400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Әдеби кеш "Мұқым елдің мұзбалағы"

Материал туралы қысқаша түсінік
мұғалімдерге
Материалдың қысқаша нұсқасы

Тақырыбы: Мұқым елдің мұзбалағы

Мақсаты: 
М.Мақатаев өмір жолымен, шығармашылығымен оқушыларды таныстыру
 
Отанды туған жерді сүюге баулу, ақын жырларынан үлгі алу
 
 

Жоспары:
1. Кіріспе бөлім
2. Мұқағали мәңгілік ғұмыр
 
3. «Поэзия – жүрек тілі» (Ақынның өлеңдерінің мәнерлеп оқу)
4. «Құлақтан кіріп бойды алар» (Әндерін орындау)
5. «Махаббат монологы» (Көрініс)
6. «Жазылар естеліктер мен туралы» (Ақын жайлы)

1-жүргізуші:

Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, бауырлар,

Әлем-дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,


2-жүргізуші:

Қорған емес салтанатты, сәнді сарай соғыңдар,

Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!


1-жүргізуші:

Анамыз – Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,

Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық…


2-жүргізуші:

Армысың сен, арамызда жалғыз перзент –

Тыныштық!


1-жүргізуші: Ассалаумағалейкум ақынын аялап, азаматты ардақтаған Алаш жұрты!


2-жүргізуші: Шындықтан туған шынайы поэзияның иесі, қазақтың қара өлеңіне ешкімге ұқсамайтын өзгеше рең, өшпес бояу беріп, қайталанбас құбылысқа айналған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Мұқым елдің мұзбалағы» атты ән-жыр кешіне қош келдіңіздер!

1-жүргізуші: Бүгін ереуіл атқа ер салып жүріп, егеулі найза қолға алып жүріп, еңку-еңку жер шалып жүріп, ойраны шыққан ғасырлар мен ойы түлеген тәуірлерден көрген «Патша құдай сыйындым, тура басса өзіңе, Жау жағадан алғанда, жан көрінбес көзіме», - деп күңірене толқыған


2-жүргізуші:Ескі мен жаңаны, Батыс пен Шығысты жалғаған, ғаламдық биікке көтерілген, мәңгілік сарындардың шалқар кеңістігіне шыққан қазақ жыры Мұқағали үні болып сана атаулыны қозғауда, Мұқағали мұңы болып жүректерге сапар шегуде.


1-жүргізуші: Бүгін естір құлақ пен ессіз көңіл қайран бір сілкініп, ұлы музаның сиқырлы, сырлы сазына шомылары, меңіреу шыңдарға тіл бітіп, бедеу қырларға үн қонары, қошқармүйізі қазақтың қай - қайдағысы есіне түсері, жазығында тұлпары тулап, көгінде қыраны қалқыры, жаны жадырап, көңілі шалқыры ақиқат.



Видеоролик: Мұқағали Мақатаев


1-жүргізуші: М. Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Әкесі Сүлеймен осы өңірде колхоз ұйымдастырушы болды. 1941 жылы майданға аттанып, содан оралмады. Шешесі Нағиман қарапайым шаруа адамы еді. 

2-жүргізуші: 
Сырым да осы,
 
Жырым да осы,
 
Алдыңда.
 
Байқашы бір,
 
Бықсыдым ба, жандым ба?
 
Махаңдар жоқ,
 
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда , - деп бір күндік сәуледей ағып өткен қазақ жырының шоқ жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың бүгін туған күні.
 

1-оқушы: Амзеева Меруерт
Бүгін менің туған күнім,
 
Ой пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай
 

Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
 
«Мынау шапан,
 
Мынау атың мін » демей.
 

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенім бе әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
 
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен бәрібір өзіңменен бір болам
Өзегінен тепсең –дағы ұлыңды


1-жүргізуші: Мұқағали – біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылыымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен. 

2-жүргізуші: Ендеше қашан да ақиқаттық ақ туын көтеріп, әділет пен адалдақты тең ұстаған ақынның ғажайып сырлы өлеңдеріне кезек берейік. 

2-оқушы: Бауыржанқызы Меруерт

Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.
Қар да ілігіп қалған-ды тау басына,
Мұз тоңды ма бұлақтың жамбасына?
Суық келіп, суыр да жатқан шығар,
Қамдап алып азығын қамбасына.
Төрт түліктен төгілген шалқар әнді,
Ұзатқан-ды, жайлау да тарңаған-ды.
Ескі жұртты тіміскіп, қорқау әлгі
Қажалап та жүрген-ді қаңқаларды.
Сағыныштай сарғайып жанды ма күз,
Сары шәйі жамылып алды ма түз?
Қурайларын сыңсытып сыбызғыдай,
Қаңбағы ұшып, қаңырап қалды ма аңыз?
Әңгімеле тауын да, даласын да,
Қырқасын да, сайын да, саласын да.
Ақбоз үйдің түндігін желпілдетіп,
Қонды ма кеп қойлы ауыл Қарасуға?
Қарасуға қосылып тұна барып,
Жатқан болар іргеде бұлақ ағып?
Арып келіп, тойынып қайтқан болар,
Toп тырналар аспанға сына қағып?


3-оқушы: Абдрахманова Нұрбибі
Қайран қара сазым –ай!
Тамаша еді жазғы орман
Құстар сайрап мәз болған
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
 

Шыбын-шіркей қаға ма,
 
Шоршып судан ақ шабақ?!
Таз тырна отыр жағада,
 
Сыңар аяқ, ақ қабақ.

Елік ертіп лағын, 
Еңкейеді суатқа.
 
Елеңдетіп құлағын,
 
Тыншымайды бірақта.
 

Көкқұтаңдар көлбеңдеп,
 
Көтеріле алмайды.
Жалғыз-жалғыз ербеңдеп,
 
Көк қояндар заулайды.
 

Мұздай суын атқылап, 
Ақ бастаулар қайнаған.
 
Тана торпақ шапқылап,
Оқыралап, ойнаған.

...Тамаша еді жазғы орман:
Тамашалап мәз болған,
 
Қайран Қарасазым-ай!
Үйрек ұшып, қаз қонған!...

4-оқушы: Асан Сағыныш

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.


5-оқушы: Абдуллаева Бубихалча

Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!


Ән: Туған өлке

Орындайтын: Бекпатша Айда


1-жүргізуші: Ақын қиялы мен арманын, ақын ойы мен мұратын жырсыз елестету мүмкін емес.


2-жүргізуші:

Ойлы жас өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай.

Айтып өткен ақында арман бар ма?!

Жүрегінің түбіне кір жасырмай.


1-жүргізуші: Мақатаев жырларының әр сөзі – қорғасындай салмақты, әрбір кезі – өмірдің өзіндей бейнелі де бедерлі, әр ойы – тағдырдың көзіндей терең де тегеурінді.

Кезінде ақиық ақын М. Мақатаев: 
«Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
 
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
 
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
 
Шекпен жауып өзіне қайтарамын», - деп қарапайым қазақтың қара өлеңінің жілігін шағып, майын ішті. Дегенмен, өзінің әділ бағасын ала алмай кеткен ақынның әділ таразысы халық болды. Оны күллі халық сүйіп оқыды. Мұқағали шын мәнінде, біртуар екенін халыққа таныта білді.
 

2-жүргізуші: 
Көрер едің
 
Шаламын ба, отпын ба
 
Білер едің,
 
Ақынмын ба, жоқпын ба?
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
 
Көктенетін Махамбетте жоқ мұнда
 

6-оқушы: Алимов Жәнібек

Әйелдер-ай!

Әйелдер!

Қандайсың?!

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.

Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.

Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай, қулар-ай!

...Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай, Ойбай!..

Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді...

7-оқушы: Базарбаева Дилфуза

Шеше

Сен бақыттысың,

Жыламағың!

Жай түсіп жатқанда да құламадың

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның

Сондықтан жыламағың, жыламағың!

Бармын ғой

Тірімін ғой,

Қасындамын.

Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.

Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,

Байырғы берекеңді қашырмағың.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа

Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап

«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!

Шеше,

Сен бақыттысың,тербете бер

Құба талдан иілген бесігімді…

8-оқушы: Диана

Шыда

Шыда,

Шыдай түс, шыда тағы!

Шыдамдыны мына өмір ұнатады.

Үміттің құлан иек құла таңы

Әйтеуір бір атады, бір атады.

Өкінбе, өкпелеме

Бүгініңе

өмір, өмір!

Болмайды түңілуге.

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.

Түсінемін жаныңның ауырғанын,

Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.

Иогтардың тәсілін қабылдағын,

Басқасына бас ұрып табынбағын.

Шыда, шыда

Шыдай түс, тағы шыда,

Тау құлатқан тасқынның ағысына.

Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа,

Қарысуға болады, алысуға...


Ән: Көнеміз ғой


1-жүргізуші: Мұқағали мұрасы, маржан поэзия – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін мұрасы. 
Халық көңілін сусындатқан, ақын өлеңдерінің көпшілігі өмір туралы, тірршілікке тірек боларлық өмір шырағын, өмір жұпарын жыр етеді.
 

2-жүргізуші:
 
Өмір дегенге
 
Тірлікте сірә жетер ме ой!
Жарық сәуледен
 
Басқаның бәрі бекер ғой,
 
Бекер ғой бәрі, бөтен ғой,
 
Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой!

9-оқушы: Дуисебекова Дариға

"Бақыт деген не өзі" деп бастады топ таласты.

Біреуі оны үйден іздеп, бірі қырдан әрі асты.

Бірі айтады: бақыт деген барлық байлық емес пе,

Керегінше киіп ішсең бақыттысың демес пе?

Бірі айтады: жоқ , бақыт деген қолың жетпес маңсап қой,

Жұрттан көрі жүрсен ирек, соның өзі жақсы ат қой.

Бірі айтады: бақыт деген, бақыт деген, жүйрік мініп, той тойлау,

Ісің болмай күйбеменен, қарын тойса қарт ойнау.

Бірі айтады: бақыт деген адал жар мен перзент қой,

Ынтымаққа ырыс келген ол да соған келмек қой.

Пікірлердің таласына солай мен жолықтым.

Бақыт адам баласына келмес оңай, соны ұқтым.

Безбеймін мен баладан да, байлықтан да, жардан да,

Мансап жетпес бар адамға үлестіріп алғанда,

Үміт үзбей зейтұлар, таңдап сол бір жақұтты,

Оны алыстан іздемегін, жүректен тап - бақытты


10-оқушы: Исатай Серік

Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Жер мен көктің желпініп арасында,
Желігесің, түсесің қара суға.
Құйын қуған қаңбақтай аласұра,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Мен отырмын теңіздің жағасында,
Бересім де жоқ оған, аласым да.
Мені тастап, толқындар, ағасың ба?
Толқынданып, өмірім, барасың ба?
Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба, өмірім, қиындаған?
Сыйын маған,
Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған



11-оқушы: Асан Сағыныш

Пай, пай, өмір! 
Пай, пай, өмір!
 
өтесің – ау бір күні,
 
тиясың ау қуанышты күлкіні.
өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
 
өмір деген көк аспанның күркірі.
Пай, пай өмір,
Өтесің-ау бір күні!

Болмағандай жүрмегендей сен д,е біз,
 
Кетеміз-ау, әй кетеміз... пендеміз
 
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
 
Біз кетеміз, кету үшін келгенбіз.

Өмір деген – бұйым емес қолдағы,
 
Өмір дейтін ұлы бекет жолдағы.
 
Қаның кеуіп қаталаған кезінде
 
Сусыныңды қандырасың бір болғаны.

Мына күнде, мына аспан да дала анау
 
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,
өмір дейтін - өлемін деп қарамау.
 



12-оқушы: Жанатбеков Жангелді

Фариза 
Фариза,
Фаризажан, Фаризақыз
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз,
 
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
 
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
 
Жылай жүріп, өтірік күлесің де
Жүресің де қоясың, жүресің де.
 
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
 
Тастағысы келеді күресінге
Фаризажан сен соны білесің бе?

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
 
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
 
Жігітінен қазақтың дос таба алмай
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын
 
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...
Ақын болып несіне жаратылдым,
 
Арсында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып аяқ басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.

Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттіполардың қия белін
Енді міні қауқарсыз құр ашуды
Жия бергім келеді, жия бергім.
 
Маңдайымнан сыйпаған бір жан болса,
 
Енді қалған өмірді қияр едім.
 

Білмеймін бұзықпын ба жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды мұңға.
 
Енді қалған өмірдің құрдымында
 
Өлтірсе де көнбеймін жырды құмға!
 
Нөл болды деп айтам жалтармаймын,
Көбейтсеңде қаншама мыңды мыңға ...

Айналаға қарайтын анық барлап,
(Түн кеткесін күн шығып, жарық болмақ.)
Бағыштайық бәрінде халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фаризақыз
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
 
Подвалдағы архивтен табылармыз..


1-жүргізуші:
Қарсы алмаса,
 
Құрсын, қарсы алмағын,
 
Ән салып бер,
 
Әніңмен жан сап маған!
Жаңғырып жасыл тау жөнелсін бір,
 
Жатсын ұйып жапанда дел-сал далам.
 

2-жүргізуші:
Ән сал, жаным,
Әніңмен тербет мені
 
Бір сәтке тынсын тірлік жер көктегі.
Дала ұйысын,
Дамылдап таулар жатсын,
 
Таулар жатсын мәңгілік жөргектегі.


Ән: Бақыт деген


Орындайтын: Дуисебекова Дариға, Базарбаева Дилфуза


13-оқушы: Жарылқасын Мөлдір

Поэзия! менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан!
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,
Жүректердің іздедім дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?! 


14-оқушы: Кошкаров Данияр

Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын,
Жыласам да жұбат деп сұрамаймын.
Қыранның құдіретін қимасаңдар,
Қайтейін, тағдырын бер құралайдың.
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың,
Қашан атып алғанша құламаймын.
Сусындатып тұп - тұнық тау бұлағы,
Жанарымда жайнаған тұнады айдын.
Сайраңдаймын сайларда, қырды асамын,
Сыңсыған ну орманмен сырласамын.
Қарауылға ілексем, ілігейін,
Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын,
Өткен өшті.
Енді оған қайрылмаймын.
Қыран да, құралай да болмақ емен,
Атымнан адам қойған айрылмаймын.
... Арпалысып жүргенде өмірменен,
Қай - қайдаға әкетпес көңіл деген.
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен.
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен!
Жыламаймын, сондықтан көңілденем.


1-жүргізуші: Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. 
Ақын Әбділда Тәжібаевтың сөзімен айтар болсақ: «Махаббат – сезім. Ол адамның ішкі рухы, тозбас қуаты. Махаббатты сезімге ерлік, жүректілік керек. Мұқағалиды құдіретті ақын ететін де сол ерлік болатын...»
 

2-жүргізуші:
О, махаббат!
 
Сен әлі тірі ме едің,
 
Көзімнен ғайып болған күнім едің,
 
Гүлім едің...
Елтіген түнім едің,
 
О, махаббат!
 
Сен әлі тірі ме едің?!

1-жүргізуші:
 
О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің?
Тірі ме едің...
Мен әлі тірілемін!
 
Ақ періште алдында жүгінемін.
 
...Қолдай гөр, ғашықтардың пірі, мені!


15 - оқушы:  Муталова Зарина
Сүйіп те тұрып, сүйікті болып,
Сетінеп жаным, шерленем,
Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,
Әлі де сүйіп көрмеген.

Адасып барып, таласып-талып,
Сүрініп, сосын, ес кірді.
Адамның нағыз бақытты шағы –
Сүймеген кезі ешкімді.

Жылынып барып, жұлынып-жарып,
Жүрек көзінен жас тамад.
Махаббат оты тұтанған күннен,
Бақытсыздықтар басталад.

Көрінбес көзге елесті қуып,
Көңілді, сосын, бір демдер.
Адамның бәрі сүйіскен сәттен,
Бақытын іздеп жүргендер.

Санасы әбден ескірген деме,
Санама жасық, пасыққа.
Бақытты болғың келсе егер, досым,
Сүюге онда асықпа!

Адастым дей бер, адамның бәрі,
Бақытқа сендей асыққан.
Бақыттымын деп айтпайды бірақ,
Себебі, олар – ғашықтар!

Өзім де – тұтқын, шыға алмай келем,
Жүректей жұқа бөлмеден.
Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,
Ешқашан сүйіп көрмеген.


16-оқушы: Бауыржанқызы Меруерт

Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің - жан баспаған жапандағы қара орман.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сезің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сепбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен? Аңсадым-ау, аңсадым...




17-оқушы: Шабданбекова Диана

Жаным ай Жабықтырма, жабықтырма,
Құмар ғып, көп нәрсеге зарықтырма,
Жырымнан тарықтырма, тарықтырма.
Жаным - ай, неткен қиын өмір деген!
Бүгін от, ертең менің көмір денем.
Қоршалған төрт құбылам темірменен,
Жаным - ай!
Менің шуақ күндерім - ай
Артымнан қандей - өсек үргенін - ай,
Қанденмен күресе алмай жүргенім - ай!
Meн десе
Күндіз - түні көз ілмейді,
Үреді де тұрады, безілдейді.
Жаным - ай!
Heгe сені сезінбейді?!



18-оқушы: Имамбеков Ербатыр
«Ғашықпын!»
Ғашықпын,
 
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам болмайын, сол аман ба?!
О. Тәңірім неткен жан ед қайырылмайтын,
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!

Ғашықпын,
Қайтып оны жасыра алам,
 
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
 
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
 
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің кеткенім бе?
Шарқ ұрып бар ғаламдышыр айналып,
Мәнгілік сені іздеумен өткенім бе?

Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт, бар сенімді шашып болып,
Өтермін сірә да мен бұл өмірден,
 
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.
 


«Махаббат диалогы»
 

Орындайтын: Имамбеков Ербатыр, Шабданбекова Диана
- Құс боп ұшып жоғалсам н, не етер едің?
-сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
-Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
-Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
-Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
-Қойшы сәулем, бәрін де көтеремін.


Ән: Есіңе мені алғайсың

Орындайтын: Асатулла Аслан



1-жүргізуші:

Мұқағали  өлеңдерін сүйіп оқымайтын қазақ жоқ. Соншама әсерлі жырлары менің де жүрегімді жаулап алған.

Ақынның  қалам тартпаған тақырыбы  қалмапты.Ана мұңын, әже зарын, жетім-жесір қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббаты, адалдықты, достықты жырға қосты.Халқым, елім деп еңіреп өтті. Иә, ақын бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында ұрпақтарға ұлан-ғайыр мұра қалдырған.



2-жүргізуші: 
Көп адам дүниеге бой алдырған
 
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
 
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
 
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған


19-оқушы: Тазабек Дана

Жазылар естеліктер мен туралы

Жазылар естеліктер мен туралы
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.

Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
(Сол үшін рахмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір бір замандарда
 
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға ...

Жазылар естеліктер нешеленген,
 
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
әйтеуір білетінім бір – ақ нәрсе –
 
көшеді өлең немесе өшеді өлең!

...Қулары таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілік өзімменен ала кеткен
Менің нәзік жанымды кім түсінер?!
 



20-оқушы: Жұман Ұлжалғас

Шаршадым білем,
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан ұятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдеңе етермін.
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып...

«Алтай мен Атырау» поэмасы


    1. Шоман Нұртілеу

Адастырмас алдыма ұстап үміт,
Нарынқолдан аттандым құсқа мініп.
«Ал енді өзіңді-өзің ұста, жігіт»
Дегендей қарап қалды ауыл маған
Ауылдан аттандым мен құсқа мініп.

Самға, ұшқыш!
Қазақтың көгіменен.
Жүруші едім кездеспей көбіменен,
Берерімді еліме беріп өлем,
Мынау алып ақ құстың қанатымен,
Кең өлкеме кетейін сеуіп өлең.
1.2

Аяулым, Ақмолаға құсыңды бұр,

Мұрсат бер жерде біраз дамылдауға!

Жап-жалпақ жауырыны жатыр дала,

Ақын дала, алапат батыр дала.

Ақмола мен Қостанай арасында,

Дән өскен татырға да тақырға да.

Ерекше-ау, жаралысың, затың дала!

Оһ, неткен айдынды өңір, алып өңір!

Ақын мен батырлардың жері ме бұл!

Әліби, Амангелді елі ме бұл?

Оһ, неткен айдынды өңір, алып өңір!

1.3

Басынан Қаратаудың көш келмейді,

Қаратау енді ешкімге дес бермейді,

Жатады жайнап, түлегі, Жамбылым да,

Жаншылмайды ешкімнің де хандығында.

Енді қазақ қайғырмас елім-ай деп,

Әлдеқашан жерлеген зарды құмға.


2.1.Бақыт Нұрсұлтан

Уа, Шығыс!
Жеріңде емес, көгіңде мен,
Үңіліп Бұқтармаңа көңілденем.
Аспаныңа жыр сызып, өтіп барам,
Құс болып сенен ұшқан темірменен,
Керемет, керемет қой өмір деген!!!

Мынау жатқан Марқакөл, Зайсаным ба?
Шығыстағы кішкене Байқалым ба?
Қос жанары Шығыстың сияқты-ау бір,
Қос жанары, ұшқышым, байқадың ба?


2.2

Ойылы ма, бұл маңның Ырғызы ма,

Бәрі-дағы бергісіз Қырмызыға.

Бір пенде де бас имей өте алмайды

Жерде жанған Шығанақ жұлдызына,

Сансыз сәлем, Ақтөбе, ұл-қызыңа!



2.3

О, Жетісу – жеті құт, ырыс маған,

Барша халық бауырында тыныстаған.

Араласып әрбір ұлт достасып жүр,

Аралассын адамдар туыс маған!
Жетісудың байлығын білмек болсаң,

Бір уыс топырағын ап қарағын.

Айналайын , Жетісу, аппақ арым!


3.1Жанатбеков Жангелді

Ойхой, Абай даласы, «Абайлаған»,
Семей десе, Абай деп қарайды адам.
Талай жылдар өтсе де, талай заман
Қалам тартар қазақта ақын туса,
Аруағына Абайдың қарайлаған.


3.2

Оралым – Ордам менің таныс маған,

Бораның Махамбет боп дауыстаған.

Исатай ақ семсерін, Құрман бабам,

Ұрпаққа домбырасын табыстаған.


4.1Бақыт Ерсұлтан

Айқай, заман!
Арқаның даласын-ай
Даласына қаласы жарасуы-ай!
Павлодар - Арқаның ағасындай,
Бұғып қалған жаутаңкөз - Жасыбайы,
Бабалардың құт құйған сабасындай.
Қайтіп, Ертіс, арнаңда ағасың жәй?
Сұрапылды сапырып, аласұрмай?!


4.2

Армысың, Атырауым, бозаң далам!
Каспий менен Жайықтан кез алмағам,
Ұмыттың ба сонау бір кездеріңді?

Арманменен, елеспен ажарланған?

Армысың, Ақтауым, бозаң далам!
Құлан жортса, құмыңды кезе алмаған.
Жылан жайлап, аптапқа төзе алмаған,
Түйе орнына бұл күнде ақ қалалар,

Мұнаралар мойынын созар маған.


5.1Тастоктаев Тимур

...О, ғажап!
Өзіңбісің Көкше деген?!
Тастарын жиған жүктей текшелеген.
Бурабай Оқжетпесті екшелеген,

Біржан ба, тасқа барып өскен емен?!
Көлкіген сынаптайын көлдерің бе?
Сәкеннің аққулары кестелеген.

Көкшетау - ән отауы, жыр отауы,
О, ғажап! Осы екен ғой Көкше деген!


5.2

Аралына құлаған Дария-сыр,

Дария-сыр – қазақтың қариясы.

Сырдың бойы күріштің қоймасы ма,

Қоймасы ма, немесе дән ұясы,

Дария-сыр – қазақтың қариясы.


6.1Исатай Серік

Армысың, аты әйгілі Қарағандым!
Жылуым, қара алтыным, қара наным.
Балқаш пен Жезқазғанды екі жаққа ап,
Төсіңді сорып жатыр екі жақтан.

6.2

Қызылқұмның бойында қазына бар,

Кісі болса, болғаны қазып алар.

Шертілмеген осында шежіре бар,

Тек иесі табылсын жазып алар!

Кентауым, Қазығұртым, Қаратауым,

Әулиеата – әйгілі ақ отауың

Арыма, Оңтүстігім бақ Отаным!


Видеоролик: Мұқағали Мақатаев жайлы 9 дерек


2-жүргізуші: Бүгінде ақынның ортамызда болмағанына налимыз, ал медет тұтармыз – алып ақынның өзінің көзіндей көрінетін өркеш-өркеш өлеңдері халқынан қалтқысыз бағасын алып, келер ғасырға керуен көшін сенімді түрде ұзатып барады. Азаматтық пен адамгершілікті асқақ мұраты санаған ақынның жүрек сырлары шынайы болмысымен, ақиқаттың алдында аласармаумен қымбат та құнды


1-жүргізуші: Табиғатында адамға жаманшылығы жоқ, жаны жуас, жомарт, өзін басқаның бәрінен кіші санайтын ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлең құмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. 

2-жүргізуші: Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. 


1-жүргізуші: «Жыр басы Қарасаздан басталған М.Мақатаев бүгінде ән болып қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау поэзия әлемінде шырқап барады» 


2-жүргізуші: Әбділда Тәжібаев атамыз айтқандай «Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса М.Мақатаевта көз жұмған жоқ. Қатарымызда, күнбе-күн қасымызда. Әне ол мұзбалық қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды бір өзі толтырып, жазық маңдайы жарқырап, жалтырап жыр оқып тұр!...»


1-жүргізуші: «Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиыда жалғыз..  Құдіретті ақынға көзі тірісінде көрсетілмеген құдіреттің, берілмеген сый-сияпаттың орнын толтырудың бір жолы, бір жөні бар: ол ақынның қисапсыз рухани қазынасын ұлт игілігіне асыруға асығу». 

2-жүргізуші: Осымен М. Мақатаев шығармашылығына арналған «Мұқым елдің мұзбалағы» атты әдеби сазды кешімізді аяқтаймыз. Қош сау болыңыздар!


1-жүргізуші: Амандықта жүздескенше!




























Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
21 қаңтар
522
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі