқылы көрсетіп жүр. Ғалымның ең жарқын еңбектерінің бірі-1998 жылы қазба жұмыстары жүргізіліп, Берел жерінен табылған №11 қорғаны болатын. Бұл «Берел эпопеясы» - З. Самашев есімін әлемге әйгілі етті. Бұл археологиялық жаңалық «ХХ ғасырдың археологиялық сенсациясы» атауына ие болды. Берелден табылған сақ дәуірінің жәдігерлерінің табылуы тәуелсіз еліміздің тарихындағы елеулі оқиға. Ол ата-бабаларымыздың ұлы мәдениетінің жұрнағы, озық мәдениеттің үлгісі. Қазақ өркениетінің әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі екендігінің дәлелі болды. Қазақ халқының тарихи сабақтастығы жүйелі түрде дамыған, ешқашан үзілмеген деген ой тұжырымдайды Самашев. Археологиялық жәдігерлердің маңызын аша білуді, оның болашақта ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеудің негізі құралы ретінде пайдалана білуге шақырады. Ол үшін археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қол жеткізілген артефактілерді жан-жақты зерттеп, реставрациялау, консервациялау жұмыстарының өз деңгейінде атқарылуын талап етеді. Яғни табылған жәдігердің музейлендірілуі ісін жолға қою бағытында да ерінбей еңбек етуде. Оның бір ғана мысалы, Берел қорымынан табылған артефактілерді жүйелеп, ашық аспан асты музейін ашуға қосқан үлесі. Бұл музей Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтойына арнайы ашылған. З. Самашев қазақ Алтайының – түркі әлемінің алтын бесігі екендігін зерттеп, халықаралық дәрежеде дәлелдеп жүрген ғалым.
З. Самашев еңбектерін зерттей отырып, бүгінгі археология ғылымының кездесіп отырған күрделі мәселелері мен жетістіктерін анық байқауға болады. Мысалы, археологиялық лабораторияларымыздың әлемнің озық елдерінен әлде қайда артта отырғандығын байқасақ, қазақ археологтарының бұл ел мамандарынан артықшылығы тілсіз жәдігерлерге тіл бітіруінде, осы артефактілер арқылы тарихтың тереңіне үңілуінде еді. Ғалымының өмірі мен шығармашылығын, оның ұстаздары мен шәкірттерінің еңбектерінен бөлек қарауға болмайды. Ол өз шәкірттерінің ғылым жолына нық қадам басуына дұрыс бағыт бағдар беріп отырады. Шәкірттері А. Оңғарұлы, Е. Оралбай, Г. Базарбаева, Г. Джумабекова, С. Сунгатай, С. Мургабаев және тағы да басқа ғалымдар ол көтерген іргелі мәселелерді онан әрі жалғасытырып, дамытып бірлесе жұмыс атқарады.
Археолог-ғалымның өмірі мен қызметі Қазақстан археологиясы ғылымында толық бір кезең болып табылады. Ғалым археология ғылым тарихына жаңа ашылымдарды әкеліп, дүниежүзіне Қазақстан атын паш еткен адам. Ол Қазақстан археологиясы ғылымында алдына нақты мақсат қойып, оның орындалуы жолындағы даңғыл жолды көрсетеді. Біз бұл дипломдық жұмысында оның өмірі мен ғылыми, қоғамдық және археологиялық қызметіне тоқталамыз.
З.С. Самашевтың зерттеулерінің маңыздылығы және археологиялық көзқарастары бүгінгі археология ғылымында түйіні тарқатылмаған мәселелердің кешенділігін алға тартады. Бүгінге дейін археологтар күрегі тимеген Баянжүрек, Үстірт, тіпті Моңғолия аймақтарында зерттеу жүргізіп, әртүрлі тарихи кезеңдерде сақталған өркениет ошақтарын ашып, ғылыми айналымға енгізіп жүрген новатор ғалым. Оның айқын дәлелі З.С. Самашевтың 500-ден астам ғылыми еңбегі.
З.С. Самашевтың археология ғылымының дамуындағы орнын, оның ғылымға қосқан қазыналарын жан-жақты сараптау тақырыптың өзекті тұсы. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» - дейді дана халық. Бұл сөз зерттеу нысаны ретінде таңдалып отырған тұлғаға арналып айтылған деген ой түйдік. Себебі, Зайнолла Самашев шын мәнінде–тұлға.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Отан тарихында өзіндік үлес қосып отырған, жеке мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоя білген зиялы қауым өкілдерінің өмір жолын, ұстанып отырған өмірлік принцптерін, ұлты үшін атқарып отырған қызметін ғылыми тұрғыдан зерделеу-бүгінгі күннің талабы.
Зайнолла Самашұлының археология ғылымындағы орны ерекше. Солай бола тұрса да ғалым еңбектері, өмірі мен қызметі мүлдем зерттеліп, жүйеленбеген. Жалпы, бұл диссертациялық жұмыс осы бағыттағы жасалып отырған тырнақалды еңбек десек қателеспейміз. Ғалым жайында, оның өмірі мен ғылыми қызметіне арналаған арнай еңбек жоқ. Зайнолла Самашев еңбектері кешенді түрде ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастырылған емес. Сол себепті диссертациялық жұмысты жазу барысында ғалымның тікелей өз қаламынан шыққан еңбектерді, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдарды топтастыра отырып, аталмыш еңбекті жазуға талпындық. Осыған орай Зайнолла Самашевтың ғылыми еңбектері, авторлармен бірігіп шыққан еңбектері, мерзімді басылымдар мен жинақтардағы жарияланымдары, авторларымен бірігіп шыққан мақалалары сондай-ақ ғалымның өмірі мен ғылыми шығармашылығы туралы әдебиеттер деп бөліп қарастырылды. Ерекше көңіл бөліп айтылатын мәселе ғалымның өмірі мен шығармашылығн сипаттау мақсатындағы еңбектердің жоқ екендігінде.
Бүгінде қолда бар мәліметтерге сүйенсек, З.С. Самашевтың ғылыми еңбектерінің көш басында ғалымның кандидаттық, докторлық диссертацияларының қолжазба нұсқалары зерттеуші үшін аса бағалы болып есептеледі. Мұнда студенттік шақтан қызығып, кейінде ғылыми дәреже алу мақсатында жазылған ғылыми еңбектерге арқау болған таңбалы тастардағы жазуларды яғни петроглифтерді зерттеудегі ғалым еңбегінің ерен екендігі сөзсіз. Біз Зайнолла Самашевтың жеке еңбектерін зерттеу барысында талдайтындықтан негізінен ол туралы және авторлвқ бірліктегі еңбектер тізімінің қысқаша сипаттамасын беріп өтуді жөн санадық.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Ұсынылып отырылған зерттеу жұмысының басты мақсаты – З. Самашевтың ғұмырының барлық кезеңдеріндегі ғылыми мұрасын сұрыптай отырып, оның Қазақстан археологиясы ғылымына қосқан үлесін көрсету. Ғылыми тұлғасын көрсету. Ғалым еңбектерін күн талабына сай зерделеу және баға беру болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін төмедегідей нақты міндеттер қойылды:
З.C. Самашевтың өмірі мен қызметін саралай отырып, оның ғалым болып қалыптасу жолын көрсету, келешек ұрпаққа дәріптеу;
ғалымның әртүрлі тарихи кезеңдерге тән ескерткіштерде кешенді түрде жүргізген археологиялық, зерттеушілік қызметін саралау;
ғалымның монографиялары мен ғылыми мақалалары негізінде археологиялық көзқарастарын талдау;
қазақ археологиясы ғылымындағы ғалым еңбектерінің орнын анықтау;
берел ескерткішін зерттеу жолы мен оны ғылыми айналымға енгізудегі З. Самашев рөлін ашып көрсету;
түркі ескерткіштерін, ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеудегі ғылыми жолын сараптау болды.
Зерттеудің деректік негізі. Жұмыстың деректік негізін Зайнолла Самашевтың жарияланған еңбектері мен мақалалары құрайды. Сондай-ақ ғалымның өмір жолына қатысты бұқаралық ақпарат құралдары беттеріндегі мақалалар қолданылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана қоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қор кітаптары кеңінен қолданылды. Сонымен қатар халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар материалдары, археологиялық есептер қолданылды.
Бүгінгі таңда тарих ғылымының салаларының ішінде археологияның маңызы ерекше артып келеді. Оған дәлел соңғы жылдардағы археологиялық зерттеу жұмыстарына деген көзқарас. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының ең қомақты бөлігі археологияға арналып отыр, егемендік алғаннан бері осы салада жоғары білікті мамандар даярлануға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ археологиясының қалыптасуының көш басында белгілі ғалым Ә.Х. Марғұлан салған сара жол Ә.М. Оразбаев, К.А. Ақышев, Х. Алпысбаев, М.Қ. Қадырбаев, С.М. Ақынжанов сынды ғалымдардың есімдерімен басталса, бүгінгі таңда З. Самашев бұл тізбектің жүйелі жалғасын Отан тарихының археология саласын жалғастырушылардың көш басында.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. Зайнолла Самашұлының зерттеулері неолит, қола, ерте темір дәуірі, сақ кезеңі мен ерте орта ғасырдың мәдениетін қамтиды. Ең басты айналысқан зертеуі ретінде – петроглифтерді атап көрсетсек болады.
Зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі. Диссертациялық жұмыстың теориялық мазмұны тарихи-гуманитарлық зерттеулер үшін әдістемелік негіз бола алады. Археология, этнология және тарих мамандықтарындағы студенттер мен магистранттар үшін Зайнолла Самашұлының зерттеулерін білу талап етіледі.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес белгіленген. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, он тармақшадан, қорытынды бөлімнен, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген