жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ақ жүректі ақын
Ақ жүректі ақын.
Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал дейтін сұрапылдың.
Торғай-өлең өлмеді, аман қалды,
Әкетті ажал...
жыр емес адамды алды.
Бір өмірдің дастаны басталды да,
Шорт үзілді,
Шоп-шолақ тәмамдалды...
Қайран Мұқағали...өзін шын ақын деп таныған, көрген сайын сұңқар төсі томпиып қарсы қарап тұратын, бетпақтан су іздеген жайраңдай ылғи да жақсылықтың жаршысы боп жортып жүретін аяулы азаматты ақтық сапарға шығарып салу, саған оңай тимеген екен ғой. Ертеректе С.Сейтқазиннің баспа бетінде жариялаған мақаласын оқығанда таң қалғаным бар. Сонда 1967 жылы тамыз айында Төлеген қайтыс болды деген суық хабардан соң, жазушылар одағында шұғыл жиналыс болып, ақынды жерлеу рәсіміне одақ атынан кісілерді реттегенде, біртуар ақын Мұқағали мен барамын деп ықылас білдіріп жолға шыққан екен. Сол кездегі ұшақ рейсі Алматы-Ташкент-Нөкіс. Ақынның жұбайы Үрниса жеңгей, қызы Салтанат, М. Мақатаев бірге жолдас болғанда Нөкіске жетемін дегенше «Мұқағалиді ұстап отыру қиынның-қиыны болды»- дейді журналист. Жақындап кетсең «Ой, бауырымдап» егіліп, өзі жүрегіне жақын түтатын шын ақынды өлімге қимай, ішкі жан дүниесімен арпалысып барыпты. Міне содан бері де қанша ай, қанша жыл өтті, ақынды аңсаған ел іздеуін тоқтатпады. Өткен ғасырдың 60 жылдары қазақтың әдеби ортасына келіп, өзіндік түр, өзіндік екпінмен жанартаудай атқылаған шоқ-жырлары әркімнің жүрегінде жатталып әлі күнге сапта тұр.
Ақжүректі адам! Мәрттік пен ардан жасалған , Мен сендер үшін көз жұмбай барам құрбанға. Ешқашанда мен құлайтын шыңнан қаша алман, Құлағаныма қуанбас жандар тұрғанда.
Ия, ол адамдарды жанындай сүйді, құрметтеді, дос-жаранның қайғысына қабырғасы қайысып, қуанышына шаттана білді. Ақынмен тұстас болған аға-інілерінің естеліктерін оқып отырып ерекше ойға қаласың. Өзі айтқан Ақжүректі адам түсінігі өміріндегі бар болмыс-бітімі сияқты. Кімнің үйіне қонаққа бармасын, қасына жаны жайсаңдарды ертіп, думандатып кіріп, таңнан-таңға өлең оқу, ән айту.
Өз өлеңдерін басынан аяғына дейін және аяғынан басына дейін жатқа айту - ерекше құбылыс. Кезінде Абай атамыз «Мен бір жұмбақ адаммын»-десе, ал Төкең «Менің денем Менделеев ашпаған, металдардың қоспасынан тұрады»-дейді. Қазақ әдебиетіндегі осы күнге дейін зерделеніп жатқан жұмбақ адам - Абай болса, қазақ поэзиясындағы жұмбақ жан осы -Төлеген Айбергенов. Жұмбақ деуіміздің себебі, Төкең фәни ғұмырының аз болатынын сезген сияқты. Бойындағы Атамекенге деген сағыныш Қоңырат қаласынан Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына алып келеді. Кейін онда лауазымдық қызметке де қарамай игі жақсылардың ортасы рухани астана Алматыға әкеп ат басын тірейді. Көп уақын жұмысқа орналаса алмай пәтерден-пәтерге көшіп жүрсе де, өлеңнен бір сәт алшақтамай, бір бөлмелі пәтерінде үлкенді-кішілі қонақтарды қабылдап, дастарханда бір үзім нан қалғанша қонақжай күймен жайраңдап отырыпты... жұмбақ емей немене. «Жалғасын сен айт, бұл асқақ әннің жабылып кетсем егер мен, ғұлама жылдар судырлатқанда парағын» -дейді өмірде де, өнерде де адал досы ақын М.Шақановқа. Ал өз кезегінде сеніммен қараған інісі М. Шаханов ағасының осы өсиетін ақтағанын білесіздер. Ақынның атақты Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шахановпен достығы, бірге өткізген күндері мен түндері бір романға арқау болар оқиға.
Журналист Батық Мажитұлы мен Үрниса жеңгеміздің сұхбатында «Шәкең десе ішкен асын жерге қоятын. Екеуінің жүректері бір-бірімен үнемі үндесіп тұратын. Дүкеннен өзіне киім алса екеу алатын. Біреуі міндетті түрде Шәкеңдікі»-деп тебірене еске алған екен марқұм Үрниса жеңгей. Төлеген Атамекен топырағын адал жүрегімен сүйді. Қазақ жерінің тауы-тасы, өзен-көлі, бетпақ-шөлі оның жүрегінің лүпіліне айналғандай. Мен жалғыз-ақ ,туған жерді сүйемін,
Сол арқылы сүйемін мен барлығын...
немесе
Мен сенің шаңқай түсте қақ төсіңде,
көлеңкем түспесін деп тік тұрамын.
Қарақалпақ жерінен алдына үлкен мақсат қойып Қазақстанға аттанарда
...Абзал жар, ару ақ залдар,
Ақ залдар, аппақ вокзалдар.
Тілеулес жерге аттандым,
Тілеңдер маған ақ жолдар.
Бұлғап қал қолды көп белдер,
Тулап қал толқын көк көлдер,
Шыңдап бар мені жеткенше,
Тыңдап бар мені көк пен жер!
Көңілді тербеп қал әнмен ,
Қаламмен бауыр далам кең.
Бауырлас мынау өлкеге,
Бауырымды төсеп барам мен.
-деп көкірегінен бұрқап аққан жыр толқындарын арнаған екен. Атамекенге келгеннен кейін де өлеңдеріндегі Түркстан циклі, Қаратау және көзі тірісінде көре алмай кеткен «Маңғыстау мұнаралары» атты жыр жинақтары киелі қазақ жерінің көркіне сән бергендей. Төлеген қазақы болмыстың ақыны. Ақын өлеңдерінің өміршеңдігі де сондықтан. Аңыз әңгімелерде кездесетін немесе халқымыздың бойында түсінік болып қалыптасқан кейбір детальдарды кеудесінде қайнатып, асқан шеберлікпен өлең өрнегіне қоса білген.
Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа, бұрмастай калге келтіріп,
Еліне тартын отырады екен, моншақтап жасы боздаумен,
Көкірегін жерге толтырып.
Апталап, айлап таңдайын мейлі, тасбауыр шөлдер құрғатсын.
Қызығын таппай қоймайды екен, мәңгілік мейлі күн батсын.
Туған жерден жырақта жүрген қандас бауырларымыздың Атамекенге деген ыстық-зарын Төлегенге дейін де, Төлегеннен кейін де ешкім дәл бұлай дөп басып айтқан емес.
Төлегеннің көзін көрмесек те жастайымыздан өлеңін жаттап өскен кейінгі ұрпақ біздер үшін Төкеңнің орны биікте тұр. Себебі, азғантай ғұмырында шағын өлеңдерімен-ақ исі қазақ халқын таңқалдырып, қазақ өлеңіне өзіндік қолтаңбасын салған дара тұлға осы Төлеген. Көзге көрінген таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні белгілі. Төлеген де күн өткен сайын от кеудеге қуат беріп маздаған жалын жырларымен әр жүректе мәңгі сақтаулы тұр. Атақты М. Шахановтың «Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала, бірақ шағын он өлеңмен, он миллион қазақты, толғандырған, таңқалдырған, Махамбет пен Сен ғана» деуі тегіннен айтыла салған сөз емес. Әр жылы 8 наурыз қарсаңында ақынның туған күніне орай үлкенді-кішілі іс-шаралар өтіп жатыр. Ал биыл аяулы ақынымыздың туғанына 80 жыл толып отыр. «Қайтейін талай күнгі тілегім ед, мәңгіге тарқамауы да мүмкін оның» - деп ақын өзі жырлағандай, Төлегеннің тойы мәңгілік тоқтамайды. Сөз соңын ақын М. Шахановтың бір шумақ өлеңімен аяқтаймын.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін,
Сайын далаң жырыңды еске ап, күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар,
Ол-ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың.
Ұлт рухы – қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала!
.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген