Сүйікті ұстазым пән
мұғалімі
Байбосынова Нағима
Оналбаевнаға арнадым.
«Болашақ» мектеп-гимназиясының
оқушысы Көбеева Айгерім.
Әркім «Бақыт» дегенді әр
түрлі түсінеді. «Бақыт» деген не?
(Эссе)
«Бақыт» деген сөз туралы
ойлана келе, айналамдағы жақындарымнан сұрадым. Анам бақыттың
бала-шаға, тату-тәтті отбасы екендігін айтса, ал жеңгем мен ағам
балалардың амандығы, өмірде тарықпай, ойлаған ісіңнің болғандығы
деп жауап берді. Демек, «Бақыт» деген әркімнің ойында әр түрлі
түсінікте екен. Бақытты біреу байлықтан іздесе, екіншісі отбасынан
іздейді. Ендеше «Бақыт» деген не?
«Бақыт» сөзін естігенде ақиық
ақын М.Мақатаевтың: «Бақыт деген – сенің бала күндерің, Бақытсыз-ақ
бақытты боп жүргенің...»,- деген жолдар ойыма келе береді. Бақытты
өмір өзіңді қоршаған адамдарға қажеттілігің деп ойлаймын.
«Басқаларды бақытты етуге тырыса отырып, өз бақытымызды да
табамыз»,- деп Платон айтқандай айналаңды жылы шуаққа бөлеп,
өзгеледі бақытқа бөлеу адамға жанашырлық танытуды бақыт деп
ойлаймын. Қартайған ата-анаңның көңілін аулау мен мұқтаж адамдарға
қолұшын беру, қуанышқа ортақтасып, қайғыны бөлісу- бұл да
бақыт.
Өмір атты үлкен жолда бақыт
дегеніміз – ол бір сәттік дүние. Дана халқымыз «Бақыт шыбын сияқты-
бірде гүлге қонса, бірде көнге қонады» демекші «бақыттымын деп
ойлау» бұл тұрақты дүние емес. Ол өмір бойы сізбен бірге жүрмеуі де
мүмкін. Балаңызға жаңа ойыншық сатып берген сәтті еске алайықшы.
Алғашқыда бала жаңа ойыншыққа қуанып, қолындағы нәрсегенің бар
болғаны үшін өзін бақытты сезінеді. Бірақ біршама уақыт өткен соң,
ол туралы ұмытып, жаңа ойыншықты қалап тұрады. Көпшілік бұл оймен
келісер, келіспес, жаңа затты иелену немесе ойындағы нәрсенің
орындалуы – бұл ұзақ уақытқа созылмайтын бақыт сезімі. Және ол
сезім тез ұмытылуы да мүмкін. Мұндай бақыт түрі көбіне біздің өткен
шағымызда болғандықтан, дәл қазіргі сәтте бақытты болуға
көмектеспейді. Онда біз үнемі бақытты болу үшін не істеуіміз керек?
Меніңше, бақытты болудың екі түрлі жолы бар. Бірі-адамның жан
дүниесінің рухани сұлулығы. Өмірде жаны жайсаң ондай адамдар жақсы
ой мен жанның тазалығын өзіне серік етіп, игі істердің жанынан
табылады.Екінші, өмірдің қайталанбас сәттерінен ләззат алу, қолмен
ұстап, көзбен көру емес, жандүниеңмен жақсылықты сезіну. Мәселен,
терезеден қараңыз, қоршаған әлемнің сұлулығын көрдіңіз бе? Жаздың
ашық көк аспаны, ағаш жапырақтарының сыбдыры, жауын тамшылары – осы
бір табиғаттың сән-салтанатынан шын мәнінде сіз өзіңізді бақытты
әрі қуанышты адам ретінде сезінетін боласыз.Сол себепті өмірдің әр
сәтін бағалаңыз, қадірлеңіз.
«Бақытты тапқыңыз келсе,
өзгелердің сізді мойындауы туралы ойламаңыз. Қуанышты өз ішіңізден
табуға тырысыңыз. Өз-өзіңізбен бақытты болыңыз» деген Д.Корнегид
сөзінің дәлдігін өмірдің өзі мойындатады. Иә, адам өмірде бақытты
бола алады, тек ол әр адамның өз қолында.