Тақырып бойынша 11 материал табылды

Деңгейлік тапсырмалар

Материал туралы қысқаша түсінік
"Деңгейлік тапсырмалар" тақырыбындағы материал 5 бөлімнен тұрады. Бұл деңгейлік тапсырмалар 5-6 сынып оқушыларына орайластырылып құрастырылған.
Материалдың қысқаша нұсқасы

МАЗМҰНЫ



1 Кіріспе 3 бет

2 Жуан және жіңішке дауысты дыбыстар тақырыбы бойынша деңгейлік 4 бет тапсырмалар

3 Буын тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар 6 бет

4 Тасымал тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар 11 бет

5 Буын үндестігі тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар 15 бет











































Кіріспе

Деңгейлік тапсырмалар дегеніміз – белгіліден белгісізге қарай, жеңілден күрделіге қарай үйретуге негізделген жаттығулар түрі.

1.Білімдік тапсырма.

Оқушының белгілі бір тілдік тақырып бойынша теориялық білімін бекітетін, жаңа материал бойынша негізгі білім, білік дағдыларын қалыптастыратын, әрі сол теориялық – білімді анықтау, тексеру мақсатында берілетін тапсырма білімдік тапсырма деп аталады.

Оған іштей мынадай тапсырмалар кіреді:

А) берілген мәтіннің ішінен өтілген керекті тілдік материалды танып, оны теріп жазу.

Ә) Сол тілдік материалды қатыстырып сөйлем құрау.

Б) Сол тілдік материалға дәстүрлі тілдік талдау жасау, т.б.


2. Проблемалық тапсырма.

Белгілі бір тілдік тақырып бойынша оқушыны өздігінен ойлантуға, ой қорытындысын жасауға, анализдеп, синтездеуге мәселе қойып, проблемалық жағдай туғызып, соған байланысты оңтайлы шешім қабылдауға үйрететін тапсырманың түрі – проблемалық тапсырма деп аталады.


3. Пәнаралық тапсырма.

Өтілетін тақырыпты басқа пәндермен, ғылымның өзге салаларымен байланыстыра отырып, оқушыға тілдік материалды терең әрі жан-жақты меңгертуге арналған тапсырманың түрі пәнаралық тапсырма деп аталады. Оқушы білімі пәндердің өзара байланысы негізінде тұрақтала түседі. Әрі мұндай тапсырмалар оқушының логикалық ойлауын дамытады.


4. Шешендік тапсырма.

Оқушының айтар ойын жүйелі жеткізе білуге дағдыландыратын, сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын, кез-келген жағдайда сөз тауып, оны орынды қолдана білуге жетелейтін, үйрететін тапсырманың түрі – шешендік тапсырма деп аталады. Мұнда ойды жеткізуде әр сөздің мағынасы мен атқаратын қызметінің өзара байланыстылығына оқушы назары аудартылды. Сонымен қатар әдемі сөйлеуге үйренеді.


5. Танымдық тапсырма.

Белгілі бір тілдік тақырып негізінде оқушының ойлау қабілетін, дүниетанымын, ой-өрісін дамытуға әрі сол тілдік тақырыптың өзіндік орны мен қажеттілігін танытуға арналған тапсырманың түрі танымдық тапсырма деп аталады.


6. Интеллектуалдық тапсырма. Белгілі бір тілдік тақырып негізінде оқушының жеке ойын, пікірін, өзіндік көзқарасын қалыптастырып, өзінің ұсынысын ашық айтуға бағыттайтын тапсырманың түрі – интеллектуалдық тапсырма деп аталады.

1. Жуан және жіңішке дауысты дыбыстар тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар

Бірінші деңгей білімдік

Мақсаты: Өлеңді мәнерлеп оқып, жуан дауыстылардың астын бір рет, жіңішке дауыстылардың астын екі рет сызыңдар.

Мойындап әлем танитын,

Өзіңсің өшпес тарихым.

Қасиетіңсің ананың

Ақ сүтімен даритын.

Болашаққа алып баратын,

Өзіңсің ұшқыр қанатым.

Намысым, арым, туымсың,

Алмаған текке ана атын.

(Оразақын Асқар)

Екінші деңгей проблемалық

Мақсаты: Өлеңді мәнерлеп оқып, жаттап алып, асты сызылған сөздердің мағынасын түсіндіріңдер.

Қуанғаннан шат күліп,

Бардық ипподромға.

Сәйгүлікке салт мініп,

Шабандоздар жүр онда.

Асыл тегін аңғартып,

Арғымақ жүр саналуан.

Тайтуырылша таңдантып,

Бірі қарғыр қамалдан.

(Оразақын Асқар)

Үшінші деңгей пәнаралық

Мақсаты: Өлеңді оқып, жуан дыбыстың астын бір рет, жіңішке дыбыстың астын екі рет сызып, өлеңде кездесетін жануарлардың мекен ететін жерлерін картадан көрсетіңдер.

Үлкен екен зоопарк,

Көрсетті ағай апарып.

Парктер бар басқа да,

Ең қызығы сол парк.

Жалпақ табан жүр пілдер,

Қайқы мүйіз шіркіндер.

Қант, конфет іздейді

Тұмсығымен түртіп жер.

Өлердей боп намыстан,

Жатып апты арыстан.

Адамдармен ісі жоқ,

Тор сыртынан танысқан.

Көргенде сусиырды,

Адамдар көп жиылды.

Аузын ашты апандай

Тастай бер деп сыйыңды.

(Оразақын Асқар)







Төртінші деңгей – шешендік

Мақсаты: Өлеңді мәнерлеп оқи отырып, асты сызылған сөздерден жуан-жіңішкелі дыбыстарды ажыратып, өлеңді негізге ала отырып, алғашқы қар жайлы әңгімелеп беріңдер.

Сырғанауға тым құмар,

Балаға енді күнде іс бар.

Ақ пердесін жайыпты,

Түнде жауып тұңғыш қар.

Қардан жоқ еш хабары,

Ләйла әйнектен қарады.

Алақайлап қуанды

Көріп аппақ даланы.

Жинайды енді баланы,

Жасайды аққаланы.

Шанаменен сырғанап,

Ойнап асыр салады.

(Оразақын Асқар)

Бесінші деңгей – танымдық

Мақсаты: Өлеңді мәнерлеп оқып, асты сызылған сөздің құрамындағы дауысты дыбыстардың жіктелуіне көңіл бөліп, ажыратып айтып беріңдер.

Терезенің алдына

Көгершінге шаштық жем.

Біздің Ләйла барды да

Қуды оларды шетінен.

Сұрап едік шақырып:

Тиісісің несін? – деп.

Айтты Ләйла ақырын:

Балалары жесін, – деп.

Тағы үркітті, қарашы,

Қой! – десек бір болмайды.

Қайсы? – десек, – баласы?

Көрсетеді торғайды.

(Оразақын Асқар)

Алтыншы деңгей – интеллектуалдық

Мақсаты: Өлеңді оқып, туған күнге деген өз көзқарастырыңды білдіріңдер. Сендер туған күн жайлы не ойлайсыңдар?

Мамасынан бүгін кеп,

Сұрады Ләйла күлімдеп.

Көп-көп сыйлық алатын,

Қашан туған күнім? – деп.

Жоқ па, ол күн есіңде,

Ақпанның дәл бесінде.

Жасың беске толады,

Той тойлаймыз кешінде.

Қарап алды-артына,

Деп сұрады, сәл тыңда:

Ал, ақпанда алтыншы,

Толамын ба алтыға?

(Оразақын Асқар)









2. Буын түрлері тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар

Бірінші деңгей білімдік

1-тапсырма.

Мақсаты: Берілген сөйлемдерді буынға бөліп көшіріп жазып, буын түрін ажыратыңдар.

Қыстың ұзақ түні. Үлкен таудың ішінде жел гуілдеп соғып, ақ боран ұйытқып ойнап тұр. Қараңғы, тұманды түннің жанды шошытатын суығы қаһарлы. Ашуы келіп, аласұрған қатты дауыл бетіне қарсы қараған затты жерге қаққандай болып, құлшынып тұр (М.Әуезов).

2-тапсырма.

Мақсаты: Берілген сөздердің ішінен ашық буынды бір бағанға, тұйық буынды бір бағанға, бітеу буынды бір бағанға жазыңдар.

Ботагөз, үйінде, тамақ, ұннан, сөз, мұсылман, баласы, деп Мұратов, жеңгесі, нашар, жұмысқа, жан, ақша, иығынан, ашулы, адыммен, есіктен, көзі, жасы, домалап-домалап, кетті, болашақ, ұшқыр, арғымақ, қызықты.

Екінші деңгей проблемалық

1-тапсырма.

Мақсаты: Төменде берілген батаның қай кезде айтылатынына назар аударып, жаттап алыңдар. Асты сызылған сөздерден буын түрлерін ажыратыңдар.

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсың мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарқаның мол болсын,

Абыройың зор болсын.

Көк жайлауды жайласаң,

Тай, құлынды байласаң,

Келін тұрсын керіліп,

Салтанаты көрініп.

Сабаң толсын қымызға,

Шараң толсын уызға.



2-тапсырма.

Мақсаты: Төменде берілген тыйым сөздерді жаттап алып, қарамен жазылған сөздердің мағынасын түсіндіріп, буын түріне ажыратыңдар.

  • Құдыққа түкірме, жоғары қарай түкірме.

  • Шелектегі суға аузыңды батырма.

  • Пышақтың жүзін жалама.

  • Пышақты шалқасынан қойма.

  • Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама.

  • Кісіге, молаға саусағыңды шошайтпа.

  • Адамға, малға зәбір жасама.



Үшінші деңгей пәнаралық

1-тапсырма.

Мақсаты: Берілген мәтінді оқып, алғашқы екі сөйлемді буынға бөліп жазып, буын түрін ажыратыңдар. Мәтінде қай кезең суреттелген? Бұл қандай тарихи кезең?

Мектеп үйінің әр бөлмесінен жарық жылтылдап, мас әндер естіле бастады. Наталья отын тағы бір ысырып қойып, бар тақтайды отқа тастап жіберді де, Лиданы көтеріп алып, мектеп бақшасының түкпіріне қарай жылыса жөнелді.

Әлде от жетпей жатыр ма, әлде манағылар ойнап айттыма, Наталья бақшаға жеткенше, ешбір апат белгісі білінген жоқ.

  • Орнынан жаңылған екем. Қайтадан оңдап жіберейін деп, – Наталья

мектепке қарай бұрылғанда, бір ғана гүрс етіп, мектеп үйі аспанға ұшты. Ұшқан бөренелер, қара бұйраланған от жалыны мектеп айналасын түгел жауып кетті. Баласын бауырына қыса түсіп, ер ана да қара түнге сүңгіп кеткендей жоқ болды... (Ғ.Мүсірепов)

2-тапсырма.

Мақсаты: Мәтінді оқып, шешімін табыңдар. Мәтін ішінен бітеу буынды сөздерді беріп жазыңдар

Жиренше мен 17 түйе

Баяғыда бір бай ажалы жетіп, қайтыс болар шағында өзінің үш баласын шақырып алып, артында қалған 17 түйесін бөледі. Тұңғыш баласына қарап: «Балаларымның үлкенісің ғой, сен түйенің екіден бірін ал. Ортаншы балам, мен түйенің үштен бірін ал. Кіші балам, саған мен түйенің тоғыздан бірін қалдырдым», – деп, о дүниеге кете барады. Балалар әрі ойланып, бері ойланып, әкелері айтқан малды бөле алмайды. Сөйтіп олар Жиреншені шақырады. «Жиренше келеді», – дегенді естіген жұрттың бәрі алаңға жиналады. Жиренше өзі бір түйе мініп келеді. Сөйтіп, 17 түйеге өзінің де түйесін қосып жібереді. 18 түйені ол ың-шыңсыз әкесінің өсиеті бойынша бөліп береді. Жиреншенің тапқырлығына риза болған халық бұл оқиғаны бірінен-біріне айтып, осы уақытқа дейін жеткізген екен. Ал, өздеріңіздің түйелеріңді қоспай-ақ сіздер қалай бөліп берер едіңіздер.

Төртінші деңгей – шешендік

1-тапсырма.

Мақсаты: Төменде берілген мақал-мәтелдерді көшіріп жазып, қарамен жазылған сөздерді буынға бөліп, буын түрін ажыратыңдар. Мақалдардың мағынасын түсіндіріп беріңдер.

Алтыға дейін бала ерке,

Алпыстан кейін шал ерке.

*****

Айдағаны бес ешкі

Ысқырығы жер жарар.

Еменнің иілгені сынғаны,

Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені.

*****

Жаяудың шаңы шықпас,

Жалғыздың үні шықпас.



2-тапсырма.

Мақсаты: Сұрақтарға мақалмен жауап беріңдер. Өздеріңе ұнаған үш мақалды буынға бөліп жазып, ашық буынды сөздерді ауызша талдаңдар.

  1. Мақалдарда не ортақ делінген?

  2. Қай мақалда сөз металл мен органикалық затқа баланып айтылады

  3. «Тоқты тоймас, шөміш кеппес» деген қай мезгіл?

  4. Мақалдарда сақтық пен кішілікті кімнен, неденүйрен дейді?

  5. Өзін-өзі мақтаған жақсы ма?

  6. Өтірік нешеу, шын нешеу?

Бесінші деңгей – танымдық

1-тапсырма.

Мақсаты: Төмендегі ойынды достарыңмен бірігіп ойнап көріңдер. Тағы да осындай қызықты қандай ойындар белесіңдер. Шыққан санды сөзбен жазып, буынға бөліңдер, буын түрін ажыратыңдар.

Бала үш сан ойлады. Оның соңғы екеуі бірінен-бірі он есе көп болғанымен, жазғандағы буын саны тең. Алғашқы сан олардан аз болғанымен, олардың әрқайсысынан буын саны көп.Ол қандай сандар? Жазып дәлелдеңдер.



2-тапсырма.

Мақсаты: Төменде берілген жұмбақ ойынды шешіңдер. Шешуін тауып, сол сөзге фонетикалық талдау жасаңыздар.

Алғашқы буыны – тұйық,

Соңғы буыны бітеу.

Тұтасынан алғанда,

Құрманғазының қыз атымен аталатын бір күйі.


Бір сөзінде 13 әріп, 5 буын,

Басы, аяғы ашық,

Орталары бітеу буын.

Ол әншіні естіп пе едің сен бұрын?


Бір ақынның атында

12 әріп, 4 буын

Төртеуі де бітеу буын.

Мұны тауып, кәнеки

Айтар екен кім бұрын?



Алтыншы деңгей – интеллектуалдық

1-тапсырма.

Мақсаты: Жұмбақтардың шешімін тауып, жаттап алыңдар.

Бірінші буыны жіңішке, езулік,

Екінші буыны есімдік.

Тұтасынан алғанда,

Ол – ағаш, тым биік.

(*****)


Екі буынды бір сөздің

Алғашқы буыны не зат есім, не етістік,

Соңғысы – тағы есімдік.

Екі буынды қосып айтса бар ғой –

Адамға қажет бір мүлік.

(*****)



2-тапсырма. Парталас серіктесіңмен жұптасып, төменде берілген мәтінді оқып, мазмұнынбір-бірлеріңе түсіндіріңдер.

1929 жылдың күзі еді. Сабақ жүре бастаған кезде мұғалім тымауратып аудан ауруханасына түседі.

Артельдің мектебі төрт кластық болатын, үй саны аз, сондықтан бірден артық мұғалімінің бұл мектепке керегі жоқ. Былтыр ғана ашылған бұл мектепті жоғарыда аталған тәжірибелі мұғалім еркін меңгеріп, саны шағын балалар түгелімен жақсы оқып келе жатқан.

Мұғалім жазылғанша, Шымболат балалардың ересек жағын егін жинау жұмысына шақырды. Өзге бала баруға ынта білдіргенде, Жандос дейтін бала Шынболатқа өз өтінішін айтты. Оның туған апасы өткен жазда көршілес колхозға ұзатылған еді. Араларында он шақты жасқа айырмашылығы бар Жандос, апасымен өте тату болып өскен (С.Мұқанов).



































3. Тасымал тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар

Бірінші деңгей білімдік

1-тапсырма

Мақсаты: Берілген сөйлемдердің ішінен тасымалдауға келмейтін сөздерді дәптерлеріңе теріп жазыңдар.

Ақан Қожа Хафиз бен Бедильдің бәйіттерін жаттағанда, сыршыл ақындардан тонның ішкі бауындай етенелік тапқанын бертінде байқады. Медресе тауысқан тұрғыластарындай молдалық құрмай, сәлде орнына құндыз бөрік кигенде, серілігі өзіне сор боларын болжамаған-ды. (С.Жүнісов.)

2-тапсырма

Мақсаты: Тасымалдауға болмайтын жиырма сөз тауып жазыңдар.

Үлгі: қант, ұя, бар, жоқ т.б.



Екінші деңгей проблемалық

1-тапсырма

Мақсаты: Берілген мәтінді оқып, тасымалдауға болмайтын сөздерді тауып, тасымалданбау заңдылықтарын түсіндіріңдер.

Ақан бес жасынан бергісін түгелге жуық біледі. Бала кезіндегі есімі Ақжігіт. Ел еркелетіп Ақан атандырды. Тазалыққа әуестігі үшін Сыпайы бала атанды. Әңгімеге әуестігі аен алғырлығы үшін Құйма құлақ атанды (С.Жүнісов.)

Сарыарқа күмбірлеген күй, шалқыған ән еді. Сол Сарыарқада көзін ашқан Ақан өнер сапарына еркін талпынды. Бесікте көргенін істегендіктен емес, арғы дені өнер тілеген. Жүректің әмірі, ақынның мұраты дүниеге қызықтырмады (С.Жүнісов).











2-тапсырма

Мақсаты: Мәтінді оқыңдар. «Алтын балық» ертегісінің мазмұнын еске түсіріп, қандай мәселе көтерілгенін баяндап беріңдер. Мәтінге ат қойыңдар.

Кейін ойлап қарасам, жас жүрегіме ұшқын тастап, ой-санамды оятқан, қиялыма қанат бітірген сол бір қарттың ертегілері мен қиссалары екен. Бұл кісі тек қара сөзге ғана жүйрік емес, қиссаларды да шебер айтушы еді. Таяғын домбыра етіп, қоңыр дауысымен қиссалар жырлайтын. Алдар көсе, Жиренше шешен, Аяз би, Қарынбай, Қарабай, шық бермес Шығайбай, Тазша бала сияқты сан қилы бейнелерді айтып, жүрегімізге шоқ тастап, ой-санамызды оятқан қазақтың қарапайым шалы даналықтың да мектебі болған екен.

Елемес қария, әсіресе, «Алтын балық» ертегісін өлеңмен жырлағанда, біздер, жетімек қойшылар, бір жылап, бір күліп, қарттан көз алмай, демімізді ішке тартып, ұйып тыңдаушы ек. (А.Тоқпанов.)



Үшінші деңгей пәнаралық

1-тапсырма

Мақсаты: Ойынның шартын оқып, шешімін табыңдар да, осыған ұқсас ойын құрастырыңдар. Ойын шартында тасымалдауға келмейтін сөздер болса, мағынасын түсіндіріңдер.

Айжанның үйінде қоян мен тауық та бар. Олардың жалпы саны – 21. Айжан бірде олардың аяқтарын санап шықты. 64 екен. Сонда ауладағы тауық қанша? Қоян қанша?

2-тапсырма

Мақсаты: Мәтінді оқып, жоспар құрып, әңгімелеп беріңдер. Тасымалдауға болмайтын сөздерді тауып, мәнін түсіндіріңдер.

Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен, жұрттың тегіс аттаныс барымтасы бар уақытта, бұл отыз үй кедейді қалайынша етсем байытып, халық қатарына қосамын деп ойға қалады. Сауда етуге мал жоқ, барымтаға мал алсам, бір күндері жау да бізден қуып алады, ақырында бұрынғылардың айтып кетуінше, жортуыл басы жолда қалса керек. Соның бәрін де шамалап қарап, ақыр бір қиялға түсіп, Сейітқұл бір мекен еткендей бір орын іздейді. Көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай тересіндегі Қабырға деген өзен суының бойына тоқтады. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына жақта қалмақтан шеткірек және жаманшылық болса, қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ екен деп сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш-жалпы көшіріп, Қабырға бойына келді. Сейітқұлдың бір ағасы бар еді, жол жүріп, ұрлық, барымтаны әрекет еткен; інісінің қанша айтқан ақылына болмай, үш-төрт үймен жалғыз-ақ сол көшпей, ескі орын Түркістан жағында қалды.



Төртінші деңгей – шешендік

1-тапсырма

Мақсаты: Шешендік сөзді мәнерлеп оқып, жаттап алыңдар. Әр сөздің мағынасын түсіндіріңдер.



Тау белгісі тас болар,

Май белгісі ас болар

Алған жарың жаман болса,

Тазалық жоқ нас болар.

Алған жарың жақсы болса,

Қартайғанша жас болар...

Зер ұстаған зердің жайын біледі,

Жақсы басшы елдің жайын біледі.

Басынан көп өмірді өткізген жан,

Қайғы менен шердің жайын біледі.

(Көбей шешен)

2-тапсырма

Мақсаты: Төменде берілген ертегілерді оқып, мазмұндап беріңдер. Тасымалдауға келмейтін сөздерді табыңдар.

Қожеке, ағаңыздың жасы үлкен бе, сіздің жасыңыз үлкен бе? деп сұраған біреуге Қожанасыр аз ойланып тұрып:

– Өткен жылы әкем «ағаң сенен бір жас үлкен», – деп еді, енді биыл құрдас болып қалатын шығармыз, – депті.

***

Қожанасыр жол жүріп келе жатып, бір айна тауып алады.Айнадан өз түрін көріп, алғаш таңырқап қалыпты. Сүйтіпті де: «Бұл айна сіздікі ме еді?» – деп, жерге қайта тастай салыпты.





Бесінші деңгей – танымдық

1-тапсырма

Мақсаты: Төмендегі ойынның ізімен тағы осыған ұқсас ойын құрастырыңдар.

жерде

DrawObject1

тар кең



отырасың, отырсаң

Бір құрмалас сөйлемнен құралған мақал шығу үшін берілген шеңберге 4 хорда сызып, сөздерді сол хордалар бойынша оқып шығу керек. Сонда қай сөзден бастап оқуға болады? Қандай мақал шығады?

2-тапсырма

Мақсаты: Мүшел жастарды мән бере оқып, әрі қарай жалғастырып, сандарды сөзбен жазып, тасымалдауға болмайтын сөздердің мәнін түсіндіріңдер.

1 мүшел – 13 жас (ержете бастау)

2 мүшел – 25 жас (жігіттік шақ)

3 мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату)

4 мүшел – 49 жас (орта жас)

5 мүшел – 61 жас (орта жас)

..................................................

Алтыншы деңгей – интеллектуалдық

1-тапсырма

Мақсаты: Төменде берілген жұмбақтарды оқып, шешуін табыңдар. Тасымалдауға болмайтын сөздерді теріп жазыңдар.

Алтынменен аптадым,

Күміспенен күптедім.

Бірін өрге шығарып,

Бірін жерге түсірдім.

Түрі көркем тұр кілем,

Түгі жақсы кір кілем.

Жайлы-жайлы жай кілем,

Жайылып. жатқан бір кілем

(*****) (*****)

2-тапсырма

Мақсаты: Бірыңғай дыбыстардан басталатын бірнеше мақал жазыңдар.

Үлгі: қыран қияда қанатын қағады

4. Буын үндестігі тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар

Бірінші деңгей білімдік

1-тапсырма

Мақсаты: Берілген сөздерге қосымшалар жалғап, буын үндестігін көрсетіңдер.

Жұмысшы, алтыбақан, гүлзар, планета, өрмекші, көпшілік, шыңырақ, кереге, әсем, ғажаайып, еңбекақы, ақсақал, арғымақ, тақтайша, жүйке, жүйрік, тұлпар, сәуле, бақыт, намыс, мереке, күндіз, күз.

2-тапсырма

Мақсаты: Төменде берілген сөйлемдерден түбір мен қосымшаны ажыратып, қосымшаның жалғану ерекшеліктерін түсіндіріңдер.

Көсіліп алып сайға қарай салды. Екеуі де енді ширақ, қатты жортады.

Қора жанындағы дүңкейген сары жотаны құлдап тарта бергенде, қалың жүнді барқылдақ қара ала төбет соңдарына түсті. Бұл Көксеректің жаз бойы ырылдасып өскен ала төбеті болатын. Қасқырлар бой салып қашқан жоқ. Ақ қасқырды алдына салып, Көксерек те арт жағына оңды-солды жалт-жалт қарап, ойға тасқа таман түсті. Артындағы иттерді ілестірмек болып, үркіп келе жатқан қара ала төбет бұлар ойға түскенде тоқтауға айналып еді.



Екінші деңгей проблемалық

1-тапсырма

Мақсаты: Төменде берілген қосымшаларды түбірге жалғап, буын үндестігіне бағына ма, жоқ па түсіндіріңдер.

-қой, -паз, -нікі, -и, -мен, -дікі, -хана, -пенен, -кер.

2-тапсырма

Мақсаты: Мәтінді оқып шығып, лақ тәртіпсіз бе, әлде бала тәртіпсіз бе? Өз ойларыңды білдіріңдер. Асты сызылған сөздерді түбір мен қосымшаға ажыратып, қосымшаның жалғану заңдылығын түсіндіріңдер.

Кеш. Аула төрінде, үлкен терек көлеңкесінде кітап оқып отырғанмын. Кенет тарс-тұрс дауыс шығып, басымды көтердім.

Қарасам, көршімнің бірінші сыныпта оқитын баласы өзінің лағын ышқына қуып жүр.

Бір кезде жетті-ау лаққа. Мүйізінен ұстап алып, бас-көзге демей төпеп жатыр. Осы кезде үйден әжесі шығып, оның қылығын көрді де:

– Әй, Төлтай, ұрма лақты! – деп айғайлады. Күтпеген жерден шыққан дауыстын селк ете түскен Төлтай лақтан айырылып қалды. Төніп келген әжесінен қашпай, тымырайып тұр. – Неге ұрасың? Өй, тәртіпсіз!

– Лақ тәртіпті ме? Неге еккен ағашымды құлатады?.. – деп ренішін ұқтырды Төлтай.

Қараймын, әлгінде ғана құнжыңдап терезе алдында отырғызып жатқан жас ағашы құлап қалыпты. Оны көрген әжесі:

– Жә, екеуің де оңып тұрған жоқсыңдар... – деді де, қолын сілтеп жөніне кетті.

– Маған ұрсады, лақтың қылығын көрмейді, – деп бұртаңдаған Төлтай құлап жатқан ағашты қайта тұрғызып жатты. (Н.Сералиев)



Үшінші деңгей пәнаралық

1-тапсырма



Мақсаты: Өлеңді өзара өлең жаттату әдісі бойынша серіктесіңе жаттатыңдар. Асты сызылған сөздерге кешенді фонетикалық талдау жасап, буын үндестігін көрсетіңдер.

Адамға талай жерді көрген артық,

Танысып әркімдерді білген артық.

Мысырға патша болып тұрсаңдағы,

Болмайды туып-өскен жерден артық.

(Шал Құлекеұлы)


Бірінші ел болуға намыс керек.

Мал-жанды намыс үшін салыс керек.

Қорланып өмір сүрген тіршіліктен,

Өлгенім артық деген намыс керек.

(С.Торайғыров)











2-тапсырма

Мақсаты: Батаны жаттап алып, дәптерлеңе жатқа жазыңдар. Қарамен жазылған сөздерді құрамына талдап, қосымша жалғану жолдарын көрсетіңдер.

Баланың көңілі жай болсын,

Мың жылқылы бай болсын.

Айдағаны қой болсын,

Шайнағаны май болсын!

Азын-аулақ дәулеті

Күнде өзіне той болсын.

Жұртта қалған жұрыны

Домалап келіп қой болсын!

Жұртта қалған тулағы –

Тулап келіп тай болсын,

Тай болсын да туласын.

Төртінші деңгей – шешендік

1-тапсырма

Мақсаты: Төменде берілген тыйым сөздерді жаттап, мағынасын ашып түсіндіріңдер. Құрамындағы қосымшалы сөздерден буын үндестігін көрсетіңдер.

** Асты үрлеме, асты жамандама.

** Тамақты сораптап ішпе.

** Қолыңды төбеңе, желкеңе қойма.

** Өтірік күлме, өтірік ауырма, өтірік сөйлеме.

** Ішегіңді тартпа, табаныңды тартпа.

** Мезгілсіз жатпа, айғайлама, ойбайлама.

2-тапсырма

Мақсаты: Жаңылтпаштарды оқып шығып, жылдам айтуға үйреніңдер. Жаңылтпаш айтудың пайдасын баяндап беріңдер. Асты сызылған сөздерді құрамына талдап, қосымша жалғану заңдылығына көңіл аударыңдар.

Араға ара түсіп арашалай алмаған араны,

Арашаламаған аралар алас ұрып жалады.

*****

Баланың жаман баға алмағаны,

Мұғалім ағаның жаман бағаламағаны.

*****

Елеусіздік елеуіші елегіш емес

Елеместің елеуіші елегіш.

Бесінші деңгей – танымдық

1-тапсырма

Мақсаты: Өлеңді оқи отырып, шешімін табыңдар. Осы өлең тектес өлең құрастырыңдар.жуан буын сөздерді тауып, қосымша жалғану ерекшелігін түсіндіріңдер.

Біздің үйде көжек көп,

Іштерінде өжет көп.

Әсіресе, бес көжек

Маған нағыз дос көжек.

Қолымнан кеп жем жейді,

Басқалары келмейді.

Бес көжекке достасқан

Сәбіз бердім қос-қостан.

Бір сәбізім соңында,

Қалып қойды қолымда.

Сәбізімді әуелгі

Санап берші ал енді?



2-тапсырма

Мақсаты: Ата-бабалардың сөздерін көңілге тоқып алыңдар. Сөздердің мағынасын түсіндіріп, асты сызылған сөздерден буын үндестігін көрсетіңдер.

Бармағыңнан бал тамған шебер болғың келсе, бармақтайыңнан машықтан. (И.Шиллер)

Бөгде тілді тек қана өз тілің арқылы ғана түсінуге болатындығын ұмытуға болмайды.

(К.Д.Ушинский)

Тіл – ұлттың жаны. Тіл идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі.

(А.Н.Толстой)

Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен даңқты.

(С.Е.Малов)

Біздің қазақ бауырларымыз – аталы сөзге өте түсінетін, өте зерек халық.

(С.Құдаш)

Алтыншы деңгей – интеллектуалдық

1-тапсырма

Мақсаты: Төмендегі мақалдарды жаттап алып, осы тақырыпта өздерің де мақал шығарыңдар. Қарамен жазылған сөздерден буын үндестігін көрсетіңдер.

Қарға баласын аппағым дер,

Кірпі баласын жұмсағым дер.


*****


Бесіксіз үйде береке жоқ.


*****


Он бала бір әкеге жүк болмайды,

Бір әке он балаға жүк болады.


*****

Кіші баланың ұятын үлкен бала көтерер.



2-тапсырма

Мақсаты: Төмендегі ойын тапсырманы орындаңдар. Жіңішке түбірлі сөздерді тауып, буын үндестігін көрсетіңдер.

– Тамақ ішіп-жемесе де адам семіре ме? – деп сұрайды Базарбай. Балалардың кейбіреуі «семірмейді» деп, кейбіреуі «семіреді» деп таласып жатыр.

Семірмек түгіл тамақ ішпесе, адам өліп те қалады, – дейді Амантай. Оған да бір күлісіп алған балалар:

– Шынында да қалай болады екен? – деп ойласып отыр.

Бұл сұраққа қандай мақалмен жауап береді.

4



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
23.07.2018
6663
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12