400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Батырлар жыры

Материал туралы қысқаша түсінік
Менің жұмысымның тақырыбы «Батырлар жырындағы ұлттық идея» Батырлар жырын оқи отырып жалпы түркілік идея, батырлардың ел тағдырындағы тарихи орнымен олар жасаған ерлік жорықтарының мәні, қазақ батырларының, эпос кейіпкерлерінің ел тағдырындағы орны мен ұлт тарихындағы орнын зерттеу мақсатында ғылыми - ізденіс жұмысын жүргізуге бел байладым.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Абстракт


Менің жұмысымның тақырыбы «Батырлар жырындағы ұлттық идея» Батырлар жырын оқи отырып жалпы түркілік идея, батырлардың ел тағдырындағы тарихи орнымен олар жасаған ерлік жорықтарының мәні, қазақ батырларының, эпос кейіпкерлерінің ел тағдырындағы орны мен ұлт тарихындағы орнын зерттеу мақсатында ғылыми - ізденіс жұмысын жүргізуге бел байладым.

Ізденіс барысында тақырыпқа байланысты деректерге, баспасөз материалдарына, қосымша әдебиеттерге сүйене отырып, зерттеу жұмысын жүргіздім . «Батырлар жыры» туралы деректерді оқып, жинақтау барысында әдебиетке деген қызығушылығым арта түсті.

Ғылыми жұмысым дәстүрлі үш бөлімнен тұрады.

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Жалпы түркілік идея

2.2. Елі үшін еңіреп өткен ерлер бейнесі

ІІІ. Қорытынды

Қазіргі ұлттық идея








Кіріспе

Ауыз әдебиеті шығармаларының халыққа көп тарағандарының бірі — батырлар жыры. Батырлар жыры бір ғасырдың жемісі ғана емес. Ол — ескі заманнан келе жатқан мұра. Халықтың тұрмыс – тіршілігіне, тарихына, қоғамдық өміріне байланысты туып, солармен бірге жасасқан. Сондықтан да батырлар жырының қалыптасып дамуында талай қоғамдық және таптық тілектерге сәйкес көптеген өзгерістердің болуы себепші. Әрбір тарихи кезеңнің алуандаған әсерін бойына жинаған. Әрбір қоғамдық құрылыс, әрбір тап батырлар жырын өз мүддесіне сай өзгертіп отырған. Батырлар жыры арқылы өздерінің қоғамдық идеясын таратуға тырысқан. Бұл жырларды әуелде белгілі ақындар шығарса да, ол кезде жазу болмағандықтан, ол авторлардың аты-жөні ұмытылып, халықтың игілігі боп кеткен. Батырлар жырын айтушылар да, бізге жеткізушілер де — жыршылар.

Батырлар жырының көпшілігі бірден үлкен жырға айналмаған. Жыр — әр батырдың әр кездегі төтенше қайрат, асқан ерліктерін, ел үшін еткен зор еңбектерін дәріптеп жырлаған жеке өлендердің қосындысы. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» жырларын алсақ, әуелде олардың әр кездегі ерліктерін мақтан еткен өлеңдер кейін біріктіріліп, ұзақ жырға айналдырыған. Бұл жырдың құрылыстарынан да байқалады. Қай елдің батырлар туралы жырын алсақ та, олардың негізінде тарихи оқиға жатады. Бірақ жырда оқиға болған күйінде суреттелмейді, тек желісі ғана алынады.



Жырды туғызушы ақын ол оқиғаны өз ұғымына, өз көзқарасына қарай бейімдеп жырлайды.

Батырлар жыры көбінесе Отанын сыртқы жаулардан қорғау, өз елін басқаларға тәуелді етпеу тілегін қамтиды, сол идсяны берік ұстайды. Қазақтың батырлар жырында қыпшақ, ноғайлы қазақтары қызылбастарға, қалмақтарға қарсы күреседі. Бұл жырлардың көпшілігінде, ноғайлының (қазақтардың) жерін қалмақтың жаулап алмақшы болуына байланысты, ел намысын қорғауға байланысты үлкен оқиғалар суреттеліп отырады.

Мысалы, Қобыландының бар өмірі шамада тек қалың қыпшақ қамы үшін қанды шайқаста өтеді. Поэмада оның сол ел жұрты үшін жасаған ерліктері дәріптеледі. Қобыландыны да, Алпамысты да, Тарғынды да, Қамбарды да елі сол үшін ардақтаған.

Эпостық жырларда Отанына, еліне, халқына деген сүйіспеншілік сарын басым. Сонымен қатар батырлар жырларында елдің әдет-ғұрпына, салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты жайттар да бар.

Батырлар жырында көбіне қазақ халқының бастан кешірген жауынгерлік өмірі суреттеледі. Өткен дәуірлерде жерін, елін жаулап алмақшы болған жауларға қарсы қазақ халқы талай майданға шыққан. Бүкіл ноғайлы, қазақ елі түгел аттанып, шапқыншылардың талқанын шығарып, елін, жерін аман алып қалады. Сондай кездерде елі, жері үшін түтеген оққа қарсы шауып, қамал бұзған, Отанын жан-тәнімен сүйген ұлдар халықта аз болған жоқ. Елін шапқан Алшағырды қирата жеңіп, торғауыттың тоғыз қабат қамалын бұзған Тарғын, Қыпшақты Қарааспанға қайта қондырған Қобыланды сияқты батырлар — өз халқын шын сүйген, елі үшін еңіреп өткен ерлер. Сондықтан да олар өз елінің шын патриоттары ретінде суреттеледі. Өлімнен қорықпайды, ел намысын туғып ұстап, Отанын жаудан қорғап калады. Алға қойған мақсатын орындап шығу жолында мұз төсеніп, қар жастанып, қандай қиыншылық болса да төзе біледі. Жауын жеңбей тынбайды. «Жау аз ба, көп пе?»— деп сұрамайды. «Жау қайда?»— деп сұрайды. Жауды жеңбей жолдан қайтуды өлім санайды. Қанша мың жау болса да, жалғыз өзі соғысады. Мысалы, бел омыртқасы шығып кеткен Тарғын батырды хан жұртына тастап, опасыздық жасап кетсе де, ел басына шынайы қатер төнгенде, батыр жауға жалғыз аттанып, елдің кегін алып береді. Елдігін сақтап қалады.

Сонымен қатар даңқты батырлардың қайсысы болсын, қапылыста сөз, қапияда жол таба біледі. Соғыс үстінде де талай айла-амалдар жасап, қиын-қыстау, тар кезеңдерде жауынан үстем шығады.

Жас ұрпақтарды өз Отанын шын сүйетін патриот етіп тәрбиелеуде батырлар жырының күні бүгін де мәні зор.









2.1. Жалпы түркілік идея

Батырлар жырының алғашқы үлгілері сонау ерте заманда туа бастаған. Сол кезде қазақтың тарихта аттары мәлім рулары: үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ т.б рулар өздерінің тәуелсіздігін алып қалу үшін күрескен. Осындай күрестер кезінде әр рудың батырлары өз руларын қорғау жолында ерлік көрсеткен. Олардың ерліктері ру арасында өлең-жырға, аңыз- әңгімеге айналған. Рулық құрылыс кезінде туған батырлар жырларының үлгілері өкінішке орай сақталмаған екен. Дегенмен оның кейбіреулері кейінен, ауыз әдебиетінің басқа да түрлерімен қосылып, араласып кеткен. Қазақта батырлар жырының көбірек туған кезеңі ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардың арасы екен. Осы кезеңдерде қазақ халқының тарихында елеулі оқиғалар болған. Мысалы: ХІІІ ғасырдың басындағы моңғолдардың Шыңғыс хан бастаған шапқыншылығы, шыңғыс ханның жергілікті халықтардың қанын судай ағызып, оларды өздеріне күшпен бағындырып алуы, Алтын орданың ыдырауы, үш хандықтың құрылуы, халық арасында феодалдық талас-тартыс, шабуыл, ел талаушылық әрекеттер күшейе түседі. Осындай талас-тартыстың салмағы мен ауыртпалығынан қажыған бұқара халық қатты күйзеліске түседі. Бірақ бұған халық көніп отыра бермей, қарсы күреседі. Келтірілген осы фактілер батырлар жырының тууына әсер етеді. Сондай-ақ батырлар жырының тууына зор әсер еткен екінші бір жағдай ол- қазақтар мен қалмақтардың арасындағы қарым-қатынастар, көп жылға созылған күрестер еді. Шапқыншылардың әректтерінен үрейі ұшқан қазақтар ата мекенін, қонысын тастап жер ауады, халық басына қара түнек орнайды. Бұл қайғылы кезді «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» деп аталғанын тарихтан да жақсы білеміз. Бірақ, қазақ халқы күш біріктіріп жауға қарсы күреске аттанды. Сарысу өзенінің бойында болған шайқас «Қалмақ қырылған» атанған. Бұларды адал ниетімен халқын сүйген ер жүрек батырлар Абылай ханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бір төбе болып, тағы да осылардың қатарында бір шоғыр қазақ батырларының: Қарасай мен Ағынтай, Саңырық пен Тайлақ, Өтеген мен Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек, Малайсары мен Райымбек, Бөлек пен Сатай, Жәнібек пен Тілеуке, Қылышбек пен Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сынды ақберендердің есімдері де айрықша жарқырап көрінеді. Сондықтан осы аттары аталған айтулы батырлардың ел тағдырындағы тарихи орны мен олар жасаған ерлік жорықтарының мәні мен маңызы да бірнеше ғасырлар бойында ел жадынан бір сәтке де ұмыт қалған емес. Міне қазақтың ертедегі батырлар жыры жоғарыда айтылған тарихи кезеңдердің, ұлы оқиғалардың негізінде туып, қалыптасқан.

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінді тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға биігіне кімдер көтеріле алған? Осы биік азаматтық мәртебеге, халықтық бағаға кімдер лайықты болған? Және қандай істері арқылы осындай дәрежеге жеткен?

Ең алдымен ұлттық тұлға деген ұғым – тарихи өлшем. Яғни тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған, немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан, немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған, немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халық батырлары атанған. Ұлттың тұлғалары атанған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай Тарих-ана әр ғасырда жау жүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Ұлт содан аман қалған.

Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын қазіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды. Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың үлесі дара көрінеді.

Қазақ батырларының бейнесі сонымен бірге жазба әдебиетімізде де, әсіресе прозалық туындыларымызда көбірек сомдалды. ХХ ғасыр әдебиетінің бастапқы кезеңінің өзінде-ақ қазақ қаламгерлері халық жүрегінен берік орын алған осынау айтулы қазақ батырларының тұлғасын қоғамдық-әлеуметтік, тарихи оқиғалармен астастыра отырып қазақ әдебиетіне алып келді.

20–30 жылдардағы және кейінгі онжылдықтар кезеңінде қабырғалы қаламгерлеріміз бен ақын-жыршыларымыз І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Жамбыл, Иса, Нүрпейіс, Кенен, Қалижан Бекхожин т.б. өз шығармаларының негізгі кейіпкерлері етіп батырлар тұлғасына қол артуы осыны аңғартады. Қара қыпшақ Қобыланды, Қара қасқа атты Қамбар батыр, Ер Тарғын, Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, Қарасай, Өтеген, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Райымбек, Махамбет, Исатай, Сырым, Кенесары, Наурызбай, Амангелді, Бекболат, т.б. есімі елге белгілі, қол бастаған немесе ұлт-азаттық күрестің ұйтқысы, басшысы болған батырларымыз бен хандарымыздың көркем әдебиеттегі соқталы бейнесі батырлар жырынан ойып орын алған, Алпамыс батыр жырынанан анық та айқын көрінеді: Алпамыстың күшті батыр екендігі Тайшық ханның сөзімен де сипатталады. Батырдың елде жоқ екендігін пайдаланып, оның малын қалмақ ханы Тайшық айдап әкетеді. Бұған қатты ыза болған Алпамыс қалмақ ханына қарсы малдарын қайтару үшін аттанады. Алпамыстың келе жатқанын Тайшық хан түсінде біледі. Ұйқысынан шошып оянған хан:

Мен бір күн түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім...

Құрсаулы қара бура кеп,

Қарсы қарап шабынды.

Көзімнің жасы егілді,

Қабырғам менің сөгілді, -

Басымда тәжі дәулетім

Жерге менің төгілді.

Бір арыстан өзіме

Шабатұғын көрінді...- дейді. Ханның осы түсі арқылы Алпамысты қара бураға немесе арыстанға теңейді. Батырдың алып тұлғасын, ерлік келбетін сиппатайды. Ал Тарғын бейнесі тек ел қорғау жолында жасаған ерлік істерін суреттеу арқылы ғана жасалып қоймай. Оның батырлық тұлғасы, ерлік ісі, алып күші, қандай батыр екендігі, мертігіп айдалада жатқан жерде айтқан зарынан көрінеді:

Алты қырлы ақ мылтық,

Ата алмасам маған серт!

Қозы жауырын қу жебе...

Тарта алмасам маған серт!...

Тауға салсам тас тескен

Кеудеге салсам бас кескен.

Алты аршын ақ болат

Қынаптан алып суырып,

Шаба алмасам маған серт!...

Жау ішінде жұлынып,

Толғамасам маған серт!...- деп айтатын суреттеу сөздерден Тарғынның күшті батыр екендігі елестейді.

Қазақ тарихының әрбір кезеңі, яғни ел басынан өткен, халық тағдырында терең із қалдырған тарихи, саяси оқиғалар енді нақты тарихи тұлғалардың - қазақ батырларының бейнесі арқылы, солар өмір кешкен, азаттық жолында арпалысып өткен заман, уақыт кеңістігі арқылы көркем шежіреленді. Ел тағдырындағы батырлардың тарихи орнын бейнелеген, сомдаған өнер туындыларын сөз еткенде біз ауыз әдебиетін, яғни халық мұрасын алдымен атаймыз. Бұл мұралардың аса маңыздылығын, ел тағдырындағы тарихи мәнін біздің аға буын, әдебиеттанушы ғалым- зерттеушілеріміз астын сыза айтып кеткен. Мысалы, қазақ эпостану ғылымында батырлық жырлардың мазмұнына, көркемдік сипатына қатысты алғашқы, құнды ғылыми ой-толғамдарға арна салған маңызды зерттеулер, жинақтар жарық көре бастады. Осынау көркемдік құндылығы аса жоғары халықтық мұраларымыздың ел арасынан, әртүрлі дерек көздерінен жиналып, тұтастырылып, өңделіп, ғылыми тұрғыдан зерттелуі Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, Г.Потанин, И.Березин, И.Мелиоранский, Н.Ильминский, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров еңбектерінен бастау алып, кейінгі кезеңдерде де осы үрдіс әдебиеттану ғылымының басқа да белгілі өкілдерінің еңбектерінде жалғасын тапты. Бұл еңбектерде енді халық ауыз әдебиетінің, оның ішінде батырлық жырларымыздың тарихи негіздеріне, осы жырлар өмірге келген кезеңнің әлеуметтік-қоғамдық сипатына да тереңірек талдау жасала бастады.









2.2. Елі үшін еңіреп өткен ерлер бейнесі

Қазақ батырларының, яғни эпостың бас кейіпкерлерінің ел тағдырындағы, ұлт тарихындағы орны мен миссиясы да ғылыми негізде, жаңаша ұлттық таным, эстетикалық талғам тұрғысынан шынайы бағасын ала бастады.

Осы іргелі ізденістер қатарында, халық жүрегінде берік орын тепкен, ең бір кең тараған жырларымыз: “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қамбар”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғынның” мәтіндік табиғатына, лексикалық сипатына байланысты ғылыми ізденістер арқылы қазақ эпосының тілдік қоры мен көркемдік құрылысына, ішкі логикалық тұтастығы мен жанрлық құрылымына да ерекше көңіл бөліне бастады. Яғни батырлық эпостың ішкі құрылымдық негіздері мен ішкі көркемдік болмыс-бітімін тереңдей талдайтын зерттеулердің жарық көре бастауы қазақ әдебиеттану ғылымын, оның ішінде эпостану ғылымын жаңа белеске көтерді.

Қазақ фольклоры, әсіресе эпостық жырлардың көркемдік болмыс-бітімі ғылыми танымның бүгінгі талап-тілектеріне сай зерттеле бастады. Бұл зерттеулер қазақ әдебиеттану ғылымындағы халық мұраларын тарихи тұрғыдан жаңаша зерделеудің әдістемесін тың арнаға бұрды. Осылайша, халық мұрасынын әділ, терең, әрі тарихи-салыстырмалы бағасын алуы бір жағынан осы халықтық рухани құндылықтарымыздың көркемдік деңгейінің қаншалықты биік, сапалы болғандығын көрсетсе, екіншіден көркем әдебиетіміздің ендігі өркендеу, өсу белестеріне де таптырмас қазына көзі екендігін аңғарамыз. Яғни дәстүрлі мәдениетіміздің бай арналары кейінгі көркемдік дамуға айырықша серпін берді.

Жалпы, батырлық жырлардың ел тағдырындағы орнын, мәнін айтқанда, әрине әр ғасырдың, әр тарихи кезеңнің батырлық жырларға тигізетін тақырыптық, көркемдік, тілдік ерекшеліктерін де атамай кетуге болмайды. Себебі әр тарихи кезең халық, ұлт алдына айрықша, өзіндік саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи мәселелерді өткір қойып отырды. Туған жерді, Отанды қорғау идеясы, осыған қарамай барлық әдеби мұралардың басты идеялық-тақырыптық арқауы болып қалып отырғанын аңғарамыз. Мысалы, белгілі әдебиеттанушы–ғалым Е.Ысмайылов қаһармандық жырларымыз әрқилы тарихи кезеңдерде дүниеге келіп, сол кезеңдердің тарихи-саяси, әлеуметтік оқиғаларымен терең сабақтасып жатқандықтан төмендегідей саралау жасайды:

1.Қаңлы-Қыпшақ дәуіріне (“Ер Төстік”, “Көрұғлы”, “Алпамыс” т.б.) жырларды жатқызады.

2.Ноғайлы заманының жырлары деп (“Қобыланды”, “Дотан батыр”, “Едіге”, “Орақ-Мамай”, т.б.) мұрараларды атайды.

3.Қазақ пен жоңғар арасындағы күресті суреттейтін, сол тұста халыққа кеңінен таныс, ел тағдырындағы айтулы оқиғалардың бейнесін қайта тірілтетін, қайтара жаңғыртатын жырлар дейді. (Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Сұраншы, Райымбек, Малайсары, Олжабай, Жәнібек, Тілеуке, Саңырық, Сыпатай т.б. батырларға арналып, солардың ерлік жорықтарын, батырлығын, қаһармандығын, ақыл-парасатын, әсіресе отан сүйгіштік қасиеттерін қастерлей отырып жырлайтын туындылар тобын атайды).

Сонан соң ХІХ ғасырдың эпосы деп, бұл топтағы жырларды бөлекше топтап, атап өтеді. Яғни ғалым-зерттеушінің осылай топтастыру, немесе ғылыми жүйелеу арқауында, түптеп келгенде осы аттары аталған батырлар жырларындағы, немесе аңыз-ертегі, тарихи жырлардағы тарихилық негіз бірінші қатарға шығарылған. Демек батырлар жырындағы басты идеялық лейтмотив, алтын арқау алдымен тарихи шындыққа табан тірейді. Яғни белгілі бір тарихи тұлғаның тарихи орны мен оның ел алдындағы тарихи қызметі басты нысанаға алынады.

Жалпы көркем өнердегі, оның ішіндегі көркем әдебиеттегі бейнеленген батырлар тұлғасына назар аударсақ, зер салсақ қазақ қаламгерлерінің үлкен бір шоғыры батырлардың нақты өмір кешкен заманына көбірек қалам тербегенін аңғарамыз. Нақты тарихи тұлғаның образын сомдау бір жағынан авторлар үшін көп ізденісті талап етсе, екінші жағынан ел ішіндегі көне көз қариялардың әңгімесі, немесе ел жүрегінде жатталып қалған аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер барлығы жиылып келгенде қазақ қаламгерлері үшін таптырмас мол рухани қазына көзі болды. Осы халықтық қазынаға табан тіреген ақындарымыз, жыршы-жырауларымыз, прозашыларымыз кейіпкер сомдауға қажетті тарихи деректердің барлығын елдің өзінен алды. Осы арқылы қазақ батырларының көркем әдебиеттегі бейнесінің халықтық сипаты, елдік мән-маңызы тереңдей түсті. Көркемдік биіктіктің ең бір негізгі талабы әдеби бейненің оқырман жүрегіне жақын болуына да қаламгерлер осы жол арқылы жетті.

Батырлар жырын тудырушы халық десек, халық тудырған батырлар жыры қоғамдық мәселелерді, ең маңызды тарихи оқиғаларды бағалап жырлайды. Халықтың жырларында батырлардың ел қорғаудағы арман-мүддесі айқын суреттеледі. Онда батырлардың міндеті: бөтен елді талап алуға әрекет етпеу, өз еліне басқыншылар шабуыл жасай қалса, оған қарсы аттану, адал еңбек ету, халыққа қамқор болу екендігі көрсетіледі. Халықтық жырлардағы батырлар қара басының даңқы үшін емес, көпшілік үшін, халық үшін қызмет атқарады. Ел мен елдің арасында достық қатынас орнауын, тыныштық болуын көздейді. Соны аңсап арман етеді. Осы жолда еңбек еткен, сол үшін күрескен батырларын ардақтайды.

Жалпы қазақ эпосынан басталып тарихи шығармаларымызға ұласқан, сонан соң жазба әдебиетімізге көшкен осы көркемдік арна – күллі қазақ әдебиетінің ішкі рухани тұтастығын ұстап тұрған басты құндылығымыз. Шын мәнінде, қазақтың алты алашқа атағы кеткен, ғасырлар белесінде бір сәтке де халық жадынан ұмыт болмаған, халық жүрегінен мәңгі орын алған ақберен батырлардың ұлы көшін атақты ақын-жырауларымыз тұтастықта, бөліп-жармай, яғни алдыңғы толқын батырлардың тағылымын кейінгі толқын батырларға аманаттап, солардың қайсар рухынан өздері де қанаттанып, күш-қуат алып өнер сайысында қарсыластарынан үнемі үстем болып отырғанын аңғарамыз.

Айталық, жыр алыбы Жамбылдың Шашубай ақынмен әйгілі айтысындағы:


Ерегіссең менімен

Тауып ұстас теңімен.

Еңсеңді үзіп кетермін,

Аспаннан түскен жасындай,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай,

Соларға кезек бермеген

Ұлы жүздің ішінде

Ұраным менің - Қарасай!

Қарасайдың ұлымын,

Айтулының бірімін.

Нар кілемнің түрімін,

Қызыл тілім безеген,

Найзасын тасқа егеген, -

деп келетін өлең жолдары алдаспандай ақындық поэзияның осы арнадағы асыл үлгілері.

Өзіңің ел –жұртын, халқын сүйген, оларға адал қызмет еткен және бұл жолда ерлік істер жасаған батырлар жайындағы жырлардың халық әдебиеті тарихынан алар орны ерекше. Бұған дәлел ғасырлар бойы ұмытпай сақтап келуінің, сүйе жырлап, сүйсіне тыңдауы. Батырлар жыры жастарды ел- Отанды сүюге, халыққа адал қызмет етуге тәрбиелейтін құралдардың бірін, ел қорғаудағы ерлік істерін жастарға үлгі, өнеге еткен.

Сондықтан да, әдебиетімізде көп жырланған атақты батырларымыз, ең бастысы, ел басына қатер төнгенде шашақты найза қолға алып, қазақтың жау жүрек ұлдарын бастап басқыншы жауға тойтарыс берген Абылай, Қайыр хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Сұраншы, Райымбек, Батыр Баян, Кенесары, Науан сынды есімі исі қазаққа аса қымбат, аса аяулы батырлардың әдеби мұраларымызда: халық ауыз әдебиетінде, жыраулық поэзияда, жазба әдебиетте бас кейіпкерлер деңгейіне көтерілу сыры алдыменен олар туралы тарихи жырлардың, тарихи аңыз-әңгімелердің ел арасына кеңінен жайылуында және олардың ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жалғасып келе жатқандығында жатыр. Яғни қазақ елінің, қазақ жерінің тағдырындағы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шапырашты Наурызбай батырлардың және осы қатардағы басқа да әйгілі қазақ батырларының тарихи миссиясының мәні мен маңызын алдыменен осы тұрғыдан таразылағанымыз орынды.

Ең бастысы ел тағдырындағы, ұлттық тарихымыздағы әрбір есімі белгілі, халық жадында биік тұғырға көтерілген, халықтық ұғымдағы ел махаббатына, ел сүйіспеншілігіне бөленген батыр-тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де, қазіргі заманымызда да еш маңызын жоймайды. Әсіресе қазіргі тұста, қолымыз ұлттық тәуелсіздікке жетіп, еліміз ғасырлар бойы аңсаған, армандаған егемендігін алған тұста қазақ батырларының баға жетпес еңбегі, ерлік жорықтары, ең бастысы бір сүйем қазақ жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып тағдыр кешкені – тарихи танымның, рухани тағылымның баға жетпес биігі осы.




Қазіргі ұлттық идея

Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің, тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет. Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік осы. Осы, қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы, жалпақ тілмен айтқанда жердің асты, үстіндегі бар байлығымыз – тағы да осы батырларымыздың бізге аманаттаған жан сыры, жүрек нұры. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз парыз.

Қазақ батырлары және олардың ел тағдырындағы тарихи орны дегенде, біз біріншіден, батырлар жырындағы, тарихи жыр, аңыз, дастандардағы тереңнен тамыр тартқан туған жер туралы идеяны бірінші қатарға қоюымыз қажет. Батырлар туралы бірде-бір халық мұрасы осы идеяны айналып өтпеген. Туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы-бізге жеткен барлық әдеби мұралардың алтын арқауы осы.

Атақты жырларымыз, сонау “Құбығұл”, “Дотан”, “Құламерген, Жоямерген”, “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қамбар батыр”, “Ер Қосай”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғын”, “Күлтегін”, “Қырымның қырық батырынан” бастап өткен ғасырда ғана жарық көрген жыр алыбы Жамбылдың “Сұраншы батыр”, “Өтеген батыр”, Қ.Бекхожиннің “Науан батыр” дастандары, атақты Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Райымбек, Малайсары, Саңырық, Сыпатай, т.б. батырлар жайында айтылған, жазылған көркем мұраларды дүниеге келтірген, арқауы үзілмеген тұтас шығармашылық кезеңдердің барлығы осы арнада желі тартады.

Әлдеқашан халқымыздың рухани тірегіне, дүниетанымдық тұғырына айналған бұл жырлардың, аңыз-әңгімелердің, ел ішіне кең тараған шежірелердің, барлығының көркемдік құндылығын да, идеялық бағыт-бағдарын да бағалағанда алдымен осы тарих тағылымына табан тіреуіміз аса қажет. Сонда ғана қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап нұрын шашқан қазақ батырларының мәңгі өшпес рухы ұзақ күткен тәуелсіздігімізді баянды етуге, алған бетімізден адаспауға жол ашады.

Бүгінгі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы қолымыз жеткен тәуелсіздігімізді орнықтыру, нығайту мақсатында жүзеге асырып жатқан қыруар іс-шаралары да, мемлекетімізді әлем мойындайтын, жер жүзі танитын деңгейге көтерсем деген арман-мұраты да осы мақсатпен, осы арнада үндесіп жатқанын айтуымыз керек. Ұлы батырларымыздың ұлттық тарихи тұлғалар ретіндегі туған жері, туған елі үшін жасаған баға жетпес ерен ерліктерін де, олардың халық жүрегіндегі орнын да осы тұрғыдан бағаласақ, қадірлеп, қастерлесек қателеспейміз.

Ең бастысы осы идея, осы арнадағы құндылықтар – қазақ әдебиетінің сан ғасырлар бойында жасалған, сандаған кезеңдерді көктей өтіп, бірақ берік ұлттық рухани арқауынан бір сәтке де айырылмаған бай тарихындағы көркем әдебиет үлгілерінің барлығында да басты нысана болған. Сондықтан да осынау әдебиет үлгілерін қазіргі күнге дейін қазақ руханиятының алтын ұстындарындай ұлт үшін, оның болашағы үшін қызмет етіп жатқан қайталанбас қазыналарымыз ретінде қабылдауымыз қажет. Және де ұлттық идеяның алтын діңгектеріндей бой көтерген рухани құндылықтарымыздың барлығы да бір ғана мақсат жолында, бір ғана мұратты көздеп халық жүрегіне жол тартты. Ол мақсат пен мұрат түптің түбінде бізді бүгінгі ұлттық тәуелсіздігімізге, ұлттық мемлекетіміздің мәңгілік баянды болуы идеясына біріктіріп отыр.




















Падаланған әдебиеттер:

  1. Қ. Жұмалиев «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» 1960ж І том

  2. М. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті»

  3. «Қазақ эпосы»

  4. «Батырлар жыры» А: Жазушы,2009ж

  5. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар»

  6. Р. Бердібай «Эпос – ел, қазынасы»

  7. Ә. Қоңыратбаев «Эпос және оны айтушылар»

  8. А. Сейдімбеков «Тарихи жырлар»

  9. Р. Бердібай «Эпос- ел қазынасы»

  10. С. Садырбаев «Фольклор және этика»

  11. Бес ғасыр жырлайды

  12. Қобыланды батыр жыры

  13. Алпамыс батыр жыры

  14. Ер Тарғын жыры

  15. М. Әуезов «Әдебиет тарихы» Алматы 1991ж









20


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
10 ұстаз жүктеп алған
8 ақпан
2576
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі