400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Баяндама: ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ: ЭПОСТАН ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІНЕ ДЕЙІН "ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫ"

Материал туралы қысқаша түсінік
материал мұғалімге де оқушыға да керек. Жаңа сабақты түсіндіру үшін де, ғылыми жоба жазғанда да қажетті мәліметтерді ала алады, оқушыларға да баяндама жазғанда пайдалануға болады
Материалдың қысқаша нұсқасы

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ: ЭПОСТАН ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІНЕ ДЕЙІН

Баяндама тақырыбы:

"ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫ"

Орал қаласы

Ж.Молдағалиев атындағы №2 ЖОББМ

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Айткалиева Айгуль Шапеновна

Қазақтың ауыз әдебиеті материалының молдығы, мазмұндылығы және түр көркемділігі жағынан қай халықтың ауыз әдебиетінен де кем түспейді.

Фольклористика ғылымында танылған сан алуан түрлердің қайсысы болсын қазақ ауыз әдебиетінен табылады: не әдемі ертегі, аңыздар; биікке қол созып, қиынға құлаш ұрған халықтың өршілдік ой-арманын меңзейтін, шытырман оқиғалы, ғажайып қиялды әңгімелер; тіл дамыту, ой-өрісін кеңейту, логикалық ойлау мүмкіншілігін байыту тілегінен туған жаңылтпаш, жұмбақ, тәлім- тәрбелік қызықты балалар ертегісі; өмірдің бұраң жолдары мен сан қайшылықтарын бақылай келіп түйген афористік топшылау-мақал, мәтелдер; әр алуан көңіл күйлерінің көлеңкесі-қара өлең, қайым өлеңдер; халық тұрмыс-салтының әрқилы жақтарын аңғартатын жар-жар, айтыс, сыңсу, қоштасу, беташар, бесік жырлары; өмір сабағы жазылмаған хат, басылмаған кітап есебінде болған үлгілі терме, өнегелі толғаулар; халық санасының сәбилік дәуірінің нақтылы сәулесі- ескі дінмен байланысты туған: күн жайлату, жылан арбау, бақсы жырлары тағы басқалармен қатар ауыз әдебиетінде халқымыздың басынан өткізген белгілі тарихи кезеңдердің сүрлеуі дерлік, әсіресе, батырлар жыры - эпос, лиро-эпостар (ғашықтар жыры) көп және әр алуан.

Қазақ ауыз әдебиетінің байлығы және көркемдік, мазмұндылығы революциядан бұрынғы орыстың ірі ғалымдарының да назарын аударды. Атақты орыс ғалымы, тюрколог, академик В.В. Радлов, Орта Азияның әйгілі зерттеушісі, ғалым Г.Н. Потанин тағы басқалар да қазақ фольклорын жоғары бағалады.

Академик В.В. Радлов өзінің "Образцы устной литературы тюркских племен" деп аталатын көп томды кітаптарының бесінші томының алғы сөзінде, қазақ, қырғыз елдерінің ауыз әдебиетін зерттеу нәтижесінде төмендегідей қорытындыға келеді:

"...Өздерінің туыстас түріктектес елдермен салыстарғанда қырғыздар да, қазақтар да сөзге шешендіктерімен ерекше көзге түседі. Олардың шешендіктеріне, шынында да таңғалмасқа болмайды. Қазақтар сөйлегенде ешбір мүдірмей, күрмелмей есіп жүре береді; ойларын дәл, айқын етіп бере білумен қатар, сөз, сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке безейді, әңгімелесіп отырғанның өзінде жай сөйлемінде не жайылма сөйлемінде болсын ырғақ анық байқалып және жиі кездеседі. Өлең шумақтарында ғана ұшырайтын сөйлем түрлері жай сөздердің өзінде іркес-тіркес келіп жатады да, тыңдаушыға өлең тәрізді әсер береді... ырғаққа құрылған сөздерді дүниедегі көркемөнердің жоғарғы сатысы деп ұғынатын, суырылған шешендікке жаны рақаттанып халықтың сөздері солай болып келуі әбден түсінікті. Сондықтан да қазақ халық поэзиясының дамуы - жоғарғы сатыға жеткен. Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де әдейі қолданылған кезекті ұйқастарға негізделінеді; тарихи жыр, айтыстар, салт өлеңдері, жоқтаулар т.б. - бәрі де жиын, тойларда әрдайым - ақ жырланады және оларды жұрт емірене тыңдайды. Сонымен бірге қазақта суырыпсалмалық - мейлінше кең тараған өнер. Аз-мұз тәжірибесі бар ақындар жиындағылар туралы табандана - ақ өз жандарынан өлең шығарып, әдемілеп жырлап беруге мүмкіншіліктері мол", - дейді.

Бұл айтылғандардың бәрі де қазақ халқы ауыз әдебиетінің байлығын дәлелдейтін фактілер, ғылыми қорытындылар. Бұл баяндамада сөз еткелі отырғаным жалпы ауыз әдебиеті емес, соның мол саласының бірі - эпостық поэмалар.

Халық аузындағы аса құнды мәдени мұраларды жинау ісінде айрықша көрнекті еңбек еткен ғалымдар: В.В. Радлов, И.Е.Березин, Г.Н.Потанин, Ш.Ш. Уәлиханов, Н.Ильминский, А.Е.Алекторов, А.Н.Васильев тағы басқалар. Бұл ғалымдар қазақ ауыз әдебиетін тек жинап қана қоймайды, жинаған материалдарын орыс және қазақ тілінде өз кездеріндегі газет- журналдарға бастырып, кейбіреулерін жеке кітапша етіп шығарды.

Ауыз әдебиетін зерттеуде кездесетін үлкен қиыншылықтың бірі - оның қай кез, қай дәуірде туған шығарма екендігін тап басып, дәл айту мүмкіншілігінің жоқтығы.

Жалпы ауыз әдебиеті, оның ішінде эпостық жырлар өзінің жарыққа шыққан күндерінен бері талай ғасыр, талай заман, талай әлуметтік топты да, таптарды да бастарынан өткізді. Кейбір эпостың алғашқы нұсқасы халықтық идеяны жыр етсе, кейіннен үстем таптың көзқарасын қолдаушы жыршы - ақындар өз табының идеясына бейімдеу, жырды оқып шыққан адамдарға алдыңғы нұсқасынан басқа ұғым, басқаша тәлім - тәрбие беретін етуі мүмкін. Бір эпостың өзінде толып жатқан варианттардың барлығы, кейде идеялық қайшылықтың болуы да сондықтан.

Қазақ эпостары, негізінен алғанда, көп вариантты эпос. Қобыланды, Алпамыс, Қамбарлардың әрқайсысының бірнеше варианты бар.

Қай елдің эпосы болсын белгілі бір тарихи оқиғаның ізін баса туатынға ұқсайды және ол бір күн не бір жылдың ғана жемісі емес, халықтың басынан өткізген талай заман, талай ғасыр, талай тартыстардың нәтижесі.

Қазақ эпостарының жасалыну жолдарын Ш. Уәлиханов XIV-XVI ғасыр, Алтынорда дәуірімен байланыстырады. "Қазақ, қырғыз, өзбек, ноғайдың ауыз әдебиетінің бір түрі - батырлар туралы жырлар. Бұл жырлардың көбі Алтынорда дәуірінде болған тарихи адамдар туралы. Соған қарағанда бұл жырлар XIII ғасырдың ақырында, XV-VI ғасырларда жасалған сияқты..."- дейді.

Шоқанның бұл айтқандары барлық эпос туралы болмаса да, бірқатары жөнінде - ақ дәл деуге болады.

Қай жырдың идеясын алсаңыз да, негізінде ел тілегі жатады. Елдің елдігін, ерлердің патриоттықтарын тарихқа аты мәлім бір адамның іс - амалдары арқылы көрсетуге тырысады.

"Қобыланды", "Қамбар", "Ер Тарғын", "Алпамыс" жырларының негізгі идеясы өз Отанын басқа елдердің шабуылынан қорғау, жау қаншама көп, қаншама күшті болса да, халық өз батырларын үстем етеді. Қандай қиыншылықты болсын батырлар жеңіп шығады, оларды алмақ болған сыртқы жаулар да, аяғынан шалмақ болған пасық - ішкі дұшпандар да апатқа ұшырайды.

Батырлар жырының халықтық қасиетінің де, тарихи құндылығының да негізгі түйіні осында.

Бұл баяндаманың мақсаты: қазақтың эпостық жырларының туу себептері мен бәріне тән кейбір ерекшеліктеріне ғана шолулар жасау.

Жалпы алғанда, қазақ эпостарының көпшілігінде - ақ бас қаһарман - тәңірден тілеп алған жалғыз ұл. Оның өзін де әке-шешесі қартайған кезде және баласыздықтың әбден зарын шеккен кезде барып көреді. Кейбір жырларда әулие - әмбиелерге түнеп, бала солардың шапағатымен дүниеге келді. Олар кейде Баба түкті шашты Әзиз, кейде қырық шілтендер. Бұл әрідегі көп тәңірге, берідегі ислам дінінің салдарынан туған ескі нанымдарымен байланысты көзқарастың қалдығы деуге болады.

Болашақ батырдың шешесі кейде аюдың, айдаһардың етіне, кейде жолбарыстың жүрегіне жерік болады. Батыр ұл туғаннан-ақ басқа балалардан ерекше көзге түседі. Бала айлап емес, күндеп өседі. Ат жалын тартып мінгесін - ақ, ол елін жаудан қорғауды арман етеді.

Батырлардың бәрі де өзінің батырлығын жасынан танытады. Халқын басқа елдердің шабуылдарынан аман сақтауды негізгі мақсаты етеді де, сол жолда қанша қиыншылық көрсе де төзіп, ақыры жеңіп тынады. Кездескен бөгеттерден кейде өжет ерлігімен, кейде айласымен құтылады. Қиындыққа мойып, жасып қалмай, тез шабуылға әзірленеді.

Қазақ эпостарына тән және бір ерекшелік- елдік мәселесі. Бұл да жоғарғы айтылған патриоттық тілекпен нық байланысты. Елдің күші - бірлігінде. Батырлар жырының көпшілігінде-ақ бұл - негізгі идея.

Өз елін тереңнен сүюшілік мотиві қазақ эпостарында психологиялық жағынан да дәлелденеді.

Басқа елдердің эпостары тәрізді, қазақ эпостарында да батырлармен қатар жүретін олардың жарлары. Олар кейде батырдың көмекшісі, кейде ақылшысы (Құртқа), кейде батырға дем беруші, қиын - қыстауда серігі, жан қиысқан досы (Ақжүніс), кейде Назым тәрізді алды- артын қиядан болжайтын ақыл иесі адамдар етіліп суреттеленеді.

Эпостардың әйел мәселесі - біздің зерттеушілердің көңілін қатты аударарлық, мәні зор мәселенің бірі. Қазақтың кейбір эпостарында батырдың ерліктері үйлену не жау алып кеткен әйелін іздеу әрекеттерімен байланысты болып келеді.

Эпостардағы жар іздеу мәселесі ғашықтықтан туған мотив емес, семья құру тілегінен туған, эпостың әрігіректе пайда болғандығын аңғартатын элементтің бірі екендігін фольклористика ғылымы толық дәлелдеп отыр. Қазақ эпостарының қайсысы бұрын, қайсысы соң туғандығын дәлелдеуде бұл - айрықша көңіл аударарлық жайт. Жар іздеу мотивінің негізгі түйіні үй болу, семья құру болса, ол келешекке өзіндей не өзінен де асып түсетін ұрпақ қалдыру тілегіне келіп тіреледі. Қобыландыдан: Бөгенбай, Киікпай, Алпамыстан - Жәдігер, Тарғыннан : Әжігерей, Айқожа т.б. Бұлардың кейбіреулері ерлігін әкесінен де асырып жібереді.

Қазақ эпостарында балырлардың жорыққа мінетін аттарына да үлкен орын беріледі. Эпостарда атқа үлкен көңіл бөлінуі заңды. Өйткені көшпелі елдерде жылқы тәрізді көлік малының мәні жалпы үлкен болды десек, жаугершілік кездерінде жорыққа мінуге жарайтын аттардың орны бөлек.

Қазақ эпостарында кездесетін және олардың ескіліктегі ел тұрмысын меңзейтін бір нәрсе - бақташылық, аңшылық мотивтері.

Әр эпостың композициялық құрылыстары, негізінде, әр басқа. Әйтсе де бұл жағынан да өзара бірліктері жоқ емес. Ең алдымен, оларды бір-біріне жақын ететін жайт - тақырыбы. Эпостың барлығында да батырлардың ерлік қимылдары - шығарманың негізгі қазығы. Онсыз эпос жоқ. "Қобыланды", "Ер Тарғын", "Қамбар", "Алпамыс" тағы басқа жырларды алсақ та, үйлену, жар іздеумен қатар, қалмақ хандықтарының шабуылдарына қарсы шабуыл, күрестерді суреттейді. Оқиғаның байланыстары да, өрбу жолдары да, шарықтау шегі де қазақ пен қалмақтардың соғысы. Қай жырда болсын оқиғаның шешуі қазақ батырларының жауды жеңуімен тынады.

Кейбір эпостарда экспозициялық суреттеулер не сол оқиғаның немесе оқиғаға қатысушы бас қаһармандардың туу, өсу жолдарын, не келешек тартыстың болуына қандай жағдайлар себеп болғандығын аңғартушылық та кездеседі. Кейбір жырларда, кейде бір жырдың варианттарында оқиға экспозициясыз - ақ бастала береді ("Қобыланды" Марабай варианты)т.б.

Эпостардың оқиға құрылысын сөз еткенде, сюжет құру шеберлігі, оның қызықтылығымен қатар, адам образдарын жасаудағы шеберліктері де айрықша көңіл аударады. Әр образдардың өзіне лайықты портрет, мінездеу, монолог, диалогтар, не олардың күйініш, сүйініштерін жағдайға лайықты көрсетумен қатар, кейде шегініс, кейде жанама мінездеу және драмалық коллизиялар да кездесіп отырады. Бұл жайттар әрбір эпосқа талдаулар бергенде айрықша тоқталуды керек етеді.

Қазақ эпостарының тіл көркемдігі бай, өмірдің қандай құбылыстарын суреттесе де, жеріне жеткізіп бере алады. Қандай жағдайды көрсетпек болса, соған лайықты сөз образдарын қолданылатындығын көреміз. Адамның не аттың портреттерін жасауда эпитет не оның тұрақты түрі, теңеулерді, іс-амалдарды суреттеуде дамыту (градация), бір нәрсені мақтамақ, дәріптемек болса, әсірелеу, кемітпек, кішірейтпек болса, литоталық образдарды көп пайдаланады.

Әсірелеу эпостарда ерекше орын алады. Адамның тұлғасын, қимылын, табиғат болмысын, қысқасы, не нәрсені айтсақ,бәріне қолданылады. Кейде жау бейнесін көрсетуде қолданылған әсірелеу - ирониялық мән береді.

Қазақ тілінің даму сатысынан қарағанда, эпостарда көп кездесетін және көп кездесуі заңды архаизмдер, олардың тілді зерттеушілер мәні үлкен екендіктерін былай қойғанда, жазушы, әдебиетшілер үшін де эпостық поэмалардың тіл шеберліктерінің мәні зор.

Эпостардағы тартыстар да, әр алуан бөгеттер де, адамдардың іс - әрекеті, мінез - құлықтары, портрет, күініш - сүйініштері де айтайын деген негізгі ой - пікірлері де өлеңмен суреттеледі. Қара сөзбен эпос айтылмайды. Сондықтан өлеңмен айтылуы эпостың өзіне тән қасиеттерінің бірі. Қазақ эпостары да басқа елдердің эпостары сықылды әндетіп айтылады. Бұл тақпақтап айтуға мүлдем келмейтіндігінен емес, суреттемек оқиғасына байланысты. Әуелде өзі домбыраға қосып айтуға лайықтанылады. Мұны халық "жырлау" дейді. Осыдан келіп "жыр ағымы" аталатын, 7 не 7-8 буынды өлең түрі поэзиямыздың бір алуан мол саласы болып отыр.

Бұл мәселелердің де тереңірек зерттеушілер үшін мәні зор.

Бұндай ұланғайыр жұмысты жүзеге асыруда сандаған ғалымдардың сүбелі үлес қосқаны аян. Рухани құндылықтарды саралаудың басында Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Мəшһүр Жүсіп Көпеев, Х.Досмұхамедов, М.О.Əуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов, І.Жансүгіров, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ə.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев, Н.С.Смирнова, Х.Бекхожин жəне тағы басқа əйгілі өнер өрендері тұрғандығы қазақ фольклорына байланысты зерттеу еңбектерінде лайықты бағаланып келеді.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен əдебиеті институтының тарапынан 1940 жылдардан бастап жазып алынған фольклор мұралары, ендігі кезекте 1948–1950, 1954–1957 жылдар аралығын- дағы Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Қарағанды, Жезқазған, Екібастұз, Теміртау, Майқайыңзолото өндірістеріне барған экспедициялар материалдарымен толықтырылды.







Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері І том. "Ағартушы", 2010 Қ.Ж. Жұмалиев.

  2. Қазақ əдебиетінің тарихы. — Алматы, 1948. — 439-б.

  3. Қазақ əдебиетінің тарихы. — Алматы: Ғылым, 1964. — 1 т. — 2-кіт. — 696-б.

  4. Қазақ фольклористикасы. — Алматы: Ғылым, 1972. — 299 б.

  5. Рахым Б.С. Тарихи эпос табиғаты: қазақ тарихи жырларының поэтикасы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, — 235-б.5.Мұқашева З. Ғылым үшін тер төккен // Туған өлке. — 2007. — № 1 (8). — 30–35-б.

 





















Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
10 маусым
1134
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі