Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Диктанттар жинағы 5-6 сынып
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
"Н.Г.ЧЕРНЫШЕВСКИЙ АТЫНДАҒЫ № 1 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП" КММ
ҚАРАМОЛДИНА М.Т.
ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕРДІҢ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ АРНАЛҒАН
ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ. ДИКТАНТТАР ЖИНАҒЫ 5 - 6 СЫНЫП.
СЕМЕЙ, 2016
Пікірші: Қазақ инновациялық гуманитарлық - заң университеті, филология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Қ.Т.Төлебаева
Қарамолдина М.Т.
Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған оқу - әдістемелік құрал. Диктанттар жинағы 5 - 6 сынып. " Н.Г.Чернышевский атындағы № 1 жалпы орта білім беретін мектеп " КММ , Семей қаласы
Бұл құрал оқыту орыс тілінде жүретін мектептердің қазақ тілі пәні мұғалімдеріне арналған. Ол 5-6 сынып оқушыларына арналған диктанттар ретінде құрастырылған. Диктанттар жинағы дидактикалық жағынан тиімді әрі мағыналық жағынан тәрбиелік мәні зор жинақ болып табылады. Орыс тілді оқушылардың тілін дамытуда бұл құралдың әдістемелік маңызы зор.
Диктанттар жинағы тіл үйрену көпшілік қауымға, тіл үйретуші әдіскер мұғалімдерге арналған.
ҚАРАМОЛДИНА МАҚСАТ
ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ
Алғы сөз
Орыс мектептеріндегі 5-6 сыныптарына арналған диктанттар жинағы оқу- әдістемелік күнтізбелік жоспарға сай құрастырылған. Автор әр сынып бойынша мұғалімдердің күнделікті практикалық жұмыстарына керекті материалдарды іріктеп ғылымдық, тәрбиелік мәні бар мәтіндерді күнтізбелік талаптарға бейімдеп топтады.
Оқушылардың сауаттылығын, білімін бағалау үшін ұсынылып отырған жазба жұмыстардың сөз саны белгіленген нормаға сәйкес жинақталған. Ондағы мақсаттары - шәкірттердің өткен тақырыптардан алған білімдерін жетілдіру, оқушылардың сауаттылықтарын дамыту және жас жеткіншектердің бойына игі қасиеттерді ұялату болып табылады.
Сонымен қатар, диктанттар жинағының тақырыптық мазмұны мектеп оқулығы мен мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жасалып, оқушылардың танымдық қабілетін арттыруға бағытталған. Осы әдістемелік көмекші құралдың танымдық, тағылымдық, сондай-ақ тіл үйретушілік мәні зор.
Мемлекеттік тілді үйренуді абыройлы міндеті санаған жас талапкерлерге сәттілік тілейміз!
ДИКТАНТТАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ӘДІСТЕМЕЛІК ТАЛАПТАР.
I. Диктанттар мәтініне қойылатын талаптар:
А) көлемі сынып ерекшелігіне сай болуы тиіс;
Ә) мазмұны тәрбиелік болуы керек;
Б) мәтіндегі орфограммалар мен пунктограммаларды оқушылар игерген, таныс бағдарламаға сәйкес болуы қажет;
В) мәтіннің көркем шығармалардан алынған үзінді түрінде жеңіл болуын ескерген жөн.
II. Диктант жаздыруға қойылатын талаптар:
1. Диктанттар өтілетін күні, мақсаты, түрі оқушыларға 2 -3 күн бұрын хабарланады.
2. Диктанттың қай түрі болсын мәтіні орфоэпиялық заңға сүйеніп, тиісті кідірістерді сақтай отырып оқылады.
3. Оқушыға таныс емес,өтілмеген тыныс белгісі кездессе, ол ескертіліп айтылады.
4. Жазылуы қиын байырғы сөздер мен халықаралық термин сөздер кездессе, тақтаға жазып көрсетуге болады.
5. Егер оқушылар мағынасын түсінбейтін байырғы сөздер кездессе оған ауызша түсінік беріледі.
6. Мұғалім мәтінді оқушы үлгеріп жаза алатындай жылдамдықпен, анық, барлығы еститіндей дауыспен, орынсыз ескертпе жасай бермей оқуы керек.
7. Мәтін негізінен үш рет оқылады;
а) бастауыш сыныптарда мазмұнымен таныстыру мақсатында 2 рет оқылады;
ә) жазғызу мақсатында;
б ) толық тексеру мақсатында оқылады.
III. Оқушыларға қойылатын талаптарға қысқаша тоқталып кетсек:
1. Мұғалімнің диктантқа байланысты берген тапсырмаларын орындау керек.
2. Сабақ барысында зейін қоя тыңдап, асықпай, қатесіз жазуға тырысу керек.
3. Шала тыңдап, қалай жазу керектігін мұғалімнен, қасындағылардан қайта- қайта сұрап басқаларға кедергі жасамауы керек.
Грамматикалық тапсырмалы диктант сабағының құрылымдылық кезеңін шамамен былай көрсетуге болады:
а) тілдік дайындық ( өтілген грамматикалық материалдарды еске түсіру) - 4-5 минут.
ә) берілген тапсырманы орындату - 4-5 минут.
б) диктант мәтінімен таныстыру, жазғызу - 30-35 минут.
в) тексеру, жинау - 2-3 минут.
Диктант мәтіндері
5 сынып
Менің отбасым
Менің отбасым шағын. Отбасымда бес адам бар. Біз қалада тұрамыз. Менің әкем заводта инженер болып істейді. Анам - дәрігер. Ағам студент. Ол бірінші курста оқиды. Әпкем сегізінші сыныпта оқиды. Ал мен бесінші сыныпта оқимын. Біз сабақты жақсы оқимыз. Мен анама үй шаруасына көмектесемін. Біз өте тату тұрамыз.
46 сөз.
Менің мектебім
Менің мектебім Ибраев көшесінің бойында тұр. Ол қаланың орталығында орналасқан. Мектебім екі қабатты, шағын. Мектептің іші биік, сыныптары кең, жарық және таза. Онда отыз төрт кабинет бар. Мектепте кітапхана, асхана жұмыс істейді. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Мен екінші ауысымда, бесінші сыныпта оқимын. Мен өз мектебімді мақтан тұтамын.
48 сөз.
Мектеп
"Мектеп" деген сөз араб тілінен шыққан. "Оқу орны" деген ұғымды білдіреді. Біздің мектеп қаланың орталығында орналасқан. Мектептің ауласы кең. Аулада футбол алаңы бар. Онда оқушылар футбол ойнайды. Сынып терезелерінің алдында ағаштар өсіп тұр. Ағаштарды балалар суғарады, күтеді. Мектепте асхана, кітапхана, шеберхана бар. Мектептің шағын спорт залы бар. Ол ешуақытта бос болмайды.
51 сөз.
Күз
Жаздан кейін қоңыр салқын күз де келіп жетеді. Бұл кезде күн қысқа, түн ұзақ болады. Қараңғылық ерте түседі. Жиі- жиі жаңбыр жауады. Күз - жыл мезгілдерінің ең молшылық кезі. Бұл мезгіл көкөніс, жеміс - жидектің піскен кезі. Күзде жан -жануар да ,адамдар да қысқа дайындалады. Оқушылар да мектепке дайындалып, алғашқы қоңырауды тосуда.
50 сөз.
Мемлекеттік Ту
Қазақстанның мемлекеттік Туы аспан түстес,көгілдір. Геральдика тілі бойынша ол - адалдықтың, тазалықтың белгісі. Туымыз бір түсті, қоспасы жоқ. Ол халқымыздың бірлігін, тұтастығын білдіреді.
Көк байрағымызда алтын күн, дала бүркіті және ұлттық өрнек бейнеленген. Күн байлық пен берекенің нышаны. Ал қанатты бүркіт - еркіндік белгісі, биік армандарға қол созу. Ою-өрнектер - қазақ халқының өмірлік серігі.
53 сөз.
Ас - адамның арқауы
Тіршілік үшін тағамның маңызы зор. Тағам ағзаның өсуі үшін қажет. Ол денеге қуат беріп, адамның күшін арттырады.
Адам асқа жануар текті және өсімдік текті азықтарды пайдаланады. Жануар текті азыққа май, құрт, жұмыртқа , сүт жатады. Адам ағзасына қажетті пайдалы заттар азықтың бір түрінен ғана табылмайды. Адамға күніне жүз грамм ақуыз, сексен грамм май, төрт жүз грамм көмірсутегі қажет. Сондықтан асқа әртүрлі азық пайдаланады.
62 сөз.
Нан - басты тағам
Нанды қадірлеу керек. Нан еңбекпен табылады. Диқандар көктемде жерге тұқым себеді. Одан егін өніп шығады. Оны жаз бойы баптайды. Күзде астықты комбайнмен орып алады. Бидайдан ұн дайындайды. Ұннан неше түрлі тағамдар пісіреді. Нан адамның өмірі. Нанның құрамында әртүрлі дәрумендер бар. Дүкендерде ақ, қара және басқа да нанның түрлері көптеп сатылады. Мұның барлығы - адамдардың еңбегі.
54 сөз.
Қазақ тілі - мемлекеттік тіл
Қазақ тілі - қазақ халқының ана тілі. Қазіргі қазақ тілі - өркендеген мәдениеттің тілі. Ғылымның , ресми іс- қағаздарының тілі.
Қазақстан Республикасының Ата заңында Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылған. Қазақ тілі - өте бай тіл, әрі көркем тілдердің бірі. Ол Қазақстанда бір мың тоғыз жүз сексен тоғызыншы жылы мемлекеттік мәртебе алды. Елімізде тұратын барлық ұлттар қазақ тілін білуі тиіс.
56 сөз.
Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы - Еуразия құрылығындағы мемлекет. Қазақстан көп ұлтты , егеменді тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы. Халқының саны он бес миллионнан асады. Қазіргі Қазақстанның он төрт облысында жүз жиырма алты ұлттың өкілдері тұрады. Қазақстан батысында Каспий ойпаты, шығысында Батыс Сібір, оңтүстігінде Тянь -Шань шыңдарына дейін бір мың бес жүз шақырымға созылып жатыр. Қазақстанның жері кең байтақ.
55 сөз.
Жазғы саяхат
Міне, оқу жылы да аяқталып қалды. Жаз мезгілі келіп жетті. Оқушылар жазғы демалысқа шығады. Олар жан- жаққа демалуға кетеді. Біреулері ауылға, біреулері басқа қалаға саяхатқа кетеді. Ал кейбіреулері суға шомылып, балық аулап, күнге қыздырынып, көл жағасында лагерьде болады. Лагерь қарағайдың ішінде. Балалар қайыққа мініп серуендейді. Онда балалар әртүрлі ойындар ойнайды. Лагерьде өте қызық. Балалар жақсы демалады.
56 сөз.
Жыл мезгілдері
Жыл мезгілдері - қыс, көктем, жаз, күз. Қыс айлары: желтоқсан, қаңтар, ақпан. Қыста күн аяз болады. Қар жауады. Адамдар жылы киінеді. Көктем айлары: наурыз, сәуір, мамыр. Көктемде күн жылиды. Қар ериді. Құстар ұшып келеді. Жаз айлары: маусым, шілде, тамыз. Жазда күн ыстық болады. Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша. Күзде күн салқындайды. Жапырақтар сарғаяды. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді.
57 сөз.
Наурыз мейрамы
Наурыз Шығыс күнпарағы бойынша - Жаңа жыл. Жиырма екінші Наурыз - Ұлыстың ұлы күні, мейрам. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Наурыз тойын тойлаудың дәстүрі бар. Адамдар наурызды асыға күтеді. Бұл күні барлық адамдар сәнді киімдерін киеді. Бір- бірін мерекемен құттықтайды. Жеті тағамнан наурызкөже пісіреді. Үлкен кісілер ақ тілектерін береді. Бұл мереке қазақ халқының өмірінде ерекше орын алады.
56 сөз.
Қысқы демалыс
Жыл мезгілдерінің ішіндегі ең суық мезгіл - қыс. Биыл қыс өте салқын да емес, тым жылы да емес, өте жақсы болып тұр. Демалыс күні далада бірнеше сағат жүріп келсең, қандай тамаша! Айнала аппақ қар, таза ауа. Балалар да қыстың жақсы күндерін көңілді өткізеді. Олар аққала жасап, бір- біріне қар лақтырып ойнайды, үсті - бастары ақ қар.
54 сөз.
Спорттың пайдасы
Спорт - белгілі ережелер немесе дәстүрлерге сай көбінесе жарыс түрінде өтетін әрекет. Адам баласы спортпен денсаулығын жақсарту, өзін- өзі дамыту үшін шұғылданады. Спорт адамды шымыр қылады. Спорт сабырлылыққа, ептілікке , икемділікке, сенімділікке тәрбиелейді. Сондықтан күнделікті бой сергіту жаттығуларын жасап, спортпен шұғылдану керек. Елбасы Жолдауында халықтың денсаулығына ерекше назар аударады. Олай болса спортты өзіңе серік ет.
53 сөз.
Жаңа жыл
Жаңа жылды қыс ортасында, қатты аязды күнде тойлайды. Бұл кезде ағаштар, жер ақ қар жамылады. Ауа райы аязды болса, қар жауса, адамдар қуанады. Көшелерге, алаңдарға, дүкендерге, спорт кешендеріне шыршалар орнатады.Оларға түрлі түсті ойыншықтар іледі. Жаңа жылды балалар асыға күтеді. Оларға сыйлықтар береді. Бұл күнді адамдар өз отбасында немесе достарымен, туыстарымен бірге мерекелейді.
53 сөз.
Спорт - денсаулық кепілі
Адамның басты байлығы - денсаулық. Денсаулық дегеніміз адам ағзасының дұрыс әрі қалыпты жұмыс істеуі. Оны сақтайтын -қимыл, қозғалыс. Денені шынықтырсаң, өзіңді еркін сезінесің. Спортпен айналыссаң ауырмайсың. Спорт өмірді сүюге, уақытты қадірлеуге, жақсылыққа ұмтылуға тәрбиелейді. Адам үшін денсаулықтан артық бағалы зат жоқ. Дені саудың - жаны сау.
44 сөз.
Кітап қалай жасалады?
Біз кітап баспаханасына бардық. Біз онда қағаз кесетін, әріп теретін машиналар орналасқан цехтарды көрдік. Үшінші цехта кітап жасалады. Мұнда кітаптың әр беті жасалып түптеледі.Бұл жұмыстар қазір техникамен атқарылады. Баспахана оқулықтарды, ақын, жазушы, ғалымдар еңбектерін кітап етіп шығарады. Баспахана жұмысшылары кітаптарды машина, поезға салып, Қазақстанның қалаларына, ауылдарына жібереді.
48 сөз.
Қыс
Жыл мезгілдерінің ішіндегі ең суық мезгіл - қыс. Қыстың ең суық айы -қаңтар. Қыста күн суытады, қар жауып, аяз болады. Жиі боран соғады. Ағаштарды аппақ қырау басады. Адамдар жылы киімдерін киеді. Балалар қыста қармен ойнап, шана, шаңғымен сырғанайды. Олар қыстың жақсы күндерін көңілді өткізеді. Демалыс күні далада бірнеше сағат жүріп келсең, қандай тамаша!
52 сөз.
6 сынып Диктанттар
Күнпарақ туралы
"Күнпарақ" дегеніміз - ол күнтізбе. Күнпараққа ай аттары, күндер, апта атаулары, мереке күндер кіреді. Күнпарақ үш жүз алпыс бес күннен тұрады. Ай аттары: қаңтар, ақпан, наурыз,көкек,мамыр, маусым, шілде , тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан. Апта атаулары:дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
Күнпарақтар әртүрлі болады. Мысалы: қабырға күнпарағы, үстел күнпарағы, қалта күнпарағы тағы басқа.
55 сөз
Жамбыл
Жамбыл Жабаев - қазақ халқының ұлы ақыны. Ол - жүз жасаған ақын. Соның сексен бес жылы ақындықпен өткен. Кеңес үкіметі орнағанға дейін тамаша ақын қазақ еңбекшілерінің өте ауыр тұрмыс халін жырлады. Жамбыл өз өлеңдерін бақытты жаңа заманға, кеңес адамдарына, олардың еңбегіне арнады. Жамбылдың шығарған өлеңдері өте көп. Сүйікті ақынның еңбегі өте жоғары бағаланды. Кеңес үкіметі Жамбылды үш орденмен марапаттады. Оған Мемлекеттік Сыйлықтың Лауреаты атағы берілді.
63 сөз.
Құс та досымыз
Самал терезеден сыртқа қарап тұрған. Шырылдаған дыбыс естілді. Терезе алдында торғайлар топталып тұр. Жем іздеп жүр- ау деп ойлаған Самал нанның қоқымын кішкене табаққа салды да, терезені ашып, ұстап тұрды. Құстар теп- тез жеп қойды. Сөйтіп Самал құстарға күнде жем беріп тұрды. Енді құстар Самалдың алақанынан жем жейтін болды. Олар Самалдан шошынбайды, қыздың иығына, басына қонып алатын болды. Аялағанды құстар да сезеді екен. " Бұлар - менің достарым" деп мақтанады Самал.
69 сөз.
Сүт
Сүт - аса бағалы өнім. Онда белоктар, майлар, углеводтар, тұздар мен витаминдер бар. Егер сүтке микробтар түссе, сүт тез бұзылады. Сондықтан комбинат ішінде сүт микроб түспейтін құбырлар арқылы ағызылады. Үй жағдайында сүтті пісіреді. Тек шөлмектегі сүтті ғана пісірмей ішуге болады. Шөлмектегі сүтте микробтар өлтірілген. Бұл үшін сүтті әуелі он бес, отыз минуттай алпыс, жетпіс градусқа дейін қыздырады. Одан кейін салқындататын ерекше аппараттан өткізеді. Мұндай өңдеуді пастерлеу дейді.
66 сөз.
Бәйге
Бәйге - қазақтың ұлттық ойыны, ат жарысы. Мерекелерде, тойда бәйге жариялау - қазақ халқының ежелгі дәстүрі. Жүйрік аттары бар кісілер сәйгүліктерін дайындайтын. Аты бәйгеден келген қазақтың қуанғаннан төбесі көкке жеткендей болады. Ол жүлде үшін емес, атағы үшін қуанады. Алған жүлдені сәйгүліктің иесі туыстарына, көршілеріне, жолдастарына бөліп береді. Бұл - қазақтың ұлттық мінезінің бір көрінісі.
51 сөз.
Кітап мұражайы
1978 жылы қазанда ашылған кітап мұражайы Ұлы дала халқының жазу - сызумен ертеден -ақ таныс екендігін көрсетеді. Мұражай қорында бұл күнде 60 мыңдай экспонат бар екен. Оның 5 мыңнан астамы - өте сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар.
Археологиялық, этнографиялық және жазбаша деректерге сүйенсек, Ұлы даланы мекендеген рулар мен тайпалар өздерінің тіршілігі туралы тасқа таңбалар, белгілер салу арқылы деректер қалдырып отырған.
57 сөз.
Қағазды қалай жасайды?
Орманда шырша ағашы өседі. Орман жұмысшылары шырша ағашын кесіп алады. Ағаш бұтақтарын, қабықтарын машина - арамен кесіп, бөренелер дайындайды. Бөренелерді қағаз жасайтын фабрикаға жібереді. Фабрикада бөренелерді ұсақтайды. Ұсақталған бөренелерге қышқыл қосып, ерітеді. Оны араластырады. Қоспаны темір сүзгіден өткізеді, машинаға қатты қысады., кептіреді. Қағаз осылай дайындалады.
Оқушылар, ғалымдар, жазушылар қағазға жазады. Суретшілер түрлі түсті бояулармен сурет салады. Қағаз ең алғаш рет III ғасырда Қытайда жасалынып, бізге де келіп жеткен.
65 сөз.
Ержүрек қыз
Ұрыстың мейлінше қызған кезі еді. Фашистер Мәншүк Мәметованы миномёттен атқылады. Жарылған минаның екпінінен Мәншүктің пулемёті төңкеріліп түсті. Басына минаның жарықшағы тиіп, Мәншүк жараланды. Айбарлы пулемёт "Максим" үн қатпай қалды.
Фашист солдаттарының дабырлаған үні естілді. Мәншүк есін тез жинап алды. Қанға малшынған күйі Мәншүк пулемётке ұмтылды. Кенеттен пулемёттен оқ бұршақтай жауды. Фашист солдаттары тым -тырақай кейін қашты. Ерекше ерлігі үшін қазақ халқының қаһарман қызы Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атаққа ие болды.
71 сөз.
Тағамның маңызы және түрлері
Тіршілік үшін тағамның маңызы зор. Тағам ағзаның өсуі үшін қажет. Ол денеге қуат беріп, адамның күшін арттырады.
Адам тағамға жануар текті және өсімдік текті азықтарды пайдаланады. Жануар текті азыққа май, құрт, жұмыртқа, сүт жатады. Адам ағзасына қажетті пайдалы заттар азықтың бір түрінен ғана табылмайды, сондықтан тағамға әртүрлі азық пайдаланады.
Адам ағзасына су қажет. Судың біраз мөлшері қою тағамда да болады. Оған қосымша адам қымыз, айран, сүт, жеміс шырыны, газды су ішеді.
71 сөз.
Кең - байтақ Республикам!
Қазақстан аумағы ұлан - байтақ. Оның әр аймағы бір- бірінен табиғат және экономикалық жағдайларына байланысты ерекшеленеді. Егер республикамыздың бір жерінде металл өндіру, машина жасау, химия өнеркәсібі болса, екінші жерінде мақта, қант қызылшасы өсіріледі немесе мұнай, газ шығарылады.
"Жері байдың - елі бай" дейді халық. Қазақстан Республикасы жерінде көмір, мұнай, темір, алтын, мыс мол. Біздің елімізде үлкен өндіріс қалалары бар: Қарағанды, Теміртау, мыс алыбы -Балқаш. Олар көмір мен темірге бай. 67 сөз.
Қызыл кітап
Ең алғаш "Қызыл кітап" 1966 жылы жарық көрді. "Қызыл кітап" табиғатта қорғауды қажет ететін құстар мен жан- жануарларға, өсімдіктерге арналған. "Қызыл кітаптың" парақтары төрт түсті болады. Қызыл парағына мүлдем жойылып кету қаупі бар аң - құстар жазылады. Ақ түсті парағына - саны азайғандар, сары түсті парағына - сирек кездесетін аң - құстар, ал жасыл парағына адамдардың қамқорлығы арқасында қалпына келтірілген жан - жануарлар жазылады.
"Қызыл кітап" Қазақстанда 1977 жылы шығарылды.
Уақыттың пайдасы
Адам өз уақытын үнемдей білуі керек. Өзгелердің де уақытын бағалау қажет.
Уақыттың босқа өтуі - үлкен шығын. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Пайда келетін іспен шұғылдануды ойластырған дұрыс. Бір қарағанда, ондай пайдалы іспен айналысу оңай сияқты. Бірақ олай емес. Себебі күн тәртібін жоспарлап үйрену қажет. Ол қасиетті бойыңа жас кезіңнен қалыптастыру керек. Әрбір минутыңды үнемдеп, пайдалы жұмсауға дағдылан. Сонда ғана табысқа қол жеткізіп, өз қабілет - күшіңді толық жұмсай аласың.
Уақыт алтыннан қымбат екенін естен шығармау қажет.
75 сөз.
Мұстафа Өзтүрік
Белгілі спортшы, таэквондо қара белдігінің 6 дан иегері, қоғам қайраткері Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы 15 наурызда дүние салды.
Мұстафа Өзтүрік аз өмірінің ішінде көптеген істер тындырып үлгерді. Ол Тайвань Ұлттық саяси университетінің халықаралық журналистика факультетін бітірген. Көптеген мақалалары жарияланған. Кинофильмдерге түсіп, алты халықтың тілін білген.
Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы М.Өзтүрік Түркия, Қытай, Албания сияқты елдерде мектептер ашты. Шәкірттер тәрбиелеп, көптеген әлем және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын шығарды.
Мұстафа - қазақ халқының дарынды да талантты ұлдарының бірі.
74 сөз.
Тайқазан
Тайқазанды 801 жылы Әмір Темір жасатып, Қожа Ахмет Йасауидің мазарына сыйлаған.
Тайқазанның салмағы - 2 тонна, биіктігі - 162 сантиметр, диаметрі - 242 сантиметр.
Тайқазан жеті түрлі металдан жасалған. Оның қабырғаларына араб әріптерінің өрнектері салынған. Гүл сияқты жасалған екі құлақшасы бар. Олардың арасында он екі үлкен шүмектері бар. Ол он екі мүшел жылды білдіреді.
50 сөз.
Қорытынды
-
Орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәні бойынша диктанттар арқылы тіл дамыту жұмыстарының ауызша және жазбаша нормаларын жаңа технологиялар арқылы меңгерту өзіндік қыр - сырын меңгерту арқылы танытады. Диктанттарды алу арқылы тіл дамыту жұмыстарының мінездеу, сипаттау, әңгімелеу болып табылады. Оқушылардың мазмұндау, әңгімелеу іскерлік дағдыларын тексеруде мынандай мәселелерді ескеру қажет. Біріншіден, оқушының мәтінді мазмұндауының тақырыпқа сәйкестігі, екіншіден, айтайын деген ойды дәлелдей білу. Мәселені қаншалықты түрде өз тарапынан жетілдіре білетінін және бір қойылатын талап оқушының қазақ тілінде жатық сөйлем құру шеберлігіне байланысты. Сөйлемнің грамматикалық құрлысы толық та дұрыс болуы, мәтіндегі үзіндіні келтіруде нақтылық пен дұрыстығы, сұрақ қоя білуі, сауатты сөйлеу мәдениетіне байланысты.
Орыс сыныптарында диктанттар негізінде тіл дамыту жұмыстарын жүргізгенде сын тұрғысынан ойлау стратегиясын қолдану мұғалімге әдіскерлік және әдістемелік тұрғыдан өте тиімді. Диктанттардағы мәтінге тіл дамыту жұмысын жүргізгенде "үй тапсырмасын талқылау" стратегиясын ұсынамыз. Бұл стратегияның теориялық формуласы оқушы мен мұғалім бірлесіп, тіл дамыту мақсатында берілген үй тапсырмасын сапалы орындалуын анықтау болмақ. Әрине өтілген мәтінді осы тұста қайта қарау дұрыс. Бұл тек педагогикалық тәсіл тіл дамыту тапсырмасының топ болып үй жұмысын орындау сипатымен ерекшеленеді.
Тіл дамытудың ауызша және жазбаша нормаларын бастауыш мектеп білім беру жүйесінде озық әдіскерлер тәжірбиесі мен жаңаша оқыту технологияларының негізінде арнасы кеңейіп, әдістемелік сипаты тереңдеу, күрделену үстінде.
Диктанттардың нәтижесі негізінде орыс тілді оқушының ауызша және жазбаша тілінің дамуын жан-жақты зерттеп, оны терең білу әрбір мұғалімінің биік парызы болмақ. Тіл дамыту жұмыстары арқылы дамыта оқыту да мұғалімнің басты міндеті оқу материалдарын оқушы дайын күйінде ұсыну емес, оқушымен бірлесіп, жалпы әс-әрекетін ұйымдастыра отырып, тіл дамыту жұмыстарының кейбір шешімін таппаған тұстарын саралау, шығармашылық ізденіс жасау.
Диктанттарды жазғызу арқылы өзге ұлт өкілдерінің тілін дамытуда мұғалімнің негізгі міндеті: өз ойын, пікірін айтқысы келген оқушыны тыңдау, оның ой қисынын түсіну, қате пікірді бірден жоққа шығармай, оқушылардың өзара пікір алысу барысында елеусіз түзету, тіл дамыту тапсырмаларын үнемі бір ізді әрі жүйелі қалыппен күрделендіріп отыру қажет.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Сарыбаев Ш.Х. Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. 1-бөлім., Алматы, ОПБ, 1956.
2. Әлімжанов Д., Маманов Н. Қазақ тілін оқыту методикасы, Алматы: Мектеп, 1965.
3. Исабаев А. Қазақ тілі дыбыс жүйксі методикасының негіздері. Алматы: мектеп,1973.
4. Рахметов С. Қазақ тілін оқыту методикасы. 2 басылым. Алматы. АлМУ, 1990.
5. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемелері., Алматы, 2000.
6. Ахметбекқызы Б. Қазақ тілі Алматы: 1998.
7. Нығмет Ж. Және т.б. Қазақ тілі. Дидактикалық материалдар. Алматы: Атамұра, 2002.
8. Басыбекова З., Ерназарова З. Қазақ тілі: Дидактикалық материалдар. Алматы, "Мектеп" баспасы, 2004.
9. Байтілеуова Ғ., Боранбаева Г. Қазақ тілі: Дидактикалық материалдар. Алматы, "Мектеп " баспасы, 2008.
10. Қалиева Ж.С. Диктанттар жинағы 5-9 с.,2009.
МАЗМҰНЫ:
АЛҒЫ СӨЗ............................................................................................3
ДИКТАНТТАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ӘДІСТЕМЕЛІК ТАЛАПТАР.................4
5 СЫНЫПҚА АРНАЛҒАН МӘТІНДЕР....................................................6
6 СЫНЫПҚА АРНАЛҒАН МӘТІНДЕР....................................................
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР..............................................................