Тақырып бойынша 11 материал табылды

Біртұтас тәрбие кеңістігін қалыптастыру: колледж, отбасы және қоғам бірлігі

Материал туралы қысқаша түсінік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты Тамыз конференциясындағы пленарлық отырыстағы сөзі білім, тәрбие, цифрландыру және әлеуметтік әділдік сынды бірнеше маңызды саланы қамтыды. Тек тәрбиеге негізделген білім ғана мазмұнды әрі нәтижелі бола алады, өйткені білім мен тәрбие – қоғамның іргетасын қалаушы ажырамас құндылықтар.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Біртұтас тәрбие кеңістігін қалыптастыру: колледж, отбасы және қоғам бірлігі

Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің басшының тәрбие жұмысының орынбасары Джакаева Гульзира Баженовна

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты Тамыз конференциясындағы пленарлық отырыстағы сөзі білім, тәрбие, цифрландыру және әлеуметтік әділдік сынды бірнеше маңызды саланы қамтыды.

Тек тәрбиеге негізделген білім ғана мазмұнды әрі нәтижелі бола алады, өйткені білім мен тәрбие – қоғамның іргетасын қалаушы ажырамас құндылықтар.

Ұлт ұстаздары адамды кемелдікке жеткізетін басты құрал – білім мен тәрбие екенін ежелден айтып келеді. Жас буынды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, оларға өмірлік бағыт-бағдар беру – бүгінгі күннің басты талабы. Жастардың бойында адалдық пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақтың дұрыс таңдау жасап, өмірдің түрлі жағдайларында оң шешім қабылдай білуі аса маңызды.

Ел көлемінде жаңа «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізіліп, ұлттық тәрбие саласында бірыңғай жүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл бастама жас ұрпақтың бойына елдік рухты, адамгершілік қасиеттерді және ортақ құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Өскелең ұрпақ заман талабына сай ойлай алатын, отанына адал, жаңашыл, білімге құштар, еңбекқор әрі үнемшіл азамат болып қалыптасуы тиіс.

Тәрбиелік үдерісте «Заң мен тәртіп» ұстанымы негізгі бағыттардың бірі болуы қажет. Ең бастысы – бұл ұстанымның мазмұнын жас ұрпаққа түсінікті әрі тиімді әдістермен жеткізе отырып, олардың бойына құқықтық мәдениет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Қазіргі заманда балаларды түрлі әлеуметтік қатерлерден сақтау үшін олардың ойлау дағдыларын дамыту аса маңызды. Бүгінгі жас буынның көп бөлігі уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетінін ескерсек, олар теріс идеология мен мінез-құлыққа кері әсер ететін ақпараттарға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан әрбір куратор студенттердің эмоцияларын бақылауға, ақпаратты сүзгіден өткізіп, салмақты шешім қабылдауға үйретуге міндетті. Жасөспірімдерді нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен бұзақылық сияқты зиянды әрекеттердің қауіпті салдарынан сақтандыру – маңызды міндеттің бірі.

Тәрбие мен білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану уақыт талабы. Қазіргі әлем технологиялық серпіліс кезеңін бастан кешіп отыр, бұл үдеріс әсіресе жасанды интеллекттің түрлі салаға енуінен айқын көрінеді. Осыған байланысты бүгінде елдің болашағы зияткерлік және технологиялық әлеуетімен бағаланады.

Тәрбие жүйесінің өзегін құрайтын жаңа үштаған идеологиясы — «Ұлттық бірегейлік», «Қоғамға қызмет», «Экологиялық және құқықтық мәдениет», сондай-ақ «Медиа сауаттылық», «Буллингсіз орта» және «Тәрбие парадигмасын жаңарту» сынды заманауи ұстанымдарды қамти отырып, өскелең ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі қоғамда жас ұрпақтың санасына, мінез-құлқы мен болашағына кері әсерін тигізетін күрделі мәселелердің қатарында вейпке әуестік, нашақорлық, лудомания, вандализм, діни радикализм, буллинг, зорлық-зомбылық пен тұтынушылық психологияға негізделген ысырапшылдық ерекше алаңдаушылық тудырады.

Тәрбие жүйесінде басты назар аударылатын құндылықтар – «Тәуелсіздік пен Отаншылдық», «Бірлік пен Ынтымақ», «Әділдік пен Жауапкершілік», «Заң мен Тәртіп», «Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік», сондай-ақ «Жасампаздық пен Жаңашылдық» сынды асыл мұраттар арқылы жас ұрпақтың рухани кемелденуіне жол ашылады.

Тәрбие саласындағы құндылықтық бағыт үш негізгі компонентке негізделеді: біріншісі – танымдық компонент, яғни баланың әл-ауқатын айқындайтын құндылықтарды білу, түсіну және оны жүрекпен сезіну қабілеті; екіншісі – практикалық компонент, яғни күнделікті өмірлік жағдайларда сол құндылықтарды қолдануға мүмкіндік беретін дағдылар мен нақты әрекеттер жүйесі; үшіншісі – эмоционалды компонент, яғни баланың мінез-құлқы мен өмірлік бағдарын айқындайтын ішкі сезімдік тәжірибесі мен рухани толғанысы. Оқу-тәрбие процесінде әрбір құндылық жүйелі түрде көрініс тауып, ай сайын тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған мазмұнды іс-шаралармен ұштасып отырады. Мәселен: қыркүйек – еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікке ден қоятын ай, қазан – тәуелсіздік пен отаншылдықты дәріптейтін кезең, қараша – әділдік пен жауапкершілікті насихаттауға арналса, желтоқсан – бірлік пен ынтымақты нығайтатын уақыт, қаңтар – заңға құрмет пен тәртіптілікке бағытталған ай, ақпан – жасампаздық пен жаңашылдыққа серпін беретін кезең, наурыз – ұлттық рух пен отансүйгіштікті жаңғыртатын ай, сәуір – еңбекқорлық пен кәсіби дамуға арналған, мамыр – ел бірлігі мен ынтымағын арттыруға негізделсе, маусым – шығармашылық пен жаңашыл ойлауды дамытуға бағытталған. Осылайша, әр ай – студент бойына өмірлік маңызы зор құндылықтарды сіңіруге арналған нақты тәрбие бағытымен ерекшеленеді. Әрбір оқу күні студенттердің ұлттық құндылықтар мен өмірлік дағдыларды бойына сіңіруіне бағытталған мазмұнды тәрбие шараларымен үйлесіп отыруы тиіс. Бұл ретте күнделікті тәрбие жұмысына енгізілген бірнеше бастама ерекше маңызға ие. Олар: «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» жобасы аясында үзіліс уақытында дәстүрлі ойындар ұйымдастырылып, білім алушылардың логикалық ойлау қабілетін, шапшаңдығы мен шеберлігін дамытумен қатар, ата-баба мұрасына деген қызығушылығы артады. «Күй күмбірі» – қоңырау үні ретінде қазақ күйлерін қолдану арқылы эстетикалық тәрбие беру, ұлттық өнерге құрмет қалыптастыру мақсатын көздейді. Сонымен қатар, үлкен үзіліс кезінде күй тыңдау арқылы колледжде рухани орта қалыптасады. «Өнегелі 15 минут» – ата-аналардың өз баласымен күн сайын 15 минут жеке әңгімелесіп, мінез-құлық, адамгершілік, жауапкершілік туралы пікір алмасуына негізделген. Бұл – отбасылық тәрбиенің маңызын арттырып, баланың ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл. Ал «Үнемді тұтыну» бастамасы табиғи ресурстарға ұқыпты қарауына бағытталады. Мұнда суды, тағамды, энергияны орынды пайдалану туралы күнделікті ескертулер мен жадынамалар арқылы үнемшілдік дағдысы қалыптасады. Осындай жүйелі және мазмұнды жұмыстар тәрбие процесін күнделікті өмірмен ұштастырып, студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етеді. Аптаның басын мәнді мазмұнмен бастау – жасөспірімдердің рухани серпілісіне, тәрбиелік бағыт-бағдарының қалыптасуына оң әсер етеді. Осы мақсатта оқу орындарында апта сайын жүйелі түрде бірнеше маңызды іс-шара өткізіледі: «Менің Қазақстаным» атты бастама аясында әр оқу аптасының бірінші сабағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталады. «Аптаның дәйексөздері» жобасы – бүкіл білім беру ұйымының оқу және тәрбие жұмысына арқау болатын ұлағатты ойлар мен нақыл сөздерді насихаттауға арналған. Аптаның өзекті тақырыбына сәйкес таңдалған халық даналығы, мақал-мәтелдер, тұлғалардың қанатты сөздері ақпараттық стендтерде, LED-экрандарда, сынып тақталарында және басқа да көрнекі орындарда орналастырылады. «Қауіпсіздік сабағы» – студенттердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында апта сайын өткізілетін қысқаша ақпараттық кездесу. Сынып сағаты аясында 10 минуттық бұл әңгіме жол жүру ережелері, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл, интернет қауіпсіздігі мен жеке бас қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәліметтермен бөлісуге бағытталған. Мұндай дәстүрлі және мазмұнды шаралар әр аптада өтіп, колледждегі тәрбие жұмысының жүйелілігін қамтамасыз етіп, студенттердің тұлғалық және азаматтық қалыптасуына негіз болады. Әлеуметтік жобалар мен мазмұнды іс-шаралар – оқушылардың бойында ұлттық және адами құндылықтарды қалыптастырудың, сондай-ақ отбасы, мектеп және қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамытудың пәрменді тетігі болып табылады. Мұндай жобалар білім беру мен тәрбие жұмысына жүйелілік енгізіп, балаларды нақты әрекетке баулиды. Төменде осы бағыттағы негізгі жобалар мен олардың мақсаты нақтыланып ұсынылған: 1. «Қамқор» әлеуметтік жобасы - волонтерлік қызмет, қарттарға, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға көмек көрсету арқылы әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру. 2. «Ұшқыр ой алаңы» - пікірталас алаңдары, зияткерлік ойындар, дебаттар мен шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушылардың ой-өрісін кеңейту. 3. «Smart bala» - ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кодтау, мультимедиа жобалар арқылы оқушыларды заманауи біліммен қаруландыру. 4. «Шабыт» шығармашылық жобасы - өнер, музыка, театр, бейнелеу өнері бағытында өтетін байқаулар мен көрмелер арқылы балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыру. 5. «Еңбегі адал – жас өрен» - еңбек дағдыларын меңгеру, мектеп ауласын абаттандыру, кәсіби бағдар беру, қолөнер мен тұрмыстық еңбек түрлерін насихаттау. 6. «Балалар кітапханасы» жобасы - оқырман клубтары, кітап марафондары, тақырыптық талқылаулар мен авторлармен кездесулер өткізу арқылы оқушыларды әдебиетке баулу. Осы жобалар мен іс-шаралар студенттердің жеке қасиеттерін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және оларды жауапкершілікті, саналы азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастамалар ата-аналар мен педагогтерді де ортақ мақсатқа жұмылдырып, тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтереді. Тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Бұл құжаттар тәрбие процесінің заңдылығын, қауіпсіздігін, бала құқықтарын қорғауды және білім беру ұйымдарының қызметін реттейді. Тәрбиені нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы, Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 16 бұйрығы, "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы № 214-ІV Заңы, "Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі № 169-VІ Заңы, ҚР БҒМ 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 506 бұйрығы – "Бала жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы", "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 194 бұйрығы – "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы, ҚР ОАМ 2025 жылғы 26 мамырдағы № 123 бұйрығы – "Адал азамат" атты бағдарламаның қосымшасы, ҚР БҒМ 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығы, колледж жарғысы, ішкі тәртіп ережесі. Білім алушылардың оқу тәртібі мен қатысуын бақылау, сондай-ақ білім беру процесінің сапасын арттыру мақсатында колледжде ай сайын тәртіптік кеңес өткізіледі. Кеңес жұмысы тексеру журналының қорытындысы негізінде жүргізіледі. Кеңес отырысында себепсіз сабаққа қатыспаған, сондай-ақ білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелерін бұзған студенттердің мәселелері қаралады. Әрбір жағдай жеке талданып, тиісті тәртіптік шаралар қолдану туралы шешім қабылданады.

Қоғамдық ортада темекі шегу, қоқыс тастау, түкіру немесе балағаттау сынды әрекеттер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ӘҚБтК) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны түсіндіріледі. Осыған байланысты, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында колледжде ай сайын оқу орнының инспекторымен жиналыстар, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар барысында білім алушыларға әкімшілік заңнама талаптары, құқық бұзушылықтың салдары және жеке тәртіптің маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Білім алушылардың бірыңғай формада жүруі – оқу орнының ішкі тәртібін сақтаудың маңызды элементтерінің бірі. Колледждегі басты ерекшеліктердің бірі де – осы жүйелі тәртіп пен оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын бірыңғай талаптар.

Тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру барысында олардың тақырыптарын келесі негізгі бағыттарға сәйкестендіру қажет: тарихи сана мен отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастыруда мемлекеттік және ұлттық мереке күндерімен байланыстыру, кәсіби бағдар беру мен мамандыққа деген қызығушылықты арттыруда студенттердің таңдаған мамандықтарымен үйлестіру, зиянды әдеттердің алдын алу, дене және психикалық саулықты сақтауда салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру және тәртіпке баулуда ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу, шығармашылық қабілеттер мен зерттеушілік дағдыларды дамытуда арнайы тақырыптағы жобалар қорғау, цифрлық сауаттылық пен жаңа білім беру трендтеріне бейімделуде заманауи технологияларды меңгеруге бағыттау. Осындай кешенді әрі мақсатты бағытталған тәрбиелік жұмыс жасөспірімдердің қызығушылығын арттырып, олардың жеке дамуына, әлеуметтенуіне және болашақ өмірлік ұстанымдарын дұрыс қалыптастыруға оң әсер етеді. Аталған тәрбиелік іс-шаралардың нәтижелері мен маңыздылығы қоғамның кең ауқымына тиімді жеткізілуі мақсатында, соның ішінде ата-аналарға арналған ақпараттарды да қамти отырып, әлеуметтік желілер платформаларында жүйелі түрде жарияланып отырады. Бұл шаралар туралы ақпараттың ашықтығы мен кең таралуы жасөспірімдердің, олардың ата-аналары мен педагогтердің белсенді қатысуын арттыруға, сондай-ақ колледждің тәрбие жұмысындағы жетістіктерін кеңінен танытуға ықпал етеді.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
28.05.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12