Материалдарды шектеусіз жүктеңіз ҚМЖ, ашық сабақтар, презентациялар, көрнекіліктер, дидактикалық материалдар, авторлық бағдарламалар және тағы басқа 400 000-астам материалды шексіз жүктеп алғыңыз келе ме?
Толығырақ
Толығырақ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Дидактикалық ойындар

Материал туралы қысқаша түсінік
Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Ұсынылып отырған құралда балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын–жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс-әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл–күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Дидактикалық ойындар



Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын–баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән–мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті–баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет.
Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады.
Ұсынылып отырған құралда балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын–жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс-әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл–күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.
Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру іс-әрекетте ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады:
1) дидактикалық ойындар–логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту.
2) санға байланысты санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар–балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту.
3) математикалық сергіту сәттері–кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамыту. Құралда дидактикалық ойындар мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс–тәсілдері көрсетілген. Олар балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйрету. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған. Жоғарыда айтылған мақсаттарды шешуде нәтижесі ұтымды болу үшін балалардың қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыруда дидактикалық ойындардың жинағын ұсынамын.

І. Дидактикалық ойындар

Геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар

Мақсаты: Балаларға біреуі артық немесе кем санды тауып, атауды үйрету.
Көрнекілік: Ою-өрнектер, геометриялық пішіндер салынған карточкалар жиынтығы, геометриялық пішіндер.
Барысы: Балалар геометриялық /ұшбұрыш, шаршы, дөңгелек және с.с./ пайдаланып, мұғалімнің тапсырмасына үндеместен жауап беруі тиіс.
Тәрбиеші тапсырма береді, балалар оны орындайды.:
а/дөңгелектерден біреуін артық етіп, ұшбұрыштарды қойыңдар /үш дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/;
б/мұндағы дөңгелектерден біреуін кем етіп, шаршыларды қойыңдар /бес дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/;
в/дәл осындай пішінді көрсетіңдер /дөңгелекті көрсетеді/және осыларға сәйкес тапсырмаларды көрсетіндер.
Ойын соңында қорытынды шығарылады. Қатені аз жіберген қатар ұтып шығады.Ойынның барысында балалардың зейіні, қол қимылының жылдамдығы, дәлдігі қалыптаса бастайды және санауды, біреуі артық немесе кем санды тауып, оны атауды үйренеді.

«Дәл осындай пішінді тап»

Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту, пішіндерді атауға, ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: бала саны бойынша құлыптың суреттері, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: алдарындағы сиқырлы құлыпты ашуды ұсыну. Құлыптың кілттері де сиқырлы, геометриялық пішіндерден құралған екенін айту. Әр бала құлыпқа сай келетін кілтті алып, құлыпты ашады.

«Үйдің есігін жабайық»

Ойынның мақсаты: заттарды өлшемі бойынша салыстыруға, жуан және жіңішке заттарды ажыратуға жаттықтыру. Ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: үйдің, есіктің суреттері.
Ойынның мазмұны: қағаздан қиылған, есігі жоқ үйдің суретін балаларға тарату. Жуан және жіңішке есіктерді үйдің өлшеміне сай келтіріп салуды ұсыну.

«Вагондарға дөңгелек таңдау»

Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, қасиеттерін білуге жаттықтыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағазға салынған вагондар, әртүрлі геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар вагондарға лайық дөңгелектерді әртүрлі пішіндердің ішінен табады.

«Үй құрылысының ретін көрсет»

Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: баланың саны бойынша әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер, үй суретінің үлгісі.
Мазмұны: Балаларға үйдің суретінің үлгісін көрсету. Балаларға әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну.

«Бет орамалға лайық жамауларды табу»

Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: бала саны бойынша қағаздан жасалған бет орамалдардың үлгісі, әртүрлі пішіндер.
Мазмұны: Балаларға бет орамалдардың үлгісін таратып беру. Алдарындағы пішіндердің ішінен әр орамалға лайық жамауды табуды ұсыну.

« Жұбын тап»


Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; білімдерін бекіту, ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: әртүрлі ретте орналасқан геометриялық пішіндердің суреттері.
Мазмұны: Балаларға геометриялық пішіндер орналасқан суреттерді тарату. Үлгі ретінде бір суретті көрсетіп, дәл осындай суреттін жұбын табуды ұсыну. Суреттердің дұрыстығын тексеру үшін оларды салыстыру.

«
Әдемі кілемшелер»

Ойынның мақсаты: бөліктерден кілемше жасауға үйрету; қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту; ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағаздан жасалған кілемшелер, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар геометриялық пішіндерді берілген кілемшелердің үстіне қойып, құрақ құрайды.

«Таныс пішіндер доминосы»

Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; көп заттың ішінен біреуін таңдауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: пішіндер бейнеленген суреттер.
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттерді таратып беру. Жүргізуші бірінші суретті үстелдің ортасына қояды, қалған балалар сурет сәйкес өзінің суретін қояды, суретте бейнеленген пішінді атайды. Ойын осылай жалғаса береді.

«
Гараждар»

Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; ойлау қабілеттерін дамыту; жағымды көңіл-күйлерін қамтамасыз ету.
Ойынның құрал-жабдықтары: бала саны бойынша суреті бар рульдер, дәл сондай суреті бар гараждар.
Ойынның мазмұны: Балалар жүргізуші болады. Қолдарына суреті бар рульдерді таратып беру. Белгі бойынша балалар көліктерін жүргізіп ойнайды. «Көліктеріңді гараждарыңа апарып қойыңдар» - деген кезде, рульдегі суретіне ұқсас суреті бар гараждың жанына барып тұра қалады.

«Өз үйіңді тап»

Ойынның мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; қабылдауын дамыту; ойынның ережесін сақтауға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: түрлі-түсті дөңгелектер.
Ойынның мазмұны: Балаларға түрлі-тісті дөңгелектер тарату, түсін атау. Үйлерін көрсету. Белгі бойынша балалар дөңгелектерінің түсі бойынша үлкен шеңберлерге тұра қалады.

«Зейінді бол»

Мақсаты: Күрделі геометриялық суреттен үшбұрышты, төртбұрышты, шеңберді көрсете білу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер кескінделген суреттер /5–сурет/.
Барысы: Тәрбиеші көрсеткіш таяқшамен бірінші /екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы/ суретті нұсқап, балаларға мынадай сұрақ қояды: Суреттен қандай таныс пішінді көресіңдер? Әрбір суретте өзара ұқсас неше пішін бар?
Есептеу кезінде аз қателескен қатар ұтып шығады.

«Мынау қай пішін?»

Мақсаты: Геометриялық пішінді сипалап анықтау арқылы айта білу.
Көрнекілік: Картоннан жасалған геометриялық пішіндер 5–түрі.
Барысы: Бала топқа қарап тұрып, қолын артқа ұстайды. Тәрбиеші оның қолына геометриялық пішінді ұстатады. Бала оны сипап байқап, балаларға көрсетпей атын атайды.

«Кім зейінді?»

Мақсаты: Белгілі геометриялық пішіндерден әртүрлі нәрселер құрастыру.
Көрнекілік: Сіріңке қорабында таратпа геометриялық пішіндер.
Барысы: Тәрбиеші төмендегі бейнелерді геометриялық пішіндерден алып бейнелер құрайды. Жылдам болған бала мадақталады.

«Қандай пішін шықты?»
Мақсаты: Таяқшалардан таныс геометриялық пішіндер құрастыра білу.
Көрнекілік: Әрбір балаға 10 данадан санағыш таяқшалары
Барысы: Тәрбиеші балаларға үш таяқша алып, олардан пішін құрастыруды ұсынады. Қандай пішін шықты? Енді төрт таяқша алып, пішін құрастыру ұсынылады.
Қандай пішін шықты? Тәрбиеші тағы да бір таяқша алып, оны шаршының, төртбұрыштың үстіне қоюды ұсынады. Қандай пішін шықты?

«Біркелкі пішіндерді сана»
Мақсаты: Пішіндерді танып, топтастыра білуге үйрету. Ойлау қабілетін, қол қимылын жаттықтыру.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер суреттері бар, таратпа суреттер. (15 дана)
Барысы: Әр балаға пішіндер суреттері бар, суреттер таратылып беріледі. Суреттерден біркелкі пішіндерді санап атау.

«Бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр»

Мақсаты: Геометриялық пішіндерді танып, атай білуге үйрету. Бос торларды сәйкес пішіндермен толтырту.
Көрнекілік: Әр балаға жеткілікті таратпа суреттер.
Барысы: Балаларға суреттер таратылып беріледі. Суреттердегі бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр.

«Қандай пішін жетіспейді?»

Мақсаты: Геометриялық пішіндерді атай білуге үйрету. Қай пішін жетіспейтінін тапқызу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер. (Қораптан алу)
Барысы: Тақтаға геометриялық пішіндер қойылады. Балаларға көздеріңді жұмыңдар деп, бір пішінді алып қояды. Балалар қай пішін жетіспейтінін табады.

«Пішіндерді боя»


Мақсаты: 1.Түстерді тани білуге үйрету.
2.Ойын элементтерін пайдалана отырып математикаға қызығушылықтарын арттыру.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер
Барысы: Балаларды ұйымдастырып, оларға ақ бет қағаздағы пішіндердің суреттері таратылып беріледі. Бұл суреттегі пішіндер боялмаған. Тәрбиеші балаларға тақтаға боялған пішіндерді ұсынады. Балалардың міндеті сол тақтадағы түстеріне қарап алдарындағы пішіндерді сондай түспен бояйды. Мұндай ойын балалардың түсінулерін және шапшаңдықтарын шыңдайды.

Өлшемдер туралы дидактикалық ойындар

«Сиқырлы суреттер»

Ойынның мақсаты: балалардың логикалық ойлау қабілетін, ес, зейін, қабылдау процесстерін дамыту.
Ойынның кұрал-жабдықтары: әр түрлі сурет бөлінділері.
Ойынның мазмұны: Балалар алдарындағы үлгі бойынша бөлінділерден сурет құрайды. Сурет бойынша әңгіме құрауды ұсыну.

«Сиқырлы қапшық»


Ойынның мақсаты: заттарды белгілі бір қасиеттері бойынша салыстыруға, топтастыруға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: түсі, өлшемі, пішіні бойынша әр түрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балалар «Сиқырлы қапшықтың» ішіндегі затты ұстап көріп, пішінін анықтайды, ойыншықты алған соң атын атап, түсін айтады.

«Көзіңді жұмып, қолыңмен анықта»

Ойынның мақсаты: Ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: қарындаштар, таяқшалар.
Ойынның мазмұны: Балалар сипап – сезу арқылы заттың ұзын - қысқалығын анықтау. Ұзындығы әртүрлі қарындаштар алынады. Жүргізуші бір баланы шақырып, оған «көзіңді жұм да, қарындаштың ұзын-қысқалығын анықта» деген тапсырма береді.

«Зейінді бол»

Ойынның мақсаты: Биік және аласа ұғымдарын бекіту; логикалық ойлауын дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: биік және аласа заттар бейнеленген суреттер немесе ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балаларға биік және аласа заттардың суреттерін немесе ойыншықтарын қарастыруды ұсынады. Әр суретте не бейнеленгенін анықтау. Биік затты көрсеткенде балалар орындарынан тұрады, аласа затты көрсеткенде бастарын төмен түсіреді.

«Ұзын-қысқа»

Ойынның мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету; тапсырманы орындауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзын және қысқа жолақшалар.
Ойынның мазмұны: Балаларға ұзын және қысқа жолақшаны көрсету. Өлшемін анықтау. Жолақшаларды таратып беру. Үстелдің үстіндегі жолақшалардың ішінен ұқсас жолақшаны табуға тапсырма беру.

«Шамдар»

Мақсаты: қасиеттері бойынша заттарды топтастыруға, түстерді, өлшемдерді ажыратуға жаттықтыру; зейіндерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: бала саны бойынша әртүрлі шамдар
Ойынның мазмұны: Балаларға шамдарды таратып беру, шамдардың түсін, өлшемін анықтауды ұсыну. Балалар тәрбиешінің шамын өздерінің шамдарымен салыстырады. Белгі бойынша тәрбиешінің шамына ұқсас шамдары бар балалар ортаға жүгіріп шығады.

«Қолымда не бар?

Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, жуан-жіңішке , үлкен-кіші, оң-сол жайлы білімдерін бекіту. Түйсіну сезімдерін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұсақ тастар, жаңғақтар.
Ойынның мазмұны: Баланың қолына үлкендігі әртүрлі заттарды ұстату. Мысалы, үлкен және кіші тастар. Бала қолына қарамастан, сипап-сезу арқылы үлкен-кіші заттың оң және сол қолында екенін анықтайды. Қалған балалар оның жауабынын дұрыстығын тексереді. Жуан-жіңішке, ұзын-қысқа өлшемдері бойынша жұмыс осылайша жүргізіледі.

«Қуыршақ қонаққа дайындалуда»

Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, ұзындығы бірдей деген өлшемдерді салыстыруға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзындығы, жуандығы, түсі әртүрлі ленталар.
Ойынның мазмұны: Қуыршақ қонаққа барады, киімін киюге, шашына бантик таңдауға көмектесуді ұсыну. Көп бантиктердің арасынан ұзындығы бірдей екі бантикті табу керек. Әдемі бантиктермен қуыршақтың шашын әсемдеу.

«Тапсырманы орында»

Ойынның мақсаты: үлкен және аз заттарды ажыратуға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: үлкендігі әртүрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: бір баланы ортаға шақырып, оң қолына үлкен ойыншықты, сол қолына кішкентай ойыншықты ал деп тапсырма береді. Ойын осылай жалғаса береді.

«Қай қолымда көп»

Ойынның мақсаты: аз және көп заттарды ажиратуға, салыстыруға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: әртүрлі ұсақ заттар–моншақтар, түймелер
Ойынның мазмұны: ортаға бір баланы шақырып, оң және сол қолына көп және аз заттарды ұстатады. Бала алдымен көз мөлшерімен қай қолда зат көп, қай қолында аз зат бар екенін анықтайы. Одан кейін заттарды қатарымен қойып, қай қатарда көп, қай қатарда аз зат тұрғанын салыстырады.

«Сипаттамасы бойынша тап»

Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа ұғымдарын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: жануарлардың, құстардың ойыншығы.
Ойынның мазмұны: балалар аю, түлкі, қасқыр, қоянның ойыншықтарын қарастырады. Әр ойыншықты анықтап атын атайды. Ойнаушылардың біреуі бөлмеден шығып кетеді, басқа ойнаушылар ойыншық туралы жұмбақ құрастырады. Жұмбақ құрастырғаннан кейін жұмбақты шешетін баланы шақырады.

«Көп және біреу»

Ойынның мақсаты: көп және біреу қатынастарын білуге үйрету; заттардың тең, тең емес топтарын салыстыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: көп және бір зат бейнеленген суреттер.
Ойынның мазмұны: балалар берілген суреттерді қарастырады. Көп зат және бір зат бейнеленген суреттерді бөліп, екі жаққа қояды.

«
Түрлі-түсті жолақтар»

Ойынның мақсаты: түстерді атауға, салыстыруға жаттықтыру; берілген тапсырманы орындауға ынталандыру; достық қарым-қатынастарын тәрбиелеу.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағазға желімделген әртүрлі жолақшалар.
Ойынның мазмұны: балаларға жолақшаларды көрсету, түстерін атау. Берілген жолақшаның түсі бойынша үстелдің үстіндегі дәл осындай жолақшаны табу.

«Ұзын және қысқа»

Ойынның мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету; тапсырманы орындауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзын және қысқа жолақшалар.
Ойынның мазмұны: балаларға ұзын және қысқа жолақшаны көрсету. Өлшемін анықтау. Жолақшаларды таратып беру. Үстелдің үстіндегі жолақшалардың ішінен ұқсас жолақшаны табуға тапсырма беру.

Кеңістіктер туралы дидактикалық ойындар

«Кеңістік»

Мақсаты: балаларды кеңістікті бағдарлауға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, зейін процесстерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: әртүрлі заттар бейнеленген суреттер.
Мазмұны: Балалардың алдында үлкен бөлменің суреті тұрады. Балаларға суреттерді таратып беру. Суреттерді орындарына орналастыруды ұсыну. Мысалы, балықты аквариумға салу, гүлді үстелдің үстіне, суретті қабырғаға ілу. Ойын осылай жалғаса береді.

«Жоғарыда-төменде»

Ойынның мақсаты: жоғары–төмен ұғымдарын пысықтау. Байқағыштықты, зейін, қиялды дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: құстардың, жануарлардың суреттері.
Ойынның мазмұны: Бала қораптың ішінен бір суретті алып, атын атап, орнын анықтап үлкен суретке бекітеді. Мысалы, ұшақ жоғарыда аспанда ұшады, балық төменде су ішінде жүзеді.

«
Оң және сол»

Ойынның мақсаты: үлкен және аз заттарды ажыратуға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: үлкендігі әртүрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Бір баланы ортаға шақырып, оң қолына үлкен ойыншықты, сол қолына кішкентай ойыншықты ал деп тапсырма береді. Ойын осылай жалғаса береді.

«Суреттерді орналастыр»

Ойынның мақсаты: заттарды топтастыруға жаттықтыру, өз бетінше тапсырманы орындауға дағдыландыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: тор көз салынған қағаз беттері, әртүрлі суреттер.
Ойынның мазмұны: Балалар берілген суреттерді әр бағанмен жолға олардың бірі ғана келетіндей етіп, шаршы тор көздерге орналастырады.

«Танып ал да, атын ата»

Ойынның мақсаты: заттың түр-түсін, пішінін, атын атауға жаттықтыру; сөздік қорын молайту; ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: әр түрлі ойыншықтар немесе суреттер.
Ойынның мазмұны: Балаларға әртүрлі ойыншықтарды көрсету. Ортаға бір-бір баладан шақырып, бір ойыншықты алып, оның түр-түсін, пішінін, қасиетін анықтауды және сол ойыншық жайлы әңгіме құрауды немесе тақпақ айтып беруді ұсынады.

«Тәулік бөліктері »
Ойынның мақсаты: тәулік бөліктері жайлы білімдерін бекіту; тәулік бөліктерін атауға, ажыратуға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: суреттер
Ойынның мазмұны: Балалар кезектесіп суретті алып, тәуліктің қай бөлігі екенін айтады, сол сурет бойынша әңгіме құрайды.

«Сипаттамасы бойынша тап»

Мақсаты: Ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: Топтағы жануарлар бейнелейтін ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Сөреге аю, қоян, қасқыр, түлкі т.с.с 5-6 ойыншықтар қояды. Әрбір ойыншықтарды анықтап қарап, атын қайталайды. Балалардың біреуін бөлмеден шығарып, ойыншықтар туралы жұмбақтар құрастырады, м: «Ұзын құлақ, қыли көз, қысқа құйрық-бұл қай аң? Жұмбақтарды құрастырып болған соң, баланы шақырады. Егер ол жұмбақ дұрыс шеше алмаса, қолына сол ойыншық беріледі де, жұмбақ қайта айтылады.

«Қалай жүріп, нені тапқың келеді?»

Мақсаты: Кеңестікті бағдарлай білуге үйрету. Оң-сол, алдында- артында ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: Кез-келген ойыншықтар немесе суреттері.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ойыншықтарды топтың әр жеріне қояды: баланың оң жағына-машина, сол жағына-доп, алдына-қуыршақ, артына-зымыран қойып былай дейді: «алдыңда қуыршақ, оң жағында машина, сол жағыңда доп, артыңда зымыран, қалай жүріп, нені тапқың келеді?»

«Доппен ойнау»

Мақсаты: «Жоғары-төменде», «астында-үстінде», «сол жақта-оң жақта» ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: доп.
Ойынның мазмұны: 1-вариант. Балалар екі командаға бөлінеді. Жіп керіліп, оның екі ұшынан ұстап тұруға болады.
«Доп төменде» деген бұйрық берілісімен екі бала /әр командадан/ бірден допты жіптің астынан алып өтеді де, «доп жоғарыда» деген бұйрық берілісімен жіптің үстінен лақтырады. Әрі қарай ойынды ойыншылардың келесісі жалғастырады. Ешқандай қате жібермеген команда ұтып шығады.
2-вариант: Балалар сапқа тұрады. Доп бірінші баланың қолында «доп оң жақта» деген бұйрық айтылғанда доп оң жаққа беріледі. «Тоқта» деген бұйрық бойынша допты сапта тұрған балалардың біреуі ұстап қалады. «Доп сол жақта» деген бұйрық бойынша доп сол жаққа беріледі.
Тапсырманы дәл әрі тез орындаған балалар жеңімпаздар атанады.

«Ойыншықты тап»

Мақсаты: Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.
Көрнекілік: Топтағы ойыншық.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ойыншықты тығып қойып, бір баланы тақтаға шақырады. Тәрбиеші нұсқауымен, мысалы: 1 адым алдыға оңға бұрыл, 2 адым алдыға тура жүр деп ойыншыққа дейінгі жолды айтып отырады. Бала айтылған нұсқаумен дұрыс жүріп отырса, ойыншықты табады.

«Жоғарыда–төменде, биік-аласа»

Мақсаты: жоғары- өмен, биік-аласа ұғымдарын пысықтау.
Көрнекілік: Көгілдір аспан, жасыл алқап, өзен бейнеленген сюжетті суретті плакат тақтада. Қорапта ұшақтың, құстар түрлері, балық түрлері, аңдар түрлері қатырма қағаздан жасалған.
Барысы: Тақтаға бір бала шақырып қораптағы бір бейнені алып, атын атап, орынын анықтап сюжетті суретке іледі. Мысалы: Ұшақ жоғарыда-аспанда ұшады, балық төменде-су ішінде жүзеді, - деп сипаттап айту керек.

Сандық құрамды ажыратуға арналған ойындар

«Карточкаға қандай сан жазылған?»
Көрнекілік: Суретті карточкалар.
Барысы:
1 вариант: Тәрбиеші карточканың бетіндегі 2 түсті дөңгелекті төмен қаратып қолына ұстап тұрады да, балаларға былай дейді: «Карточкада екі сан» бейнеленген. Егер оларды қоссақ 5 болады. Карточкада қай сандар бейнеленген? «Балалар түрліше жауап береді». Балалардың біреуі карточкада жазылған сандарды атаған кезде тәрбиеші карточканы топқа көрсетеді.
2 вариант: «Егер тоғыздан біреуін кемітсендер, сендер менің қолымдағы санды табасындар». Балалар бұл санды атайды. Жауабын бірнеше баладан сұрау керек. Тәрбиеші сандық карточканы балаларға алдын ала көрсетеді.
Бірінші болып дұрыс жауап берген бала ұтып шығады.

«Автобус»
Мақсаты: Санның құрамын пысықтау.
Көрнекілік: Сандық карточкалар.
Барысы: Алаңға бормен тікбұрыш /автобус/ сызылған. Екі бала бақылаушылар болып, бетіне «5»цифры жазылған үлкен карточканы ұстап тұрады. «Автобусқа» сандық карточкаларында бейнеленген дөңгелектердің қосындысы
5 болатын /жол ақысы/ балалар ғана жұптасып отырады.Ойын басталды дегеннен кейін әрбір бала өз сыңарын іздеп табуға тырысады /2 және 3, 3 және 25, 1 және 4, 4 және 1/. Жұптар бірінен соң бірі сапқа тұрады, «автобусқа» кіреді, өздерінің сандық карточкаларын көрсетеді, ал «бақылаушылар» жұптардың дұрыс таңдалуын тексереді.

«Сан құрастыр»

Мақсаты: Санның құрамын пысықтау.
Көрнекілік: Суретті карточкалар.
Барысы: Тәрбиеші бетіне бір сан, мысылы «6» саны жазылған карточканы көрсетеді. Әрбір бала қосындысы «6» санын құрайтын екі сандық карточкаы көрсетуі тиіс.
Мысалы: бір карточкада 5 дөңгелек, екіншісінде–1 дөңгелек, біреуінде–3, екіншісінде-3 шаршы және с.с.

«Ою құрастыру»

Көрнекілік: Бірнеше бөліктерге бөлінген ою элеметтері.
Мақсаты: Балаларды сандардың ретін, құрамын оңай табуға, таңбаны айыра білуге дағдыландыру.
Барысы:
1-вариант. Оюдың элементтерін жекелеп қиып, мысалы 4 қошқар мүйізді 2-ге бөліп, 8 бөлікті балаларға таратып береді. Түстерін сәйкестендіру, бөліктерін қиюластыру арқылы ою-өрнек құрастырылады.
2 вариант. Ою бөліктерінің келесі бетіне сан жазылады.
Өрнекті құрастыру санға сәйкес орындалады.

«Поезд құрастыр»

Мақсаты: 1-ді қосу таблицасын қайталату.
Көрнекілік: 1-ді қосу таблицасы берілген карточкалар, 0+1, 1+1, 2+1, т.с.с.
Барысы: Тәрбиеші карточкаларды балаларға таратып береді, оларды вагондар, ал бір баланы тепловоз деп тағайындайды. Балалар қолдарындағы карточкаларына қарай отырып, алдымен «тепловозға» ретімен тіркелуі тиіс.

«Заттарды сана»

Мақсаты: 1.Балалардың назарын дамыту, байқағыштықтарын арттыру. 2.Көкеністер санымен сандарды тауып қою. 3.Ойын арқылы көкеністер түрлері туралы білімдерін бекіту.
Көрнекілік: Көкеністер суреттері, сіріңке қорабындағы сандар.
Барысы: Тәрбиеші балаларға көкеністердің суреттерін таратып береді. Бір суретте бірнеше көкеністер түрлері болуға тиіс. Балаларға қойылатын талап көкеністер санын анықтау.

«Дыбыс арқылы санды тап»

Мақсаты: Есту мүшелері арқылы баланың ойлау қабілетін анықтау.
Көрнекілік: Сіріңке қорабындағы таратпа сандар.
Барысы: Тәрбиеші қарындашпен үстелді дыбыс шығатындай етіп тықылдатады. Балалар тыңдап отырып алдарындағы цифрларынан тиісті санды көрсетеді.

«Тез ойла»

Мақсаты: 1.Балалардың заттарды салыстыру, оң жақ, сол жақ сияқты түсініктерін дамыту. 2. Кеңестікті бағдарлай білуге үйрету. 3. Ойын арқылы шапшандыққа, тез ойлауға баулу.
Көрнекілік: Топтағы заттармен.
Барысы: Тәрбиеші балаға өзінің алдында, оң, сол жақтарында нелер тұрғанын айтқызу. Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.

«Қанша? Қандай?»

Мақсаты: 1. 10–ға дейін санауды бекіту.
2. 1-ші, 2-ші ұғымдарымен таныстыру.
Көрнекілік: Сандар («Шалқан», «Бауырсақ» ертегісі бойынша)
Барысы: Әр топтағы заттардың санын анықтау. Қораптан керекті санды алып қойып, ертегіні әңгімелеу, сандармен ретін анықтау. «Шалқан» ертегісі бойынша атасы бірінші, апасы екінші, қызы үшінші, т.б. пайдалана кетуге болады.
«Әрі қарай кері сана»

Мақсаты: 10 көлеміндегі сандарды кері қарай санауды қайталау.
Көрнекілік: Доп, сандық карточкалар.
Барысы: Тәрбиеші көлемдегі санды көрсетеді де, бір баланың атын атап: «Әрі қарай кері сана» - дейді. Ол : «Тоғыз, сегіз, жеті» деп санай бастайды.Тәрбиеші балалардың біреуіне қарап, доп лақтырады. «Жеті» - дейді. Допты тосып алған бала «үш, екі, бір» деп жалғастырады.

«Жазылмай қалған сандарды ата»

Мақсаты: 1. Балалардың сандардың реті туралы білімдерін бекіту. 2.Ойын ойнау арқылы байқағыштыққа, тез орналастыруға баулу. 3.Ойын элементтерін пайдалана отырып математикаға қызығушылығын арттыру.
Көрнекілік: 15 дана сіріңке қорабындағы сандар.
Барысы: Тәрбиеші балаларға текшелер таратып береді. Ол текшелерде сандар жазылады, сандар ретімен толық жазылмайды. Мысалы: 1 3 6 8 9.
Балалардың міндеті сол қолдарындағы текшелерден жазылмай қалған санды анықтап атау. Егер сандар ретін анық атап шықса, жұлдыздармен марапатталады. Ал егер сандар қатарындағы жоқ санды таба алмаса, текшедегі бар сандардың құрамын анықтайды.

«Қуыршақтардың сыйлықтары»

Мақсаты: 1. Сандар мен олардың құрамы туралы білім беру.
2. Ойын ойнау арқылы шапшандыққа, өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын дамыту.
Көрнекілік: Қуыршақ, шарлар.
Барысы: Қуыршақтың сыйлық шарлары таратылып беріледі. Балалар ол шарларды үрлеп, қандай түсін және қанша екенін айтады. Үрленетін шарлардың түстері үш түрден аспауы керек. Шардың санымен артық, қандай түсті шардың кем екенін балаларға айтқызу.

«Жәндікте неше аяқ бар?»

Мақсаты: 1.Балалардың санау және есептеу дағдыларын қалыптастыру. 2.Жәндіктер туралы түсініктерін жаңарту. 3.Ойын элементтерін пайдалана отырып математикаға қызығушылықтарын арттыру.
Көрнекілік: Ойыншық жәндіктер
Барысы: Тәрбиеші балаларға бірнеше суреттер таратып береді. Бұл суреттерде әртүрлі жәндіктер суреттеледі. Балалардың міндеті осы суреттегі жәндіктердің қанша аяғы бар екенін анықтау. Ол үшін суреттердегі жәндіктердің аяқтарын санап сол суреттің астына кеспе цифрлар арқылы белгілеп отырады да соңынан ең аяғы көп жәндіктің суретін салу ұсынылады.

«Нешінші?»

Мақсаты: «Нешінші?» ұғымын қалыптастыру.
Көрнекілік: Топтағы 10 түрлі ойыншықтар.
Барысы: Тақтаға 10 түрлі ойыншықтар суреті ілінеді. Ортаға бір бала шығып, қатардан бір ойыншықты алады. Балалар қатардан нешінші затты алғандығын алақандарын шапалақтау арқылы көрсетеді. Ойыншықтың атын атау керек. Ойын барысында «нешінші?» деген ұғымды қалыптастыру. Балалардың сөздік қорын дамыту, қызығушылығын арттыру.

«Қай қолымда көп?»

Мақсаты: Заттардың екі жиынтығын салыстыра білуге үйрету.
Көрнекілік: Асықтар, топтағы ұсақ заттар.
Барысы: Балалар екі топқа бөлінеді, оның әрқайсысы алма-кезек тәрбиешінің үстеліне өз өкілін жібереді. Бір бала қолын артына ұстайды. Алдымен тәрбиешінің одан соң балалардың бірі оның қолына текше, түйме әртүрлі ұсақ нәрселерді ұстатады. Бірақ ол бір қолда көп, екіншісінде аз болуы керек. Бала алдымен көз мөлшерімен нәрсенің қолында көп екенін анықтау. Қай қатарда көп, қай қатарда аз екенін салыстыру керек.

«Қол соғу»

Мақсаты: Тез, дәл қимыл жасау, есту қабілетін жетілдіру, ретімен санауды, қанша, қанша болса сонша ұғымдарын қалыптастыру.
Көрнекілік: Тәрбиешінің және әрбір баланың алдына тілі бар дөңгелек/1-сурет/ .
Барысы:
1-вариант: Тәрбиеші қол соғады. Балалар санайды. Тақта алдына шақырылған бала тәрбиешінің неше рет қол соққанын айтуы немесе дөңгелектің тілін саны сонша қара дөңгелекшелер тұрған бөлікке қаратып қоюы тиіс.
2-вариант: Ойын күрделенеді. Балалар үндемей, қол соғу санын есептейді, әрқайсысы дөңгелек тілін өздігінен жылжытады. Тәрбиеші қатарларды аралап, ойын ережесінің дұрыс орындалуын тексереді.
Ойын екі-үш рет қайталанған соң, қорытындысы шығарылады. Ойыншылары қателеспеген қатар ұтып шығады.

«Өзара айырмашылығын тап»

Мақсаты: 1.Суреттерді салыстыра отырып, айырмашылығын тапқызу.
2.Сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, ойлау қабілетін жетілдіру.
Көрнекілік: бала санына (15 дана) суреттер жинағы.
Барысы: Әр балаға суреттер таратылып беріледі. Суреттерді салыстыра отырып, айырмашылығын тапқызу.

«Қанша болса, сонша»

Мақсаты: Сандарды тани білуге үйрету. Берілген тапсырманы дұрыс орындай білуге жаттықтыру.
Көрнекілік: Сандық карточка.( «Кеспе сан» қалтасынан алу)
Барысы: Тақтаға 3 бала шығарып, сандық карточканы көрсетіп, карточкада қандай сан тұрса, сонша қимыл көрсету. Тапсырманы сандарды өзгерте отырып, 2-3 рет қайталау.

«Керісінше айт»

Мақсаты: Тәулік жөнінде түсініктерін кеңейту. Қарама-қарсы мағыналы сөздермен жауап бере білуге үйрету.
Көрнекілік: доп
Барысы: Балаға допты беріп қарама-қарсы мағыналы сөзбен жауап беруді сұрайды. Мысалы: «таң» десе, бала «кеш» деп жауап береді.

«Неше саңырауқұлақ немесе көкеністер?»

Мақсаты: Артық-кем ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: Кәрзеңке, санырауқұлақтар, көкеністер. (15 дана)
Барысы: Тәрбиеші балаларға былай дейді : «Саңырауқұлақтың саны үштен кем, бірден артық. Неше саңырауқұлақ бар? Кәрзеңкеге көкеніс түрлерін салғызып жаттығуды қайталайды.

«Апта күндері»

Мақсаты: Апта күндерін атап, есте сақтай білуге үйрету.
Көрнекілік: Апта күндерін шартты түрде белгілейтін 1-ден 7-ге дейін дөңгелектермен дайындалған карточка.
Барысы: Арнайы дайындалған карточканы көрсетіп, таныстыру. Апта күндерін атату, карточканы таратып беру. Тақтаға шыққан бала карточкаға сәйкес өз апта атын білу керек. Тәрбиеші бұйрығымен, «дүйсенбі» бір адым алдыға десе, тұрып қалмай алдыға шығу керек. Бұдан соң балалар кезекпен ауысып тақтаға шығады.

«Қиындыларды дұрыс бөл»

Мақсаты: Қиындыларды түсі мен ұзындығы бойынша айыра білуге жаттықтыру.
Көрнекілік: Әрбір балаға ұзындықтары мен түсі әртүрлі, мысалы: 2 қызыл, 1 жасыл, 2 сары, ең ұзын-сары, ең қысқа-қызыл, ұзындықтары бірдей: қызыл, жасыл, сары қиындылар жиынтығы.
Барысы: бірнеше тапсырмадан тұрады.
1- тапсырма: балаларға барлық қызыл қиындыларды сол жаққа, сары қиындыларды оң жаққа, жасыл қиындыларды ортаға қоюды тапсырады.
2- тапсырма: бірдей қиындыларды бірінің үстіне бірін тізіп қою.
3- тапсырма: оң жаққа ең ұзын, сол жаққа ең қысқа қиындылар қою.
4- тапсырма: қиындылардың ең қысқасынан бастап, ең ұзынына қарай реттеп, бір қатарға қою.
Тапсырманы дұрыс орындаған столдағы балалар жеңімпаз атанады.

«Қандай сандар жетіспейді?»

Мақсаты: Сандарды тани білуге, аталған сан арасындағы санды атай білуге үйрету.
Көрнекілік: сіріңке қорабындағы таратпа материалдағы сандар.
Барысы: тәрбиеші екі санды атайды, мысалы: 3-5 десе, балалар қораптан сол сандарды алып, ортасындағы санды қою керек.

«Көрші–көрші»

Мақсаты: Сан құрамын атап, неше бірліктен тұратынын, сандарды салыстыра білуге үйрету.
Көрнекілік: Кеспе қалтадағы сандық карточкалар: 1-10.
Барысы: Тәрбиеші бір санды атайды, м:7 санын. Тақтаға бір бала шығып аталған санды «кеспе қалтадағы» сандар арасынан 7 санын алып қояды. Тәрбиеші: осы санның көршілерін көрсетіндер дегенде , екі бала шығып 6 және 8 санын көрсетеді. Әр бала өз санын түсіндіру керек, м: 7 саны 6 санынан 1-уі артық, 8 санынан 1-уі кем, 7 бірліктен тұрады.

ІІ. Санамақтар

Бес саусақ

Бас бармақ бауға барды,
Бір дегенім бүркіт,
Қалады аңдар үркіп.
Екі дегенім есік,
Білмейді ол есеп.
Үш дегенім үкі,
Ұстап жеді түлкі.
Төрт дегенім тиін.
Бес дегенім бұлбұл,
Сайрағанда дүл–дүл.
Алты дегенім арғымақ,
Бір дегенім таяқ қой,
Дөңдеу жерден қарғымақ.
Жеті дегенім жайын
Жайынның жейміз майын.
Сегіз дегенім серке.
Енесіне ерке.
Тоғыз дегенім–түлкі,
Жүрген жері күлкі.
Он дегенім оймақ,
Осымен сөзді қоймақ..
(Т.Қанаев)

Санамақ

Екі көз бен қос құлақ
Бір бас пенен бір мұрын
Нешеу болды қос шырақ,
Санап шығар кім бұрын?!
Екі аяқ пен екі қол,
Бір ауыз бен бір тілің...
Нешеу болды қане, бол,
Санап шығар кім бұрын?!
Сұқ саусағым суға барды
Ортаң қолым орақ орды.
Аты жоғым ағаш жарды,
Жұмсамапты алақаным,
Тек шынашақ–балапанын.

(М. Қуанышбеков)

Топ, топ, добым

Топ, топ, добым домалақ,
Топ, топ, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап
Қайда кеттің домалап
Бір, екі деп екі ұрдым,
Шатырға сен секірдің.
Үш, төрт, бес деп үлгердім,
Ішіне ендің гүлдердің.
Алты, жеті дегенде.
Жаттың шаршап еденде.
Сегіз, тоғыз дегенде,
Сайға сырғып жөнелдің.
Топ, топ, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап.

Бір апта

Дүйсенбіде доп ойнадық қорада,
Сейсенбіде серуен құрдық далада.
Сәрсенбіде сурет салдық сәнді етіп,
Бейсенбіде би биледік әндетіп.
Жұма күні жидек тердік қыратта,
Сенбі күні кино көрдік клубта.
Жексенбіде үйде болып дем алдық,
Осылайша өте шықты бір апта.

Санамақ

Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Қосып едім екеуін,
Болып шықты он саусақ.
Оң аяқта бес бақай,
Сол аяқта бес бақай.
Қосып едім екеуін
Болып шықты он бақай

Беске дейін санау

Бірді бірге таяп қой.
Екеу болар қос таяқ ,
Цифры оның тап мына
Ұқсайды бір аққуға,
Екі мен бір – болар үш,
Цифры оның – ұшқан құс.
Үш пен бірің төрт екен.
Төртеу санның көркі екен.
Төрт аяқпен жануар,
Стол, төсек... тағы бар..
Төрт аяқпен нық тұрар
Төрт бірлікті ұқтырар
Бес дегеннің цифры Қарап тұрсаң оп–оңай.
Үштің басын қайырып,
Қоя салған жай бұрап.

(Ә. Табылдиев)

ІІІ. Жаңылтпаштар

Бір ақ шымшық,
Екі ақ шымшық.
Үш ақ шымшық,
Төрт ақ шымшық.

Пеш үстінде бес мысық,
Пеш ішінде бес мысық
Бес күзетші.. бес пысық.

Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім
Неше кіші ішік піштім.

Ұшып кетті үш құс,
Ұшып келді ұшқыш.

Есет атам ет асатар,
Ет асатса, бес асатар.

Аппақ, аппақ, бәрі аппақ,
Ақ қар аппақ, бәрі аппақ.
Ақ бұлт, қырау, мақта аппақ
Ақ сүт, айран, қант та аппақ.

Бес түп алма,
Бестік алғандыкі.
Төрт түп алма ,
Төрттік алғандыкі.

ІV. Жұмбақтар

Жаңылмастан жетеуі,
Кезек қызмет етеді.
(Аптаның 7 күні)

«Бәрі нешеу»
Асан ,Айша екеуі,
Қос қуыршақ,
Бір құлыншақ,
Екі ойыншық
Құстай ұшып,
Үйден шықты.
(Жетеу)

Дүкеннен көп сабын алдым,
Оның және қабын алдым.
Екі дептер бір қарындаш,
Тіс ысқышты тағы алдым.
Есептеші сонда бәрі
Қанша болды қолда бәрі?
(Алтау)

Туысқан бес кісі,
Бірінен-бірі кіші
Бәрінің аты бір
Ең кішісі шеткісі
(бес саусақ)

Бес балада бір бешпет,
Бір киініп, бір шешпек.
Оң жағымда бес сарбаз,
Сол жағымда бес сарбаз.
(он саусақ)

Табақта бес алма,
Қолымда екі алма.
Қосқанда барлығы
Болады неше алма?
Бір алма апама,
Бір алма атама.
Екі алма беремін
Мамам мен папама.
Нешеуі қалады табақта?
(үшеу)

Бір үйде біз нешеуміз
Кел санайық екеуміз:
Бас бармағым–папам,
Балаң үйрек- апам,
Ортан терек- ағам,
Шылдыр шүмек,
Титтей бөбек сен
Бір үйде біз нешеуміз?

V. Бой сергіту сәтінде пайдаланатын математикалық тақпақтар

1.Оңға, оңға түзу тұр,
Солға, солға түзу тұр.
Алға қарай бір адым
Жоғары, төмен қарайық,
Орнымызды табайық.

2.Сағаттың тіліндей,
Иіліп оңға бір.
Сағаттың тіліндей
Иіліп солға бір
Сағатқа қарап ап
Жаттығу оңай-ақ.

3.Қақпаға туралап,
Теп допты, оң аяқ
Қақпаға туралап,
Теп допты сол аяқ,
Оң аяқ, сол аяқ
Жаттығу оңай-ақ.

4.Доп безек қағады,
Секіріп еденде
Біресе жоғары
Біресе төменге
Жаттығу оңай-ақ.

5.Қарлығашқа ұқсайық
Қане қанат жасайық
Қарлығаш боп ұшайық,
Ұшып-ұшып алайық..

6. 1, 2, 3
Дем аламыз жинап күш.
«5»- тік баға аламыз
Қуанып үйге барамыз.

7. Ал балалар тұрмайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бр тұрып
Біз тынығып алайық.

8. Тік ұста бойыңды
Жоғары соз қолыңды.
Соз қолыңды тағы да,
Жеткіз жираф мойнына.

9. Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Алақанды ашамыз
Бесті беске қосамыз.
Кел санайық ал мұны,
Нешеу болды барлығы?
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Жасырып ем бесеуін,
Қалды мұнда нешеуі?
Бесеу екен қалдығы,
Нешеу еді барлығы?

10.Сол аяқ, оң аяқ,
Кезек оны тебеді.
Ол тынымсыз домалап,
Зыр жүгіре береді.

Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру кезінде пайдаланатын дидактикалық ойындардың
ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің үлгісі

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбы: «Осындай пішінді тап»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балалардың геометриялық пішіндер туралы алған білімдерін бекіту. Назар аударуын, ойлау қабілетін, есте сақтау қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер: Геометриялық пішіндер, ұшбұрыш, дөңгелек, шаршы, суреттер, ойыншықтар, геометриялық пішіндердің суреті бар жолдар.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
Тәрбиеші: Балалар бүгін бізде «Ойнайық та ойлайық» вариатиптік сабағынан «Осындай пішінді тап» тақырыбында іс-әрекет өткіземіз. Біздің бұл іс-әрекетімізге көп қонақтар келіп отыр екен, қане қонақтармен амандасып алайық.
Балалар: Сәлеметсіздер ме?
Қонақтар: Сәлеметсіңдер ме!
Тәрбиеші: іс-әрекетті бастамас бұрын геометриялық пішіндерді есімізге түсіріп алайық деп, тәрбиеші төбеде ілініп тұрған пішіндерді көрсетіп сұрайды. Мынау қандай пішін?
Балалар: Мынау үшбұрыш.
Тәрбиеші: Ал, мынау қандай пішін?
Балалар: Бұл дөңгелек.
Тәрбиеші: Мынау ше?
Балалар: Мынау шаршы.

Осы кезде Дымбілмес келеді. Қолында геометриялық пішіндерден құралған мысықтың суреті бар.
Тәрбиеші: Бұл кім болды екен бізге қонаққа келген, балалар сендер білесіңдер ме?
Балалар: Ол–Дымбілмес қой.
Дымбілмес: Мен күн елінен келдім. Ойнап жүріп, мына суретті тауып алдым. Балалар сендер білесіңдер ме? Білсеңдер маған көмектесіңдерші. Мынау ненің суреті екенін айтындаршы?
Балалар: Бұл геометриялық пішіндерден құрастырылған мысықтың бейнесі.
Тәрбиеші: Мысықтың басы қандай геометриялық пішіннен жасалған?
Балалар: Дөңгелек.
Тәрбиеші: Тағы қандай мүшелері дөңгелектен жасалған?
Балалар: Көзі, аяғының басы, құйрығы–шаршыдан жасалған.
Тәрбиеші: Ал құлағы ше?
Балалар: Құлағы-үшбұрыштан жасалған.
Тәрбиеші: Дұрыс балалар, ал Дымбілмес ұқтын ба?
Дымбілмес: Иә, үшбұрыштан, шаршыдан, дөңгелектерден жасалған мысықтың суреті
Тәрбиеші: Балалар мысық қайда тұрады?
Балалар: Үйде тұрады.
Тәрбиеші: Ендеше мына геометриялық пішіндерден үй құрастырайық. Дымбілмес сен де балалармен бірге болып білмегеніңді үйреніп ал.
Дымбілмес: Жарайды, осындай білгір балалармен болғаныма мен өте қуаныштымын.
Балалар: Құрастырады.
Тәрбиеші: Қандай геометриялық пішіндерден құрастырдыңдар?
Балалар: Үшбұрыш және шаршыдан құрастырдық.
Тәрбиеші: Балалар, кәне барлығымыз бірігіп «Өз үйіңді тап» деген ойынды ойнайықшы.
Ойын «Өз үйінді тап» Үш жерде үш түрлі геометриялық пішіндер қойылады. Балалардың қолында әр түрлі пішіндер таратылып беріледі, әуен қосылады. Балалар әуен ырғағымен билейді, әуен тоқтаған кезде балалар қолдарындағы пішінге сәйкес пішінін тауып, қасына тұруы қажет. Осылай ойынды бірнеше рет қайталаймыз.
Тәрбиеші: Өте жақсы енді мына пішіндерге қарайықшы, сендер маған айтыңдаршы, мен көрсеткен пішіндердің қандай түсті екенін.
Балалар: Шаршы түсі сары, дөңгелек түсі көк, үлкен шаршы түсі қызыл, үшбұрыш түсі сары, үлкен дөңгелек түсі жасыл,т.с.с.
Тәрбиеші: Жақсы. Енді маған мына ойыншықтардың ішінен дөңгелекке ұқсас ойыншықты атаңдаршы.
Балалар: Дөңгелекке ұқсас–доп, алма, сағат, тарелка.
Шаршыға ұқсас–кітап, сандық, машинаның кузовы. Үшбұрышқа ұқсас–пирамида, шырша.
Тәрбиеші: Сендер балалар өте жақсы біледі екенсіңдер. Сендер геометриялық пішіндерден не құрастырдыңдар?
Балалар: Үй құрастырдық.

Тәрбиеші: Сол құрастырған үйлеріңнің есігінде құлып бар екен, соны ашайық. Ол үшін құлыптағы пішіндерге ұқсас пішінді тауып үстіне қоюымыз керек, сонда ғана ашылады. Әр баладан сұрау: қолдарында қандай кілттің барын. Енді сол кілттеріңді қолдарыңа алып, мына жердегі жолдармен жүрейік. Жолдар да сыйқырлы. Бір жолдың үстінде дөңгелек пішін, екіншісінде шаршы, үшіншісінде үшбұрыш бейнеленген. Кімнің қолында қандай пішін болса, сол жолмен жүреді. Іс-әрекет соңында балаларды мақтап, мадақтап балаларға геометриялық пішіндерден бейнеленген медальдар тарату.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбы: «Ойлау әлеміне саяхат»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мақсаты: Білімділікке бейімдеу бағытында сандардың қатарын ауызша санауға жаттықтыру оңға, солға, 1 таңбалы, 2 таңбалы сандарды ажыратуға, көршілес сандарды табуға жаттықтыру, жыл мезгілдерін, апта күндерін, ретімен атауға, тақпақтар айтуға үйрету. Геометриялық пішіндер мен денелерді табуға үлкен, кішіні салыстыруға бейімдеу. Жұмбақтар қисынды есептерді бере отырып ойлау, есте сақтау қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер: Геометриялық фигуралар, сан тізбектері, ертегілер кейіпкерлері бейнеленген суреттер, карточкалар.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрі: Түсіндіру, сұрақ жауап, әңгімелесу.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
Бөлмеге Мадияр кіреді.
- Бұл қай жер? Мен оларға жедел хат жіберген едім. Енді не істедім, барып іздеп келейін.
Балалар кіреді.
Тәрбиеші: Сендер, Мадиярды көрдіңдер ме, ол биыл мектепке барғысы келіп, сендерден көмек сұрап, жедел хат жіберген еді. Енді өзі жоқ.
Осы кезде Мадияр кіреді.
- Қайда жүрсіңдер? Уақыт таяп қалды «ойлау әлемі» аралына біз енді баруға үлгермейміз. Сағат неше болды?
Тәрбиеші: Сәлеметсің бе Мадияр? Неге барлығымен амандаспайсың? Сен асықпа, саған көмектеседі. «Ойлау әлемі» аралына неге барғың келеді?
Мадияр: Ол аралда сиқырлы кітап бар. Ол кітапсыз мектепке алмайды.
Тәрбиеші: Балалар көмектесеміз бе?
Мадияр: Әрине көмектесеміз?
Тәрбиеші: Ол аралға бару үшін көптеген тапсырмалар орындау керек. Сен абыржыма балалар көмектеседі.
1 тапсырма:
А) суреттерді сана, жанына сандарды қой.
Б) бір таңбалы сандарда ата.
В) геометриялық пішіндерден үй, машина құрастыр.

2 тапсырма:
Неге үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, шаршы дейміз?
Тәрбиеші: балалар, мына суреттерге қарап, қай ертегіден екенін айтып беріңдерші және кейіпкерлердің қанша екенін санаңдар.
Балалар: 7 кейіпкер.
Тәрбиеші: 7 санының қасиеті туралы кім біледі?
7 ата: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.
7 қазына: ержігіт, сұлу қыз, ақыл, білім, арғымақ, ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық.
7 жұт: құрғақшылық, жұт, оба, соғыс, жер сілкіну, сел жүру.
Тәрбиеші: Өте жақсы.
Сергіту сәті: Допты лақтырып сұрақ қою.
Сұрақ: бір жылда неше жыл мезгілі бар?
Балалар: бір жылда 4 жыл мезгілі бар.
Сұрақ: жыл мезгілдерін атап беріңдер.
Балалар: жаз, күз, қыс, көктем.
Сұрақ: қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: көктем.
Сұрақ: көктем айларын айтып жіберіңдерші?
Балалар: наурыз, сәуір, мамыр.
Сұрақ: наурызда, мамырда қандай мерекелер болады?
Балалар: 8 наурыз аналар күні, 1 мамыр достық күні, 9 мамыр жеңіс күні.
3 тапсырма:
Тәрбиеші: бір аптада неше күн бар?
Балалар: бір аптада 7 күн бар.
Тәрбиеші: енді осы 7 күнді атап беріңдер?
Балалар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
Тәрбиеші: Өте тамаша. Бүгін қай күн?
Балалар: дүйсенбі, 1 ші күн.
4 тапсырма: Ойлау есептерін шешейік:
Аулада бес үйрек, Екі түйе, екі жылқы,
Қорада үш үйрек. Екі сиыр, екі ешкі
Бір үйрек тығылды, Бір қоян, бір түлкі
Бір үйрек жығылды Табалмасаң күлкі (10)
Қалғаны нешеу? (6)

Қолымда үш алма Жанып тұрған төрт шамның
Табақта екі алма Екеуі сөніп қалды, нешеуі қалды?(2)
Қосқанда болады
Неше алма? (5)

5 тапсырма: батпаққа батпай мына іздерді басып шығуымыз керек, егер сандарды ретімен дұрыс бассаңдар, яғни балалар: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10 сандарын ретімен басады.
Тәрбиеші: міне, балалар сендер «Ойлау әлемінеде» жеттіңдер.
Мадияр: балалар көмектескендеріңе көп рахмет.
Тәрбиеші: балалар бұл араға біз кітап іздеп келдік. Қане, іздейік. Ол үшін мына тастың оң жағына қарай үш қадам, солға екі қадам жасау керек. Тастың астын қара кітап жатыр. Кітапта жазулар бар екен.
Тәрбиеші: әріптер қандай түспен жазылған?
Балалар: қызыл, қара.
Тәрбиеші: неге?
Балалар: себебі, әріптер дауысты және дауыссыз деп екіге бөлінеді. Тәрбиеші: ендеше мына гүлді қараңдар. Қанекей алып оқиық.
Балалар оқиды: АР-А, А-УА, А-НА, А-ТА, А-ЛА, БАЛ-А.
6 тапсырма: мына сөздердің қарама қарсы мағынасын тап:
Ақ қара; үлкен кіші; ұзын қысқа; жылы суық; жақсы жаман; таза лас; қалың жұқа; жуан жіңішке.
Тәрбиеші: мына сөздерді кім оқиды?
Балалар: ө-те жақ-сы
Сау бо-лың-дар.
Тәрбиеші: ендеше сандарды кері ретімен басып қайтайық. Сау болыңыздар қонақтар, деп іс-әрекетімізді аяқтаймыз.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбы: «Кеңістікті бағдарлау»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мақсаты: балаларды кеңістік қатынастарымен (оң-сол, астында, үстінде, арасында) таныстыру; балаларды заттың көлеміне қарай салыстыруға үйрету (жоғары-төмен, ұзын-қысқа). Логикалық ойлауларын жетілдіру, қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейту.
Көрнекіліктер: тақтаға ілінетін құралдар өзен, қоян, биік қарағай мен аласа шырша, тиін, кірпі, екі шымшық.
Үлестірмелі материалдар:
1. Жұмыс дәптерлері;
2. Түрлі-түсті қарындаш.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
Дәптермен жұмыс.
- Айша, Әлия, Әнел деген үш қыз өмір сүріпті. Айша-ең ұзыны, Әлия- оң жақта тұр, Әнел-сол жақта тұр.
- Қыздардың қайсысының бойы қысқа? Ең ұзын қыздың аты кім? Айшадан қысқа қыздың аты кім?
- Әр қыздың қай үйде тұратындығын ойлап табыңдар да, олардың үйіне қарындашпен жол салыңдар.
- Биік үй қай жақта? (сол жақта)
- Одан аласа үй қай жерде? (олардың ортасында)
Бір күні Айша, Әлия, Әнел орманға барады. Өзенге жақындап келіп, олар мынаны көрді: өзен жағасында екі ағаш өсіп тұр екен, оның аласасы шырша да, одан биігі - ұшы әрең көрінетін қарағай.
Суреті тақтаға ілінеді.
- Шырша қай жерде орналасқан? Қарағай ше?
- Орманда қыздардың нені кездестіргенін жұмбақты шешу арқылы табыңдар.
Жұмбақтар:
Үсті толы ине,
Бірақ та іс тігіп,
Қадамайды түйме.
(кірпі)

Бұтақтарға секіріп,
Әр жерден қылт етеді.
Кейде жаңғақ кеміріп,
Жоғары өрлеп кетеді
(тиін)

Қорыққанда жел аяқ
Отырғанда томардай-ақ.
(қоян)

Тәрбиеші аңның немесе құстың тұрған орнын айтады, ал балалар тақтаға оны қояды.
- Қоян шырша мен қарағайдың арасында отыр.
- Тиін қарағайда отыр.
- Кірпі шыршаның үстінде жүр.
- Қоян қызды көріп, қорқып кетті де шыршаның артына жасырынды.
- Кірпі қарағайдың түбіне жорғалап кірді.
- Ақ тиіндер төменге түсті.
Сергіту сәті: «Алыптар мен ергежейлер»
Бұл орманда алыптар (балалар қолдарын жоғары көтеріп, аяқтарының ұшымен тұрады) және ергежейлілер (балалар жүрелеп отырады) өмір сүріпті. Содан соң бұл қимылды тәрбиешінің айтуымен жылдам орындайды.
Дәптермен жұмыс.
Қыздар орманда серуендеді және толы себетпен үйлеріне қайтты. Айша себетін биік түбірге, Әлия бір түбір төмен, ал Әнел аласа түбірге қойды. Қыздарды өзінің себетімен сызық арқылы қос.
- Әр қыз не жинады?
Іс-әрекетті тәрбиеші қорытындылайды.

Дидактикалық ойын балаға білім берудегі әсер етудегі ең негізгі бір түрі, өйткені ойын балалардың негізгі іс әрекеті. Балалардың қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыруда дидактикалық ойындардың алатын орны ерекше. Пішіндерді өткен кезде шар, куб, «не домалайды, не домаламайды?» ойыны арқылы осы екі пішіннің ерекшелігі, қасиеті туралы түсіндіру өте тиімді. Білім берудегі дидактикалық ойындарды нәтижелі қолданудағы негізгі шарты: ол ойын таңдаудағы бірізділікті сақтау, келесі дидактикалық принциптер міндетті түрде ескеруі керек; түсініктілік, қайталанылуы, тапсырмаларды біртіндеп орындау. Баламен іс әрекет түрінде өткізілсе, тапсырмалар оңай орындалып, алға қойған межеге жету оңай болады. Ертегі кейіпкерлеріне, ойыншық кейіпкерге көмектесу баланың қызығушылығын оятып, бәсекелестігін арттырады. Сондай-ақ, ойлау, тапқырлық қабілетін дамытып, адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін оятады. Іс-әрекетке Дымбілместі қатыстыру баланың алған білімін еске түсіріп, сол Дымбілмеске үйрету арқылы қабілетін арттырады. Дымбілмеске қарай отырып өз жұмыстарын бақылай білуге, қате жіберіп алмауға деген қырағылықтарын арттырады.
Ойын арқылы балаларды геометриялық пішіндердің ортақ белгілері (дөңгелектенген, бұрышты) бойынша біріктіру туралы алғашқы түсініктерін қалыптастырамыз. Уақытты бағдарлауға үйрету үшін тәулік бөліктері, апта күндері, жыл мезгілдері және айлары туралы санамақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтарды кеңінен пайдаланамыз. Бұл арқылы баланың ойлау, есте сақтау қабілеттері мен тілін дамытуды көздейміз.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру бөлімі бойынша «Таным» білім саласындағы мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін зейіндерін, есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауын дамытуға арналған әлеуметтік ойындарды қолдану қажет. Ойын ойнату кезінде мына кеңестерді естеріңізде ұстаңыздар:
1. Ойын балаға да, үлкендерге де қуаныш әкелуі қажет.
2. Баланы ойынмен қызықтырыңыз, бірақ оны ойнауға мұқтаждамаңыз, ойын тапсырмаларымен ашуға дейін қысым көрсетпеңіз. Ойын кезінде баланы ренжітіп алмаңыз.
3. Баланың қызығулары «толқынмен» өтеді. Сондықтан, балада ойынға қызығушылығы басылғанда, ол ойын туралы екі айға, тіпті көпке дейін «ұмытыңыз», сосын оны бала «кездейсоқ» есіне түсірсін.
4. Ойын кезінде күштеу жағдайын болдырмау керек. Баланың белсенді қимылдарын тоқтатпаңыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
¬
1. Артемова Л.В. Дидактикалық ойындар. ¬– М., 1992.
2. Богуславская З.М., Смирнова Е.О. Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған дамыту ойындары. – М., 1991.
3. Дүйсенбай Е. Санамақ. – А., «Ана тілі», 1996.
4. Колесникова Е.В. 3-4 жас балаларына арналған математика. – М., 2008.
5. Леушина А.М. Математикалық түсініктерді қалыптастыру. –А., «Мектеп», 1982.
6. Мәжитқызы Р. Қызықты математика. – А., 1996.
7. Никитин Б.П. Дамытушы ойындар. – М., 1994.
8. Новикова В.П. Балабақшадағы математика – М., 2003.
9. Нұрсейітова С. Оқушылардың сабақтан тыс әрекеттері. //Бастауыш мектеп. - 2003. №10. - 4 б.
10. Отер Е. Білікті жетекшілік қажет //Қазақстан мектебі. -2002.-№3.-36 б.
11. Сансызбайқызы М. Балдырғандарға арналған қызықты математикалық тапсырмалар. – А., «Рауан»,1993.
12. Сатимбекова М.С., Наурызбаева Ә.Н., Әуелбекова: Математика әдістемелік құрал. –А., «Алматы кітап» ЖШС, 2005.
13. Сербина Е.В. Бөбектерге арналған математика. – М., 1992.
14. Шәмшиева Г. Сабақтан тыс жұмыстардың берері көп // Қазақстан мектебі. -2001. №2. - 45 б.

Категория: Дошколенок | Добавил: мк (2012-04-09)

Просмотров: 3328

Всего комментариев: 1


0  

1 Жаухар   (2012-04-10 8:32 PM)

Маржан Сейфуллаевна материалдарыңыз үшін көп рахмет. Еңбегіңіз жансын.




Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[
Регистрация | Вход ]

«№126 сәбилер бақшасы» МҚКК

Тукенова А.А.

қазақ тілі мұғалімі.

Қазақ тілі сабағында мектепке дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеуін деңгейлеп оқыту тапсырмалар арқылы жетілдіру және дамыту.

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Осы мемлекеттігімізді айқындаушы – мемлекеттік тіл болып табылады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде көтеру - әрбір азаматтың, оның ішінде оқу орыс тілінде жүргізілетін қазақ тілі пәні ұстазының тікелей міндеті. Сондықтан осы мәселені балабақшадан бастап қолға алу орынды.

Балабақшада оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын жаңарту, оны жаңа деңгейге көтеру мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Балалар мұғалімнің көмегімен сөйлеу, ойлау дағдыларын игере бастайды.

Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгерту көп деңгейлік оқыту арқылы іске асырылуы мүмкін екендігін белгілі ғалым, профессор Ж.А.Қараев өз еңбектерінде дәлелдеген.

Ж.А.Қараев технологиясының маңызы зор. Бұл технология бойынша бала жаңа білімді өзі меңгере отырып, әр түрлі деңгейдегі тапсырма беру әдісі алыңған. Баланың іскерлік, ақыл-ой дамуына әсер ету нәтижесінде білім сапасы көтеріледі, өзін-өзі дамытуға себеп болады.

Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты: әрбір бала өзінің даму деңгейінде оқу материалн меңгергенін қамтамасыз етеді:

  • Деңгейлеп оқыту әр балаға өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

  • Деңгейлеп оқыту әр түрлі категориядағы балаларға, олармен саралай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

  • Деңгейлеп – саралап оқыту құрылымында білімді игерудің үш деңгейі қарастырылады: жоғары, орташа, төмен.

Жалпы, менің оқытудағы өз проблемам балаларды сөздің дыбыстық құрамын дұрыс айту, қойған сұрақты тыңдап, қазақша дұрыс жауап беру, диалог түрінде сөйлесу, сөйлемді дұрыс құрастыру дағдыларын дамыту.

Мысал ретінде, дайындық тобында «Балабақша» тақырыбын қайталау мақсатында өткізген сабағымның құрылымы ұжымдық оқыту, саралап, деңгейлеп оқыту. Білім бөйынша топқа бөліп, әр топқа осы тақырып бойынша деңгейлік тапсырмалар беремін:

  • Төмен деңгей: «Сөздерді ата» (балабақша, бала, тәрбиеші, дәрігер, орындық)

  • Орташа деңгей: «Ата, жауап бер»

  • (-Мынау не? – Мынау балабақша.

-Балабақша қандай? - Балабақша үлкен, әдемі.

  • Жоғары деңгей: «Сөйлем құрастыр»

-Мынау балабақша. Балабақша үлкен, әдемі, жарық, таза.Балабақша екі қабатты. Балабақшада көп балалар бар.





Shape1







Shape2


Shape6 Shape4 Shape5 Shape3


Shape7

Shape10 Shape9 Shape8

Shape11




2


Shape12

Shape14 Shape13 Shape15

Shape16 Shape18 Shape17





+



Балалармен жұмысында деңгейлік дидактикалық ойындар көп орын алады. Оларды әр сабақта және балалардың өз бетінше жұмыс істегенінде қолданамын. Дидактикалық ойын сабақтың құрамдық бөлшегі болып табылады. Ол сабақты меңгеруге, бекітуге, танымдылық қызметтің әдісін меңгеріп көмектеседі. Балаларды заттың сын-сипатын біліп, қорытындылауға, салыстыруға, жүйелеуге үйретеді. Дидактикалық ойындар тақырыпқа байланысты қолданылады. Тапсырма берер алдында, оны балаға түсіндіру, тексеру қажет. Дидактикалық ойындар, ойын тапсырмалар біртіндеп күрделенеді, сондықтан оларды ретімен орындату қажет. Әрбір ойынға балалар қызыға қатысады.

Мысалы, сабақтарымда сөйлеудің лексика-грамматикалық құрылымын дамыту мақсатында қолданатын ойын түрлерін ұсынамын:





Дидактикалық ойын

«Тілші»

Мақсаты: Қойылған сұраққа толық жауап қайтара білу.

Ойынның шарты: Жүргізуші бала тақырып бойынша балаларға сұрақ қояды, жауаптарын алады.

үргізуші – жоғары деңгейдегі бала)

  • Мынау не?

  • Мынау жеміс алма.

  • Алма қандай?

  • Алма қызыл, тәтті (сары, домалақ, үлкен, кішкентай)



Дидактикалық ойын

«Доп кімде»



Мақсаты: 3-4 сөзден тұратын сөйлем құрастыра білу.

Ойынның шарты: Бір бала ортада тұрады. Қалған балалар шеңбер құрып тұрады. Жүргізуші бала шеңбермен жүріп 3-4 балаға допты беріп сөзді орыс тілінде атайды. Допты алған балалар сөзді қазақ тіліне аударады. Ал ортада тұрған бала айтқан сөздерді есінде сақтап сөйлеп құрып айтады.

Дидактикалық ойын

«Қолшатыр»

Мақсаты: Жаңа сөздерді сөйлем ішінде дұрыс қолдана білу.

Ойынның шарты: Бір бала қолшатырды алып ортаға тұрады. Қалған балалар айналып жүреді. Әуенді тоқтатқан кезде тоқтайды. Түскен тірек- схема арқылы сөйлем құрып айтады.

Мысалы: -Ойыншық қоян кішкентай, ақ.

-Ойыншық аю әдемі ....





Дидактикалық ойын

«Жайлауда»

Мақсаты: Жаңа сөздерді сөйлем ішінде дұрыс қолдана білу.

Ойынның шарты: Балалар бір-бірден үй жануарларын бейнеленген

карточкаларды алып сөйлем құрып айтады.

Мысалы: -Мынау сиыр. Сиыр үй жануары. Сиыр үлкен. Сиыр сүт береді.

-Мынау үй жануары ешкі. Ешкі шөп жейді. Ешкінің төлі лақ.

т.с.с.



Балабақшада ұлттық ойындарды пайдалану

БАЛАБАҚШАЛАРДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ

Ж О С П А Р Ы

І. Кіріспе
Балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – ойын.

ІІ. Негізгі бөлім

1. Ойын – балалардың ойлау қабілетін арттыратын іс- әрекет.

2. Ұлттық мұраның бай қазынасы – халықтық ұлттық ойындар.

ІІІ. Қорытынды.

Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын
тәрбие құралы.
Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.
Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.  
Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. 
Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.
Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Құрылыс ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады.  
Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін ғалымдар да шұғылданды. Көптеген балалар жазушылары бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де мәлім.
Адам іс-әрекетінің ерекше бір түрі – ойынның пайда болуын зерттеушілердің біразы өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе өмірдің әртүрлі құбылыстары мен үлкендердің түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу екені белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.
Сондықтан да педагогикада бала ойынына ерекше мән беріледі, өйткені ойын үстінде қалыптасатын балалық шақтың түйсігі мен әсері адамның көңіліне өмірбақи өшпестей із қалдырады. Бала ойын арқылы өзін толқытқан қуанышын немесе ренішін, асқақ арманын, мұрат-мүддесін бейнелесе, күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп бүгінгі ойын, бейнелі әрекет ертеңгі шындық ақиқатқа айналатын кезі аз емес.
Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты қүбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстарды ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді.
Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, сондықтан кейбір педагог-ғалымдар «жақсы ойын - жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын- жаман жұмыс сияқты» деп қарап, бұлардың арасында айырма шамалы деген түйін жасайды. Өйткені, әрбір жас кезінде ойын тиісті дәрежеде ақыл мен қажыр-қайрат жұмсауды керек етеді.Белсенді іс-әрекет пен күш-жігер жұмсалмаған ойын, жақсы ойын болып табылмайды. Жақсы ойын да жақсы жұмыс та көңілді қуанышқа толтырып, рахатқа бөлейді. Демек, осы жағынан ойын мен жұмыстың  ұқсастығы байқалады. Баланың ойыныңда да белгілі дәрежеде тиісті жұмыстағыдай жауапкершілік болуға тиіс. Олардың негізгі айырмашылығы тек мынада: баланың ойыны нақты материалдық рухани байлықты көздемейді, ал жұмыс ондай игілікті  өндірудің негізгі жолы екені айқын.
Баланың қуанышы мен реніші ойыңда айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды.
Ойын үстінде бала бейне өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Бірақ бала одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтіп көрейік» деуі, олардың «ойынды ойын» деп түсінуінде жатыр.   

Осыдан келіп ойын туралы мынандай  т ұ ж ы р ы м   ж а с а л а д ы :

а) ойын - тәрбие құралы, ақыл-ойды, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, өмірді танытып, сезімді кеңейтеді  т ә р б и е л е й д і.
ә) е р і  к   ж ә н е  м і н е з  қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны  жетілдіреді.
б) ұ ж ы м д ы қ   с е з і м  әрекеттері өсе түседі.
в) э с т е т и к а л ы қ   т ә р б и е    б е р у -  өнерді, көркемдікті түсіндіру құралына айналады.
г) е ң б е к    т ә р б и е с і н   б е р у  мақсаттарын шешуге мүмкіндік  береді. 
д)  д е н е   к ү ш і н і ң   ж е т і л у і н е   к ө м е к т е с е д і - ойын баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады.

Халық жасаған мұралар сан алуан. Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі буынға мирас етіп, іс-әрекет үстінде көзін қанықтыра беруден бастаған. Солардың бірі – ұлт ойындары халықтың сәби шағымен бүгінгі өскелең дәуірінің куәсі ретінде, адам баласының фантазиялық ой-жүйесінің заңды жалғасы ретінде оны үйретудің тәжірибеде пайдаланудың үлкен білімділік, тәрбиелік маңызы бар.
Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды. Бұл пікіріміз жалаң болмас үшін заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы ойшылдарымыздың бірі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мына бір пікірін еске ала кетейік: «Біздің заманымыздың өмір кешкен ұзақ жолында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір мағыналары болған». Халқымыз ұлт ойындарында ұрпақ қамын ойлаған, бір жүйеге келтіріліп өрнектелген ой мен әрекеттің, құпия философияны түсінуге жетелейтін адамгершілік үлгі-өнегенің желісі бар. Жас бала ойынға алдымен үйренуші, көруші өсе келе соған белсенді қатынасушы келесі кезеңді үйретуші, жаттықтырушы, ұлғая келе көруші жанкүйер ретінде қатынасады. Кейінгі кезде ұлт ойындарына көңіл бөлмеу нәтижесінде, көбі ұмыт болып, мүлде жоғалуға жуық.
Ұлт ойындарын жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдаланып келеміз.
Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп – жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі. Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді, демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түспек. Фольклортанушы ғалым Ә.Диваев «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде адамның жас ерекшелігін үш топқа бөледі: «...өмірге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі бала, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балалар, он бес пен жиырма жас аралығындағы жастар...». Осының негізінде қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа, сол жастағыларға лайықты: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес» т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады. Мысалы, «Соқыр теке» ойыны («Ақ сандық, көк сандық» Құраст. Ш.Ибраев.А., 1988, 161-бет) арнайы сызылған шеңбердің ішінде ойналады. Жүргізуші «Тентек текені» ортаға шығарып, көзін таңа бастағанда, ол былай деп әндетеді:
Қараңғыда көзім жоқ,                          
Маған жақын келіңдер,
Тиіп кетсем сөзім жоқ,                         
Бір қыз ұстап беріңдер!..
Көзі байланған «Соқыр текені» айнала қоршап тұрғандар мазақтап:
Соқыр, соқыр, соқырақ,                       
Тотияйын салайын,
Оң көзіңе топырақ,                               
Ал, ұстап көр, батырым,
Топырағын алайын,                              
Міне, келе жатырмын!
деп өлеңді айтып болысымен әр жаққа қашады, ал «Соқыр теке» олардың бірін ұстауға тырысады. Ұстаған баласы оның орнына тұрады, сөйтіп, ойын жалғаса береді. Ұлт ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, сондықтан оны күнделікті оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор екендігі сөзсіз. Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Алғашқы қауымдық құрылыс, ертедегі тайпалардың одаққа біріккен дәуірлері ұлт ойындарының едәуір дамыған кезеңі болды. Көшпелі өмір кешіп, мал баққан тайпалардың көзін ашқаннан көрген театры да, өнері де, көңіл көтерер қызығы да осы ұлт ойындары еді.
Халық арасында «Денсаулық – зор байлық» деп тегін айтылмаған. Бұл арқылы халық даналығы тіршіліктің негізгі көзі осы денсаулық екенін тағы ескертеді. Адамның денсаулығы жас кезінен бастап қалыптасуы керек. Демек, кезінде ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас организмнің дұрыс та сергек өсуінің көзі. Онымен бірге бүлдіршіндер ойын ойнаған кезде көпшіл, Отанның болашақ азаматы болуға, халқына адал қызмет етуге бағыт алады.
Қазақ халқының сонау, көне заманнан бергі негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, мал өсіру, мал басын көбейтуі өндіріс процесінің негізгі мақсаты, сондықтан да «халықтың бар байлығы малда болды». Қазақ халқының тіршілігінде төрт түлік (қой, сиыр, жылқы, түйе) мал шешуші орын алған. Бүкіл өмірі мал өсірумен өткен қазақ халқының этнографиялық даму ерекшеліктері, той-думан, қуанышы мен реніші де осы малмен байланысты болды.
Амандасқанда да жан амандығын сұрамай, мал-жан амандығын сұрауы, қазақтың тіршілігінің тірегі, көзі малға деген көзқарасының ерекше бір сезіммен қалыптасуы болды. Оларды халық ауыз әдебиетінде мақұлықтар дүниесінің өкілі деп ұқпай, адамның өмір сүруінің негізгі тірегі мен жан серігі екендігін шабыттана жырлаған.
Осындай экономикалық құрылыстың негізінде төрт түліктің қасиеті тек қазақ ауыз әдебиетінде ғана жырланып қоймай, барлық мәдениет пен өнердің, соның ішінде ұлт ойындарының дамуының да негізі болды, келе-келе негізгі бас кейіпкерлері осы төрт түліктен тұратын «ақбайпақ», «көк сиыр», «түйе-түйе», «соқыр теке» т.б. сияқты ұлт ойындары да дами бастады.
Бұл ойындардың барлығы дерлік қазақ халқының төрт түлікті аса бір сүйіспеншілікпен дәріптеп, қадірмен тұтып, жануарлардың бойында адам баласының қасиеттері бар, сондықтан жан-жануарлардың бәрі бірдей деген ұғымнан барып шыққан ойындар болды. Ондай қасиеттерді бірі осы ойындардың көпшілігінде дерлік төрт түліктің қай-қайсысы болмасын, аналықтарының өз төлдерін өлімге қимайтындығын аңғартады. Сондай «Ақбайпақ» ойынында, жоғалтқан ботасын іздеген інген қатты күйзеледі. Ақырында ботасын көріп, жаны жай тауып, ботасымен әңгімелесе келіп өзін тыққан ұрылардың кімнен жақсылық, кімнен жамандық көрдің деп, содан ботаның айтуы бойынша інгеннің бұйрығымен ойнаушылар жазасын алады.
Қазақ халқының малды соншалықты қадірлейтін себебі сол, халықтың саяси әлеуметтік және экономикалық жағдайының даму процесінде осы төрт түлік арқасында жеке адамның қай-қайсысы болмасын өмірден мұқтаждық көрмеді. Сондықтан да төрт түлік қазақ халқының ауыз әдебиетінің, өнерінің, мәдениеті мен ұлт ойындарының негізгі кейіпкері.
«Бесік жырынан» бастап ұлт ойындарының барлығы халық тәрбиесінің көзі. Қай дәуірдің ұрпағына болмасын тіршілік жолына бағыт сілтеп, өмірге аттандырады. Халық жырлары ата-ананың балаға қойған бірінші сенімі, тілек-талабы. Мұның бәрі баланы ойната, көңілдендіре, бойларын сергіте жүріп айтылады да, өміріне рухани азық болатын өнегелі де ілтипатты сөздерді жас кезінен құлақтарына құя береді. Ал ойындар болса баланың осы айтылған өнеге-өсиет сөздерін күнделікті тіршілікте тәжірибе жүзінде іске асырудың құралы болды. Айталық, ойын үстінде осы айтылған өнеге-өсиет бастан аяқ қолданылады, осы негізде оның бойында адамдық қасиеттер қалыптаса бастайды. Демек, ойын әр түрлі әрекетке қозғалысқа, денешынықтыруға ғана төселдіріп қоймай, өмірдің рухани азығы – үлкеннің барлық қасиетін, яғни баланың жан-жүйесіне әсер ететін этикалық, эстетикалық тәрбиені қабылдауға қалыптастырады.
Ұлттық ойынның бірі – «Ұшты-ұшты». Бұл ойынға ересек балалар мен кішкентай балалар да қатысса қызықтырақ болады.
Ойын ережесі : Бір бала ортаға шығып жиналғандарды дөңгелете, өзіне қаратып бір қатарға отырады. Содан кейін ойынның ойналу тәртібін түсіндіреді. Сөйтіп ойынды бастайды. Ойын жүргізуші «Ұшты-ұшты бөдене ұшты» деп қолын көтереді. Сол кезде ойнаушылар тыңдап отырады да ұшатын затқа олар да қолдарын көтереді. Ұшпайтын затты ұшты қолын көтерсе, ойын жүргізушімен бірге қолдарын көтерген ойыншылар жазасын тартады. Ал ұшатын затты айтқанда, қолдарын көтермей қойса онда да жаза тартады. Сондықтан ойын жүргізушінің әр айтқан сөзіне өте сақ болу, қырағы болу керек.Ойын жүргізуші ұшатын зат пен ұшпайтын затты ұйқастырып айтып ойыншыларды ылғи да жаңылдырып отыруға тырысады. Тіпті көпшілікке таныс емес құстардың атын айтып та, ұшатын жәндіктердің атын айтып та жаңылдыруға болады. Мысалы, ұшты-ұшты кекілік ұшты, ізінше кекілік ұшты, қарға ұшты – сырға ұшты, көбелек ұшты – ебелек ұшты, тауық ұшты, уық ұшты, қаршыға ұшты, қанжыға ұшты деп жалғаса береді.
Алданған ойыншылардың жазасы өлең айтып би билеп, мақал-мәтел, жаңылтпаш, тақпақ айтады. Алданушылар көбейген сайын ойын қыза түседі, ендеше ойын жүргізуші мен ойнаушылардың арасындағы бірін-бірі аңдаушылық та күшейе түседі.  
Бала ойындарының мазмұны байып, түрі өзгеріп отырады. Ата-ананың ойлау, қиялдау, армандау қабілетін қалыптастыру үшін халық ауыз әдебиетінің жанрларын – ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтар, санамақтарды айтып үйреткен. 
Мысалы, «Тоғызқұмалақ» ойыны:
Қызықтырған есепшіні, ойлыны,
Бабалардың бұл ежелгі ойыны.
Екі адамға тең бөлінген мал жайы,
Ойнау үшін тақтасы бар арнайы.

Онда бар он сегіз ұя – кіші отау,
Екі қазан – үлкен келген іші отау.
Бір жүз алпыс екі – барлық құмалақ
Сексен бірден екі ойыншы тұр қамап.

Әрқайсының сегіз ұя – ойы бар,
Әр ұяның дәл тоғыздан қойы бар.
Екі ойыншы – екі қойшы кезекпен
Түсіреді ұяға қой есеппен.

Бір-бірінің ұясына айдайды
Қой – құмалақ санын жіті аңдайды.
Ұяда қай жұп болса қой – құмалақ
Бәрі қарсы қазанға кеп құламақ.

Солай талай қой қазанға түседі
Есепке оны екі қойшы тізеді.
Кімде-кімнің қазаны тез толады,
Сол ойыншы ұтып шыққан болады.

...Қызықтырған бүгіндерде ойлыны
Міне, осындай бабалардың ойыны.

Халық мұғалімі Байтоғайұлы Малқай бала өміріндегі ойынды және ермекті «ол - баланың еңбегі»,- дейді, демек бұл жай ермек емес, бала әлеміндегі кәдімгі еңбек. «Сондықтан да бала еңбегі – ойын. Ендеше, ойын балалардың күнделікті тіршілігі адамның басынан өтетін өмірінің әр уақытындағы жазғы, күзгі, қысқы істелетін кәсібі сияқты. Тіршіліктің түрі бар. Сол сияқты балалардың да өзіне меншікті бала кезінде істейтін істері бар. Ол іс – жас уақытындағы ойын». Сондықтан да қазақ балаларының негізгі ойындары асық, құмалақ (түйенің, қойдың), бес тас, доп міне мұның бәрі осы балалар еңбегінің құралдары болады. Өмір мен өнерге деген талаптың түп негізінің өзі осы асық, доп, құмалақ, ләңгі, қуыршақ, мәшине, үй болып т.б. ойнауларда жатыр. Ендеше халықтың бұл дана сөзін тура мағынасында түсінуге болмайды.
Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Оның үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез - құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған. Қазір бізге жеткен ойындарымыз: тоғызқұмалық, қуыршақ, асық ойындары. Қазақтың көне жыр- дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше орын алғандығы айқын көрінеді. Мәселен «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырларда елін сүйген батырлардың, жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген ер жігіттердің ең алдымен ұлттық ойындарда сайысқа түсіп, одан кейін көп кісі қатысқан ойын-сауықтарда өздерінің мергендік, палуандық, шабандоздық шеберліктерін көрсеткендері айтылады. «Домбырамен күй шерту», «Аттың құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны», «Балалар ойыны», «Ақсүйек», «Тоғызқұмалық», «Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда болған. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір сүргендігін айқын көрсетеді. Балалардың жиі ойнайтын «Ақсүйек» ойыны   байқағыштыққа, қырағылыққа, бытылдыққа, ерлікке, шапшаңдыққа баулиды. Баланың ақыл-ойын дамытатын тәжірибелік маңызы зор тағы бір ойынның түрі – «Он бір қара жұмбақ». Оның басты ерекшелігі есеп сұрақтарын қою арқылы балаңың ойлау қабілетін дамытады. Бөбектерді тәрбиелеуде де ұлттық ойындардың берері мол. «Санамақ», «Жылдам айт», т.б. тартымды ойындарды үйрету,тіл өнеріне негіз салады деп есептелген. Балалар негізінен ойын үстінде бір-бірімен тез тіл табысады. Ойынына қарап баланың психологиясын аңғаруға болады. Бес саусақ бірдей емес  дегендей, әр отбасынан шыққан балалардың мінез-құлқы бірдей емес.
Балалар ойынында кейде  өлең-тақпақтар жиі кездеседі. Ол өлең-тақпақтардың негізгі мақсаты тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, қиялына қанат беріп,ойын ұштау, өз бетімен іскерлікке, қысылған жерде дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеу. Бұған қоса кез-келген ойынның аяғында жеңу бар да, жеңілу бар. Жеңгендер әрі қарай өз биігінде қалуға тырысса, жеңілгендер айып тартады. Ол көбінесе тақпақ айту, ән салу, би билеу түрінде болады. Бұдан қай ойынның да түпкі нысанасы - балалардың бойында өнердің, білімнің, тәрбиенің нұрын себу, өлең, тақпақ айтуға төселдіру екенін аңғару қиын емес.
Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді. Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға  ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып  өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені жас өндір бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білсін!



ПАЙДАЛАНҒАН    ӘДЕБИЕТТЕР

1. «Казахские детские игры» кітабы авторы: Молдагаринов Аскар
Алма-Ата  «Жалын» 1987 г.
2. «Қазақстан мектебі» журналы № 9-10 2005 ж.
3. «Қазақтың ұлттық ойындары» кітабы авторы: Базарбек Төтенаев
Алматы «Қайнар» баспасы 1994 ж.
4. «Шынашақ» кітабы. Құрастырушылар – М. Әлімбаев, Қ. Баянбаев.
Алматы «Балауса» 1992 ж.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
12.01.2019
516
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12