Болатов Арман
Мұратханұлы,
Шығыс Қазақстан облысы
білім басқармасының
Күршім ауданы бойынша білім
бөлімінің
«Қазақстан негізгі орта
мектебі» КММ
тарих пәнінің
мұғалімі
Аңдатпа
Бұл мақалада ұлтымызды азаттық
пен рухани кемелдікке бастаған Алаш зиялыларының өнегелі өмірі мен
қайсарлыққа толы күрескер тұлғалық бейнесінен тың деректер
айтылған. Қыр перзенті Әлихан Нұрмұхамедұлының қоғамдық қызметтегі
белесті кезеңдерінде ұстанған ұстанымдарынан мағлұматтар келтіріле
отырып ашылған.
Тірек
сөздер: Алаш қайраткерлері, тұлғалық
қасиет, мінез, жер, қазақ елі.
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ
ТҰЛҒАЛЫҚ БЕЙНЕСІ: ТАРИХИ ТАЛДАУ
Отаршылдықтағы елін азаттыққа
бастаған Алаш қайракерлерінің өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен
тұлғалық қасиеттерінің белгісіз қырларын тануда естеліктердің алар
орны ерекше. Елінің азаттығы мен теңдігі үшін ойға алмайтын небір
ерліктің үлгісін көрсеткен ата-бабамызға сүйсінеміз, көрген
қиындықтарын жан түршіге елестетеміз. Ақын Мәшһүр Жүсіп «Ойлайтын
елдің қамын ерді жібер, Жерінен суырып алып көрде жатқан» деп барша
Алаштың еркіндік аңсарындағы өмір арманын жырлағандай әсер
қалдырады. Сол Алаштың батырларының бірі Әлихан Нұрмұхамедұлы
Бөкейхан – тек қазақ халқының емес, адамзат баласының тарихында
сирек кездесетін тұлға. «Ұлтына, жұртына қызмет ету –
білімнен емес, мінезден» деп айтқан сөзінің өзінен ұлттың намысын
алға қойған Әлихан ел мен жер мәселесіне келгенде мінез танытудан
тайынбаған зиялылардың бірі екенін аңғару қиын емес. Ол кісінің осы
бір сөзі бүкіл тұлғалық бейнесін бейнелеп
тұрғандай.
Бала Әлиханның ұлт тізгінін
қолына алған дара тұлғаға айналған кезеңдерінен бастап жат жерде
атылған тұрлаулы тағдырын жан-жақты тереңнен қозғап естелік жазған
інісі Смахан төренің жазбалары жан толқытады. Замандастарының
арасында «Әлекең» аталып жүрген қайраткердің күреске толы
жылдарындағы арман-аңсарын, мақсат-мүдделерін «...Әлиханның ойы қазақтың елін,
жерін, суын, қалай өмір сүруін білу үшін аралаған. Қала салып, егін
салып, бала оқытып, бай-кедей демей-ақ жеткіземін деген ойға кезіп
жете алмады.
Әлекең «оқыдым» деп басына
пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, бие байлап,
қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. «Қазағым, елім!» - деп кеткен.
Пара алмаған. Өмірін «қазақты ел қыламын» деп сарп еткен...» деп
жеткізеді. Естелікте мейірімсіз саяси жүйеге деген бойды кернеген
кектің самалы еседі. Әлихан Нұрмұхамедұлының болмысының қарапайым
екенін, дүние жинамай ұлттық мүддені жоғары қойған келбеті қазіргі
өскелең ұрпаққа баға жетпес өнеге болып
табылады.
Толарсақтан саз кешкен қазақ
халқымыз өткен ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалыс жасап, бас
біріктірді – «Алаш» партиясы құрылды, «Алашорда» үкіметі сайланды,
ел мәселесін шешетін дербес жиындар өткізілді. Қазақ елінде алғаш
толыққанды ұлттық мемлекет шаңырағын құруға ұмтылыстар жасалды. Осы
қателікті кешпейтін істің басында зиялы қауым өкілдерінің
көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Ол
өзінің жиырма жасында сол кездегі Ресей астанасы Санкт
Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түсіп алғаш студенттік
толқуларға қатыса бастады. Міне елдің бас қайғысын шешетін саяси
аренаға Әлихан осы жерден танылды. Осы ретте Әлихан
Нұрмұхамедұлының тұлғалық бейнесінің бірнеше қырларын дәлелдегім
келіп отыр.
Әр адам баласы өмір сүруге
бейім болса және жетістікке жеткісі келсе алдына ұстаным немесе
биік мақсаттар қоятыны белгілі. Әлихан Бөкейхановтың тәуекелге бел
буған бес ұстанымы болған екен. Ең біріншісі – Алаш ұлттық
демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ондай жетістікке жетуі ең
алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ.
Бөкейхановтың пайымдауы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан
қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер
жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Қазіргі тәуелсіз
еліміздіңде ұстанымы осыған негізделген. «Ұлтарақтай болсада жер
қымбат» деп кезінде Мөде бабамыз көршілес елдерге туған жерді
қорғау басты мәселе екенін тарих беттерінде дәлелдеген деректер
жетерлік.
Екінші ұстанымы – Алаш жерінің
астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет
етуі тиіс. «Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы
қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс». Қандай керемет
айтылған.
Үшінші ұстанымы –
Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс
жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек.
Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі
тиіс болған.
Төртінші ұстанымы – қазақ
мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге
ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл
идеологиялық ұстаным болатын. Ал, бесіншісі - ең негізігі ұстанымы
бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық
дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі
ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш
қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге
негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас
империяға айналып шыға келуі дәлел болса
керек».
«Жер тағдыры – ел тағдыры» қай
замандада болмасын бірінші орында тұрғанын кез келген тарихи
деректерден білуге болады. Ардақты Әлихан туралы ой қорытар тұста тағы
бір даналық сырының терең тұңғиығына үңіліп көрелікші. Алаш
ардақтысы: «жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса -
қазақ халқы соңынан ерер еді»,-деп салмағы ауыр пікір айтты. Қайғы
мен қасіретке толы ХХ ғасырдың бас кезінде ел қамын ойлап, ұлттың
жанашыры болған арда азаматтар аз болмады, соның бірі де бірегейі
Әлихан Бөкейхановтың өзі
еді.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі
1. Дулатова Г.М. Қазақтың
Әлиханы есімде!//Алаштың сөнбес жұлдыздары:Естелік-эссе.
-Алматы:Мектеп, 2010
2. С.Б. Жұмағұл.Естеліктегі
Алаш. Ғылыми-танымдық басылым. Нұр-Сұлтан: «Алашорда» Қоғамдық
қоры, 2020