жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Баяндама ШӘКӘРІМ ЖОЛЫ
ШӘКӘРӘМ ЖОЛЫ
Ордағалиева Еркежан
«Курчатов қаласының №4 жалпы білім беретін орта мектебі»КММ
9 «А» сынып
Каримова Асель Нурбековна
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Шәкәрім – өз шығармашылығында кемеңгерлікке жеткен ақын. Қай ақын болсын өз дәуірінің перзенті, өз заманының жемісі. Шәкәрімнің шығармашылық жолы да солай. Күрделі тарихи кезеңде ғұмыр кешті, туған халқының басындағы саяси, экономикалық және рухани-мәдени ауыртпалықтарды, заман проблемаларын көзімен өткізіп, көңілімен саралады. Ол өз жұртының жағдайын өте жақсы түсінді. Ғасырлар бойы тарих сахнасында сан қилы аласапыран күйді басынан кешіріп келе жатқан Қазақ елінің түсінік-танымының дәрежесі, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрмысының деңгейі, психологиялық күйі, ой-сана бостандығының жағдайы, әлемдік кеңістік пен уақыт ағымындағы орны жайындағы мәліметтерге қанық болды. Сондықтан да ол заманының шындығын, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді тануда және оны өз шығармашылығы арқылы көтеруде асқан білімділікпен қоса, айрықша ұстамдылық пен көрегендік танытты. Ол айналасындағы құбылысқа терең үңілді. Жылт еткен бір сәттік қуанышқа немесе уайымға бой алдырмады. Болып жатқан оқиғалардың түп-төркінін дүние доңғалағының айналыс заңдылығынан іздеді. Сол себепті Шәкәрімнің өлеңдері болсын, өзге туындылары болсын философиялық тереңдігімен, ойының салмақтылығымен ерекше көзге түсті.
Оның өлеңдерінің тақырыптық диапазоны аса кең. Замандастарының жай күйінен бастап, тұтас халықтың тыныс-тіршілігі, қоғамдық ахуал, адамзат әлемінің мәселелеріне дейінгі аралықтағы тақырыптардың бәрін де ақын өлеңдерінен көптеп кездестіруге болады. Ол тақырыптардың барлығы Шәкәрім ойшылдың ақындық жүрегінің сүзгісінен өтіп барып, терең тынысты жыр жолдарына айналған.
Жасы ұлғайған сайын ақын өлеңдері де іріленіп, көкжиегі кеңейіп, бояуы қалыңдай түседі. Ел туралы көп ойлайды. Ел ішіндегі талас-тартыс, ырың-жырың, дау-дамай күндіз-түні маза бермейді. Ақынның «Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп, Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай...» дейтін кезі осы кез. Қазақ бірлікте болса екен деп тілейді. Жоғарыдағыларға жағынып, билікке таласып, бір-бірінің үстінен арыз айдап, бір-біріне қақпан құрып, әбігер боп бір-ақ келетін асыл өмірін босқа өткізіп жүргендерге назаланады.
Заман шындығының тереңіне үңілген ақынның азаматтық шығармаларының негізгі ұсынар идеясы заманды түзеу болды. «Мен жетектеп өлемін, Өрге қарай қазақты» деп алдына мақсат қойған ол заманды түзеуді, ең алдымен адамды түзеуден бастау қажеттігін айтады. Замандастарының бойындағы түрлі кеселдер, кесір мінез, теріс қылықтар Шәкәрім сынының нысанасына айналды. Ақын өз өлеңдерімен солармен күреседі.
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар,
Әулиеден кем емес,-
деген өлең жолдарын оқып, арлылықтың қарсы беті саналатын надандықтың өзі қиянатсыз болса, сол да жетерлік деген философиялық ой айтады.
«Насихат» деген өлеңінде ақын ғылымның пайдасын, адамзат қоғамының өркендетудегі орнын жоғары бағалай келіп, надан, залым, айлакер, арам ниетті адамдарға ғылым үйретсе, ол әрі пайдасыз, әрі қауіпті дегенді айтады. «Шын залымға берме ғылым, ол алар да жоқ қылар. Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды айла етер» дейді.
Шәкәрімнің «Әділ-Мария» атты романы қарапайым өмір шындығын суреттеу арқылы адамгершілік пен ар тазалығы, адалдық пен ынсап мәселелерін көтереді. Шәкәрімнің пайымдауынша, адамның әрбір іс-әрекеті осы ұғымдарға бағынуы керек. Адамды түрлі сапалық топтарға бөлетін оның бай-кедейлігі емес, рухани байлығы, оның ішкі әлемі, жан дүниесінің жай-күйі болуға тиіс. Жалпы, адамгершілік мәселесі Шәкәрімнің бүкіл шығармашылық табиғатына тән тақырып деуге болады. Адамның рухани болмысы, ақыл мен талап, ар, ұждан, ынсап ұғымдары Шәкәрім шығармаларында бірінші кезекте көрініп тұрады.
Шәкәрімнің ар ілімінің мақсаты ішкі тазалыққа жету арқылы хақты тануға жол ашу. Сондықтан Шәкәрімнің ілімі барлық адамзатты бақытқа жеткізуге бағытталған дейміз. Ол қазақ философиясының ойын ерекше белеске көтерген ойшыл.
Шәкәрімнің «Бәйшешек бақшасы» деп аталатын шағын миниатюралардан тұратын топтамасындағы бір шағын эссесінде жан мақсұты мен тән мақсұты туралы айтқан: «Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, екіншісін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды.
Шәкәрім – өз заманының перзенті. Дегенмен де, жасы қырықтан асқан жетілу жылдарында дана ақын бас ұрған ақиқат, ұждан, шын иман, адамдық, кісілік – «адаспайтын айқын жол». Біздің таңдар жолымыз ақиқат жолы болуға тиіс. Ол жол – бәріміз құмарланып, бәріміз мұрат тұтатын адастырмас жолбасшы. Ақиқатқа жетудің амалы осы заманғы озық білім – ғылымды игеру, алып – ұшып тұрған асығыс заманда қатарыңнан кейін болмау, қазіргі тілмен айтсақ – бәсекелес бола білу. Бәсекелестік дегенде күштің, байлықтың немесе қызыл сөздің бәсекелестігі емес, білім мен ғылым атты өнердің бәсекелестігі.
Шәкәрімнің пайымдауынша, өмірдегі жақсылық та, жамандық та, жеке адамның бойындағы арлылық пен арсыздықтан, қасиет – кемшіліктерден бастау алады. Және кемшіліктің үлкен – кішісі болмайды, оның бәрі адамдықтан айырылуға, ардан аттауға бастар жол.
Еріншектен салақтық,
Салақтықтан надандық,
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сөйтіп адамдық,-
дейді ақын. Адам жаман болып тумайды, оқымаса, білуге ұмтылмаса, танымға асық болмаса, білгенін, танығанын үлгі тұтпаса, бірте-бірте қатарынан қалып, төмендеп наданға айналады деп отыр.
Шәкәрім «Үш анық» атты философиялық еңбегінде: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ» деген.
Шәкәрімнің өз өлеңдерінде кейіпкерінің нәсіліне, ұлты мен ұлысына қарамай, барша адам – адамзат баласы, олардың бәрі тең, бәрін бірдей көруге тиіспіз деген тың идеология ұсынады. Біз Шәкәрімді оқып, танып-білген сайын оның бір ұлттың немесе бір мемлекеттің деңгейінде қалып қоймай, бүкіл адамзат баласының мұң-мұқтажын ортақ мәселе ретінде қарастыратынын терең түсінеміз. Оны замандастары кезінде-ақ аңғарған. Сұлтанмахмұт бір өлеңінде бұл қазақ басқалардан өзгеше, оның мақсұты биік, алыс, ол қазақты жекелеп, бөліп айтпай, бүкіл адамзат мұңын қоса айтады дейді.
Шәкәрімнің өмірбаяндық шығармаларын тұтастырып тұрған бір нәрсе бар. Ол – баяндау мәнерінің бірлігі. Қай шығармасында болмасын, Шәкәрім өзі өткен өмір өткелдерінен хабардар ете отырып, өзінің алдына, оқырманның алдына сұрақтар қойып отырады. Мәселен, адамның шын бақыты не? Сөйтеді де өз сұрағына өз пікірін айтады: «шын бақ ...ата-анадағы шын махаббат пен балалардағы шын таза жүрек еді. ...барша адам баласын өз балаң, өз бауырыңдай көріп, махаббат, ғадауат қылсаң, шын бақыт сол еді». Шәкәрімнің бұл сөздері көп жылдан бері ойланып-толғанып, ізденіп, өзімен өзі келісіп я келіспей, бір қорытындыға келген түйінді сөзі. Шәкәрімше: «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек». Шәкәрім сұрақтарының бәрі жай ғана сауалдар емес, қазақты адам етсем деген ниеттен туған тұжырымдамалық сұрақтар: «Адам өмірін қайткенде түзеуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады?». Және де бұл сұрақтарға былайша жауап береді: «Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ» дейді. Адамның жақсы қасиеттеріне қарсы, зиянды әрекеттердің бәрін тізбелей келе Шәкәрім: «Бірақ осы айтылғандарға қарсы, жолдан қосылған, адамның бойында біржола сіңісіп, біте қайнасып қалған күшті, зиянды жау нәрселер, әдеттер бар. Олар: нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рақымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік, тағы тағылар. Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. ...Ол үшін барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. ...Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет. ...Жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қабат, «ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай...» дейді.
Шәкәрімнің әдеби мұрасы – аса бай қазына. Ол әдебиеттің барлық жанрларында қалам тербеді. Туған халқының мәйекті ойы мен маржандай тілі негізінде ғажайып сұлу, мазмұны терең, кестесі көркем лирикалық өлеңдер қалдырды. Ұлы Абай үлгісін өлшем ете отырып «Қалқаман -Мамыр», «Еңлік - Кебек», «Нартайлақ - Айсұлу» атты тамаша поэмалар жазды. Көркем проза үлгісіндегі Шәкәрімнің шығармалары жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлттық прозаға өзіндік үлесін қосып қана қойған жоқ, оның орнығып, ілгерілеуіне едәуір ықпал жасады. Әсіресе, жазушының «Әділ - Мария» романы қазақ топырағында жаңа қалыптасып келе жатқан көркем роман дәстүрін көркемдік мазмұнмен байыта түсті.
Шәкәрім поэзиясының басым бөлігін философиялық лирикаға жатқызуға болады. Шәкәрімнің адамдық мақсаты, шығармашылығының идеясы мен мәні - адам болмысының құндылық екендігін таныту десе боларлық. Соның үшін біз Шәкәрімнің: «Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін» дегенін адам үшін ең бастысы адам болып қалу екендігін терең ұққан және ұғындыра білген даналығы деп танимыз.
Шәкәрімді қазақ прозашылығының көшбасшыларының бірі десек қателеспейміз. Қазақ әдебиетінде бұрын позия, эпос, дастан, поэма, өлең басым болса, он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басында шын мәнінде көркем проза пайда болып, жедел дамыды. Осы үдерісте Шәкәрімнің де үлесі болды,оның прозалық туындылары -тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары өзіндік көркемдік - идеялық салмағы бар, бірі адам болмысын, бірі тағдырды жан - жақты суреттеуімен жаңа басталып келе жатқан қазақ прозасына өзіндік жаңа леп қосты.
Шәкәрім философиясы өмірдің өзінен туған, көзі көріп, қолымен ұстаған нәрселерден ой түйгеннен туындаған өмір философиясы, дала философиясы. Шәкәрімнің бойын күту қалпы қандай болса, шығармалары да сондай, оның жазғандарынан біреуге арнап айтқан ащы сөз, мысқыл мен міндеу таппайсыз. Шәкәрім мұрасы - шексіз. Оның халқымыздың рухын көтеруге қосар үлесі мол.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Қайым Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы «Алаш мұрасы»,
3 том, Алматы «Алаш» 2005
2. Мырзагелді Кемел. Екі томдық шығармалар жинағы,
ІІ том, Алматы «Қазығұрт» 2013

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген