‘Ағылшын тілі Қазақстанның болашағы
үшін’
Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл
білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену,
оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде
айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір
сүріп дамиды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір Қазақстандық үш тілді
жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін
тұрғындар саны біршама көбеюі керек» — деп айтқан еді. Мектеп
табалдырығынан бастап жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін үйрету
айрықша мәртебеге ие. Ағылшын тілінің Қазақстандағы рөлінің арта
түсуі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыру мәселесін
маңызды ете түсуде. Тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше
пайдасы ұшан-теңіз. Туған тіліңді білуге тиісті емессің,
міндеттісің дер едім. Ал басқа мемлекеттің алдында өз еліңнің
дәрежесінің биік екенін мойындату үшін, жеті тілді жетік меңгеру
артық етпейді.
Елбасымыздың міндет етіп қойған бәсекеге
қабілетті мемелекет құруда жас ұрпақтың тигізер үлесі зор. Бүгінгі
таңда жоғарғы оқу орындарында шет тілін кәсіби деңгейде оқыту басты
орында тұр. Яғни әрбір студент өз мамандығына байланысты шет тілін
жетік меңгеріп, одан әрі қарай дамыта алады. Сонымен қатар шет
мемлекеттерге шығып, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндігі зор.
Еліміздегі беделді университеттердің бірі әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық Университетінде шет тілдерін кәсіби деңгейде меңгеру мықтап
қолға алынған. Осы орайда филология, әдебиеттану және әлем тілдері
факультеті, «Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы» кафедрасының
ағылшын тілін үйретудегі жаңашылдығы, қажырлы еңбегі мен атқарылып
жатқан іс-шаралары соның дәлелі. Кафедра меңгерушісі филология
ғылымдарының докторы, профессор Мадиева Гульмира Баянжанқызының
студенттерге ағылшын тілін кәсіби деңгейде үйретудегі заманауи,
озық үлгісін пайдалануды дәріптеуде тигізген үлесі зор. Факультетте
қызмет ететін білікті оқытушылар шетелдік ғалымдармен бірлесе
отырып, студенттердің болашағы үшін қызмет етіп және жастардың
қажетті білім алуына, тәжірибе жинақтауына жағдай жасап отыр. Әр
оқытушы студенттерге тек шет тілін жетік меңгертіп қана қоймай,
жан-жақты болуға тәрбиелейді. Соның ішінде ағылшын тілінің
қыр-сырын ашып, кәсіби деңгейдегі қарым-қатынастың маңыздылығын
үйретуден жалықпаған ұстазымыз — аға оқытушы Сапарходжаева Нургуль
Пажарбекқызының ерен еңбегін айтпасқа болмас. Ол кісінің бізге
үйреткен тәлімі ұшан-теңіз. Әрбір сабағы өте қызықты өткендіктен,
уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де аңғармай қалып жатамыз. Менің
болашақ мамандығым үшін, ағылшын тілін үйрену маңызды. Ұстазымыз әр
сабағында ағылшын тілінде мақала жазуды, қазақ тілінен ағылшын
тіліне аударуды, грамматиканы сауатты қолдануды, дауыс ырғағын
дұрыс қойып оқуды үйретеді. Әр студентке ерекше көңіл бөліп,
білмеген жеріңді үйретуден еш жалыққан емес. Сондықтан болар,
топтағы әр студенттің ол кісіге деген ықыласы ерекше. Өзінің
бойындағы ынта-жігері, сауаттылығы, білімділігінің арқасында
беделді. Бізге әрдайым: «Тіл үйреніңдер, бір жерде қалып қоймаңдар,
жан-жақты болыңдар» — деп айтып отырады. Нургуль апайдай өз ісінің
білікті маманының дәріс беріп, білімділікке тәрбиелегені біз үшін
үлкен мақтаныш.
Мәдениетті, жан-жақты, ұлтжанды, рухани
дүниесі бай жастар тәрбиелеп шығару университеттің басты мақсаты.
Жаһанданған заман елімізді барлық елдермен бәсекелесе дамуға
итермелейді. Тілдің қажеті артқан сайын, сұраныс артқан сайын осы
қажетті қамтамасыз ету үшін арнайы шараларда жиі ұйымдастырылып
тұрады. Бәсекелестікте тек мықтылар ғана жеңіп шығады, ал бәсекеге
шыдай алмайтындар жеңіліске ұшырайды. Қазіргі заман ашықтық пен
жан-жақтылықты талап етеді. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған
еліміздің даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен шет
тілдерді оқыту мәселесіне айрықша мән берілген. Шет тілін білу сән
емес, заман талабы екені белгілі. Туған тіліңді жетік меңгер,
қастерлей біл. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты
бол, тіл үйрен. Бұл сенің болашағыңның ғана емес, тұтастай ұлтыңның
болашағының жарқын болуының кепілі.
Ағылшын тілі –
халықаралық тіл. Ағылшын тілі қазіргі таңда халықаралық
қарым-қатынас тілі жəне дүние жүзіне кең таралған тіл болып
танылады. Қазіргі кезде ағылшын тілі АҚШ, Ұлыбритания, Канада,
Австралия сияқты көптеген дамыған мемлекеттердің ресми тілі,
БҰҰ-ның алты ресми тілінің біреуі. Дамыған отыз елдің ішіне кіру
үшін бəсекеге қабілетті жан-жақты дамыған маман дайындауға көп мəн
берілуде. «Ағылшын тілі бізге əлемдік аренаға шығу үшін қажет.
Бүгінгі таңда əлемдегі шығарылатын оқулықтардың 85 %-ы ағылшын
тілінде. Қазақстанда 3,5 мың шетелдік компаниялар жұмыс істеуде.
Біз олармен қандай тілде сөйлесеміз? Үштілділік біз үшін қалыпты
жағдай болуы тиіс», — деді Елбасы Н.Ə. Назарбаев. Расында да,
ағылшын тілін білу жастарға əлемнің ең үздік ЖОО-да білім алуға,
алдыңғы қатарлы мемлекеттерде тəжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл əлемнің əр түкпірінде кəсіпкерлікпен
айналысудың, іскерлік қарым-қатынас жасаудың маңызды талабы болып
табылады. Бірнеше тілді меңгерген азаматтардың өз елінде де,
шетелде де бəсекеге қабілетті тұлғаға айналары сөзсіз. Қазіргі
уақытта қазақстандық қоғамда ағылшын тілін білу жас ұрпақтың жаңа
ақпарат алуында үлкен мүмкіндіктер береді деген пікірмен де
келісуге болады. Тəжірибе көрсеткендей, тіл – мəдениеттің кілті,
ұлттық бірліктің жалпы механизмі, ұлттың əлеуметтік құрылым
болуының басты құралы. «Тілі бірдің – тілегі бір», «тіл тағдыры –
ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі
– тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету – парыз», — дейді Д.
Ғаббасова. Сондықтан да, «жас ұрпақтың қазақ тіліне деген
сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып-білуге деген қызығушылықтары
мен ұмтылысын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббатын оятып,
өз тағдырын ел тағдырымен мəңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып
қалыптасуына қол жеткізу басты міндетіміз болып табылады» — деп
жалғастырады осы отандық ғалым [9]. Жоғарыда айтылғандырдың
барлығын ескере отырып, тіл тағдыры – ел тағдыры деп айтсақ
қателеспейміз. Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті
де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Өркениеттік өрелік алға шығып,
жаһанданудың лебі есіп тұрғанда көп тілді игергенге ешкімнің таласы
бола қоймайтыны анық. Əлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына
енуді көздеген халықтың басты мақсаты сауатты ұрпақ тəрбиелеу болып
табылады. Ол дегеніміз – өз ана тілін терең меңгерген, сол тілде
еркін сөйлей алатын, сонымен қатар бірнеше халықтың тілін білетін
ұрпақты тəрбиелеу. Білім мен ғылымның, инновацияның, жалпы
Қазақстанның дамыған жағдайында Елбасы біздің алдымызға үш тілді
меңгеру қажеттігін қойды. Қазақстан азаматтарының, яғни,
біздің парызымыз – «өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте»
дегендей, мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, шет тілдерді де
білу деп ойлаймын. Сонымен, біз көрсеткендей тілдердің
үштұғырлылығы – уақыт талабы. Үш тілді білу жас ұрпақтың білім
кеңістігінде еркін самғауына жол ашады. «Үш тұғырлы тіл» идеясы –
жарқын болашақтың кепілі. Тілдердің үштұғырлылығы мəдени жобасында
көрсетілгендей «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық
қатынас тілі жəне ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай
кіру тілі» . Біз осы істің тек жанашыры ғана емес, орындаушылары
болуымыз керек.