Дәріс 1. Педагогиканың ғылым екендігі және оның негізгі ұғымдары жөнінде түсінік
Жоспар;
1. Тәрбие туралы жалпы түсінік
2. Педагогиканың негізгі ұғымдары
Қазір жерде тіршіліктің сақталуы бүкіл адамзаттың қажеттілігіне айналып отыр. Бұл қажеттілік – адамзат қоғамы дамуының қозғаушы күші. Адамзат қоғамының дамуы үшін қоғамның өзі адамдардың кейінгі ұрпақтарына әлеуметтік тәжірибені беруді жүзеге асыру керек. Қоғамдағы өмір мен еңбек үшін қажетті аға ұрпақтардың әлеуметтік тәжірибені жас ұрпаққа беруін және жас ұрпақтың оны пәрменді меңгеруін тәрбие деп атайды. Тәрбиенің бұл анық-тамасындағы әлеуметтік тәжірибені беру тәрбиеленушінің санасына оны тек ауыстыра салу емес екендігін түсінгендігіміз жөн. Ол – адамдардың қабылданатын тәжірибені пәрменді меңгеруінсіз, олардың қоршаған ортаны түрлендірудегі жасампаз іс-әрекетінсіз жүзеге аспайтын күрделі құбылыстың барысы. Адамдар әр түрлі жағдайлар мен тәрбиенің нәтижесі бола отырып, бұл жағдайларды өзгертуге олар өздері қатынасатыны белгілі.
Адамның қоршаған ортаны түрлендіре отырып, өзін-өзі түрлендіреді деген қағиданың айрықша мәні бар. Бұл қағида жоғарыдағы тәрбие анықтамасының мәнін жоққа шығармайды, себебі қоршаған ортаны түрлендірудің барысын адамзаттың қолымен жасағанын, бәрін мағыналы ұғынусыз мүмкін емес.
Тәрбие мәңгілік болып табылады. Ол адамзат қоғамының пайда болуымен қатар жарық көрді және оның дамуының барлық кезеңдерінде өмір сүреді. Ата-аналар балаларға, ересектер кішілерге, тәжірибелілер тәжірибесі аздарға өз тәжірибесін береді. Бұл кезде тәрбиеленушілер іс-әрекетке, қарым-қатынасқа белсенді қатынасады, өз санасын өздері байытады. Іс-әрекет, еңбек, тәртіп, өздерін қоршағандармен қарым-қатынас, табиғатпен өзара әрекет нәти-жесінде адамдар қоғамдық нақты өмір салтын қабылдайды.
Көп ғасырлар бойына тәрбие барысы адамзат тіршілігінің табиғи жайы ретінде жүріп, арнайы зерттелген жоқ. Кейін келе қоғамдық сананың түрлерін, әлем және ондағы адамның орны жөніндегі жалпы түсініктерді талдаған ғалым философтардың ойында тәрбие барысы тұрақты орын тепті.
Тәрбиеге ғылыми көзқарас Сократ, Демокрит, Платон, Аристотель, Квинтилинан сияқты белгілі философтардың еңбек-терінде қалыптасты.
Ежелгі Грецияда пайда болған педагогика деген атаудың қазақша мағынасы баланы жетектеу болып табылады. Кейінірек ақылшы ұстазды, баланы тәрбиелейтін және оқытатын адамды педагог деп атайды.
Педагогиканың тану саласы – қоғамның ерекше қызметі ретіндегі адам тәрбиесі. Көп жылдар бойына ұйымдастырылған тәрбие мен тек балалар қамтылды, сондықтан педагогиканы бала тәрбиесі туралы ғылым деп келді. Қазіргі кезеңде білім беру мен тәрбиелеу жүйесі барлық адамдарды қамтитын болғандықтан, педагогика адам дамуының жас кезеңдерінің барлығындағы оның тәрбиесі туралы ғылым болып табылады. Үздіксіз білім беру жүйесін құру және нығайту кезеңінде бұл тұжырым көкейкесті мәселе болып отыр.
Педагогиканы ғылым ретінде оқып үйренуде оның негізгі ұғымдарының мағынасын терең ұғынудың мәні зор. Педагогиканың негізгі ұғымдарының қатарына дамыту, білім беру, оқу, оқыту, тәрбиелеу жатады.
Адамды дамыту деп ішкі және сыртқы, басқарылатын және басқарылмайтын, әлеуметтік және табиғи факторлар ықпалымен оның тұлғасының бірте-бірте қалыптасуының барысын атаймыз. Адам тұлғасының психикалық, күш-қуаттық және жалпы дамуын бөліп қарау керек. Психикалық деп адам тұлғасының зиялылығының, көңіл-күй сезімдерінің, еркінің қажеттіктерінің, қабілеттерінің дамуын түсінеміз. Күш-қуаттың дамуы дене мүшелерінің, бұлшық еттерінің, буын қимылдарының дамуы болып табылады. Жалпы дамуды психикалық, күш-қуаттық, құлықтық және адам тұлғасының басқа да сапаларының дамуы деп ұғынуымыз керек.
Білім беру – оқушылардың ғылыми білімдер, танымдық біліктер мен дағдылар жүйесін меңгеруінің, осылардың негізінде дүниеге көзқарасының, құлқынның және адам тұлғасының басқа да сапаларының қалыптасуының, жасампаз күштері мен қабілеттерінің барысы және нәтижесі. Білім беруді жүзеге асырудағы жетекші күш – жүйелі оқыту.
Оқыту – адамның білім алуы жүзеге асырылатын, мұғалім мен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекетінің барысы.
Арнайы педагогикалық мағынада тәрбиелеу – қоғамда тұлғаның, оның қатынастарының, өзіне тән белгілерінің, сапаларының, көзқарастарының, сенімдерінің, тәртіп тәсілдерінің дамуы мақсатына бағытталған ықпал барысы және нәтижесі.
Кең мағынада тәрбиелеу – мақсатқа бағытталған оқытудың және тәрбиелеудің әсерімен адам тұлғасы дамуының барысы және нәтижесі.
Тұлғаны қалыптастыру – орта, тұқым қуалау және тәрбиенің ықпалымен адам тұлғасының даму барысы және нәтижесі.
Жоғарыда келтірілген педагогиканың негізгі ұғымдарының анықтамаларынан олардың өзара өте терең байланыста екенін және іштей жанасқанын көреміз. Оларға сипаттама бергенде әрқайсысына тән басты қызметін көре біліп, сол арқылы екіншісін ажырату керек.
Педагогика ғылым ретінде бірқатар ғылыми салаларға бөлінеді. Олар: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім беру, негізгі жалпы білім беру, жалпы орта білім беру педагогикасы, техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі кәсіптік білм беру, жоғары білім беру педагогикасы, үздіксіз білім беру педагогикасы, оқу пәндерінің әдістемесі.
Осымен бірге педагогика ғылымы құрылымына көзі көрмейтін /тифлопедагогика/, саңырау және нашар еститін /сурдопедагогика/, ақыл-есі кеміс /олигрофенопедагогика/ балаларды тәрбиелеу мәселелерін зерттейтін арнайы педагогика саласы да енеді.
Педагогика салаларының жиынтығы педагогикалық ғылымның біртұтас жүйесін құрайды.
Педагогика өзінің дамуында философия, этика, социология, психология, мектеп гигиенасымен тығыз байланыста болады және олардың заңдылықтары мен нұсқамаларына сүйенеді.
Дәріс 2. Педагогиканың әдіснамалық негіздері, тәрбие мақсаты және тұлғаны дамытатын факторлар жөніндегі ілім
Жоспар;
1. Педагогика әдіснамасы туралы жалпы түсінік
2. Педагогиканы зерттеу әдістері
Ғылымның әдіснамасы дегеніміз ғылыми танымның құрылу принциптері, түрлері мен тәсілдері туралы ілім. Педагогикалық зерттеулерге, олардың жалпы мақсатқа жету жолына /стратегиясына/, зерттеу әдістерін таңдап алуға және оның нәтижелерін жалпылауға /интерперетациялауға/ әдіснамалық тұрғы-дан қарауды материалистік диалектика, бейнелеу және таным теориясы анықтайды.
Педагогиканың ғылыми диалектикалық материалистік әдіснамасы ғалымдардың еңбектерінде қалыптасты. Олар тәрбиенің қоғамдық болмыс сипатына, қоғамдағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына, оның түрлеріне тікелей тәуелділігін көрсетті, тәрбиені мақсаты мен принциптерін тұжырымдады.
Диалектикалық-материалистік тұрғыдан қарау педагогикалық іс-әрекет барысын және құбылыстарын жан-жақты зерттеуді, осы екеуінің арасындағы ішкі және сыртқы өзара байланысының сипатын ашуды, бұларды қозғалыс, өзгеріс күйінде қарауды, олардағы сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге көшуін көре білуді, ішкі қарама-қайшылықтарды, қарама-қайшылықтардың бірлігін, осының негізінде зерттелетін құбылыстар мен іс-әрекеттер барысының қозғаушы күштерін ашуды, танымда бекерге шығаруды бекерге шығару заңын басшылыққа алуды, тәжірибе таным бұлағы және теорияның ақиқаттылығының көрсеткіші болғандықтан зерттелуші құбылыс-тардың теориясы мен тәжірибесін бірлікте талдауды талап етеді. Дидактикалық-материалистік әдіснама логикалықтың және тарихилықтың бірлігі принципімен қаруландырады.
Тарихилық принципіне сүйену – зерттелетін құбылыстың пайда болу тарихын, оған тән қарама-қайшылықтарды, даму бағыттарын көруге, оның онан әрі даму бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Тарихи тұрғыдан қарауды логикалық талдаумен бекіту зерттелетін құбылстардың мәніне, олардың заңдылықтарына тереңірек енуге жол ашады. Біздің қоғамымыздағы мұғалім ролі айрықша белгіленеді. Қоғамның мақсат-мүдделерін көздеген тәрбие, білім беру дамудың ұзақ тарихи жолынан өтті.
Қазір планетамыздағы азамат қоғамның даму барысы педагогикалық көкейтесті мәселелерді жеке қоғам мақсатын есте ұстай отырып, бүкіл адамзаттық мақсат, мұрат, мүдделер тұрғысынан қарауды талап етеді. Мұның өзі педагогика теориясы мен тәжірибесін дамытудың жаңа деңгейі тұрғысынан қайта құру міндетін алға қойып отыр.
Педагогика тәрбиені мақсаты нақты тарихи сипатта болады деген қағиданы басшылыққа алады. Тәрбиені мақсаты әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруімен ұдайы дамып отырады.
Алғашқы қауымдық қоғамда тәрбие баршаға ортақ, өмірдегі қарым-қатынас барысында жүзеге асырылды. Құлдық қоғам тәрбие мақсаты таптық сипат алды. Құл иеленушілер балалары өмірде үстемдік етуге, құлдардың балалары өз иелеріне қызмет ету еңбегінде иесінің еркіне мойын ұсынуға дайындалды. Феодалдық қоғамда да тәрбие таптық сипатта болды. Феодалдар теологияны /діни білім алу/ біліп, белгілі бір ғылыми білім алды. Олардың қызметшілері дін алдындағы үрей негізінде тәрбиеленіп, оларға білім алу мүмкіндігі берілмеді. Әлеуметтік-экономикалық формацияның буржуазиялық саты-сында тәрбие мақсатын анықтауға түрлі ағымдар үлкен ықпал жасады /қайта өрлеу дәуірі, социал-утопистер, революционер-демократтар, т. т. /
Қорыта айтқанда, адам дамуының шексіз мүмкіндігі, адам тұлғасының үйлесімді дамуы, жан-жақты болып қалыптасуы, оған жетудің жолдары жөніндегі ой-пікірлер кең етек жайды. Тәрбиенің мақсаты – қоғамның барлық мүшелерінің еркін жан-жақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Қоғамның әрбір әлеуметтік-экономикалық даму кезеңінде адамды жан-жақты қалыптастырудың нақты міндеттері анықталды. Алға қойған мақсат, айқындалған міндеттерге тәуелсіз адамның жан-жақты дамуына ықпал жасайтын факторлар бар. Олар: тұқым қуалау, орта және тәрбие. Бұл үш фактордың арақатынасы диалектикалық тұрғыда қаралды.
Тұқым қуалаудың ата-аналардан балаларға берілетін адамның генетикалық бағдарламасында болатын ерекшеліктер екендігі белгілі. Бұлар адам бітімінің анатомиялық және физиологиялық құрылымы, терісінің, көзінің, шашының түсі, дене құрылысы, нерв жүйесінің ерекшеліктері, сонымен қатар сөйлеу, ойлау нышандары және т.б. болып табылады.
Балалардың тұқым қуалауына ата-аналарының психикалық денсаулығы мен өмір салттары да елеулі әсер етеді. Мысалы, балалардың ақыл-ой қабілетіне ата-аналардың маскүнемдігі, нашақорлығы айрықша теріс ықпал жасайды. Адам тікелей табиғи тірі тіршілік иесі, оған табиғи және өміршең күштер берілген. Ол іс-әрекетті табиғи тіршілік иесі болғандықтан, бұл күштер оның бойында нышандар мен қабілеттер, еліктеулер түрінде өмір сүрді.
Адам тұлғасының дамуына әлеуметтік орта, экономикалық және саяси жағдайлар, өмір салты, мемлекеттік құрылыс, өндірістік және қоғамдық қатынастар жүйесі ықпал жасайды. Адамның мәні немесе тұлғасы барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады. Адам дамуына географиялық орта да ықпал етеді, дегенмен, ол шешуші ықпал емес. Жетекші роль әлеуметтік ортаға беріледі.
Адам дамуына шешуші ықпал жасайтын үшінші қозғаушы күш /фактор/ - тәрбиелеу. Ол тәрбиеленушілер тәрбиешінің мақсатқа бағытталған, саналы ұйымдастырылған ықпалын қамтамасыз етеді. Тәрбиелеу тиімділігі оның ықпалы кезінде ортаның әсері мен тұлғаның тұқым қуалау ерекшеліктерін үнемі ескеруге тәуелді болады. Тұлға өзінің дамуында әртүрлі жас кезеңдерінен өтеді. Оларды педагогикада мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы, жас өспірім, кәмелеттік жастағылар т. б. деп бөледі.
Психологиялық және педагогикалық зерттеулер нәтижесінде соңғы жылдары жас кезеңдерінің төмендегідей жеті сатыдан тұратын құрылымы ұсынылуда:
Жаңа туған бала /туған сәттен бір айға дейін/;
Нәрестелік шақ /бір айдан бір жасқа дейін/;
Ерте сәбилік шақ /бір жастан үш жасқа жейін/;
Мектепке дейінгі балалық шақ /төрттен алты жасқа дейін/;
Бастауыш мектеп шағы /алты жастан он жасқа дейін/;
Жеткіншек шақ /он жастан – 15-16-ға дейін/;
Жасөспірімдік шақ /16-дан 18 жасқа дейін/.
Бұндай сатыларға бөлудің өзін салыстырмалы тұрғыдан қарау керек. Себебі соңғы кездегі балалардың қарқынды даму құбылысын /акселерация/ зерттеу нәтижелері жас сатыларын қатаң қарауға болмайтынын көрсетіп отыр. Осыған сәйкес бастауыш білім беру мазмұнының теориялық деңгейі көтеріле түсуде.
Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістері Бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау жүйесіне енгізілген педагогикалық практикада, семинар сабақтарында, тәжірибелік лабораториялық жұмыстарда, педагогика және пәндер әдістемесінен курстық жұмыстар орындау барысында қажетті педагогикалық зерттеу әдістерін студенттер білуі тиіс. Зерттеу әдістерін білу болашақта ұстаздық жасампаздыққа жетелеп, оқытудың және тәрбиелеудің түрлері мен әдістерін жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Педагогикалық құбылыстарды жан-жақты білуге және түрлі ғылыми педагогикалық мәселелерді шешуге бағытталған тәсілдердің және амалдардың жиынтығын педагогикалық зерттеу әдістері деп атайды. Мәліметтердің алынып жинақталу көзіне байланысты зереттеу әдістерін теориялық негіздерін жан-жақты білу, нақты оқу- тәрбие үдерісін талдау әдістері деп бөледі.
Оқу-тәрбие үдерісін өмірдегі қалыпты жағдайында жан-жақты білуге қажетті әдістерге: байқау, әңгіме, анкета жүргізу / алдын ала дайындалған сұрақтар бойынша жазбаша мәліметтер алу, / интервью алу / алдын ала дайындалған сұрақтар бойынша ауызша пікір жинау, / мектеп құжаттарын зерттеу, іс-әрекет нәтижесін талдау, мұғалімнің жұмыс тәжірибесін талдау т.б. жатады.
Ал енді оқу-тәрбие үдерісі арнайы өзгертілген жағдайда жан-жақты білу мектептегі педагогикалық эксперимент және зерттеу қорытындыларын тәжірибе жүзінде тексеру әдістері арқылы жүзеге асады. Зерттеу мәліметтерін өңдеу және талдау тәсілдеріне қарай зерттеу нәтижелерін сапалық талдау және сандық өңдеу әдістері деп екіге бөліп қарайды. Сандық өңдеу әдістері эксперимент нәтижелерін, сапалық талдау әдістерін қажет ететіндіктен көп жағдайда бұл екеуі өзара байланыста қолданылады.
Зерттеу әдістері зерттеудің әдіснамалық негіздемесіне сәйкес таңдалып алынады. Ғылыми зерттеулер қағидасын негіздеуде іс-әрекеттік, тұлғалық, жүйелік тұрғыдан қараудың маңызы зор. Іс-әрекеттік тұрғыдан қарау оқу-тәрбие үдерісін, іс-әрекеттің барлық негізгі құрамаларын, оның мақсаттарын, себептерін, әрекеттерін, амалдарын, реттеу тәсілдерін, түзетулерін, бақылау және қол жеткен нәтижелерін талдауды біртұтас зерттеуді талап етеді.
Педагогикалық құбылыстарда міндетті түрде тұлғалардың өзара әрекеттері болатындықтан, зерттеулер үшін оқу-тәрбие үдерісін тұлғалық тұрғыдан да қарау маңызды. Зерттеулерді тұлғалық тұрғыдан қарап жүргізудің әдіснамалық негізі тұлғаның қоғамдағы орны, ұжым мен тұлғаның арақатынасы және оны дамытудағы ұжымның алатын орны, тұлғаның жан-жақты, үйлесімді дамуы, тұлғаны тәрбиенің әрі объекті, әрі субъекті деп қарау жөніндегі ілім болып табылады.
Педагогикалық зерттеулер әдіснамасы үшін қарқынды дамып келе жатқан жүйелік-құрылымдық тұрғыдан қараудың аса маңызы бар. Жүйе деп өз ісіне тән тіршілік ету заңдарымен қызмет ететін құрамды бөліктердің белгілі бір ортақтастығын айтамыз. Диаелектикалық жүйелік тұрғыдан педагогикалық міндеттерді шешудің мүмкін боларлық түрлері мен әдістерін өзара байланыста және біртұтас, олардың ішінен тиімді жолын салыстырмалы таңдап алу мүмкіндігін қарауды талап етеді.
Байқау әдісі. Байқау – әдістерінің оқу-тәрбие үдерісін, оның жеке түрлері мен жақтарын арнайы бағдарламамен ұйымдас-тырылған, жеткілікті мерзімде қабылдауы. Байқауды өткізу жоспары нені байқау керек, не үшін байқау керек, байқаудан не нәтиже күтуге болады деген сұрақтарға жауап беру керек. Байқау нәтижесі мұғалімге тәрбиелік әсерлерді түзетудің негізі болады, қалыптасқан педагогикалық жағдайға дұрыс баға беру, айқындалған мақсатқа сай оқушыларды онан әрі зерттеуді жобалауға мүмкіндік береді. Зерттеуші алынған нәтижені басқа да зерттеушілердің, оқу барысын тікелей байқаушылардың топшылауларымен және басқа да қосымша мәліметтермен салыстырса, байқау қорытындысы шын-дыққа жуық болады. Байқау қорытындысының шындыққа жуық-тауын арнайы техникалық құралдарды пайдалану / дыбыс, кескін жазу, киноға түсіру, бейне таспаға түсіру, т. б. / арттыра түседі.
Әңгіме әдісі және интервью алу. Әңгіме және интервью әдістері әңгіме мен интервьюдің мақсатын ғалым-ұстаз алдын ала нақты белгілегенде ғана, зерттеушіге қажетті мәселелердің мәнін ашатын негізгі және қосымша сұрақтардың шеңберін анықтағанда ғана жақсы нәтиже береді. Әңгімелесушілердің арақатынасының қолайлылығын қамтамасыз еткен жөн.
Анкета жүргізу әдісі. Бұл әдіс белгілі бір үйреншікті құбылыстар жөнінде мағлұматтар алуда қолданылады. Анкета жүргізудің нәтижелілігіне тура және жанама сұрақтардың орынды қойылуы, сұрақ мазмұнында орынды жауапқа өзі жетелейтін ойдың айқындалмауы, сұрақ мағынасының шашыраңқы болмауы, нақты жауап беру не пікірін айту мүмкіндігінің болуы сияқты шарттар ықпал етеді. Мектеп құжаттарын және оқушылар іс-әрекет нәтижелерін зерттеу әдістері.
Оқушылар іс-әрекеттің себептері, өзіне тән іс-әрекет өрнегі, олардың зерттелетін педагогикалық құбылысқа қатынастары жөнінде жан-жақты мағлұматтар алуға мүмкіндік береді. Оқушылардың іс-қағаздарымен, дәрігерлік карталарымен, мә-жіліс және кеңес протоколдарымен, сынып журналдары, жазба есептерімен танысу да зерттеушіні құнды деректермен қамтамасыз етуі сөзсіз. Педагогикалық эксперимент әдісі. Бұл арнайы жасалған және есепке алынатын жағдайда оқыту мен тәрбие әдістерін тәжірибе арқылы жүргізу немесе тексеру деген сөз.
Педагогикалық эксперименттің негізгі қызметі кейбір педагогикалық әсер құрамаларының және оның нәтижелерінің арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтау болып табылады.
Эксперимент жүргізбестен бұрын педагогикалық іс-әрекеттегі әдістің немесе тәсілдің тиімділік мүмкіндігі жөнінде алдын ала ғылыми жорамал тұжырымдалады. Эксперимент оқытушылар өмірінің және іс-әрекеттің қалыпты жағдайында өтуі мүмкін. Бұл кезде оны табиғи эксперимент деп атайды.
Лабораториялық эксперимент болса, зерттеленушілерге әсердің және олардың кері жауабының сипатын есепке алуға мүмкіндік беретін арнайы жағдай жасады. Теориялық зерттеу әдістері. Бұған салыстырмалы-тарихи талдау, абстрактылықтан нақтылыққа өту, нобай құрау жатады.
Әдетте, бұл әдістер бір-бірімен байланыста пайдаланылады. Олар студенттер диплом жұмыс орындауда қолданылады. Салыстырмалы-тарихи талдау педагогикалық құбылыстарды жан-жақты және терең зерттеп, пайда болған мәселелерді қазіргі кездегі алдынғы қатарлы әдістерге сүйеніп, өткеннің қателері мен кемшіліктерінің алдын алып, оқу-тәрбие барысын жетілдірудің нақты шараларын жобалауға мүмкіндік береді.
Біртұтас оқу-тәрбие үдерісін зерттеуде абстрактылықтан нақтылыққа өтудің логикалық жолына сүйеніп, төмендегідей кезеңдерді қамту қажет: - оқу-тәрбие үдерісі құрылымын, оның мақсаттық, мазмұндық, амалдық, іс-әрекеттік, ынта-себептік, бақылау-түзетулік, бағалық-талдаулық сияқты құрамаларын біртұтас сипаттап жазу.
Сонымен қатар оқу-тәрбие барысы өтіп жатқан оқу-материалдық мектептік-гигиеналық, моральдық-психологиялық, әсемдік және т. б. жағдай-ларда біртұтас сипаттап жазу; - оқу үдерісі құрамаларының өзара мүмкін боларлық байланысын және әсіресе, себеп-салдарлық байланысын сипаттап жазу; - тұлғаның сапалық құрылымын, мұғалімдер мен тәрбие-ленушілер іс-әрекеттің құрылымын біртұтас сипаттап жазу; - мүмкін боларлық шамада мұғалімдер мен тәрбиеленушілердің өзара әрекетіне толық сипаттама беру; - тәрбиеленушілерге көпшілік хабарларын тарату құралдары, микроорта және т.б. арқылы тигізілетін сыртқы ықпалдар мен оқу-тәрбие үдерістерінің байланыстарын қарау; - келешекте оқу-тәрбие үдерісінде еске алу үшін белгілі бір заңды байланыстарды тауып алу.
Нобай құрау әдістері. Бұл әдістер теориялық ізденіс әдістерін пайдаланудың тиімділігін күшейте түсті. Олар зерттелетін құбылыс барысын сызба, схема, қысқаша сөздік және жазбаша түрде көрнекті-бейнелік сипаттама беруге мүмкіндік береді. Кей жағдайда нобай құрауда педагогикалық құбылыстарды математикалық формулалар, матрицалар, шартты белгілер және т.б. түрінде белгілейді. Нобайда мектеп, отбасы (жанұя), жұртшылық, көпшілік хабар құралдары және т.б. оқушыларға тәрбиелік ықпал институттары өте сәтті бейнеленеді. Нобайлардың көмегімен оқытуды ұйымдастыру формалары, сабақ түрлері тиімді сипатталып жазылады.
Дәріс 3. Оқу-тәрбие процесі
Жоспар;
1. Оқу-тәрбие процесі туралыц жалпы түсінік
2. Оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері
Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің ұйымдастырылған түрде өзара әрекеттесетін мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру мекемелері, жоғары білім беру мекемелері, қосымша білім беру мекемелері және т.б. типтері педагогикалық жүйелер деп аталады. Осы жүйелерде білім беру мен тәрбиелеу мақсаттарының жүзеге асырылуы оқу-тәрбие үдерісі – бірыңғай жоспармен жүргізілетін сабақтар, сыныптан және мектептен тыс жұмыстар жиынтығы.
Оқу-тәрбиенің барысында тәрбие объектісімен тәрбие субьектісінің белсенді қарым-қатынасының мәні зор. Бұл қарым-қатынастың мағынасы педагогикалық өзара әрекет деген ұғыммен толық түсіндіріледі.
Тәрбие объектісі мен субъектісі арасында хабар алмасу /тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасында/ байланысы, ұжымдық іс-әрекеттік байланыстар /бірлескен іс-әрекет/, коммуникативтік байланыс /қарым-қатынас/, тағы басқа сол сияқты басқару және өзін-өзі басқару байланысы пайда болады.
Педагогикалық өзара әрекет белгілі бір әлеуметтік, географиялық, оқу-материалдық, моральдық-психологиялық және т.б. нақты жағдайларда өтеді. Бұл жағдайларды есепке міндетті алу және мүмкіндігінше жетілдіру керек. Кез келген іс-әрекеттің мақсаты, құралы және нәтижесі болады. Педагогикалық әрекеттің құралдары оның мазмұны, түрі мен әдістері болып табылады. Осыдан келіп оқу-тәрбие үдерісінің құрамалары, оның мақсаты, мазмұны, оқыту мен тәрбиелеу түрлері, әдістері, сонымен қатар, нәтижесі болып табылады. Мұның біреуінің болмауы оқу-тәрбие үдерісінің біртұтастығын, оның ілгері жылжуын бұзады.
Тәрбие мен оқыту үдерісі бірте-бірте өзін-өзі тәрбиелеу және өз бетімен білім алу барысына ұласады. Оқу-тәрбие барысында объективтік, әлеуметтік, тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін субъективтікке, адамның жеке психикалық байлығына өтеді. Сондықтан да оқу-тәрбие үдерісі оқыту, тәрбиелеу, білім беру және дамыту барысының органикалық бірлігі болып табылады. Оқу-тәрбие үдерісінің қозғаушы күші оқушыларға талап пен тәрбиеленушілердің оны орындау мүмкіндігінің арасындағы қарама-қайшылық. Қойылған талаптың орындау мүмкіндігінен алшақ тұруы оқу-тәрбие барысының дамуына кері ықпал жасайды. Сондықтан мұғалімнің міндеті ұжымның және тұлғаның жақын, орта, өте алыс болашақтағы дамуын жобалау, оқушылар және педагогикалық ұжымдарды зерттеу билігін игеруі керек.
Оқыту мен тәрбиелеу барыстарының бірлігі олардың өзіне тән арнайы ерекшеліктері болмайды деген сөз емес, оқыту мен тәрбиенің бұл айырмашылықтарын сипаттау оңай емес, оқу-тәрбие барысында, ең алдымен, көзге олардың бірлігі түседі. Себебі, оқыту үдерісі тәрбиелеу қызметін жүзеге асырады, ал тәрбиелеу үдерісінің нәтижеге жетуі тәрбиелеушілерді оқытпай мүмкін емес. Бұл барыстарды салыстырғанда құбылыстардың даму диалектикасын негізге алу керек. Оқыту мен тәрбиенің жетекшілік қызметін бөліп қараудың әдіснамалық принципі олардың диалектикалық бірлігін айқындай түседі. Оқыту және тәрбиелеу үдерістерінің негізгі міндеттерін салыстырсақ, бұл екеуінің білім беру, тәрбиелеу және дамыту сияқты үш негізгі қызметті жүзеге асыратынын көреміз. Оқыту және тәрбиелеу үдерісі оқуды дамыту қызметін жүзеге асырудың алғы шарты болып табылады.
Оқыту дамытудың алдын алды деген тұжырымды кеңейте отырып, дамыту оқыту-тәрбие үдерісінде келесі кезеңдерінде нәтижелі оқыту мен тәрбиелеудің қолайлы алғышартын жасайды деуге болады. Осыған орай: бұл барыстардың міндеттері мен мазмұндарының өздеріне тән жетекшілік сипаттамалары бар. Мысалы, оқыту мазмұнында ғылыми ұғымдарды, түсініктерді, заңдарды, теорияларды оқудың арнайы және жалпы бірліктері мен дағдыларын қалыптастыру басым болады.
Ал тәрбиелеудің мазмұнында сенімдерді, ережелерді, мұрат-тарды, әлеуметтік маңызды қатынастарды, белгіленген шарттарды, себептерді, қоғамдық құнды тәртіп тәсілдері мен ережелерді қалыптастыру басым болады. Сонымен, бұл екі үдеріс тұлғаның санасына, іс-әрекетіне, қатынастарына, еркі мен көңіл-күй сезімдеріне бір мезгілде ықпал етіп, оның жалпы дамуына алып келді. Бірақ алғашқысы көбінесе зиялық шеңберіне, ал екіншісі, себептік және әрекеттік сезім шеңберіне ықпал жасайды. Осының арқасында тәрбиелеу барысы оқуды іске асырудың қарқынын туғызушы себептік қозғаушы күш қызметін атқарады. Оқыту мен тәрбиелеу түрлерінің ерекшеліктері. Біртұтас оқу-тәрбие үдерісінде оқыту мен тәрбиелеу түрлерінің ерекшеліктері айқындала түседі.
Оқытуда көбіне сабақ, семинар, тәжірибелік және лабо-раториялық жұмыстар, оқудың еңбектік тапсырмалары т.б. қолданылса, ал тәрбие үдерісінде ұжымдық сипаттағы тәрбиелік іс-шаралар, әртүрлі қоғамдық пайдалы еңбек, жеке тәрбиелік ықпалдар тән.
Оқу үдерісінде жетекші орын мұғалімдікі: Ол өз жұмысында оқушылар ұжымына сүйенеді, оқуда жауапкершілікке, тәртіптілікке қызығуды дамытатын өзара біріккен әрекетке тартады. Тәрбиелеуде мұғалімдер мен тәрбиешілер көмектесетін оқушылар ұжымы және оның белсенді құрамы жетекші орын алады. Оқу үдерісі ресми анықталған оқушылар тобымен, сыныппен, оқу жоспарымен, бағдарламалармен жүргізіледі. Тәрбие үдерісі былай қатаң шектелмеген, ол тек басшылыққа алуға ұсынылған үлгі бағдарламамен жүреді. Бұл қоғамдық, саяси, мәдени-көпшілік, көркемөнер, еңбектік түрлі іс-әрекет барысында жүреді.
Дәріс 4. Оқыту мен тәрбиелеу әдістерінің ерекшеліктері мен өзара байланыстары.
Жоспар;
1. Оқыту мен тәрбиелеу әдістері
2. Оқу-тәрбиелеу әдістерінің өзара байланысы
Оқу-тәрбие үдерісінің біртұтастығынан оқыту және тәрбиелеу әдістерінің бірлігі ретінде педагогикалық әдістер жайында айту заңды деп есептейміз. Бұл тұрғыда қараудың негізі – дамытылатын адам іс-әрекеті қағидасы болып табылады. Осы қағидаға сәйкес кез-келген іс-әрекетте ұйымдастыру, ынталандыру, бақылау болады.
Оқыту және тәрбиелеу әдістері тұлғаны жан-жақты және үйлесімді дамытуға бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара байланысты іс-әрекеттерінің тәсілдері болғандықтан, әдістерді ұстаздар мен тәрбиеленушілер іс-әрекетін ұйымдастыру, ынталандыру мен іс-әрекеттің себептерін туғызу, бақылау және өзін-өзі бақылау әдістері деп үш топқа бөлген жөн.
Тәрбиелеу және оқыту әдістерінің өзін топқа бөлу жағдайларына тоқталайық. Тәрбиелеу әдістері:
1. Тұлға санасын қалыптастыру әдістері /көзқарастарды, сенім-дерді, мұраттарды/. Бұлар лекция, әңгіме, баяндау, баяндама, пікір таластыру, конференциялар және т. б.
2. Іс-әрекет және қоғамдық тәртіп тәжірибесін қалыптастыру әдістері. Бұлар педагогикалық талап, тапсырмалар беру, тәрбиелік күйлерді туғызу.
3. Іс-әрекетке және тәртіпке ынталандыру әдістері. Бұлар мадақтау, жарыс, жазалау. Осылайша үш топқа бөлінеді.
Оқыту әдістері төмендегідей үш топқа бөлінеді:
1. Оқуға байланысты танымдық іс-әрекет ұйымдастыру әдістері. Бұлар сөздік, көрнекілік, тәжірибелік, репродуктивтік және шешімі табылуға тиісті мәселе бағытында ізденіс, индуктивтік және дедуктивтік әдістер.
2. Оқуға байланысты іс-әрекетке ынталандыру және оның себебін туғызу әдістері. Бұлар танымдық ойындар, оқу пікір таластары және басқалар.
3. Оқыту барысындағы бақылау /ауызша, жазбаша, лаборато-риялық/ және өзін-өзі бақылау әдістері.
Сонымен тәрбиелеу және оқыту әдістерінің салыстырылған топтарының көп жерде бірлігі бар екенін байқаймыз. Қайсысында болмасын негізгі ретінде іс-әрекетті және қарама-қатынасты ұйымдастыру алынып отыр. Айырмашылығы тек оқытуда оқуға байланысты танымдық іс-әрекеттерге, тәрбиелеуде қоғамдық іс-әрекеттер түрлеріне баса назар аударылады. Осылай талдау оқу-тәрбие үдерісінің әдістерін төмендегідей етіп жалпы топтауға мүмкіндік береді.
Педагогикалық әдістердің бірінші тобы: тұлға санасын қалыптастыру әдістері /түсініктерді, заңдарды, теорияларды, көзқарастарды, сенімдерді, мұраттарды және т.б. қалыптастыру/. Бұларға сөздік және көрнекілік әдістері жатады.
Педагогикалық әдістердің екінші тобы: іс-әрекет, қарама-қатынастарды ұйымдастыру және қоғамдық тәртіп тәжірибесін қалыптастыру әдістері. Бұларға оқу-танымдық, оқу-тәжірибелік, еңбектік, саяси-қоғамдық, көркем-жасампаздық, спорттық, ойындық және басқа іс-әрекет түрлерін ұйымдастыру әдістері, әрекетті және тәртіпті реттеу, түзету әдістері жатады.
Педагогикалық әдістердің үшінші тобы: іс-әрекет пен тәртіпке ынталандыру және олардың туу себептері әдістері. Бұларға мадақтау, жазалау, ойындағы көтеріңкі көңіл-күй жағдайлары, қоғамдық пікір, үлгі және басқа әдістер жатады.
Педагогикалық әдістердің төртінші тобы: іс-әрекет пен тәртіпті бақылу және өзін-өзі бақылау мен бағалау әдістері. Бұларға оқытудағы ауызша, лабораториялық бақылау әдістері, тәрбиелеудегі тәртіпті байқау, баға беру және өзін-өзі бағалау әдістері жатады. Тәрбие әдістері оқыту әдістерімен тығыз байланыста болады. Шындығына келгенде оқыту әдістерінің бәрі тәрбие әдістері болып табылады. Осының бәрі бұл әдістерді біртұтас қарау керек екендігін дәлелдейді. Оқыту әдістерінің ерекшелігі оларды пайдаланудағы жетекші ететін мақсатында. Мысалы, мақсат оқуға байланысты танымдық іс-әрекетке қарасты білім, білік, дағдыларды қалып-тастыру.
Ал тәрбие әдістерінің жетекші мақсаты тәртіптің қоғамдық бағыттағы тәжірибесін қалыптастыру. Осы тұста оқыту және тәрбиелеу әдістері білім беру, тәрбиелеу дамыту қызметін бірлесе жүзеге асырады.
Дәріс 5. Оқу-тәрбие үдерісінің жалпы қасиеттері мен заңдылықтары
Жоспар;
1.Біртұтас оқу-тәрбие үдерістерінің қасиеттері жайлы.
2. Оқу-тәрбие процесігің сипаттамасы
Оқу-тәрбие үдерісі жиынтық ретінде біртұтастыққа тән кейбір қасиеттермен сипатталады. Оқу-тәрбие үдерісінің мақсаты тек білім беру және тәрбиелеу міндеттерімен шектелмей, ұстаздарды әрбір оқушы тұлғасын жан-жақты, үйлесімді дамытуға бағыттайды. Оқу-тәрбие үдерісі өзіне енетін барыстарды өзара күшейтеді. Мысалы, білімділіктің өсуі тәрбиеліктің өсуіне, тәрбиеліктің арта түсуі оқу-тәрбие үдерісін қарқындатады т.б. Оқу-тәрбие үдерісі ұстаздар мен оқушылар ұжымын жалпы мектептік біртұтас ұжымға біріктіріп, оны оқушыларды жан-жақты дамытатын пәрменді субъектіге айналдырады.
Оқу-тәрбие үдерісі оқыту және тәрбиелеу әдістерінің өзара бірігуіне мүмкіндік жасайды. Оқу-тәрбие үдерісі мектеп жұмысын түпкілікті нәтижеге, тұлғаны жан-жақты, үйлесімді дамытуға бағыттап, мақсатты бағдарлама тұрғысынан жоспарлап жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Оқу-тәрбие үдерісі өзінің біртұтастығын бейнелейтін өзіне тән заңдылықтар бар. Философияда заңдылықтар деп құбылыстар мен барыстардың арасындағы, олардың дамуын сипаттайтын, шындығында бар, берік, қайталанатын, қажетті және мәні бар байланыстарды атайды. Біртұтас оқу-тәрбие үдерісіне тән заңдылық байланысын анықтауға жүйелі-құрылымдылық талдау көмектеседі.
Ол байланыстардың қайсысының мәні барын, қажеттілігін, онсыз бұл барыстың мәнін және оның дамуын сипаттауға болмайтынын анықтауға мүмкіндік береді. Оқу-тәрбиенің біртұтас үдерісін зерттеуде бізге, ең алдымен, оны әлеуметтік ортаны ауқымды байланыстырып, осыдан кейін осы үдерістің құрамаларына тән ішкі байланыстарын сипаттаған жөн. Тәрбие педагогиканың тану саласы ретінде әлеуметтік үдерістермен тығыз байланыста жүреді. Ол қоғамдағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар даму деңгейімен, адамдардың өмір салтымен, пайда болатын қоғамдық жаңа қажеттіліктермен, саяси жүйемен, үстемдік етуші идеологиямен, әлеуметтік құрылыммен тікелей, елеулі және тұрақты тәуелділікте болады. Осыларға байланысты тәрбие мақсаты, мазмұны, түрлері мен әдістері де өзгереді.
Сонымен қоғам қажеттігі және оны қанағаттандырудағы қоғам мүмкіндігіне байланысты төмендегідей екі заңдылықты тұжырымдауға болады.
1. Оқу-тәрбиенің біртұтас үдерісі, оны мақсаты, міндеттері, мазмұны, түрлері және әдістері қоғамның әлеуметтік-экономикалық қажеттіктеріне, идеологиясы мен саясатына байланысты болады.
2. Оқу-тәрбие үдерісінің міндеттері, мазмұны, әдістері мен түрлері осы оқу-тәрбие үдерісінің жүріп отырған жағдайына тәуелді болады. Бұл екі заңдылық оқу-тәрбие үдерісінің сыртқы байланыстарына сай анықталады. Енді оқу-тәрбие үдерісінің ішкі байланыстарын яғни айтқанда оның негізгі құрамалары /компоненттері/ арасындағы зайды байланыстарын қарастырайық.
Тәрбиелеу, оқыту, білім беру және дамытудың өзара заңды байланысы. Психологиялық және педагогикалық зерттеулер нәтижесінде оқушы тұлғасын дамытудағы тәрбиелеу мен оқытудың шешуші ролі бар екендігі айқындалған. Тәрбиелеу мен оқыту дамытудың алдында жүреді және оның қандай болатынын анықтайды. Осы заңды байланыс оқыту мен тәрбиелеу арасында да бар.
Оқытусыз тәрбиелеуді жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі, оқушының қоғамдағы әрекеті ол оқып зерттейтін заңдылықтар мен білімдерге негізделеді. Сонымен қатар оқушы белгілі дәрежеде тәрбиелі болмаса: оқытуды жақсы деңгейде жүргізу мүмкін емес.
Осыдан оқу-тәрбиенің біртұтас барысындағы барлық сабақтар мен тәрбиелік іс-шаралар дамытудың жоғары және жан-жақты нәтижесіне бағытталып, оқытудың тәрбиелеу және дамыту сипаты болуы керек екендігі шығады.
Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу, оқыту мен оқу бірлігі. Оқу-тәрбие үдерісіндегі тәрбиелеу мен оқыту тиімділігі мұғалімнің өз әрекетін оқушы әрекетімен қаншалықты тығыз біріктіре алғанына, педагогикалық ықпалдар ырғағы мен одан туған тәрбиеленушілер белсенділігі ырғақтарының бірлігіне заңды түрде тәуелді болады. Тәрбие субъектілері мен объектілер белсенділіктерінің сәйкес келуімен оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелері күрт өседі.
Сонымен, тәрбиелеу мен оқыту оқушылардың белсенділігі мен өзбетінділігін, ал педагогикалық әсер олардың өзін-өзі тәрбиелеу, өз бетімен білім алу ынтасын, жасампаздық жан дүниесін туғызса, тәрбиелеу мен оқытудың тиімді болғаны.
Іс-әрекет пен қарым-қатынастың тәрбиелеу мен оқытудағы шешуші ролі. Тәрбиелеу, оқыту және білім беру оқушылардың араласатын іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының сипатына белгілі бір дәрежеде тәуелді болады. Белсенді әрекет барысында ғана адам тұлғасы әрекет тәсілдерін және заттардың нағыз қасиеттерін меңгереді. Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасы кездерінде ойын іс-әрекеті жетекші болып табылады. Дегенмен, орта және жоғары сыныптарда да ойын өзінің оқушылардың оқуға мүдделі болуының құралы ретіндегі ықпалын сақтайды. Ол үшін танымдық, рольдік, пайдалы іс ойындарын қолданған жөн. Бұл жерде компьютерлік ойындардың да маңызы зор. Оқу-танымдық іс-әрекет оқушылар іс-әрекетінің негізгі түрі. Мұнсыз оқытуды қамтамасыз ету мүмкін емес. Үздіксіз білім алудың жағдайында оқушыларды оқуға қосумен қатар, оқуды үйрету, олардың оқу еңбегі дағдыларын, өз бетімен білім алу біліктерін қалыптастыру керек.
Еңбектің іс-әрекет оқушы тұлғасын тәрбиелеудегі және дамытудағы ең маңызды құрал. Мұның маңызы мектептің білім беру мазмұнына қоғамдық пайдалы, өнімді еңбек енгізілген сайын күшейе түсті. Қоғамдық-саяси іс-әрекет адам өмірінің құрамды бөлігіне айналып отыр.
Мектеп өмірінде ол балалардың оқушылар ұйымдары істеріне қатысуынан айқын көрінеді. Бұл тұста мәселе – әрбір оқушыға жаны сүйетін іс тауып беру. Тәрбиелеуде және оқытуда мұғалімдер мен тәрбиеленушілердің, сонымен қатар оқушылар арасындағы қарым-қатынастың маңызы зор. Ғылыми әдебиеттерде кейде қарым-қатынасты іс-әрекеттің түрі деп те қарайды.
Ал көптеген ғылыми жұмыстарда қарым-қатынас өз алдына ұғым ретінде қаралады. Бұл жағдайда қарым-қатынасты адам тұлғасына өзіне тән ерекше ықпалы тұрғысынан таниды. Сондықтан біз тәрбиелеудегі және оқытудағы тұлға аралық қарым-қатынастың маңызына аса зер сала қараймыз.
Қарым-қатынас адамның Өзі сияқты адамдар арасындағы адамға тән ерекше қажеттігін бейнелейді. Қарым-қатынас барысында адам басқаны және өзін таниды. Осының нәтижесінде оқушы әлеуметтік тәжірибе, қоғамдық құндылықтар иесіне айналып, өзін тұлға ретінде ұғынады. Оқу-тәрбие үдерісінде тәрбиеленушілердің жас және жеке ерекшеліктерін есепке алу. Оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелілігі ұстаздардың тәрбиеленушілердің жас және жеке ерекшеліктерін есепке ала білу біліктеріне заңды тәуелді болады. Оқушылардың әрбір жас кезеңінде өзіне тән арнайы сипаты болады. осыны білу негізін, де соған оқыту және тәрбиелеу мазмұнын, түрлерін, әдістерін таңдап алады.
Мысалы, бастауыш сынып жасындағы оқушылар зейіннің берік еместігі, албырттығы, тез шаршағыштығы көзге түседі. Осымен бірге оларға көпшілік, ашықтық, балалық өзінділік /қулық-сұмдықтың жоқтығы/ тән. Олар мұғалімге өте қатты сенеді. Оның әрбір сөзін, бағалауын өте құрмет тұтады, барлық жағдайда оған ұқсап бағуға ұмтылады.
Осының бәрі оқу-тәрбие үдерісінде танымдық ойындарды, танымдық іс-әрекеттерді ұйымдастырудың түрлі әдістерін, жолдарын қолдануды, оқу тапсырмаларын білікті бөлуді, оқуды, еңбектік және қоғамдық тапсырмаларды орындауда дер кезінде көмек көрсетуді талап етеді. Бірінші сыныпта оқушылардың өмірін қызықты құруға көмектесу керек. Бұл жұмыста мұғалім ол үшін – ақылшы ұстаз, кеңесші, жасы үлкен жолдас болып табылады.
Оқу-тәрбие үдерісінде ұжым мен оқушының өзара байланысы. Біздің қоғам адамының тұлғасын қалыптастыруда ұжым шешуші роль атқарады. Осыған байланысты әрбір оқушы ұжымның ортақ ісіне белгілі бір рольдерден өтуі қажет. Оқу-тәрбие үдерісінде міндеттердің, мазмұнның, оның түрлері және әдістерінің өзара заңды байланысы. Оқу-тәрбиенің біртұтас үдерісін басқару үшін оның мақсаттары мен міндеттері жобаланады. Ол жоба қоғамның жалпы мақсаттары мен міндеттеріне сүйенеді. Мақсаттары мен міндеттер заңды түрде оқу-тәрбие үдерісінің басқа құрамалары: мазмұнын, түрлерін, әдістерін анықтайды. Мақсатқа байланысты анықталған мазмұн өз кезегінде оқу мен тәрбиелеу әдістерін, түрлерін, техникалық құралдарын таңдап алуға заңды ықпалын тигізеді. Егер оқыту мен тәрбиелеу әдістері, түрлері және құралдары ең тиімді жолымен әр оқушының санасына мазмұнның мәнін жеткізсе, олардың біліктері мен дағдыларын және сенімдерін қалыптастырса, онда қарастырылатын заңды байланыс қажетті нәтижеге жеткізеді. Жоғарыда сипатталған оқу-тәрбиенің біртұтас үдерісінің заңдылықтары жүйелі есепке алынуы керек. Бұл заңдылықтардың біріне сүйеніп, біріне немқұрайлы қарап нәтижеге жетуді тіпті ойлауға болмайды.
Дәріс 6. Оқу-тәрбие үдерісін ғылыми ұйымдастыру
Жоспар;
1. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру
2. Оқу-тәрбие процесін ғылыми ұйымдастыру
Оқу-тәрбие үдерісі педагогикалық еңбекті ғылыми ұйымдастыру талаптарын сақтай құрылады. Маңызды талаптар қатарына ғылыми дәлелденген жоспарлауды, іс-әрекет ұйымдастыруды, қатынасу-шылардың күш-қуатын үйлестіруді, іс-әрекет себебін туғызды, жедел бақылау мен есепке алуды жатқызады.
Оқу-тәрбие үдерісін жоспарлау кезеңінде жалпы педагогикалық мақсат пен ұжым және оның мүшелерінің нақты мүмкіндіктері мен талаптарының арасындағы қарама-қайшылықтар анықталады, осы қарама-қайшылықтарды шешудің жақын, орта және алыс болашақтағы үміт жолдары белгіленеді.
Оқу-тәрбие үдерісін ғылыми құру онан әрі қажетті мазмұн, оқыту мен тәрбиенің әдістерін, түрлерін және құралдарын таңдап алуды көздейді. Бұлар кейінірек ұжымның нақты іс-шараларын, сабақтарды, қоғамдық еңбектің және басқа істерді өткізу жоспарларына енеді. Жоспарлауда уақыт айрықша есепке алынады. Себебі, оқу және сыныптан тыс жұмыстарға белгіленген уақытты анықтайтын құжаттар бар.
Оқу-тәрбие үдерісін ғылыми ұйымдастыру оның тиімді қызмет атқаруына қажетті жағдай жасамайынша, мүмкін емес. Мектепте белгіленген құрал-жабдықтар тізіміне сәйкес, осы заманғы әсемдік талғамы және мектеп гигиенасы талаптарын орындай отырып кабинеттер, шеберханалар, асхана, спорттық база, кітапхана, қоғамдық пайдалы өнімді еңбек, қызықтауларына сай сыныптан тыс жұмыстар жүйесі жасалып, жабдықталуы қажет.
Оқу-тәрбие үдерісінің шешуші күші барлық бастамаларда демократия, сенім, өзара құрмет, қолдау, іс барысындағы бірлік негізінде құрылған ұжымындағы қажетті моральдық-психологиялық жағдайлардың дамуы болып табылады. Мұны ескермеу мектеп ұжымы өмірінің өзіндік өрнегіне үлкен нұқсан келтіреді.
Оқу-тәрбие үдерісінде іс-әрекет ұйымдастыру сынып ұжым-дарында, топтарда оқушыларға іс-әрекет мақсаттары мен міндеттерін анықтау және түсіндіруден, талқылаудан басталады.
Іс-әрекеттің онан әрі дамуы оқушылардың оның мақсаттары мен міндеттерін қабылдауына, таңдалған оқыту мен тәрбие әдістері, түрлері және құралдары қалай жүзеге асуына, ұстаздар мен оқушылар тарапынан іс-әрекеттің басқарылуы және өзін-өзі басқарудың бірлігі сақталу не сақталмауына тәуелді болады. Қоғамдық еңбек және оқу тапсырмаларын орындаудың реті мен тәсілдері жөнінде оқушыларға әдепкі кезеңде нақты ақыл-кеңес беру керек, себебі, бұл жерде оқушылар дұрыс әрекет тәсілдерін үйрену үстінде болады. Ұстаздардың жедел көмегі оқушылардың ынта-жігерін, өзіндік іс-әрекеті мен жауапкершілігін тежемейтіндей орынды сипатта жүруі жөн.
Оқу-тәрбие үдерісінде еңбекті ғылыми ұйымдастыру /ЕҒҰ/ оған қатынасатын мұғалімдер, тәрбиешілер, оқушылар белсенді тобының, еңбек ұжымдары өкілдерінің, жанұяның, ата-аналардың белсенді құрамының күш-жігерін білікті үйлестіруді талап етеді. Бұлардың әрекеттері мен талаптары бірлігі оқу-тәрбиенің біртұтас барысын құрайтын барлық оқу-тәрбие іс-шараларының тиімділігін шексіз күшейтеді. ЕҒҰ орта білім беретін мектептің ресми құжаттарында жан-жақты көрсетілген оқушылар мен мұғалімдерді іс-әрекетке ынталандырудың көп түрлерін қамтиды. ЕҒҰ маңызды бөлігі жақсы қалыптасқан байланыс, оқу-тәрбие үдерісі жайлы жедел мағлұмат алу болып табылады.
Осы мақсатта оқу барысында жеке және жаппай сұрау, жазбаша және лабораториялық бақылау жұмыстары, сынақ және емтихандар жүргізу қолданылады. Жақын болашақта оқу-тәрбие үдерісіндегі кері байланыстың қуатты құралы компьютерлік бақылау және өзін-өзі бақылау болмақ.
Оқу-тәрбие үдерісін оның нәтижесін талдаумен тұйықталады. Мұғалім өзінің қолы жетерлік байқау, оқушылар жұмысын, сыныптағы тәрбие жұмысының сапасын талдау әдістері мен белгіленген міндеттердің шешілу дәрежесін зерттейді. Бұл жерде тәрбиеліктің жетімсіздігі мен оқуда артта қалуға талдау жасаудың ерекше маңызы бар. Мұның басым себептерін анықтамай, оқу-тәрбие үдерісінің келесі шеңберін белгілеуге болмайды. Оқыту мен тәрбиелеу нәтижесін есепке алуда қағазға түскен мәліметтер мен жазба есептерді мейлінше аз пайдалану керек.
Адам іс-әрекетін ғылыми ұйымдастырудың жалпы теориясында қазіргі кезеңде оны күшейту мен қолайлы етуге көп зер салынуда. Мұның оқу-тәрбие үдерісінде ондағы мұғалімдер мен оқушылардың іс-әрекеттеріне тікелей қатынасы бар.
Дәріс 7. Оқу-тәрбие үдерісін күшейту
Жоспар;
1. Оқу-тәрбие процесінің маңызы
2. Педагогикалық оқу-тәрбие процесін күшейту
Оқу-тәрбие үдерісін күшейту дегеніміз әрбір уақыт бірлігінде оқу-тәрбие барысының нәтижелігін арттыру деген сөз. Жоғарыда сипатталған оқу-тәрбиелеу үдерістеріне қойылатын барлық талаптарды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Педагогикалық іс-әрекет күшейтуге тікелей бағытталған қозғаушы күштер бар. Олардың ішінде тәжірибелік мәні бар маңыздылары:
- оқу-тәрбие барысының мақсатқа бағытталған күшейту, берілген сынып, оқушылар ұжымы, еңбек тобының қол жетерлігін ескеріп, оқу мен тәрбие іс-шараларын міндеттерін мүмкіндігі болғанша күшейту шегіне дейін көтеру;
- оқушылардың оқу, қоғамдық, еңбектік және басқа да іс-әрекеттің себебін тереңдету, алда тұрған іс-әрекетке мүдделігін, анық нәтижелігін орындалуына борыштылығын және жауапкерлігін арттыру;
- белгілі бір жасқа және оқушылар даярлығына сай қол жетерлігін ескеріп, қажетті хабардың ең жоғарғы шамасын, көлемін және күрделілігін сақтай отырып әрбір сабақтың және тәрбиелік іс-шаралардың берілетін хабар тұрғысынан қарағандағы сиымдылығын арттыру;
- табысқа шабыттандыратын, күш-жігерін туғызатын оқушы-лардың оқу, қоғамдық, еңбектік іс-әрекет қарқынын шамадан тыс салмақ сезбейтіндей, бірдей уақыт ішінде елеулі іс орындалатындай етіп үдету;
- оқушылардың танымдық және қоғамдық пайдалы іс-әрекет жандандыратын тәрбиелеу және оқыту әдістерін енгізу;
- оқу мен тәрбие іс-әрекетінің әрбірі оқушының ынтасын, өзіндік іс-әрекетін дамытатын ұйымдастыру түрлерін енгізу;
- оқушылардың оқу-танымдық және сыныптан тыс іс-әрекет-терінің нәтижесін арттыратын, компьютерлерді қоса алғанда, техникалық құралдарды пайдалану;
- оқушылардың өз бетімен білім алу, өзін-өзі тәрбиелеу дағдылары мен біліктерін мүмкіндігінше дамыту.
Оқу-тәрбие үдерісін күшейтетін осы қозғаушы күштерді жеке-жеке қарастырайық. Оқу-тәрбие үдерісі әр сабақтың және тәрбие іс-шараларының мақсатқа бағыттылығы артқан сайын күшейе түседі. Мақсат адам әрекетінің сипатын және тәсілдерін заң сияқты анықтайды.
Саналы ұғынылған мақсатқа тезірек жетуге болады. Мұғалімнің мақсаты – әрбір сабақтан және тәрбие іс-шараларында жүзеге асырылатын білім беру, тәрбиелеу және дамыту мақсаттарын өте дәл ойластыру. Егер мақсат оқушыны еліктіретін болса, онда оқушының өзі-ақ алдынан қысқы және ұзақ мерзімді мақсаттар қояды. Ең бастысы – бұл мақсаттардың қол жетерлік болуы. Мәселенің негізі оқушыға мұғалімнің білікті көмек көрсетуінде. Тәрбиеленушінің еркіне қысым және өктемдік көрсетпей, оның қызығуын жұмылдырып, мұғалім өз зейінін алға қойылған міндетті қалай орынды шешуге аударады. Оқу-тәрбие үдерісін күшейтуде жәй міндет қою ғана емес, оған қол жетерлік бола тұрса да, оны орындауда оқушы оқудан және сыныптан тыс жұмыстан өз бетімен қол үзіп қалмайтындай ету керек. Сабақ немесе түрлі іс-шаралар соңында міндетті орындау қорытындануы қажет.
Мақсатты міндеттерді іс-әрекет барысында жүзеге асыру оқушылардың соңғы нәтижеге қатынасына байланысты. Оқу мен қоғамдық пайдалы іс-әрекет себебін тереңдете түсу іске қызыға қатынасуды қалыптастыруға көмектеседі. Оқылатын тақырыптарға көкейкесті мәселені айқындау, ғылым мен техниканың осы заманғы нәтижесін көрсететін мысалдар, оқу материалы мен қоғамдық даму байланысын көрсететін салыстырулар мен ұқсастықтар оқытудың мәнін көтере түседі.
Оқу-тәрбие үдерісінің қарқынын әрбір сабақ пен тәрбие іс-шараларының хабар мазмұнын ауқымын кеңейту арқылы көтеруге болады. Осы мақсатта педагогикалық еңбек шеберлері сабақта теориялық материалдарды ірі-ірі бөліктермен беріп, онан әрі оның әрқайсысынан мұқият практикалық жұмыс жүргізеді.
Көптеген мұғалімдер ғылыми-педагогикалық әдебиеттен жаңа деректерді, мысалдарды, бейнеленген құбылыстарды тауып, орынды пайда-ланады. Мазмұнының өсе түскен ауқымы оқушыларға қиындық туғызбас үшін мазмұндығы ең басты, мәнді мәселені үздіксіз ерекше айқындаған жөн. Сондықтан да жаңа бағдарламаларда оқылатын тақырыптардағы негізгі ұғымдар, жетекші қағидалар, ең маңызды біліктер мен дағдылар арнайы бөлініп беріліп отыр.
Тәрбиенің мазмұнына келетін болсақ, оны күшейту мақсатында оның оқушы тұлғасының барлық жағына яғни зиялылығына, еркіне, сезіміне, іс-әрекет пен қарым-қатынас сипатына ықпал жасау керек.
Тәрбие үдерісінің мазмұны хабарлы, дәлелді, анық, сезімді, ерікті жұмылдыратын, жанды әрекет пен қолайлы қарым-қатынасқа бағыттайтыны болуы шарт. Іс-әрекет қарқынын күшейту оқушыларға тезірек нәтижеге жетуге көмектеседі. Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды тәсілдері сабақтағы оқу, жазу, есептеу қарқынын дамыту болып табылады.
Мысалы, 1 сынып оқушылары І жарты жылдықта минутына 15-20 сөз және белгілер, ІІ жарты жылдықта минутына 20-25 сөз және белгілер оқу қарқыны шектері осы шамамен анықталады, 2 сыныпта І жарты жылдықтың соңына 35-45, ІІ жарты жылдықтың соңына 45-55, 3 сыныптың І жарты жылдығында 55-65, ІІ жарты жылдығында 65-75, 4 сыныптың І жарты жылдықтың соңында 75-85, ІІ жарты жылдықтың соңында минутына 85-95 сөздер мен тыныс белгілері оқылуы керек. Тез жаза білу үшін қолдың қоспасын /білезігін/, саусақтарын дамытатын жаттығулар жүргізіледі.
Сыныптан тыс жұмыстарда іс-әрекет қарқынын еңбек өнімділігі мөлшерін, тапсырманың орындалу мерзімін белгілеу, жарыс ұйымдастыру және тағы басқа тәсілдермен қамтамасыз етіледі.
Оқу-тәрбиені қарқынды ету оқушылардың оқуы мен қоғамдық пайдалы іс-әрекетін жандандыратын әдістердің көмегімен жүзеге асырылады. Мұны шешімі табуға тиісті мәселелер көтере отырып әңгіме, зерттеу мақсатындағы тәжірибелер, сабақтағы оқушылардың кітапты қызықтай отырып өз бетімен жұмыс сияқты әдістер арқылы жүзеге асырады. Оқушылардың ойлауын оқуға байланысты пікір таластырулар елеулі кеңейтеді. Сабақтан алгоритмдер және информатиканы білікті пайдалану, лабораториялық және демонстра-циялық тәжірибелер жүргізу де оқу жұмысын күшейтеді.
Оқушылардың ынтасы мен өзіндік іс-әрекетін дамытатын әдістер тәрбие жұмысын күшейтеді. Бұлар қоғамдық-саяси және өнегелік тақырыптардағы пікір таластырулар, спорттық, сахналандырылған ойындар, олимпиадалар және т.б. өкінішке орай, тәрбие жұмысының тәжірибесінде мұғалім түрлі іс-шараларды оған үнемі қатынасатын оқушылар тобымен ұйымдастырылып, көпшілік оқушы көрермен және тыңдаушы ретінде қала береді. Тіпті кейбір мұғалімдер іс-шаралар жоспарын жасап, көп істерді нәтижелі жақсы болады деген оймен өзі орындайды. Бұл – үлкен қате. Мұны түзетудің жолы кез келген іс-шараларды ортақ талқылап, тапсырмаларды оқушыларға бөліп беріп, әрқайсысының іске икемдігін анықтап, білмейтіндерге үйрету.
Тәрбиелеу мен оқытуды күшейту оқушылардың танымдық және қоғамдық белсенділігін арттыратын оқу-тәрбие жұмысын ұйым-дастыру және оның түрлері сапасына тәуелді болады. Тәрбие жұмысын күшейтудің түрлеріне байқаулар, конкурстар, олимпиа-далар, кәсіп иесі шеберлерінің жарысы т.б. жатады. Оқыту мен тәрбиелеуде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетінің жаңа жолдарын компьютерлер мен техникалық құралдар қолдану ашып береді. Жеке бекітілген компьютер оқушыны самарқау тыңдаушыдан білімді игеру барысының субъектісіне айналдырады. Бұл жағдайдағы оқушы күйінің өзі іс-әрекет барысын күшейтеді. Оқушылардың бос уақытын орынды пайдалануға сыныптан тыс жұмыстарда компьютерлер осы кезде кең пайдалануда. Әдеттегі оқытудың техникалық құралдарын түрліше және ұқыпты пайдаланылу да олардың тиімділігін арттырады.
Оқыту мен сыныптан тыс жұмыстарды күшейту мақсатында мектепте оқытуға үйрету бағытында арнайы жұмыс жүргізіледі. Оқушылардың оқу білігі мен дағдыларын қалыптастыру мектепте және үйде олардың өз бетімен кітаппен жұмыс істеуге, еңбекпен демалысты ұқыпты ұйымдастыру дағдысын дамытады, тапсыр-маларды орындауға уақытты іскерлікпен бөлуге, оларды орындаудың ыңғайлы ретін таңдап алуға даярлайды. Үй жұмысын орындау, жоспар, тезис, конспект жасау, жаңа хабарлармен жұмыс жасау жөнінде нұсқаулар жасалған. Осы нұсқауларды қолдану оқу еңбегін жандандыруға жәрдемдеседі. Өз бетімен білім алу және өзін-өзі тәрбиелеу барысы оқыту мен тәрбиелеуді күшейту нәтижесі ретінде көрінеді. Тәрбиелеу мен оқыту өз бетімен білім алу мен өзін-өзі тәрбиелеу деңгейіне көтерілгенде тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер күші біртұтастыққа ие болып, соның есебінен тәрбиелік ықпалдар елеулі күшейеді.
Оқу-тәрбие үдерісінің мақсаты, мазмұны, түрлері, әдістері мен құралдары сияқты құрамаларына қатынасы бар тәрбиелеу мен оқытуды күшейтудің кейбір тәсілдері, міне, осылар. Орайына қарай осылардың ішінен қажетті тәсілдерді таңдап алу, нақты жағдайға қарай пайдалану белгілі уақыт ішінде алға қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Дәріс 8. Оқу-тәрбие үдерісін қолайлы ету
1. Оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру
2. Оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдаструдың әдістері
Қолайлы ету дегеніміздің өзі /оптималандыру/ оқу-тәрбие үдерісінің нақты жағдайлары мен міндеттерге ең жоғарғы сәйкес келуі деген сөз. Немесе берілген жағдайда кез келген міндетті шешудің ең ыңғайлы жағдайын таңдап алу. Оқу-тәрбие үдерісін қолайлы ету деп айқындалған шарттар тұрғысынан қарағанда оқыту мен тәрбиелеудің берілген жағдайда міндеттерін, мазмұнын, түрлерін, әдістерін ғылыми негізде таңдап алып, ең жақсы жүзеге асыруды айтамыз.
Қолайлы етудің теориясы мен әдістемесі педагогикалық еңбекті ғылыми ұйымдастырудың құрамды бөлігі болып табылады. мақсатқа сәйкес іс-әрекеттің негізі ретінде ыңғайлы шешімді таңдап алуға жағдай жасайды.
Педагогикалық шешімдерді қолайлы таңдап алу теориясының әдіснамалық негізі диалектикалық-материалистік тұрғыдан қарау болып табылады. Шешім қабылдауда жүйенің құрамаларының өзара заңдылықты байланысы ескерілсе ғана қолайлы жағдай таңдалып алынды деп есептеуге болады. Қолайлы етуге ақиқаттың нақтылығы жайлы диалектикалық-материалистік тұжырымның барлық жағдайларға елеулі әдіснамалық мәні бар.
Бұл тұжырымнан барлық жағдайларға да жауап беретін ортақ шешім табудың мүмкін еместігі шығады. Оқыту мен тәрбиелеудің әдістерін дамыту туралы сөз болғанда қолдану шарттары мен шеңберін көрсетпей, әдістемелік нұсқау беруге болмайтынын баса айту керек.
Қолайлы ету іс-әрекеттің басты буынды айыру қажеттігі жөніндегі әдіснамалық тұжырымға сүйенеді. Оқу-тәрбие үдерісінде ең басты, мәнді нәрсеге сүйенбей, оны күшейтудің қолайлы жолын тауып алу мүмкін емес.
Кезінде кеңес педагогы Ф.Ф. Королев былай деп жазған болатын: «Болашақ дамыту үдерістерін қолайлы басқару идеясы іс-әрекеттің барлық шеңберіне тән сипатқа ие болуына, жетекші болуына алып келеді». Қолайлы ету барысы қолайлы шешім қабылдауды психологиялық негіздеуге сүйенеді.
Қолайлы ету психологиялық тұрғыдан қарағанда белгілі бір міндетті тиімді шешуде зиялық-еріктік тоқтамға келу болып табылады. бастапқы жағдайдан шешім қабылдауға дейін мынадай кезеңдер болады:
- алға қойылған міндетті шешудің мүмкін боларлық бірнеше жолдарын ойластыру;
- олардың ішінен берілген жағдайға сай ең қолайлысын таңдап алудың қажеттілігіне жету;
- осыған ұқсас міндеттерді шешу тәсілдерінің салыстырмалы тиімділігі жөніндегі берілгендермен танысу;
- мүмкін боларлық жолдардың санын екіге дейін қысқарту;
- осы екеуінің тиімділігін салыстыру және шешімін табуға кететін уақытты есептеу;
- қолайлы етуге ең сай келетін бір жолды таңдап алу.
Қолайлы жолды таңдап алу педагогикалық ойлаудың шешімін табылуға тиісті мәселені көтере отырып, ізденудің өзіндік өрнегін талап етеді. Оқыту мен тәрбиелеудің қолайлығының шарттары болды. Бұл жерде біз қолайлы ету теориясы мектептің алдына жаңа міндеттер қоймайтынын, тек қоғам дамуының әрбір тарихи кезеңіне сәйкес алға қойылатын міндеттерді міндеттерді шешудің ең тәуір жолдарын табуды үйрететінін есте ұстауымыз керек.
Қазіргі кезде оқу үдерісін қолайлы етіп құрғанда сыныптағы әрбір оқушы ең жоғарғы мүмкіндіктің деңгейіне қарай оқы материалын игеріп, өзінің тәрбиелігі мен дамуында ілгері жылжиды. Сондықтан оқытуды қолайлы ету оқушылардың шын оқу мүмкіндіктерін міндетті түрде алдын ала зерттеуді қажет етеді.
Шын оқу мүмкіндігі – қолайлы ету теориясына енгізілген жаңа ұғым. Шын оқу мүмкіндігі өзінде ішкі /денсаулық, білім деңгейі, ойлаудың дамуы, оқуға қатынасы, жауапкершілік/ және тұлғаға енетін сыртқы шарттардың /жанұя, қатарларының ықпалы/ бірлігін бейнелейді. Мұғалім оқушының тек бүгінгі шын оқу мүмкіндігін ғана емес, оның жарқын болашақтағы даму шеңберін де білуі, яғни өзінің бағытты көмегі және басшылығы арқасында оқушылар қандай тапсырманы орындап, қандай деңгейдегі қиындықты жеңе алатынын білуі керек.
Сонымен, оқытуды қолайлы етудің бірінші шарты әрбір оқушыны үлгерімі дамудың жарқын болашағы шеңберіндегі оның шын оқу мүмкіндігіне сай келетін деңгейіне жету болып табылады.
Оқытуды қолайлы етудің екінші шарты мұғалімдер мен оқушылар үшін мемлекеттік стандартта анықталған сабаққа және үй жұмысына қаралған уақытты басшылыққа алып орындау болады.
Осыған сәйкес тәрбиелеуді қолайлы етудің бірінші шарты алға қойылған мақсаттар мен міндеттер деңгейіне сай келетін тәрбие нәтижесіне жету болып табылады.
Өткізген тәрбиелік іс-шараларды талдай отырып, мұғалім тұлғаны жан-жақты және үйлесімді дамыту міндетіне жете алады ма, әлде, жоқ па, ол міндеттерді шешуде қолда бар шаралар көздеген мақсатқа жеткізсе, онда қолайлы нәтиженің болғаны.
Тәрбиелеуді қолайлы етудің екінші шарты сыныптан тыс тәрбие жұмысына бөлінген уақыт ережелерін орындау болады. Тәрбиелеу үшін көп уақыт керегі жоқ, аз уақыттың өзін орынды пайдалану керек, - деген А.С. Макаренконың тұжырымы мұғалімнің тәрбиелік ісінде жетекші орын алуы керек. Оқу-тәрбие үдерісін қолайлы ету тәсілдері бар. Бұл тәсілдердің жүйесі төмендегідей:
1. Мұғалім нақты сабаққа немесе тәрбиелік іс-шараға оқушыларға білім берудің, тәрбиелеудің және дамытудың біртұтас міндеттерін лайықты таңдап алады.
2. Міндеттерді белгілі бір сыныптың ерекшеліктерін еске ала нақтылайды.
3. Алға қойылған міндеттерді нәтижелі шешуге қажетті мазмұнды таңдап алып, ондағы басты, елеулі мәселені айқындайды.
4. Оқыту мен тәрбиелеу әдістерінің, түрлерінің және құралдарының ішінен қажеттісін таңдайды.
5. Қажетіне қарай оқу-тәрбие үдерісіне шұғыл түзетулер енгізеді. Бұл – мұғалімдер мен тәрбиешілер шеберлігінің өте маңызды белгісі.
6. Оқыту-тәрбие үдерісін қолайлы етудің жинақтаушы тәсілі қолайлы ету шарттары тұрғысынан нәтижелі және жұмсалған уақытты талдау болып табылады. Қолайлы ету – әдістемелік жасампаздықтың, оқыту мен тәрбиелеудегі «сіңірілген» мазмұнынан өту, мұғалімдердің педагогикалық ойлауын дамыту жолы.
Дәріс 9. Жас кезеңдерін анықтаудың педагогикалық шарттары
Жоспар;
1. Педагогикада жас кезеңдері ұғымы
2. Жас кезеңдерді анықтау және педагогикалық шарттар
Адамның дамуы мен қалыптасуы бірқатар кезеңдерден өтеді. Ол кезеңдердің әрқайсысы Өзіндік ерекшеліктерімен және заңдылық-тармен сипатталады. Мұғалімнің іс-әрекеті адам дамуының жас кезеңдерін терең ұғынуға негізделген болса ғана ол оқушыларды тәрбиелеу, білім беру және оқыту міндеттерін нәтижелі орындай алады.
Өткеннің ұлы педагогтары тәрбиелеу мен оқытуды жас кезеңдері тұрғысынан қарауға үлкен мән берді. Мысалы, Я.А. Коменскийше мұғалім өзі қалыптастыратын қасиеттері мен сапаларды кәсіп иесі деңгейінде білу керек.
И.Г.Песталоццише оқытуды бала табиғатымен үйлестіре жүргізгенде ғана оны нәтижелі оқытуға болады, ал К.Д.Ушинскийше баланы оқытпастан бұрын оны жан-жақты білу қажет.
А.С.Макаренконың педагогикалық ой-пікірі бала психологиясын, оның әлеуметтік ортадағы жағдайын, өз қатарлары және ересектер ұжымындағы қалпын терең білуге негізделген.
В.А.Сухомлинскийдің оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда табысқа жетуі оның тұлғаны, адамның азаматтық сапаларын және қасиеттерін дамытудың жас кезеңдері заңдылықтары негізінде қалыптастырудың барысына терең ене білуінде болды.
Балалар дамуының жас кезеңдерін білетін мұғалім оның қатынастарын, күйзелісін, сезімдерін, яғни оқушының ішкі дүниесін көре біледі, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеуде және оқытуда әрдайым зор нәтижеге жетеді. Жас кезеңдік дамудың шарттары дене құрылымы күйінің анатомиялық, физиологиялық, психологиялық, педагогикалық, күш-қуаттық көрсеткіштері болады.
Анатомиялық көрсеткіштерге дене құрылымдағы сүйек, бұлшық ет, жүйке, ми, жүрек тамырлары, жыныс жүйелерінің дамуы, ал физиологиялық көрсеткіштерге демалу, қан айналыс, ішкі бездер, жүйке жүйелері т.б. жатады.
Мұғалім алты-жеті жасар балалардың бірсарын жұмыстарда жүйке клеткаларының белсенділігі тез төмендеп, тежелу туып, оқушыны самарқаулыққа және шаршауға алып келетінін білу керек. Жас кезеңдік дамудың психологиялық шарттарына түйсіктің, қабылдаудың, елестердің, естің, болжаудың, зейіннің, ойлау мен тілдің, темперамент пен мінездің, дағдылар мен біліктердің және басқа да тұлғаның психологиялық белгілері мен қасиеттерінің ерекшеліктері жатады.
Мысалы, алты жасар баланың мектепке дейінгі танымдық іс-әрекеттің жетекші түрі сезімдік таным, нақты бейнелік ойлау болады. Осыны бірінші сынып оқушыларына білім беру мазмұнын және әдістерін анықтауда ескеру керек.
Әр жас кезеңі үшін салыстырмалы күш-қуаттық көрсеткіштер болады. бұл көрсеткіштерге бала бойының, массасының, кеуде қаңқасының, бұлшық ет күштерінің, қимыл біліктері және басқалардың өсуі енеді.
Жас кезеңдік дамудың педагогикалық шарттары тәрбиелеу, білім беру және оқыту мүмкіндіктерін сипаттап, адам өмірінің әр түрлі кезеңдеріндегі оның ақыл-ой, саяси-идеялық, өнегелік, еңбек және политехникалық, әсемдікке көзқарас, дене тәрбиесін алу мүм-кіндіктерін анықтайды. Белгілі бір жас кезеңінде аталған көрсеткіштердің кейбіреулері жетекшілік етсе қалғандары оларға тәуелді болады.
Мысалы, жаңа туған нәрестелік кезеңде жетекші шарт баланың денсаулығы, мектепке дейінгі жас кезеңінде психологиялық, ал бастауыш сынып жасында педагогикалық шарттар негізгі болады. Оқу іс-әрекетті қалыптастырудың мазмұны мен ерекшеліктерін анықтайды.
Дәріс 10. Жас кезеңдерінің педагогикалық сипаттамалары
Жоспар;
1. Педагогикада жас кезеңдері
2. Жас кезеңдерінің сапаттамалары
Жаңа туған нәрестелік кезең бір-екі айға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңде тәрбие негізінен баланың күш-қуатын дамыту, денсаулығына қамқорлық жасауымен шектеледі. Баланың
42 денсаулығын сақтау мен шынықтыратын шаралар, ұйқы мен көңіл-күйін сақтау ырғағы, гигиеналық лайықты киім кигізу т.б. болады. Дегенмен жаңа туған нәрестенің тәжірибесі оның тек денсаулығын сақтаумен шектелмейды. Бұл жас кезеңінде бала өзін қоршаған ортамен иіс сезу, көру, есту, терілік, қимылдық түйсіктер арқылы тікелей қатынаста болады.
Әсіресе, дене құрылымы қажеттігін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін ему, бағдарлық, қармап ұстау сияқты рефлекстер дамиды. Осы жас кезеңінде тәрбиенің негізгі мақсаты сезім мүшелерінің қарқынында қызмет істеуіне лайықты жағдай туғызуы болып табылады. Бұл жүйке жүйесінің, мидың дамуын қамтамасыз етіп, танымның барысын қалыптастырады.
Егер тілдің, көрудің, әуеннің, қозғалудың, естудің сан түрлі қоздырғыштарымен кең қатынас қамтамасыз етілсе, бала тез дамиды. Бұл жердегі негізгі шарт қоздырғыштар көтеріңкі көңіл-күйін туғызатын болуы керек. Екі-үш айлық балада ересектерді көргенде ерекше көтеріңкі сезім мен қозғалғыштық туындайды. Аяқ, қолымен қарқынды қозғалып, жүзінде мейірім күлкісі ойнап, дыбыстайды.
Осы уақыттан бастап бала балғын бөбектік шаққа енеді. Балғын бөбектік кезең бір-екі айдан бастап бір жасқа дейінгі уақытты қамтиды. Осы кезеңде бала басын ұстауды, отыруды, еңбектеуді, бойын тік ұстауды, жер бетінде алғаш қадам жасауды үйренеді.
Психикалық барыстар мен тұлға қасиеттері қарқынды қалыптасады. Заттарға ұмтылып, ойыншықтарды ұстауға тырысады. Қозғалыстары үйлесімді сипатқа ие болып, заттармен қарапайым әрекеттер жасау мүмкіндігіне жетеді. Бала заттарды лақтырып, сілкілеп, соғып, олардың қасиеттері, белгілерімен танысады. Заттар мен ойыншықтар әлемі оған тәуелсіз сипатта болғандықтан, ол бұл әлемді тануға ұмтылады. Қабылдау заттық және тұрақтылыққа айналады. Бұл кездегі аса маңызды жаңа құрылым бала тілінің шығуы болып табылады. Баланың алғашқы сөздері оны қоршаған әлеммен белгіленген үлгі арқылы байланыстырып, қарама-қайшылықты және қиынырақ болғанымен болашақ үміт дүниесінің деңгейіне енгізеді.
Бүкіл осы кезең барысында баланың тілі шығады. Бұл жерде бірақ бала бойында алдымен белгілі бір өмірге қажетті қызмет пайда болып, сонан кейін барып ол дамытылады, яғни бала оқытылады және тәрбиеленеді деп есептуге болмайды. Бұл жағдай тек бала тілінің шығуына ғана емес, ол тұлғаның басқа да барлық психикалық барыстары мен қасиеттеріне қатынасы бар.
Бала ересектермен әлеуметтік байланысқа, қатынастарға ену, өзін қоршаған ортаның алдын ала қарастырылған және қарастырылмаған ықпалдарына ұшырау негізінде дамиды және қалыптасады. Бала психикасының бірде-бір сапасы мен қасиеті тұқым қуалау нәтижесінде немесе туа бітті қалыптаспайды. Баланың заттарымен, ойыншықтарымен әрекеті, ересектермен қарым-қатынасы және бірлескен іс-әрекеті оған тәрбиелеу, білім беру, оқыту ықпалын жасайды. Бала тыңдау, көру, байқау, есте ұстау, әрекет жасау біліктерін игереді. Оған ересектерге еліктіру, ұқсата орындау әрекеттері тән.
Нақты заттық ойлау пайда болады. Заттармен әрекеттер жасау, ересектермен қарым-қатынас заттардың белгілерін бейнелеуге алып келеді. Балғын бөбектік кезеңде тұлғаның жан-жақты дамуының алғы шарттары қалыптасады. Тәрбиенің мағынасы осылай дамудың мүмкіндіктерін қамтамасыз етіп, осы мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жағдай жасау болып табылады.
Бір жастан үш жасқа дейінгі уақыт ерте балалық жас кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде бала тұлғасының дамуы мен қалыптастыруында сапалық секіріс болады. Тіл таным мен қарым-қатынас шеңберін кеңейте отырып, бала тұлғасының рухани құрылуының жетекші құралына айналады. Баланың тілін дамыту – тәрбиенің маңызды міндеті. Бұл кезеңде баланың игерген сөзінің саны әртүрлі болады. Олай болу тәрбиенің күйіне байланысты. Бала тілі қалай болса солай дамымайды, ол сөз бен қатынастың, сыртқы әсерлердің нәтижесі болады. Қарым-қатынас сипаты бала сөзінің санына, әртүрлілігіне, сөйлеу мәдениетіне, сөйлеуді тыңдауды, түсінуді қажет тұтуына елеулі ықпал жасайды.
Бұл жас кезеңінде баланың тәртібі қалыптасып, мінез қырларының негізі қаланады. Екі-үш жасар бала, әрине, өз мінезінің қандай екені жөнінде ойланбайды.
Дегенмен, ата-аналармен, ересектермен, өз қатарларымен қарым-қатынас жүйесіне, нәрсені істеу, нені орындамау қажет екенін түсінуге жетелейді. Өзінің қарым-қатынасы, тәртібі, іс-әрекеті арқылы бала моральдық талаптары мен ережелерді меңгереді. Баланың меңгеретін моральдық талаптары мен ережелерінің мазмұнын оның тәртібі мен іс-әрекетін ұйымдастыруға тәуелді болады. Өз ырқымен әрекет жасау ынтасында көрініс беретін өзіндік алғашқы тәртібі, ісі бала еркін, жұмыс қабілетін, еңбек сүйгіштігін қалыптастырудың негізі болып табылады.
Баланың «мен өзім» дегенін тыңдамай, ата-аналар «көзсіз» сүйіспендікке беріліп, киіну, шешуін, тамақтану, алып беру, алып келу ырқына жібермесе, жоғарыда айтылған сапалық қасиеттердің тууын жаншып, бала бойында кесірліктің, қиқарлықтың, жалқаулықтың, еріксіздіктің, ретсіз бұлданудың, өзіне сенімсіздіктің пайда болуына жол ашады. Мұны болашақта түзету қиынға соғады.
«Тәрбиелеуден қайта тәрбиелеу қиын» деген халық даналығы орынды екенін ұмытпағанымыз жөн. Бала тұлғасының көптеген сапалары осы ерте балалық жас кезеңінде, үш жасарында туындайды. Осы сапалардың қандай болуы тәрбиеге, балаға қойылатын талаптарға, оның бойында қалыптастыратын Өз бетіндігі мен істегі ырықтылығына, ынтасы, ұмтылысы, қажеттіктеріне және оларды қанағаттандыру тәсілдеріне тәуелді болады.
Ерте балалық жас кезеңде балаға өзінің зейінін аударатын, оның іс-әрекетінің заты не болатыны, қарым-қатынасы, ойындары бәрі қызық. Осы кезде ата-аналардың, тәрбиешілердің негізгі қамқорлығы баланың өз бетіндігі мен ырықтылығын туғызып, жан-жақты іс-әрекетін, қарым-қатынас пен танымның көп түрлілігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жас кезеңінде дамудағы жеке ерекшеліктер елеулі болғанымен әр бала тұлғаға айналып, өзін қоршаған әлемнен бөліп қарайды, оның бойында ересек адамдарға тән сапалардың негізі қаланады.
Сондықтан кейбір психологтар туған күнінен бастап ересектікке адамның даму жолының орта шені үш жасар бала деп есептейді. Мектепке дейінгі жас кезеңі үш жастан алты-жеті жасқа дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде анализаторлардың қызметі, елестетулердің, қиялдаудың, естің, ойдың, сөйлеудің біртұтастық тұрғыда дамуы әлемді танудың сезімдік кезеңін қалыптастырады. Логикалық адамдар және абстрактылы ойлау құрамалары тез қарқынмен қалыптасады.
Дегенмен, бұлар қосымша және көмекші құрамалары ретінде сезімдік таным құрылымына енеді. Мектепке дейінгі жастағы бала әлемді көрген күйінде көз алдына келтіруге тырысады. Тіпті ұшқыр қиялын да шындық ретінде бағалауға дайын болады.
Қоршаған әлемнің заттары мен құбылыстарының сезімдік бейнелері қай балада жоғары дәрежеде жинақталған және жүйеге келтірілген болса, сол баланың ақыл-ойының дамуы жоғары болады. Мектепке дейінгі жас тұлғаның жан-жақты дамуы мен қалыпастуының басы.
Біздің елімізде балабақшалар бағдарламасы балаларға дене, ақыл-ой, өнегелік, еңбек, әсемдікке көзқарас тәрбиесін беруді көздейді. Мұны жүзеге асырудың негізгі құралы - ойын. Бала өзіне керегінше ойнайды. Ойын мазмұнын өз айналасынан көргенінен алады. Ойында адамның кәсібімен, тұрмыстық өмірімен, құлқымен, тәртібімен, іс-әрекетімен танысады.
Ойын барысында ол өзі ересек болғанда өмірінде не болатынын бейнелегендей болады. Ойын қиқырлық, қанағатсыздық, томаға-тұйықтық сияқты орынсыз, теріс сапалардың пайда болмауына ықпал жасай алады. Сондықтан баланың ойын іс-әрекетіне тәрбиеші бағыт беруі қажет. Ойын мазмұнына еңбектің түрлері енгені жөн. Бұл жас кезеңінде ең қол жетерлік еңбек тұрмыстық-шаруашылық істері болып табылады. Мектепке дейінгі кезде бала адамның қоғамдық-тарихи тәжірибесін жүйелі меңгеруге қажетті тұлға сапаларының және қасиеттерінің иесі болады. дегенмен, ол үшін арнайы оқу іс-әрекеті қажет. Мектепке дейінгі жастағы балада қалыптасқан сезімдік таным кезеңі адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесінің ғылыми жағынан басқасының бәрін онан әрі меңгеруге жеткілікті болады.
Абстрактылы ойлаудың қалыптастыруы және ол жетекші мағынаға ие болуы үшін баланы мектепке оқытамыз. Ол уақытта бала ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз ететін адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесінің маңызды жақтарын меңгереді. Жүйелі ғылыми білімді меңгеру тұлғаның белгілі деңгейдегі даярлығын талап етеді. Мысалы, өз тәртібін, жігерін, еңбек сүйгіштігін, табандылығын, ойлау логикасын, әлемді тану мүддесін, білім қажеттігін т.б. басқара алуға даярлығы.
Қазіргі кезеңде алты жасар баланың мұндай дәрежеде болу мүмкіндігі бар. Сондықтан да мектепте оқыту алты жастан басталады. Бастауыш сынып жасындағы кезең алты мен он жыл аралығын қамтиды. Мектеп табалдырығын аттаған алты жасар бала күш-қуаты мен психологиялық сапалары жағынан мектеп жасына дейінгі адам ретінде болса, ал төртінші сыныпта оның бойында жас өспірімдік белгілер пайда болады.
Әрине, бұл жасқа тән қарама-қайшылықтар мен күрделі күйзелістер белгі береді. Мұнан әрі жасөспірім жақсы оқи ма, әлде оның тәрбиесінде шиеленісті жағдайлар бола ма, оның физиологиялық ерекшеліктеріне тәуелді емес, ол бастауыш сыныпта өткен өмір жолына, оның бойында қалыптасқан тұлғалық сапаларға байланысты болады.
Мұғалім бастауыш сынып жасындағы оқушыға ықпал жасауда бағдарламалық білім, білік және дағдылар мазмұнында, тәрбиелік, жоспарлар мен іс-шаралар, оқушылар ұйымы жұмыстарында айқындалатын тәрбие мен оқытудың арнайы жүйесін басшылыққа алады. Бұл ықпалдар объективтік сипатта болады, бұл жерде оқушы тәрбие объектісі ретінде көрінеді. Оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасы бастауыш сынып жасындағы оқушының белгілі бер деңгейде зиялы, өнегелі, әсемдік талғамы, еңбек сүйгіштігі, күш-қуаты болып дамуын көздейді. Дегенмен, бастауыш сынып жасындағы оқушылардың мектепте оқыту мен тәрбиенің бірдей бағдарламасымен, бірдей жағдайда болатынына қарамастан, білімдері, үлгерім көрсеткіштері, оқу міндетіне қатынасы әртүрлі болатыны белгілі, екінші сөзбен айтқанда, оқушылардың бірдей деңгейде дамуы болмайды.
Бұл неліктен? Ең алдымен әр оқушының өзіне байланысты оқуда, сыныптан тыс жұмыста, оқушылар ұйымының іс-әрекетінде өзінің тұлғалық қырларын көрсете білуінде. Мектеп пен мұғалім тарапынан бірыңғай талап қойылғанмен оқушылар мектеп өмірінде өздерін бірдей деңгейде көрсете алмайды. Әр оқушыда арақатынасы оның жекелеген көрсететін тұлғалық қырлары байқалады.
Кез келген оқушы тек мұғалімнің нұсқаулары мен талаптарына сәйкес қана әрекет етпейді, ол қалыптасып келе жатқан өз тұлғасының байыбына қарай да іс-әрекет, қарым-қатынаста болады. Бұл жағдайда оқушы мектепте өзін тәрбие субъектісі ретінде көрсетеді.
Ең бастысы, бүкіл тәжірибе жұмысы білім, сенімдер мен әрекеттер, сөз бен істің тығыз бірлігі негізінде құрылуы қажет. Осы қағиданы нәтижелі жүзеге асыру үшін мұғалім мектептегі оқу-тәрбие үдерісін оқушы тарапынан көре білу керек:
- Өзінің қандай білім беру керек екендігі ғана емес, әр оқушы қандай білім алғанын;
- оқушыға білімдерінің объективті /шын/ қажеттігін ғана емес, оқушының осы білімдерге субъективті /жеке/ қатынасын;
- оқытудың нәтижесін, білімді объективті бағалу ғана емес, әр оқушының ойлау ерекшелігін;
- тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу ғана емес, олардың оқушының рухани жан дүниесіне орынды, бейтарап, тіпті теріс ықпалын.
Дәріс 11. Мұғалім - мектептегі басты тұлға
Жоспар;
1. Мектептегі педагог тұлғасы
2. Педагог тұлғасына сипаттама және оған қойылатын талаптар
Ұстаздыққа өмірін бағыштаған азамат мұғалімдік іс-әрекет жоғары және асқан бейімдікті талап ететіндігін бір сәт естен шығармаған жөн. Тәрбие пайда болғалы бері педагогтық қызмет өмір сүріп келеді. Чехтың ұлы педагогі Я.А.Коменскийдің еңбектерінде-ақ мұғалімнің қызметінен асқан қызмет жоқ екендігі туралы пікірді кездестіреміз.
Орыс педагогикасының негізін салған К.Д.Ушинский мұғалімнің оқушыға ықпалын ешқандай бектіліген ережемен, бағдарламалармен, ешқандай оқу орындарын ұйымдастыру мен ауыстыруға болмайтын ерекше тәрбиелік күш екенін атаған болатын. Сондықтан әрқайсымыз өз мұғалімдерімізді, ең алдымен, әріп пен сөздерді жазуды, оқу мен есептеуді үйреткен, білім мен еңбек әлемнің сырын ашқан алғашқы ұстаздарды білеміз және есте ұстаймыз.
Өз шәкіртінің ақыл-ойы мен жүрегіне жол тапқан ұстаз нағыз мұғалім. «Мұғалімдік – мағынасы білім беру болып табылатын мамандық қана емес, тағдырына адамның тұлғасын жасау, адамда адамдықты бекітетін өте жоғары борыш. Өмірдің дамып, ұдайы өзгеретін шындығы мұғалімнен өз ісіне бар күшін тұрақты жұмылдыруды, белгілі қажырлықты, асқан жауапкершілікті талап етеді. мұғалім еңбегіндей жанды, шексіз дамып өзгеретін, қозғалғыш ешнәрсе жоқ.
Ол еңбек мұғалімінен мамандыққа тән жинақылықты және қырлылықты талап етеді. Сондықтан әр мұғалімнің жекелігі, даралығы, өзіндік ұмытылысы мен педагогтік қол таңбасы болады. кезінде К.Д.Ушинский тәрбиеде барлығы да тәрбиешінің тұлғасына негізделуі керек деген болатын. Адам тұлғасының дамуы мен анықталуына басқа адамның тұлғасы ғана әсер етеді, мінезді тек мінезбден құруға болады. Әрбір тәрбиешінің мінезі, адамгершілік сезімдері маңызды нәрсе.
Адамның жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғасын қалыптастырудағы қоғамның әлеуметтік тапсырмасын орындау үшін мұғалім белгілі бір қоғамдық-саяси, педагогтық-мамандық және тұлғасы жағынан нақты талаптарға сәйкес келу керек. Бұл талаптардың сырын ашпас бұрын мұғалімдік жұмысқа педагогтік бейімдік пен мамандыққа жарамдылық мәселелеріне тоқталайық.
Мұғалімнің кәсіптік арнайы сапаларын бөліп қарауға болады. Олар: педагогтік әдептілік, табандылық, оқу-тәрбие үдерісінің себеп-салдарлық байланыстарға енуіне мүмкіндік беретін кәсіптік-педагогтік ойлау, өз іс-әрекетін талдай білу, жетістіктер мен кемістіктердің ғылыми негізделген түсініктемелерін іздеп табу, жұмыс нәтижесін алдын ала көре білу т.б.
Мұғалім оқушының қалыптасып келе жатқан тұлғасын оқытуды, дамытуды және тәрбиелеуді басқарады. Ол үшін білім, жарамдылық, білімділік керек. Бұларды адамның басқа ешқандай сапаларымен ауыстыруға болмайды. Мұғалімдік кәсіптік жарамдылығы оның қоғамдық-саяси, арнайы және психологиялық-педагогикалық даярлығының біртұтастығымен анықталады.
Мұғалімнен меңгеруі керек деген сұраққа жауап бере келіп, Н.К.Крупская: «Мұғалім, ең алдымен, өзі негіздерін оқытатын пәнді, сол ғылымды білуі қажет. Ол ғылымның нағыз мәні, қазіргі күйі, оның дамуының басты кезеңдерін, басқа ғылымдармен байланысы түсінуі керек, - деп жазған болатын. Мұғалімге қойылатын ең басты талап іргелі ғылыми пәндерден білімін үнемі толықтырып, жеткілікті дәрежеде кеңейтіп отыру болып табылады. Бұл жерде тек білімнің көлемі ғана емес, оның дәл, жүйелі қозғалғыш болуы басты нәрсе. Білімнің өте көптігі емес, оның жинақталуы мен басқарылуы; мектеп жағдайына сәйкестендірілуі адамды педагогтік іс-әрекет жарамды етеді.
Мұғалім мектеп болашағына бағытталған болып, білімі бүгінгі күннің талабынан озыңқы тарту керек. Ғылыми білім жүйесін меңгеру деңгейі жоғары болуы мүмкін, бірақ ол мұғалімнің кәсіптік мамандыққа жарамдылығының белгісі бола алмайды. Тек меңгерілген білім педагогикалық іс-әрекеттің мақсаттары, шарттары және тәсілдерімен білікті сәйкестендірілсе ғана жарамдылықтың белгісі бола алады.
Педагогтың іс-әрекетте туындайтын міндеттер оны орындау жолдары сипатындағы міндеттер болып табылады, яғни нақты және қайталанбайтын педагогикалық жағдайларды белгіленген міндеттерге ең тиімді жеткізетін тәсілдерді анықтау болады. Психологиялық және педагогикалық даярлық жүйесінде ғана білімдер мұғалімнің кәсіптік іс-әрекетінің құрамына айналады. Ол тұлғадағы білім кәсіптік жарамдылықтың негізі ретінде мұғалімге өз іс-әрекетін жоғары ғылыми-педагогикалық деңгейде құруға, нақты педагогикалық құбылыстарды зерттеуге, суреттеп жазу және түсіндіруге, мамандық тұрғысынан шешім қабылдауға, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік білім алып, толықтыруға мүмкіндік береді.
Мұғалімнің мектептегі оқу-тәрбие жұмысына кәсіптік жарамдылығының негізінде педагогтік біліктілік жатады. Бұл өзара нақты қатынастармен байланысқан және өзгеріп отыратын жағдайларда педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған әрекеттердің жүйесі. Педагогтік біліктіліктің қызмет етуі білімдер мен дағдылар күйінде берілген тәжірибені қарқынды және мақсатқа бағыттай пайдалануға сүйенеді. Дағдылармен салыстырғанда біліктер өте өзгергіш және әрекеттерді саналы орындау, жасампаздыққа өту мүмкіндігін сақтау сипатында болады.
Кез келген басқа мамандық иелеріне қарағанда мұғалімге өз білімі мен жұмыс әрекетін жиі өзгертуге тура келеді. Сондықтан ол тек қана орындау жолдарымен ғана емес, педагогтік әрекеттерді жүзеге асыру әдістемесімен қарулануы керек. Мектеп қоғамдық бітімнің тірі клеткасы, ал мұғалім осы клетканың ядросы. Қазіргі мектеп мұғаліміне өз бетімен ойлай бұл, өзгермелі күрделі жағдайларда жасампаз шешім қабылдау тән нәрсе. Бүгінгі таңда мұғалімнің қызметі оқушыларға білім беріп, тар шеңберде оларды бір нәрсеге үйретіп қою емес, олардың жаңа қалыптасып келе жатқан санасын рухани құндылықтармен байыту, балалардың қоғамдық пайдалы іс-әрекетке қажеттігін ояту, әлеуметтік белсенді тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Ол үшін мұғалім оқушылар бойына сіңдіретін сапаларын өз бойына да қалыптастыруы қажет тиіс, шаршап-шалдықпайтын және самарқаулықтан аулақ, ісін сүйетін, өзінің жасампаздық күш-қуатын үнемі арттыратын болуы керек.
Дәріс 12. Педагогтік жасампаздықтың негізі және алғышарттары
Жоспар;
1. Педагогикалық жасампаздық
2. Жасампаздықтың негізі мен алғышарттары
Жасампаздық – адамның шындықты қайта құрудағы, негізінен жаңа, арнайы іс-әрекеті. Осыған орай әр мұғалім педагогикалық шындықты белсенді қайта құрушы болуы қажет. Жаңашылдық және жасампаздық мұғалім қауымның дәстүрінде әрдайым болды, бола да бермекші.
Шындығында педагогтік іс-әрекет жасампаздық сипатта болады. Себебі оның ісі педагогикалық жағдайларды талдаулардан, нәтижені жобалаудан, қолда бар құралдарды зерттеуден, оқу-тәрбие үдерісін құрып, жүзеге асырудан, алынған нәтижеге баға беруден, жаңа міндеттерді айқындаудан тұрады. Осы тұрғыдан қарағанда болашақ мұғалімнің студенттік кезңінен бастап дедуктивтік жолменен ой қорытындысын, нұсқаулар, салыстырулар құра білу, іс-әрекеттегі амалдар мен әрекеттер тізбегін анықтай алуы, болжам құрып, оны тексере білуі, бақылау, тәжірибе және эксперимент бағдарламасын жасау білуі, педагогикалық құбылыстардың басты байланыстары мен арақатынастарын белгілей білуі, алынған деректерді өңдеп, жүйеге келтіріп, мағынасына жетіп, қорытынды жасау білуі, өз бетімен және ғылыми негізде шешім қабылдауы, ойын дәл анық және қысқа баяндай білуі қалыптасуы қажет.
Педагогтық жасампаздықтың екі негізі бар /М.А.Данилов/.
Біріншісі, тәжірибеде оқу-тәрбие іс-әрекетінің сипаты, оның нәтижесі педагогтық тапқырлықпен, жорамалдаумен, жаңалықтармен тура тәуелділікте болады. Бұл педагогтық тапқырлық пен жаңалықтардың, мұғалімдер, тәрбиешілердің шынайы жаңашылдығының бастапқы шеңбері.
Екіншісі, оқу-тәрбие үдерісін, оның мазмұны мен әдістерін зерттеу. Бұл жерде кең және дәл ғылыми қорытындыларға келтіретін теориялық әдістер мен эксперименттер алғы шетпен көрінеді.
Педагогтық жасампаздықтың қажетті шарттары ғылыми нұсқаулары мен жаңашылдар тәжірибесіне өте сезімталдықпен қарау болып табылады. мұндай мұғалімнің ішкі қажеттілігі ретіндегі сезімталдық өзіне тән жаңаша ойлауын қалыптастырады. Ең тәуір мұғалімнің өзі жұмыстың барлық әдістері мен тәсілдерін меңгере алмайды, оларды талғамды түрде, өз шамасына қарай, өзінің жеке ерекшеліктеріне сәйкес таңдайды.
Кез келген ғылыми теория, соның ішінде педагогика да, ойлау іс-әрекетіндегі абстрактілеудің нәтижесі. Абстрактілеу зерттелетін шындық шеңберін және заңдылықтарын ғылыми ұғымдар жүйесі түрінде пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл кезде педагогикалық ұғымдар жүйесі оқу-тәрбие үдерісін жеке құрамаларға бөлуді қажет ететі, ғылымға тән аналитикалық түрге ие болады. Ғылыми танымның күші мен құндылығы да осында.
Педагогтық жұмыс тәжірибесінің логикалық құрылымы басқаша болады. Мұнда бәрі де көптеген байланыстар және қарама-қатынастар арқылы күрделенілген синтетикалық біртұтастыққа беріледі. Кез келген педагогикалық дерек біртұтас динамикалық жүйенің бөлігі болады.
Сонымен, шын оқу-тәрбие үдерісінің құрылымы мен логикасы ғылыми педагогикалық ұғымдар жүйесінің құрылымы және логикасымен тура келмейді. Бұл қарама-қайшылық педагогикалық тәжірибені жинақтау арқылы шешім табады. Тек жоғарғы деңгейде жеткілікті жинақталған тәжірибе ғана педагогтік іс-әрекеттің заңдылықтары мен тетіктерін түсіндіре алады. Тәжірибе көпшілік және озық педагогикалық тәжірибе деп екіге бөлінеді.
Кез келген тәжірибе қоғамдық субъектінің сыртқы әлеммен өзара әрекеті және оның нәтижесі болып табылады. Нәтижесінде адамзат мәдениеті жеке өмір сүру түріне айналып, қоғамдық тәжірибелік қарым-қатынастар мен іс-әрекет ретінде көрінсе, оны педагогикалық тәжірибе деп түсінуіміз керек. Көпшілік педагогикалық тәжірибе педагогикалық шындықты толығынан және оның даму деңгейі мен қызметін бейнелейді.
Озық тәжірибе деп мектеп пен мұғалімдердің жасампаздық ізденістерінің нәтижесін, педагогика ғылымы мен тәжірибесінде бұрын белгісіз жаңа педагогикалық деректерді ашатын, жаңа педагогикалық құндылықтарды жасайтын немесе балалар мен жастарды оқыту мен тәрбиелеудің түрлерін, әдістерін, тәсілдерін қазіргі міндеттерді шешуге қолдануға болатын етіп түрлендіретін тәжірибені атаймыз. Озық педагогикалық тәжірибені жасаушылар өз жұмыстарымен объективті өмір сүретін заңдар негізінде, саналы немесе ішкі сезімдерге сүйене ұйымдастыратындықтан, жақсы нәтижеге жетеді.
Сондықтан озық тәжірибені зерттеп, жинақтағанда мұғалімнің сәтті пайдаланған педагогикалық заңдылықтарын айырып көре білу керек. Заң дегеніміз құбылыстар арасында ішкі объективті қажетті, тұрақты байланыстарды және дамудың реті немесе тізбегін көрсетеді.
Заң мәнді анықтайды, ал шын мәнінде барлық құбылыстар мен үдерістер қарама-қайшылықты болады. заң осы қарама-қайшылықтарды дәл тауып, бейнелеп, сонымен қатар оны шешудің жолын тауып беруі керек. Озық тәжірибе ұғымының тек абсолюттік емес, салыстырмалы да ролі бар. Жеке мұғалімнің немесе мектеп ұжымының ертерек игерілген тәжірибесі басқалар үшін болашақ үміт дүниесі, алдыңғы қатарлы тәжірибе болып шығуы мүмкін.
Кез келген тәжірибеде жеке мұғалімнің қол таңбасы және жергілікті ерекшеліктер байқалады. Басқа мұғалімдер ол тәжірибемен танысып, оны өзінше қабылдап, өзінше пайдаланады. Осы ерекшелікке байланысты нақты мұғалімдердің жасампаздық жаңалықтарын біртұтас оқу-тәрбие үдерісіне енгізу білігі деген күрделі мәселе туындайды.
Озық педагогикалық тәжірибе өзіне тән бірқатар белгілермен сипатталады. Оларға жоғарғы нәтижелік пен тиімділік, қазіргі ғылыми жетістіктеріне сәйкестік, жасампаздықты пайдалану мүмкіндігі т.б. тән.
Дегенмен, озық педагогикалық тәжірибенің ең басты белгісі оның жаңалығында. Кез келген жаңашылдықты озық тәжірибе деп қарауға болмайды. Көпшілік тәжірибесінің қажеттілігінен озыңқы істермен нәтижелі жаңалықтар күмән туғызатыны, жаңа жағдайда ойдағыдай нәтиже бермейтіні болуы мүмкін. Кез келген істе жаңалық айту қоғамдық пікір туғызады.
Айтылған пікір ешқандай мінезсіз бола беруі мүмкін емес. Бірақ бұл пікір адамдарды ақиқат құндылықтар туғызатын жасампаздыққа, жаңаны қарқынды іздеуге жетелейді. Мұғалімдер көп жағдайда, өз жұмыс тәжірибесінде озық педагогикалық тәжірибеге жүгіне отырып, оған жеткілікті талдау мен жинақтау жасамай, өз ісіне аудара салады. Ең тәуір деген үлгінің өзін өз ісіне осылайша аудара салу көбінесе сәтсіздікке тіреп, қабылданылуға тиісті озық тәжірибеге теріс баға беруге әкеледі. Озық тәжірибені қабылдау және меңгеру – қажетті, бірақ педагогтік жасампаздықтың жеткіліксіз шарты.
Оқу-тәрбие үдерісі – күрделі жүйе. Мұнда көп нәрсе терең бүркемелі жатады. Сәтсіздіктің себептерін түсіну, әлсіз жерлерді табу, теріс құбылыстардың тууын көру үшін мұғалімге оқу-тәрбие үдерісінің әр жағын мұқият талдауы, оны буындарға бөліп, әр буынның басқа буындармен байланысын тексеруі қажет. Бұл жерде мұғалімге педагогиканың теориясы көмекке келеді.
Өкінішке орай, көптеген мұғалімдер, тіпті студент шағынның өзінде, педагогиканы барлық жағдайлардың дайын жауабы немесе оны шешуге ұсыныстар деп қарайды. Ғылымды осы тұрғыдан қарау ғылыми әдебиеттерге бой ұруға кесірін тигізеді.
Бұл жерде болашақ мұғалімдерге айтарымыз, көп жылдар тәжірибесі бар мұғалімнің өзі де педагогикалық теорияны үздіксіз оқып, зерттеу қажеттігін жан азығы ету керек. Педагогикалық теория тәжірибелік әдебиеттерден озық тұру қызметін атқарады, яғни әзір белгісіз құбылыстардың немесе орындалмаған әрекеттердің ойша жобасын құру қызметі болады. Осы озық қызметін педагогика теориясының жасампаздығы, бұл озықтықтың нәтижесін педагогтік жасампаздықтың жемісі деп түсінуіміз керек.
Мұғалімдер іс-әрекет тәжірибесінде теорияға бой ұрып, көптеген қиындықтарға кездеседі.
Біріншіден, ғылыми теория жалпы заңдардың, принциптердің, ережелердің реттелген жиынтығы, ал тәжірибе әр уақытта жеке жағдайға байланысты болады. Теорияны тәжірибеде қолдану мұғалімнен жасампаздықпен ойлану дағдысын талап етеді.
Екіншіден, педагогтік іс-әрекет білімдерді синтездеуге сүйенетін біртұтас барыс болып табылады. Көбінесе мұғалімі білімі тұлға қалыптасу барысын басқаруға қажетті дәрежеде шыңдалған бола бермейді. Педагогтік жасампаздық мұғалімнен оқу-тәрбие үдерісін бақылау, талдау, зерттеу, оның қарама-қайшылықтары мен қозғаушы күштерін ашу білігін талап етеді. Бақылау сезім мөлшері арқылы шындықты түсінуді қамтамасыз ететін заттың барлық сыртқы көріністерін шапшаң, дұрыс және дәл қабылдауды қажет етеді. Оқу-тәрбие үдерісін бақылай білу оның сыртқы көріністерін тез және дұрыс тану, оның ерекшеліктерін түсіну, түзету енгізу мақстаында оның барысының тиімділігі жөнінде ой қорытындысын жасай білу деген сөз.
Алғашқы кезде студент мектепке келісімен көргендерін педагогиканы, психологияны және әдістемені оқу үдерісінде алған теориялық-тәжірибелік тұрақты педагогтік әрекеттермен салыстыра алады. Бақыланатын педагогикалық құбылыстарды студент синтетикалық, біртұтас тұрғыда, тек теориялық меңгерілген педагогикалық ұғымдарды білу тұрғысынан қабылдайды.
Сондықтан бақыланатын құбылыстарға баға беруде негізінен теориялық білммдерге сүйенеді. Бірақ өз бетімен мұғалімдер іс-әрекет үдерісінде тәжірибе жиналғаннан кейінгі бақылау, салыстыру және талдау барысы елеулі өзгереді.
Егер мұғалім өз еңбегіне терең талдау жасамаса, онда жинақталған тәжірибесі оның педагогтік ойлауын дәлелденбеген қағидаға айналдырады. Педагогикалық құбылыстарға ғылыми талдау жасай білу қабілетінің болмауы басқаның тәжірибесін өз ісіне көшіре салуға, кез келген нұсқамаларға ретсіз сене беруге немесе кез келген жаңа нұсқаулармен танысқанда әуелгіден тез бас тартуға алып келеді. Бұл өзіне тән, нақты педагогтік істе лайықты қол таңбасының қалыптасуының негізгі себебі болады. Өз ісінің шебері, түрлендірушісі, жасампаз болу үшін мұғалім оқу-тәрбие үдерісінің заңдылықтарын, оның терең негіздері мен тетіктерін меңгеру қажет.
Бұл жағдай мұғалімге педагогтік ойлау мен әрекет ететін оқу-тәрбие үдерісінің құрамаларын бөле біліп, оның әр бөлігін тұтаспен байланыстыруға, оқыту және тәрбиелеу теориясының қарас-тырылатын құбылыстар логикасына бара-бар идеяларды, қорытындыларды, принциптерді таба білуге, құбылыстың қандай психологиялық, педагогикалық ұғымдарға жататынын анықтауға, негізгі педагогикалық міндетті, оны шешудің қолайлы тәсілін табуға мүкіндік береді.
А.С.Макаренко оқушылар өз мұғалімдерінің қаталдығын, жағымсыздығын, тіпті міншілдігін кешіреді, бірақ істі нашар білуін кешірмейді деп атап көрсеткен болатын. Мұғалімнің сенімді және айқын білімін, білігін, өнерін, шебер қолын, аз сөздігін, жұмысқа әрдайым даярлығын, ашық ойын бәрінен де жоғары бағалайды. Педагогтік жасампаздық тек дарынды адамның қасиеті емес, ол үлкен ізденіс пен еңбектің нәтижесі болып табылады.
Дәріс 13. Оқу-тәрбие үдерісі - ұжымның жасампаздық ісі
Жоспар;
1. Оқу-тәрбие процесінде педагогикалық ұжымның маңызы
2. Мұғалімнің жұмыс уақытын және жасампаздық күш-жігері.
Мұғалім бір мезгілде сапалық айнымалысы бар бірлескен іс-әрекеттің екі жүйесіне қатынасады. Олар: оқушылармен қарым-қатынас және әріптестермен бірлесе еңбек ету. Бұл екі жүйе бірігіп жатқанымен әрқайсысының өз бетіндігі бар. Бұлардың өзара қатынасы дамып отырады. Егер педагогикалық ұжымның қалыптасуының бастапқы кезеңінде әріптестермен қарым-қатынасы мұғалім үшін балалармен бірлесе атқаратын іс-әрекетін қолайлы етудің шарты ретінде, яғни құндылық-құрал ретінде көрінсе, ал жоғары деңгейде дамыған педагогикалық ұжымда бірлескен кәсіптік іс-әрекет жаңа себептермен, тұлғалық жаңа мағыналармен байытылады, яғни құндылықтар – мақсатқа айналады.
Әріптестермен мұнан да жоғары қарым-қатынас және өзара әрекет деңгейі мұғалімге балалар тәжірибесіндегі жаңа, күрделірек міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі мектептегі педагогикалық еңбекті бөлісудің күрделі жүйесі оның көптеген түрлерін біртұтас педагоигкалық іс-әрекет біріктіру қажеттігін туғызады.
Ұжымдық педагогтік іс-әрекет мұғалім тұлғасына жоғары талаптар қояды, әсіресе оның «қоғамдық қабілеттерін ең озық азаматтық борышын саналы ұғыну, жауапкерлігі, қоғамдық белсенділігі, тапсырманы орындау тәртібі, мектепті басқаруға өз қатынасын сезінуі жатады. Ұжымдық қарым-қатынастар жүйесінде жалпы міндеттерді шешуге кәсіптік борышы ретінде қарайтын субъекті сыңайында көрінеді.
Педагогтік еңбектің өзіндік ерекшелігі көпшілігінде оның оқушылармен жеке қарым-қатынас негізінде құрылуында. Әрбір мұғалім өз сабағының сапасына, әр сынып жетекшісі өз сыныбына жауап береді. Осыдан істің нәтижесі тек мұғалімнің жеке әрекетіне тәуелді деген ой туады. Мұндай ойды қоғамдық пікір оқшаулауы және жеңуі керек.
Ұжымдық қарым –қатынастар жүйесінде болып, мұғалім қоғам тәжірибесін, кәсіптік ортаның тәжірибесін меңгереді. Осы тәжірибедегі әлеуметтік және кәсіптік құндылықтар, шамалар, қабылдау, ойлау, тәртіп және іс-әрекет тұрақтылары педагогтік моральдің пәнін құрайды.
Ұжымдық өмірді және іс-әрекетті реттеу қызметін атқарып, педагогтік мораль мұғалімге кәсіптік адамгершіліктің бірқатар талаптарын қояды. Олардың ішінде мынадай талаптар бар:
- Өз әрекетін педагогикалық ұжым әрекеттерімен үйлестіру;
- Ұжым тәжірибесін жоғары бағалау, әріптестерінен үйрене білу, өз тәжірибесін ұжым тәжірибесімен байыту;
- педагогикалық ұжым дәстүрін құрметтеу, ұжымның ар-намысын аяққа басатын салттармен күресу;
- Ұжымды әлсірететін қайырымсыздық пен ашушаңдыққа, көңіл қалдырушылық пен әдепсіздікке, сынға төзбеушілікке қарсы күрес;
- Ұжым өміріне өз үлесін қосу, ұжымда болып жатқанның бәріне өз жауапкершілігін санлы сезіну;
- топқа бөліну мен жалған ұжымшылдыққа қарсы күрес.
Мұғалім өз оқуын тоқтатқанға дейін ғана оқытуға қатысы бар. Қазіргі кезде ғылым дамуының қарқынды жүруіне тәуелді. Білімдердің тез ескіретінін ескерсек, бұл қағида көкейкесті мәселеге айналып отыр. Біздің уақытымыздың тез өзгергіштігін ескерсек, мұғалімге өзінің ғылыми, рухани және идеялық өсу жолында тоқтап қалуға болмайды. Басқа адамдарға айтар сөз жоқ болса, ең шыңдалған педагогтық техниканың өзін өлі деп есептуге болады. Оқулықтар мен бағдарламалар қаншалықты жетілдірмесін, конструктурлар қаншама сиқырлы машиналарды ойлап тапсын, бәрібір ең қиын міндеттерді біліміне, зиялылығына, шеберлігіне арқа сүйей отырып мұғалімнің өзіне шешуге тура келеді. Мұғалімнің кәсіптік шеберлігі жыл санап өсе түскенмен де, оқушы бейнесі онан да шапшаң өзгереді. Осыған байланысты педагогтар мен социологтар зерттеулері мұғалім күш-қуаттарының айырмасы азая түскенін байқатуда.
Бұрынғыға қарағанда қазір оқушылармен аралық байланысты жүзеге асыру қиындай түсуде. Мамандық даярлығы, іскерлігі мен адамгершілік сапаларының деңгейі төмен мұғалімдер оқушылардың қарсыласуы өскендігі көрініп отыр. Оқушылардың мұғалім беделіне қатынасы да өзгереді. Олардың мұғалім жөніндегі бағалық өлшемі ересектердің шартына жақындай түсуде, негізінен, қоғамның мұғалімге қоятын талаптарымен сәйкес келеді. Мұғалім күш-қуаты мен қабілеттері деңгейінде толық еңбек етуі, өзінің мәдени және мамандық ой-өрісін кеңейтуі, оқу-тәрбие міндеттерін жасампаздықпен шешуі үшін, оның уақыты мен өміршең күштерін сақтау қажет, ал оның өзі күнделікті іс-әрекет барысында үнемді пайдалнуды үйрену керек.
Дәріс 14. Тәрбие принциптері
Жоспар;
1. Тәрбие принципі ұғымына жалпы сипаттама
2. Тәрбие принциптері
Әдетте, принцип дегініміз адамның нақты іс-әрекетінде өзі басшылыққа алатын алғышартты, негізгі ережені бейнелейді. Тәрбие принциптері тәрбиеші басшылыққа алуға тиісті тәрбие барысының жалпы заңдылықтарын бейнелейтін бастапқы ережелер. Тәрбиеші оларды таңдамайды, басшылыққа алады, солардың талабы тұрғысынан күрделі, жалпы немесе дербес нақты мәселелердің шешімін іздейді. Б
астауыш білім беру педагогикасында тәрбиенің қалыптасқан принциптері бар.
Тәрбиенің идеялылығы мен мақсаттылығы. Тәрбиенің алдына қоғам болашағына берік сенімдері бар саналы азаматтарды қалыптастыру міндеті қойылады. Мектептің бүкіл оқу-тәрбие жұмысы, қоғамдық өмірі осыған қызмет етуі керек. Кез келген тәрбие жұмысының құндылығы оқушылар ұжымының идеялық өмірін байытумен, оқушылар санасын ілімнің ақиқаттығына берік сендірумен, қоғамдық-саяси белсенділігін, жоғары моральдық және азаматтық сапаларын қалыптастырудағы ықпалымен бағаланады. Мектеп өмірінде бірқатар істер, өкінішке орай, тәрбие жұмысының жоспарында өткізіледі деген белгі соғу үшін жүргізіледі.
Мәселен, көркем өнерпаздар байқауын алсақ, көп жағдайда тек жоғары орынға ие болу мақсатын көздейді. Оқушылар дайындық жұмыстарына өз ырқымен емес, тек солай болу керектігін басшылыққа алудан қатынасады. Мұның өзі балалардың қызығуын, әлем құбылыстарына деген көтеріңкі көңіл-күй сезімін оятпайды, көздеген мақсатқа жеткізбейді. Сондықтан, оқушыларды тәрбиелеудің құралы ретінде іс-әрекеттің барлық түрлеріне айқын бағыт беру өте-мөте қажет.
Тәрбиенің өмірмен, еңбекпен, қоғамдық құрылыстың тәжірибесімен байланысы. Бұл принциптің мәні қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани қатынастарын, өмір шындығының моралін және әсемдікке көзқарасын тәрбие ісінде қолданбау болып табылады.
Осы принципті жүзеге асыру оқушыларды өмірге, еңбекке, мамандықты саналы таңдауға толық дайындаудың шынайы алғышартын жасайды. Кейде тәрбиенің өмірмен байланысын тек оқушылардың тәрбие жұмысындағы өнімді еңбегімен байланысын жүзеге асыру деп қарау бар. Бұл жеткіліксіз пікір, себебі қоғамдық өмір ұғымы өндірістік еңбек ұғымына қарағанда кеңірек және мазмұндырақ.
Оқушыларды еңбектік іс-әрекеттің түрлеріне қатынастырып ол әрекеттің қоғамның түпкі мүддесі үшін, материалды және рухани игіліктерді байыту үшін күрестің құрамды бөлігі екенін қабылдайтындай жағдайға келтіруіміз керек.
Ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу. Бұл – тәрбие жұмысының жетекші принциптерінің бірі. Бастауыш білім беру педагогикасы бала өзінің табиғи нышандарының жан-жақты даму құралын тек ұжымнан ғана алады деген қағидаға сүйенеді. Осы педагогика балалар мен жас өспірімдердің топтық және ұжымдық өмірін олардың қоғамдық мәнінің рухани байлығының, әлеуметтік белсенділік пен жауапкершілік сезімі қалыптасуының міндетті шарты деп қарайды.
А.С.Макаренко ұжымды адамның біртұтас қоғамдық мәнінің түрі сапалары жаттығып, қалыптасатын «гимнастика залы, сондықтан тәрбие жүйесі ұжым болып» ұйымдастырылған педагогикалық іс-әрекет үдерісін басқаларынан жоғары қояды деп көрсетті. Бірлескен іс-әрекетте, орынды ұйымдастырылған ұжымдық қозғалыста ғана өзара тәуелді, өзара жауапкершілікті қатынастар туындайды, баланың тәжірибе және ұжымдық өмір дағдыларын жинау барысы жүреді, оның қоғамдық мәнінде ұжымшылдық сапалары қалыптасады.
Тәрбиелеушінің қоғамдық мәніне қойылатын талаптар мен көрсетілетін құрметтің бірлігі. А.С.Макаренко кезінде «егер біреу-міреу педагогикалық тәжірибенің мәнін қысқаша ғана формуламен қалай анықтар едіңіз деп сұрай қалса, мен оған адамға мүмкіндігінше үлкен талап қою және құрмет көрсету деп жауап бере едім, - деген екен. Мұғалім осы принципті басшылыққа алып, оқушы күш-қуатын ерік беретін, орынды әрекеттеріне және қылықтарына тербеліс туғызатын, өзінің құлқын сезінуін және өз тәртібіне жауапкерлігін ұғындыратын өзіндік өрнегі /стилі/ мен сарыны /тоны/ бар қатынастарды таңдап алады.
Егер талап ету ізденумен қатар түсінікпен, ұсақ-түйекпен байланыссыз болса, онда ол адамға деген құрметтің ең жоғарғы өлшемі болып табылады. А.С.Макаренконың айтуына қарағанда, белгілі бір шамада қателесу бола тұрса да, адамға үміт болжамы тұрғысынан қарау керек. Оқушы орынды нәрсені жобалай біліп, оған сүйеніп, оның сеніміне иек артумен қатар, мұғалім оқушының өз тәжірибесін дамытумен айналысуға дайындығын іске қоса білуі керек.
Тәрбиелік ықпалдардың тізбектестігі, жүйелілігі, беріктігі және үздіксіздігі. Бұл принципті ұстану әрбір бөліктер мен элементтері түгел біртұтастықты құрайтын педагогикалық жүйенің болуын талап етеді.
Педагогикалық ықпалдардың жүйесіздігі, кездейсоқтылығы, бейтараптылығы, келісімсіздігі, ретсіздігі тәрбиеге үзілді-кесілді қарама-қайшы келеді. Тәрбие үшін оқушыға қойылатын талаптардың ала-құлалығынан бетер зиянды нәрсе жоқ /мәселен, мектеп пен жанұяның, сынып ұжымы мен жұмыс істейтін мұғалімдердің оқушыларға қоятын талаптарының үйлеспей, ала-құла болуы/.
Тәрбие – көп адамдар қатынасатын ұзақ іс-әрекет үдерісі. Сондықтан да олардың жұмыстарында тізбектестік пен ұласымдылығың сақталуы, оқушылардың тәрбиелік дәрежесінің дер кезінде анықталып отыруы аса маңызды мәселе. Тәрбие жұмысының барлығы білім мен сенімнің, іс-әрекеттің, сөз бен істің үздіксіздігі негізінде құрылуы қажет.
Тәрбиенің оқушылардың жас және жеке басының ерекшеліктеріне сәйкестігі. Бұл принципті жүзеге асыру оқушылардың іс-әрекетінің мазмұны мен түрін олардың жасына, өмір тәжірибесіне, күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне сәйкес болуын талап етеді. Әрбір бала - өзінше ерекше бір бітім.
Сондықтан олардың әрқайсысына тәрбие беру оқушы бойындағы қажеттілік пен қызығушылыққа сүйеніп, оны қанағаттандыратын және оқушының тәртібі мен іс-әрекетінің негізі болатын жаңа қажеттіліктер мен қызығушылықтарды туғызатын түрлер мен тәсілдер таба білгенде ғана мүмкін болады. Осы принциптің жүзеге асуына мұғалімнің жас және педагогикалық психологияны терең білуі көмектеседі.
Дәріс 15. Оқушылар ұжымын ұйымдастырудың қажеттігі және мәні
Жоспар;
1. Оқушылар ұжымына жалпы сипаттама
2. Оқушылар ұжымын ұйымдастыру. Балалар ұжымдарының атқаратын қызметтері
Оқушылар ұжымы – тәрбиенің шешуші факторы және біздің қоғам жағдайында бала өмірін ұйымдастырудың негізгі формасы. Индивид өзінің жан-жақты дамуының құралын адамдар ұжымынан ғана, яғни жеке еркіндік тек адамдар ұжымында ғана болуы мүмкін.
Балалар ұжымын ұйымдастыру қажеттілігі қоғамның өзі біртұтас ұжым ретінде өмір сүретіндігінен туындайды. Бұл жағдайда ұжым балаларды қоғамдық өмір мен өндіріске дайындаудың мүмкін болатын бірден-бір түріне айналады.
Оқушылар ұжымы баланың өмірін, оқуын, еңбегін, жасампаздығын, күш-қуат мәдениетін, ойынын ұйымдастырудың ең тиімді түрі ретінде көрінеді. Сондықтан да ұжымда және ұжым үшін тәрбиелеу тәрбиенің маңызды принциптерінің бірі болып табылады.
А.С.Макаренко балалар ұжымы дамуының кезеңдерін оның мақсаттарының әлеуметтік құнды дәрежесіне, еңбек мазмұны мен іс-әрекет барысындағы тәртіп ұйымдасқандық деңгейінің қатынас-тарына, осы деңгеймен байланысты балалардың арақатынасы тәуелділігін ажыратты.
Ұжым жай ғана балалар тобы емес, ол – арнайы ұйымдастырылған қатынастар жүйесі. Ұжымның балалар мен қоғам мүддесін көздеуге міндеттелген өзін-өзі басқару және үйлестіру органдары болады. Ол оқушыларды ортақ мақсатпен еңбекпен және еңбектің ортақ ұйымдастырылуымен біріктіреді. Балалар ұжымы қоғамның бөлігі, ол басқа адамдар ұжымдарымен, әсіресе еңбек ұжымдары тығыз байланысты болады және адамзаттың бірлігін жақтайды. Бала өзіне тән іс-әрекет барысында және өмірдегі өзі араласатын қатынастардың нәтижесінде тәрбиеленеді.
Ұжымшылдыққа тәрбиелеу үшін баланы ұжымдық іс-әрекетке жүйелі жаттықтыру қажет. Біздің қоғамдық-саяси өміріміздің талабы оқу-тәрбие үдерісі бүкіл бала өмірінің ұжымда дұрыс ұйымдасуын оның қоғамдық мәнін ұжым үшін қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Мектепте оқушылардың жалпы және бастапқы сынып ұжымдары болады.
Тәрбие ең маңызды заңдылықтардың бірі аға ұрпақтың әлеуметтік тәжірибені жас ұрпаққа беруі және ол ұрпақтың осы тәжірибені игеруі болғандықтан балалар ұжымының ең басты қызметі – қоғамдық қатынастар жүйесімен оқушылар таныстыру және олардың осы қатынастар тәжірибесін жинақтауын ұйым-дастыру. Әлеуметтік қатынастар жиыны ретінде балалар ұжымы қоғам өмірінің барлық негізгі қырларын меңгереді.
А.С.Макаренко ұжым мен адамның қоғамдық мәнінің бірлігіне, қоғамдық мүдденің жетекші роліне баса назар аударып, қоғамдық және жеке мүдделерінің бірлігіне ғана қол жеткізуге тырысып қойған жоқ, өз тәрбиеленушілеріне қоғамдық қатынастар тәрбиесін жинақтап, оны қоғамдық Өмірдің әр жақты тәжірибесімен бекітуге мүмкіндік беретін балалар ұжымы мен ересектердің еңбек ұжымдарының бірлігіне қол жеткізуге күш салды. Балалардың тәрбие ұжымының екінші қызметі – әрдайым балалар іс-әрекетін ұйымдастырудың негізгі түрі ретінде көрінуі.
Іс-әрекет – балалардың әлеуметтік тәжірибені меңгерудегі негізгі құралы.
Іс-әрекет барысында адамның қоғамдық мәнінің психикалық қасиеттері, олардың қабілеттері мен дарындары, моральдық, еріктік сапалары дамиды. Тәрбиенің нәтижесі іс-әрекеттің қандай түрде және қалай ұйымдастырылуына тәуелді болады. тәрбие үдерісінде балалардың оқу, еңбек, ойын, қоғамдық жұмыс сияқты басты іс-әрекеттерді орындауы ұжымда іске байланысты қатынастарды қалыптастырады. Бұл қатынастар біздің қоғамымыздың іске байланысты қатынастарына сәйкес келеді және бала өмірін ұйымдастыру ретіндегі ұжымның арқауы болады.
Іс-әрекеттің әр түрін орындау үшін ұжымда өзін-өзі басқару органдары құрылады. Шын мәнінда балалардың көмегімен іске байланысты мақсаттарға жету жүзеге асырылады. Бұл жағдайда өзара тәуелділік, бағыну, басшылық бір балалардың екіншілеріне үкім жүргізу емес, істің нәтижесіне жетудегі барлығының өзара бірлесе саналы ілгері ұмтылуы болып табылады. Сондықтан да барлық балалар әрі ұйымдастырушы, әрі орындаушы болуды үйренеді.
Тілектес адамдардың ортақ қоғамдық құнды мақсаттарға тәртіпті, ұйымдасқан, табанды ұмтылысы ұйымдық құрылымды іске байланысты сапаларды қалыптастырудың, тәрбиенің және баланың қоғамдық мәнін жан-жақты қалыптастырудың құралына айналдырады. Балалар тәрбие ұжымының үшінші маңызды қызметі – іске байланысты адамдар арасындағы қатынастардың бүкіл жиынтығы адамның қоғамдық мәнінің моральдық мәнін, әлемге, өзіне-өзінің құлықты және әсемдікке дұрыс көзқарас тұрғысынан қатынасты қалыптастыру.
Ұжымшыл адамды тәрбиелеу қоғамдық қатынастар жүйесіне белсенді қатысуда талап етеді. Мұның өзі қоғам мүддесіне берілу, басқаға көмектесу және қамқорлық жасау, ортақ мақсатқа жетудегі жауапкершілік және күрес, тәртіпті білу, өзіне және жолдастарына талап қою, оларға зор құрмет көрсету сияқты ұжымшыл адам қасиеттерінің пайда болуының сарқылмас көзі болып табылады.
Балалар ұжымының төртінші қызметі – жеке баланың қоғамдық мәніне немесе олардың тобына тиімді педагогикалық ықпал жасауы. Ықпалды жүзеге асырудың негізгі факторы бірыңғай талаптар жүйесімен дамыған қоғамдық пікір. Бірақ ұжымдағы педагогикалық ықпалды қоғамдық пікір көмегімен жүреді, ешқандай өзгеріске ұшырамайды деп бір жақты қарауға болмайды. Педагогикалық ықпалдың көзге көрінетін жағы – балалар өмірі мен іс-әрекетін ұйымдастырудың нәтижесі. Көзге көрінбейтін жасырын жағы – баланың қоғамдық мәнінің құлықтық өзгерісі.
Дегенмен, баланың қоғамдық мәні іс-әрекет барысында өзгереді. Сондықтан өмірді және еңбекті ұйымдастыру түрлерін жетілдіру мазмұны тереңдеген сайын адамның қоғамдық мәні мен оған жасалатын педагогикалық ықпал тәсілдері де өзгереді.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
бастауыш білім беру педагогикасы

шағым қалдыра аласыз