400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Б.Момышұлы-қазақ әскери ғылымының негізін салушы, патриот жазушы.

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ халқының ардақты ұлы, Халық Қаһарманы, жауынгер-жазушы Б.Момышұлының үстіміздегі жылы 110 жылдық мерейтойы белгіленіп жатыр. Сіздерге ұсынылып отырған материалдың, осы мерейтойға сәйкес тәрбе сағаттарын өткізетін ұстаздарға көп көмегі тиеді деп ойлаймын.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Б.Момышұлы-қазақ әскери ғылымының негізін салушы, патриот жазушы.

Адамзат тарихында өзіндік орнын алып,кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі қалар тұлғалар аз емес. Осынау ел ардағына айналған азаматтар жайында халық аузында аңыздар айтылады, хикая дастандар туады, өлең жырлар жазылады. Олардың бірсыпырасы ел қамын ойлаған ерлер, Отан қорғаған батырлар,жауға қарсы жорық жасаған қаһарман қолбасшылар және т.б. болып келеді. Осындай аңызға айналған тұлғалардың бірі―даңқты қолбасшы, жауынгер жазушы Қазақ Халқының Қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Ол кісі ұлтын сүйген патриот болумен қатар қазақ халқының рухын жоғары көтерген қайраткер жазушы. Даңқты жауынгер жазушы 1910-жылы қазіргі Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында дүниеге келген. 1928 жылы Шымкенттегі жетіжылдық мектеп интернатты бітірген соң біраз уақыт мұғалім болып істейді. 1932 жылы әскер қатарына шақырылады. Міндетін өтеп, запастағы командир атағын алып ауылға оралғасын қаржы орындарында жұмыс істеген. 1935 жылдың қараша айында Ташкенттегі машықтандыру орталығына запастағы командир ретінде шақырылып, полковник П.Вахаловтың қарамағында бірнеше ай әскери дайындықтан өтеді. 1936 жылы полковник П.Вахаловтың шақыруымен қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде қызмет еткен, взвод, рота командирі болған. Бұл туралы жазушы өзінің"Олар менің есімде"әңгімесінде егжей-тегжейлі баяндайды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басқаруымен Алматы маңында жаңадан 316-атқыштар дивизиясы жасақталған. Көп ұзамай генерал-майор И.В.Панфиловтың бұйрығымен Б.Момышұлы осы дивизия құрамындағы бір полктың бірінші батальон командирі болып бекітіледі. Батальонға келіп, командирлік қызметіне кіріскен кезде, батальондағы көптеген тәртіпсіздіктерді байқайды."Бұл жағдайларға жол бермеу керек,қатал болу керек. Олай етпесе ,ертеңгі күні майданға енгенде батальон айбынды бұйрықтарды мүлтіксіз орындай алмайды"-деп ойлайды ол[2-182]. Сөйтіп алғашқы жұмысын батальондағы кемшіліктерді, тәртіпсіздіктерді жоюдан бастайды. Өте қатал болды, өз бағыныштыларына қатты талаптар қоя бастады. Бірақ Бауыржан атамыздың бұл ісін кейбір командирлер жақтырмайды. Мұны сезген атамыз өзіне бағынышты командирлерді тәртіпке шақырып, сөйлесіп алады. Бұл жөнінде Қаһарман жазушы М.Ғабдуллин өз естелігінде былай жазған:-"Бауыржан сапқа тұрған командирлерді көзімен шолып өтіп,оларға алда тұрған міндеттер жайында сөйлей бастады. Бауыржан қатал сөйледі, әскерде темірдей қатал тәртіп болмайынша,жауынгерлік рух болмайтынын,өз бұйрығын орындата алмайтын командир сорлы адам екенін баса айтты. Сен офицерсің, бұйырушысың, сонымен қатар қамқоршысың, олай болса, әрбір бұйрығың әділ болсын-деді."[2-183] Міне содан бастап батальонда қатаң тәртіп орнатады. 1941 жылы қараша айының басында 316-дивизия Батыс майданға аттанып,Волоколамскі станциясына келіп түседі де, сол жерден бекініс, қорғаныс құрылыстарын жасауға кіріседі. Бұл жұмыстар біткен соң полк командирі Майор Елин командирлерге мәжіліс өткізіп, жалпы жағдайды түсіндіреді. Оларға алдында тұрған міндеттерін көрсетеді. Мәжіліс біткен соң сондағы 20 шақты қазақ командирлері мен политруктері Бауыржанның қасына жиналады. "Әй,жігіттер,--деді Бауыржан.--қазақ-қазақ болғалы талай-талай тар қамаудан өткен. Талай шабуыл-жортуылдарды басынан кешіріп, халық өз ойлаған мақсатына да жеткен. Сонау кездегі Исатай, Абай мен Шоқандар халыққа қызмет етумен есімдерін мәңгі қалдырды. Олар—тарихи адамдар. Халық басына күн туғанда қалың қауымды бастайтын ері болмаса ел не болмақ? Ерді ел қолдамаса, ер не болмақ? Халқымыз бізді қонаққа жіберген жоқ, майданға, халық бақытын қорғауға жіберді. Соғыстың аты соғыс қой, өліп не жарадар болатынымыз бар шығар. Бірақ,жігіттер, істеріңе адал болыңдар. Өлсек шәйітпіз, халық үшін қазамыз. Ал осалдық істесек, опасыздық, қорқақтық жасасақ—халық алдында абыройымыз жоқ, халықтың ар-намысына қара күйе жағушы боламыз. Мұндай жағдайдан аулақ болайық, жігіттер. Жасасақ та, өлсек те өмір үшін, халық үшін, ел намысы дегенді ұмытпалық."[3-188] Бауыржанның бұл сөздерін сол жердегі қазақ командирлер толық қолдайды және олар"Қазақ баласы—ар мен намыс иесі"деген атақты абыроймен ақтауға анттасқандай болып тарайды. Әрине бұл жерде біз атамыздың Ер жүрек қатал да қайсар командир болумен бірге өз халқын, ұлтын шексіз сүйетін нағыз ұлтжанды азамат екендігін байқаймыз. Б.Момышұлы көп ұзамай полк командирі болады. Соғыс кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті. Кейін дивизия командирлігіне көтеріліп, Калинин майданында, Курляндиядағы неміс басқыншыларын талқандау операцияларына белсене қатысады. Соғыста көрсеткен ерліктері,батырлық атақ-даңқы ел ішінде аңызға айналды. Б.Момышұлының жауынгерлік ерлігі туралы белгілі орыс жазушысы А.Бек"Арпалыс"повестінде жан-жақты суреттеп жазды.

Б.Момышұлы қазақ әскери ғылымының негізін қалаушы да болған. Ол кісі әскери терминдерге қазақ тілінде қарапайым әрі түсінікті етіп түсіндірме жасаған.

Мысалы:"Әскери ғылым мен әскерлерді үйрету өнері негізгі үш бөлімнен тұрады.1.Тактика. 2.Оперативтік өнер. 3.Стратегия.

Тактика—ұрыс жүргізу жөніндегі ғылым. Тактика шағын бөлімшелерден бастап, жоғары жалпы әскерлік құрамаларға дейінгі әскери топтарда ұрысты ұйымдастыру мен жүргізуді зерттеумен шұғылданады.

Оперативтік өнер—ірі әскери топтардың,яғни оперативтік-стратегиялық бірлестіктердің ірі қимылдарын—операцияларды ұйымдастыру мен жүргізуді зерттейді.

Стратегия—жалпы алғанда соғысты даярлау мен жүргізу жөніндегі ғылым.

Қарулы күштердің ұйымдық құрылымында мынандай ұғымдар бар: бөлімше (рота, батарея, батальон, дивизион), бөлім (полк), құрама (бригада, дивизия, корпус)—олар тактикалық міндеттерді, яғни ұрыс жүргізу міндеттерін шешеді, бірлестік (армия,майдан)—оперативтік міндеттерді шешуге арналған.

Ұрыс—соғысушы жақтардың ұйымдасқан түрдегі қарулы шайқасы, ұрыста әскерлердің қимылдары мақсаты мен уақыты жағынан бірлікте болады әрі шайқас онша үлкен емес атыс және тактикалық кеңістікте өрістейді.Ұрыстың басты да негізгі мақсаты—дұшпанның адам күші мен қару-жарағын жою, құрту. Дұшпанның қарсылық көрсете алмайтындай етіп сағын сындырып, моральдық күші мен қабілетін басып, жаншу, басқаша айтқанда, ұрыстың басты мақсаты—жаудың көзін жою.

Шайқас—белгілі бір ауданда өрістеген әрі тактикалық және оперативтік масштабта мақсат, уақыт жағынан бірлікте болатын бірсыпыра ұрыстардың жиынтығы.

Операция—деп уақыт жағынан, кейде майдан бойынша бөлек-бөлек болып, бірақ жалпы бағыт бойынша, белгілі бір оперативтік бағыттарда дұшпанның ірі әскери топтарын тас-талқан ету мақсатында біріккен ірі жалпы әскери топтың ұрыс қимылдарының жиынтығын айтады"[2-96]. Міне осылайша көптеген әскери терминдерді түсіндіріп өткен.

Жалпы, әскер түрлерін Б.Момышұлы негізгі әскер түрлері және қосымша әскер түрлері деп екіге бөледі. Қосымша әскер түрлерінің ішінен көпшілігі соғысып өзінің күшімен дұшпанды қатты бүліншілікке, шығынға ұшырататынын, бірақ та олар сапа яғни ұйымдастырушылық жағынан аса мықты емес, жеңіп алуға және тартып алынған жерді ұстап тұруға мүмкіндігі, күші жете бермейтіндігін көрсетеді. Мұнан соң ол кісі негізгі әскердің бір түрі болған жаяу әскердің маңызы туралы да айтып өткен. "Жаяу әскер екпінді жанды адам күшін қуатты атыспен ұштастыра отырып, шабуылдаушы ядроға айналып, жауынгерлік міндеттерді жердің, ауа райының әр түрлі қолайсыз жағдайларына қарамастан, жылдың кез келген мезгілі мен тәулігінде орындауға қабілетті. Жаяу әскердің мақсаты—жақын қашықтыққа ұрыс жүргізу. Ол ұрысты дұшпанға оқ жаудырып, атыспен тықсыра, ығыстыра отырып, оны көзбе-көз, бетпе-бет келген қоян қолтық шайқаста кеудесіне сұсты найза шаншып, түпкілікті көзін жойып барып аяқтайды. Жаяу әскер жақын қашықтықта, ұрыстың ең бір барып тұрған қатал, қатерлі әрі сұмдық, сұсты кезеңінде ұрыс жүргізетін негізгі және әмбебап әскер түрі. Сонымен бірге ол жаудың шебін басып алуға, ол жерді қолдан шығармай ұстап тұруға қабілетті күш. Басқа әскер түрлерінің бірде бір солдатынан мұндай төзімділік көрсетуді, ерлік жасауды, тіпті адам мүмкіншілігінен асып кететін күш, қажыр-қайрат жұмсауды, дәл осы жаяу әскерлерден талап еткендей талап етілмейді"[2-108]. Осылайша жаяу әскердің көптеген артықшылықтарын көрсете келіп,--жаяу әскер ұрыста шешуші күш—деген түйінге келеді. Осындай әскери терминдердің біразына түсініктеме бере отырып,командир қандай болу керек деген мәселеге де тоқталады. "Командир—басты тұлға, әскердің миы, ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске жеткізуші адам. Командир жан-жақты, өте сауатты, қатал да қара қылды қақ жарар әділ, адал және өзі жасаған шешімінің дұрыстығына тайсақтамай,сенімді болуға тиіс"[2-110].

Бауыржан Момышұлы патриотизмге, ерлікке, батырлыққа байланысты біршама терминдерге де анықтама берген. Енді соларға тоқталып өтсек:

Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман– саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді.

Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға - қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу.

Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.

Табандылық – батырлардың қалқаны.

Өжеттілік, қайсарлық – адамның тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс.

• Қолбасшы болсаң сондай бол - жосылып жатқан жолдай бол.

Осындай тағы да басқа батырлық, ерлік, тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы біраз өсиет сөздер қалдырған. Бауыржан атамыз бұлардан басқа адамдағы кездесетін қылық-мінездерге, темпераменттерге жекелеп талдау жасап "Соғыс психологиясы" оқулығын да жасаған.

Міне осындай ғылымда да, әдебиетте де,с оғыс майданында да көрсеткен ерліктері елеусіз қалып, Кеңес Одағы батыры атағын өз кезінде ала алмады. Ең алғаш рет Б.Момышұлының соғыста көрсеткен көптеген ерен ерліктерін ескеріп, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі полковник И.И.Серебряков 1942 ж. тамызда оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бірақ бұл наградтау қағазы жоғалып кетеді. 1944 ж. шілде айында Серебряков КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына үндеу хатында: «Жолдас Момышұлына құрмет көрсетуді... өтінемін және мұны жеткізуді өзімнің парызым деп білемін... әділдік менен осыны талап етеді», - деп жазды. Бірақ Серебряковтың бұл ұсыныс хаты да аяқсыз қалады. Жерлесіміздің одан кейінгі ерліктері де ескерусіз қалады. Соғыстан кейін Совет Армиясы Бас штабының Жоғарғы әскери академиясын бітіріп (1950ж.), сонда әскери педагогикалық қызметпен айналысты. Бұл академия сол кезде Ресейдің Калинин қаласында орналасқан болатын. Бұл қала бұрын Тверь деп аталған. Себебі Тверь өзенінің Волгаға құяр сағасында XII ғасырда негізі қаланған қала еді. Міне осы қаладағы академияда полковник Б.Момышұлы жалпы тактика курсынан сабақ берген.

Тактика төңірегінде оның идеяларының батыл да жаңашыл болғандығына қарамастан, 1956 жылы гвардия полковнигі Б.Момышұлы отставкаға жіберіледі. Міне осы кезеңнен бастап әдебиет майданындағы қаһармандық істері басталғаны баршаға мәлім. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуы, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды Отан қорғауға дайын тұру рухында баулу, әскери-патриоттық тәлім-тәрбие болып табылады. Бауыржан Момышұлының басты шығармалары: "Офицер күнделігі", "Бір түннің оқиғасы" (1956), "Москва үшін шайқас" (1958), "Майдандағы кездесулер"(1962), т.б. Кеңес Одағының батыры И.В.Панфилов жайында "Біздің генерал" деген ғұмырнамалық хикаят жариялады. Ал "Ұшқан ұя" романы 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Жазушының 1981 жарық көрген "Адам қайраты"шығармасында өзінің соғыста дивизия командирі болып жүрген кезіндегі бір оқиға суреттеледі. Бұл шығарманың жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде ерекше орны бар. Бұл әңгіме адамның табандылығын, шыдамдылығын, мол қайратын көрсететін туындыларының бірінен саналады. Әңгіменің басты кейіпкері старшина Андрей-Әкімгерей деген қарапайым қазақ азаматы. Ол өзінің Андрей атану оқиғасын былай баяндайды.—Әскерге мені шақырғанда байүкіметтің (военкоматтың) байсары(писарі)бір қарт орыс екен. Маған кезек келгенде ол менен атың кім деп сұрады. Мен Әкімгереймін дедім. Әлгі шалдың құлағы мүкістеу ме,қайдам...Сол кісі менің книжкама Андрей деп жазыпты. Содан Андрей болдым да кеттім...—дейді.[1-117] Ал, Әкімгерей туралы капитан Ложкин—Иә, жолдас полковник,оның омырауындағы белгілерге қарағанда он алты жарақаты бар, алтауы ауыр...Қайранмын.Адам жаны қандай сірі десеңізші!...-дейді.[1-118] Мұндай сөздерді санитарлық дивизияның жетекшісі де айтады.Тіпті онымен қоймай, рентгенге де салып, денесінде жүрген бір оқ, бір жарықшақ бар екендігін де анықтайды. Онан қала берсе бір бүйрегін, екі оң сүбе қабырғасын алып тастағандығын таң қала отырып,ә ңгімелейді. Міне осының бәрі Бауыржан ағамызды да таңғалдырады. Мұнан кейін ол Әкімгерейге "Жауынгерлік ерлігі үшін","Ерлігі үшін" медалдарын "Даңқ","Қызыл жұлдыз" ордендерін табыстайды. Старшина әскери атағын береді. Сонымен қатар оған—Сізді он жетінші рет жаралануға жіберуге болмайды, ал әскерден босатуға правом жоқ. Сіз дивизияның наубайханасына барып өз мамандығыңызбен жұмыс істегеніңізді дұрыс көріп отырмын. анша айтқанмен, ол алдыңғы шептен 40-50 километр жерде ғой. Дұшпанның самолеті бомбаламаса,оқ,снарядтары жетпейді...-дейді.[1-125] Мұнымен қоймай елге барып келуі үшін демалыс та береді. Бұл әңгімеден біз Әкімгерей бейнесі арқылы өзінің жауынгерлік борышын аянбастан орындауға әрқашан даяр, патриот, табанды да төзімді қарапайым да қаһарман қазақ азаматын танимыз. Ал, әңгіме авторы Б.Момышұлы ағамыздың ержүрек батыр қолбасшы ғана емес, үлкен ақыл иесі, адамгершілігі мол, қамқоршы азамат екендігін байқаймыз. Бұл қасиеттердің барлығы ұрпақ тәрбиесінде ерекше орны бар екендігін атап өткім келеді. Жауынгер жазушының "Ұстаз" әңгімесінде Бауыржан атамызға әскери өмір мектебінің алғаш рет есігін ашып, әскер өнерінің алфавитін үйреткен ұстазы Николай Редин туралы сөз болады. Ол кісі Бауыржан атамызды алғаш рет 1932 жылы әскерде болған кезінде командирі болып, мергендікке баулыған. Арадан он жыл өткенде Б.Момышұлы басқарған дивизияның өрісінде елуден аса дұшпан танктері жайратылады. Олардың алтауын старшина Рединнің қиратқанын естіген Б.Момышұлы оны шақыртады. Сөйтсе старшина Редин дегені баяғы өзінің ұстазы екен. Алғашында Баукең оны танымай қалады. Бұл жөнінде ол былай дейді "Көзіме қарт көрінді. Гимнастеркасының оң омырауында екі рет жеңіл, төрт рет ауыр жараланғанның белгілерін көрдім. Менің ұстазым, менің бірінші командирім алдымда тікесінен тік тұр".[1-140] Оны таныған соң Баукең өзінің шені, лауазымы жоғары болса да Рединнің алдында құрақ ұшады. Бұл жерде біз Бауыржан атамыздың кішіпейілділігін, ұстазына деген үлкен құрметін байқаймыз. Сонымен бірге"Ұстаз атаңдай ұлы"-деген нақыл сөздің мәнін ұққандай боламыз.

Бауыржан Момышұлы әлденеше ордендермен, медальдармен марапатталған. Ол кісіге Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы мәселені Жазушылар одағы Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында көтерген. Бірақ ол мәселе бұл жолы да аяқсыз қалады. Осы жағдай 1980 жылы тағы да қайталанады. Дүние салғаннан кейін біраз жылдан соң ғана атамызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (1990 жылы). Сөйтіп, ұзақ жылдардан соң, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, қалың жұртшылық талабымен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауы арқасында, халқымыздың ардақты ұлы көзі тірісінде-ақ аңызға айналып кеткен осынау даңқты жауынгер, дарқан ойлы қолбасшы турасындағы тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп еді. Бүгінде Бауыржан батыр есімін иеленген мектептер, көшелер, елді мекендер, ұжымшарлар егеменді елдің қала-даласында көптеп кездеседі. Оңтүстік астанада ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған, әскери мектеп-лицей бар. Бұлардың бәрі Бауыржан атамыздың ел есінде мәңгілік сақталып қалатындығының нақты айғағы.




Әдебиеттер тізімі

1.Б.Момышұлы «Адам қайраты»

2. Б.Момышұлы Екі томдық шығармалар жинағы.

3. Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер




Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
8 мамыр
329
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі