15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ашық сабақ Жәңгір хан
Ихсанова Шынар Сарсенбайқызы
БҚО әкімдігі мемлекеттік қызметшілерді
қайта даярлау, біліктілігін арттыру
және мемлекеттік тілді оқыту
орталығының оқытушысы
Сабақтың тақырыбы: Жәңгір хан
Деңгейі: Жоғары. Елтаным модулі бойынша
Сабақтың мақсаты: тыңдаушылардың сөздік қорын байыту, ауызша сөйлеу тілдерін дамыту, сауатты сөйлеу, жазу дағдыларын қалыптастыру.
Өмірге кетер бір келіп,
Өзіңдей сирек ардағым.
Өнерде берік,
Жол көріп,
Жалғасты жастық арманың.
Халқыңа мәңгі қол беріп,
Тарихта сөзсіз қалғаның.
Ислям Шұғаев
Жәңгір хан
1-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, қарамен жазылған сөздердің синонимдерін табыңыз.
Жәңгір (1801- 11.8.1845) Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның баласы. Генерал-майор, Қазан университетінің құрметті мүшесі. Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін орданы Шығай сұлтан уақытша немере інісі Жәңгір ер жеткенше басқарды. Жәңгір Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп еуропаша білім алды, халықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін үйренді. 1823 жылдан бастап билік хан тағының заңды мұрагері Жәңгірдің қолына көшті. Ол басқарған 22 жылда біршама реформа жүзеге асты. Жасқұста сәулетті астана–Хан ордасын салдырды. Еуропалық өркениет жетістігін қазақ тұрмысына дарытуды ойлады. Әсіресе мектеп ашу, жастарды гимназияда, кадет корпусында оқытуға көп көңіл бөліп, үлгі ретінде өз балаларын оқытуға жастай аттандырды. Қазан университетінің профессорлары- ректоры К.Фукспен, шығыстанушы ғалым А.Казембекпен жақын танысты. Араб, парсы, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерді, көркем әдебиетті, мерзімді баспасөзді тұрақты оқыды, танымды басылымдар мен шығыстың көне кітаптарын жинады. Қазақ шежіресін жазуға ниет еткен, соңына ғұмырбаяндық туынды жазып қалдырды. Ордада 2 мешіт, дәрігерлік бөлімше, дәріхана, тұрақты жәрмеңке аштырды. Өз сарайының да салтанатын келістіріп мазмұнды кітапхана ұстады, қару–жарақ бөлмесін жарақтады.
Жәңгір Ресейдің әкімшілік басқару жүйесін билер кеңесі мен ру басыларына сүйенген дәстүрлі билікпен ұштастырды. Орда жерінің шебі үшін Орал казачествосымен қырғи-қабақ болды. 1836-37 ж. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс кезінде халық екіге бөлінді. Ел іші тыныштығын ойлаған хан көтерілісті күштеп басуға мәжбүр болды. Әрі оған бағынышты емес орыс әскері жазалаушылық қимылдарын ханның ырқынсыз жүргізді. Оның іс-әрекетін Махамбет ақын өз жырларында аямай мінеді. Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда Тарғын өзені бойындағы жазғы қалашығында дүние салды.
Тарих ғылымында, әдебиет пен өнер туындыларында Жәңгірдің саясаты сатқындық, ұлт-азаттық қозғалысты тұншықтыру әрекеті ретінде біржақты көрініс тапты. Ол қайтыс болғаннан кейін Ішкі ордада хандық билікті жою мақсатында Жәңгір атына әдейі телінген отаршылдық пиғыл Кеңес өкіметі тұсында таптық идея үшін ұтымды пайдаланылды. Алайда оның реформаторлығын теріске шығаруға болмайды.
Тәуелсіздік жылдарында Жәңгір ханға кесене орнатылды. Ол ашқан мектептің 150 жылдығы, Бөкей ордасының 200 жылдығы аталып өтті. Жәңгірдің жеке басының қасиеттері мен игі бастамалары, өз тұсындағы басылымдар бертін келе таныла бастады.
1-тапсырма. Тест сұрақтарына жауап беріңіз.
1. Асты сызылған сөзге мағынасы жуық сөзді көрсетіңіз.
1823 ж. бастап билік хан тағының заңды мұрагері Жәңгірдің қолына көшті.
А. мұраттас
В. мирасқор
С. апиыншы
D. мансапқор
2. Дұрыс жауапты табыңыз.
Бөкей орданы Шығай сұлтанның басқару себебі.
А. Жәңгірдің ер жетпеуі.
В. Бөкей орданың құлауы.
С. Жәңгірдің қолына көшуі.
D. Әбілқайырдың қайтыс болуы.
3. Сәйкесін табыңыз.
Жәңгір училищесі ашылды.
А. 1828 жылы
В. 1832 жылы
С. 1841 жылы
D. 1844 жылы
4. Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.
А. 1930 жылы студент атанды.
В. көптеген жоспарлар іске асты
С. Малайсары, Алдар, Есет деген билерден бата алды.
D. Орынбор қаласының гимназиясын «өте жақсы» деген дәрежемен бітірген.
5. Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.
А. мүше, гимназия, қасиет
В. жұмыс, ғылым, қаламгер
С. отаршыл, газет, академия
D. бастама, бүркеме, институт
6. Сөйлемді толықтырыңыз.
Жасқұста ........ астана– Хан ........... салдырды.
А. әдемі, сарайын
В. көрікті, ордасын
С. сәулетті, ордасын
Д. сәулетті, шатырын
7. Мәтінде жоқ ақпаратты табыңыз.
А. Орал казачествосымен қырғи-қабақ болды
В. Патшалық Ресей Қазақстанның құрамында болды
С. Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп еуропаша білім алды
Д. Тәуелсіздік жылдарында Жәңгір ханға кесене орнаты
8. Жәңгір хан қайтыс болған қалашық жанындағы өзен.
А. Жайық
В. Шаған
С. Есіл
Д. Тарғын
9. Жангір хан ел билеген жылар.
А. 22
В. 24
С. 23
Д. 25
10.Қырғи –қабақ сөзіне қарсы мағаналас сөз.
А. тату-тәтті
В. көңілді
С. ашық –жарық
Д. арқа-жарқа
2-тапсырма. Бөкей ордасындағы тарихи ескерткіштер туралы оқып біліңіз.
3-тапсырма. Дискуссиялық өрнек. Сұрақтарға келісемін немесе келіспеймін деп жауап беріңіз.
Хан ордасы Жасқұста салынды.
Бөкей Ордасының 200 жылдығы тойланды.
Жәңгір хан істерін Махамбет ақын сынап жазды.
Жәңгір хан мазары 1997 жылы салынды.
Хан сарай Тарғын өзенінің бойында орналасқан.
4-тапсырма. Тарихи сандар сөйлейді.
1801ж. Жәңгір хан дүниеге келді
1825ж. Бөкейде аурухана мен мал дәрігерлік мекеме ашуын сұрады
1826ж. Хан ордасы аталған қаланың негізі салынды
1826ж. Бөкейде шешекке қарсы егу жұмысы жүргізілді
1826ж. Жәңгір хан Қазан университетінің қамқоршы өкілі
1828ж. Хан Жәңгірдің тапсырмасы бойынша Бөкей хандығының
географиялық және топонимикалық картасы жасалды
1828ж. Хан Ордасында алғашқы музей «Қару –жарақ палатасы»
жасақталды
1832ж. Бөкей ордасында Хан жәрмеңкесі ашылды
1832 ж. Хан ордасында дәріхана ашылды
1841ж. Жәңгір училищесі ашылды
1844ж. Қазан қаласында Жәңгірдің қысқаша «Заң жинағы» атты
араб, тіліндегі кітабы жарық көрді
1845ж. Жәңгір хан дүниеден өтті
5-тапсырма. Сөйлемдер бойынша жылдарын жазыңыз.
1. Географиялық карта жасалған жыл
2. Жәрменке өткізілген жыл
3. Хан ордасының негізі салынған жыл
4. Алғашқы музей жасақталған жыл
5. Дәріхана ашылған жыл
6. Шешекке қарсы егу жұмыстары жүргізілген жыл
6-тапсырма. Берілген сөздерге қысқаша анықтама беріңіз.
Жасқұс
Хан сарайы
Фатима
Жаһангир
1828 жыл
1832 жыл
«Қару-жарақ палатасы»
«Заң жинағы».
6-тапсырма. Шешендік сөздерді оқып, мағынасын ашыңыз.
1. Сен –темір де, мен –көмір
Еріткелі келгенмін,
Екі еліктің баласын
Теліткелі келгенмін.
Егесетін ел шықса,
Иірткелі келгенмін,
Қазақ, қалмақ баласы
Табысқалы келгенмін.
Табысуға келмесең,
Тұрысатын жеріңді айт,
Сен –қаблан да, мен –арыстан
Алысқалы келгенмін! (Қазбек би)
2. Атадан ұл туса игі
Ата жолын қуса игі. (Төле би)
3. Асқар тау ғаріп емес пе?
Айдын көлі болмаса.
Ер жігіт ғаріп емес пе?
Белгілі елі болмаса.
Заман ғаріп емес пе?
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе?
Айтқаны іске аспаса.
Жігіт ғаріп емес пе?
Еңбегі алға баспаса.
7-тапсырма. «Мәдени ескерткіш» тақырыбында эссе жазыңыз.
Керекті сөздер: рухани қазына, мәдени мұра, таусылмас байлық, әдемі
ғимарат, белгілі тұлғалар, өшпес тарих.
8-тапсырма. Берілген өлең шумағын өзіңіз білетін әуенге салып
айтып беріңіз.
Орманы көкке өрлеп асқақтаған,
Бөкейлік Ордам Даңқы аспандаған.
Кесене Қорым салып жарқыратып,
Арманын шарықтаттық ол аңсаған.
Релаксациялық сәт.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген