жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Академиялық жазылым үдерісі
Академиялық жазылым негіздері
4. АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖАЗЫЛЫМ ҮДЕРІСІ
4.1. Тақырып таңдау
Көп жағдайда эссе немесе зерттеу тақырыбын таңдау еркі студенттің өзіне беріледі. Бұл өз кезегінде студенттің өз еркімен жұмыс жасауына және қызықтырған тақырыбын тереңірек танып білуіне жол ашады.
Тақырып таңдау жазба жұмысын жазу үдерісінің ең маңызды кезеңі болып саналады. Мәселен, эссе тақырыбын таңдау қарапайым болып көрінгенімен, біршама ойлануды талап етеді. Сондықтан оған үстірт қарауға болмайды. Себебі оқырман эссе мазмұнын толық оқымас бұрын эссе тақырыбын оқиды. Олар тақырыпқа қарап эссенің қандай бағытта жазылғанын түсінеді. Осы жайттарды ескере отырып, жазба жұмысы тақырыбының қаншалықты маңызды екенін және оны қанша адам оқитынын аңғаруға болады.
Академиялық жазылым барысында тақырыпты түсінуге Блум таксономиясының теориясы үлкен септігін тигізеді. Таксономия алты деңгейден тұрады. Білім алушы қарапайым «білім» (есте сақтау, жаттау, еске түсіру, ақпаратты танып білу) деңгейінен соңғы «бағалау» (шешімге келу) деңгейіне дейін түсіндіре алу, білгенін қолдану, оларды талдау мен жинақтау деңгейлерінен өтеді. Таксономияны толық түсіну жазылым бойынша берілген тапсырма немесе тақырып жөнінде жазуға бағыт-бағдар береді. Мысалы:
Деңгейі |
Мағынасы |
Мысал: «Фейсбук әлеуметтік желісі» туралы берілетін тақырыптар (тапсырмалар)
|
Берілген тақырып бойынша қарастырылуға тиіс ақпарат |
106
Еділбай Оспан
1.Білім |
Еске түсіру, әңгімелеу |
Фейсбук әлеуметтік желісінің қалыптасу тарихы |
Қалыптасу кезеңі, пайда болуына ықпал еткен жағдайларды сипаттау талап етіледі. |
2.Түсіну |
Түсінгенін өз сөзімен жеткізу |
Фейсбук әлеуметтік желісінің адамдардың қарым-қатынасына тигізген әсері |
Себебі мен салдарын қалай түсінетіндігі жөнінде жазу қажет. |
3.Қолдану |
Білгенін қолдана алу |
Фейсбук әлеуметтік желісінің жұмысы |
Оның іс жүзінде қалай жүзеге асатындығы жөнінде білетіндін көрсетуі керек. |
4.Талдау |
Ақпараттарды ажырата алу, саралау |
Фейсбук әлеуметтік желісі пайда болғаннан кейінгі адамдардың қарым-қатынас жасауындағы өзгерістер |
Салыстырулар жасалып, толығырақ зерттеу жүргізілуі қажет. |
5.Жинақтау |
Бөлшектерді белгілі бір мағына беру үшін біріктіру |
Қарым-қатынас жасаудың жаңа әдісін қалыптастыру үшін Фейсбук әлеуметтік желісін қалай қолдануға болады? |
Түрлі идеялар мен пікірлерді қарастыру арқылы жаңа идея ұсынуға тиіс. |
6.Бағалау |
Шешімге келу, қажеттілігін анықтау |
Фейсбук әлеуметтік желісінің қоғамдық қарым-қатынастағы орны |
Қарама-қайшылықтар мен қарсы пікірлерге тоқталу, маңыздылығы бар не жоқ екендігі жөнінде шешімге келу |
Сондай-ақ жазба жұмысы белгілі бір пәнге қатысты зерттеу тақырыбын қозғайды, ал зерттеу жұмысының тақырыбын анықтау оның мақсаты мен міндетін айқындап алумен тікелей байланысты. Зерттеу жұмысы тақырыбының мақсаты мынадай қарапайым негіздерден тұрады:
Зерттеу жұмысының жалпы бағытын айқындау;
Арнайы бір тақырыпқа бағыт алу;
Өз оқырманын қызықтыру;
Студенттер өз зерттеу жұмысына көп уақыт жұмсауы мүмкін. Зерттеу жұмысының сәтті әрі жылдам жазылуы таңдалған тақырыпқа тікелей байланысты. Сол себепті, алдымен тақырыпты мұқият
107
Академиялық жазылым негіздері
таңдап алған дұрыс. Тақырып таңдау барысында ең басты ескеретін жайт таңдалатын тақырып оқылып жатқан пәнге қатысты болуы қажет. Өйткені эссені жазудағы негізгі мақсат - осы пәнге қатысты қандай да бір тақырыпты терең білу және осы тақырып туралы ізденісті білдіру.
Тақырыпты таңдау барысында пәнге қатысты дәріс тақырыптары мен пәннің оқу бағдарламасында көрсетілген тақырыптарды мұқият қарап шығу қажет. Солардың ішінен қызықтыратын тақырыпты таңдап алуға болады.
Тақырып таңдау барысында ескеретін жайттар:
Тақырып адамның жеке өміріне қатысты болмауы керек;
Тақырып тым шағын болмауы керек;
Тақырып тым кең, көлемді мәселені қамтитын болмауы керек;
Тақырып бойынша ақпараттар аз болмауы тиіс;
Сонымен қатар тақырыптың құрылымын жазу барысында мынадай қарапайым шарттарды білген жөн:
1)Түсінікті, шағын және қызықты етіп жазу. Тақырыптың негізгі мақсаты - жазба жұмысы жөнінде қысқаша, нақты қорытынды беру. Сол себепті, тақырып шағын және түсінуге жеңіл болып жазылуы керек. Тақырыптың құрылымын жазу барысында күрделі сөз тіркестері немесе мағынасыз сөздерді қолданбаған жөн. Тақырып күрделі болса, оқырман үшін түсініксіздеу болып кетуі мүмкін. Мысалы: «Теңгенің девальвацияға ұшырауы Қазақстан халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне едәуір әсерін тигізді». Бұл тақырып түсінікті, дегенмен бұл тақырыпты жинақы етіп былай жазуғы болады: «Девальвацияның қазақстандықтардың тұрмысына әсері».
2)Мағыналы сөздерді қолдану. Тақырыпта жазба жұмысының түйін сөздері мен зерттеу табиғатын ашатын мағынадағы сөздер қолданылу керек. Жұмыс жазылатын салада қолданатын терминдер туралы ойланып, оларды тақырыпта қолдануға тырысу қажет. Мысалы: «Теңгенің девальвацияға ұшырауы барысындағы Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігіне едәуір әсері». Бұл тақырыптағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне деген тіркесті, «экономикасына» деген бір ғана сөзбен алмастырып, ықшамдалған түрде былайша жазуға болады: «Девальвацияның Қазақстан экономикасына әсері».
108
Еділбай Оспан
3)Қысқарған сөздер мен жаргондарды қолданбау. Тақырып құрылымын жазу барысында көпшілікке белгілі БҰҰ, ҚР сияқты қысқарған сөздерді қолдануға болады. Дегенмен жалпыға бірдей таныс емес арнайы салада қолданылатын қысқараған сөздерді қолданбаған абзал. Сонымен қатар жаргондар қолданылмағаны дұрыс, себебі бұл сөздер ғылыми стильге тән емес және оқырманға түсініксіз болуы мүмкін.
Негізінен сәтті таңдалған тақырып мынадай талаптарға сәйкес келеді:
Мазмұнымен сәйкес келеді;
Оқырманның қызығушылығын тудырады;
Жазба жұмысының бағытын байқатады;
Компьютер арқылы тез тауып алуға мүмкіндік беретіндей түйін сөздер қолданылады;
Өз саласындағы бір тақырыпта жазылған жұмыстардың тақыры-бына ұқсамайды ( тақырыбын қайталамайды).
Зерттеу жұмысын бастамас бұрын тақырыптың қай бағыты қызықты екенін айқындап алу керек. Мысалы, «Интернеттің адамдардың қарым-қатынасына тигізетін әсері» деген тақырыпты қарастыралық. Бұл жақсы тақырып, дегенмен тақырып әлі ауқымды. Бұл тақырыпты ықшамдаудың бірден-бір жолы - негізгі сөздерді анықтап алып, оларға қатысты кілт сөздердің тізімдерін жасап шығу. Мәселен:
Қарым-қатынас - бетпе-бет немесе онлайн сөйлесу, әлеуметтік желілердегі достық қатынас.
Интернет - онлайн ойындар, әлеуметтік желілер, ақпараттарға қол жеткізу.
Адамдар - балалар, жасөспірімдер, студенттер, жастар, ересектер, интернетте бес сағаттан артық уақытын өткізетіндер.
Кілт сөздердің тізімін жасап шығу аталған тақырыпты былайша ықшамдауға сеп болды:
«Жастардың достық қарым-қатынасына әлеуметтік желілердің әсері».
немесе
«Студенттердің ақпаратқа қол жеткізудегі онлайн қарым-қатынасы».
Тақырыпты ықшамдау тым шағын етіп таңдамау қажет. Тақырып өте шағын болып кетсе, ол жөнінде материалдар табу қиынға соғуы мүмкін.
109
Академиялық жазылым негіздері
Тақырып таңдау барысында кейбір студенттер қателіктерге де жиі ұшырасады. Студенттердің тақырып таңдауда жиі жасайтын қателіктері мыналар:
Тақырыптың ауқымды болуы;
Тақырыптың өте шағын болуы;
Тақырыптың қызықсыз болуы;
Тақырыпта қысқарған сөздердің қолданылуы;
Тақырып таңдау туралы кеңес сұрамауы;
Уақытты тиімді қолданбауы;
Аталған кемшіліктерді болдырмай, тақырыпты сәтті таңдау үшін мынадай амалдарды қолдануға болады:
Ойшақырту амалдарын қолдану;
Өзі оқи алатын және түсіне алатын әдебиеттерге қатысты тақырып таңдау;
Тақырып жөнінде материалдар табуға және жаза алатынына сенімді болу;
Кілт сөздердің тізімін жасап алу;
Зерттеу тақырыбының сұрағын айқындап алу;
Өз тақырыбына қатысты еңбектерді көп оқу;
Негізгі тұжырымдарды анықтап алу.
Зерттеу жұмысының сәтті шығуы және одан жоғары баға алу тақырыпқа қатысты екені белгілі, сол үшін кез келген студент өз тақырыбын дұрыс таңдауға бар күш-жігерін жұмсайды. Студент үшін тақырып туралы қалай ойлануға болады және ол туралы идеяны қайдан табуға болады деген сауал туындауы заңдылық. Сондықтан тақырыпты іздестіру барысында мынадай бағытта жұмыс жасау оң әсерін тигізуі мүмкін:
Материал табу: Пәнге қатысты дәрістер мен оқулықтарды қайта оқып шығу арқылы тың идея туындауы мүмкін;
Ойшақырту: Жалпылама бір тақырыпты алып, карта жасау және оның ішінен өзі жаза алатын тақырып таңдап алуға болады;
Жаңалықтар: Хабар, Қазақстан арнасы, Экономика т.б. газет, журналдар арқылы өзі қызықтыратын жаңа тақырыптар табуға болады;
Интернет: Интернеттен кез келген тақырып бойынша көп материал табуға болады, тек оларды орынды қолдана білудің жолдарын білу қажет.
Тақырыпты таңдаған соң оның қаншалықты дұрыс құрылғанын немесе дұрыс таңдалғанын мына сұрақтарға жауап беру арқылы айқындауға болады:
110
Еділбай Оспан
Неліктен бұл тақырыпты таңдадыңыз? Бұл тақырып сізді не үшін қы-зықтырды? Бұл тақырып туралы пікіріңіз қандай?
Бұл туралы кім жазған? Кімдер мақала немесе зерттеу жұмысын жа-риялаған? Бұл тақырыпқа қатысы бар ұйымдар мен кәсіпорындарды білесіз бе?
Тақырыптың негізгі сұрағы қандай? Тақырып туралы талқыланатын мәселе бар ма? Бұл туралы қарастыратын пікірлер мен ойлар бар ма?
Тақырып қайда және қай деңгейде (жергілікті, ұлттық немесе халы-қаралық) қажет болуы мүмкін? Тақырыптың пайда келтіретін арнайы орны немесе саласы бар ма?
Тақырып қашан маңызды болды немесе қашан маңызды болады? Бұл қазіргі уақытта орын алып отырған жайт па, әлде тарихи оқиға ма? Тақырыбыңызды қазіргі кезде өзекті деп санайсыз ба?
111
Еділбай Оспан
4.2. Ақпарат іздеу
Қазіргі таңда кез келген тақырыпқа қатысты ақпаратты кітапханадан, интернеттен еш қиындықсыз табуға болады. Дегенмен олардың ішінен студент өзіне қажетті ақпаратты дұрыс таба білуі және оны қолдана білуі өте маңызды. Бұл студенттің уақытын үнемдеп қана қоймай, жұмысты сәтті жазып шығуына түрткі болады.
Ақпараттарды тауып, жинақтамас бұрын тақырып бойынша осы кезеңге дейін білетін мәліметтер туралы ойлану қажет. Еске түскен немесе ойға келген идеяларды қағазға жазып отырудың пайдасы көп. Сондай-ақ пәнге қатысты оқытылатын тақырыптарды қарастыруға болады. Таңдалған тақырып осы пәнде оқылатын тақырыптарға сәйкес келген жағдайда, тақырып бойынша оқуға берілген әдебиеттерді қарастыру керек. Сонымен қатар тақырыпқа қатысы бар кітаптар мен мақалалардың қолданылған әдебиеттерінің ішінен қажетті мәліметтерін таңдап алуға болады.
Зерттеу жұмысына қажетті материалдарды жинау оңай шаруа емес. Тақырыпқа қатысты материалдарды іздегенде интернет көздерін пайдаланған жөн. Мысалы, Google арқылы Wikipedia сайтына кіріп көп мәлімет табуға болады (есркерту: Wikipedia-ны қолданылған әдебиет ретінде пайдаланбаған дұрыс, себебі мұндағы мәліметтер өзгеріске ұшырап жатады. Сондықтан көп оқытушылар бұл сайтқа сілтеме жасаған студенттердің бағасын кемітуі мүмкін). Дегенмен олардың сенімділігіне көз жеткізу керек. Әдетте, жақсы материалдарды жинау үшін мынадай жайттарды ескеру қажет:
Бірінші, зерттеу үшін тақырыпқа қатысты сөздердің немесе терминдердің тізбесін жасап алған жөн. Яғни, материалдарды оқу барысында тақырыпқа қатысты сөз тіркестері мен термин сөздер кездессе, оларды жазып алып отыру қажет. Бұл зерттеу жұмысының мәселелерін тез түсінуге сеп болады.
Екінші, тапсырма және зерттеу сұрағы бойынша талап етілетін жайттар туралы ойлану қажет. Көп сайттар рецензияланған мақалалар ұсынады, зерттеу жұмысына осындай сенімді мәліметтерді ғана қолдануға тырысу қажет.
Үшінші, зерттеу жұмысының қолданылған әдебиеттері құнды болғанын ескерген жөн. Google Scholar сияқты академиялық материал іздеу сайттары сілтеме жасалынған («cited by») деп, қанша
113
Академиялық жазылым негіздері
адамның материалдарды қолданғанын көрсетеді. Жұмысқа сілтеменің көп жасалуы, оның құндылығы мен сенімділігінің жоғары екенін байқатады.
Зерттеу материалдарын жинау да зерттеу жұмысы болып саналады. Материалдарды жинау барысында әркім өзі қалыптастырған әдістерді қолдануы мүмкін. Ең бастысы, материалдарды жылдам жинап, оны алдағы зерттеу жұмысына қалай қолдану жағын ойластырған жөн. Дегенмен кейбір мақалалардағы мәліметтер ескі болуы мүмкін. Сондықтан мәліметтің қашан жарияланғаны жөнінде білу маңызды. Негізінен, аталған жайттың барлығы нені зерттеуім қажет деген сұрақтың жауабын білуге тікелей байланысты.
Сонымен, «нені зерттеу қажет?». Зерттеу жұмысын жүргізудің негізгі мақсаттарының бірі - белгілі бір тақырып бойынша көбірек білу және осы тақырыпты жетілдіру жолдарын айқындау. Зерттеу жұмысы әдетте қандай да бір мәселені анықтап, оны шешу жолын қарастырады.
Зерттеу жұмысы зерттеу әдісін қолдану арқылы сауалдың жауабын табу және оны дәлелдеумен тығыз байланысты. Зерттеу -белгілі бір мәселе жөнінде кеңінен іздестіру жұмысын жүргізу. Ал зерттеу әдісі - жекелей немесе топ болып мәселені анықтау және оның шешілу жолдарын анықтау. Дәлел - зерттеу арқылы фактілер мен дәйектер жинау.
Зерттеу сұрағын қалай анықтап алуға болады деген сұрақ көп студенттерге қиындық тудырады. Дегенмен оны анықтау аса қиындық тудырмайды. Мәселен, студент күнделікті өмірде өзіне қатысты бір мәселені немесе университеттегі (мектептегі) өзі оқитын топқа байланысты көптеген жағдайдың бірін зерттеу сұрағы етіп алуына болады. Зерттеу сұрағы көзге түскен зат немесе ойға келген идея (мәселен: қайта өңделмей қоқысқа кетіп жатқан қағаз, жолдағы кездейсоқ жағдай, көлік кептелісі, осы кезеңге дейін оқыған зерттеу жұмысы, жеке тәжірибе, кәсіби немесе саяси толғаныс т.б.) болуы мүмкін.
Зерттеу жұмысының ең негізгі үдерісінің бірі - қызығушылық тудырған саланы ықшамдай алу. Қызығушылығына қарай, автор мәселені нақты әрі түсінікті етіп зерттей алатындай сұрақты табуы тиіс. Зерттеу сұрағы анық болған сайын оған жауап беру мен оны зерттеу үдерісі түсінікті бола түседі. Зерттеу сұрағын құру үшін мынадай қарапайым үдерісті жүзеге асырған дұрыс:
114
Еділбай Оспан
Бірінші, зерттеу саласы: ғылым сан-салалы. Автор өзін қызықтыратын саланы анықтау үшін мынадай қарапайым екі сұрақты қоя алады: 1) Мені не қызықтырады? Бұл сала мені не үшін қызықтырады? Мәселен, Мені Қазақстан экономикасы қызықтырады.
Екінші, зерттеу бағыты: салалардың ішінен қай бағыт қызықтыратынын анықтап алу қажет. Мәселен, Мені Қазақстанның Кеден одағына қосылғаннан кейінгі экономикалық жағдайы қызықтырады.
Үшінші, зерттеу сұрағы: жазба жұмысының негізгі зерттеу сұрағын анықтап алу керек. Мүмкіндік пен уақытты ескере отырып зерттеу сұрағын таңдау қажет. Кейде бір немесе бірнеше, тіпті шағын сұрақтар туындауы мүмкін. Мәселен, Қазақстан экономикасына Кеден одағы қандай пайда әкелді? Кеден одағы экономикамыздың қай саласының дамуына ықпал етті?
Тақырыпқа қатысты ақпараттарды табу зерттеу сұрағы мен зерттеу тақырыбын таңдауға және зерттеу жоспарын құрып, оны жүзеге асыру үдерісіне көшуге мүмкіндік береді. Ақпараттардың сенімділігіне көз жеткізіп болған соң, оларды синтез немесе анализ жасау арқылы қолдану жолдарын қарастыруға болады. Ақпараттарды дереккөз ретінде пайдалану және қолданылғын әдебиеттер тізімінде дұрыс безендіру үшін қай жерден алынғанын арнайы жеке қағазға мұқият жазып отыру қажет.
115
Еділбай Оспан
4.3. Жазылым үдерісі
Ғылыммен айналысатын немесе зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан кез келген адам өзінің күнделікті уақытын өзіне ыңғайлы етіп жоспарлап алады. Сонымен қатар әрбір адамның, жұмысы мен атқаратын қызметіне қарай, жекелеген мақсаты мен міндеттері болады және олардың зерттеу еңбектерінің көлемі мен жанры да әртүрлі. Осыған байланысты олардың күрделілігі мен қиыншылықтары да әрқалай болады. Мәселен, докторлық жұмыс жазып жатқан студент пен шағын тақырып бойынша жоба жұмысын жазып жатқан студент жұмысының құрылымы мен жазылу үдерісінде біршама алшақтық бар. Мәселен, 8000 сөзден тұратын курстық жұмысты жазу үшін бір студенттің шамамен үш ай уақыты кетуі мүмкін. Сондай-ақ студенттің жазу тәжірибесіне қарай уақыт жұмсауы әртүрлі болады. Жазба жұмысына машықтанған студент зерттеу жұмыстарын тез әрі тиянықты етіп жазып шығады.
Сонымен қатар жазба жұмысын бірден бастап кету үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Себебі көп студенттер алдындағы ақ параққа нені жазудан немесе жазба жұмысын жазу қиын және оның талаптары тым күрделі деп ойлап жаза алмайды. Мұндай кедергіден арылу үшін жұмысты жазуды бастамас бұрын студент өзін ешқашан түзетуші немесе сыншы рөліне қоймауы керек. Ол үшін алдымен өзін шығармашыл адам ретінде есептеп, тек дайын болған жұмысты тексеру барысында ғана өзін сынаушы рөліне ауыстырғаны дұрыс. Өзін шығармашылық қабілеті жоғары, ойы ұшқыр жан ретінде ойына келген тақырып жөнінде ойшақырту амалдарын жасау қажет. Ол үшін алдымен тақырыпқа қатысты кілт сөздердің тізімін жасап, сол сөздер арқылы карта жасаған дұрыс. Бұл - жазбаша зерттеу жұмысын жазудың алғашқы қадамы.
Ойшақырту амалдарын жүзеге асырғаннан кейін ғылыми әдебиеттерге шолу жасалынады. Бұл кезеңде студент өз алдына дербес жұмыс жасайды және тақырып бойынша өз бетімен ізденеді және ойланады. Дегенмен жеке жұмыс жасау дегеніміз студент өз еңбегін өзге авторлардың еңбегімен байланыссыз, дербес жазады деген сөз емес. Себебі жоғары оқу орындарында білім алудағы мақсат - жаңа ғылыми білімді, көзқарасты, ойды және идеяны
117
Академиялық жазылым негіздері
туындату, оны бағалау, дамыту және тарату. Ал тың идея, ой қашанда бірнеше ғалымның бірге жұмыс жасауымен ғана пайда болуы мүмкін. Осы орайда студент қандай да бір курсты оқу барысында оқытушының жетекшілігімен ғана оқытылып жатқан курстың бағытына байланысты зерттеулердің дамуына үлес қоса алады. Сол себепті студенттер зерттеу жұмысын жасау барысында:
Зерттеу сұрағын құрастыру және оған жауап беретін аргументтерді анықтай білуі керек;
Өзгелердің жасаған зерттеуін жетілдіруі қажет;
Өз зерттеу жұмысын жоғары деңгейде жазуға, бағалауға ұсынуға, жетекшісімен талқылауға және өзге студенттермен тәжірибе бөлісуге тырысуы керек.
Мұндай зерттеу үдерісінің дұрыс жолға қойылып, орынды жүзеге асуы үшін қашанда ғылыми жетекші маңызды орын алады.
Алдағы уақытта жазылатын жұмыс туралы ойланып, ғылыми әдебиеттерге шолу жасалғаннан кейін тақырып таңдалады. Ол студент немесе жетекші тарапынан анықталады. Осыдан кейін тақырыптың қарастыратын сұрағын айқындауға болады. Тақырыптың не жөнінде және қандай сауалға жауап беру қажет екеніне сенімді болу керек. Тақырыпта қандай да бір түсініксіз тіркестер мен сөздер болса, оларды мағынасын толық түсініп алуға тура келеді. Тақырыпты түсінбеу немесе тақырыптан ауытқу төмен баға алуға немесе емтиханнан өтпей қалуға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар материалдарды табу үшін ыңғайлы деген оймен аса ауқымды мәселені қамтитындай тақырып таңдалмауы керек. Мысалы, «Бизнес менеджменті» деген тақырып көлемді, ол бойынша жүздеген материал табуға болады. Ал «Жеке кәсіпкерлікпен айналысудағы менеджменттің рөлі» деген тақырып ықшамды және оны толыққанды зерттеп шығуға болады.
Тақырып белгілі болғаннан кейін зерттеу сұрағы туралы ойлану керек. Бұл көптеген студенттер үшін біршама қиындық тудырады. Себебі студент не істеу қажет екенін толық түсінбеуі мүмкін. Дегенмен зерттеу тақырыбын, яғни жалпы бағыты мен осы тақырып бойынша нақты қандай мәселені талдау қажет екенін білу арқылы зерттеу сұрағын анықтауға болады.
Зерттеу жұмысының тақырыбы мен бағыты анықталғаннан кейін материалдарды жинау үдерісі басталады. Тақырыпқа қатысты мәліметтерді жинау үшін көп оқуға тура келеді. Материалдарды,
118
Еділбай Оспан
яғни әдебиеттерді кітапханалардан табуға болады. Әрине, зерттеу тақырыбына қатысты мәліметтерді интернеттен де алуға болады, дегенмен кітапханалардағы академиялық кітаптар мен ғылыми журналдарды қолдану әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Сондай-ақ қазіргі таңда көптеген кітапханалар ғылыми жұмыстардың электронды нұсқасын ұсына алады. Кейде тақырыпқа қатысты материалдарды қалай іздеу қажет екенін білмеген жағдайда, тақырыптағы негізгі сөздер мен мағыналас, синоним сөздерді қолдану арқылы кітапхана каталогынан және интернет көздерінен (Google, Yahoo, т.б.) қарауға болады.
Тақырыпқа қатысты ақпараттарды жинап алғаннан кейін, оларды тақырыпшаларға топтастыру қажет. Бұл зерттеу жұмысының сауалына қалай және қай бөлімде жауап беруге болатынын анықтауға ықпал етеді. Тақырыптан ауытқып кетпеу үшін тақырыпты ықшамдап, әрбір тақырыпшаларға қатысы бар мәліметтерді нақты беру қажет.
Мүмкіндігінше жазба жұмысының параграфтары бойынша нақты жоспар жасау үлкен пайдасын тигізері сөзсіз. Мұнда тақырыпқа қатысты ойлар мен аргументтерді беруге болады. Бұл жазылым үдерісінің маңызды кезеңі болып саналады және уақыт үнемдеу мен тақырыптан ауытқымауға ықпал етеді. Параграфтарды жоспарлау барысында әрбір бөлімнің мақсаты мен мазмұны қандай болуы қажет екенін ескерудің маңызы зор, ол үшін мына жайттарды білген дұрыс:
Кіріспе параграф - жалпы тақырыпты түсіндіреді және ол туралы мәлімет береді.
Негізгі бөлім - бірнеше параграфтан тұрады. Әрбір параграф тақырыпқа қатысты шағын тұжырымды білдіруі тиіс. Олар логикалық тұрғыдан байланысып, алдыңғы және өзінен кейінгі параграфтармен мағыналық тұрғыдан байланыста болуы қажет.
Қорытынды параграф - жазба жұмысында айтылған мәселенің қорытындысын береді.
Жазба жұмысы бірнеше нұсқада жазылуы мүмкін. Алғашқы нұсқаны жазу барысында оның стилі мен грамматикалық қателері туралы қатты алаңдатудың қажеті жоқ, себебі кейінгі нұсқаларды мұқият оқу арқылы қателерді түзетуге болады. Бұл нұсқада көлемі және тақырыпқа қатысты ақпараттардың дұрыс берілуі, мазмұны сияқты мәселелер басты назарда болуы керек. Ақпарат мазмұны
119
Академиялық жазылым негіздері
жағынан дұрыс берілсе, тілдік кемшіліктерді соңынан түзетуге болады. Сонымен алғашқы нұсқаны жазу барысында мынадай жайттарды есте сақтау керек:
Ақпараттардың берілуі;
Негізгі тұжырымдарды дәлелдейтін мәліметтердің болуы;
Әрбір тұжырымның тақырыпқа сәйкестігі және тұтастығы (олардың қайталанбайтынын тексеру);
Барлық мәліметтердің тақырыппен қатыстытылығы;
Негізгі тұжырымдардың автор ойымен сәйкестігі.
Алғашқы нұсқасының мазмұны мен ондағы ақпараттардың берілу жолдары қанағаттанарлық деңгейде деп есептеген жағдайда, жазба жұмысын қорытындылап, тілдік қателері мен техникалық талапқа сәйкес келу жайттарын тексеруге болады.
Сонымен қатар жазылым барысында ең алдымен есте сақтайтын жайттардың бірі - жазба жұмысын мерзімінен бұрын аяқтау. Кез келген ғылыми жұмыстың сапасын қашанда жетілдіруге және жақсы баға алуға болады. Ол үшін жазба жұмысын өткізілетін мерзімінен бұрын аяқтап, оны қайта оқып шығу қажет. Аяқталған жұмысты бірнеше уақыт өткен соң қайта оқу барысында, автор өзі жіберген қателер мен кемшіліктерді аңғаратыны сөзсіз. Мәселен, кейбір жазушылар өз шығармаларын жазып болып, бір жылдан кейін қайта оқып, түзетулер енгізіп, содан кейін ғана жариялап жатады. Кейбір студенттер жазба жұмысын тапсыруға тиіс мерзімде олардың бағалануы да біршама төмен болады. Алдын ала жазылып, тексерілген жұмыс қашанда жоғары бағаланатыны белгілі. Жұмыс тақырыбын күні бұрын нақты белгілеп, жоспар жасап алу мен ертерек бітіру қашанда сәттілікке жетелейді. Ал жұмысты тапсыру уақытына әлі біршама уақыт бар деп, оны жазуды соңына қалдыратын студенттер көп жағдайда төмен баға алуы мүмкін.
Жұмысты бағалау - жазылым үдерісінің соңғы кезеңі. Студенттер зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды, дереккөздерді қолдануы және тақырыпты ашуы арқылы зерттеу сұрағына жауап беруі бойынша бағаланады. Яғни академиялық жұмыс студенттер зерттеу сауалына жауап беру үшін ақпаратты қаншалықты тиімді қолдана алуын анықтауға назар аударылады. Осы орайда тексеруші жұмысты бағалау кезінде мынадай сұрақтарға жауап іздейді:
120
Еділбай Оспан
Студент/оқушы сұрақты түсінді ме?
Студент/оқушы осы тақырып бойынша өзге авторлардың ойын біле ме?
Студент/оқушы өзге автор пікірлерін қаншалықты дамыта алды?
Өз ойына байланысты аргументтерді беру барысында ақпараттар мен идеяларды қаншалықты жинақтай алды?
Аргументтер қаншалықты нақты дәлелденген?
Студент/оқушы пәнді оқу барысында үйренуге тиіс дағдыларды меңгере алды ма?
Зерттеу жұмысына қойылатын осы талаптардың кейбірі берілген тапсырмаға қарай басқаларына қарағанда маңыздырақ болуы мүмкін. Дегенмен студенттер «Студенттер өзге автор пікірлерін қаншалықты дамыта алды» және «Өз ойына байланысты аргументтерді беру барысында ақпараттар мен идеяларды қаншалықты жинақтай алды?» деген талаптарға жауап берсе, жоғары баға алуы мүмкін. Өйткені бұл талаптар суденттің сыни ойлау деңгейін, аргументтерді қаншалықты сенімді немесе күмәнді түрде жаза білуін анықтауға мүмкіндік береді.
121
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген