жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Әлеуметтік педагогтың қызметі
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Т.Рысқұлов ауданының білім бөлімінің
«№ 1 мектеп-лицейі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Әлеуметтік педагогтың қызметі
Автор: Шакабаева Гульзат Мелисовна
Әлеуметтік-педагог
Құлан ауылы 2024-2025 оқу жылы
Әлеуметтік педагогтың қызметі
Кіріспе
Қоғамның әлеуметтік-мәдени даму деңгейі мен болашағы – өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесі мен әлеуметтік қолдауға ие болуымен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік педагогтың қызметі – жасөспірімдердің тұлғалық қалыптасуы мен әлеуметтік бейімделуінде маңызды рөл атқаратын күрделі әрі жауапты міндет.
Әлеуметтік педагог – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жеке қабілеттерін ашуға, өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесетін бағыттаушы тұлға. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың әлеуметтік жағдайын зерделеп, олардың әлеуметтенуіне кедергі келтіретін факторларды анықтау және шешу жолдарын қарастыру.
Мектеп қабырғасындағы әр бала мейірімге, қолдауға және түсіністікке мұқтаж. Әлеуметтік педагог осы қажеттіліктерді қанағаттандыра отырып, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, олардың өмірге бейімделуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ол ата-аналармен, мұғалімдермен және қоғаммен тығыз байланыс орнатып, бала тәрбиесінде бірлескен жұмыстың маңыздылығын арттырады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік педагогтың қызметі – тек әлеуметтік көмек көрсету ғана емес, әрбір баланың толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау. Бұл қызмет — үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін, игі мақсатқа негізделген еңбек.
-
Әлеуметтік-педагогикалық қызмет және оның жүйесі туралы түсінік .
-
Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің негізгі функциялары
-
Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің құрылымы
-
Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің міндеттері
Әлеуметтік педагог- мамандығының аталуының өзі «педагог» сөзінен
туындайды. Сондықтан әлеуметтік педагог мамандарын
педагогикалық оқу орындарында дайындап шығарады. Бұл екі мамандықты
да теңестіріп отыратын нәрсе - олардың екеуінің негізгі назарының
объектісі бала және оның дамуы мен әлеуметтік қалыптасуы болуында.
Соған қарамай, бұл мамандықтар бір-бірінен ерекшеленеді де. Оқытушы
өзінің негізгі білім берушілік қызметін орындаса, ал әлеуметтік
педагог оқушының қоғамға бейімделуін басты назарда ұстайды.
Сондай-ақ, мұғалім мамандығы өзінің қызметін тек білім
мекемелерінде жүзеге асыратын болса, ал әлеуметтік педагог әртүрлі
мекемелерде қызмет етеді.
Әлеуметтік педагогтің қызметінің объектісі - әлеуметтендіруге
мұқтаж болып табылатын балалар мен жастар болады. Бұған бойында
әртүрлі интеллектуалдық, педагогикалық, психологиялық ауытқулары
бар балалар (көзі көрмейтін, естімейтін, ақыл-есі кемтар және т.б.
балалар) да жатады. Егер балалардағы әлеуметтену процесі ойдағыдай
өтетін болса, онда олар әлеуметтік педагогтің көмегіне мұқтаж
болмайды. Әлеуметтік педагогтің қызметі мектепте, отбасында балалар
тәрбиесі мен дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік болмағанда қажет
болады. Ал, әлеуметтік педагогтің қызметінің мақсаты - баланың
дұрыс өсіп жетілуі мен дамуына психологиялық мүмкіндіктерді
жасау.
Әлеуметтік педагог қызметінің жұмыс ерекшелігі мен мамандану
бағытына байланысты ол мынадай жүйені қамтиды:
- білім мекемелеріндегі әлеуметтік-педагогикалық қызмет (мектепке
дейінгі, қосымша білім беру мекемелері, жалпы білім беру
мекемелері, колледждер, лицейлер, мектеп-интернаттар, балабақшалар,
орта арнаулы оқу орындары, жоғары оқу орындары);
- әлеуметтік қызметке мамандандырылған мекемелер (отбасылық балалар
үйі, реабилитациялау орталықтары, әлеуметтік қамқорлыққа алу
мекемелері, ақыл-ойы мен дене жағынан дамуында ауытқуы бар
балаларға арналған арнайы мектептер, жұмыспен қамту орталықтары,
еңбек биржалары және т.б.);
- муниципалды органдар қызметі (әлеуметтік-педагогикалық,
мәдени-спорттық кешендер, әлеуметтік педагогикалық және әлеуметтік
жұмыс орталықтары, халықты әлеуметтік қорғау орталықтары,
отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету бөлімдері және т.б.);
- мәдени анимациялық қызмет (жасөспірімдер клубы, мәдениет үйлері,
ауылдық клубтар, халық өнері мектебі, отбасылық клубтар, отбасылық
қонақжайлылық және т.б.);
- валеологиялық қызмет (профилакториялар, реадилитациялық залдар
мен кешендер, халықтық дәстүрлі емдеу мен сауықтыру орталықтары
және т.б.).
Әлеуметтік педагог қызметі бірқатар бағытта мамандандырылады.
Мамандандыру нақты бір әлеуметтік ортаның қажеті мен сұраныстарынан
туындайды және маманның тұлғалық және кәсіби мүмкіндігіне де
байланысты анықталады. Әлеуметтік педагог қызметінің түрлерін
төмендегі мамандану бағыттары бойынша бөлуге болады:
- отбасыларымен жұмыс жүргізетін әлеуметтік педагог;
- әлеуметтік педагог - балалар ұйымдары мен мекемелерінің
жетекшісі;
- әлеуметтік педагог – валеолог;
- әлеуметтік педагог – дефектолог;
- әлеуметтік педагог – бос уақытта мәдени-тынығу жұмыстарын
ұйымдастырушы;
- әлеуметтік педагог – техникалық шығармашылықты ұйымдастырушы және
т.б.
Маманданудың негізіне әлеуметтік педагог қызметінің бағыттарына
икемділік танытқан тип тұлғалары алынады. Осыған байланысты мынадай
мамандарды ажыратып көрсетуге болады:
- девиантты мінез-құлықты жасөспірімдермен жұмыс істейтін
әлеуметтік педагогтар;
- мүгедектермен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
- жетім балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
- қашқын балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар және
т.б.
Сонымен қатар, мамандандыру жұмыс орнымен де байланысты
айқындалады. Олар:
- мектептің әлеуметтік педагогі;
- қосымша білім беру мекемелерінің әлеуметтік педагогі;
- балалар үйінің әлеуметтік педагогі және т.б.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-педагогикалық бағытта мамандар
даярлайтын оқу орындарындағы мамандықтарды ескеретін болсақ, онда
мына төмендегідей әлеуметтік педагогтардың қызметі қоғамда
қажеттілікке айналатындығын көреміз:
- жалпы білім беретін мекемелеріндегі әлеуметтік педагог
қызметі;
- мектепке дейінгі мекмелердегі әлеуметтік-педагогикалық
қызмет;
- бастауыш және орта кәсіби білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік
педагогикалық қызмет;
- қосымша білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік педагогикалық
қызмет;
- дене тәрбиесі және сауықтыру мекемелеріндегі әлеуметтік
педагогикалық қызмет;
- балалардың қоғамдық қозғалыстары мен ұйымдарындағы әлеуметтік
педагогикалық қызмет;
- тірек-қимыл аппаратында кемістігі бар балаларды
әлеуметтік-педагогикалық реабилитациялау;
- көру мүшесінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педагогикалық
реабилитациялау;
- сөйлеу мүшесінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педагогикалық
реабилитациялау;
- есту мүшесінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педагогикалық
реабилитациялау;
- интеллектінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педагогикалық
реабилитациялау;
- ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балаларды
әлеуметтік-педагогикалық реабилитациялау;
- девиантты мінез-құлықты балаларды әлеуметтік-педагогикалық
реабилитациялау;
- жастармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс жүргізу;
- отбасыларымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс жүргізу;
- қосымша білім беру мекемелеріндегі бос уақытты ұйымдастыру;
- интернат типтегі мекемелер мен балалар үйіндегі
әлеуметтік-педагогикалық қызмет және т.б.
Әлеуметтік-педагогикалық іс-әрекеттің негізгі бағыттары мыналар
болып табылады:
1. Балаларды әлеуметтік ортада дамыту мақсатындағы кәсіби
әлеуметтік іс-әрекет олармен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы
жүзеге асырылады.
2. Әлеуметтік дамыту мақсатындағы іс-әрекет балалардың қалыптан
ауытқуы кезінде жүзеге асырылады.
3. Балалармен олардың отбасыларының жайсыз жағдайы мен жайсыз,
әлеуметтену тәжірибесін жақсартуда әлеуметтік жағдай жасау;
4. Әлеуметтік тәрбие мен қорғаныс жүйесіндегі білім беру мен басқа
да мекемелерінде жайлы әлеуметтік-педагогтық жағдай жасауға
бағытталған жиынтықты көмек көрсету;
5. «Қауіпті» топтағы отбасыларға және балаларға
әлеуметтік-педагогтық мәселелерде сараптама, түзету, кеңес беру
ісін қамтамасыз ету;
6. Мүгедек балалармен жұмыс;
7. Дарынды балалармен жұмыс;
8. Балалардың, жасөспірімдердің, ересектердің спорттық сауықтыру,
бос уақытта демалысын және тағы да басқа қызметін ұйымдастыру;
9. Кәсіптік бағыт-бағдарын анықтауда кеңес беру мен арнайы көмек
көрсету;
10. Салауатты өмір-салтын түсіндіру мен насихаттауда халық арасында
мәдени-ағарту ісін жүргізу;
11. Балалардың әлеуметтік және педагогтық босаңсуын ескерту;
12. Психологиялық түзету сыныптарындағы жұмыс; барлық жастағы
балалардың әлеуметтік және жеке проблемаларын табу мақсатында
әлеуметтік-педагогтық зерттеу ісін жүргізу;
13. Оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар мен балалар арасында
туындаған қақтығыстарды шешуде көмек көрсету; ересектердің
балаларға деген қарсылықты қарым-қатынасын ескерту.
Дұрыс ұйымдастырылған әлеуметтік-педагогтық қызмет баланың мәнді
қызмет күшін ашуды, тұлғаға деген бағыттылықты қалыптастыруды; оның
жеке басындағы мәселелерін шешуде әлеуметтік психологтық-педагогтық
көмек көрсетуді; ең бастысы өзінің өмірінің субъектісі (иесі)
екендігін танытуды көздейді.
Әлеуметтік-педагогтық қызмет адамның қоғамға енуі, әлеуметтенуі
жүйесінде пайда болатын әрі жеке басындағы мәселелерін шешуге, жеке
дара бір тұлғаға бағытталған болуы тиіс.
Әлеуметтік педагог тұлғаның ерекшеліктерін айқындап, ішкі жан
дүниесін іске қоса білуі тиіс. Әсіресе, әлеуметтік педагог баланың
әлеуметтік ортада алар орнын айқындай білуі керек.
Әлеуметтік-педагогтік қызмет балалармен жеткіншектердің әлеуметтік
шыңдалуына, қиындықты жеңе білуіне бағытталған іс-әрекет. Бұл
қызметтің негізгі ұстанымына – баланың адамгершілікті мінез-құлқын
қалыптастыру жатады.
Әлеуметтік педагогтің бүгінгі таңда қызмет ету салалары өте
ауқымды. Олар: білім беру мекемелері, жастар ісі жөніндегі комитет
мекемелері, денсаулық сақтау мекемелері (балалар ауруханалары,
психикалық ауру балалардың арнайы ауруханалары, наркоман балалар
санаторийлері және т.б.), халықты әлеуметтік қорғау мекемелері,
ішкі істер бөлімі жүйесіне қарайтын мекемелер (балаларға арналған
интернаттар мен тәртіп бұзушы балалар колониясы және т.б.). Бұл
аталған мекемелерде жұмыс істейтін әрбір әлеуметтік педагог алдымен
диагностикалық жұмыстарды жүргізеді, проблемаларды айқындап,
олардың себептерін түсіндіреді. Сонымен қатар әлеуметтік педагог
барлық әлеуметтік мекемелердің тәрбиелік мүмкіндіктерімен өте жақсы
таныс болуы керек. Әлеуметтік педагог жұмыс істейтін мекемелер
мемлекеттік, қоғамдық, мемлекеттік-қоғамдық сипатта болуы
мүмкін.
Осы аталғандардың ішінен бүгінгі күні қажеттілігі өте артып отырған
әлеуметтік-педагогикалық қызмет түрлерін ерекшелеп көрсетуге
болады. Ол - отбасыларымен әлеуметтік-педагогикалық қызмет
жүргізетін педагог. Одан кең профильді маман ретінде өз қызметін
әртүрлі әлеуметтендіру институттарымен байланыстыра отырып,
отбасыларына жан-жақты квалификациялық көмек көрсетуге құзіретті
болу талап етіледі.
Мақсатты жүзеге асыру үшін әрбір әлеуметтік педагог баланың
ортадағы даму ерекшелігін өте жақсы білуі қажет. Бала көбінесе
өзінің болмысында бой көрсетіп отырған проблемаларды әлеуметтік
педагогқа дұрыс түсіндіріп, жеткізе айта алмайды. Сондықтан
әлеуметтік педагог бала бойындағы өзгешеліктерді дұрыс талдай
отырып, оның әлеуметтенуіне дұрыс бағыт беретіндей қабілетке ие
болуы керек. Ол үшін әлеуметтік педагог әртүрлі диагностикалық
әдістерді (психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік) қолдана білуі
қажет.
Бүгінгі маман жоғары кәсіби дайындық деңгейін көрсетуі тиіс. Ол
үшін әлеуметтік педагогқа тән интегративтік қасиеттерді бойына
сіңірген, тәрбие берушілік, диагностикалық, ұйымдастырушылық, алдын
ала болжаушылық, алдын алу-профилактикалық және
әлеуметтік-терапевтік, ұйымдастырушылық-коммуникативтік,
қорғаушылық қызметтерді орындауға қабілетті болуы тиіс.
Жоғарыдағы талаптарды ескере отырып, әлеуметтік педагогтың мынадай
негізгі қызметтерін(функцияларын) бөліп көрсетуге болады:
1. Тәрбие берушілік;
2. Диагностикалық қызмет;
3. Ұйымдастырушылық;
4. Алдын ала болжау қызметі;
5. Әлеуметтік-терапевтік;
6. Делдалдық қызмет;
7. Реттеушілік қызмет;
8. Қорғаушылық қызмет;
9. Алдын алушылық қызмет.
Бұл қызметтер белгілі бір құралдарды қолдану арқылы жүзеге
асырылады. Құралдарға барлық іс-әрекеттер, пәндер, құрал-саймандар,
әдіс-тәсілдер, формалар мен технологиялар жатады.
Алдымен әлеуметтік педагогтің жеке басының сипатын анықтап алайық.
Әлеуметтік педагог мамандық ерекшелігі бойынша байқағыштық,
жағдаяттардан тез шығуға қабілетті болу, интуиция және т.б.
қасиеттерге ие болуы керек. Ал жеке адам ретіндегі қасиеттері:
1. Ізгіліктілік қасиеті (мейірімділігі, жоғары сезімталдығы,
адалдығы, әділдігі және т.б.);
2. Психологиялық мінезділігі (психикалық процестерге жоғары
деңгейде талдау жасай білуі, тұрақты психологиялық көңіл-күйде
болуы, ерік күші мен көңіл күйін басқара бiлуi және т.б.);
3. Психоаналитикалық қасиеті (өзін-өзі бақылай білуі, өзіне-өзі сын
көзбен қарай білуі, өзіне-өзі дұрыс баға бере білуге қабілетті
болуы);
4. Психологиялық-педагогикалық қасиеті (тез тіл тапқыштық, көпшіл
болу, салмақтылық және т.б.).
Әлеуметтік педагогтің жеке басына қойылатын мұндай талаптарды
ескере отырып, екінің бірі бұл мамандықты игеріп кете алмайтындығын
көруге болады. Әлеуметтік педагог өз қызметін дұрыс игеруі үшін
мамандық білімділігінің болуы да өте маңызды.
Әлеуметтік педагогтың кәсіби білімділігі мынадай жағдайларды
қамтиды:
1. Іс-әрекеттің нормативтік-құқықтық базасы: заңдарды, заңды
актілерді, қаулыларды, нұсқауларды, әлеуметтік педагогтің
қызметінің әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық
негіздерін, балаға көмек берудегі мекемелердің жүйесін білуі
қажет;
2. Әлеуметтік педагогиканың тарихы мен теориясын білуі қажет;
3. Әртүрлі ортадағы балалармен жұмыс істеуде
әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің әдістемелері мен жаңа
технологияларын білуі;
4. Баланың жеке басын және оның дене, рухани және әлеуметтік
дамуының қалыпты жағдайы мен ауытқуларын зерттейтін жас ерекшелік
психологиясын білуі;
5. Адамдардың отбасындағы, кіші топтағы, мектеп ұжымындағы және
т.б. біріккен топтарын қарастыратын әлеуметтенудi білуі;
6. Кәсіби зерттеу жұмысын жоспарлау мен басқарудың әдіс-тәсілдерін
білуі керек;
7. Өз мамандығының жеке және әлеуметтік мәнін түсінуі;
8. Әлеуметтік мәдениет тәжірибесінің маңызды сферасы ретіндегі
тұлға қалыптасуын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді қамтамасыз ететін
білімді тұтас қабылдауы;
9. Ғылыми-ізгілікті көзқарастарға ие болуы, табиғат пен қоғамның
дамуының негізгі заңдылықтарын білуі;
10. Адамның тұлғалық, жеке-даралық және рухани жаратылыс ретіндегі
болмысы туралы білімдер мен көзқарастар жүйесіне ие болуы;
11. Білім беру процесінің заңдылықтары мен принциптерін білуі және
оны өзінің әлеуметтік-педагогикалық қызметінде тиімді пайдалана
алуы;
12. Қоғам мен адамның әлеуметтік, психикалық, дене жағынан
саулығының арасындағы өзара байланысы туралы білімдер жүйесін
игеруі;
13. Ғылыми танымның әдістері мен формаларын және оның даму
эволюциясын білуі, қоршаған ортаны танып білудің әртүрлі тәсілдерін
меңгеруі, ғылымның қоғам дамуындағы рөлін түсінуі;
14. Пәндік білімінің кәсіби тілін меңгеруі, пәндік білім саласында
көзқарасын аргументті негіздеп, сауатты жеткізе білуі;
15. Ізденушіліктің заманауи тәсілдерін меңгеруі, ақпараттарды
пайдалануды және өңдеуді меңгеруі, ақпараттарды тиісті бағытқа
бейімдеп, интерпретациялай білуі;
16. Ғылымның қарқынды дамуы мен әлеуметтік тәжірибенің өзгермелі
жағдайында өз позициясы мен көзқарасын қайта қарау және жаңа
әдістер мен формаларды таңдауға қабілетті болуы;
17. Өзінің шығармашылық қабілеті мен білімін жетілдіріп отыруда
өзін-өзі талдау жасауға қажетті қызметті ұйымдастыруға қабілетті
болуы;
18. Әріптестерімен ынтымақты қарым-қатынасын орната білуі, өзінің
кәсіби қызметіндегі басқарушылық шешімін қабылдату мен орындатуға
қабілетті болуы;
19. Ойлау, сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетін игеруі;
20. Білімнің пәнаралық байланыс саласында жұмыс істеуде
психологиялық және әдістемелік тұрғыда дайын болуы керек.
Әлеуметтік педагог отбасылармен жұмыс жүргізгенде отбасының бүгінгі
күнгі мәселелері мен балалық шағына талдау жасауды да игерген болуы
керек. Өзінің қызметінің қоғам өміріндегі, тіпті алынып отырған
әрекеттегі орны мен рөлін жақсы түсінуі және өз көзқарасының
адамгершілік позициясын аргументті түрде талап ете білуі керек.
Кез келген іс-әрекет өз құрылымын қамтиды. Әлеуметтік педагогтің
қызметі төмендегідей компоненттерді қамтиды: объект, субъект,
мақсат, қызмет, құрал. Оны төмендегі схема түрінде көрсетуге
болады:
2-схема. Әлеуметтiк педагог қызметiнiң құрылымы
Кез келген іс-әрекет субъектіден басталып, объектіге қарай бағыт
алады.
Әлеуметтік педагогтың өз қызметін атқару барысында білуі тиіс
бірқатар міндеттері айқындалған. Олар:
- отбасы тәрбиесінің бүгінгі күнгі мәселелері мен қиындықтарын,
отбасы өмірінің психологиясы мен этикасын, бүгінгі отбасы дамуының
тенденцияларын білуі тиіс;
- балалардың, жасөспірімдер мен жастар тұлғасының даму
заңдылықтарын, олардың сұраныстары мен қызығушылықтарын, мотивтері
мен оларды қанағаттандыру деңгейлерін білуі тиіс;
- балаларды қорғаудың әлеуметтік-құқықтық және мемлекеттің
әлеуметтік саясатының негізін, мүгедек балаларды қорғау, кәмелетке
толмағандар құқығын қорғау, балалық пен аналық құқықтарды реттейтін
құқықтық актілерді білуі тиіс;
- отбасыларына көмек көрсету мәселелері бойынша қоғамдық мекемелер
мен мемлекеттік институттар жүйесінің функцияларын білуі тиіс;
- әлеуметтік ортада, мектепте, отбасында, тұрғылықты мекенжайда,
бірлестіктерде, топтарда және т.б. жерлердегі жұмыстың ерекшелігін
білуі тиіс;
- жұмыс ұйымдастырылатын ортаның экологиялық, демографиялық,
әлеуметтік-педагогикалық ерекшелігін білуі тиіс;
- тұлғаны және ол өмір сүретін микроортаны диагностикалаудың әдісі
мен әдістемесін білуі тиіс;
- отбасыларымен, әртүрлі топтар мен әртүрлі категориядағы
адамдармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс жүргізудің әдісі мен
әдістемесін білуі тиіс;
- отбасындағы бос уақытты ұйымдастырудың, қарым-қатынастың,
отбасындағы балалардың, жасөспірімдер мен ересектердің бос
уақыттарын ұйымдастырудың принциптерін білуі тиіс;
- еңбек заңдарының негіздерін білуі тиіс.
Сонымен қатар, әлеуметтік-педагогикалық қызметте маманның меңгеруі
тиіс және бойынан табылуы тиіс қабілеттіліктеріне де бірқатар
талаптар қойылады. Олар төмендегідей:
- балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын анықтау және олардың
ақыл-ойының, дене және таланты жағынан дамуына жағдай туғыза білуі
тиіс;
- әртүрлі әлеуметтік мәдени жағдайда білім беру процесін
ұйымдастыру;
- отбасылық-тұрмыстық жағдайда тәрбиеге оң ықпал жасау,
отбасыларына кәсіби көмек беру;
- әлеуметтік қауіпті отбасыларымен, ондағы педагогикалық қараусыз
қалған жасөспірімдермен байланыс орната отырып, өзара түсіністік
табу, оларға көмек пен қолдау көрсету;
- балалардағы девиантты мінез-құлықтың пайда болуын диагностикалау
және байқалған девиантты мінез-құлықты коррекциялау және
үйрету;
- клиенттерді түсіністікпен тыңдай білу және өткір тақырыптардағы
талқылауларды позитивті эмоционалды көңіл-күймен түсіндіру;
- табысты кәсіби қызметке мүмкіндік туғызатын қарым-қатынасты
қалыптастыру және дамыту;
- балалар мен жастардың өз проблемалары бойынша мәселелерін өз
күштерімен шешуге күш салуына белсенділіктерін қалыптастыру;
- отбасының беріктігін сақтауда және оларға бала тәрбиесінде
нақтылы педагогикалық көмек көрсетуде әлеуметтік институттардың
мүмкіндіктерін пайдалану;
- әлеуметтік институттар арасында байланыстар орнату;
- кәсіби қызметте әлеуметтік зерттеулер әдістерін пайдалану.
Жоғарыдағы қабілеттерді меңгерген әлеуметтік педагог өз кезегінде
ізгілікті, әлеуметтік-педагог қызметіндегі ең приоритетті
міндеттердің бірі болып табылатын коммуникативтік және
ұйымдастырушылық қабілеттерді меңгерген, мәдениеттіліктің жоғары
сатысын игерген, кикілжіңді жағдаяттарды шешуде сенімділік туғызушы
қарым-қатынастың педагогикалық тактісін меңгерген болуы тиіс.
Әлеуметтік педагог қызметінің сапасына берілетін баға жұмыстың
нәтижесі арқылы анықталады. Әлеуметтік педагог қызметін талдау
барысында мәселенің бастапқы деңгейінің күйі, бұрын қол жеткен
нәтижелер, әлеуметтік-педагогикалық қызмет барысының ерекшелігі,
оның жаңалығы, қызмет объектісінің ерекшелігі ескеріледі.
Әлеуметтік педагог қызметінің нәтижесін зерделеудің негізгі
әдістері мыналар болып табылады:
- әлеуметтік педагогтың практикалық қызметін тікелей бақылауға алу:
қарым-қатынасқа түсу формасы, қарым-қатынасқа түсудегі мінезі,
көрсетілген көмектің нәтижесіне деген клиенттің қанағаттанушылық
көзқарасы, қызметтің әртүрлі типтеріне қатысу деңгейі,
микроортадағы атмосфера;
- клиентпен және оны қоршаған ортамен, мекеме мен ұйым
қызметкерлерімен, әртүрлі әлеуметтік қызмет көрсету мамандарымен
жасаған сұхбаты;
- әлеуметтік экпресс-сауалнамалар;
- әлеуметтік педагогтің қызметтік құжаттары, мекеме мен ұйымдағы
статистикалық есептерге талдау.
Мәліметтерді жинақтау әлеуметтік педагог қызметіне тұжырым жасаудың
алғашқы сатысы болып табылады.
Әлеуметтік педагог қызметінің тиімділігінің негізгі критерийлері
мыналар:
- тұлға проблемасының жағдайына талдау және оның шешімін табуының
нәтижесі;
- клиентті әртүрлі әлеуметтік қызметтер мен белсенді әрекеттерге
қатыстыру динамикасы;
- әлеуметтік әрекетке тұрғындардың қатынасу динамикасы;
- базалық әлеуметтік құндылықтарға балалардың, жасөспірімдердің,
жастардың, ересек ұрпақтардың қатынасының динамикасы;
- әлеуметтік ортада жағдайдың жақсаруы бойынша ұйымдастырылған
әрекеттерге ересек тұрғындардың қатыстырылу нәтижесі;
- әлеуметтік ортадағы микроклиматқа, әлеуметтік-психологиялық
жағдайға берілген баға;
- әлеуметтік педагогтың маман ретінде кәсіби өсу деңгейі.
Тұжырым:
1. Әлеуметтік педагогикалық қызметке деген көзқарас бүгiнгi қоғамда
екiжақты деп қарастыруға болады. Бiрiншiден, көпшiлiк нарық
талаптарына сай бiлiм мен қабiлеттiң көзi тәрбиеші еңбегiне
байланысты екендiгiн түсiнiп, оған жоғары баға берсе, екiншiден
мамандық таңдау мен әлеуметтiк мәнi бойынша әлеуметтік
педагогикалық мамандықтың мәртебесi анағұрлым төмендедi.
2. Бүгiнгi қоғамда сапалы бiлiм алу бiлiм берушi тұлғаның жеке
басының сапасына да байланысты екендiгiн көрсеттi. Өйткенi бiлiмдi
меңгеруде оқытушымен қарым-қатынасқа түсу, жеке басының өнегесi,
аудиторияға әсерi және т.б. көптеген факторлар маңызды.
3. Бүгiнгi әлеуметтік педагог маманы өз қызметiнiң мазмұнын қоғам
талаптарына сай жаңа технологиялармен толықтырумен қатар жеке
басының дамуында да әлеуметтендiрушiлiктi жүзеге асыруы тиiс.
Өйткенi бүгiнгi қоғам талаптары әлеуметтік педагогтар алдына адамды
қоғамға ендіруде немесе тұлғаны қоғам талабына сай қалыптастыруда
үлкен жауапкершiлiктердi жүктейдi.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары:
1. Әлеуметтiк педагогтың жеке басына қойылатын талаптар қандай?
2. Әлеуметтiк педагог қызметiнiң жүйесi және мазмұны неден
тұрады?
3. Әлеуметтiк педагог қызметi барысында қолданылатын әдiс-тәсiлдер
мен құралдарды сипаттап беріңіз.
4. Әлеуметтiк педагогтың кәсiби бiлiмдiлiгiн түсiндiрiңiз.
5. Әлеуметтiк педагог қызметiнiң құрылымы және оны iске асыру
әдiстемесi тиімді ұйымдастырылуы үшін қандай шарттарды ұсынасыз?
Көзқарасыңызды дәлелдеңіз.
6. Әлеуметтік педагогтың міндеттері тәрбиешіден, сынып жетекші
міндеттерінен несімен ерекшеленеді?
7. Қандай тұлғалық қасиеттер, білімдер мен дағдылар әлеуметтік
педагогтың кәсіби қызметінде қажет болып саналады?
8. Қалыпты отбасыларына әлеуметтік-педагогикалық көмек қажет болады
деп ойлайсыз ба?
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Агеевец, А. А. (2014). Әлеуметтік педагогика негіздері. Алматы: Білім баспасы.
-
Қалиев, С., Оразбаев, М. (2016). Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану. Алматы: "Мектеп" баспасы.
-
Назарбаев, Н.Ә. (2012). Қазақстан-2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Астана: Егемен Қазақстан.
-
Селевко, Г. К. (2005). Педагогикалық технологиялар. Мәскеу: Народное образование.
-
Шериязданова, Х. К. (2013). Әлеуметтік педагог қызметіндегі инновациялық технологиялар. Алматы: "Өрлеу" БАҰО.
-
Мұқанова, Б. (2019). Жасөспірімдердің әлеуметтік бейімделуіндегі педагогтың рөлі. Алматы: Қазақ университеті.
-
Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңы. (2007). – Астана.
-
Бейсенбаева, А. (2017). Мектептегі әлеуметтік-психологиялық қызметтің ерекшеліктері. Астана: Фолиант.
-
Фирсов, М. В. (2010). Социальная педагогика: Теория и практика. Москва: Академия.
-
Әлеуметтік педагогтың қызметіне арналған нормативтік-құқықтық құжаттар жинағы. (2020). – Астана: Білім және ғылым министрлігі.

