ЦИФРЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ ЖАСТАРДЫҢ ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНЕ ӘСЕРІ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

ЦИФРЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ ЖАСТАРДЫҢ ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНЕ ӘСЕРІ

Материал туралы қысқаша түсінік
ЦИФРЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ ЖАСТАРДЫҢ ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНЕ ӘСЕРІ
Материалдың қысқаша нұсқасы

Ақберген З.М.,Болтаева А.М.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


ЦИФРЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ ЖАСТАРДЫҢ ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНЕ ӘСЕРІ

Қазіргі қоғамда цифрлық технологиялар адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Интернет, әлеуметтік желілер мен смартфондар арқылы ақпарат алмасу, оқу, жұмыс істеу және қарым-қатынас жасау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Дегенмен, бұл мұмкіндіктермен қатар жаңа әлеуметтік-психологиялық қиындықтар да туындап отыр. Соның бірі — цифрлық тәуелділік феномені. Бұл ұғым адамның саналы уақытын виртуалды кеңістікке артық жұмсап, оның шынайы өмірдегі қарым-қатынасы мен эмоциялық тепе-теңдігіне кері әсер етуін білдіреді. Әсіресе, жастар арасында бұл мәселе ерекше өзектілікке ие. Өйткені жасөспірім және студенттік кезең — тұлғаның өзін-өзі тануы мен эмоциялық интеллектінің қалыптасуының маңызды кезеңі.

Эмоциялық интеллект — адамның өз эмоциясын және өзгенің сезімін түсініп, оларды тиімді басқару қабілеті. Бұл қасиет адамның психологиялық тұрақтылығын, әлеуметтік бейімделуін және тұлғаралық қатынастардағы табыстылығын қамтамасыз етеді. Эмоционалды интеллект (ЭИ) ұғымын алғаш ғылыми айналымға енгізген американдық психологтар Питер Сэловей (P. Salovey) мен Джон Майер (J. Mayer) (1990) болды. Олар ЭИ-ді адамның өз эмоцияларын тану, түсіну және реттеу, сондай-ақ өзге адамдардың эмоциясын дұрыс қабылдай білу қабілеті ретінде анықтады [1]. Кейінірек Дэниел Гоулман (D. Goleman) бұл ұғымды кеңейтіп, эмоциялық қабілеттерді тұлғаның әлеуметтік табыстылығымен байланыстырды. Дэниел Гоулманның пікірінше, эмоциялық интеллект бес негізгі қабілетті қамтиды.[2]

1.Өз эмоцияларын түсіну — яғни дәл қазір не сезіп тұрғаныңды және не себепті солай сезініп тұрғаныңды ұғына білу. Мысалы, жай ғана «мен ашулымын» емес, «мен ашуланып тұрмын, өйткені өзімді бағаланбағандай сезіндім» деп түсіну. Егер біз өзіміздің ішкі күйімізді түсінбесек, онда жиі автоматты түрде әрекет етеміз — жақындарымызға ашуланамыз, өзімізге тұйықталамыз немесе кейін өкініш туғызатын қадамдарға барамыз.

2.Өзін-өзі реттеу — өз реакцияларын басқару қабілеті. Бұл ашумен бірдеңе айтып қоймауға, ренішке немесе истерияға берілмеуге, эмоцияның жетегінде шешім қабылдамауға көмектеседі.

3.Мотивация — қиын сәттерде өзіңді жігерлендіру, берілмеу, сыртқы марапатсыз да өз мақсатыңа жетуге ұмтылу қабілеті.

4.Эмпатия — басқа адамның не сезініп тұрғанын аңғару, оның күйін ұсақ белгілерден (интонация, бет әлпеті, үзіліс, қимыл) байқау. Бұл неге маңызды: эмпатия — жанашырлық, қолдау мен түсіністіктің негізі. Эмпатиясыз біз немқұрайлы боламыз және бір-бірімізден алыстаймыз.

5.Әлеуметтік дағдылар — сенімді қарым-қатынас орнату, келісімге келу, қақтығыстардан шығу, қарым-қатынаста сезімтал болу қабілеті. Бұл неге маңызды: эмоциялық интеллект ең алдымен адамдар арасындағы қатынаста көрініс табады. Өзгелермен тіл табыса алатын адамдар — отбасыда да, бизнесте де әлдеқайда табысты.[2]

Эмоциялық интеллект — туа біткен қасиет емес. Бұл — дамытуға болатын дағдылар жиынтығы.Эмоциялық интеллекті жоғары адамдар өз сезімдерін бақылап, өзгелердің көңіл күйін түсініп, қиын жағдайларда сабыр сақтай алады. Ал цифрлық тәуелділік бұл қабілеттердің дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Ресейлік зерттеушілер жастардың интернет және смартфон тәуелділігі мен олардың эмоциялық дамуы арасындағы байланыстарды белсенді зерттеуде. Е. М. Захарова, С. М. Берникова, М. И. Бакина және М. В. Андреева (2020 ж.) өздерінің «Проблема интернет-зависимости в молодежной среде» атты еңбегінде интернет-тәуелділікті тұлғаның эмоционалдық тұрақсыздығымен және коммуникативтік дағдылардың жеткіліксіз дамуымен байланыстырады. Зерттеушілердің ойынша, интернет-тәуелділік — эмоционалды интеллекттің әлсіздігін көрсететін мінез-құлық формасы[3].

Т. В. Амосова өз еңбегінде («Эмоциональный интеллект у студентов с разной степенью риска интернет-зависимости», 2018 ж.) студенттер арасында жүргізілген эмпирикалық зерттеу нәтижелерін ұсынады. Зерттеу барысында интернет-тәуелділік белгілері жоғары топтағы студенттерде эмоционалды интеллект деңгейі айтарлықтай төмен екені анықталды. Автордың пікірінше, шамадан тыс онлайн-белсенділік адамның өзін-өзі реттеу мен эмоциялық бақылау қабілетін әлсіретеді. Бұл нәтиже Гоулманның ЭИ-дің өзіндік мотивация мен өзін басқару теориясын дәлелдей түседі [4].

Е. С. Игнатова (2021 ж.) өз шолуы «Взаимосвязь эмоционального интеллекта и применения цифровых технологий» еңбегінде заманауи цифрлық ортада ЭИ-дің төмендеуі тұлғаның эмоционалды саулығына және әлеуметтік бейімделуіне кері әсер етеді деген тұжырым жасайды. Автордың пікірінше, виртуалды қарым-қатынас шынайы эмпатиялық тәжірибені азайтады, бұл эмоционалдық интеллекттің төмендеуіне алып келеді[5].

Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, интернет пен әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану адамның нақты эмоциялық тәжірибесін шектейді. Жастар көп уақытын экран алдында өткізген сайын, тікелей қарым-қатынас жасау, бет-әлпетті оқу, дауыс интонациясын сезіну сияқты табиғи әлеуметтік дағдылар әлсірейді. Нәтижесінде эмпатиялық қабілет төмендеп, эмоцияны дұрыс тану мен білдіру қиындайды. Мысалы, студенттердің көпшілігі достарымен бетпе-бет сөйлескеннен гөрі мессенджер арқылы байланыс орнатуды қолайлы көреді. Бұл виртуалды қарым-қатынастың үстем болуы эмоционалдық интеллекттің кейбір аспектілерін – атап айтқанда, эмоциялық реттеу мен өзара түсінісуді – әлсіретеді.

Цифрлық тәуелділікті зерттеу қазіргі заманғы қоғам жағдайында ерекше өзекті болып табылады, себебі ақпараттық толқынның өте көптігі, өз кезегінде адамның психикасына қатты әсер етеді. Интернетке тәуелділік мәселесі жеке адамның психологиясын қаншалықты өзгерткендігін көпшілік түсіне бермейді. Заманауи адамның әр күні ұялы телефон мен Интернет арқылы хабарламалар жіберу мен қабылдау, жаңалықтар парақшаларындағы ақпараттарды талдау мен танысу, жауап қайтару, пікір қалдырумен өтіп жатады. Сонымен қатар цифрлық тәуелділік адамның өзін-өзі бақылау механизмдеріне де әсер етеді. Әлеуметтік желілер мен ойындарда допаминдік жүйе үнемі белсеніп отырады, яғни адам «лайк» немесе хабарлама алу арқылы қысқа мерзімді қанағат сезімін бастан кешіреді. Бұл процесс мінез-құлықтық тәуелділікке ұқсас сипат алып, өз эмоцияларын саналы түрде басқаруға кедергі келтіреді. Жастардың арасында жиі кездесетін ұйқының бұзылуы, зейіннің шашырауы, ашушаңдық, жалғыздық сезімі — цифрлық тәуелділіктің тікелей психологиялық салдары болып табылады. Осы жағдайлар эмоциялық интеллекттің негізгі көрсеткіштерін — өзін-өзі реттеу мен ішкі үйлесімділікті төмендетеді.

Дегенмен, цифрлық технологияларды орынды пайдалану эмоциялық интеллекттің дамуына мүмкіндік те бере алады. Мысалы, арнайы мобильді қосымшалар немесе онлайн тренингтер адамдарға өз сезімдерін тануға, стресс деңгейін бақылауға, эмоциялық сауаттылықты арттыруға көмектеседі. Яғни мәселе технологияның өзінде емес, оны қолдану мәдениетінде. Сондықтан жастар арасында цифрлық гигиена мен саналы медиақолдану дағдыларын қалыптастыру өте маңызды. Университеттер мен мектептерде цифрлық сауаттылықпен қатар, эмоциялық интеллектті дамытуға арналған тренингтер мен семинарлар өткізу тиімді нәтиже береді.

Қорытындылай келе, цифрлық тәуелділік — заманауи жастардың эмоциялық дамуына тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Ол эмоциялық интеллекттің кейбір компоненттерін әлсіретіп, тұлғаның психологиялық тепе-теңдігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Бірақ бұл әсердің теріс салдарын алдын алу адамның өз жауапкершілігі мен саналы таңдауы арқылы мүмкін. Цифрлық әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау, эмоцияларды бақылау мен эмпатияны дамыту — XXI ғасыр жастарының басты психологиялық міндеттерінің бірі. Сол арқылы жастар өз әлеуетін толық ашып, технологияны тұлғалық даму құралына айналдыра алады.



Әдебиеттер тізімі:

  1. Сэловей П., Майер Д. Эмоциональный интеллект // Журнал “Imagination, Cognition and Personality”. – 1990. – Т. 9, № 3. – С. 185–211.

  2. Эмоциональный интеллект- Гоулман Дэниел

  3. Захарова Е. М., Берникова С. М., Бакина М. И., Андреева М. В. Проблема интернет-зависимости в школьной, молодёжной и взрослой среде №12. – С. 82–87.

  4. Амосова Т. В. Эмоциональный интеллект у студентов с разной степенью риска интернет-зависимости // Студенческая наука. – 2018. – №8. – С. 43–49.

  5. Игнатова Е. С. Взаимосвязь эмоционального интеллекта и применения цифровых технологий: обзор современных исследований // Философия и социология. – 2021. – №3. – С. 55–63.


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
18.10.2025
46
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі