жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ашық тәрбие сағаты: "Тәуелсіздік - тұғырым"
Қалалық жас туристер стансасы
«ТӘУЕЛСІЗДІК
- ТҰҒЫРЫМ»
(ашық тәрбие сағаты)
Құрастырған: ҚББП Ә.З.ҮМБЕТИЯР
Ақтөбе – 2019 жыл
«Тәуелсіздік – тұғырым»
Мақсаты:
Білімділік. Еліміздің Тәуелсіздік жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, білім алушыларға «ызғарлы желтоқсан» туралы мәлімет беру, тәуелсіздік туралы өлеңдер үйрету;
Тәрбиелік. Білім алушылардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту, елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу. Білім алушыларға желтоқсан құрбандарымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі етіп көрсету.
Дамытушылық.Білім алушылардың Отан, туған жер туралы ой-өрісін дамыту. Өзіндік көзқарасы бар жеке тұлға қалыптастыру. Білім алушыны сахна мәдениетіне үйрету.
Көрнекілігі: рәміздер суреті, шарлар,ту, слайд,
Тәрбие сағатының барысы:
Жүргізуші: Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар мен білім алушылар! Бүгінгі, 16 желтоқсан еліміздің Тәуелсіздігі күніне орай «Турист-өлкетанушы» үйірмесінің білім алушыларымен өткізгелі тұрған «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Білім алушы:
Қазақстан – ұлан-байтақ кең далам,
Қазақстан – өзіңе арнап ән салам.
Қазақстан – ортақ біздің үйіміз,
Отаным деп бар әлемге жар салам.
Үйірме білім алушылары ортаға шығады
Хор: «Алға, Қазақстан!»
1991 жылдың 16 желтоқсаны – еліміз үшін ерекше күн. Өйткені бұл күні қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет болуын әлемге жария етті. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. 1992 жылы ҚР-ның Мемлекеттік рәміздері белгіленді. Олар – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз. Бұл мемлекеттік рәміздер туған халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған еркіндік пен бостандыққа қол жеткізгенін көрсетеді. Ал 1993 жылғы қаңтардың 28-інде ҚР-ның тұңғыш конституциясы қабылданды. Кейін қайта жаңғыртылып 1995 жылы 30 тамызда жаңа конституция қабылданды. Негізгі заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. 1998 жылы 6 мамырда Президент Ақмола қаласын Астана деп атауға жарлық шығарып, кешегі күнге дейін еліміздің бас қаласы Астана деп аталып келді. Ал өткен жылдан бастап қала атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Тағдырдың талай соқпағынан өткен елімізге бүгінде тәуелсіздік алғанына 28 жыл толып отыр. Ендеше тәуелсіз еліміздің бақытты ұрпағы баршамызға дүбірлі мереке құтты болсын!
Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңін оқитын Ерзақ Нұрталап
Ән: «Тәуелсіз қазақтың қызымын»
Орындайтын: Исенгалиева Жансая
Жүргізуші: Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Ал, 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан оқиғасы халықтың мәңгілік есінде қалып, жадында жаңғырмақ. 16-желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті. Сол себептен де бұл күн тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні болып ел тарихында алтын әріппен жазылды. Сондықтан да Қазақ елінің осындай дәрежеге жетуі үшін өз жанын пида еткен желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алайық.
Желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу.
Жүргізуші: Рахмет!
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда ,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Асау аттай өз тізгінін бермеді.
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.
1986жылы 16-желтоқсанда таңертең, Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жинала бастады. Алаңда «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған», «Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын», «Тәуелсіздік керек»,-деген ұрандар айтылды. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға«Бұзақылар», «Ұлтшылдар», «Нашақорлар»,-деген кінә тағылды.
Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова тағы басқалары сияқты қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп құрбан болды.
Өлең: «Желтоқсанның ызғары»
Оқитын: Танибергенқызы Арайлым
Жүргізуші:
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзда жанған алауы.
Өздеріңдей өр намысты, жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиіс емес жалауы.
Желтоқсан оқиғасы... Осы бір ауыз сөзден әлі күнге дейін ызғар есіп тұрғандай. Оны еске алған сайын арқамызды аяз, маңдайымызды мұз, табанымызды сыз қарығандай күй кешетініміз рас. Өйткені ол күллі әлемді дүр сілкіндірген күн еді. 1986 жылдың желтоқсаны қазақ үшін қасіреттің соңы, бақыттың басы еді...
Бейнежазба «Желтоқсан оқиғасы»
Көрініс.
Сахнада Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге милиционер екі жігіт кіреді.
Милиция: Біз органнан келдік Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!
Жеңгесі: Қайрат, бері кел!
Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі: Ойбай-ау, бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар? Әке- шешесіне не бетімізді айтамыз?
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз.
(Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді)
Жүргізуші: Әділдік үшін күрескен жастардың қаншасы жауапқа тартылды. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер болды. Бұл оқиғаға байланысты 103 адам жауапқа тартылды. 99-ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2401 адам қамауға алынды. 309 студент оқудан шығарылды. Сотталған 99 адамның ішінде 2-еуі өлім жазасына кесілген. Олар: Қайрат Рысқұлбеков және Мырзағали Әбдіқұлов. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.
Көрініс.
Темір тордың ішінде ҚАЙРАТ өлең жазып отыр.
Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда
Сөйлесем дауысым жетпейтік,
Кез болдық мынау заманға
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде камераға кезекші келеді.
Кезекші:Заключенный Рыскулбекова на допрос! (Қайратты алдына салып, тергеу бөлмесіне әкеледі).
Тергеуші: Айыпты Рысқұлбеков. Халық жасақшысы СОВИЦКИЙді өлтірген сен бе?
Қайрат: Жоқ, мен емес.
Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала.
Тергеуші: Сен өлтіргенсің. Мойныңа ал.
Қайрат: Мен өлтірген жоқпын. Өтірік жала жаппаңдар!
Тергеуші: Ей, Рысқұлбеков «Совицкийді өлтірдім» деп мойында, егер мойындасаң әкеңе тиіспейміз, бұл – бір. Сосын әкеңнен 4 мың сом әкеліп менің алақаныма сал, бұл – екі. Әйтпесе әкеңді... Түсіндің бе, мақұлық?!
Қайрат: Жолдас тергеуші! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын. Және де әзер күн көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді. Не үшін ақша төлеуім керек? Менің ешқандай қылмысым жоқ!
Тергеуші: Алып кетіңдер. Бәрібір құтылмайсың, декабрист несчастный!Бұзақы.
(Екі кезекші қайратты сүйреп алып кетеді)
Ән: «Желтоқсанның ерлері»
Орындайтын: Сағынтай Сабина
Көрініс. Сот залы.
Сот: Орындарыңыздан тұрыңыздар! Сот келе жатыр.
Сот: Қылмыскер Қайрат Рысқұлбеков.Сен желтоқсанның 17 - 18 күні алаңға бардың ба?
Қайрат: Иә, бардым . 17 желтоқсан күні.
Сот: Не мақсатпен ?
Қайрат: Ол жерге барған себебім! Біріншіден:ел айтқан, естіген сөздерді өз көзіммен көру үшін бардым.Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып - соғып жатыр деген соң ол жерде қаракөз қарындастарыма қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім рас. Ол үшін өкінбеймін, керісінше, мақтан тұтамын.
Сот: Сен 9 машинаны өртепсің, соны мойындайсың ба ?
Қайрат: Жоқ, ондай жалғандықты мойындамаймын.
Хатшы: Сот кеңесуге кетеді. ( Сәл уақыттан соң) Сот келе жатыр. Тұрыңдар!
Сот: Қазақ Кеңес Совет Республикасының жоғарғы соты үкім етеді. Қылмыскер Қайрат Рысқұлбеков Совицкийдің өліміне байланысты және 9 автомашинаны өртеп, 152 автомашинаны зақымдап, 326 милиционер мен 196 әскерді жаралап, ауруханаға түсуіне қатысты деп тауып, ату жазасына үкім шығарды.
Қайрат: Жоқ, бұл әділдік емес
Апасы: Бұл үкім дұрыс емес.Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков, ақтық сөзің бар ма ?
Қайрат: Бар.
Күнәдан таза басым бар
Қазақ деген атым бар
21-де жасым бар
Қасқамдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар
Алам десең алыңдар
Қайрат деген атым бар
Қазақ деген затым бар
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар
Мен не етермін, не етермін
Мен келмеске кетермін
Көрмеген қош бол таңдарым,
Көре алмай мен өтермін
Хош аман бол артымда,
Ағайын-туыс, азамат,
Артымда қалған ата-анам,
Ел жұртым саған аманат!
Анасы: Шырақтарым кешіріңдер! Ол әлі жас қой! Кешіріңдер, балаларым! Сендердің де балаларың бар шығар? Мен – анамын, ақ жаулығымды сыйлаңдаршы! Оның атынан кешірім сұраймын. Кешіріңдер!
Қайрат:
Көтер ана, көтер ана басыңды.
Өтті,
кетті жауынды күн жасынды
Қазақпыз
ғой мың өліп, мың тірілген,
Мына
иттерге көрсетпе көз жасыңды!
(Қайратты екі милиция алып кетеді, сот
залы босатылады)
Өлең «Тәуелсіздік – тұғырым!»
Оқитын: Сағынтай Сабина
Жүргізуші: «Тәуелсіз Қазақстанның қуатты ел екенін мойындап жатқандардың саны күн сайын артып келеді. Оған дәлел әлемдік деңгейдегі спорттық олимпиадаларда түрлі алып елдердің төрінде көк туымыз желбіреп, әнұранымыздың шырқалуы. Мәдениет саласында да қазақ елінің атын әлемге танытып, алып елдердің сахнасын бағындырып жүрген тәуелсіз елдің баласы, әрі жерлесіміз Димаш Құдайбергеновты айтып өтпесек болмас. Мұндай сәтті ешқандай да ақшаға сатып ала алмайсың! Осындай ерлеріміздің арқасында Қазақстан егеменді ел болып, дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз Егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті Тарту етті. Енді біздің парызымыз–ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.
«Қазақ» биі
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар және білім алушылар! Сіздерді тағы да тәуелсіздігіміздің торқалы тойымен құттықтай отырып, мемлекетімізге жарқын болашақ, ұрпағымызға саулық тілейміз. Айымыз оңымызға тусын деген ниетпен бүгінгі «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Барлығы хормен: «Жайна мәңгі – Тәуелсіз Қазақстан!»
(шар ұшыру)

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген