“Дінмұхамед Қонаев: Ұлт
руханиятының шамшырағы”
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев –
қазақ халқының көрнекті тұлғасы, елдің дамуына ерекше үлес қосқан
саяси қайраткер. Ол XX ғасырдағы Қазақстанның саяси-экономикалық,
әлеуметтік және мәдени дамуының жарқын кезеңдерін басқарған бірегей
тұлға. Оның туғанына биыл 113 жыл толып
отыр.
1912 жылы 12 қаңтарында Алматы
қаласында дүниеге келген ұлы тұлға кішкентайынан алғыр, білімге
құмар жан болғандығы бәрімізге мәлім. Мәскеу Түсті металдар және
алтын институтын бітіріп, инженер-геолог мамандығын алып шығып,
өмірін ғылымға, өнеркәсіпке және мемлекет басқаруға арнады. Еңбек
жолын Балқаш мыс қорыту зауытында инженер болып бастап, кейінірек
Қоңырат кен орнында қызмет етті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап,
инженер ретінде үлкен жетістіктерге жетті.
1955 жылы Қонаев Қазақ КСР
Министрлер Кеңесінің төрағасы, ал 1960 жылдан бастап Қазақстан
Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып
тағайындалды. Оның басқару кезеңінде Қазақстан өндіріс, ауыл
шаруашылығы, ғылым және мәдениет салаларында үлкен жетістіктерге
жетті. Қонаевтың басқаруымен республика аумағында ірі өндіріс
орындары ашылды. Қарағанды көмір бассейні, Маңғыстау мұнай кен
орындары, Павлодар алюминий зауыты және басқа да стратегиялық
маңызы бар өнеркәсіптер дамыды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы
саласында тың жерлерді игеру арқылы астық өндірісі өсті. Димаш
атамыз әрқашан қарапайым халықтың жағдайын ойлады. Қонаевтың
саясатының арқасында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, қалалар мен
ауылдар көркейе түсті. Оның еңбегі тек экономикалық өсумен
шектелмей, қазақ халқының рухани және мәдени дамуына да айтарлықтай
ықпал етті.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев –
ұлт мақтанышы, ел басқарудағы әділдігімен, көрегендігімен
ерекшеленген тұлға. Оның өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болып табылады.
Қазақстан тарихында осындай қайраткерлердің есімін ұлықтау – біздің
борышымыз.
Бүгінгі таңда Қонаевтың есімі
көптеген оқу орындарына, көшелерге және қалаларға берілген. Соның
бірі менің жұмыс орным: Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының Д.
Қонаев атындағы 44 мектеп-гимназиясы. Мектебімізге осындай
мәртебелі жанның есімі берілгеніне үлкен мақтаныш пен зор
жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар қауымы мен оқушылар, әр оқу
аптамызды атамыздың нақыл сөздері, еңбктері мен өмір жолымен
байланыстырамыз. Оның еңбектерін насихаттау – елдің жарқын
болашағын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жастарға Қонаевтың
өмірін үлгі ете отырып, отансүйгіштік, еңбекқорлық және
адамгершілік қасиеттерін дәріптей аламыз. 113 жылдық мерейтойы
аясында оның еңбегін еске алып, ұрпақ санасында мәңгілік сақталуына
үлес қосу – баршамыздың міндетіміз.