15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ашық тәрбие сағаты. Өлең, мен сені аялап өтем!
Тақырыбы: Өлең, мен сені аялап өтем!
Мақсаты:Фариза Оңғарсынованың өмір жолымен, шығармашылығымен қайта таныстыру. Өлеңдерін насихаттау, оны жас ұрпаққа кеңінен таныту. Қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған жырларының идеялық мазмұнын ұғындыру.
Жүргізуші Гульзира Б.: Қайырлы күн құрметті кітапхана қонақтары мен оқырмандар, студенттер! Қазақ поэзиясында ойып тұрып орын алған, барша қазақты өз өлеңімен тамсандырған, сазгерлерге ән салдырған, туралығымен турап түсер мінезі бар, қара домбырада қалықтай күй шертіп қаймана қазақтың қыздары қай жағынан да мықты екенін таныта жүрген, бір қазақтың емес, бар қазақтың қызы атанған Фариза апамыз дүниеден өткенде барша қазақ даласы күңіренді. Фариза апамыз ортамыздан кетсе де, оның өлеңдері халық жүрегінде мәңгі қалмақ.
Жүргізуші Гульзира Б.:
Дәйек сөз:
«Мен Фаризаның махаббат жырларынан бәрімізге ұқсамайтын өзгешелік көремін.Бұл қайсымызды болса да ойландыратын өзгешелік.Адамды шартты түрдегі ережелерге,канондарға,ескірген әдет,дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын,өз сезімін ұрламай,жасырмай,бүкпей сөйлеуін қазақ поэзияныңда батыл жырлаған осы Фариза»
Әбділда Тәжібаев
«Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэмамыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін».
Ғабит Мүсірепов
Фариза Оңғарсынова – азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды,перзент болып тебіреніп,періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған аса сирек лирик.Лириктердің көбіне соның бірі жетсе,бірі жетпейді.Оңғарсынованың махаббат лирикасы-әлемдік интимдік поэзияның өзінде не бір тізгін үзген саңлақтардың өздерінде де ұшыраса қоймаған сирек құбылыс.
Әбіш Кекілбайұлы
Жүргізуші Гульзира Б.:
Далам менің – қазынам, жыр сандығым,
Жыр нәрімен жер балқып, босанды құм.
Сортан жердің тұзы бар тамырымда
Ақшылтымдау сондықтан жусан жырым- деп ақын апа өзі жырлағандай, туған жері туралы мәліметтерді тағы бір еске түсірейік.
Бек:1939 жылдың 5-желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Маңаш ауылында дүниеге келген.
Ақбөбек: 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен.
Бек: 1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып қызмет атқарады.
Ақбөбек: 1968-1970 жж. Республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған.
Бек: 1970-1978 жж. Республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978ж. «Пионер» журналының бас редакторы қызметін атқарған.
Ақбөбек: Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалары шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.
Бек: Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Жүргізуші Гульзира Б.:
Жұрт
мені қатал дейді,
найзағайдай мінезі
шатырлаған,
біреулері айтады акыл
маған:
өркөкірек, тәкаппар,
менменсіген...
ұнатпайды дәл мұндай
ақынды адам
(одан сайын мен шіркін
қатуланам).- деп, қазақ қызының ғана
бойында болатын нәзіктік пен қайсарлықты
қоса тізгіндей білген мінезімен
өзгені қаймықтыра білген ақынның жыр
жазуының өзінде-ақ өзгешелік байқалып
–ақ тұр емес пе?
Ақын
апамызды дүниеге әкелер алдында анасы
керемет түс көрген болатын. Назар
аударайық.
Бек, Алтынай, Қанзия. ШБ-18- 1 тобы.Көрініс
Ақбөбек: Осылай дүние есігін ашқан Фариза Оңғарсынованың жалынды жырлары қазақ көгінде мәңгі қалықтап қалып қойды.
Бек: Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет-шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.
Ақбөбек:Ендеше, ақын өлеңдеріне кезек берейік.
1. Туған жер. Ахметова Алия. ШБ-18-1 тобы
2. Ана махаббаты. Таңбаева Ляззат. ОТБ-18-1 тобы
3. Қасиет көп адамда табынардай. Қарасаева Динара. ДТБ-18-2 тобы
Бек: Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
Ақбөбек:Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Фариза Оңғарсынованың жырларында нанымды, салмақты көрініс тапқан. Олай болса, сөз кезегін студенттерге берейік.
1.Қыз қуу. МБ-181 тобы. Әнебаев Н. және ОТБ-18-1 тобы. Асан Сымбат.
2. Жеңеше. ОТБ-18-1 тобы. Джалмуханова Айгөлек, Исенбаева Ару, Алдабергенова Ақшолпан.
Бек: Фариза Оңғарсынова «Маңғыстау монологтары» өлең топтамалары үшін 1984 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Ақбөбек: Фариза апамыздың соңында уақыттың тозаңы қонбас ғажайып мол мұрасы қалды. Ол-мәңгілік! Жыр дүлдүлінің «Маңғыстау» өлеңін оқуға ортаға студенттерді шақырамыз.
1. Маңғыстау. МДБ-18-1 тобы.Түгелбаева Жадыра
2. Маңғыстау. МДБ-18-1 тобы.Тұрашова Элмира
3. Маңғыстау. МДБ-18-1 тобы.Тулегенова Гүлдана
4. Маңғыстау. МДБ-18-1 тобы. Қазанғап Алтынай
Жүргізуші Гульзира Б.: Ақынды өлтірмейтін жыры болса, ақынның мәңгілік жасауы - жыр қадірін ұғатын ұрпақтың болуында. Фариза апамыздың жырын оқып, өзі де ақын поэзиясынан қуат алып, жыр жазып жүрген жастар да аз емес, қазір де арамызда отыр. Ақынға арнап жыр жазған талантты студентімізді ортаға шақырайық.
1. ДТБ-18-2 тобы.
2. Оқытушы Г.Б.Джакаева
Бек: Ақын-өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы-поэзия.
Ақбөбек:
Көңілді, жайлы күнімді,
Азапты қайғы мұңымды
Өзімменен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О,баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем!-деп толғайды.
Бек: Бүгін кешке қатысып отырған оқырмандарымыз жыр падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған көрмемен танысады.
Кітапхана меңгерушісі көрмемен таныстырады.
Ақбөбек: Фариза апамызға аға ұрпақ ән арнаса, қазіргі жас ұрпақ та ақын апамызға өз әндерін арнады, арналып та жатыр. Сондай әндердің бірі «Фариза апа» әні, сөзін жазған атыраулық жас ақын Бақытгүл Бабаш пен әнін жазған сазгер Роза Әлқожа.
Бек: Бұл әнді Фариза апамыз көзі тірісінде тыңдап, «Мұқағалидың музасы мұңға батыратын еді, мынау бір көңілге жақсы әсер ететіндей ән екен» деп, риза болып, батасын берген екен.
Әні: Роза Әлқожа Сөзі: Бақытгүл Бабаш
Фариза, Фариза апа, Фариза ақын,
Алашқа аңыз, арман, ғазиз атың.
Жасындай жарқыраған жырға айналды,
Бірегей тағдырың мен табиғатың.
Қайырмасы:
Сыр
тұнған жанарыңнан,
Жаныма табамын ән.
Қасиет нұры тамған,
Айналдым қаламыңнан.
Сөзіңнің бәрі де асыл,
Сүйсінер кәрі-жасы.
Жасай бер, қазағымның, Фаризасы!
Шынардай
шыңға біткен қыз-ғұмырың,
Сақтаған инабатын, ізгілігін.
Кештерде бойжеткенге жырыңды оқып,
Бозбала бозаң қырдың үзді гүлін.
Сәулелі сөзіңді айтып, ар атынан,
Шырқадың шартарапқа таратып ән.
Сен жаққан сенім оты сөнбей мәңгі,
Қалықтар
ғасырлардың қанатынан.
«Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы маңғыстау гуманитарлық колледжі» МКҚК
Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған
«Поэзия падишасы» атты әдеби-сазды кеш сценариі
Ұйымдастырған:
ББ-18-1 тобы студенттері
Топ жетекшісі: Г.Г.Кдырова
Өткізілген орны:
Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық
әмбебап кітапханасы
Өткізілген күні: 15 желтоқсан 2018ж.
Ақтау қаласы

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген