«Әбіш әлемі» атты әдеби кеш
сценарийі
Мақсаты: Қазақ әдебиетінің
классигі Әбіш Кекілбаев өмірі мен
шығармашылығымен сусындау, өлең-жырларын оқушыларға
насихаттау, шығармашылыққа баулу, оқырмандық мәдениет
қалыптастыру.
Жүргізуші: Қайырлы күн, қадірлі қонақтар!
Қазақ топырағы қашанда таланты ерек, қадірі бөлек жандарға кенде
болмаған. Сондай таланттар сапындағы жөні бөлек, шыңға біткен
шынардай қадау-қадау шығармаларымен өз шоқтығын биіктеткен,
творчествалық кеңістігін кеңейткен Кекілбаев Әбіш атамыздың әдеби
әлеміне ену – иісі қазаққа ортақ олжа. Өмір дерегіне, шығармаларына
шолу жасап, парасатты тұлғаның тұңғиық әлеміне бірге саяхат
жасайық. Ендеше, «Әбіш әлемі» атты әдеби кешке қош
келдіңіздер!
Алдымен, экранға назар
аударайық. /Әбіш өмірі мен шығармашылығы туралы бейнежазба
көрсетіледі/
Жазушының өмір дерегіне, шығармаларына шолу
жасап, парасатты тұлғаның тұңғиық әлеміне саяхат жасау үшін
арамызға жас ғалым, жас ақын, жас гид, жас актер, үздік оқырман,
үздік сценарий құрушы, үздік қылқалам шебері, үздік аниматор, жас
тілші, үздік көркем сөз оқу шеберлері келіп отыр.
Жүргізуші: «Ол – ақылдың, мол білімнің,
терең сезімнің тұнбасы. Тұнба қашанда салмақты, қашанда баяу. Ол
ақса ырғып ақпайды, ырғалып ағады, көпірудің орнына тұңғиықтана
түседі.Алыстан орман қып көрсетіп, жетіп келсең, бес түп ши тұратын
сағым мінез оның талантына жат. Онда жалтылдап көрінетін
жез-құбылмалық жоқ. Ол көңілді арбайды, бірақ көзді арбамайды, ал
шынайы өнердің асыл мұраты – сол, кімді де болса алдамау ғой.
Алдамаған жерде ақиқат бар» дейді Әбіш Кекілбаев туралы Жұмекен
Нәжімеденов. Осындай биік шығармашылық мінездеме алған қаламгер ол
кезде небәрі 29 жаста болған.
Кейін ғалым, түркітанушы
Мырзатай Жолдасбеков «Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші
әулие Әбіш Кекілбаев шығар» деп бағалады.
Жүргізуші: Әбіш атамыз шығармашылығын
әуелде өлең жазудан бастағанын біреу білсе, біреу білмейді. Күні
кеше осы жерде «Өлкенің тума таланты» атты Әбіш Кекілбаев
шығармаларын мәнерлеп оқу сайысы өтті. Сол сайыста үздік деп
танылған үштікті ортаға шақырамын. Үлкен роман, көлемді хикаяға
бойламас бұрын поэзия әлеміне ат басын бұрған қаламгердің өлеңдерін
жатқа оқып,
1-орын 5 «Б» Әмірханова
Тілектес «Адам қолы»
2-орын 8 «Б» Сабыр Таңсамал
«Гүл дүкені»
3-орын 7 «Е» Сәбит Саида
«Алматыда, күздігүні бульбарда»
Жүргізуші: Шын өнер жайшылықта емес, жан
дүниенің қайшылығында туады. Ал дарын –
Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен
пендесіне қиял-ғажайып нұры. Ата күші, Ана сүті, киелі топырақтың
жебеуі, өмір сүрген ортасының демеуі, тірліктің тоқсан тарау
иірімі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас
тұлға қып қалыптастырады.
Әбішті қалыптастырған қазақ
елі кейін қаламгердің бүкіл шығармасының өн бойында өмір сүрді.
Сондай шоқтығы биік шығармасының бірі «Құс қанаты» хикаяты екені
белгілі.
Олай болса, құс қанаты деген
не? «Құс қанаты» қандай туынды, шығарма тілі туралы жас ғалым
Жолдасбай Жанерке айтып берсін.
Жүргізуші: Осыдан тура 1 жыл бұрын
Әбіштің 80 жылдығына арналған қалалық байқауға қатысып, Әбіш
атасына арнаған өз туындысын ұсынып, жүлделі орын алған еді Сақтап
Әмина. Бұл жолы Әбіш шығармаларына сілтеме жасай отырып, жаңа
туындылар жазған екен жас ақынымыз. Өзіңнен өлең
сұраймыз.
Жүргізуші: - Сіз көркемсөз өкілісіз.
Қылқалам өнеріне қалай қарайсыз? Суретшілер туралы не айтар
едіңіз?-деп журналист Жарылқап Қалыбай сұрақ қойғанда, Әбіш
атамыз
-
Дүниеде екі бақытты
суреткерлік мамандық бар деп білемін: бірі – саз, екіншісі –
бейнелеу өнері. Олардың басындағы шығармашылық бостандық
әдебиеттегіден әлдеқайда көп. Суретшілерге салсаңыз дүниеде назар
аударуға тұрмайтын ештеңе жоқ. Ең бастысы, көре білуге, көргенді
көңілге түйе білуге байланысты,- деп жауап берген
екен.
Бұл туралы жазушы пікірін
бекер айтып отырғам жоқ. Арамыздағы
қылқалам шебері Құрманғали
Нұрберді Әбіш шығармаларын суретпен
сөйлеткен, сөз кезегін ұсынамын.
Жүргізуші: Дәстүрлі түрде өтетін «Әбіш
оқулары» байқауында 2018 жылы «Ең бақытты күн» әңгімесіндегі
Сақанның рөлін сомдап, қалалық, облыстық кезеңдерінен Бас жүлде
алып, Республикалық кезеңінен 3-орын алып, «Ең үздік актер» атағын
алған жас актер 8 «Б»-сынып
оқушысы Есімбекұлы Саят пен 10 «В»-сынып оқушысы Әскер
Ұланның өнерін
тамашалайық.
Жүргізуші: Осы «Ең бақытты күн»
әңгімесіне сценарий құрушы 10 «В»-сынып
оқушысы Тұяқбаева
Ботагөзді тыңдайық.
Жүргізуші: Ұстазы, академик З.Қабдоловтың
«Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын, ойпырай, бұл не
деген білім?» дегені Әбіштің сұңғыла суреткер болмауға қақы жоғының
дәлелі. Сондай білімге бас қойған үздік оқырман 9 «Б»-сынып
оқушысы Тәуекел Сабинаға сұрағым
бар:
Әбіштің қандай шығармасын
оқыдың?
Әсіресе қай кейіпкер есіңде
қалды?
Жүргізуші: Әбіш шығармаларын насихаттау,
рухани мұрасын өскелең ұрпаққа сіңіру
мақсатында еліміздегі оқу орындарының
көбінде Әбіш кабинеттері жасақталған, бізде де бар. Біздің
мектептегі Әбіштану кабинеті туралы 9 «А»-сынып
оқушысы жас гид Базарбай
Ботагөзге таныстырып өтуге сөз
ұсынамын.
Жүргізуші: «Әбіш әлеміне саяхат» атты
апталық аясында өткен сайыстар бойынша жеңімпаздарды марапаттап,
лебізін білдіру үшін сөз мектеп директоры Гүлзада Енсегенқызына
беріледі.
Жүргізуші: Көрегендік көптің жайын
көріпті,
Тектілікті табиғатқа теліпті,
Елден ерек, елге керек бір
ұлды
Мырза Құдай Мырзайырға беріпті.
Заманымыздың заңғар жазушысы, даңғайыр дарыны
Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Әбіш әлемі» атты әдеби
кешіміз өз мәресіне жетті.
«Дүние деген –жәрмеңке: келдің
екен – көріп кет,
Дүние деген – жәрмеңке: алдың
екен – беріп кет!»-
деп Әбіш Кекілбаев айтқандай,
осы кешке келгендеріңіз өлшеусіз байлық арқалап бара
жатқандарыңызға сенімдімін.
Сценарий авторы: Жұмагүл
Амантайқызы
Ақтау қаласы, №21 жалпы білім
беретін орта
мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі