Қазақстанда қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беруде
«академияландыру» және
«мектептендіру»
үрдістері айқын байқалады. 2012 жылы қабылданған мектепке дейінгі
тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандартында сабақтар, олардың
реттілігі мен ұзақтығы қатаң белгіленген. Кез келген балабақшаға
барсаңыз, ғимараттың жартысын парталар мен орындықтар алып тұрғанын
көруге болады. Әрбір сыныпта тақта бар, санитарлық нормалар мен
ережелерде бұл парталарды мектептегідей тақтаға қаратып орналастыру
қарастырылған. Мұндай көзқарас баланың даму ерекшеліктерін, оның
қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін терең түсінбеуді көрсетеді.
Балалар ойын арқылы
дамиды: олар өзі үшін жаңа нәрсені тәжірибе жасау арқылы, ойын
арқылы қоршаған дүниені өздігімен зерттеу арқылы
ашады.
«Бала
үні» теориясын белсенді жақтаушылардың бірі Джин Раддок балалармен
қарым-қатынастың мақсаты білім мен оқытудың мәнін оны қабылдау
тұрғысынан түсіну және жекелеген балалар мен топтарды оқытуды
жетілдіру жолдарын іздестіру деп санайды (Rudduck & Flutter, 2004).
Балаларға өз ойын ашық айтуға мүмкіндік берілуі тиіс, бұл олардың
есею және білімін жетілдіру жолында аса маңызды.
Мектеп жасына дейінгі баланың ой-пікірін қалай білуге болады?
Бұл мынадай түрде болуы
мүмкін:
-
мұқият ойланып, содан кейін ғана жауап беруді қажет ететін сұрақтар арқылы;
-
ересектер таптаурын болған сөздермен емес, мұқият
ойластырылған жауап алу үшін әртүрлі түрлендіруге болатындай құрастырған сұрақтарға жауап беру арқылы,
-
балалардың өз ой-түсініктерін сызбалар, сурет нобайлары түрінде бейнелеп, айналасындағы кеңістік туралы, белгілі бір
проблема туралы өз идеяларын сипаттауға тырысатын суреттері арқылы. Бұл жерде
ересектердің міндеті – суреттерге мұқият көңіл бөліп, баланың ой-пікірін тыңдау, ол өз
ойын айту арқылы өзінің түсінігін немесе қалауын білдіреді;
-
баланың
жан-дүниесі туралы және қоршаған әлем туралы түсінігін
бейнелейтін әңгімелер арқылы;
-
баланың
нені білетінін, қалай түсінетінін, көңіл күйі мен жетістіктерін
бейнелеуге мүмкіндік
беретін ойындар арқылы.
«Бала үнін» не
үшін
есту қажет?
-
Бала ересектердің өзін тұлға ретінде сыйлайтынын сезінуі және түсінуі қажет. Бұл үшін төмендегілер аса маңызды:
-
ересектер баланың сұрағына жауап берерде сәл кідіріс жасап, ойланып жауап бергені жөн;
-
баланың қойған сұрағына орай қарсы сұрақтарды дер кезінде дұрыс қоя білу керек;
-
баланың көңіл күйін, салған суретін, ертеңгілікте өнер көрсетуін, тамағын, ұйқысын және т.б. баламен бірге талдау;
-
балаға дұрыс қолдау көрсете білу керек, мысалы, «жарайсың, мұның қызық болды»;
-
белгілі бір шешімді таңдау немесе қабылдау үшін балама шешімдер ұсына білу және т.б.
Мектепке дейінгі білім беру бойынша әлемдегі жетекші мамандардың
бірі Тони Бертрамның пікірінше, «Бала үнін» ескеру балалардың
келешекте демократиялық әлемнің толыққанды азаматтары болып
қалыптасуы үшін ғана емес, балалар қазірдің өзінде қоғам азаматтары
ретінде өз ойын еркін айту құқығын бала кезден пайдалана білуге
дағдылануы үшін қажет.
-
Бала
өзінің тұлға екенін түсінуі және одан әрі дамуға ұмтылуы керек.
Мысалы, өздерінің әртүрлі жұмыстары, альбомдары, суреттері мен ойыншықтары қамтылған
«сөйлейтін
қабырғалар» түрінде.
-
Балалардың бойында қазіргі әлемде қажет болатын шығармашылық қиялды, креативтілікті дамыту қажет, көп жағдайда ересектер (оның ішінде педагогтер) бұл қасиеттерді жоғалтып алған. Балалардың бойында бұл дағдыларды дамыту
үшін арнайы жазбалар
жүргізуге, балалардың қойған сұрақтары мен қызықты жауаптарының,
айрықша ой-пікірлерінің конспектілерін жасауға, оларды
мүмкіндіктері мен қажеттіліктері әртүрлі балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қолдануға болады.
Ойын баланың
үйлесімді дамуы үшін аса маңызды болғандықтан, Біріккен Ұлттар
Ұйымы оны әрбір баланың негізгі құқығы ретінде
мойындады.
Балалар ойын арқылы үйренеді. Адам дүниеге келген сәттен
бастап үйрене бастайды, дегенмен креативтілік, сыни ойлау,
ынтымақтастық және проблемаларды шешу сияқты жоғары деңгейлі
дағдыларды қалай дамытуға болады деген сұрақ туындауы мүмкін. Көп
жағдайда назардан тыс қалатын тәсілдердің бірі ойын болып
табылады.
Баланы ерте жастан бастап өз бетінше білім алуға,
үйренгенін қолдана білуге дағдыландыру аса маңызды. Педагогтің
білімді өз бетінше, шығармашылықпен үйрену процесін дұрыс және
тиімді ұйымдастыруы маңызды болып табылады. Л.Выготский сонымен
қатар «мектепке дейінгі балалық шақты ерекше ұйымдастырудың»
маңыздылығын атап көрсеткен. Д.Эльконин және Л.Выготский оқу
процесінің ерекшелігін – оның сабақтастығы мен үздіксіздігін сақтай
отырып, ойын арқылы оқытуды ұйымдастыру қажеттігіне назар аударған.
Ойын мектепке дейінгі ұйымда оқытудың негізгі түрі ретінде баланы
дамыту тұрғысынан қажеттілігіне орай құрылымдалған, еркін және
педагогтің жетекшілігімен жүргізілетін ойын болуы мүмкін. Ойынды
ойын-сауық ретінде қарастырып, іс-әрекетті таңдауды балалардың өз
еркіне қалдыруға болмайды. Кез келген ойын мектепте, балалар
мекемесінен тыс жерде және келешекте білім алуда пайдалы болатын
нақты дағдыларды дамытуға бағытталуы керек. Сондықтан мұғалімдер
ойын түрлерін, оның ішінде еркін ойынды таңдауға ерекше көңіл бөлуі
керек, өйткені ойын барысында бала өзіне қажетті құзіреттіліктерді
қалыптастырады немесе келешекте оқуда және өмірде қажет болатын
дағдыларды меңгереді. Балаларды оқытуда ойынға ұқсатып еліктеу
емес, ойынның өзі қолданылғаны
дұрыс.
Дегенмен бала қоршаған ортаға әзірге белсенді араласа
алмайтындықтан, өзіне жақсы таныс және өзінің санасында елеулі із
қалдырған адамдарға еліктейді, сондықтан ойын олардың негізгі
әрекеті болып табылады. Ойын ойнау барысында балалар ересектердің
өзі байқаған іс-әрекеттерін және қарым-қатынастарын бейнелейді.
Бала анасының, әкесінің, ғарышкердің, мұғалімнің, дәрігердің
образын таңдай отырып, олардың іс-әрекеттерін өзінше қайталайды.
Ойынның қиялдан туған жоспары аса маңызды, өйткені ол болмаса ойын
жүзеге аспайды. Ойындағы өмір қойылым түрінде жүзеге асырылады, ол
эмоцияларға толы болады және бала үшін оның шынайы өміріне
айналады. Д.Элькониннің тұжырымдауы бойынша, «Мектепке дейінгі
жаста аффект белгілі бір заттан адамға ауысады, осыған орай ересек
адам және оның іс-әрекеті балаға тек объективті ғана емес, сонымен
қатар субъективті түрде үлгі болады» (Элконин Д.Б. Ойын
психологиясы. М.,
1999).