жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Балабақша-бақыт баспалдағы
Балабақша-бақыт баспалдағы.
Балабақша........міне, тағы бір күн жұмысым уақытым басталды. Бүгін әдеттегідей сағат 730да келдім. Мен шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласы, Қарабұлақ ауылындағы «Абай» орта мектебі жанындағы «Балбөбек» шағын орталығының «Балапан» орта тобында тәрбиеші болып қызмет атқарамын. Бұл жерде қаладағы үлкен балабақшалар сияқты емес таңертең есікті өзіміз ашамыз. Мынау менің балабақшам... Есікті ашып, таңертеңгі қабылдауға дайындала бастадым. Біраз уақыт өткеннен кейін, таңертеңгілік қызу қабылдауым да басталды. Әр күні олардың сүйкімді жүздерін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.
Мен тәрбиешімін... Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар...
Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, балабақшада бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едім. Өйткені егінші көктемде алдағы жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал құс көктемде ұя салып, күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады да нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал тәрбиеші ше? Күздің қоңыраулатқан күніне де, қыстың қаһарына да, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге құстарын баптайды. Бір қарағанда, тәрбиеші тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса - міне, нәтиже.
Мен тәрбиеші болып жұмыс жасайтыныма еш өкінген емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын.
Тәрбиеші болып жұмыс
атқарғаныма 3 жылдан аса уақыт болды. Күнде ертеңгісін балабақшада
жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған
тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін
естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Менің ұғымымда,
алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол
зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын
ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу
– біздердің, тәрбиешілердің бұлжытпас борышымыз. Бала тәрбиесі,
оның ішінде балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе.«Адамды
тәрбиелеу - демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын
тәрбиелеу». А. С. Макаренко. Сондықтан біз балаларымыздың
болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз.
Абай атамыз қазақ баласының бойында: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
жылы жүрек» болуы керек деп атап көрсеткендей, өмір сүрудің басты
заңдылығы болса, осы үш асыл қасиетті шәкірттердің бойына сіңіре
білу – тәрбиешінің міндеті екені даусыз. Яғни, «ыстық қайрат
дегеніміз – спортқа баулу, нұрлы ақыл дегеніміз – санасына білім
нәрін құя білу, ал жылы жүрек дегеніміз – эстетикалық, адамгершілік
тәрбие беру» – деп түсінемін.
Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі – тәрбиеші деген кім?
Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру - менің жұмысымның мәні.
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы - әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.
Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Ал, үйіңде дәл балабақшадағы бүлдіршіндерің сияқты сары ауыз балапандарың алдыңнан шыққанда, бәрін ұмытып, басқа әлемге келгендей боласың. Ия, мен-анамын. Мен-тәрбиешімін.
Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне" бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім.
Абай атамыз айтқандай: «бала тәрбиесіне 3 жақ әсер етеді, ата - анасы, ұстазы, және жүрген ортасы. Қайсысының ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады» деген. Бірақ мен баланы ма,ан ұқсатып емес, баланы өзіне ұқсатып тәрбиелеп шыққым келеді. Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы балабақшамыздың балаларына арналғандай.
Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл - күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс - әрекеттеріне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.
Тәрбиешінің әрбір өткізген іс-әрекеті баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артатыны сөзсіз деп білемін. Әрине әрбір оқу іс - әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін.
Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілер айтып, тақпақтар жаттатқызып отырамын.
Балалардың ата-аналарымен үнемі байланыста болып, оларды келешекте болатын түрлі шараларға белсене қатыстырып отырамын.
Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның, тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Тәрбиешінің жұмысын дәрігермен салыстырамын. Емші адам бойындағы ауру-сырқатпен алысса, тәрбиеші оның ойындағы надандықпен күреседі.
Балалар - өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.
2 жастан бастап балабақша есігін ашқан баланың зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.
Қорытындылай келе, «Білерім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар алар белестерім, шығар биіктерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. «Балабақша-бақыт баспалдағы»,- деген, ол, өз ісіне мығым, аса сақ, әр нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын –тәрбиеші, білімді ұрпақт, абыройлы еңбекте дер едім. «Шәкіртсіз - ұстаз тұл» - демекші, балаларым бар да, мен де бармын. Міне, осылар балабақшаның бақытты баспалдақтары!
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген