Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Абай және ұлттық идея
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...»
Көктем келді. Шаттық, қуаныш, ізгілік, шуақты күн көктем мезгілімен қайта оралды. Сол көктемнің алғашқы күні – 1 наурызды Елбасымыз Алғыс айту күні деп жариялады. Бұл – халқымыз үшін өте қажет мереке. Неге десеңіз, қазіргі заманда елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын іс-шаралардың бәрі маңызды. Алғыс айту күнін қолдаймыз және осы күні өздеріңізге деген алғысымды білдіру сәтіне ие болып отырғаныма бек қуаныштымын.
Сонау әлімсақтан, ғұн-сақтан тамыр тартқан түп-тегімізді түгел шолып өткенде бекзат бабалардың, абзал аналардың ұрпағы екеніміз көңілге шуақ құяды. Көне қытай дереккөздерінде, араб және Еуропа жиһанкездерінің жазбаларында да Ұлы Даланы айдыны кең, айбыны зор, алау жүректі халықтың мекендеп жатқаны айтылады. Бауырлас қырғыздың әлемдік эпосы «Манасында» да қазақтың ақ пейілі мен батырлығы талай-талай жылы лебізді жыр шумақтарына арқау болғанын білеміз. Қазақ өміріне, халқымыздың көне махаббат жырларына орыстың ақыны А.С.Пушкин қызығушылық танытса, поляктың үлкен ақыны Г.Зелинский «Қазақ» атты керемет дастан жазған. Әлбетте, одан бергі ғасырлардың жүзінде халқымыздың қадір-қасиеті, інілік мейірімі, ерлігі мен өрлігі, салт-дәстүрі хақында өзге ұлттар өкілдері тарапынан жазылған өлең-жырлар, поэмалар, басқа да көркем туындылар том-том кітаптарға жүк болғаны да анық.
Әрине, соның бәрі халқымыздың жақсылығынан. Тар кезде де, бүгінгідей бар кезде де қазақ ешкімді «сыртқа тепкен емес». Әрқашан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген хакім Абайдың қағидасынан таймады. Абай туралы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың мына ойы кімге болса да бағыт бергендей болады:
«...Абай әлемі бізге жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда буреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ.
...Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың». Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, қоғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.
Абай ілімі адам баласын ұлтына, дініне, нәсіліне қарап айырмайтын, бүкіл адамзатқа ортақ рухани ілім. Абай ілімі бойынша адам алдына мақсат қоя білуі керек және сол мақсатқа жету үшін не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын ойшылдың әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен «Отыз сегізінші» қара сөзінен табамыз.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүниеде бұл тасдиқ –Хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.
Енді осы үшеуін таратып көрейік: өлеңнің бірінші шумағынан Абайдың өзі жазып отырғандай, иманның үш асылын көреміз. Оның біріншісі, «Алла тағала махаббатпен жаратқан адамзатты». Екіншісі, сол себепті, «Ол Алланы сенің де сүюің және жаннан тәтті сүюің керектігі». Үшіншісі, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп және хақ жолы осы деп әділетті». Бұлар Абайдың әйгілі «үш сүюі». Демек, біз барлығымыз да шексіз мейірімді Алла тағаланың махаббатынан жаратылғанбыз. Ендеше, отбасындағы жұбайлар, ата-ана мен бала, туған-туысқан, достар, ұлыстар арасындағы сүйіспеншілік – Алла тағаланың көрінісі, оның шапағат нұры болып табылады. Отбасы, түрлі қоғамдастықтар, ұлыстар, халықтар, тіпті бүкіл адамзат өмірі осы махаббаттан қуат алады. Махаббат – адамдарды біріктіріп, жақындастыратын күш.
Қазақ елі өзі де тауқымет тарта жүре, зобалаң заманда бастарына қиын-қыстау іс түскен қиямет тағдырлы сандаған халықтарды күннен шашыраған нұр бейнелі алып шаңырағының астында паналатты, жанының дархандығына саялатты, жарты нанын бөліп жеді. Сол пейіліне сай, Қазақ Елі Тәуелсіздік алғанда Қазақстанды мекендеп жатқан он сан этностар мен ұлыстар қазақтармен бірге қуанды. Одан беріде Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз тұрақтылық пен тыныштық айлағына, жайлылық пен бірлік мекеніне, құт-берекенің өрісіне, бауырмалдық пен бақуаттылықтың кенішіне айналды. Сол үшін де дархан жүректі, ізгі тілекті, баршаны бауыр санаған шапағатшыл да шарапатшыл ел иесі, жер иесі қазақ халқына айтылар алғыс та телегей-теңіз. Мемлекет басшысының 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялауы осындай ақ тілектердің арнасын ағытып жібергендей.
Ырыс ортақ саған-дағы,
Маған да.
Дерт болмасын,
Өрт болмасын ғаламда.
Мына дүние –
Махаббат пен Шапағаттың мекені,
Адамзатқа Алла ырзығы жетеді!
«Сырдария» университеті,
«Қазақ тілі мен әдебиеті»
кафедрасының доценті, ф.ғ.к.
Абенова Ләззат Усманқызы
«Абай және ұлттық идея» деген тіркес тосындау естілуі мүмкін. Себебі Абай лексиконында «ұлт» деген сөз жоқ және «ұлттық идея» деген ұғым біз үшін тым соны, ол бүгінгі таңда жиі айтылып, талқыланып жүр, әрі әртүрлі мағынада қолданылуда. Бірақ Абай сияқты кемеңгердің даналығы да сонда: ол – әрқашан заманауи.Әр ұрпақ өз заманының проблемасын таба алады Абайдан,онымен сырласады,ақылдасады, ой салыстырады,сұрағына жауап іздеп,оның шешімінде ала алады.Бұрынғы ағаларымыз бен бүгінгі буын сияқты,келер ұрпақпа Абайды оқиды,Абайға жүгінеді.Абайды зерделейді,өзінше таниды,толғақты мәселелерді Абай арқылы түсінеді.Міне,бізде өмір талабын алға тартып отырған өзекті проблема бойынша Абайға ден қойып отырмыз.
Абайға дейін де, Абай тұсында да қазақ ақындары «ұлт» деген сөзді қолданбаған. Бұл – Алаш зиялылары енгізген ұғым. Абайда «қазақ, халық, ел, жұрт, алаш, ру» деп айту бар. Былай қарағанда, ұлт туралы Абай не айтты екен деген сұрақ тууы әбден орынды. Алайда, Абай ойларының байыбына зер сала қарасақ, «ұлт» деген сөзді қолданбаса да, Абай «ұлт болу», «ұлтты жетілдіру» деген сияқты идеяларды поэзиясында да, прозасында да әдемілеп айта білген. Тек соны біздерге көре білу, тани білу, түсіне білу керек сияқты. Ол үшін ең алдымен Абай тарихқа, қазақтың өткені мен өз тұсындағы жағдайына қалай қараған, оны қалай түсінген, қалай бағалаған деген мәселеге көңіл бөлген жөн деп ойлаймыз.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, Абайдың бәріміз жақсы білетін «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» еңбегі айрықша мәнге ие. Мұнда ол сонау түркі-моңғол бірлігі заманынан бастап, қазақтың қалай өзінше ел болған кезіне дейінгі ұзақ тарихын қысқаша шолып өткен. Осы тұста Абай көне түркі қағанаты, исламның келуі, ислам мен ескі діннің күресуі, араласып кетуі, Шыңғыс ханның билігі, осы кезде қазақ жұртының мемлекеттік мәселеге араласып, Майқы бидің Шыңғысты хан көтеруге қатысуы, Жошы мен Шағатай мемлекеттері, Алтын Орда, Әмір Темір патшалығы, Моғолстанның пайда болуы, Бабырдың билігі, Қазақ хандығының өмірге келуі, міне, осының бәрін айта келіп, мынадай түйін жасайды:
«Қазақтың бар қатты өсе бастағаны құба қалмақтың жұрты бұзылған соң, осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек». Демек, бұл кезеңде Қазақ хандығы күшейіп, жоңғардан жерін азат етіп, дербес ел болып, Қазақ мемлекеті атанып, жан-жағына өзін мойындатқан мемлекетке айналған. Олай болса, қазақ сол заманда-ақ ұлт болған деп айта аламыз.
Осы жерде мына бір мәселеге көңіл аударайық. «Ұлт» дегенді қалай түсінеміз? Қазіргі шақта «ұлт», «ұлттық», «ұлттық идея» дегенді көбінесе этникалық тұрғыда түсініп, қолданып жүрген сияқтымыз. Дәл қазіргі кезеңде «ұлт», «ұлттық» сөздерін «мемлекет», «мемлекеттік» деген мағынада да ұғыну керек тәрізді. Егер осы шартпен келсек, «ұлт» дегенді «этникалық ұлт», «мемлекеттік ұлт» деп екі мағынада қолдануға болатын сықылды.
Этностық ұлт дегеніміз – өте ерте заманда бір тектес, ортақ тілі, әдет-ғұрпы бар тайпалардан құралған қауым болып шығады. Этностық ұлт қандай жағдайда қалай болса да сақталады. Ол басқа бір ұлттың езгісіне түсіп, жан-жаққа бытырап кетсе де этникалық сипатын жоғалтпайды. Әлем тарихында мұндай мысалдар көп. Ежелгі мемлекеттердің бірі пайда болып, бірі жойылып кеткенмен, сол мемлекеттерді құраған этникалық ұлттар мүлде жоғалып кеткен жоқ. Мысалы, ассирия, курд, еврей сияқты көне этникалық ұлттар ұзақ уақыт бойы қаншама мемлекеттер құрамында болғанымен, біздің заманымызға ұлт болып сақталып жетті. Тіпті, қазіргі Еуропа мен Азияның, Американың мемлекеттері де бір емес, бірнеше этникалық ұлттардан тұрады. Францияда тұрып, өзін неміс ұлты, Германияда тұрып, өзін түрік ұлты, Италияда тұрып, өзін армян ұлты, Канада да тұрып, өзін украин ұлты санайтын жұрт аз ба?! Бізде де солай ғой.Қазақстанда тұрғанымен,өздерін орыс ұлтымыз,неміс ұлтымыз,өзбек ұлтымыз деп есептейтіндер – сол этностық ұлттардың өкілдері емес пе?
Ал, мемлекеттік ұлт дегеніміз – мемлекетті құрған негізгі этникалық ұлт. Ол өз маңайына басқа да этностарды топтастыра отырып, бәріне ортақ бір саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, әскери-құқықтық жүйесі бар қоғам құрады.Соның нәтижесінде мемлекеттік ұлт тарихи даму барысында бір текті бола бермейтіні бірнеше этностық ұлттың бірлігіне де айналады.Сөйтіп, мемлекеттік ұлт сол мемлекеттің негізгі бөлігі бола тұрып,басқа этностық ұлттарымен бірге өмір сүріп, біртұтас қоғамға өзек болады,соның кепілі әрі біріктірушісі және қозғаушысы қызметін атқарады.
Осы аспектіден келгенде, Абай не дейді? Абай сөздерінен байқайтынымыз: қазақтың арғы бабалары есте жоқ ескі заманда, сонау түркі-моңғол тайпаларының бірлігі кезінде этникалық ұлт болып қалыптасқан да, түркі дәуірінде мемлекеттік ұлтқа айналған. Бірақ сол мемлекеттік ұлт мәртебесін үнемі сақтап тұра алмаған. Бір мемлекетті екінші мемлекет басып алып, оның еркіндігін жоғалтқан сайын ұлт та біресе біреуге тәуелді болып, біресе өзінше дербес өмір сүріп отырған. Сөйтіп, қазақтың өз атымен жеке мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт болуы Қазақ хандығы тұсына дөп келген. Бұл – құба қалмақтың басқыншылығын жойып, қазақ ұлтының шарықтаған шағы.
Абайдың мына сөзі дәл осы бір кезеңді суреттесе керек:
«… Рас, – деп жазады Абай 39-қара сөзінде, – бұрынғы біздің ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен…
...Ол екі мінез қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен… Екінші-намысқорлық. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен.»
Міне, Абайдың айтып отырған екі қасиеті мемлекеттік ұлт болған жұртқа тән. Алғашқысы – халық түгелімен ел басына бағынған, яғни мемлекетті басқарған көсемге толық билік берген. Халық соны тыңдаған, соның бұйрығын орындаған. Ал, сол ел басының билігі топ басылары арқылы жүзеге асып отырған. Ендеше, ел басқарған, басшы болған қайраткер – мемлекеттің күшті болуына, халықты бірлікте ұстауға міндетті болған. Абай айтқандай, билікті қолына алған адам «бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен… Оның бір себебін Абай былай түсіндіреді: «Оны (ел басын) зор тұтып, онан соң жақсылары азбайды екен». Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» Мұның бәрі мемлекеттік ұлтты сақтау мен күшейтуге бағытталған.
Абайдың айтып отырған екінші қасиеті – қазақ жеке мемлекет болғанда ешкімге намысын жібермеуші еді, елдің бірлігі күшті еді. Аруақ шақырып, мемлекетті қорғауға барлық қазақ күш салушы еді деген идея.
«…Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді.
… Бұлардан айырылдық!» дейді Абай.
Неге айырылдық? Орыстан жеңіліп, мемлекеттен айырылған соң, мемлекеттік ұлт та өз мәртебесі мен сипатынан ада болды. Абай тұсында мемлекеттігіміз де, ұлттығымыз да тәуелділікке түсті. Қазақ өз тағдырын өзі шешуден қалды. Өзгеге бодан болған жұрттың этникалық ұлт ретіндегі мінез-құлқы да, іс-әрекеті де, ой-арманы да басқаша болды.
Қалың елім, қазағым,қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың!
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан,бірі май боп екі ұртың..
...Бас-басына би болған өңкей қиқым
Мінекей бұзған жоқпа елдің сиқын?
Өздеріңді деп алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
«Ырқың өз қолыңнан кетті» дегені Абайдың тікелей қазақ мемлекетінің жойылғанын, қазақ енді дербес ұлт ретінде жоқ екенін, енді ешнәрсені өз еркімен істей алмайтынын айтып отырғаны күмәнсіз.
Өзінің өмір сүрген шағындағы қазақтың ұлтсыздануы,азып-тозуы,мінез-құлқының өзгеруі,тіпті бүкіл болмысының адамшылық сипаттан кете бастауы, жұрттың білімнен қашықтап,надандыққа ұрынуы – осының бәрі Абайдың жанын ауыртады.Сондықтанда ел осы ащы шындыққа барынша айтып, елді штратуға,оятуға,намысына тиіп,қайраттандыруға тырысып,сыншылдыққа,шыншылдыққа толы, өкінішті мол өлеңдер жазып,қара сөзбен ойланып ,күйзеледі.
Абайды қатты қинаған ендігі мәселе – қалай қазақты бұрынғы мемлекеттік ұлт қалпына келтіру болды. Оның жолын іздеді. Сынады, мысқылдады, білімге шақырды, ақыл айтты, күлдірді, ашуландырды… Болмаған соң мынындай ойға келді: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек…
Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек… Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек».
Абайдың «қазақты түзеймін» деп отырғаны – сөз жоқ, ұлттығын қалпына келтіру деген ниет. Әрине, ол үшін қазақтың мемлекетін қайта құру керек. Бірақ Абай «қазақты түзету» үшін оның мемлекеттігін қайтару қажет деп ашық айтпайды. Әлбетте, ол орталыққа қарсы қару алып, күресуге де шақырып отырған жоқ. Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, Абай заманында отаршылдық жүйе әлі керегесі сөгілмей, күшейіп тұрған-ды. Тіпті орталыққа қарсы қару алып күрескен кейбір елдердің қаншалықты шығынға ұшырап, көсемдері жер аударылып, азап шеккенін Абай оқып та, көріп те білген. Екіншіден, Абай Ресей империясына қарсы қару алып күрескен Кенесары хан мен оның сарбаздарының тағдыры қалай болғанын жақсы білгені күмән туғызбайды. Үшіншіден, отарлықтан құтылудың жолы тек қана қарулы көтеріліс емес, басқа да, яғни халықты бос шығынға ұшыратпай, оның білімін көтеріп, елді ғылымға жетілдіріп барып іске асыруға болады деп түсінген сияқты. (Бұл оның гуманистік көзқарасынан туындаса керек). Абайдың ойы – Ресейдің құрамында болып-ақ халыққа жаппай білім беру мен оны ғылымға үйрету арқылы қазақты жаңа сапаға көшіріп, жаңа ұлт деңгейіне көтеру болатын. Сол себепті де ол орыс тілін, мәдениетін, өнері мен ғылым-білімін меңгеруге шақырады.Тек сонда ғана орыспен тең сөйлесіп,тең дәрежеге жеткен соң,отарлық,құлдық сипаттан арылып,қазақ өзін жаңа сипатта қөрсете алады деп сенді.Сөйтіп,сапалы әрі саналы халық неғұллым білімді,ғылымды,өнерлі болса соғырлым мұратқа жетеді,ал мұның өзі түптеп келгенде мемлекетті қайта құруға мүмкіндік туғызады деп ойлады.
Дәл осы тұста Абай мемлекетті басқару үшін не қажет екенін,оны кім басқару керек екендігін айта отырып,ол мемлекетті құру үшін қоғам революциялық жолмен емес,кәдімгі табиғи,эволюциялық жолмен даму тиіс деген көзқарас танытады.Әрине, осындай мемлекетті есепсіз бай адам басқару керек.Және оның қолында бек зор өкіміт пен жарлық ,яғни күшті билік пен заң болуы шарт.Абайдың есепсіз байадам басқарсын деуі- мемлекет таза болсын, жемқорлық пен сыбайластықтан алшақ болсын дегені.Өйткені,кедей адам елді басқара алмайлды,екіншіден алдымен өзіне байлық жинап,жұртты қанайды әрі жемқорлык пен сыбайластықты жайлатады.
Ал осы ел басының қолында жарлық пен зор өкімет болсын дегені мемлекетті басқарушыға толық билік беру керек,жарлықты жузеге асыратын топ басшылары,яғни тұрақты аппараты,әскері, жабармандары,т.б атрибуттары болу қажет дегені.
Әрине Абайдың бұл айтып отырғаны – нарықтық мемлкет әрі монастырлық мемлекет.Біз Кеңес өкіметі тұсында монархизм дегенді- ескілікті, заманы өткен, тіпті кертартпалық, реакицялық билік деп біржақты таптық тұрғыдан түсініп келдік.Алайда,қазіргі монархиялық билік бар мемлекеттердің тәжірбиесінде қарасақ, монархизм өркениетті,конститутциялық сипатта болса қоғамда,халық та өркендеп дами алады екен. Мұны бүгінгі Испания, Швейция, Бельгия, Англия сияқты елдердің өмірі көрсетіп отыр. Ендеше, Абайдың елдің басқаратын бір кемел керек дегенін-өмірдің, қоғамның табиғи дамуының заңдылығы деп тусіну керек. Абайдың сөздеріне көңіл бөлейікші:
...Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел-
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырақ жайқалып
Бұлғақтайды соқса жел
Жан жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел
Міне, кемел кісі басқарған елдің жағдайы-идеяалды деседе болғандай.Кемел адам ол дара,барлық қабілет қасиеті бойынша елден ерекше кісі, сондықтан оны Абай «единица» деп атайды.
...Единца- жақсысы
Ерген елі бейне нөл
Единица нөлсіз-ақ
Өз басымдық болар сол
Единица кеткенде
Не болады өңкей нөл?
Осылайша, Абай елге тұтқа азаматты «тұлға тобыр» деген философиялық тұрғыда қарап, оларды қарама-қарсы қояды да, елдің бақытты болмақ пікірін ұсынады.Сөйтіп, ол ел басы, яғни мемлекетті басқаратын адам ең әуелі –кемеңгер тұлға, сонан соң зор билік иесі, үшінші есепсіз бай болу тиіс деп есептейді.
Сонымен Абайдың ойларын бүгінгі жағдайға қатысты қандай тұжырым жасауға болады?
Біздіңше, Абай пікірлеріне сүйене әрі бүгінгі өмірімізге қатысты проблемаларды ескере отырып, шартты түрде болса да мынадай үш нәрсені анықтап, айқындап алуға болатын сияқты. Бұлар: ұлт, ұлттық идея және ұлттық мүдде.Оларды мүлде бөліп тастауға болмайды. Олар бір мақсатқа бағытталған біртұтас жүйе. Біз оларға тек анықтама беруге ұмтылып отырмыз.
Біріншісі – ұлт. Біз қазіргі кезеңде мемлекеттігімізді қайтарып, мемлекеттік ұлт ретінде қалыптасып жатырмыз. Демек, біз енді ұлт дегенді тек этникалық, яғни этнос, деген ұғымда ғана емес, мемлекет деген мағынада да түсініп, қолдануға мүмкіндік алып отырмыз. Егер халықаралық терминге сәйкестендірсек, этникалық ұлт дегеніміз – этнос, ал мемлекеттік ұлт дегеніміз – «нация» деген ұғымдарды беретін сияқты көрінеді. Егер солай болса, «ұлттық» атты мәртебесі бар мекемелер этникалық емес, мемлекеттік деген мағынаны бермек. Мәселен, «ұлттық кітапхана» деген – тек бір ғана ұлттың кітапханасы деген сөз емес қой. Сол сияқты «ұлттық университет», «ұлттық институт», «ұлттық академия» дегендер де этникалық мағынаны білдірмесе керек. Осындағы «ұлттық» деген мәртебе мекемелерге қазақ халқының қайтадан құрып жатқан мемлекеті беріп отыр емес пе? Ендеше, осы мемлекеттің негізі саналатын қазақ ұлты өзінің этникалық сипатын сақтай отырып, мемлекеттік ұлтқа айналуда деп айтуға болады.
Екіншісі – ұлттық идея. Осы идеяны жүзеге асыру – орасан еңбек пен төзімділікті, ұзақ уақытты талап етеді. Тәуелсіздікті сақтаудың шарттары көп. Олардың ең бастылары, әрине, Президент Н. Назарбаевтың мейлінше салиқалы жүргізіп жатқан сыртқы және ішкі саясаты. Содан соң – қазақ халқының ауыз бірлігі мен ұлттық менталитеті (меймандостығы, қанағатшылдығы, тәубешілдігі, төзімділігі т.т.). Президент Н. Назарбаев Тараз университетіндегі кездесуде ұлттық идея туралы қадап тұрып, өте дәл айтты: «Біздің ұлттық идеямыз – тәуелсіздік, тәуелсіздікті сақтап қалу және ұлттың дәрежесін көтеру… Ендігі ең қастерлі міндетіміз – тәуелсіздікті жариялап алу бар да, сол тәуелсіздікті сақтап, баянды ету. Өз мемлекеттігін, өз жер аумағын сақтап қалған мемлекет қана нағыз мемлекет болады. Осы үш мәселе төңірегінде түпкі идеямыз болуы керек» деді.
Үшіншісі – ұлттық мүдде. Бұл бүгінгі тіршілік пен келешек өмірдің қажеттіліктерінен туындайды. Сол себепті мұнда этникалық та, мемлекеттік те мүдде қатар жүреді. Себебі, біз енді Адамзат өркениетінен қалмауға тиіспіз. Оның озық ойлары мен жетістіктерін түгел игеріп, пайдалана білуіміз керек. Бұл үшін ең әуелі қазақ ұлтын жаңа дәрежеге көтеру керек. Енді қазақ – дала халқы емес, қала ұлты болып, бүтіндей аграрлықтан гөрі индустриялық мемлекет құруға міндетті. Қазіргі мемлекетімізде осы бағытта үлкен бағдарлама жасалып, Президент те, үкімет те елдің индустириялық-инновациялық даму жолына түсуін қатты қадағалап отыруы – ұлттық мүддені көздегендік.
Ендігі тағы бір үлкен мүдде – Қазақстанды ұлттық мемлекет ету. Бүкіл өркениетті елдер бастапқыда ұлттық мемлекет болып құрылған және сол этникалық ұлт негізіндегі мемлекет болып дамып келе жатыр. (Англия, Германия, Франция, Италия, Бельгия, Ресей т.б. алсаңыз да, ішінде қаншама этнос көп болса да, өздерінің этникалық ұлт ретіндегі мемлекеттігін сақтауда). Ұлттық сипатта құрылған мемлекет тек ерте заманда ғана болатын құбылыс емес. ХХ ғасырда азаттық алған Азия мен Африкадағы халықтардың көбісі ұлттық мемлекет құрғаны мәлім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайта құрылған Израиль мемлекеті де таза ұлттық негізде пайда болды емес пе?! Олай болса, бүгінгі заманда ұлттық мемлекет болмайды деп айтуға болмас. Ұлттық мемлекет тек бір ғана ұлттан тұрмайды. Әлемде бір ғана ұлттан тұратын мемлекет кемде-кем. Әсіресе, үлкен және дамыған мемлекеттерде көптеген ұлт өкілдері тұрады, бірақ сол мемлекеттер ұлттық мемлекет болып саналады. Рас, Америка Австралия құрлықтарындағы кейбір мемлекеттер мұндай жағдайда емес. Алайда,ол мемлекеттердің отарлық негізде пайда болғанын ескеру керек. Аталған құрлықтардың өз жұртын қырып жойып шеттен келгендер үстемдік еткені, этностық ұлтсыз мемлекет құрғандары тарихтан аян.
Олар бұл мәселеде бізге үлгі бола қоймас. Құдайға шүкір, Қазақстанның байырғы жұрты – қазақ халқы «мың өліп, мың тірілсе де», этнос сипатын жоғалтқан жоқ. Қазір мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт ретінде жер – жаһанға танылып жатыр. Сондықтан, Қазақстанды ұлттық мемлекетке айналдыру ұлттық мүдде болып саналады.Бірақ біздің елімізде тұратын этностарды жоққа шығару емес, керісінше, солармен бірлес, жұптаса отырып істелетін міндет. Ұлттық мүддені жүзеге асыру – өркениетті, демократиялық жолдармен шешу керек. Бұл істе мемлекеттік саясатпен қатар ғылым мен әдебиеттің, өнер мен мәдениеттіңде рөлі үлкен. Олар ұлтқа, ұлттық идеяға, ұлт мүддесіне қоғамға қызмет етуге тиіс.
Міне, Абайды ұлттық идея тұрғысынан оқығанда туған ойлар осылар.