400 000+ дайын материалды шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар, көрнекіліктер және авторлық материалдар - 690 тг-ден бастап
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повестіндегі Еңсеп бейнесі.

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғалымдарға
Материалдың қысқаша нұсқасы

Рыскулова Эльмира ОҚО Сайрам ауданы

Жоспар

І. Кіріспе

Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы.

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Құдық түрлері және тіршілік көзі

2.2. Құдық қазу- Еңсептің ата кәсібі «Шыңырау» повесі бойынша.

ІІІ Қорытынды бөлім


Тақырыбы: Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повестіндегі Еңсеп бейнесі.

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

Әбіш Кекілбаев-заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Әбіш Кекілбайұлы-ақын, прозашы, драматург, әдебиеттанушы, аудармашы, редактор, депутат, аса көрнекті мемлекет қайраткері. Тәуелсіздікке тізесі бүгілгенше қызмет еткен азамат. Бір адамның бойына осыншама білім мен білікті, ой мен зейінді кім берді деген сұрақ көп жанның қызығушылығын тудыратыны рас. Әдебиеттегі жолын ақындықтан бастаған Әбекеңнің ұлттық мектебі тарихы талайға кететін, жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі Маңғыстаудың бағзы баянынан да, жаңғырған жапан даланың заман ашқан аянынан да тәлім алған. Қазіргі таңда Әбіш шығармалары кеңінен насихатталуда. Біз оны мектеп бағдарламасынан да білеміз. Әбекеңнің «Шыңырау» повесін оқи келе Еңсептің бойындағы ерекше қасиеттерге тәнті болдым. Повесте судың адам өміріне маңызы, құдықшы ауылы, Еңсептің құдық қазуға бел бууы терең суреттеледі. Еңсептің бойынан туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін байқадым. Қазіргі жастарымыздың бойынан да осындай қасиеттерді байқауға тырыстым. Сол мақсатты алға қоя отырып осы шығарманы кеңірек таныстыра кетуді жөн көрдім.

Пәні: Қазақ әдебиеті

Нысаны: Шығармашылық жұмыс


Зерттеу мақсаты:

  • Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесін талдау.

  • «Шыңырау» повесі арқылы Еңсептің бойындағы туған елге, Отанға деген сүйіспеншілігін тереңінен насихаттау.

  • Повестің мазмұны мен идеясын дәріптеу.

  • «Шыңырау» повесі арқылы қазақ жастарының рух жігерін оятып, Туған жерге, Отанға, табиғатқа, Жер Анаға деген махаббатын, сүйіспеншілігін жандандыру мақсаты көзделді.


Зерттеу міндеттері: 

- Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің көркемдік ерекшелігін тану.

- Ақын шығармашылығын саралау, тереңірек тану.

- Зерттелген материалды бір жүйеге келтіру

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

Әбіш Кекілбаев-өрелі мақсаттарға қол созып, биік мұраттарға бет алған үлкен творчестволық сапар үстінде жазушы. Әбіш Кекілбаев өзінің айтар ой, көтерер мәселесі материал аңыз әңгімелерді таңдауы, біздің пайымдауымызша, халықтың арман – ойы, үмітімен тілегі ұялаған, халықтың тарихи тәжірибелері жинақталған, оның өн бойында сол белгілі халықтың ғасырлар бойы қадірлеп, қастерлеп келген рухы жатыр деп біледі. Сол арқылы Уақыт байланысы мен Ұрпақ сабақтастығын орнықтыруды қалайды.

Зерттеудің әдістері:

-Жинақтау, топтау;

-Салыстыру;

-Өзіндік ой топшылау;

Ақпарат көзіне талдау: Ә.Кекілбаев шығармалары, Қазақ энциклопедиясы, ғаламтор материалдары.

Оны шешудің жолдары: Егер біз Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіндегі Еңсеп образын кеңінен насихаттасақ, патриоттық сезім, елін, жерін сүйетін жастар көбейеді.

Зерттеу жұмысының құрылымы:

Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І.Кіріспе

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің қайта өркендеу дәуірі болды десек қателесе қоймаспыз. Кезінде, көзі тірісінде «Алыптар тобы» атанып, елдің, қоғамның рухани көсемдеріндей болған Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды әйгілі суреткерлердің ізін баса, өкшелес келген Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетін дамудың жаңа кезеңіне көтерумен бірге қоғам қайраткелері ретінде танылды. Әдеби шығармалар үздіксіз сұранысқа ие болып, қоғамның қозғаушы ірі күшіне айналды. Әдебиеттің, әдебиет қайраткерлерінің қоғамда мәртебесі артты, беделі өсіп, тұрақтанды. Адамдар олардың зиялы сөз, саналы ойына құлақ асты. Осы тұста келіп қосылған жас толқынның екпіні де, сарыны да, әуезі мен үні де ерекше қуатты еді. Олардың өрнегі, қайраткерлігі, қоғам ісіне араласқан қайраткерлігі де жаңа серпінге толы болды. Шоғыр жұлдыздар қатарында Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбековтің әрқайсысы бір ой мен сөздің сәнін түзеген жасауды керуендей әсер қалдыратын. Ендеше өзімізге етене жақын өткен ғасырдың екінші жартысындағы жас толқыннан қазақ сөз өнерінің биіктігі мен кеңдігін айқындайтын анық өлшем кімнің шығармашылығы болмақ деген де, ауызға алдымен алынар суреткер – бітімімен алдыңғы толқын ұлы ағалардың бар адами-азаматтық, шығармашылық-қайраткерлік қасиеттері түгел табылатын сан қырлы саңлақ дарын - Әбіш Кекілбайұлы.

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Оңды ауылында дүниеге келген.

1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген.

1970-1975 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор.

1975-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің нұсқаушы, сектор меңгерушісі.

1984-1986 жылдар аралығында Қазақ ҚСР Мәдениет министрінің орынбасары.

1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы.

1988-1990 жылдары Қазақ ҚСР тарихы және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі президумының төрағасы қызметтерін атқарған.

1990 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі.

1991 жылы Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.

1990 жылы Қазақстан Республикасының он екінші және он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ұлттық саясат, мәдениетті және тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.

1995 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі. Сол жылы желтоқсанда бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.

1996 жылғы қазаннан 2002 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2002-2010 жылдарда Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. Алғашқы «Алтын шуақ» атты өлеңдер жинағы 1962 жылы жарық көрді. Одан кейін «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Дәуірмен бетпе-бет», «Тырау-тырау тырналар», «Бір уыс топырақ», «Үркер», «Елең-алаң», «Құс қанаты», «Заманмен сұхбат», «Үш белес», «Талайлы Тараз», «Шыңырау» повестері мен әңгімелері, эсселері мен романдары, әдеби-философиялық, публисцистикалық жинақтары, қаһармандық драмалық дастаны оқырмандарға жақсы таныс. 1987 жылы Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының, 1995 жылы Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, 2009 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды. 1990 жылғы сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттарының үлесіне еліміздің егемендігі туралы тұңғыш Декларация, бір жылдан кейін мемлекеттік Тәуелсіздік туралы, тілдер туралы заңдар, тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын қабылдау бақыты тиді. Міне, осы тағдырлы шешімдерді талқылау, қабылдау барысының ең кереғар пікірталас додасының дәл ортасында Әбіш Кекілбаевтың нанымды деректері мен ұтымды, өтімді сөздері депутаттарды тек ымыраға келтіріп, бір ауыздан дауыс беруге жұмылдырып қана қоймай, Жоғарғы Кеңестей мемлекет институтының мәртебесін, беделін халық алдында көтеріп отырды.Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» деп, осынау ұлтымыз ішінде жас тәуелсіз мемлекеттің Ақордасының керегесі кең, уығы тең, шаңырағы биік болуына Елбасымен бірге барлық күшін жұмсады. 2015 жылғы 10 желтоқсанда 76 жасында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев кенеттен қайтыс болды. Саналы ғұмырын елін, жерін, Отанын сүюге, мемлекетімізді нығайтуға арнаған, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Алаш жұртының ардақтысы Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталып қалады. 



2.1. Құдық түрлері және тіршілік көзі

Оңтүстік және далалық қуаң өңірлерде қазақтар арасында құдықшылар мен сушылардың беделі жоғары болды.  Құдықтар қыстау, көктеу-күздеу, жайлауда және көш, керуен жолдарында қазылды. Мал табынының мерзімдік жайылымын қамтамасыз ету мақсатында қазақтар жыл сайын өздерінің ата-бабалары қалыптастырған көш жолдары бойымен көшіп, қонысқа жеткенше белгілі құдық ба­сына, өзен бойына тоқтап отырды. Көш және керуен жолындағы құдықтар көшпелілер мен керуеншілер  жолын жалғасты­ра­тын, ел мен елдің арасын байланыстырып тұратын айрықша мәнді белгі, су бекеті ретінде қызмет еткен.

Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығындағы еңбек өте ауыр болған. Мал жаю, төлдету және оны өсіру, табынды сақтап, ауырған малды емдеу, табиғи су көздері жоқ шөл мен шөлейіт өңірлерде құдық қазып, оны қа­лып­ты жағдайда ұстау үшін қазақтардың көп күш жігер жұмсауына тура келді. Қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы табиғаттың дүлей құбылыстарына тәуелді болды. Шу қазақтары  Жетіқоңыр жайлауына жету үшін Бетпақдала, ал Сыр қазақтары Торғай арқылы Қостанай жетіндегі жайлауларға жету үшін Арысқұм, Дариялықтақыр сияқты шөлдерді кесіп өтті. Сырдың төменгі ағысы бойындағы қазақтар Ырғыз, Ақтөбе жайлауларына көшер жолында Кемпірқұдық, Қызылдемар, Қияқты, Жалынды, Алтықұ­дық, Қаражүз, Тасқұдық  сияқты құдықтардың үстінен өткен. Кіші Борсық, Үлкен Борсық құмдары, Мойынқұм, Қызылқұм, Қарақұм сияқты табиғи су көздерінен жырақ жерлерден құдық қазып, оны қалып­ты жағдайда ұстауы, өздерінің тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесі және малды шөлден аман алып қалудың қамы еді. Әсіресе суы тапшы табиғи зоналарда құдықтардың маңыздылығы жоғары болды. Далалық қуаң өңірлерде қазақтар арасында құдықшылар мен сушылардың беделі жоғары болды

Көш жолдары бойындағы ауыл уақытша тоқтайтын құдық басы да,  табиғи және жасанды су көздерімен қатар «суат» деп аталып, бір суаттан екінші бір суатқа жету жолының қашықтығы 5-10 шақырым болатын. Ертеде жайылымдық жер, мерзімдік қоныс қарағанда иеленген жерге белгі қалдырып кетіп отырған, суатқа бірінші келіп тоқта­ған ауыл суат немесе құдық басындағы шөптің басын буып байла­ған, бұл дәстүр топ будым деп аталған. Егер басқа ауыл байланған шөпті көрсе, онда олар суатқа тоқтамай одан әpi көше берген

Қазақ жерінде құдықтардың қазылған жеріне, судың көлеміне, су көзінің таяздан және тереңнен шығатына байланысты құдық қазудың да өзіндік әртүрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты. Зерттеушілер еңбектеріндегі мәліметтерді зерделей отырып, пайдаланатын уақыт мерзіміне қарай құдықтардың ұзақ жылдар пайдаланатын тұрақты, терең емес етіп қазылып, керек болмаған кезде көміп кететін уақытша түрлерінің болғандығын көреміз. Тұрақты құдықтардың 4-5 метрге дейін терең емес, таяз, 4-тен 10 метрге дейін орташа тереңдіктегі, 10 метрден асатын терең түрлері болды. Қазақ халқының ерте замандардан бері келе жатқан гидротехникалық білімі «құдықшылық» деп аталған кәсіп түрін қалыптастырды.

Терең құдықтар «шыңырау» деп аталды. Маңғыстау, Үстіртте су өте тереңнен шығатындықтан тек «шыңыраулар»  қазылды, шыңырау құдықтарды таспен шегендегендіктен «тас құдық», «тас шыңырау» деп те, терең болғандықтан «құрдым құдық» деп те аталды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының тапсырмасымен Адай уезін зерттеуге бағытталған экспедиция құрамында болған кезінде шыңырау құдықтарға ерекше назар аударған. Ә.Бөкейханов «Казахи Адаевского уезда» атты еңбегінде шыңырау құдықтар жайында былай деген: «Шыңырау. Осылай аталған тереңдігі 30-40 сажын болатын, таспен шегенделген құдықтар, малдан қорғау мақсатында аузы таспен, құммен көмкерілген». Осы тұста Ә.Бөкейхановтың шыңырау құдықтардың тереңдігіне қатысты сажын өлшемі көңіл аудартады. 1 сажын 3 аршынға, ал 1 аршын 0,71 см-ге тең, сонда 1 сажын шамамен 2 м. 13 см. болса,  30 сажын тереңдіктегі шыңырау 63,9 метр, 40 сажын тереңдіктегі 85,2 метр болады. Мәтін орыс тілінде жазылғасын сажын деп берген, ертеде құдық тереңдіген құлаш немесе қадаммен шамамен есептеген, сондықтан 30-40 құлаш немесе адым дегенді айтса керек.

Маңғыстау, Үстірт өңірінде, 1,5 – 2 метр жер қабатынан соң қалыңдығы 30-40 метр, кейде одан да қалың, бірақ жұмсақ тас қабаты түзілген, сондықтан жер астындағы суға жету үшін көздеген жердің тас қабатын үңгу қажет болған. Ол үшін үстіңгі жер қабатын кең етіп қазып алып, дәл ортасынан диаметрі 1,5 метрдей етіп тасты дөңгелете сүйменмен (басы үшкір темір құрал, оны балықшылар мұз оюға қолданған) тескілеп, 30-40 см қабатын қопарып алады, оны «тасты бауыздау» дейді. Бұдан әрі бауыздалған қабатты шетінен сындырып отырады. Шыңырау тереңдеген сайын, оның түбіндегі балшық пен тас сынықтарын шығару, салмағы ауыр болғасын қиындай береді. Сондықтан балшықты тасты шығару үшін көн теріден тігілген ауыр долықты немесе көншелекті ұзын арқанға байлап, түйенің көмегімен тартып шығарған.

Шыңырау қазу жұмысы шамамен 1-2 айға созылған. Шыңырау қазуға 4-5 немесе бірнеше ер адам қатысқан. Тереңдігі бірнеше құлаш болатын шыңырау құдықтарды қазып, шегендеу жігіттің жігіті ғана шыдайтын өте ауыр жұмыс болды. Шыңырау құдықтардың диаметрі тар болғандықтан, құдықшы отырып жұмыс жасаған, жер асты суық болғандықтан тон киіп қазған. Шыңырау қазу күрделі еңбек, әрі шөлді, тасты жерден қазылатындықтан көздеген жерге қазық қағылып, үстінен киіз үй тігіліп, бір малды құрбандыққа шалып, құран оқытқан, соң құдық қазуды бастаған, киіз үй құдықшылардың төбесінен күн түспейтін жерге жеткенше тігіліп тұрған деседі. Су көзін тапқан соң, оны шүберекпен тығындап қойған, үгі деп аталатын ойық жасап алған соң тығынды алып тастаған, сол кезде су біртіндеп үгіні толтырған. Құдық қазғанда шыққан топырағын құдық аузына айналдыра төгілді, Құдықшылар ішкі жұмысын бітірген соң, құдық ернеуі, яғни аузы опырылып құламауы үшін, оны тастармен көмкеріп, қалап көтерген, оны құдықтың қорғаны, құдықтың қоршауы дейді. Осылайша құдыққа қоқыстың түсуі мен малдың су ішкен кезде құлап түсуінің алдын алған. Құдықтың қорғаны құдық ернеуінен 0,5 аршын биік болған. Құдықтың аузы «әйкел» деп аталған тасқақпақпен жабылды. Тасқақпақтың ортасы мес қауға сиятындай етіліп тесілген, сондықтан «әйкел құдық» деген де атау қолданылған. Археологтар есепке алған әйкелдің бірінде адай руының таңбасы қашалған. Ал, ағаш қақпақтың сыртын құдық суын құм, шаң тозаңнан сақтау үшін киізбен қаптаған. Әйкел -арабтың ойық, дөңгелек деген сөзі. Маңғыстау, Түркімен қазақтарының ітіліндеортасы тесік, дөңгелек тас маңынасында қолданылады. Құдықтың аузы, ернеуін көтерін тастары мен тас астауларды тас қашаушы шеберлер жасаған.

1873 жылы әскери топографтар Маңғыстаудан 1133 шыңырауды тіркеуге алған. Белгілі географ О.С. Вялов болса 1930 жылдары Үстірт гидрологиясын зерттегенде 63 тас шыңырауды есепке алып,  олардың 23-нің басынан бірден жетіге дейін тас астауларды кезіктірген.   Тас астауларға 10 қауға су кететін, 40-50 жылқыны бір уақытта суарған. Маңғыстау өңірінде сақталып жеткен тас астаудың бірі жылқы тұяғы іспетті қашалған.

Ә.Бөкейхановтың жергілікті Маңғыстау және Үстірт қазақтарынан жазып алған дерегі бойынша шыңырау мен тас астау бір шебердің қолынан шыққан. Шыңырау, суат, қақ, тақыр суларын ауыл мүшелері бірігіп, ортақ пайдаланғанымен, шыңырау суын қолданғанда алғашқы кезек қаздыртқан иесіне тиесілі болған. Бұл шыңырау қаздырту ісінің күрделі екендігін, әрі шыңырау қаздыртқан адамға деген белгілі бір құрметтің болғандығын көрсетеді. Судың көзін танудың бір әдісі атты адамдар шауып өткесін, басына тымақ киіп, жер бауырлап жатып, жерге құлағын тосып тыңдағанда, жер дүңкілдесе, су жерде судың көзі барын білдіретін болған. Бұл әдіс негізінен су тереңнен шығатын Үстірт, Маңғыстауда қолданылған. Тағы бір әдісінде сүйменді лақтырып, соның ұшы қадалған жерді қазады екен. Ал, таяз құдықтарды ақбас шөп, қияқ қамыс, ши, алабұта өскен жерден қазады, ол жерлерде су жер бетіне жақын, әрі суы тұщы болады.

Құдықтар қазақ халқының тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде ауыз суды қамтумен бірге, мал суару жүзеге асыруда маңызды роль атқарған. Құдықтың қай түрі тереңі, таязы, тұщысы, ащысы болмасын барлығының суы мөлдір, тұнық болады. Халық арасында «Терең құдықтың суы тәтті», «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді», «Құдықтан су ішкен, қазғанға рахмет айтады. Ағашты көлеңкелеген, еккенге рахмет айтады» деген нақыл сөздер, «құдыққа бар асылын тыққан шөл даладай», «құдық суындай», «құдыққа салған қауғадай» деген теңеу сөздер бар.

Қазақ халқы «су ішкен құдығыңа түкірме» дегенде адам өмірінде белгілі бір із қалдырған кезеңдерінен теріс айналмауына тәрбиелеп отырған. «Судың да сұрауы бар», «инемен құдық қазғандай» деген сөздің түп-тамыры құдықтан су шығарудың оңай шаруа еместігін тағы да дәлелдейді. Қазақ халқының наным-сенімдер жүйесінде сүйелді кетіру үшін жаңа ай туғанда қолын жайып «жаңа ай, сүйелімді алып кетші» деп жалына отырып, айға сыйынады да, ай сәулесі түсіп тұрған құдыққа тиын тастайды. Бұл шаралар шынды­ғында сүйелдің қайтуына көмектескен. Құдықтан су алуға барғанда алдымен суға тас лақтырады, сонда су ішіндегі шайтандар ұшып кетеді деген. Құдықтың бетін ашық қалдырмаған, жын-шайтандар үйір болмасын деп, таза ұстауды мақсат тұтқан. Ертеде құдықтардың мұздатқыш ретіндегі ролі де зор болған. Оңтүстік өңірлерде ашыған көжені ыдысқа құйып, құдық суына батырып қойған.

Қазақ даласында 1968-1970 жылдарға дейін құдықты қолдан қазған. Су шығаратын техникалардың қолданысқа кеңінен енуіне байланысты, құдық суына деген қажеттілік төмендеді. Дегенменде Маңғыстауда шыңыраулардан заманауй техника көмегімен суды тартып отырған ауылдар, сондай-ақ Сыр-Арал өңірінде «атамның көзі» деп құдықты, сақтап, тазалап қолданып отырған үйлер кездеседі.



2.2. Құдық қазу- Еңсептің ата кәсібі «Шыңырау» повесі бойынша.

Идеясы: Шөл даладағы халықтың тіршілігі үшін күресін көрсету,табиғаттың терең сырларын меңгеріп,ұрпағына мирас етіп қалдырған Еңсеп секілді халық ұлдарын үлгі ету.

Шығарма кейіпкерлері – Еңсеп . Ол - жапан далада талай құдық қазып, көптің мейірін қандырып, мерейін үстем еткен жан.

Шығарманың қысқаша мазмұны: Байсал бай Үстірттегі ең шұрайлы жер - Шыңырау түбінен Еңсеп құдық қазып беруге өтініш жасайды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қолайлы көретінін айтады. Еңсеп құлақ аспайды. Еңбекке жарамды нарларды таңдап, құдық қазуға кіріседі. Шыңырау түбінде әртүрлі ойға шомылып, бірде қуанып, бірде қорқыныш ой арпалысады... Кенет қыл арқанды тартып тұрып, жәрдем беріп тұрған жігіттер: Еңсен!-деп айқайлағанда, шыңырау ішінен дауыс шықпайды... Шыңырау «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» атанып кетеді.

Құдық қазу кәсібі туралы ақпарат: Құдық қазу - ертеден келе жатқан өнер. Су - тіршіліктің көзі болғандықтан, құдық қазу - тіршіліктің күретамыры іспеттес болған. Осы кәсіпсіз су да жоқ. Жер асты суы жантақ өскен жерде мол болатынын қазақ халқы ертеден білген. «Шыңырау» хикаяты - Маңғыстау даласындағы құдықшылық кәсіптің қыр-сырын жеке сипаттаған шығарма. Сол өлкеде өзінің өшпес мұрасын қалдырған әйгілі құдықшы Қарашаш Бейнеубай Құлшарұлы деген кісі өмір сүрген.

Шығармаға композициялық талдау жасау.

Басталуы: Еңсепке Байсал байдың өтініші.

Байланысуы:  Еңсептің құдық қазуына кірісуі.

Шиеленісуі: Еңсептің басы тасқа соғылып үні тек өзіне естілуі.

Шарықтау шегі: Құдықтың тереңдей түсуі.

Шешімі: «Еңсеп өлген атанған шыңырау»



Сөзмаржан:

Жазушы-журналист Ә.Спановтың «Маңғыстаулықтардың суға қатысты сөздігі» мақаласына сүйене отырып, шығармадағы құдықшылық кәсіпке байланысты қолданылған сөздерге түсініктеме.

Әйкел арабтың ортасы ойық, дөңгелек деген сөзі.

Шығыр – биіктігі кісі бойындай, не одан сәл ұзын, аша ағаштың айыр басының арасына көлденең доғалақ орнатқан құрал.

Шығыр бала- көлік үстінде (ат не түйе)тұрып , құдықтан шығырды тартатын адам.

       Шығыр айыр – мықты тақтай ағаштан жасалған жоғарғы жағында екі ашасы бар, Ұзындығы 1,5-2 метр шамалас құрал.

       Қоңырдаң – сай бойына ағын сулардың жиналатын орны.

Тасқақ – таулы жерлерде жауын, қар суы тұрып қалатын ойық.

      Тұран – асты тастақты су жиналатын орын.

      Қорабасы – Шыңырау құдықтардың ең алғашқы суы қордаланып, мол жиналып тұрған кезі (Келесі күні ондай мол су жиналмайды).


Қорытынды

Әбіш Кекілбайұлы – шығармашылық ісінде болсын, қоғамдық-қайраткерлік жұмыстарында болсын халықтық мән-маңызы бар үлкен қағидалар мен мұраттарға қызмет етіп келе жатқан ұлы тұлға. Ол халық боп қатарға қосылу үшін, ұлт ұлт болып рухтану үшін, ең алдымен, оның тарихи жалын оятып, тарихи санасын жаңғырту керек деп ұқты.

Әбіштің сыншылдық, публицистикалык еңбектері де авторының жан-жақты білімділігін, өмірді байыпты зерттеп, ол жайлы кең ойлап, терең толғайтын алымды талантын мойындатады. Ол қазақ әдебиетінің ғана емес, халық тарихының, оның мәдениетінің үлкен білгірі.

Ә.Кекілбаевтың публицистік мақалалары мен жазбалары оның шығармашылығының көлемді бөлігін құрайды. Олар әр кезде жазылған, әр заманның сұранысынан туған. Әсіресе, тәуелсіздік алған тұста көп жазды. Тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті қасында ұзақ жылдар болып қызмет істеген. 
Ә.Кекілбаев Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру мен бекемдеуге, парламентаризмнің дамуына, халқымыздың бірлігі мен келісіміне қажыр-қайратын жұмсады. Сондай-ақ қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге, Еуразиялық және әлемдік кеңістіктегі мәдениеттер арасындағы өзара байланысты тереңдетуге аянбай еңбек етті.

Жалпы, қорыта айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол-феномен. Ол-тұтас әлем. Ол әлем айтқан сайын тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Ол – рухани ұлы тұлға.

Шығармашылық жұмысымды қорытындылай келе «Шыңырау» повесі өмірге келген жылдары яғни Еңсептей ұлы тұлға өмір сүрген заман өте ауыр кезең болды. Еңсеп сол қиыншылықтарға мойымай аянбай еңбек етіп, артында өшпестей мұра қалды. Ол қазған құдық киелі құдық, және солай болып қала бермек.

Қазір Еліміз Тәуелсіздік алған соң еңсемізді көтеріп, көптеген қиыншылықтар артта қалды. ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың дамыған ғасыры. Мәңгілік қазақ елінің өркендеуі, жастардың қолында, сол себепті Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптен осындай іс-шаралар өткізіліп отырса екен. Мектеп бағдарламасына Әбіш Кекілбаевтай ұлы тұлғаны оқу кеңінен енгізілсе екен деймін. Сонда жастарымыздың рухы биік, еңсесі жоғары, Елім, жерім дейтін азаматтар көбейері хақ.

ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі Мемлекетіміздің басты назарында екенін ескерсек, қазіргі кезде біздің мектептегі басты міндетіміз-заман талабына сай, жан-жақты дамыған, туған жерін, Отанын сүйетін, ұлтжанды, саналы ғылым мен білім негізін бойына дарытқан азамат болуға ұмтылу, бәсекеге қабілетті, мықты тұлға болуға тырысу. Жұмысымды қорытындылай келе Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біз әлемдік мұхитта өз бағытымен аман-есен жүзіп келе жатқан қайығымызды ешкімнің шайқауына жол бермейміз» деп аятағым келеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. Алматы: Жазушы, 1993. -497б 2. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. Алматы: ҚАЗақпарат., 2005. -998 б

3. Тоғысбаев Б., Сужикова А. «Тарихи тұлғалар» «Алматыкітап» ЖШС, 2005 ж. 70 б

4. Әбіш Кекілбайұлы 8 том, Алматы «Өлке» баспасы 1999 ж, 51б

5. «Егемен Қазақстан». 24 шілде, 2009 ж, Серік Қирабаев «Суреткер»

6. «Егемен Қазақстан». 25 тамыз, 2009 ж. Темірхан Медетбек «Шыңырау» 
7. «Егемен Қазақстан». 1996 жыл, Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі»

8. «Егемен Қазақстан». 16 қыркүйек, 2016 ж, Өтеген Оралбайұлы «Шандозды сағынғанда...» Халқымыздың біртуар перзенті Әбіш Кекілбайұлын еске алғанда жадыма түскен жазбалар



6


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
35 ұстаз жүктеп алған
21.12.2017
9206
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі