400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Абай Құнанбаев өлеңдеріндегі ұлттық сарын

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы

С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі







Ғылыми зерделеу жұмысының тақырыбы:

Абай Құнанбаев өлеңдеріндегі ұлттық сарын





Сексиясы: Қазақ әдебиеті

Ғылыми зерделеу жұмысын дайындаған:

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

мұғалімі Керимшеева Баян















Аннотация

Ұлтымыздың ұлы перзенті, дана Абайдың есімі ел көгінде мәңгі жарқырап жанып тұра берері – даусыз ақиқат. Абай – әлемдік әдебиеттен ойып орын алған кемеңгер ойшыл, адам баласын шындыққа, игілік іске, еркінділікке шақырған ұлы ақынның бірі. Ұлы ақынның шығармалары өзінің бейнелі көркемдігімен сәулетті сұлу дүниедей адам көңілін баурап алуы жайында зерделеу жоба жұмысында жүрекжарды пікірін білдірген.

Абай шығармашылығын зерделеу неғұрлым кең, талапқа сай жан-жақты талқыланса, оның мұрасын зерттеу нәтижелері соғұрлым жемісті, елеулі бола бермек. Абай – біздің эаманымызға бұрынғыдан да қадірлі, жақын болып барады. Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясының сәулелі шыңы, Абайдың азбас-тозбас даңқының ең ірі айғағы осы деп білеміз. Абайдың ұлылығы сол – ол қай әдебиеттен үйренсе де жалаң шәкірт боп қалмай, данышпан ұлттық ақын болды. Абай Батыс мәдениетін ұлттық мүдде тұрғысында игергендігі туралы ғылыми зерттеу еңбектерінен үзік пікірлер келтіре білген. Зерделі ой-тұжырымдар мен құнды пікірлер айтқан Абайтану саласының марқасқаларының көзқарасы санаға сәуле түсіргендей әлі де талай жүректі тербете бермек. Қазіргі заман ұрпақтары Абайды оқу арқылы өз қажеттігін өтейді. Абайды оқи алмаған, көңіліне тоқи алмаған адамды рухани аш адам қатарына жатқызатыны туралы өз ойын ортаға сала білген. Бүгінгі күнге жеткен Абайдың ой байлығын танытатын тағылымдық, тәрбиелік мәні зор нақыл-насихат сөзі – біз үшін таптырмайтын бағасы ірі, рухани мол қазына екендігін зерделеу жоба жұмысында жеткізе білген. Зерделеу жұмысында өзекті мәселе болған Абай шығармашылығымен рухани үндесудің алтын арқаны болашақ белестерде де кеңейе береріне сенімім мол. Абай шығармашалығының рухани сабақтастығы туралы өзіндік көзқарастары мен пікірлері зерделеудің құндылықтарына жатары сөзсіз.















Мазмұны

І. Кіріспе........................................................................................................3-4

Абайдың лағыл ойлары – мәңгілік мұра

ІІ. Негізгі бөлім............................................................................................5-13

1. Абайды білмек парыз ойлы жасқа

2. Абай қара сөздеріне көзқарасым

3. Терең толғаныстар мен соны ізденістер

ІІІ. Қорытынды...............................................................................................14

Абайды тану- дүниені тану

Пайдаланылған әдебиеттер..............................................................................15

































Кіріспе

Зерделеу жұмысының өзектілігі :

Абайдың қара сөздері – қазақ әдебиетіндегі дара туынды. Ұлы Абайдың әр сөзі – біздің рухани байлығымыз, әрбір пікірі– күнделікті өміріміздің төрешісі. Абай тағылымы, Абай қарасөздерімен тәрбиелену- баршамыздың міндетіміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Абайдың армандары – тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Қазақ топырағында оның орайын келтіруге мүмкіндік енді туып отыр. Мына сіздер мен біздерге үлес боп тиіп отыр. Өйткені, біз осы далада өмір сүрген ұрпақтардың ішінде әлгіндей мүмкіндікке қол жеткізіп отырған ең алғашқы және бірден- бір ұрпақпыз. Сондықтан ұлы ойшыл-демократ, ұлы рухани реформатор Абайға ең жақын, ең етене ұрпақ та- тек бізбіз. Мұндай жақындық, мұндай етенелік бізге тарих алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Асыл ұстаз, ұлы ақын өсиет еткен абзал мұраттардың тек қиял болып қалмай, нақты болмысқа айналар-айналмасы мына біздерге байланысты».

Шындығында да, бәрі де өзімізге байланысты. Абайдың сол кездің өзінде-ақ айтқан ұлағатты сөздері бүгінгі күні шындыққа айналып отыр.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Абай қарасөздерінің тәлім-тәрбиелік мәнін жас ұрпаққа тиянақты жеткізу – бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерінің бірі. Ұлы Абайдың сөз өнерінің қыр- сырымен таныстыру, хакім Абай өсиеттерінен нәр алу арқылы ақын армандаған толық адам тұлғасын қалыптастыру. Міндеттері:

  • Абай шығармаларындағы келер ұрпақпен рухани үндестік сабақтастығын байланыстыру.

  • Адамның адал қасиеттері туралы жазған Абай шығармаларының астарлы ойын анықтау.

  • Абай өнегесінің кейінгі ұрпақ шығармашылығымен байланысын талдау.

  • Абай өлеңдерінің мәні- имандылыққа шақыру, терең ой мен терең ғылым іздеуге шақыратын өлеңдерінің көркемдік шеберлігін насихаттау.

  • Абай шығармаларындағы діни-философиялық сипаттың әр адам санасына тұрақталғанын дәлелдеу.

  • Ұлылар үндестігінің шеберлік байланысы мен ортақ пайымдарын үлгі ету.

  • Жас ұрпақты рухани жаңғыру бағдарламасына сай мәңгілік ел болудың мәртебесі Хакім Абай тағылымының өміршеңдігін айшықтау.

Зерттеу жұмысының жаңашылдығы: Аса күрделі рухани құбылыс Абай мұрасын меңгеру, оны жас ұрпақтың рухани бұлақ көзіне айналдыру абайтанушы ұстаздардың парызы. Абай философиясынан туған озық ой – дүниенің бірқалыпта тұрмай, үнемі дамуда, өзгерісте болатындығы. Бұл ұлы Абайдың дүниетаным көзқарасының тереңдігін көрсетеді. Абайдың поэтикалық философиясынан туындайтын тың ой – өзгеге жасаған жамандығың мен арамдығың ерте ме, кеш пе, сөз жоқ өзіңе қайтып оралады деген тұжырым. «Қара сөздер» өсиет, ғибрат қалдыру мақсатындағы шығарма. Танымдық мазмұнды толық танытатын туынды.Абайдың 44- қара сөзінде: «Адам баласының ең жаманы- талапсыздық. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ»,- деп ғибрат еткендей, өз зерделеу жоба жұмысыма жоғары талап пен шынайы пікірді негізге алып отырмын.

Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері: Зерделеу жоба жұмысы бір жыл бойы ізденген, еңбектенген жұмыстың нәтижесі ретінде ұсынып отырмын. Хакім Абайдың ұлылығы өз халқының мұқтажы мен болашағын әрі дұрыс, әрі көрегендікпен ұға білуінде жатқандығын қара сөздерінің астарлы ой түйінін шешкендей болдым. Абай даналығы дәл осы заманымызға лайықты жазылған өткір тілді, алғыр ойлы туынды екендігі айшықталып, өзіміздің сапарлас серігіміздей болып, сәулетті болашаққа қарай, бізбен бірге аршындай адымдап келеді. Абайдың асыл сөздерінің мән-мағынасы, тамыры болып келетін ұлттық көзқарасын зерделеу мерзімдік баспасөздерде, ізденіс жұмыстарында да кең ауқымды талданған. Зерделеу жоба жұмысында өзіндік пікір мен рухани идеяларды ортаға салып, Абай мұрасының мәңгілік сабақтастығын арқау еткен.

Зерттеу жұмысының метологиясы мен әдістемесі: Зерделеу жоба жұмысының басты метологиялық негіздері болып әдебиет ғылымында жиі қолданылатын негізгі әдістер: танымдылық, жүйелілік,талдау, салыстыру, насихаттау, үлгі ету,өзіндік көзқарастар келтірілген, рухани жаңғыру мен ұрпақтар сабақтастығы басты нысан ретінде алынды.







Ұлы Абайдың лағыл сөзі – біздің рухани байлығымыз, әрбір пікірі – күнделікті өміріміздің төрешісі. Жас ұрпағымызды Абай ғибрат сөздерімен тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз. Абай өз заманында асқан көрегенділікпен айтқан ұлағатты сөздері бүгінгі күні шындыққа айналып отыр. Ұлы Абай шығармаларын өз дәрежесінде түсіну, оны заманауи талапқа сай кейінгі ұрпаққа жеткізе білу – салмақты сенім. Абай қара сөздерінің мән-мазмұны ғасырлар бойы жаңаруда. Абайды танытуда әрбір сабақта тиімді әдіс-тәсілдер қолданған жағдайда білім алушылардың ой-өрісін, танымдық қабілетін, сыни көзқарасын тереңірек дамытуға мүмкіндік туады. Жаңартылған оқу әдісін тиімді қолдану, әрбір өлеңінің, қара сөзінің түпкі мағынасын толықтай түсіну білім алушылардың зерде-зейінін арттырады, табысты оқуға жол ашады. Заманауи талапқа сай жаңартылған оқу әдісінің белсенді стратегияларын шығармашылық жолмен зерттеп, рухани құндылықты арттыру- бағдарлы мақсат. Табысты оқу нәтижесінде Абай шығармаларының тәлім-тәрбиелік мәнін білім алушыларға тиянақты жеткізу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі деп ойлаймын.

Деиек, қай жағынан алып қараған күнде де Абай қара сөздерінің көтеріп отырған тақырыбы дәл бүгінгі күн үшін өзекті болып табылады. Абайдың дарқан даналығының ең басты бастау көзі - «Қалың елім, қазағымның» тарихи тәлім-тәрбиелік аса бай қазынасында жатыр. Ол – өз жұртының, рухани мол мұрасындағы жақсылықты, адамгершілік қасиетті сүйсіне жырлаған, жамандықты өткір тілмен ашына жазған, жақсы үлгісінен өнеге алуды сабақ еткен.

Абай қара сөздері – ұлттық өнеге мен тәлім-тәрбие үлгісі. Абай шығармашылығындағы рухани сабақтастықты зерделеу мақсатында қара сөздердің астарына үңіліп, бүгінгі күнмен байланысып жатқан сыни көзқарастарға зейін қойдым. Абай қара сөздерінде адам бойындағы ізгі қасиеттерді анықтап көрсетіп қана қоймай, олардың өзара қарым-қатынасын, басқа адамгершілік қасиеттермен байланысын кең зерттеп толғайды. Бұл орайда «Он төртінші сөз», «Он бесінші сөз», «Он жетінші сөз» жүйелерінде айтылған. « Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла»,- деп Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырықтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.

Абайтануға деген бетбұрыс жаңа жаңғырып келе жатқан кезең халқымыз тәуелсіздік алған заманға тұспа-тұс келіп отыр. Дүние жүзі халықтары Абайды тану арқылы оны туып, өсірген халқын, елін тани бастады.

Абай ұлы ғұлама ақын, моралист – ойшыл, қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтарының ортасынан шыққан әлемдік тұлға. Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр.

Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі.

Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Қазақ халқының алдында енді қазақтың Абайын әлемге таныту, оны Адамзаттың Абайын айналдыру міндеті тұр.

Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Туысы бөлек, бесігі өлең, өсуі еркін. Оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр, тарлан, мектебі орта болған. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Ойланып жазғандары өлең өнер болған. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Құдай берген даналық оны даралық жолына, даныш-пандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ.

Нағыз ақын, әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты.Абай өзінің шығармашылығында ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелеп, халықты өнер-білімге шақырады.

Ел бағу? Мал бағу? Ғылым бағу? Софылық қылып дін бағу? Балаларды бағу? Осындай бес түрлі қоғамдық, экономикалық, ғылыми, діни маңызы бар және бала тәрбиелеу ісіне қалған өмірін жұмсаудан бас тартқан Абай «Ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», — деп ойын тұжырымдайды.

Абай тірелген тығырық тек қана өз басының мәселелері ме, жоқ болмаса, ол қазақ халқына тән құбылыс па? Абайдың соншама тосқауыл ойға шомуының себептері неде?

Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақын көзін ақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайындағы жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен кезінде айқын суреттеледі. Өкінді, өксіді, жиренді, осы өкініш, өксіктің уыты бойын керней, ызалы, кекті, улы көп әсері көп із қалдырды.

Осы өткен өкініш, жалған өмірден «өксіктің уыты керней ызалы, кекті» Абай төмендегі бір шумақ өлең арқылы терең ойын баяндап береді.

Өңкей уды жинап ап,

Себеді сорлы жүрекке.

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой.

Абайдың елге жақындаған кезіндегі өмірінің сыртқы пішіні қазақ халқының өміріне тән қоғамдық жайлармен іспеттес екенін көреміз. Абайдың қолына қалам алып, надандықпен алысуға бел байлап, ақиқат пен жалғанның қағидаларына сүйене отырып жазған өлеңдері мен қара сөздеріндегі тәрбие, әдебиет, өнер, ғылым саласында айтылған терең ойларына қайран қаласың, таңырқайсың!

Абай қазақ халқының мінез-құлқындағы келеңсіз, нашар қылықтардың қайдан және қалай туындайтынын саралап, ақиқат пен жалған философиялық категориялар арқылы талдап беріп отырады. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағанын, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынын, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өзде-рінің жалқау болатұғының себебі не?» — деген сұрақ қойып алып, ары қарай талдау жасап, ол талдауларды бір топ терең ойлары арқылы таразылайды. Мәселен, Абай бұл тұрғыда тек қана өз халқының туындыларына ғана зер салмай «бар ғылымға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған» — деп өзінің ой-өрісінің кеңдігін, дүние жүзіне белгілі данышпан адамдар, ғалымдар, ойшыл-философтардың еңбектерімен таныс екенін білдіре келе: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамасақ, өзі тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» — дейді.

Абайдың осы сөзінде пайдаланылған философиялық категорияларға зер салсақ: қорқақ-ақылсыз, қорқақ-мақтаншақ, қорқақ -қайратсыз, ал қорқақ категориясы жалқаулықтан туындайтынын ашық айтып отыр.

Абайдың бұдан бұрын қазаққа айтқан ойларының тереңдігі бүгінгі егемендігін қолына алған қазақ халқына, оның ішінде қазаққа айтылар ойларымен ұштасып жатқан жоқ па?! Абай философиясының халық тағдырымен ұштасуының негізгі себебі халқына деген шексіз сүйіспеншілігінде, жан-тәнімен бар күш салып көмектесуінде, болашаққа жол сілтеуінде, жаны ауырып күйзелістен туындайтын тағылымды ойлар, терең ой қағидалары арқылы шешімін табуында.

«Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», — дейді Абай.

Абай айтқан қулық сауу, көз сүзу, тілену, адам сауу – өнерсіз иттің ісі. Ал мұндай теріс мінезден арылу үшін Абай қандай кеңес береді – еңбегіңді сау дейді. Ал еңбекті сауу үшін бос күлкіден, жарамсыз қылықтан, мақтан-шықтан арылғанда ғана өнерсіз иттіктен кетесің дейді. Абай өнерге үйрену мәселесі адамның өміріндегі ең бағалы да қажетті іс екеніне көзімізді жеткізді. Бүгінгі өмірдің тауқыметі базар, нарық экономикасының ауыртпалығына тіреліп отырған халқымыздың мән-жайы, одан туындап отырған кеселдер сол Абай заманында да, бүгін де белең алып отыр. Ол Абай айтқан «Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» — дегендей қулық, көз сүзу, тілену, адам адамның еңбек ақысын жеу арқылы өзінің мал мүлкін молайту, жастарымыздың, қала берді үлкендеріміздің де ісі, бүгінгі таңның ең бір жағымсыз қылықтарының бірі екеніне бәріміз де куәгерміз.

Абай өз ойларының түйінін бесінші сөзінде де, қазақ даласында көп таралған мақал-мәтелдердің мазмұны арқылы да дәлелдеген: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен. Ол тек қана мал үшін қам жейді екен. Ал мал табу жолын біле ме? Оны да білмейді. Оның бар білетіні – малдыларды алдап, арбап, мақтап, мал жинау, егер бұл іске аспаса, алдап немесе мақтап ала алмаса, онда әкесімен болса да жауласудан тайынбайды екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшік, соған ұқсаған қылықтардың қайсысын болса да қылып, мал тапса жазалы демесек керек екен. Осындай Абай айтқан әдіспен мал тауып, халықты алдап, арбап, қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен, зорлық-зомбылықпен көгеріп, көркейіп отырмын деп санайтын адамдар бүгінгі таңда баршылық екеніне бәріміз тағы да куәгерміз.

Абай алтыншы сөзінде қазақтың «бірлік пен тірлікті» қалай түсінетінін көрсеткен. «Өнер алды – бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалдың тәрбиелік мәні қандай? Оны дұрыс түсіне ала ма? «Қазақ ойлайды, — дейді Абай, — бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» деп. Осы ортақтықты бірлік деп түсінеді. «Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік?»,- деп Абай «бірлік» сөзінің мағынасын өзі ашып береді. «Жоқ,-дейді Абай, — бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы».

Мызғымайтын шындықтарды айтуды Абай алдына ешқашан мақсат қылған емес. Рухани дүниесі құлдырау жолына түскен тобырларды дұрыс жолға салу қиынның қиыны болатын. Осыны сезінген Абай қатты қиналып, дағдарысқа ұшырайды. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп мұңын шаға келіп, оның себебін түсіндіреді.

Бас басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын,-

деп отаршыл саясаттың құрбаны болған елдің «атқа мінерлерінің» кінәсін көрсетіп, оларды аяусыз мінейді. Абайдың «Болыс болдым мінеки», «Болды да партия», «Бөтен елде бар болса», «Қалың елім, қазағым» деген өлеңдері халықтың көзін ашып, оятуды көздеген, атқамінер белсенділерді жаман әдеттен сақтандыруға арналған туындылар еді.

Абай өлеңдерінде халықты азғын-даудан сақтандырады, жаман әдеттен жиренуге, адамгершілікке шақырады, өз шығармалары арқылы ар-ұятты орнықтыруды көздейді. Сөйтіп Абай елдің ақылшысы, қамқоршысына айналады. Бірақ көпшілік қауымның оның ұсынған асыл мұрасын қабылдап, түсінуге өрісі жетпеді. Ал елдің озбырлары болса, оған бөгет жасауға ұмтылып, аяғынан шала берді. Осыған налыған Абай былай деп ой тербеген:

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ.

Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау сынағы көп заманда қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл- қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей.

Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, нақыл сөздерімен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған деп ойлаймйн.

«Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз», — деген тұжырым ұсынады. Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз» — деп, айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бес нәрсе не?» деген сұраққа Абай:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз…» — деп, кесімді, тұжырымды жауап береді.

Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық толып жатыр. Солардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар. «Бес дұшпан» — Абай айқындап берген адамгершілікке жат тәрбиелік-әдеп бедері. Абай «Бес асыл» ісінде нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанында»:

«Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер, мал шашпақ »

— деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей адамгершілікке жат жаман қылықтар – арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық-сұмдық, пәлеқорлық . Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Ақын сол кездегі ауылдың басты әдеттерінің бірі – өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұршылықты олардан сақтандырмақ болды. Қазақ қауымының болашақ жастардың бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Қазақ қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына, мінездің әлеуметтік өмірдегі қызметіне айрықша мән береді. Туған халқын барынша сүйгендіктен, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, соны жоюға күш салды. Өз мінін көре алмаған халықтың алға ұмтылмайтынын түсінді. Сондықтан ол кертартпа дәстүрлерге қатал да батыл қарсы күресті, әлеуметтік өмірдің жаңа да озық өлшемдерін уағыздады. Өз шығармаларында әлеуметтік күштердің мүддесін қорғады. Кемеңгер Абайдың әлеуметтік ойлары – әлеуметтік іліміне қосылған үлес.

Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат пен бақ көп нәрсе, бұл қуаттың ішінде артық қуат бар, ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты». Ақын: « ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» — деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана көмектесетінін еске салады. Адамның бірқатар жағымды да, жағымсыз қасиеттерін көрсете келіп, олардың табиғатын түсіндіруге тырысады.

«Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,

Не түсер қу түлкіден жыртың-жыртың», — деп тиянақтылық пен ұстам-дылықты адам мінезінің жақсы қасиеттеріне жатқызады.

Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғаған ақын өз ойын әлем кеңістігіне жүгіртіп, Ар, Ұят, Намыс деген ұғымдар адам өзінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айқындай түсіндіре келіп: «Осы да есеп бола ма, Ар, әбүйір тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға», «Әбүйір қайда, ар қайда? Өз басыңа не пайда?», «Достық, қастық, бар қызық жүрек ісі, Ар ұяттың бір ақыл-күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі», — дейді. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай – қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», — деп түйеді. Абай түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өз ары алдында жасалған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. Мұндайларға Абай төмендегідей теріс бата береді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілімен қулық салған заңы құрсын».

Адам болудың бір шарты – Ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз – адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. Абай ұяттыларға мейірленсе, ұятсыздардан жиіркенеді де: «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде», «Жігерлен сілкін, Қайраттан беркін!» деп насихат бергенде; «Ұятсыз, арсыз салтынан Қалғып кетер артынан» деп, ұятсыздарды сөгіп, «осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да, ол істен, мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» — дейді. Ар, ұятпен қатар саналы қазақтың табиғатына сіңген бір ұғым – Намыс. Ақын бұл ұғымға да ерекше мән береді. «Бұрынғы ата-бабаларымыздан артық екі мінезі бар: соның екіншісі – намысқор келеді екен». Ар ұяттан айырылған, намыс дегенді білмейтін, білгісі де келмейтін болыстарды Абай мысқылдай кекетіп, өткір сатиралық тілмен түйреп:

«Сүйегім жасық, буын бос,

Біраз ғана айлам бар,

Айлам құрсын білемін –

Болыстықтың жолы тар,-

деп налиды. Не құдайшылыққа, не адамшылыққа жатпайтын, ардан бездіруге итермейлейтін «жарлы болсаң, арлы болма ма», жалқаулыққа, сұрампаздыққа, жыл-постыққа шақыратын «Қалауын тапсаң қар жанады, Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», ұрлыққа, мейірімсіздікке бағыттайтын «Алтын көрсе періште жолдан таяр», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейтін, ата-анасын малға сатуға бейім тұрған опасыздардан, сатқындардан «бек сақ болу керектігін» қатты ескертеді.

Ақын адамгершілік, ар мәселесін сөз еткенде жақсылыққа: адамшылық, адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік, еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік, жомарттық, қайраттылық,, кісілік, қанағатшылдық, рахымдылық, махаббат, арлылық, намысқойлық, сабырлық, сертке беріктік, табандылық, татулық, тәуекелшілдік, шүкіршілік т.б. қасиеттерді, жамандыққа: арамдық, азғындық, айлакерлік, парақорлық, арызқойлық, тәкаппарлық, сараңдық, алдампаздық, сайқалдық, даңққұмарлық, әділетсіздік, әдепсіздік, пәлеқорлық, паңдық, әсемпаздық, бақастық, борышқорлық, өсекшілдік, надандық, менмендік, әсемпаздық, еріншектік, әулекілік, есерлік, жалақорлық, мақтаншақтық, жарамсақтық, залымдық, жылпостық, қияңқылық жиіркенішті мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі этика, адамгершілік, түсініктері әділдік пен әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, ара қатынастарын түсінуге арналған.

Ақын білімді деген ұғымға өзінше ерекше мән береді. Абайдың түсінігіндегі білімді адам – адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды дұрыс түсіне білетін адам. Мектептен алған білімін адамгершілікпен ұштастыра білмейтіндерді Абай адамсымақтардың ең үлкен наданы, арамы екенін айта келіп:

«Осы жасқа келгенше

Өршеленіп өлгенше,

Таба алмадық еш адам,

Шықтық міне белге енді» ,—

деп тоғыршылықтан адамдыққа, білімсіздіктен білімділікке қарай күрес жолында өткен өмірін баяндайды. Абайдың бұл ойлары «жақсылық ақиқатпен бірге болады, жамандық білімсіздіктің салдары», сондықтан да «өзіңді-өзің таны, өзіңді-өзің біл» деген тәрбиемен ұштасып жатыр.

Абайдың адамгершілік туралы, адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші, рух беруші пайғамбарымыз, рухани көсеміміз. Абай заттың адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек. Мен де ұлы Абайға жүректің бір парасындай өлең шумағын арнағанды жөн көрдім.

Өлеңмен бірге Абайды танығанмын,
Абайдан әрқашан да тәлім алдым.
Іші алтын, сырты да алтын өлеңіне,
Бірімін уызында жарығанның.


Тәтті сөзі тамсандырған талайды,
Самғап әлі сан ғасырды санайды.
Абайы бар ақындары қазақтың,
Әлемді сан таңдантуға жарайды.

Төл әдебиетімізге өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып қала берері сөзсіз!









ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.М.Мырзахметов Абайтану тарихы. Алматы: «Жазушы», 1994.

2. Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.

3. Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: «Жазушы», 1995.

4. М.Әуезов Жиырма томдық шығармалар жинағы.

Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: «Жазушы», 1984.

5. Т.Тәжібаев Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастары. — Алматы, 1957.

6. « Абай даналығы» сайды

7. « Bari bar» сайды





































































PAGE \* MERGEFORMAT 15


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
2 ұстаз жүктеп алған
8 мамыр
681
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі