Арманымның
ақ құсы
Кеудесінде
жаны бар, жүрегі соғып тұрған әр адамның
ойында өмір сүруге деген құштарлықтарын
еселеп тұратын асыл армандары бар. Оны
бірі жар салып айтса, енді бірі әр
жақсылықтың бір қызғаныш иесі барға
салып, тыныштықта өмір сүруді жөн көреді.
Ол да дұрыс-ау,
бір саусақтың бүгіліп жүргені жеке
өмірге пайдалы болмаса, зиянын тигізбес.
Арман
– мақсатқа, мақсат – тәуекелге, тәуекел
– жетістікке жетелейді. Бұл жерде адам
баласының жасының еш маңызы жоқ. Маңыздысы
– бойдағы жігер мен жүректегі сенім.
Арманға жетер жолда жасалған әр қадам
үлкен сеніммен жасалса, нәтиженің ауылы
да алыс емес.
Менің
де жүрегімнің түбінде жатқан бір арманым
бар-тұғын. Жанымды жүрегімен түсінер
жалғызым: «Армандар орындалады. Әсіресе
сенікі. Тек аздаған уақыт пен төзім»
деп маған демеу болғаны – тынысыма
кеңдік, көңіліме қуаныш, санама жағымды
ойлар сыйлайды. Дәл осы сөздерден кейін
өзіме деген сенімім молайып, бойыма
жаңа күш енгендей болдым. Жаңа талпыныстар
жасап, қиындықты қасқайып тұрып қарсы
алып, күліп шығарып салуға, ойламаған
жерден соққан желге сынып кетпеуге бел
будым. Себебі, қараңғылық қоюланған
сайын таңның жақындай түсетіні – ақиқат.
Өмір сүруіме себепкер болып тұрған
жалғыз құбылыс – әдебиетке деген зор
махаббатым. Қазіргі таңда бейтаныс
әлемде жүрмін. Бұл әлемнің есігінің
кілтіне ие болуымды ата-анам қаласа,
менің қалауым - «әдебиет» атты тылсым
әлемнің есігінің кілтіне мәңгілік ие
болу. Бар арманым – киелі сахнада көркем
сөз оқып, тыңдарманның жүрегін жаулау,
төл туындыларымды халыққа ыстық ықыласпен
паш ету, әдебиет майталмандарының салған
ізін жалғастыру.
Мен
қай жаста болсам да, жұбанышым «сиқырлы
қаламымда» болып қала бермек. Бала
күнімде жылаған сәттерімде қолыма қағаз
бен қалам берсе қоя қалады екенмін.
Көзімді аша сала қағаз-қаламмен ойнауым
– Құдайдың құдіреті, маған берген
аманаты болар. Сәби күнгі ойыншық –
қазіргі айнымас досым, жан серігім.
Жабырқаған сәттердің бірінде көркем
мінезді асыл тұлғам былай дегені әлі
есімде: «Қолыңа қағаз бен қалам ал да,
ішкі дүниеңді ақтар. Ақ қағаз, көк сияға
тамшы ащщы жас қосылса, кеңіп қаласың».
Иә, жай ғана жылау – бір бөлек құбылыс,
жылай отырып шабытқа ерік беру – мүлдем
бөлек сезім. Осы іспеттес түсініксіз
сезімнің ықпалымен дүниеге жаңа
туындыларым келеді. Күнделікті өмір
сүріп жүрген әлемімде жай ғана тірі
адамның кейпін танытып, өлместің күнін
кешіп жүремін. Ол жақта тым салқын,
айналам сұп-сұр, әрсіз... Ал екіншісінде
жаным да, тәнім де, жүрегім де рахаттанып,
бір күнім мың күніме татитындай ерекше
сәттерді бастан өткеремін. Гүлденемін,
нұрланамын, еркін тыныс аламын, жанымда
бір жайлылық орнап, бойыма «бақыт»
гормоны тарайды. Бір сөзбен айтқанда –
тірілемін.
Жұдырықтай
жүрегім тек «Әдебиет» деп соғады.
Арманыма жетер жолда нені болсын құрбан
етуге әзірмін.
Өз
әлемім, саған қашан жетемін?!
Сен
асылым, еш жерде жоқ мекенім.
Қорлатпаймын
жан біткенге, қастерлім,
Әдебиетім,
аялап сені өтемін!
Сенемін!
Қолымнан келеді! Арманымның ақ құсы
мені адастырмай, өз әлемімнің мәңгі
тұрғыны болуыма септігін тигізетінінен
үмітім үзілмек емес.
Армандау
керек. Өйткені, армандар орындалғанды
жақсы көреді.