«Атау керені» оқығаннан
кейінгі ой
Білім-инновация лицейі
оқытушылырының ата-аналармен тығыз байланыс орнатуда тапқан әдемі
әдістерінің бірі - рухани азық болар дәстүрге айналдырған түрлі
сайыстардың жиі өтуі. Мысалы ата-аналар арасында өткізілетін кітап
оқырмандар сайысы. Өткен жылы Тасмағамбеткеліні Ділда апамыздың
«Айналайындарым менің» кітабын оқудан болған жарыста бас жүлдені
жеңіп алып, немерем Али Аружан оқитын 9 «а» сыныбының абыройын
аспандатқандай болдым. Ал биылғы тапсырыста - жазушы Оралхан
Бөкейдің «Атау кересі». Шынын айтсам, осы шығарманың аты түрпідей
естілетіндіктен оқуға құлшынысым жоқ еді, амал жоқ оқыдым, оқыдым
да ойға қалдым, барлық қазақ оқыса ғой деп армандап, ұйқыдан маза
кетті. Шығармада саусақпен санап алар 3-4 кейіпкер, бірақ сол
жандардың бүгінгі бізге айтары, жазушының соңғы жан айқайындай
естіледі, жаныңды түршіктіреді. Бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан
тоғышар, иманы аз, өзінің бүгінін ғана ойлайтын, мейірімсіз Еріктер
тобының өмірге келетінін жазушы 25-30 жыл бұрын қалай болжаған
десеңізші, оның себебін де Таған образы арқылы бейнелегендей.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы алдында жылдар бойы санасында
сарғайған ойларын төгуге асыққан қаламгер ең болмаса айқайлап айтып
кетейін, естір құлақ табылса, естір, керек қылмаса өз сөзім
өзімдікі дейтіндей. Құлағы бар-керең, көзі бар-соқырларды көргенде
шаршаған да болар Қазір саусағын қимылдатудан арыға бармайтын,
кітап оқуды ойға да алмайтын, сөздің төркінін арзанға бағалайтын,
бағалайтын деймін-ау, естімейтін, естуге қабілетсіз, тіпті газет те
оқымайтын тоңмойындардан Еріктерді көру қиын емес, іздеудің де
керегі жоқ. Осы мақаланы жазуыма түрткі болған да солар. Жарысқа
қатысқан бір жас келіншек «Атау керені» оқып, шығарманың идеясын
емес, шығарма атауын тура мағанасында түсініп, мұрнын шүйіргені,
бұндай дүниені жазуға оның да қауқары бар
сияқты.
Жазушының ұлттың барымен,
жетістігімен мақтану ұлтжандылық емес, ұлттық кемшіліктермен күресу
ғана ұлтжандылық деген ескертуін ескерере отырып, аз да болса өз
үлесімді қосу мақсатында «Ұлағат» колледжінің оқытушысы Рахияға осы
кітапты оқуын және балаларға да оқытуын өтіндім. Ой жұтаңданып,
тоқырауға ұшыраған заманда менің бұл әрекетім қарлығаштың қанатымен
су сепкендей болса да әрекетсіз қалуды жөн көрмедім. Мүмкін
оптимист жазушының ойлағаны болып, еріктер келмеске осы толқынмен
кетер, алда жаңа тағандар дәуірі басталар, ойсыз жүрген айналарға
ой түсер, лайым солай болғай!