Материалдар / Ашық тәрбие сағаты "Мерейлі жас – мүшел жас" 7 сынып
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ашық тәрбие сағаты "Мерейлі жас – мүшел жас" 7 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Сынып жетекшІлерге, тәрбиешілерге.Оқушылар алғашқы мүшел жастың ерекшелігі туралы біледі, ұлттық салт-дәстүрлермен танысады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
08 Қаңтар 2019
1481
5 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



Ашық тәрбие сағаты

Тақырыбы: Мерейлі жас – мүшел жас

Мақсаты: Оқушылар алғашқы мүшел жастың ерекшелігі туралы біледі, ұлттық салт-дәстүрлермен танысады.

1 жүргізуші: Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар! Жанында интернаты бар А.Үкібаев атындағы орта мектептің 7 «А», 7 «Ә» сынып оқушыларымен өткелі отырған «Мерейлі жас - мүшел жас»  атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

2 жүргізуші:

Балғын шағың  – балалық шақ арттағы,

Өмір жаңа белесіне бастады.

Нық сеніммен болашаққа қарайды

Жас балғындар13 мүшел жастағы.

1 жүргізуші: Халқымыздың жөн-жоралғы дәстүрін

Құрметтейді  үлкен-кіші жас бүгін,

Мүшел жастың маңызы мен   бағасын

Көрсетеміз өздеріңізге тап бүгін.

2 жүргізуші: Қазақша жыл қайыруда он екі жыл сайын қайталанып қайырылып отыратын он екі хайуанның аттары қазақ жұртына ықылым заманнан таныс. Сол сияқты адамның дүниеге келген айы да белгілі бір шоқжұлдыздың ықпалында болатынын білеміз. Қазіргі таңда жұлдызшылардың жорамалына жүгініп, іс-әрекетін де жоспарлап жүретіндерді жиі кездестіреміз. Жыл қайыру тышқан жылынан басталып, доңыз жылымен аяқталса, шоқжұлдыз жүйесі тоқтыдан басталып, балықпен аяқталады. Олай болса, біз бүгінгі мүшелден шығып отырған той иелерін шоқжұлдыздарымен ортаға шақырайық!

1 жүргізуші:

Уа, халайық, халайық,

Мұнда назар салайық!

Ел дәстүрін қолдамақ,

Мүшел жасын тойламақ

Сенім артар ұлдарымыз бен

Үміт артар қыздарымызды

Қол соғып қарсы алайық.

2 жүргізуші: Жаймашуақ, самал жел ескен, төрт түлік төлдеп, халық аққа кенелетін көктем мезгілінде дүниеге келген оқушыларымызға қошемет көрсетейік.

Тоқты шоқжұлдызында туғандар: Абдибеков Нұрдәулет, Әнуарбек Жантемір, Дүкенбаев Алишер, Мынбаев Арыстан, Мұқанов Нұржан, Төлеуғазы Архат, Совет Нұрдәулен.

1 жүргізуші: Торпақ шоқжұлдызында туғандар: Ерболатова Маржан, Қайыржанов Данияр, Какимбек Наргиз, Майкенов Жанболат

Нұрдәулен:

Мүшел жастың бір боларын білгенбіз, 
Жақсы өлеңді соған сақтап жүргенбіз. 
Күн жылынып, су таситын, қар еріп
Балаусалы, көк майсалы көктемде

(Хормен) Біз дүниеге келгенбіз. 

Архат: 21 наурыз бен 22 сәуір аралығында дүниеге Тоқтылар келеді: Тоқты шоқжұлдызында туылғандар өте қызу қанды, алғыр, ақылды болады.

Нұрдәулет:Тоқтылар өз айтқанынан дұрыс болмаса да қайтпайды. Тез ашуланып қалады, бірақ ашуы тез тарқайды.
Данияр: 21сәуір мен 21 мамыр аралығында Торпақтар дүние есігін ашады, Торпақтар ақылды жандар, өгіздің қара күші бар торпақтар өте еңбекқор боп келеді.


Наргиз: шындықты сүйетіндер, сабырлы, салқынқанды, оларды ашуландыру оңай емес, алайда көзіне қан толса, ешкімді аямайды.

1 жүргізуші: Жадыраған жаз мезгілінде дүниеге келген оқушыларымыз:

Егіздер шоқжұлдызында туғандар: Асанова Аружан, Дүйсенбаева Жұлдыз, Қажғали Гүлнұр

2 жүргізуші: Шаян шоқжұлдызында туғандар: Бірғалиева Айгерім, Сейдалин Мейрамбек, Ораз Ұлжан, Айтжан Ұлпан, Нұрсұлтан Санаби

1 жүргізуші: Арыстан шоқжұлдызында туғандар: Қыпшақбаева Аружан, Тургабулов Нұрбол, Балдаев Темирлан, Какимбек Мерген, Оразов Арман

Жұлдыз:

Жайдарымыз, сұлу әрі көркембіз, 
Жақсы сөзді мүшел жасқа тергенбіз. 
Жаздың, шіркін, жайма шуақ күнінде, 
Гүл жайнатып, жұпар шашып,

Хормен: Біз дүниеге келгенбіз. 
А.Аружан: Егіздер 22 мамыр мен 21 маусым аралығында дүниеге келгендер: Егіздер тумысынан екі түрлі мінезді болады, бірде тыным таппай еңбектенсе, бірде жалқауланып қалады.

Гүлнұр: Егіздер көңілі түссе көл болады, көңілі түспесе шөл болады, кішіге қамқор бола білсе де, үлкенге мінез көрсетіп қояды... Екі түрлі мінез иесі болуынан да ЕГІЗДЕР деп аталғанға ұқсайды.

Мейрамбек: 22 маусым мен 22 шілдеде дүниеге келгендер Шаянның ықпалындағы адамдар. Шаяндар тумысынан айлалы да ақылды, сұлу, сүйкімді болады, сондықтан өркөкірек, өзімшіл мінезі де бар.

Қ.Аружан: 23 шілде мен 22 тамыз аралығында Арыстандар туылады: Олар Арыстан сияқты ержүрек, батыл, кез келген іске басшы бола алады, ұйымдастыру қабілеті зор.

Мерген: Алайда тік мінезділігімен, долылығымен айналасына жақпай қалады. Дегенмен Арыстан емес пе?!

2 жүргізуші: Енді ортаға берекелі қоңыр күзде туылған оқушыларымызды шақырайық:

Бикеш шоқжұлдызында туған: Жумабекова Анэль

1 жүргізуші: Таразы шоқжұлдызында туғандар: Бегалин Серікболсын, Машрапова Гүлайым

2 жүргізуші: : Сарышаян шоқжұлдызында туғандар: Мукаш Есен, Нұрболқызы Данагүл, Кайдаулова Айпара

Гүлайым:

Алтын дәні - күн астында арайлы,

Нұрға бөлеп жатқан кезде маңайды. 

Алтын күзде, молшылықта әйгілі

Тасыған шақта диқандардың байлығы

Хормен: Біз өмірге келгенбіз

Анэль: Бикештер 23 тамыз бен 23 қыркүйек аралығында туылған жандар.Алғыр, ұғымтал, білімге құмар келеді, солай бола тұра айлалы, адамды алдай салудан да тайынбайды.

Серікболсын: 24 қыркүйек пен 23 қазан. Бұл мезгілде Таразы шоқжұлдызының ықпалындағылар өмірге келеді. Олардың Адамгершілігі мол, ізетті, тез тіл табысқыш, әртістік қабілеті де зор.

Айпара: Бірақ қулықтан да құр алақан емес, таразының екі басы үнемі тең бола бермейді ғой.

Данагүл: 24 қазаннан бастап 22 қарашаға дейін дүниеге сарышаяндар келеді: Олар еңбексүйгіш, мейірімді, тез тіл табыса алады, ешкімді ренжітпеуге тырысады.


Есен: Ал сарышаянның өзін біреу ренжітсе, кектеніп қалатын әдеті бар... Дегенмен сарышаян улы жәндік емес пе?!

2 жүргізуші:Ал енді ортаға ақ боранды, сарышұнақ аязды қыста өмірге келгендерді шақырайық

Мерген шоқжұлдызында туған: Мурзабекова Асия

1 жүргізуші: Тауешкі шоқжұлдызында туғандар: Куделюк Ангелина, Сейтғалиев Қамбар,Туякова Мерей

2 жүргізуші:Суқұйғыш шоқжұлдызында туғандар: Сейтғалиев Жантөре, Еркін Аружан

Мерей:

Ата-анадан тәлім-тәрбие көргенбіз,
Үлкендердің ізгі ісіне ергенбіз. 
Жердің бетін ақ ұлпа қар жапқанда,

Боран соғып, аяз қысқан шақтарда 
Хормен: Біз шырылдап дүниеге келгенбіз. 

Асия: 23 қараша мен 21 желтоқсан аралығында дүние есігін Мергендер ашады, Олар көздеген мақсатына жетпей қоймайтын тынымсыз адамдар, мақсатты мергендерше дәл көздейді.

Ангелина: Алайда олар үнемі биік мақсатты емес, кек қайтаруды да мақсат етуден таймайды дейді жұлдызшылар. Кім білсін?

Е.Аружан: 22 желтоқсан мен 20 қаңтар аралығында Тауешкілер туылады: Олар тумысынан Білімге құмар, өнерге бейім әрі қайырымды, тек жалқаулығы басып кетпесе.

Жантөре: 21 қаңтар мен 20 ақпан аралығында Суқұйғыштар өмірге келеді: Ақкөңіл, адал, көп сөйлегенді ұнатпайды, бірақ Ұмытшақ, алаңғасар.

1 жүргізуші:Он екі шоқжұлдыз шоғырын аяқтап, дүниедегі ең тамаша мереке – Аналар мерекесін ала келетін «Балықтар» екен. Олай болса, Балықтар шоқжұлдызында туылған оқушыларымыз Жылқайдарова Айзат, Копей Аруана

Айзат: 21 ақпан мен 20 наурыз арасында Балықтар туылады: Тұла бойы сұлулыққа, адамгершілікке тұнып тұрса да, өз қадірін бағалай бермейді дейді жұлдызшылар, алайда өмірде жолы болғыш жандармыз.
Оқушылар төрге өтеді.

2 жүргізуші:

Бүгінгі той – үлкен той,

Түрлі ойын ойналсын,

Би билеңдер, шаршамай,

Ал әншілер ән салсын!

1 жүргізуші:

Шашу, шашу шашайық,

Ақ сандықты ашайық.

Бұл мереке, бұл тойдың,

Шашуларын шашайық. Ал, аналар, шашу шашып, той ырымын бастаңыздар!

2 жүргізуші: Ал, оқушылар, сіздердің бүгін алғашқы мүшел тойларыңыз тойланғалы отыр, олай болса, қазақ халқында алғашқы мүшелге дейін бала үшін тағы қандай тойлар жасалушы еді? Осы сұраққа жауап беріп көріңдерші.
Е.Аружан: 
Ананың құрсағынан басталатын, 
Ең алғашқы қуаныш аталатын, 

Абысындар, көршілер кезек күтіп,
Жас келінге құрметпен ас ұсынып

«Құрсақ той» кішігірім жасалатын.
Алишер: 
Анамыздан шыр етіп туылған күн, 
Кіндігіміз жібек жіппен буылған күн, 
Кіндік шеше
«кіндік кесіп» рәсім еткен

«Шілдехана» тойы да ғажап неткен?!
Айгерім:

Аласталып тал бесік от-түтінмен,

«Тыштырмаға» балалар таласады.

Бесікке салу рәсімі деп аталады,

Жанға жылы шырқалып сазды әуен

Мейірімге бөлейтін жас ананы,

Сәбидің «Бесік тойы» жасалады.

Аруана:
40 күнде қырық рет түлеткенде, 
40 қасық сумен тәнді нұр еткенде, 
«Қырқынан шығаруға» нәрестені

Әз аналар келеді сәбилі үйге

Құйып ап жан шуағын жүректерге.
Ұлпан 
Алғашқы қадам басып, қаз тұрғанда, 
«Тұсау кесу» айналар той - думанға, 
Құтты болсын қадамың, құлыным деп,

Ақ тілектер жаудырар балдырғанға.
Данияр:
Мұсылман ата-ананың міндет тойы, 
Одан кейін жасалар сүндет тойы, 

Ашамайға мінгізер дәстүрі бар,

Ер баланың ат ерттеп мінбек тойы.
Ұлжан: 
Оқушы атанатын мектепке барып, 
Қуантқан ата-анасын әріп танып. 
Тауысып «Әліппені»жүрдек оқыр, 
Сол күні «тілашардың» болары анық. 
Темірлан:
Өмірдің бір белесін болдырған шақ, 
Санасын нұрлы ақылмен толтырған шақ, 
«13-те – отау иесі» дейді халқым, 

Есейіп, елдің қамын ойлаған шақ.

1 жүргізуші: Тамаша, балалар! Ал осы аталған тойдың бәрін ата-аналарың, ата-әжелерің қазақ халқының дәстүрі бойынша жасап, тойлаған шығар деп ойлаймыз, солай ма?

Онда ата-аналарымызға, ата-әжелерімізге бізге арнап жасап жатқан той-думандары үшін, көрсетіп келе жатқан тәлім-тәрбиесі үшін алғыс айтсақ болмай ма?!

Санаби:

Ата-әже,

Сіздер барда бақыттымыз әрдайым,

Өміріңді ғасырларға жалғайық.

Өздеріңнен өнеге алып, өркендеп

Қияларға қанат қағып самғайық!

Асия:

Әке-ана,

Жақсы болу – бізге міндет, түсінем,

Үлгі аламыз берекелі әр жасаған ісіңнен.

Алғысымыз шексіз біздің, әке-ана, сіздерге

Маған арман әрі міндет – арыңа дақ түсірмеу.


Жантөре:

Әкем менің, сүйенішім, қорғаным,

Сіз арқылы бақытты өмір орнады.

Сіз арқылы аман-есен ер жетіп

Осы күні білімді адам болғаным.

Ангелина:

Аяулы анам, сен мен үшін пірімсің,

Шырқалатын әсем әуен, жырымсың.

Өзің барда бақыттымын, жан анам,

Мейірімді, шуағымсың, күнімсің!

Нұржан:

Ата-ана, бақытымсың, бағымсың,

Тірегімсің, сүйенішім, барымсың.

Жалғасы боп ата-ананың балалар

Жақсы атымен бар әлемге танылсын!

(Ән «Әке - ана» Мерей, Есен , Айпара)

2 жүргізуші:Ой, бәрекелді! Балаларыңыз болайын деп-ақ тұр екен, құрметті ата-аналар! Ал енді алғашқы мүшел жасты артқа тастап, ер жетіп, бой жетіп келе жатқан ұл-қыздарыңызға халқымыздың ертеден келе жатқан әдет-ғұрпы, салты бойынша мүшел тойдың рәсімдерін - қамшы ұстатып, шолпы тағу дәстүрін көрсетіп жіберсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді.

Ата: Ал, балам!» Болар бала он үшінде баспын дейді, болмас жігіт жиырма бесте жаспын дейді» халық даналығында. Бүгін 13 жасқа толып ат жалын тартып мінер жасқа, отау иесі болатын жасқа келдің. Алғашқы мүшелігің құтты болсын. Мынау - қамшы. Бұл ел билігіне араласатын уақыттың келгенінің белгісі. Қамшы би-шешендерден қалған. Қамшы керегеде ілініп тұрса, отауыңды жын-шайтан мазаламайды. Ал, балам, қамшыңа берік бол!

Әже:
-Қызым, мына шашбауды саған арнап зергелерге күмістен соқтырып, дайындатып едік. Қыз бала 13-ке толғанда бұрымына шашбау байлаған. Шашбауы бар қыз балалық, еркелікпен қоштасып, ойы мен бойын түзеп кербез жүруіне жол ашады. Шашбау сенің әрбір жүрісіңді бақылап отырады. Шолпының тұнық сыңғыры нәзіктігіңмен үйлесіп тұрады, қарғам. Қызға 40 үйден тыюдың бар екенін енді естен шығармағайсың. Ал, қарағым, Алғашқы мүшелің құтты болсын!
1 жүргізуші: Ал енді бір топ оқушыларымыз қазақша жыл қайыру, мүшелді есептеу туралы мәліметтер әзірлеп келген екен, ендігі сөз кезегін осы оқушыларға берейік.

Қ.Аружан: Бабамыздан қалған, бізге жеткен мүшел туралы қызықты деректер баршылық. Мүшелдің таралу шеңбері өте үлкен. Мүшел есебіндегі жылдар рет саны бойынша аталмайды. 12 түрлі хайуанның атымен аталады. Әр жылғы бір хайуанаттың аты берілген.
Мүшел жасты анықтағанда бір ерекшелікті есте ұстаған жөн. Бала 13 жасқа толғанда бір мүшел деп қайырады да, кейінгілерге 12 жылды қосып отырады. Сонда бір мүшел - 13 жас, екі мүшел – 25, үш мүшел – 37, төрт мүшел – 49, бес мүшел – 61, алты мүшел – 73, жеті мүшел – 85, сегізінші мүшелді – 97 деп қайырып, адам жасын оңай шығарады. Қазақша жыл қайыру халықтың тапқырлық есебінің бірі. Ескіше жыл қайыру әдісімен өзінің қазақша қай жылы туғанын, неше мүшелге толғанын білгісі келсе, ол өзінің жылын 12-ге бөлу керек. Қалдықсыз бөлінсе - мешін, қалдық біреу болса – тауық, екеу болса – ит, үшеу болса – доңыз, төртеу болса – тышқан, бесеу болса – сиыр, алтау болса – барыс т. с. с болып кете береді.

Маржан: 25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт іріленіп, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады.
Арман: 37 жас - адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.
Жантемір: 49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап - күліп қалайыншы» дейтін кезеңі.
Жанболат: 61 жас - адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман - жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
Нұрбол: 73 жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «айхай, жас кезім - ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
Анель: 85 жас – бұл мүшелде адамның барлық қабілеттері нашарлай бастайды, өзінен кейінгілерімен бала құсап ұрсып, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл» деген сөз бар, бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.

1 жүргізуші: 13 жас – жақсы мен жамандықты, ар мен намысты, дос пен жолдасты айыра білетін кезең. Қазақ халқы жас жеткіншектердің тәрбиесіне көп көңіл бөлген, олардың бойына мейрімділік, қайрымдылық, әдептілік, сыпайылық сияқты жақсы қасиеттерді сіңіре білген. Міне осындай қасиет сендердің бойларыңнан да табылса деймін.

2 жүргізуші: Көңіл аудар даналардың сөзіне, Адал жанды өнеге тұт өзіңе, дегендей ұлы адамдар өміріне бір сәт көз жүгіртейік. Қане, оқушылар, 13-де қол бастаған батыр, сөз бастаған көсем даналарымыз туралы айтып өтсеңдер екен.

Данагүл: Ұлытау өңірінен шыққан Қоңырбай батыр ұрпағы Ағыбай батыр ес біле бастағанынан патша үкіметтің бейбіт жатқан қазақ ауылдарына аяусыз жәбір көрсеткенін көрген Ағыбай батыр 13 жасында елін қорғауға атқа қонды.
А.Аружан: 13 жасында ұлы Абай атамыз ақындығымен, ақылдығымен елге таныла бастайды.
Айпара:Ж. Аймауытов алғашқы өлеңін 13 жасында жазған.
Гүлайым:Қазақтың тұңғыш ғарышкері Т. Әубәкіров 13 жасында өзінің болашақ мамандығын таңдап алдына мақсат етіп қойған.
Арыстан:
Қазбек би 13 жасынан рулы елге айта білген.«Абылай хан бірде қалмақ ханы Қонтайшыға елші жіберіп, соларға атқосшы етіп 13–14 жасар Қазыбекті аттандырады. Қазақ елшілерін қабылдаған қалмақ ханы оларға сөзден дес бермей қояды. Қазақ елшілері тығырыққа тіреліп тұрғанда, есік жақта отырған атқосшы бала Қазыбек орнынан атып тұрып, Қонтайшыға:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпанды басындырмаған елміз.
... Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз,- деп әйгілі қаз дауысты Қазыбек би алмастай өткір сөзбен төпелей келіп, қалмақ ханын састырып, дұшпанын қазақтың алдына жығып беріпті»

2 жүргізуші:

Міне, балалар, сендердің жастарыңда ағаларымыз, аталарымыз бен бабаларымыз осындай өнегелі істері, ерліктерімен танымал болған. Олай болса, осындай ұлы адамдардың ізін жалған тұлға болыңдар деген тілектеміз.

Адамзат туған анадан, 
Ақылы іске жараған. 
Адамның жасын атаулы, 
Мүшелге бөліп балаған. 
Көркейер көңіл батадан, 
Үлгі алып өссен атадан. 
Он үшке толсаң, қазақта, 
Бір мүшел жас деп атаған. 
Өнеге қалса данадан, 
Өсиеті елге тараған. 
Бір мүшел жасты халқымыз, 
Есейген шақ деп санаған... 

1 жүргізуші:Иә, халқымызда  адам баласына тек жақсылық тілеу ертеден қалыптасқан дәстүр. «Жаңбырменен жер көгерер, Батамен ел көгерер»- демекші ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген аталы сөз бар. Ендеше Жантөренің әжесі Санақ анамыз мүшел жастан аман-есен шығып жатқан балаларға ақ жол тілеп, бата берсін деген ниетпен ортаға шақырамыз.

(Бата беріледі, қонақтарға сөз беру)

Хор. «Жаса Қазақстан»

Флешмоб

2 жүргізуші: Құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі «Мерейлі жас – мүшел жас» атты ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті, келіп атсалысқандарыңызға алғысымыз шексіз!

1 жүргізуші: Ал оқушылар, алғашқы мүшел жастарың құтты болсын, ер балалар, енді ер жетіп жігіт болдыңдар, қыздар, бой түзеп бойжеткен болдыңдар, ата-ананың қолғанаты, ұстаздарыңның сырласар досы болатын жасқа жеттіңдер, үміт-сенімімізді ақтайсыңдар деп ойлаймын.

Айналайындар!

Армандарың алдағы

Жетелесін мұратқа.

Лайық болып өсіңдер

Қазақ деген ұлы атқа!

Көңілдерің шалқысын,

Бақытты  өтсін жаз-қысың!

Мәнді ғұмыр кешіңдер,

Көрмей тағдыр талқысын!

2 жүргізуші:

Айналайындар!

Жандарыңда Қыдыр қияласын,

Саналарыңда Періште ұяласын

Алла Бақ берсін, бас берсін,

Салауатты ғұмыр жас берсін!

Құрдасыңа қуаныш болыңдар,

Сырласыңа – сынық болыңдар!

Жылағанға жұбаныш болыңдар,

Туыстарыңа тұнық болыңдар!

Ана алдында аласа болыңдар,

Ар алдында биік болыңдар!



























Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!