Қазақ даласында жылқыны қолға
үйрету
Қазақ даласында жылқыны қолға
үйретудің ең алғашқы археологиялық дәлелі – Ботай мәдениеті. Ботай
мәдениеті – еліміз аумағында энеолит, яғни мысты тас дәуіріне
жататын бірден-бір ескерткіш. Орналасқан аумағы – Солтүстік
Қазақстан облысы, Айыртау ауданы Қазан ауылдық округіне қарасты
Никольское елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай біржарым шақырым
жерде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сонау жетпісінші
жылдары осы қонысқа жақын жерде ағып жатқан Иман-Борлық өзенінің
жағасында ойнап жүрген балалар сүйектен, тастан және балшықтан
жасалған бұйымдарды тауып алады. Ежелгі дәуірге жататын бұл
дүниелерді жергілікті мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі
Есләмбек Зәкәрияұлы Көкшетау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына
тапсырады. Арада біраз жыл өткен соң Көкшетау мұражайынан аталған
жәдігерлерді көрген Қызылжар педагогика институтының жас ғалымы
В.Зайберт дереу ат басын Ботайға бұрып, арнайы экспедиция
ұйымдастырады. Нәтижесінде, дүниежүзілік археология тарихына жаңа
бетбұрыс жасалды. Қонысқа алғаш рет 1980 жылы қазба жұмысы
жүргізілді.
Еуропалық ғалымдардың
зерттеуіне қарағанда, адам баласы жылқыны қолға үйреткеніне
5500 жылдан асыпты. Өркениет тарихында жылқылар алғаш рет қазіргі
Украина топырағында қолға үйретілді деген тұжырым болған еді.
Алайда соңғы зерттеулердің қорытындысы өркениеттің Азиядан
басталғанын дәлелдеді.
Ағылшын зерттеушісі
Кимберлей Броун «Лос Анжелес Таймс» газетіне сілтеме жасай отырып,
Horse атты журналға жазған еңбегінде, жылқы түлігі еуропалықтар
ойлағаннан көп бұрын Азияда қолға үйретілгенін
меңзеген.
Ағылшын зерттеушісінің пікірі
Ботай қонысы маңына жүргізілген қазба жұмыстары барысында дәлелін
тапты. Аталған археологиялық жаңалықтың құндылығы жайлы еуропалық
National Geographic News атты ғылыми басылым: «Қазіргі күні
Қазақстан деп аталатын елдің жерін мекендеген далалық өлке
тұрғындары алғашқы болып жылқыға мініп, оның сүтін ішкен...» деген
байлам жасады. Басылымның бұлай түйін жасауына себеп болған дүние:
Ботайдағы қазбадан табылған жылқылардың тістері мүжілген әрі оған
сызат түскен. Осыған қарап ғалымдар, жылқының мініске
пайдаланылғанын, ауыздықталғанын анықтап отыр. Сонымен қатар жер
астынан табылған ыдыстардың түбінде кепкен қымыз қалдықтарының ізі
қалған.
Осы дәлел-деректерді негізге
алған АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Хартуик университетінің
зерттеушісі Давид Антони: «Егер ботайлықтар биені сауып, сүтін
пайдаланған болса, бұл жылқылар жабайы емес, яғни қолға үйретілген
жануарлар» деп түйін сөзін айтқан. Сондай-ақ Ботай қонысы маңына
археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ұлыбританиялық жетекші
ғалым, Эксетер университетінің қызметкері Алан Оутрам: «Біздер
тапқан жаңалықтан түйгеніміз, байырғы адамдар біз ойлағаннан да
өнертапқыш екенін көріп отырмыз», дейді.
Біздің жыл санауымыздан
3600-3700 жыл бұрын энеолит дәуірінде өмір сүрген ботайлықтар
Есілдің жағасын мекендеп, жылқыны қолға үйретіп, оның етін
тұтынып, қымызын ішіп күнелткен. Зерттеушілер осындағы жылқы
сүйегінің бір жерге аса көп мөлшерде шоғырланғанына қарап,
ботайлықтар жылқы малын будандастыруды да меңгерді деген оқшау
тұжырым жасайды.
Сол секілді француздың атақты
шығыстанушы ғалымы, академик Рене Груссе өзінің «Дала империясы»
атты еңбегінде «ең алғаш жылқы малын қолға үйретушілер көшпенділер
болған» дей отырып: «Сайын дала – жылқының отаны. Далалықтар
жаратылысынан ат құлағында ойнаған сарбаздар һәм ат әбзелдерін
ойлап табушылар да осылар...» дейді.
Яғни ежелгі дәуірде жылқы
түлігінің қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені бұл
малдың ерекше қастерленіп, өмір сүру жоралғысының ажырамас бір
бөлігіне айналғанын көрсетеді. Тіпті қазақ халқы әлі күнге дейін
жылқының сүтін қымыз ретінде пайдаланып отырғаны – қазақ
даласында сонау ежелгі дәуірден бері үзілмей жалғасып келе жатқан
дәстүрдің айғағы.
Адамдардың жылқы малын қолға
үйреткені емес, бірінші кезекте оны көлік құралы ретінде
тұтынғаны тарихи маңызды. Себебі адамдар жылқыны ерттеп мінгеннен
бастап адамзат тарихында үлкен сілкініс жасалды. Қазіргі техника
дәуірі өркендеген заманның өзінде жылқы түлігі тарихи, шаруашылық
маңызын жоғалтқан жоқ.