БАЛАБАҚША – БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ
ОРДАСЫ
Біздің басты міндетіміз –
балаға
бақыт сыйлай жүріп
оқыту.
А.Е.Аронович
Балабақша – тамырын тереңге
жаймаған жас өскіннің алып бәйтерек болып өсуі жолында үлкен өмірге
аттаған алғашқы қадамы. Балабақша арқылы баланың тұлға ретіндегі
іргетасы қаланып, ол өзін қоршаған айналаны танып, біле бастайды.
Ал балабақшада берілетін тәрбие бар тәрбиенің бастамасы, түп тамыры
саналады. Сол себепті кез келген баланың өмірінде балабақшаның
алатын орны ерекше. Балабақшаның жаны да, жүрегі де – тәрбиеші. Ол
енді-енді жетіліп келе жатқан жас ұрпақты тура жолға бағыттайтын,
оның бойына алғашқы адами құндылықтарды дарытып, дамып, жетілуіне
септігін тигізетін ізгі тұлға.
Менің тәрбиеші мамандығының
қыр-сырын игеріп, бала тәрбиесімен айналысып жүргеніме екі жылдан
аса уақыт болды. Сол уақыттан бері алдыма келген әр бүлдіршіннің
өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, ата-ананың арқалатқан сенімін
ақтауға бар күшім бен қабілетімді жұмсап келемін. Бір түсінгенім,
балабақша – әр қабырғасы балдырғандардың шат-шадыман күлкісіне
тұнған бақыт пен қуаныш кеніші, өмірге енді аяқ басқан бала
көңілінің құлпын ашып, оның тұлға боп қалыптасуына айтарлықтай
үлесін қосатын жылы ұя. Сонымен қатар, балабақша тек қана ойын
ойнап, тәрбие беретін жер емес, ол бүлдіршіндердің білім теңізіне
сүңгуіне мүмкіндік беретін дамытушы орта.
Ата-анасына еркелеп жүрген
ойын баласы тұңғыш рет балабақша арқылы тәртіпті, оқу-білімді,
өнердің сан алуан түрін игереді, жеке қабілеттерін шыңдайды. Сол
арқылы баланың жеке құндылықтары, өзіндік көзқарасы, таным көкжиегі
қалыптасады. Мәселен, қарапайым математикалық ұғымдар баланың оңы
мен солын танып, үлкен мен кішіні, ұзын мен қысқаны айыра білуіне
жағдай жасаса, ертегілер мен тіл дамытушы әдістер, түрлі қойылымдар
ой-санасының, қиялының жетілуіне жәрдемдеседі, сурет салып, ән
айтып, би билеу, мүсіндеу арқылы бала шығармашылық қабілеттерін
дамытады, ал балабақшаның күнделікті күн тәртібі балаларды
салауатты өмір салтына жетелейді.
Баланы оқытып, тәртіпке
баулу бір бөлек, болашағына қажетті құндылықтарды дарыту басқа
нәрсе. Біздің міндетіміз – балалардың нәзік жүрегі мен таза көңілін
лайлап алмау. Сол себепті балабақша балаға қандай да бір нәрсені
бақыт пен шаттық құшағында үйренуіне мүмкіндік беретінімен
ерекшеленеді.